Мемлекет қазан болса, идеология – соның қақпағы

Мемлекет қазан болса, идеология – соның қақпағы

Омар ЖӘЛЕЛ, филология ғылымының кандидаты:

– Омар аға, соңғы кездері идеология ұғымы тек рухани ортаның айналасында айтылатын әңгіме болып қалды. Бірақ кеңес заманында мемлекеттік идеологиямен айналысатын тұтас институт жұмыс істегенін білеміз. Осыны қалай түсіндіруге болады? Ұлттық идеология туралы пікіріңіз қандай?
– Ұлттық идеологияны қалыптастыру үшін ұлт деген ұғымды анықтап алу керек. Бізде әлі күнге дейін ұлт ұғымы анықтал­маған. Біздегі ұлт ұғымы әлі күнге дейін кеңестік түсініктермен түсіндіріліп жүр. Кеңес өкіметі кезінде ұлт дегеніміз этностар жиынтығы болатын. Біз Тәуелсіздік алып, әлемдік аренаға шыққаннан кейін ұлт ұғымы мүлде басқаша сипат алды. Қазіргі таңда ұлтты этноспен байланыстырғаннан гөрі азаматтық деңгейде түсіну басым. Мәселен, бұрын өзге ұлт өкілдері деген әңгіме басшы-қосшының аузымен жиі айтылатын. Бірақ өзге ұлыс өкілдерін ұлт ретінде тану өзімізді әлсірету екенін ол аза­маттар түсінбейтін. Кез келген мемлекеттің негізгі ұстанымы – бірлік. Біздің Ата Заңы­мызда «Қазақстан – унитарлы мемлекет, яғни бөлінбейтін мемлекет» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Басқа этнос­тарды ұлт деп қабылдайтын болсақ, онда оларға жер бөліп беруіміз керек, өз алдына отау етіп, үй ішінен үй тігіп беруіміз керек. Осы мәселенің көтерілгеніне бес-алты жыл өтті.
Бізде, негізі, ұлт біреу-ақ. Ол – қазақ ұлты. Алайда осыны қабылдай алмай жүр­гендер бар. Біздің ұлттық идеологиямыз­дың жүрмей жатқандығының басты себебі осында. Қазақ ұлты этникалық деңгейден көтеріліп, азаматтық деңгейге баяғыда ауысып кеткен. Оның айқын дәлелі, біздің спортшылар, мысалы, Ильин, Манеза, Чиншанло, Хрусталевалар шетелге барған кезде оларды орыс немесе грек ұлысынан деп танымайды ғой. Барлығы бірауыздан «қазақтар өнер көрсетіп жатыр» дейді. Бірақ жоғарыда аталғандардың ешқайсы­сы қазақ ұлтынан емес. Сондықтан дәл қазіргі таңда қазақ ұғымы ұлттық сипаттан мемле­кеттік сипатқа көшкен. Мәселен, шетел­діктердің арасында «Қазақ мемле­кеті» деген жанама атау кең етек алып барады. Бұл – қуанарлық жағдай.
Қазақшалап айтқанда, идеология дегеніміз саба сияқты. Оны қолға алғаннан кейін бетіне қарап отырмай, күрпілдетіп пісу керек. Ал біз осындай жайттарды көре тұра, көрмеген болып, ескі идеологиядан арыла алмағандықтан жан-жағымызға жалтақтап, көлеңкемізден қорқып жүрміз. Ұғым-түсініктеріміз толық айшықталмаған.
Көп жағдайда батыстан үлгі аламыз. Бірақ Барак Обама әр сөзінде «Аме­рика­ның ұлттық мүддесі» деп сөй­лей­ді. Ағыл­шын­ның nation ұғымы мем­лекет ұғымымен астасып кеткен. Біз үлгі тұтатын қай елді алайық, ұлт пен мемлекет біртұтас. Ал біз әлі күнге мойындай алмай­мыз.
Қазақстан атауын талдайтын болсақ, Қазақ дегеніміз – осында ықылым заман­нан бері мекен ететін этностың аты, ал «стан» деген парсы сөзі мемлекет дегенді білдіреді. «Қазақ мемлекеті» атауын да шетелдіктер жайдан-жай айтып жүрген жоқ. Логикаға сай осы мемлекетте тұра­тын­дардың барлығы қазақ болып есепте­луі керек және оның мемлекеттік тілі – ешқандай талассыз қазақ тілі. Ата За­ңы­­мызда жазылған қарапайым қағи­даларды әлі күнге орындай алмай отыр­мыз. Әрбір этносқа жалтақтап, оларды ұлт ретінде мойындағаннан кейін ұлттық идентифи­кация – ұлттық бірлік мәселесі баяу жүріп жатыр. Сол себепті Қазақ мемлекетінде тұратындардың барлығын қазақ деп танитын уақыт келді. Ол ешкімнің жеке мүддесіне қол сұғу емес, ұлттық идеология солай болуы керек. Себебі біз батыстық модельден алысқа кете алмай­мыз. Ал батыстық мемлекет үлгісінің бізге пайдасы тиетін көптеген артықшылығы бар.
– Демек, кінә өзімізден ғой. Бар жауапкершілікті билікке артып қоятын халықтың шамадан тыс «момындығы» ма, әлде артына қарайлай беретін әдетінің жемісі ме?
– Дұрыс айтасыз! Мына біздің өткен өміріміз бен тарихымыздың бақандай 300 жылы Ресей империясымен байланысты. Сондықтан империалистік топ қай нанды шайнап береді, соны талғажау етуге дағдыланғанбыз. Жалпы, қазақ даласына Ресей империясының отарлау саясаты жүргізілгені айдан анық. Енді, логикаға сәйкес, отарсыздану саясаты қолға алыну керек. Ауырған адам міндетті түрде емде­луі керек қой. Алдымен диагноз қойылады, сосын оған ем-дом тағайындалады. Қазақ халқының қазіргі диагнозы – Ресей мемле­кетінің отары болғаны. Бұл тарихи дефакті (айғақ). Соны біз ресми түрде мойындай алмай отырмыз. Алайда Елбасы Назарбаев университетіндегі жастарға оқыған дәрі­сін­де: «Біз отар болған ұлтпыз», – деп айтты. Бізді Ресей империясы жоспарлы түрде қалай отарлады, солай жоспарлы түрде біз отарсыздану керекпіз. Ол үшін ұялмауымыз керек. Әдетте кейбір ағала­рымыздың рухы тым «асқақ». «...Біз отар­лықты мойындамаймыз...» деп мінберде сөйлегенімен, балалары орысша сөйлесе­ді. Сондықтан өтірік ұялып, жалған сөйлеп, құрғақ шөппен ауыз сүртуді доғаруымыз керек. Алладан жасыра алмағанымызды адамнан жасырғанмен, бірдеңе өне ме?
Ең алдымен, отарлық феноменін толық зерттеуіміз керек. Оның ұлтқа, мемлекетке тигізген зардаптары жан-жақты саралануы қажет. Сонымен бірге отарлық салдарынан құтылудың жолы да айқын көрсетілуі тиіс. Мысалы, Мұса пайғамбар яхудилерді перғауынның құлдығынан құтылғаннан кейін шөл даладан 40 жыл бойы алып өткенін білеміз. Сонда Мұса пайғамбардан мұның себебін сұрғанда: «Бұлар құл бол­ған халық қой, ал құлдар ешқашан еркін мемлекет құра алмайды. Сондықтан олар­дың санасын азат ету үшін 40 жыл шөлден өтуге тура келді», – деген екен.
Бұхар бабамыздың «Батыстан шығар бір дұшпан» деген өлеңінде «Бауыздамай ішер қаныңды, өлтірмей алар жаныңды» деген жолдар бар. Енді осы «қан» және «жан» ұғымдарына қысқаша тоқталайық. «Қан» деген сөз қазақ мәдениетінде «ұлт­тық тек» деген мағынаны береді. Ал егер қазіргі жағдайымыз­ды бейнелі түрде си­пат­тайтын болсақ, отар болған кезімізде «біздің қанымыздың орнына орыстың қа­нын құйып берген». Осы себептерді бас­шылыққа ала отырып, біздің дәл қазіргі жағдайымызда отарсыздануымыз өте маңызды дер едім. Егер біз толық отарсыз­дану үдерісінен өтпесек, біздің ұлттық бағыттағы мемлекет құрамыз деген сөзіміз бос әурешілік болып қалады.
Мен Америка ашып отырған жоқпын. Осы уақытқа дейінгі отар болған мемле­кеттердің барлығы осы процестен өткен. Ол – кешегі Африка елдері, Үндістан, айта берсе көп. Ал біз 20 жыл болды осы нәр­сені әлі толық қолға ала қойған жоқ­пыз. Бұл – саяси мінберден ресми түрде мем­лекеттік тұлғалар мойындауы тиіс шындық. Мәселен, «біз, қазақ мемлекеті, мына уақыт аралығынан Тәуелсіздік алғанға де­йін орыстың отары болған елміз» деп ашық айтылуы керек. Мұны және ешкімнен тайсақтамай, көрші мемлекеттер қалай қабылдар екен демей, ашық айтуға мін­дет­тіміз. Өйткені тарихты ешкім бұрмалай алмайды. Жасыруға тырысқанмен, ол  біздің сөзімізден, күнделікті тірлігі­мізден көрініп тұрады. Осы жерде «Өзінің ауру екенін білген адам енді ауру емес» деген қытай нақылы ойға түседі.
Алдағы уақытта біздің мемлекетіміздің болашағына бүгінгі ұрпақ алаңдаса, онда отарсыздануды бүгіннен бастауы керек. Әйтпесе кеш болып кетеді. Бір ғана мысал, университет қабырғасындағы орысша сөй­лейтін жастардың 80 пайызы неге қа­зақша сөйлемейсің десең, «Какая разни­ца?» деп жауап береді. Өйткені олар үшін қазақшаң не, орысшаң не – бәрібір. Өйт­кені сана мемлекеттік, ұлттық емес. «Қазақ тілінде сөйлеу, өзің тұрған мемлекетті сыйлау» деген ұғым жоқ.
– Сөзіңіздің астарына үңілсек, ұлттық идеология мен мемлекеттік идеология біртұтас ұғым дейсіз. Енді осы ұлттық идеологияны мемлекеттік құрылымдардан бастау керек пе, әлде қарапайым халықтан бастаған тиімді ме?
– Аристотельдің: «Кез келген адам – зоополитикон» деген сөзі бар. Зоополити­кон дегеніміз – саяси жануар. Оның ойынша, адам өмір сүру үшін мемлекетке бірігуі керек екен. Ал мемлекет дегеніміз – сенің, менің, жалпы, көпшіліктің адами мұраттарының жүзеге асуының кепілі, негізгі ұйымдастырушысы. Қарапайым тілмен түсіндірер болсақ, біз, яғни халық, «мені бағытта, ұйымдастыр, ойымды қа­лып­тап бер, санамды тазарт» деп барлы­ғын мем­лекетке сеніп тапсырып отырмыз. Бұл – мемлекеттік құрылымға бағынудың бір­ден-бір шарты. Енді мемлекеттің осыны жасауға мүмкіндігі жететін әскері, идеоло­гиялық аппараты, арнайы жасақталған БАҚ құралдары, ұлтты зерттейтін институт­тары, тікелей патшадан берілген пәрмені – бәрі бар. Алайда бұл механизм әлі күнге дұрыс жұмыс істемей тұр. Мәселен, орыс­тың небір ғұламалары тамырын түркіден тарататын, санасын сақпен сөйлететін, ғұмырын ғұннан өргізген қазақты отарлау үшін бас қосып ақылдасты ғой. Сол секілді бар қазақтың мықтылары жиылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару ке­рек. Елбасымыз айтқандай, онсыз да асы­райды екен деп мемлекетке масыл болып отырмау керек.
«Сынаны сына қағып шығарады» демекші, біз де ұлт екенімізді сезініп, өзіміз әрекет ете бастауымыз керек. Ал мемлекет халықтың жасаймын деген қадамына заң негізінде рұқсат беруі тиіс. Бірақ мемлекет басындағы кейбір шенеуніктер отарсыз­дану үдерісінің жүргенін қаламайтын тәрізді. Әлі күнге дейін Тәуелсіздік күнінен гөрі шыршаның шымылдығын ашуға бейімбіз. Себебі қанымызға сіңіп кеткен. Бір сөзбен айтқанда, бұл – бұрынғы ескілікті сақтап қалудың әлсіз нышандары. Қазақтың «Өгіз аттай желмейді, заман айтып келмейді» деген сөзін көп жағдайда жадымыздан шығарып аламыз. Оған мемлекет кінәлі емес. Себебі мемлекет тек қана халықтың талабын орындап отыр. Керуені көшіп кеткен жолаушының бала­ғына біздің мемлекетті байлап беріп отыр­ған бір топ бар. Ол кім десеңіз, өті жарылса да айтайын, осы күні өзін зиялы санап жүрген кешегі коммунистік идеологияны әбден сіңірген адамдар. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, кешегінің зиялысы – жыраулар бастаған би-шешендер, ақын-абыздар, данышпан датқалар. Ал бүгінде осындай атаққа ие қаншама қуыс кеуде бар, бірақ зиялы емес. Шынтуайтына келгенде, халықтың сөзін сөйлейтін адам жоқ. Әрқайсысы өзі саялап үйренген шеңгелінің көлеңкесінде тұрып шуылдайды да қояды.
Кез келген дәуірді алыңыз, жалпы, мем­лекеттік құрылым аппарат ретінде, ма­шина ретінде тыныштыққа, ішкі тұрақты­лыққа, адамдардың бүлік шығармауына мүдделі. Алайда «дауылдың алдында тыныштық болатынын» мемлекет көп жағ­дайда сезбей қалады. Ал осыны ескертіп, мемлекет құрдымға құламауы үшін алдын ала дабыл қағатын зиялы қауым керек.
Аллаға шүкір, елімізде дәл қазіргі таң­да тамаша тыныштық орнаған. Бұл зиялы қауымның емес, мемлекеттік құрылымның орнатқан тыныштығы. Өмір болғаннан кейін қозғалыс керек. Ал біздің зиялылар­дың көпшілігі, тіпті 90 пайызы ұлттың пай­дасын еселейтін істерге келгенде құс төсе­гінен тұруға ерінеді. Тыныштықты ты­ныш­тықтан іздеудің қажеті жоқ. Кері­сінше, қозғалыстан іздеу керек. Әрине, мен бұл сөзіммен халықты жаппай көтеріліске шақырып отырған жоқпын. Дұрыс түсініңіз, мен бұл сөзімді зиялы қауымға айтып отырмын. Мемлекет орнатқан тыныштық қуаттылықтың арқа­сын­да тұрақты бола алады. Ал зиялы қауым орнатқан тыныштық ұлтқа мамы­ражай өмір сыйлайды. Мәселен, толық отарсызданып, орысша атаулардан тұтас тазарып, «қазақ деген – мен, мен деген қазақ» дейтін сана қалыптастыра алсақ, қадір-қасиетті ту етіп көтеретін ұрпақ өсіп шықса, сонда тынышталуға болады. Қазі­р­­гі кезде не жетіскенімізден тынышта­луы­мыз керек? Бұрынғы бабамыздың «Қар­ным­ның ашқанына емес, қадірімнің қаш­қанына жылаймын» деген сөзі кейде маған дәл осы кезге арналып айтылғандай көрінеді. Өйткені бүгінде аш отырған ешкім жоқ. Бізде жұрт көп. Өзге этностар баршылық қой, дегенмен ел болудың алғышарттары әлі күнге дейін негіздел­меген. Осы жұрттар бірігіп ел бола алмай отырмыз.
– Зиялы қауым деп біз тек қана рухани ортаның өкілдерін айтып жүрміз. Алайда халықтың атынан сайланған депутаттар бар. Неге екені белгісіз, қарапайым халық өзі сайлап отырған депутаттарды зиялылардың қатарынан шыға­рып тастайды? Осы қате стерео­тип­ке қатысты қандай ойдасыз?
– Біздің депутаттар өздерін мемлекеттің бір бөлшегі сезінеді. Бір қарағанда дұрыс, өйткені түптеп келгенде барлығымыз – бел­гілі бір деңгейде мем­лекеттің бөлшегі­міз. Шын мәнінде, депутат – халықтың билік­тегі уәкілі. Ол «қорғаушы, жауапты» деген мағынаны білдіреді. Өкі­нішке қарай, біздің депутаттар осы қа­ғи­даны толық түсіне қоймайды. Президен­ті­міздің «билік халыққа тәуелді болуы керек» деп жиі ескертіп жүргені сондықтан. Ал бізде, керісінше, халық билікке тәуелді болып отыр. Мына соңғы бағдарламаларда биліктің халыққа тәуелді болуына жұмыс жасайтын көптеген тетік қарастырылған екен. Әрине, олар орындалса жақсы.
Көпке топырақ шашпай-ақ қояйын. Ашығын айтқанда, біздегі биліктің халық­пен байланысы өте әлсіреп кетті. Әкімдерді алыңыз, депутаттарды алыңыз, министр­лерді алыңыз, халықпен байланысты жыл сайынғы есеп беру науқанында немесе сайлау алдында төбе көрсетуге тиісті шоу деп қабылдайтыны жасырын емес. «Транс­паренттілік» деген ұғымды әдетте қисыны келсін-келмесін қолдануға құмармыз ғой. Ол сөздің түпкі мағынасы – мөлдірлік. Елбасының көздегені де – осы.
Батыста оппозицияны мемлекеттің толыққанды өмір сүруінің негізгі құралы деп қабылдайды. Ал бізде қуыршақ оппо­зиционер көп. Адам баласының жараты­лысында біржақты пікір ешкімді өрге сүйремеген ғой. Тіпті тарихқа тереңдемей-ақ, ата-бабамыздан қалған «Екі жаман келісіп отырып керіседі, екі жақсы керісіп отырып келіседі» деген аталы сөзден көп нәрсені аңғаруға болады. Соңғы сайлауда осы сөздің дәлелі іспетті, демократияның ұшқынындай кө­рін­ген көппартиялық жүйе қолға алынды. Бәрі біртіндеп жасалып келеді. Себебі мем­лекет те ақымақ емес қой. Бірақ баста­машыл топ көп болса, бұл үдеріс бұдан да жылдамырақ жүрер еді.
Дәл қазіргі таңда бірпартиялы жүйенің соңы тоталитаризмге алып баратынын мемлекет жақсы түсінді. Себебі елде соңғы төрт-бес жыл көлемінде орын алған қақтығыстар, қылмыстың өршуі, бейбіт елдің арасына іріткі салуға құмартатын сыртқы күштердің әсері жиілеп кетті. Олардың барлығы, айналып келгенде, жекелеген топтардың арнайы ұйымдасты­руымен жасалған қарсылықтар екені айқын. Мемлекетті қазан деп алатын бол­сақ, идеология – сол қазанның қақпағы. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген баяғыдан келе жатқан тәмсіл ғой. Түрлі секталар мен діни ағымдар кеңес өкіметі кезінде де өте көп болды. Бірақ ол өкіметтің қақпағы мен тоқпағы бірдей қатты болды. Қазақ мемлекетінде өз міндетін толық атқаруға тиіс идеологияның әлсіздігінен бабамыздан бүлінбей келе жатқан ортақ қазанымызға көрінген тұмсығын сұғып арамдауға барын салып жатыр.
Идеология бізде жоқ емес, бар. Оны жаңадан жасаймыз деп әуре болудың да қажеті шамалы. Қазақ халқының ықылым заманнан ұстанған идеологиясы – салт пен дәстүр. Ұлттық тәлім-тәрбие, дін, діл – барлығы ғасырлар бойы өте күрделі сұ­рып­таудан өткен. Мен бір нәрсені айтайын, қазақ халқына діннің импорты керек емес. Өйткені қазақтың өзінде дінді дәл қазақтың өлшеміне сай етіп өзегін берген ғұламалар шамадан тыс көп болған. Олардың бәрін осы күнгі әсіредіншілдер күнәһардың қатарына қосады. Есенғали Раушановтың мынадай сөзі бар: «Ей, аңғалдық, аңғал­дық! Алтынның үстінде отырып, Біреудің күмісіне таңғалдық». Дәл солай өзгенің шалдыр-шатпағын таңсық көріп, өзіміздің жауһарымызды қаңсық көрген заман болды.
Сайып келгенде жоғарыда сөз еткен­дердің бәрі – идеологияның жоқтығынан, отарсыздану саясатының жоқтығынан. Отаршылдықтың басты сипаты – өзіңде ештеңе жоқ деп үйрету, ұлттың өзінің болашағына деген сенімінен айыру. Өзіңде ештеңе жоқ деп үйретудің зардабы – жалтақ саясатқа алып келеді; есеңді жіберуге мәжбүрлейді; ұлт ретінде ұтылуға ұмтылыс жасатады. Ең жаманы – ғылымың мен техникаң дамымайды. Ең қауіптісі сол – бірге туған бауырдың бір-біріне деген сенімін жоғалтады. Осындай қадамдар әлі күнге дейін толастамай келеді. Себебі біз отар болдық деп мойындаған жоқпыз. Енді ел болып сол жараны емдесек қана бәсеке атаулыға төтеп бере аламыз. Абай­дың «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» деген ойы нақ қазір қажет. Өйткені «бөліп ал да, билей бердің» қазір нағыз шырқау шегіне өрлеп барамыз. Ендігі мәселе, өзіміздің айналамызда отырған, осы мемлекетте бізбен бірге жасасып келе жатқан өзге жұрт өкілдерін осы қазанда буын бұрқыратып қайнатып, қазақ қылып жіберуіміз керек. Біздің қазіргі идеологиямыздың басты бағыты осы болуы керек.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Қазақ мемлекетін мекен еткен әрбір азамат жынысына, нәсіліне қарамастан, өзінің пенделігінен бір мысқал көтеріліп, елдің, халықтың, мемлекет тұтастығының қамын ойлауы тиіс. Осындай адамды қазақ азамат дейді. Сондай азаматтар көбейсін!

Оймақтай ой
Қазақта «Құлан қағынан жерісе, аштан өледі» деген сөз бар. Қақ дегеніміз – біздің ұлттық мәдениетіміз. Біз әлемге құнды болсақ, тек қазақ ретінде құнды бола аламыз. Әлемдегі көп халық америкалық болуға ұмтылады. Неге? Себебі Америкадағы өмір сүру салты, америкалық идея өте тартымды. Біз қазір қазақ болудың тартымдылығын көрсетуіміз керек. Президентіміз толеранттылық дегенді көп айтады. Келе берсін, бәрі қазақ болсын. Одан ұтылмаймыз. Біреу келіп күшін саған беріп жатса, жаман ба?.. Әрине, әркімде әртүрлі мақсат болады. Азат ойлы ұлт екеніміз рас болса, алдымен қазақты, екінші кезекте келген келімсекті адам етіп, биікке көтеруіміз керек. Сонда ғана қазақтың қазақы миссиясы жүзеге асады.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста