Жеңісбек САҒЫНДЫҚОВ, Маңғыстау облысы Индустриалды-инновациялық даму басқармасының бастығы:
Маңғыстау облысы Түрікменстанмен, Каспий теңізі арқылы Әзірбайжан, Иран, Ресеймен шектеседі. Облыс 1973 жылы 20 наурызда құрылды. 1988 жылдың 2 маусымында таратылып, 1990 жылдың 17 тамызында тарихи «Маңғыстау» деген атпен қайта облыс болып құрылған. Облыс орталығы – Ақтау қаласы. Маңғыстау облысының жер көлемі 16 564,2 мың га-ны құрайды. Жер қойнауы мұнай, газ, фосфорит, көмір, марганец, әртүрлі тұздар, ұлутас қорларына бай. Маңғыстау облысы – Қазақстанның негізгі донор өңірлерінің бірі. Облыстың экономикалық белсенділігі өңірдегі пайдалы қазбалардың көп болуына, соның ішінде, мұнай және газ кен орындарының игерілуіне байланысты. Үкімет қабылдаған 2010-2014 жылдарға арналған Мемлекеттік Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қалай жүзеге асырылуда, осы мәселе төңірегінде Маңғыстау облысы Индустриалды-инновациялық даму басқармасының бастығы Жеңісбек Өренұлы Сағындықовпен сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.
– Жеңісбек Өренұлы, индустриалды-инновациялық жобалардың іске асуы биліктің күн тәртібінде тұр. Қазақстан экономикасына жаңа серпіліс әкелетін бағыт ретінде қолға алынған жаңа басқармаға жетекшілік етіп отырсыз, әңгімені «жұмыс қарқыны қалай?» деп бастасақ жөн болар.
– Мемлекет басшысы айтқандай, Қазақстанның мықты болуы үшін, ең алдымен, аймақтардың мықты болуы қажет. Сол себепті мұнайлы Маңғыстауда еліміздің дамуына әр салада үлес қосып, өзінде бар мүмкіндікті кең көлемде кәдеге жарату бағытындағы жұмыстар негізге алынған. Өлкемізде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын одан әрі іске асыруға, халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған негізгі бағдарламаларды басшылыққа алып отырмыз.
Сіздің сұрағыңызға жауап бере кетейін, басқарма жаңадан құрылып жатқандықтан, бүгінгі күні оның бағыт-бағдары айқындалып, өзіндік құрылымдары жасақталып жатыр. Бұған дейін жұмыс жасап келген кәсіпкерлік бөлімінің жұмысымен тығыз байланыста болғасын ортақ міндет пен жауапкершілік бар. Жаңа басқармада «Инвестициялық-инновациялық саясат бөлімі», «Өндіріс» деген жаңа бөлімдер ашылды. Штаттық кесте бойынша барлығы 18 адам қызмет етеді. Негізінен, басқарманың міндеті – Үкімет қабылдаған 2010-2014 жылдарға арналған Мемлекеттік Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жұмысын жетілдіру, дамыту, іске асыру. Нақтырақ айтқанда, болашақта инновациялық жобалардың барлығы бізбен байланысты болмақ. Мысалға, статистикалық көрсеткіш бойынша былтырғы 10 аймен салыстырғанда Маңғыстау өнеркәсіптері 1,9 пайыз артық жұмыс жасағаны анықталып отыр. Ол, негізінен, мұнай өнімдерін өндірумен байланысты екені белгілі. Астанада өткен брифингте облыс әкімі Алик Серікұлы мұнай-газ өндiру секторы мемлекеттiк бюджет пен Ұлттық қорға құйылатын түсiмдердiң үлкен бөлiгiн құрайтынын, 2013 жылдың 9 айында түсiмдердiң жалпы көлемi 662 млрд теңгеге жеткенін айтты. Ағымдағы жылдың 9 айында өңiрде 13,4 млн тонна мұнай өндiрiлген. Осы 10 айдың көрсеткіші бойынша 1 810 млн3 табиғи газ өндірдік.
– Мемлекеттік Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы 2010 жылдан бастау алды, содан бері қандай нақты инновациялық жобалар қолға алынды?
– 2010-2014 жылдарға арналған Мемлекеттік Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша 2010 жылдан бері барлығы 34 жоба ұсынылды. Оның ішінде 23 жоба нақты қаржыландырылды. Бұл 23 жобаға барлығы 131,4 млрд теңге инвестиция тартылды. 1861 адамға жұмыс орны ашылды. Бірақ осы жобалардың ішінде тоғыз жоба нақты іске асырылып, бүгінгі күні өз күшіне еніп келе жатыр десек болады. Тоғыз жобаға 94,5 млрд теңге жұмсалды. Барлығы 1254 адамға жұмыс орны ашылды.
– Олар қандай жобалар?
– Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аймақтардың алға басуына, сол арқылы еліміздің нығаюына серпін берген бастама болды. 2010-2012 жылдары облыста 23 жоба аяқталды дедік, оның біреуі – Республикалық картаның еншісінде, қалғаны – өңірлік деңгейдегі жобалар. Бұған дейін «ҚазАзот», «Бейнеу элеваторы» пайдалануға берілсе, Ақтау қаласындағы «Caspi Bitum» БК» ЖШС-ның «Ақтау пластикалық массалар зауытында жол битумдарын өндіру» жобасы, «Каспий Цемент» ЖШС-ның Шетпе ауылындағы цемент зауыты биыл пайдалануға берілмек.
«Каспий Цемент» ЖШС-ның зауыт құрылысы қазір межеге жақындап қалды. Зауыт оңтүстік Шетпе, Аусар кен орындарының шикізаттарын пайдаланады. Кен орындарынан шикі өнімді алу үшін жол салынып, жобалау-іздестіру жұмыстары жүруде. Зауыт маңының инфрақұрылымы жасақталған. 6 шақырымдық теміржол төселіп, стансы беттегі теміржол желісі жөндеуден өткен. Электрмен жабдықтау орталығының құрылысы салынуда. Жеті ұңғыма қазылып, артық су қоры шамаланып, су дайындау нысанының құрылысы қолға алынбақ. Зауыттың құрылыс жұмыстары 800 адамды жұмыспен қамтып отыр, ал өз күшіне енген сәтте 300 жанның жұмыс орнына айналмақ. Кәсіпорын заманауи технологиямен жабдықталады деп күтілуде, бұл өз кезегінде цемент өндірісіне қуат көзінің әдеттегіден аз жұмсалуына мүмкіндік береді екен. Құрылыс жұмыстарына арналған цементтің жылына 1 млн тоннасын өндіруді жоспарлап отырған «Каспий Цемент» ЖШС басшылығы оны Ақтау халықаралық теңіз сауда порты арқылы Әзірбайжан, Ресей елдеріне экспорттамақ. «Каспий Цемент» ЖШС-ның қызметкерлері өткен жылдан бастап, Ресейдің Белгород, Тула, Стерлитамак, Брянск қалаларындағы зауыттарда, техникалық жоғары оқу орындарында, өзіміздің Өскемен қаласындағы цемент компаниясы базасында түрлі тақырыптарда тәжірибе жинақтап, білім алуды тұрақты дәстүрге айналдырған.
Цемент зауыты қолданысқа 2013 жылдың желтоқсан айында тапсырылуы тиіс.
Жол-көлік саласын дамыту, жол сапасы мен бағыттарын арттыру бойынша серпінді жұмыстарды қолға алған елімізде жол құрылысы үшін қажетті материалдың бірі – битум. Осы бұйым енді Маңғыстауда өндіріледі. Республикалық индустрияландыру картасы аясында осыдан үш жыл бұрын іргетасы қаланған зауыт құрылысы жобасының құны 43,5 млрд теңге болса, зауыттың құрылысы 38,3 млрд теңгені құрайды. Еліміздің «Мұнай және газ» институты жобалаған жобаның құрылыс жұмыстарын «КазСтройСервис» мемлекеттік құрылыс компаниясы» АҚ мен CITIC Kazakhstan компаниясы жүргізіп жатыр. «КазСтройСервис» Ұлттық мемлекеттік құрылыс компаниясы» АҚ құрылыс-монтаж жұмыстарын, жалпы, зауыттық құрал-жабдықтарды жеткізуге міндетті болса, CITIC Kazakhstan компаниясы ЭЛОУ-АВТ технологиялық құрал-жабдықтарын жеткізу, битумдарды түрлендіру, оларды өлшеп, бөлшектеумен айналысады. Шикізат көзі қашық емес – Қаражанбас кен орны. Жаңа зауыт жылына 1 млн тонна мұнай пайдалана отырып, жыл бойы 406 мың тонна жол битумын өндіруді межелеген. Оның ішінде 161 мың тонна түрлендірілген битум, бензин-дизель фракциясы 255 мың тонна, вакуумдық газойль көлемі 330 мың тоннадан кем болмайды деп отыр. 300-ге жуық тұрақты жұмыс орнын ұсынып, ел экономикасының дамуына үлес қосатын бұл зауыт та жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады.
– Мол қаржы салынып, алайда өзін ақтай алмай, ақсап тұрған жобалар бар ма?
– Бар. Ондай бес жоба бар. Өзіңіз білетін, Ақтаудағы планшет зауыты, сонымен қатар Қашағандағы мұнай өндіруді күтіп қалған бірнеше жоба тұсалып тұр.
– Жеңісбек Өренұлы, өлкемізде индустриалды-инновациялық жобаларды іске асыру үшін қандай кедергілер бар?
– Біздің аймақ, негізінен, мұнай өндіруге, мұнаймен байланысты барлық өндірістерді дамытуға бейімделген. Өлкеміздің дамып, өсіп-өркендегенін барлығымыз қалаймыз. Алайда біз жүзеге асырып отырған мемлекеттік бағдарламада мұнай өнімдерін өндіруге қатысты жобалар жағы қамтылмаған. Алда 2015-2019 жылдарға арналған тұжырымдама жасалып жатыр, соған осы мәселені енгізуге жұмыстанып жатырмыз.
Сөз арасында айта кету керек. Аймақта еліміздегі ең ірі мұнай өндіруші кәсіпорындар, яғни өңірдегі өндірістің 31 пайыздан астамын, республика бойынша 8 пайызын қамтамасыз ететін «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қазмұнайгаз» БӨ» АҚ-тың 100 пайыз еншілес компаниясы болып табылатын «Өзенмұнайгаз» АҚ, Маңғыстау облысындағы алдыңғы қатарлы мұнай өндіруші кәсіпорындардың үздік үштігіне кіретін «Қаражанбасмұнай» АҚ, Ақтау маңындағы Доңға кен орнының 60 пайыздық үлесі мен операторлық құқығына ие MaerskOil компаниялары бар. Бұлардың барлығында да жаңа технологиялармен жабдықтау жұмыстары жүзеге асуда.
Дәл қазіргі уақытта өз тарапымыздан 2014 жылдарға арналған жобаларды қарастырып жатырмыз. Сонда байқағаным, барлық қуатты инвесторлар қаржысын мұнай саласына салғысы келеді. Шындығында, қазіргі мұнай өндіріп отырған компаниялардың қай-қайсысы да қандайда бір объектісін жаңартуға қаржы салса, біздің өлкемізге тартылған инвестиция болып есептеледі. Сондықтан мұнай саласына ақша салуға ешкім тартынбайтынын ескеруіміз керек.
– Мұнайдан бөлек, басқа қандай салалар инвесторларды қызықтырады?
– Маңғыстау – қазба байлықтардың кені. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы өлкеде барды ұқсатып, халық игілігіне жарату қажеттігін ұқтырды. Істің ыңғайын біліп, қолда барды кәдеге асыра алатын кәсіпкерлер мен мамандар іске кірісіп жатыр.
Біздің облысымызда су тапшы екені белгілі. Жақында бір инвестор облыс бойынша су тұщыту зауытын салуды ұсынды, әзірге келіссөздер жүргізіліп жатыр.
– Инновациялық жобаларды, негізінен, кімдер ұсынады? Өлкеміздің өнертапқыштары атсалысып жатыр ма?
– Инновациялық жобалардың дені шетелден келеді, әрине, инвестор да шетелдіктер болады. Идея бар. Идея көп. Жүзеге асыру үшін әуелі оны дәлелдей алу керек. Біз сол идеяларымыздың құжаттарын реттеп дәлелдей алмай жатамыз. Негізінде, инновациялық идеяларың болса, бізге хабарласыңдар деп аудандарға хат жаздық. Қиял көп. Кейбір адамдар қиял-ғажайып жобаларымен келеді. Қазіргі уақытта нақты жобаларға назар аударып, қаржыландырып, тезірек іске қосу керек.
Өңірдің индустриялық-инновациялық жобалары құрылысқа, мұнай саласына, күнделікті тұрмысқа қажетті ірілі-ұсақты бұйымдар, азық-түлік өнімдерін шығаратын кәсіпорындарды көбейтуді межелеп отырғаны қуантады. Сөз соңында айтарым, жақсы бастаманың жолда қалмағаны жақсы.
– Сұхбаттасқаныңызға рақмет. Жұмыстарыңыз жемісті болсын.
Алашқа айтар датым...
– Біздің аймақ, негізінен, мұнай өндіруге, мұнаймен байланысты барлық өндірістерді дамытуға бейімделген. Өлкеміздің дамып, өсіп өркендегенін барлығымыз қалаймыз. Алайда біз жүзеге асырып отырған мемлекеттік бағдарламада мұнай өнімдерін өндіруге қатысты жобалар жағы қамтылмаған. Алда 2015-2019 жылдарға арналған тұжырымдама жасалып жатыр, соған осы мәселені енгізуге жұмыстанып жатырмыз.
Сөз арасында айта кету керек. Аймақта еліміздегі ең ірі мұнай өндіруші кәсіпорындар, яғни өңірдегі өндірістің 31 пайыздан астамын, республика бойынша 8 пайызын қамтамасыз ететін «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қазмұнайгаз» БӨ» АҚ-тың 100 пайыз еншілес компаниясы болып табылатын «Өзенмұнайгаз» АҚ, Маңғыстау облысындағы алдыңғы қатарлы мұнай өндіруші кәсіпорындардың үздік үштігіне кіретін «Қаражанбасмұнай» АҚ, Ақтау маңындағы Доңға кен орнының 60 пайыздық үлесі мен операторлық құқығына ие MaerskOil компаниялары бар. Бұлардың барлығында да жаңа технологиялармен жабдықтау жұмыстары жүзеге асуда.
Дәл қазіргі уақытта өз тарапымыздан 2014 жылдарға арналған жобаларды қарастырып жатырмыз. Сонда байқағаным, барлық қуатты инвесторлар қаржысын мұнай саласына салғысы келеді. Шындығында, қазіргі мұнай өндіріп отырған компаниялардың қай-қайсысы да қандайда бір объектісін жаңартуға қаржы салса, біздің өлкемізге тартылған инвестиция болып есептеледі. Сондықтан мұнай саласына ақша салуға ешкімге тартынбайтынын ескеруіміз керек.