Маған әулиелерге кесене орнату кейінге қалдыруды күтпейтін, заңды түрде орындалуы тиіс нәрседей көрінеді

Ерлан АРЫН, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, экономика ғылымының докторы, профессор:

– Ерлан Мұхтарұлы, жалпы, қандай игілікті істің болмасын басы-қасынан сізді көреміз. Таяуда Павлодар облы­сындағы әулиелі Ақкөл-Жайылмада осы өңірге ислам дінін таратушы Исабек ишанға кесене ашылды. Ке­сенедегі құрылыс жұмыстарына сіз де, университет те елеулі күш жұм­са­ды­ңыздар. Әулиелерді елдің бәрі мойын­дап құрметтегенмен, оларды насихат­тауға уақытын, қаржысын жұмсайтын адам көп емес қой...
– Жалпы, Қазақстанның қай өлкесіне барсаңыз да, есімдері тарихқа алтын әріп­пен жазылатын, артына үлгілі із қалдырған, халық пір тұтатын жандардың атын аз естімейсіз. Маңғыстауға барып көріңізші. Тұрғындары тіпті көліктеріне дейін «362» деген нөмір таққанды жақсы көреді. Себебі олар сол өлкеден 362 әулие шыққанын жатқа біледі, мақтан тұтады. Кереку өңірі де қасиетті адамдардан кенде емес, әйтсе де «Неше әулие шыққан?» деген сұраққа ешкім мандытып жауап бере алмайды. Әулие дегенді «сиқырлы күштің иесі» деп біржақты түсіну дұрыс емес. Әулиелер  елге қамқор, қорған болған, жеке адам­дарға ғана емес, дүйім халыққа рухани тұрғыда қызмет еткен адамдар. Павлодар облысында Мәшһүр Жүсіп әулиені бәрі жақсы білгенімен, Шалдайда жатқан  Уахыт хазіретті көп кісі біле бермейді. Ұлы Конфуций «Ең мықты заңдар – халықтың дәстүрлері» деген екен. Ал халық әулие­лерді ешкімнің үгіттеуінсіз, өз жүрек қа­лауы­мен мойындайды, олар жатқан орын­дарды іздейді. Осы аймақта ел тағзым жасайтын негізгі жерлер: Мәшһүр Жүсіп кесенесі, қожалар мекені – Ақкөл-Жайыл­мадағы Иса­бек ишан кесенесі, Баянауыл­дағы Қо­ңыр әулие үңгірі деп білемін. Жұрттың осы орындарға кедергісіз барып тұруына жағ­дай туғызу – азаматтардың парызы. Маған әулие­лерге кесене орнату кейінге қалдыру­ды күтпейтін, заңды түрде орындалуы тиіс нәрседей көрінеді. Баянауылда, мәселен, Бұқар жыраудың жерленген жері бар. Бұқар жырауды ел әулие деп айтып жүрмесе де, өз басым оны пайғамбар деп те айтар едім. Мәшһүрдің аузына түкіріп, «Мәшһүр боласың» деп үкі таққан, ағарту­шы, аға сұлтан болған Мұса Шорман жа­тыр сол Баянда. Кереку топырағында кешегі Естай ақын мен әнші Майра мәңгілік қоныс тапқан. Сәбит Дөнентаев деген кере­мет ақын – осы өңір тумасы. Бірақ қа­зір аты аталмай кетті. Баянауылды «Қаныш елі» дейміз, алайда Қаныштың зиратын іздеп барып, құран бағыштап жатқан кім бар? Солардың қайда жерленгенін біліп, жұрт дұға қылып жүруі үшін этнографиялық экспедициялар ұйымдастыру қажет. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» демей ме қазақ. Осы мақсаттағы жұмыстардан шар­ш­а­мауымыз керек. Кеше ғана біз қазақ ғылымының іргетасын қалаған Әбікен Бектұровтың 110 жылдығына байланысты конференция өткіздік, себебі ол кісіні іздеп жатқан ешкім жоқ. Қазір мерейтой көбейді ғой, көп болғаны өте жақсы, соларды ұлы­ларымыздың еңбегін насихаттап қа­луға пайдаланбасақ болмайды. Керек десеңіз, біз Қаныштың 111 жылдық тойын да өткізіп жібердік. Өйткені Қаныштың атын білгенімен, жасаған еңбегін айтып беруге шорқақпыз. Осы шараны пайдала­нып, Қа­ныш ағаның сегіз томдық жинағын басып шы­ғардық. Кітаптарда неткен ойлар, нет­кен сөздер тұнып тұр десеңізші!
– Павлодар мемлекеттік универси­тетінде Мәшһүртану ғылыми-прак­тикалық орталығы бар. Орталықта қандай жаңалықтар болып жатыр? Жалпы, өзіңізде Мәшһүр Жүсіп ата­мыз­дың қай қырына қызығушылық басым? Өз мақаласында журналист Сайлау Байбосын «Кейде пендешілікке салынып, «Атамыздың денесін қазір ашып көрсе, қандай күйде жатыр екен?» деген де ойға берілеміз» деп жазады. Сізде мұндай ой болды ма?
– Әрине, мен де «бісмілла» деп ашып қарасақ қайтеді деп ойлағанмын. Ғылым үшін ол, негізі, керек те. Мысалы, Бурятияда да денесі бүлінбеген әулие бар екен. Бірақ тіршілігінде кітаптары өртеліп, қудалауға ұшыраған, дүниеден қайтқан соң да бір зираты бір бұзылып, екінші зираты тағы қиратылған қасиетті бабамыздың басын реттейік, аруаққа да маза берейік дедік. Мәшһүр ата туралы әлі талай кітаптар шығып, талай зерттеулер жасалады. Мәшһүр маған ақын ретінде ерекше көрі­неді. Егер біз қазақ тарихындағы алғашқы бес ақынды атасақ, осы бесеудің ішінде Мәшһүр Жүсіп тұрады. Поэзияның атасы Абай­ды – зайырлы ақын, Мәшһүр Жүсіпті діни ақын дер едім. Мәшһүр Жүсіп Көпеев­тің стилі, лексикасы әлі де зерттеуді қажет етеді. Зерттеушілік қыры да керемет. Бұқар жырау туралы жазған дүниелерінің өзі бір әлем ғой. Негізі, қазақтан шыққан шығыс­тану­шылар көп емес. Белгілі шығыстану­шылар қатарынан Шоқан Уәлиханов, Әбу­бәкір Диваевты білсек, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің де бұл салаға қосқан еңбегі орасан. Аудармашылық өнерімен де таңғалдырады. Және еңбектерінен кезінде өте жақсы білім алғаны, сауатының жоға­рылығы аңғарылып тұрады. Жақында біз Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 20 томдық еңбе­гінің 17 томын дайындап шығардық. 17 томдағы туындылардың жартысы – бұрын жарық көрмеген материалдар. Осыған қоса үлкен энциклопедия жарық көрді. «Мәшһүр Жүсіп және шығыстану», «Мәш­һүр Жүсіп және қазақ поэзиясы», «Мәшһүр Жүсіп және этнография» іспеттес еңбектер қаншама. Осының бәрі – Мәшһүртану орталығының ерен еңбегінің жемісі. Мәшһүр Жүсіпті орыс, ағылшын тілінде сөйлетуге де тер төктік. Ағылшын тіліндегі нұсқасын шетелдердің шығыстану ка­федра­лары бар ірі оқу орындарына тарат­тық. Қазір Америка, Бельгия, Франция сияқты елдерде ғалымдар баяндама жасап жүр, олар үшін Мәшһүр Жүсіп – тың тақырып. Осындай игі істерге Мәшһүр Жүсіптің немересі Қуандық Пазылұлы бастаған ұрпақтары ұйытқы болып отыр.
– Бір сөзіңізде Естай Беркімбайұлын ауызға алдыңыз. «Естайға әлемде жоқ ән салдырған» сұлу Қорланның Ресей жеріндегі зиратына былтыр ескерткіш тас қойылды. Осынау әсерлі шараға ПМУ-дің бір топ жастарын бастап бар­ды­­ңыз. Барған адамдар «Қорлан апа­мыз­дың қайынжұрты Естай туралы әңгімелерді ұнатпайды, тіпті намыста­нады екен» деп келді. Сол сапардан кей адамдардың, тіпті Мұхтар Шаханов «Ғашықтық ғаламатында» жырлаған Қорланның Естайға жүзік сыйлау оқиғасы болмаған, айтылып жүрген әңгіменің бәрінде ақиқаттан гөрі қиял басым деген оймен оралғанын бай­қадық. Сіз үшін Естай мен Қорлан махаббаты ақиқат па, аңыз ба? «Қор­лан­ның жүзігі қайда екен?» деген сұрақ сізді мазалап көрді ме?
– Қазақ – ырымшыл халық. Мен кезін­де Мәшһүр Жүсіптің тақиясы мен шапаны кімнің қолында екен деп те іздестіріп едім. Фотосуретіне қарап Естайдың домбырасын табуға да талпынып көргенмін. Дұрыстап ешкім жөн сілтей алмады. Қорланның жүзігі жерленгенде қолында кетті деп айтыл­ғанымен, нақты дерегі белгісіз. Бір біле­рім, Қорлан мен Естай бірге жүріп-тұр­ған жандар емес, олардың арасын кіршіксіз сезім ғана жалғаған. Қорлан апа тұрмысқа шықты, бала сүйді. Сұлулығы мен ақыл-парасаты келіскен, еріне адал жолдас болған Хорлығайын апамыздың тіршілікте тартпаған тауқыметі жоқ. Басына барып тас орнатқанымызда туыстары үлкен қорымнан оның нақты жерленген жерін тауып бере алмады. Егер Естайға ескерткіш орнатылса, мен оны міндетті түрде Қорланмен бірге қояр едім. Естайдың қолына домбырасын ұстап отырған күйін бейнелеп, ар жағына Қорлан апамыздың мүсінін орналастырып, «Ақын және Муза» деп атар ем. Естайдың ақын болуы, сері атануы – Қорланға деген ғашықтық сезімнің арқасы. Себебі Естай үшін ол – нағыз Муза.
– Сіздің пайымыңызша, қазіргі заман қазағының санасы «жақсы менен жаманды айырмадың» деп Абай жырлайтын қазақтан несімен ерекшеленеді?
– Қазір дәуір басқа, жағдай басқа, өмірге көзқарас та бөлек. Қазақ әлемдегі бәсекелес ұлтқа айналып келеді. Тілдің шеберлігі емес, технократизм, компьютер­мен жұмыс басым. Бір жағынан қуанасың. Ал енді жапондарды алайық. Оларды жапон емес деп кім айта алады? Түрі де, тілі де сақталған. Дәстүрлерін де бұзбай, импе­раторлықты да сақтап қойды. Соны­мен қатар бүкіл әлемді машинасымен де, компьютерімен де, басқа техникасымен де мойындатып отыр. Кішкентай аралда тұрса да, әлем бойынша екінші орында тұрған мем­лекет. Қазақстанның да сондай бола­тын мүмкіндігі бар. Бұл орайда мен сабақ­тастық жөнінде айтар едім. Әуезовтің «Абай жолын» еске түсірсек, Кеңгірбай бидің Еңлік пен Кебекті ат құйрығына байлауы, Қодар мен Қамқаға бүкіл елдің тас жаудыруы нені білдіреді? Оларды ха­лық жек көргеннен өлтірген жоқ, тек дәстүрді сақтау керек болды. Абайдың кезінде қай қазақтан болмасын «Сен кімсің?» деп сұрасаң, «Мен қазақпын» деген бір-ақ жауап болатын еді. Қазір мұндай сұраққа біреу «Мен Қазақстан Республикасының азаматымын» дер, біреу «қазақпын» десе, енді біреу «адаммын», «ғалыммын» немесе «мұсылманмын» деп жауап береді. Осындай алуан жағдайда мемлекетті басқару да бір өнер деп ұғамын. Маған бірде «Сіз де жас болдыңыз ғой. Сіздің кезіңіздегіден қазіргі жастардың қандай айырмашылығы бар?» деген сауал қойылған-ды. Иә, біз де жас болғанбыз, біз де сабақтан қашқанбыз, жұдырықтас­қанбыз. Жастар өзгерген жоқ, ата-аналар өзгерді, әке-шешенің функциясы өзгерді деп айтпақпын. Бұрынғы тәрбие қандай еді? Өкініштісі, мен өз әкем Мұхаңдай тәр­бие бере де алмай отырмын ғой. Абайда – Құнанбайдай әке, Мәшһүр Жүсіпте – Мұса Шормандай тұлға, Абылайда ақыл айтатын Бұқардай дана болған. Қазір осындай тұғалар бар ма? Болса да, өте сирек.
– Әңгіме ауанын университет өмірі­не бұрсақ. Біраз уақыт бұрын Ресейде тіл үйрету орталығын аштыңыздар...
– Иә, Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетімен бірігіп, Омбы қаласында қазақ тілі мен мәдениеті орталығын ашқанбыз. Ондағы мақсатымыз – Омбыдағы қандастарымызды қазақ мә­дениетімен, әнімен, әдебиетімен сусын­дату. Орталықты кітаптармен қамтамасыз етіп тұрамыз. Бүгінде сондағы қазақтың қара домалақ балалары «Менің атым – Қожа», «Қыз Жібек» фильмдерін тамаша­лау­да. Тіл үйрету бойынша бірнеше курс ұйымдастырылып, оқытушыларымыз барып дәріс оқып тұрады. Ондағы қазақ­тарда тіл үйренуге деген сұраныс, қызы­ғушылық басым. Мен әсіресе дәріс алу­шы қыз балалардың көптігіне қуанамын. Өйткені қыз бала – болашақ ана, ал тілдің болашағы аналардың тәрбиесіне тәуелді. Осы жұмыстан қабілетімізді де, қаража­тымызды да аяп жатқан жоқпыз. Бір айта кетерлігі, Омбы университетінің ректоры – қазақ жерінде туып-өскен азамат. «Қазақ елінен жақсылықтан басқа көргеніміз жоқ» деп, бізді құрметтейді, күш-жігерін аямай­ды. Екатеринбургтегі бір университеттің ректоры да Қазақстанда өскендіктен, «Қа­зақ балаларын осында оқуға жіберіңдерші, мен қазақ жеріне қарыздармын, мінде­тім­нен құтылайын» деп, қолынан келгенше көмектесіп жатады. Осындай достықтың игілігін студенттеріміз де көрсе екен дей­мін.
– Еліміз индустриялық-иннова­ция­лық жобаларды мықтап қолға алып жатыр. Осы салаға маман дайындау мә­селесі қалай жүзеге асуда?
– Техникалық сала мамандарын даяр­лау бізге өте тиімді, себебі университетте бұрынғы индустриялық институттың та­маша базасы сақталған. Қазір өз айма­ғы­мыздағы және басқа облыстардағы өндіріс орын­дарынан 36 филиал аштық. Ауди­то­рия­да отырып лекция тыңдаудан білім аласың­, бірақ прагматикалық түрде ғана. Мұндайда студенттен инженер тәрбиелеп шығару қиын. Индустрияландыру бағдар­ламасы бойынша технологиясы мүлдем бөлек жаңа зауыттар ашылып жатыр. Бізде олар­ға бірден сіңіп кететін маман даярлауға қажетті оқулық та жоқ. Сондықтан зауыт инженерлерімен бірігіп әрекет етудеміз. Студенттердің курстық және дипломдық жұмыстарының 80 пайыздан астамының тақырыптарын бізге инженерлер ұсынып отыр. Яғни кадрларды солардың тапсырма­сымен даярлаудамыз. Мұндай байланыс кейін түлектерді жұмысқа орналастыруға да пайдасын тигізбек. Бүгінгі таңда Қа­зақстанда 10 университетке инновациялық зерттеу орталығы мәртебесі берілген болса, сол тізімде ПМУ де бар.
– Отбасыңызда бәріңіз бас қосып отыр­ғанда, жұбайыңыз екеуіңіз бала­лар­ға дауыстап кітап оқитын дәстүр бар екен. Қазір қандай кітап оқып жүр­сіздер?
– Қазір мектеп оқулықтарын оқып жүрміз. Таң атқанша тақпақтап отырамыз. Кітаптарда жазылғандардың маңызы тө­мендеу. Балаға мынадайды кім оқытады деп ыза боламын. Бала тұрмақ, өзіміз ұқ­пай, дал боламыз.
– Биыл 50 жасқа толдыңыз. Мұқаға­ли «дәнеңе жоқ дара тұрған» деп жыр­ға қосқан қырық жас пен елудің айыр­масын сезіне алдыңыз ба?
– Қырық жасымда басымнан пәлендей сезім өткермеген екенмін. Өмірде адам баласына қатты әсер ететін тек пен орта деген үлкен күш бар. Жақсы текпен жаман ортаға түскен адам жаман болып шығады. Екі кезеңнің мен үшін айырмашылығы – туып-өскен ортам азайды. Әкем қайтыс бол­ды, әжелердің біреуі де жоқ, дос-жа­рандар да сиреді. Қазір ауыл зиратына бар­­сақ, үлкен қала сияқты. Қырықта мұн­дайды ойлап, мән бермеген екем, «бәрі бар ғой» деп отыратынбыз. Бұрын ауылға бар­ғанда әкем «Үлкендерге сәлем бере­йік!» дейтін. Қазір ауылға барғанда «Үл­кен­дерден кім бар?» деп сұрап алатын болдық. «Елу жылда – ел жаңа» деген де­ген осы екен. Сол ортаға енді өзіміз бас бо­лып отырмыз. Мен ректорлыққа 38 жа­сым­да келгенмін. Сонда адамдар мен ту­ра­лы сөздерін «Жас болса да бас болып...» деп бастайтын. Енді «жас» деген анық­тауыш­тан арылдық. Бұрын жұрт «сен», «Ерлан» деген сөйлесе, енді «Ере­ке», «аға» деуі көбейді. Адам жас келген са­йын өзгере береді екен. «Жігіт ағасы» де­ген жақсы сөз бар. Елу кәрілікке мойын­сұ­нып тұрған жас емес қой, дегенмен анау қырдың астында алпыс тұрғандықтан, қартая білу – ол да бір өнер. Кішіге ақыл-кеңес беріп, «әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» бола біліп, ағалық парызды да дұ­рыс орындау керек.
– Салиқалы сұхбатыңызға мың алғыс!

Алашқа айтар датым...
Қазір дәуір басқа, жағдай басқа, өмірге көзқарас та бөлек. Қазақ әлемдегі бәсекелес ұлтқа айналып келеді. Тілдің шеберлігі емес, технократизм, компьютер­мен жұмыс басым. Бір жағынан қуанасың. Ал енді жапондарды алайық. Оларды жапон емес деп кім айта алады? Түрі де, тілі де сақталған. Дәстүрлерін де бұзбай, импе­раторлықты да сақтап қойды. Соны­мен қатар бүкіл әлемді машинасымен де, компьютерімен де, басқа техникасымен де мойындатып отыр. Кішкентай аралда тұрса да, әлем бойынша екінші орында тұрған мем­лекет. Қазақстанның да сондай бола­тын мүмкіндігі бар.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста