Лизинг саласын оңалту үшін, салықтық жеңілдіктерді қайтадан қалпына келтіру керек
Әділбек СМАҒҰЛОВ, Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-дің профессоры, Қазақстан Республикасы білім беру саласының құрметті қызметкері:
– Қазақстан индустриалды-инновациялық кезеңге аяқ басты. Осы бағыттағы жұмыстарда ұзақ жылдар бойы өзіңіз айналысып жүрген лизинг саласы қандай орын алады?
– Иә, қазіргі заманда индустриалды-инновациялық Стратегияны жүзеге асырудың бірден бір құралы лизинг болып табылады. Соңғы кездерге, 2000 жылға дейін лизингтің экономикалық мәні мен маңызын біздің билік орындары, билік жүйесі дұрыс тани алмай келді. Көбінесе лизингті қарапайым «жалға алу» деп бағалап келді. Ал 2000 жылы 5 шілдеде Қазақстан Республикасының «Қаржылық лизинг туралы» Заңы қабылданғанда, лизингтің анықтамасы өзгерді. «Лизинг – инвестициялық қызметтің түрі» деп белгіленді. Сөйтіп, лизингке көзқарас та біртіндеп өзгере бастады. Экономикасын дамытуға тырысқан әлемдегі кез келген ел инвестицияны көптеп тартуға тырысады. Оған қолайлы жағдай туғызуға ұмтылады. Осының бәрін есепке алғанда, инвестиция дегеніміз, экономиканы көтерудің, оны ары қарай дамытудың пәрменді құралы болып табылады. Ол – өндірісті көтерудің құралы. Импорт алмастыру, сондай-ақ өнеркәсіптік саясат жүргізу бағдарламаларын кезінде қабылдаған болатынбыз. Қазір шикізаттық емес салаларды, қайта өңдеу салаларын дамыту, инновациялық-индустрияландыру жоспарын жүзеге асыру міндеті қойылып отыр. Міне, соларды жүзеге асыру үшін техника мен технологияларды жаңарту қажет. Мәселен, Қазақстанның ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс және көлік секілді салаларын алатын болсақ, ондағы негізгі капитал – машиналар, құрал-жабдықтар ұзақ жылдар бойы дер кезінде жаңартылмаған. Олардың физикалық тозу деңгейі 70-80 пайызға жеткен. Олар моральдық жағынан да ескіріп қалды. Тоқетерін айтқанда, негізгі капитал тоқыраудың алдында тұр деген сөз. Ал ондай жағдайда біз қалай сапалы өнім шығара аламыз? Біздің кәсіпорындар бәсекелестікке қалайша төтеп береді? Егер аталған салаларға көңіл бөле алмасақ, экономикамыз әлемдегі бәсекеге қабілетті дамыған 50 елдің қатарына қалай қосылады? Сондықтан Қазақстан экономикасындағы негізгі капитал – машина, құрал-жабдықтарды түбегейлі өзгерту керек, түбегейлі жаңғырту-жаңарту қажет. Ал мұндай өзгерістің бірден бір құралы – лизинг болып табылады.
– Сіз өз сөзіңізде еліміздің өнеркәсіп пен өндіріс ошақтарындағы техника мен құрал-жабдықтар тоқырау алдында тұр деп атап өттіңіз. Демек, лизинг бизнесі бұл ретте қандай да бір көмек көрсете алмай жатқан болып шықты ғой...
– Лизингтің өзі қазір жаңа ұғым, кәсіпкерліктің жаңа түрі. Оның әлемдік экономикадағы тарихы жарты ғасырдан аспайды. Қазіргі заманғы лизингтің Отаны – Америка Құрама Штаттары. Ал ТМД елдерінде, соның ішінде Ресейде, Қазақстанда, ол 1989 жылдан бастап дами бастады. Қазір біздің елдегі лизингтің 20 жылдық тарихы бар. Оны әрбір кезеңге бөліп, жеке-жеке қарастыруға болады. Бірақ та осынша уақыт ішінде лизинг мәселесі елімізде әлі де дұрыс жолға қойылмай келеді. Қазіргі әлемдік қаржы және экономикалық дағдарыс жағдайындағы лизингтің жай-күйі маман ретінде мені қатты алаңдатады.
2008 жылы еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен Салық кодексі жаңартылды. Сол кодекстегі лизинг мәселелері бойынша, тамыз-қараша айлары аралығында Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің Жұмыс тобына қатысуға мүмкіндік алдым. Сол кезде Үкімет «Корпоративтік табыс салығын 2009 жылы 30-дан 20 пайызға, 2010 жылы 17,5 пайызға, ал 2011 жылы 15 пайызға дейін төмендетеміз, яғни пайыздық ставкасын екі есеге дейін қысқартамыз» деген ұстанымда болды. Сөйтіп, билік кәсіпкерлерге осындай жеңілдік жасай отырып, басқа салық түрлері бойынша осыған дейінгі бар жеңілдіктерді алып тастайтынын айтты. Бірақ бұл қате ұстаным еді. Өйткені бұл өзгеріске сәйкес, жаңа Салық кодексінің жобасында қосымша құн салығына және құрал-жабдықты импорттауға байланысты лизингке берілетін жеңілдіктер алынып тасталып, лизингтік келісімшарт жасауға да кедергі келтіретін баптар пайда болды. Ол баптар лизингтің дамуына кедергі тудыратын еді. Сондықтан лизингтік бизнеске байланысты осыған дейінгі Салық кодексінде беріліп келген салық жеңілдіктерін қорғап қалуға, соны өз қалпында қалдыруға бар күшімізді жұмсадық. «Атамекен» ұлттық-экономикалық палатасы, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы және лизингтік компаниялар өкілдерімен бірігіп, осы бағытта біршама тер төктік. Жеке өз басым негізінен, жеті бап бойынша өз ұсынысымды кодекске енгізуге тырыстым. Оның үшеуі толықтай, ал екеуі жартылай қабылданды. Қалған басты екі ұсыныс өтпей қалды. Өкінішке қарай, олар өте маңызды баптар еді.
– Бұл арадағы қауіп неде?
– Енгізілген осы ұсыныстардың өміршеңдігі 2012 жылға дейін болуы ықтимал. Яғни, 2012 жылы аталған баптар бойынша енгізілген өзгерістердің, жеңілдіктердің алынып тасталу қаупі бар. Сондықтан болашақта да осы бағытта көп жұмыс жасауға тура келеді. Қазіргі кездегі лизингтік бизнесті дамытамыз десек, 2010 жылдан басталатын бесжылдық индустрияландыру бағдарламасын толық іске асырайық десек, кәсіпкерлерді бизнес жүргізуге ынталандыратын салықтық жеңілдіктер беру керек.
– Салық бойынша жеңілдіктер беруде Үкімет қатты ұтылып отыр ма?
– Жоқ. Қазір Қазақстан бойынша 40-50 шақты лизингтік компания жұмыс істеп жатыр. Сондықтан оларға салықтан жеңілдік жасалса, ол мемлекетке көп салмақ түсірмейді. Оның өзінде сол компаниялар 2007 жылы бір жарым миллиард доллардың техникасы мен құрал-жабдықтарын еліміздің тауар өндірушілеріне жеткізіп берді. Сондықтан лизингке кең, даңғыл жол ашуымыз керек. Нақтырақ айтқанда, лизингтік бағдарламалардың орындалуында, оларды қаржыландыруда және жеңілдіктер беруде үлкен мүмкіндіктер жасалуы тиіс. Жаңа салық кодексі, өкінішке қарай, лизингтік бизнеске қолайлы жағдай туғызудың орнына, кедергі келтіріп отыр.
– Жаңа салық кодексін қолға алғанда кәсіпкерлікке жағдай жасау басты міндет ретінде қарастырылды емес пе? Яки, жаңа кодекс осы бағытта өз міндетін орындай алмағаны ма?
– Жалпы, бизнеске қолайлы жағдай туғызу бойынша, Қазақстан бұрынғы орнынан 12 сатыға жоғарылаған. Бұл – жақсы көрсеткіш. Осы жағынан алғанда, жаңа Салық кодексінде белгілі бір салалар бойынша ілгерілеулер бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Алайда жаңа кодекс лизингтік бизнеске қысым жасап отыр.
– Әлемдік қаржы дағдарысы жағдайындағы лизингтік бизнестің жай-күйі қандай? Нақты цифрлармен айтуға бола ма?
– Әрине болады. Қазақстан Республикасы статистикалық Агенттігінің мәліметі бойынша, 2008 жылы еліміздегі лизингтік бизнестің көлемі төмендемеген. Бірақ менің ойымша, бұл нақты жағдайды көрсетпейді. Демек, біздің статистика есебі дұрыс жолға қойылмаған. Сол себепті сала бойынша лизингтік компанияларға сауалнама жүргіздік. Бұл мониторинг нақты талдау жасауға мүмкіндік береді. Соның нәтижелеріне жүгінсек, мынандай екі тенденцияны анықтауға болады. Оның біріншісі мемлекеттік лизингтік компанияларға, екіншісі коммерциялық лизингтік компанияларға қатысты.
Елімізде мемлекеттік және жартылай мемлекеттік үш ірі лизингтік компания бар: «КазАгро» холдингінің «ҚазАгроҚаржы» АҚ, Қазақстан даму банкінің еншілес кәсіпорны – «БРК–Лизинг» АҚ және «Астана-Қаржы» лизингтік компаниясы АҚ. Олардың әрқайсысының лизингтік қоржыны 150-300 миллион долларды құрайды. Бір сөзбен айтқанда, олар – Қазақстанның лизингтік бизнесінің көшбасшылары. Мұның ішінде «Астана-Қаржы» лизингтік компаниясының қаржылық жағдайы бас компаниядағы қиындықтарға байланысты төмендеп кетті. Ал қалған екеуі толықтай мемлекеттің еншісінде болғандықтан, қаржылық жағдайы жақсы. Қазір еліміздегі басымдыққа ие сектор – агроөнеркәсіп саласы, индустриалды-инновациялық жобалар. Міне, бұл салалардағы ірі жобаларды, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру – мемлекеттің 100 пайыз үлесі бар аталған екі компанияның міндетінде. Сондықтан оларға қазір Үкімет қомақты қаржы бөліп жатыр. Соның арқасында «ҚазАгроҚаржы» АҚ мен «БРК–Лизинг» АҚ-да лизингтік операциялар көлемі 49 пайызға артқан.
Сөз еткен мемлекеттік компаниялардан басқасы банктік лизингтік компаниялар, ал қалғандары өндірушілер, яғни машина жасау саласының кәсіпорындары құрған компаниялар. Осы жеке кәсіпкерлік, коммерциялық лизингтік компаниялардың бүгіндері жағдайы мәз емес. 2009 жылдың бірінші жартыжылдығындағы мәліметтер бойынша, яғни жылдың басы мен шілде айындағы аралықта коммерциялық лизингтік компаниялардың лизингтік операциясының көлемі 25 пайызға төмендеген. Ал 2008 жылы 2007 жылмен салыстырғанда, тағы да осындай 25 пайыздық төмендеу болған еді. Сонда коммерциялық лизингтік компаниялардың лизинг нарығының көлемі қаржылық дағдарыс кезеңіндегі екі жылдың ішінде 50 пайызға төмендеген.
– Оның себебі неде?
– Оған біріншіден, лизингтік операцияларды қаржыландыру мен несиелеу көлемінің төмендеуі себеп. Мәселен, 2007 жылмен салыстырғанда 2008 жылы экономиканы қаржыландыруға бөлген банктердің несие көлемі 38 пайызға төмендеген. Оның ішінде несиенің бөлінуі құрылыста – 99%, саудада – 99,5 %, ауылшаруашылығы саласында – 94,6 %, көлік саласында 91 %-ға төмендеген. Яғни, коммерциялық банктер осы салаларға несие бөлуді мүлде доғарды деп айтсақ та болады. Соған байланысты өндіріс саласының кәсіпорындары өзінің өндіріс көлемін қысқартқан. Ал ол өз кезегінде лизингтік операцияларға деген сұранысты күрт төмендеткен. Бұл – екінші фактор. Жылдың басында ұлттық валютаның 25 пайызға девальвациялануы үшінші фактор болып табылады. Төртіншіден, жаңа Салық кодексіндегі лизингке қатысты баптардың «Қаржылық лизинг туралы» Заңмен, Халықаралық қаржы есебі стандарттарымен сәйкес келмеуі себеп. Осы үш заңдық-нормативтік актілердің бір-біріне қарама-қайшы болуы лизингтік бизнестің ары қарай дамуына кедергі келтіріп отыр.
– Салық кодексінен нақты қандай жеңілдіктер алынып тасталды, ол аталған салаға қандай шығын әкеп отыр?
– Қазақстанда машина жасау саласы дұрыс дамымаған. Иә, бізде ауылшаруашылығын дамыту үшін машина жасау саласы аздап көтеріліп келеді. Көлік саласына әртүрлі жүк, жеңіл машиналар құрастыру бойынша жұмыс жасалынып жатыр. Мұнай өндіру және оны өңдеу саласына байланысты машина жасау да біртіндеп дамып келеді. Бірақ Қазақстан өзіне қажетті құрал-жабдықтардың, техниканың, машиналардың 95 пайыз көлемін сырттан әкеледі. Ресейден және өзімізге жақын орналасқан дамыған елдерден басты ерекшелігіміз міне, осында. Сондықтан Қазақстан экономикасының негізгі салалары бойынша құрал-жабдықтарды жаңартқымыз, жаңғыртқымыз келсе, біз ең алдымен импорт бойынша келетін техникаға қолайлы жағдай туғызуымыз керек. Салық кодексіне 2004 жылы енгізілген түзетулер мен қосымшалар негізінде лизингке берілетін импортталған құрал-жабдықтарға қосымша құн салығы бұрын салынбайтын. Соған байланысты тауар өндірушіге жеткенде техника мен құрал-жабдықтар 14-15 пайызға арзанға түсетін. Енді 2009 жылдың басынан бастап қолданысқа енгізілген жаңа Салық кодексінде осы жеңілдіктер алынып тасталды. Сөйтіп, біздің тауар өндірушілерге импорт арқылы келген техника мен құрал-жабдықтар 12 пайызға қымбаттады. Кезінде кедендік жеңілдіктер көп берілетін. Үкімет өзімізде өндірілмейтін қажетті тауарларға арнайы қаулысымен баж салығынан толықтай, кейбір кезде жартылай босатып, лизинг саласына белгілі бір деңгейде жағдай жасап отырды. Міне, осындай жеңілдіктердің бәрі жаңа Салық кодексінде бір баптар бойынша толықтай алынып тасталса, тағы бір жерлерінде жартылай ғана қалдырылған.
– Дегенмен индустриалды-инновациялық жобаларға үлкен қаржы бөлініп жатыр. Оның бір бөлігі лизинг бизнесіне аударылары сөзсіз. Ол қаржы лизинг саласын қаншалықты оңалта алады?
– Лизинг саласын оңалту үшін, біріншіден, жаңа Салық кодексіне тағы да түзетулер мен қосымшалар енгізу қажет. Лизингтік бизнеске арналған жеңілдік беру бойынша қосымша құн салығы, импортқа берілетін салықтық жеңілдіктерді қайтадан қалпына келтіру дұрыс деп санаймын. Екіншіден, қаржылық лизинг туралы заң мен Халықаралық қаржы есебі жөніндегі №17 стандартқа Салық кодексін сәйкестендіру қажет. Осыған байланысты ірі заңнамалық-нормативтік актілердің ортасындағы қарама-қайшылықты болдырмау ләзім.
Лизингтік бизнес – ел экономикасының жағдайына, қаржыландыруға байланысты өзгеріп тұратын барометр секілді өте сезімтал құрал. Сондықтан лизинг бизнесін дамыту үшін, үшіншіден, қаржыландыру көлемін көбейту қажет.
Қазір коммерциялық банктердің ликвидтілігін арттыру үшін мемлекет Ұлттық қордан оларға миллиардтаған сома қаражат бөлді. Соған байланысты коммерциялық банктер өздерінің жағдайын белгілі бір деңгейде оңалтқаннан кейін лизингті несиелендіруге бет бұрады деп ойлаймын. Сондай-ақ, мемлекет басымдық беріп отырған салаларға – агроөнеркәсіп кешеніне, индустриалды-инновациялық жобаларға, шағын және орта бизнесті қолдауға «Самұрық-Қазына» қоры, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы көп қаржы бөлініп жатыр. Сол қаржының қомақты бөлігі тікелей, мақсатты түрде лизингтік операцияларды қаржыландыруға бөлінуде. Мысалы, «ҚазАгроҚаржы» АҚ сол қаржылардың арқасында биылғы жылғы егін орағын қажетті техника мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз ете алды. Оған биыл егіннің жемісті жиналуы айғақ бола алады. Агроөнеркәсіп саласында жаңа инновациялық-инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Әсіресе ірі тауарлы сүт өндіру кешендерін салу жүргізіліп жатыр. Олардың саны күннен- күнге көбейіп келеді. Соған Канададан, Германиядан асыл тұқымды сиырлар, ірі қара мал сатып алынды. Олар лизингке беріліп жатыр. Жаңа Салық кодексінде биологиялық активтер лизингтің нысаны болып табылады деген бап енгізілген болатын. Сонымен қатар құс фабрикалары, ет өндіру бойынша ірі кәсіпорындар салынып, оған шетел технологиясы енгізіліп жатыр. Қазақстан даму банкінің еншілес компаниясы – «БРК–Лизинг» АҚ ұзақ мерзімді, ауқымды, құны 10-25 миллион доллар тұратын көлемді жобаларды жүзеге асыра бастады.
– Лизинг нарығын тағы басқа қаржыландыру көздері бар ма?
– Әлемдік қаржы дағдарысына байланысты сырттан келетін инвестиция көлемі күрт қысқарды. Егер бұрын Батыс елдерінен инвестиция алып келсек, енді біз назарымызды жедел дамып келе жатқан Азия елдеріне, көп қаржы жинақтаған мұнай өндіруші Парсы шығанағындағы ислам елдеріне аудара бастадық.
Қазір лизингті дамытуға аса көңіл бөліп отырған әлемдік исламдық қаржыландыру жүйесі бар. Қазақстан ислам қаржыландыру жүйесін енгізу үшін арнайы заң қабылдады. Жақын арада лизингтік операцияларды қаржыландырудың тың, дәстүрден тыс жаңа бір көзі табылады деп отырмыз. Ол – исламдық қаржыландыру жүйесі. Таяуда бізде әл-Хиляль ислам банкі ашылады. Осы мәселелерге байланысты қазір Үкімет делегациясы Малайзияға да барғалы жатыр. Біріккен Араб Әмірлігімен, Сауд Арабиясымен, Иранмен келісімшарттар бойынша ислам қаржыландыру көзін тартуға бетбұрыс жасалына бастады.
Сондай-ақ Елбасымыздың Қытайға сапары барысында 10 миллиард доллар көлемінде несие алуға қол жеткізгені белгілі. Сол қаржының қомақты бөлігі болашақта лизингтік операцияларға бұрылады деп үміттенеміз. Осылайша бүгіндері лизингті қаржыландырудың екі көзін тауып отырмыз.
АЛАШҚА АЙТАР ДАТЫМ...
Абай атамыз: «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз», – деп оқу-білімнің, ғылымның құдіретін, адамға не беретінін тап басып айтып кетіп еді.Қазіргі заман – нағыз оқу-білімнің заманы. Парасатты экономикаға, білім экономикасына көшу талабы қойылып отырған заман.
Жоғары оқу орындарындағы 35 жылдан астам педагогтік қызметте көп нәрсені көріп, көңілге түйдік. Сөйтіп, бастан өткен тәжірибеден қорытынды шығардық. Болашақ – жастардікі. Сондықтан қазіргі қазақ жастарына айтарым: «Гуманитарлық салаларға, экономистер, қаржыгерлер, тарихшы, тілші, әдебиетші, заңгер мамандығы жағына жаппай лап қоймай (әрине, олар да керек, бірақ белгілі бір мөлшерде), жас мемлекетімізге аса қажетті мамандықтарға: инженерлер, математиктер, физиктер, биологтар, химиктер; ауылшаруашылығы саласының мамандары: зоотехниктер, агрономдар, мал дәрігерлері, уақыт талабындағы ақпараттық технология, биотехнология, нанотехнология; нарық саласы мамандары: маркетологтар, туристік қызмет, сервистік қызмет көрсету салалары бойынша білім алыңыздар. Елімізде 2003-2015 жылдарға арналған индустриалдық-инновациялық Стратегия қабылданып, 2010 жылдан бастап жеделдетілген инновациялық- индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асырылатын болғандықтан, соңғы аталған мамандықтар бойынша мамандарға сұраныс күрт артады. Осы заман талабына сай, келешегі мол мамандықтар бойынша білім алуға ұмтылыңыздар».