Көші-қон саласында, заңдық тұрғыдан келгенде, бірізділік болмай тұр

Бәшір Жаңалтай, Халықаралық инновациялық қордың Қазақстандағы өкілі:

– Бәшір аға, қазақ халқының бір бөлігі сонау мұхит асып, Еуропа төріне кетті. Мекен еткен аумағы бөлек болғанымен, жүрегі атамекенім деп соққан Еуропа­дағы қазақтардың бүгінгі жай-күйі қалай?
– Бүгінде қазақ халқының табаны тимеген әлемде жер жоқ шығар, сірә. Өздеріңіз білесіздер, талай зұлмат заманды бастан өткерген қазақ халқы қазір әлемнің 44 елінде жүр. Бұлар өзінің елінен, атақо­нысынан еріккендерінен немесе байлық іздеп кеткен жоқ. Тағдырдың тәлкегімен кетті. Соның бірі – Еуропадағы қазақтар. Алайда сол жақтағы қандас бауырларды Еуропадағы, Азиядағы қазақтар деп бір-бірінен бөліп алып қарауға болмайды. Олар бір-бірінен ажырап кете де алмайды. Өйткені олардың түп қазығы – Қазақ елі. Бірақ қазіргі уақытта олардың ана тілі мен ұлттық мәдениетіне қауіп төніп тұр. Жас ұрпақ ана тілінен жұрдай болып өсіп келеді. Басқа амалдары болмағандықтан, Қазақ­станның амандығын тілеумен тірлік етіп жатыр.
– Ендеше, бауырларымыз неге үдере көтеріліп көшіп келмейді? Әлде кедергі бар ма?
– Ешқандай кедергі жоқ. Оларға Қазақ­станға қашан, қай уақытта келем десе де жол ашық. Емін-еркін келіп-кетіп жүр. Себебі олар дамыған демократиялық ел­дер­де тұрады. Алайда батыстағы қазақтар әзірге Қазақстанға қоныс аудару туралы көп ойлай бермейді. Оларды мұнда көшіріп әкелгенімен, қазақтың дамуына айтар­лықтай үлес қоса алады дей алмаймын. Керісінше, Қазақстан Еуропа төріндегі қазақтарды қосымша қонысы, екінші қанаты ретінде ұстаған тиімді болар. Ол жақтағы ағайындарымыз тарихи отанынан мәдени, рухани қолдау күтеді.
– Сіз шетелде туып-өсіп, білім алсаңыз да, соңғы жылдары ата­жұртыңыз – Қазақ еліне келіп қызмет етіп жүрсіз. «Руханият» партиясы төрағасының орын­басарысыз. Саясат­кер ретінде еліміздегі көші-қон үдерісіне қалай қарайсыз?
– Бүгінгі таңда көші-қон саласы, соның ішінде оралмандар мәселесі көп айтылып жүр. Расы керек, бұл салада заңдық тұрғыдан келгенде, бірізділік болмай тұр. «Көші-қон туралы» Заңның да көңілге қоным­ды нұсқасы жасалмай тұр. Орал­мандардың күнделікті өмірінде кезігетін қиыншылықтар мен кедергілер өте көп. Мұның басты себебі, көші-қон қызметіне қатысты жұмыс жасап отырған мекеме­лердің жұмысының өзара үйлесімсіздігі. Бір ғана мысал айта кетейін, бұрынғы Көші-кон комитеті мен Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы немесе үкіметтік емес ұйымдар арасында өзара келісім, байланыс болған жоқ. Бұл туралы үздіксіз айтып келеміз.
– Соңғы кездері еліміздегі құқық қорғау саласы реформаға ұшырады. Соның ішінде сіз бен біз сөз етіп отырған көші-қон саласы да бар. Бұл ведомство қазір Ішкі істер министрлігінің құзырына өтті. Осы ауыс-түйіс құжат беру қиындығын шеше қояр ма екен?
– Бұл туралы әзір ештеңе айта алмаймын. Жаңадан қолға алынып жатыр. Әрине, көші-қон саласында кемшіліктер бол­ды. Оны жоққа  шығара алмаймыз. Дегенмен құжат беру, тіркеу мәселесін онсыз да басы артық шаруасы көп ішкі істер органдары шеше қояды деп айта алмай­мын. Жаңаның аты – жаңа. Бұл бас­та­ма қалай болған күнде де құжат­тан­дыру мәселесін бір жүйеге келтіру мақса­тынан туындап отырғаны сөзсіз. Бір жаңа­лықпен бірге қай салаға да жылымық өзгеріс келеді. Бәлкім, көптеген шаруа шеші­мін тауып жатуы да ғажап емес.
– Бұларды реттеу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Жеке министрлік керек. Өйткені ше­телде тұратын 5 миллионға жуық қазақ­тың өзіндік мәселесі бар. Осылардың барлығы бір жүйе арқылы ғана шешіледі. Яғни министрлік арқылы. Министрлік құрылса, елшіліктерге тапсырма беру ар­қылы көшіп келем деушілердің құжатын елге келмей тұрып-ақ реттеп беруге бо­лады. Мен квотадан тыс келсем де, біраз қиындық көрдім. Бір басыма не түрлі қиындық кезікті. Көшіп келушілердің ең негізгі кедергісі – азаматтық алу, тіркелу мәселесі. Оны агенттік, жеке ұйымдар арқылы шеше алмайды.
– «Көші-қон туралы» Заңда кемшіліктер көп деп естиміз. Партияның өкілі ретінде қандай кемшіліктерді айта алар едіңіз?
– Партия ретінде біз де кезінде өз ұсынысымызды жасағанбыз. Бұл алдағы уақытта ескеріліп қалар деп ойлаймыз. Ең бастысы, құжатта ұлттық идеологиямызға айналуы тиіс ұлы көштің жалғасы – ата­жұртына қазақтарды қайтару мәселесін ішкі миграция, босқындар жайымен ара­ластырып, бір құжаттың ішіне сыйғызу дұрыс болмады. Шенеуніктер әртүрлі жағдайға байланысты кезінде тарихи отаны­нан кетуге мәжбүр болған бауыр­ларын қайтару ісіне ерекше ықылас танытуымыз керек екенін ескермеді.
Әлемде сыртта жүрген қандастарын тарихи отанына қайтарып отырған әзірше үш-ақ ел бар: Германия, Израиль және Қазақ­стан. Білген адамға бұл – өте маңызды дүние. Таза идеология. Бұл үшеуінен басқа ешқандай мемлекет мұндай ерлікке барып отырған жоқ. Қыруар қаржысын жұмсап, уақытын кетіріп отыр. Өкінішке қарай, жауапты тұлғаларымыз бұл науқанды ұқсата алмады. Израиль мен Германия бұл салада бізден көш ілгері. Ал біз әлі құжат беру мәселесін реттей алмай келеміз.
Бізде әлі де мүмкіндік бар. Тек тетігін тап баса алмай отырмыз. Партия ретінде біз шетелдік үлгілердің біразын зерттеп жатыр­мыз. Сонымен қатар тағы бір маңызды мә­селе тілге қатысты болып отыр. Тілдегі алшақтық шетелдегі қазақтармен байла­нысты қиындатады. Көбіміз қазақша дұрыс білмейміз. Әліпби мәселесі де қиындау. Тіл – жалпы, шетелдегі қазақтармен тұрақты қатынаста ғана емес, еліміз ішінде де күр­делі мәселе. Дегенмен болашақта ше­шімін табар деп ойлаймын.
– Шетелдегі қазақтар мен жер­гі­лікті халық арасындағы байланысты үзбеу үшін не істеуіміз керек?
– Бұл – жеке жүріп шешілмейтін мәселе. Ұйым ретінде де шеше алмаймыз. Неге десеңіз, қазіргі уақытта Еуропаның он шақты мемлекетінде қазақ мәдени ұйым­дары бар. Алайда бұлардың қолынан ештеңе келе қоймады. Қазақ жастарын ұлттық тәрбиеге, ана тіліне үйретуге құрыл­ған жергілікті қоғамдардың шамасы жет­пейді. Сол себепті олар жеке қауымдастыққа бірікті. Еуропа мемлекеттеріндегі осындай ұйымдардың басын қосып жұмыс істеу, ұлт мүддесімен бірігіп күресу мақсатында 2008 жылы Еуропадағы Қазақ қоғамдары қауымдастығы құрылды. Бұл қауым­дастыққа бүгінгі таңда Еуропадағы 10 қа­зақ мәдени орталығы енеді. Осымен аздап жағдай өзгергендей болды. Бірақ қазақ елінің қолдауы қажет-ақ. Біз партия ретінде шетелдегі қазақтарға қандай жолмен көмектесеміз, ол жақтағы қазақ бауыр­ларымызға нендей жолмен рухани қолдау береміз деген жоспар жасап жа­тырмыз. Біздің ойымызша, шетелдегі қан­дастары­мызға көмек беру мәселесінде Жапон мемлекетінің іс-әрекетін үлгі етуіміз керек.
– Еуропадағы бауырлардың рухани бейнесін жоғалтып алмауы үшін тарихи отаны не істей алып отыр?
– Көп шаруа бітіп жатыр деп айта алмаймын. Тек елшіліктерде біраз жұмыс атқарылды. Бүгінгі таңда біз секілді аға буынның қазақша жақсы сөйлеуіне бай­ланысты Еуропадағы орта буын өз тілін айтарлықтай жақсы түсініп, азды-көпті сөйлеп те жүр. Ол жақта құда түсу, қыз ұзату, үйлену тойлары, шілдехана, бесік тойы, тұсау кесу, азан шақырып, балаға ат қою, сүндетке отырғызу салты, кісі қайтса – жетісін, қырқын беру, сондай-ақ ораза айында құран-хатым түсіру сияқты жо­ралғылар әлі де сақталған. Бізді алаң­дататын тек тіл мәселесі ғана. Кейінгі жас ұрпаққа қазақ тілінен ажырап қалу қаупі төніп тұр. Бұл – Ұлыбританиядағы қазақ­тарға да тән құбылыс. Кейінгі ұрпақ ана тілінен ада қалып барады.
Соңғы бес-алты жыл ішінде тілді дамыту үшін Лондондағы Қазақстан елшілігінің көмегімен аптасына бір рет қазақ тілі курстарын ұйымдастырған болатынбыз. Оның өзін сұрап жүріп әрең қол жеткіздік. Сол курстардың нәтижесінде, бірнеше бала кириллицамен оқып-жазуды үйренді. Бірақ елшінің ауысуына байланысты бұл курстар тоқтап қалды. Кейін өз жалғасын таба алмады.
Біз осындай істердің жүйелі түрде іске асуын тілейміз. Өкініштісі, жан-жақты қолдау болмай отыр. Бұл мәселе былтыр Венада өткен Еуропа қазақтарының кіші құрылтайында да көтерілді. Құрылтайға келіп қатысқан Еуропадағы қазақтардың алдыңғы қатарлы азаматтары мен Еуропа Қазақ қоғамы басшылары және Қазақ­станнан келген делегация мүшелері қазақ тіліне және ұлттық-мәдени мәселе­лерге қатысты проблемаларды талқылады. Өкі­нішке қарай, мұндай басқосуда қа­был­данған қарарлардың көбі жүзеге аса қоймады.
– Еуропада білім алған азаматтың бірі болған соң сұрап отырмын. Өзіңіз туралы айта отырсаңыз?
– Алыс-жақын шетелде, соның ішінде Англияда білім қуып, техникалық ғылымдар саласы ғана емес, жалпы жоғары қызметте жүрген қазақтардың саны саусақпен санар­лық қана. Бизнес қуған азаматтар да аз. Бәсеке өте жоғары. Әсіресе аға буын көп оқып білім ала алмады. Керісінше, қазіргі уақытта университет бітіріп, қыз­метке енді кірісіп жүрген жастар өте көп. Оқуын бітіріп, белгілі бір салада мамандық алғандар оқу-ағартушы, дизайнер немесе маркетинг маманы болып жұмыс істеп жатыр. Ұлыбританиядағы қазақ балалары­ның алғашқы буыны 1995 жылдан бастап жоғары білімдерін тамамдап, мамандық иесі бола бастады. Біз оларға енді 10 жыл ішінде ештеңе беріп үлгермесек, жағдай қиын болып кетеді. Олай болмаған күнде олардың бойындағы қазақы рухты, тілін мүлдем жоғалтып аламыз.
Мен өзім Тайваньда оқып білім алдым. 1983 жылы Англияға келдім. Сол жерде он шақты жыл BBC халықаралық радиосында жұмыс істедім. Кейін Қазақстан тәуелсіз ел болған соң, ағартушы ұйымдарда жұмыс істей бастадым. Соның ішінде Қазақстанға инвестиция тарту, инновациялық жаңа ғылыми жаңалықтар әкелу секілді жо­баларға қатыстым. Соңғы бес жылдан бері Халықаралық инновациялық қордың Қа­зақстандағы өкілімін. Осы елге үлкен-үлкен ірі жобаларды алып келу жолында біраз еңбектендік.
– Ол қандай жобалар? Маңыз­ды дегендерін атап өтсеңіз...
– Жобалар басталады, бірақ іске аспай қала береді. 2006 жылы Қазақ-Британ уни­верситетінде үлкен жобаны қолға алған едік. Бірақ ол да іске аспады. Кейін Семей өңіріндегі радиацияға ұшыраған аумақтар­ды қайта өңдеу арқылы пайдаға жарату, ауыл шаруашылығы мақсатында қолдануға енгізу жолында үлкен ғылыми жоба әкелген едік. Бұл да аса табысты бола қоймады. Көбіне мамандардың жоқтығынан, қаржы­ның дер кезінде бөлінбеуінен көптеген жоба іске аспай қалып жатыр.
Инновациялық қордың негізін қалаған атақты ғалымдар болатын. Бүгінгі таңда оның 3500 мүшесі бар. Соның жүзден астамы – Нобель сыйлығының иегерлері.
Тәуелсіз Қазақстанымыз шикізатқа тәуелді болып қалмауы тиіс. Табиғи қор­лардың да шегі бар. Күндердің күнінде бітеді. Сол кезде не болмақ? Біздің мақ­сатымыз сыртта жүрген оралмандарды көшіріп әкелу ғана болмауы тиіс. Олармен бірге жүйелі түрде өзге елдің өнері, білімі-ғылымы, сапалы маманы келіп жатады. Соларды пайдалана білгеніміз абзал. Әрине, елдің бәрі бизнесмен болуы мүмкін емес. Алайда Қазақстанда кез келген адам­ның шағын және орта кәсіппен айналы­суына толық мүмкіндігі бар. Сол себепті жақын күндері түркиялық кәсіпкерлермен бірлес­кен тағы бір жоба қолға алынады. Алдымен үлгі, пилоттық жоба ретінде іске асыры­лады.
– Отбасыңыз жайлы не айта­сыз?
– Аталарымыз кезінде Семей өңіріндегі Ақсуат аумағынан кеткен екен. Үлкен атам Алтай жерінің Шыңжаң аумағында дүниеге келген. Қиын-қыстау заманда әкем Үндіс­танға өтіп кеткен. Ал үлкен атамыз қытай­лардың қолынан қаза тапты. Ол кісі – Оспан батыр бастаған көтерілістің негізін қалау­шы­лардың бірі. Қаржы министрі болған Жанымхан деген кісі. Ағам Дәлелхан көп уақыт Тай­ваньда дипломатиялық қызметте болды. Депутат болып, қазақ балаларының шетел­де оқуына мүмкіндік жасады. Мен өзім Үндіс­танның Кашмир қаласында дү­ниеге келдім. 1983 жылдан бері Англия­да тұ­рамын. Жұбайым – Германияның қазағы, әкесі ұлтымыздың «Қара жорға» биін елімізге қайтарып, жаңғыртқан Арыстан қажы ақсақал. Үш балам бар.
– Балаларыңыз қазақша біле ме?
– Хабары бар. Олар әзір ағылшынша, түрікше және Еуропаның бірнеше тілінде сөйлейді. Қазақшаны шамамыз келгенше үйретіп жатырмыз. Жылда болмаса да, екі жылда бір Қазақстанға әкеліп тұрамын. Университетін бітірген соң, балаларым да елге келеді. Жазуы бізден жақсы. Себебі аздап оқыды ғой. Жуырда ортаншы ұлым Қазақстанға келіп, ҚазМҰУ-дың дайындық атап өтсеңіз...
Балаларымыз кішкентай кезінде қазақ тілін тұрмыста қалт-құлт деңгейде қолданса да, «санамақ» және «қуырмаш» ойындарын ойнап өсті. Одан артық үйренуге мүмкіндік жоқ. Бізде көрсететін қазақстандық теле­арна­ларды олар түгіл, өзім де түсінбеймін. Өйткені көбі орыс тілінде. Жастар қазақ­стандық басылымдарды оқи алмайды. Барлығы кириллицамен жазылады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Оқшау ой
Тәуелсіз Қазақстанымыз шикізатқа тәуелді болып қалмауы тиіс. Табиғи қорлардың да шегі бар. Күндердің күнінде бітеді. Сол кезде не болмақ? Біздің мақсатымыз сыртта жүрген оралмандарды көшіріп әкелу ғана болмауы тиіс. Олармен бірге жүйелі түрде өзге елдің өнері, білімі-ғылымы, сапалы маманы келіп жатады. Соларды пайдалана білгеніміз абзал. Әрине, елдің бәрі бизнесмен болуы мүмкін емес. Алайда Қазақстанда кез келген адамның шағын және орта кәсіппен айналысуына толық мүмкіндігі бар.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста