Кітаптардың барлығын электронды оқулыққа көшірсек те, сиямен жазылған кітаптың құндылығы ерекше
Әбдіреш СҰЛТАНАЕВ, кітапхана ісін автоматтандыру жүйесінің маманы:
– Әбдіреш Қапарұлы, кітапхана ісін автоматтандыру жүйесі оқырмандарға қажетті электронды ақпараттар қорын жинақтап, оны компьютерлік желілер мен интернет жүйесі арқылы жеткізудің негізгі құралы екені анық. Жалпы, бұл сала біздің елде қаншалықты деңгейде дамыған?
– Жалпы, қазіргі заманда компьютер мен компьютерлік бағдарламалардың маңызы туралы түсінігіміздің өзі әлі толық бағасын ала алмаған ба деймін. Себебі компьютер дегеніміз, былайша айтқанда, тек темір қорапша ғана. Егер жұмыс істеуге керекті арнайы компьютерлік бағдарламалар болмаса, ол компьютердің маңызы болмас еді. Мысалы, Microsoft компьютерлік бағдарламаларын жасаған атақты Билл Гейтс қалайша әлемдегі ең бай адамдардың бірі болып отыр? Себебі шетелде кез келген жұмысты электронды түрге ауыстыруға кеткен шығынның 70 пайыздайы компьютерлік бағдарламаларға кетсе, 30 пайызы зауыттардан шығып жатқан компьютер жабдықтарын сатып алуға жұмсалады екен. Ал бұл жағдай біздің елде қазір керісінше сияқты, мысалы, компьютер жабдықтарын алуға бюджеттен миллиондаған теңге бөлінсе де, арнайы компьютерлік бағдарламалар алуға кажетті екі жүз мыңдай теңгенің өзін қинала тауып, «неге сонша қымбат?» деген сұрақтар қойып жатады. Тағы бір мәселе – негізгі жұмысты компьютерге жүктеген соң, сол саладағы біраз адамды қысқартуға болады деген теріс түсініктің болғаны рас. Мысалы, 90-жылдары Қажыгелдиннің өзі «кітапты электронды түрге көшірген соң, кітаптың қажеті қанша? Кітапханаларды жауып, кітапханашыларды қысқарту керек» деп бастаған оңтайландыру саясатының салдарынан кезінде еліміздегі мыңдаған кітапхана жабылып та қалған болатын. Бірақ уақыт өте келе, кітапханалардың маңызы өз сипатын жандандырып, 2000 жылдардан бастап көптеген кітапхана қайтадан ашыла бастады. Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстанда да кітапхана ісін автоматтандыру жүйесі жүйелі түрде қолға алынып, шетелдік стандарттарды ескере отырып жасалып, кеңірек кітапхана ісінде қолданыла бастады. Республикадағы алғашқы РАБИС электронды жүйесі Алматыдағы Ұлттық кітапханада 1993-1995 жылдары орнатылды. Қазіргі таңда кітапханадағы барлық жұмыс толық автоматтандырылып, ақпаратты жедел іздеу және оған тапсырыс беру жылдамдатылып, кітапты беру және қайтару процестері штрихкод жүйесі немесе магниттік белгілер арқылы жүзеге асырылады. Бұрын оқырман қолмен жазылған тапсырысты жіберген соң, керекті кітабын екі сағаттай тосатын болса, қазір Ұлттық кітапханадағы оқырмандарға қойылған арнайы компьютерлер арқылы жіберілген электронды тапсырыс бірден кітап қорындағы компьютерге түседі де, электрондық жүйе арқылы бар-жоғы 5-10 минутта-ақ кітапты қолына ала алады. Тағы бір үлкен жетістік – кітапханалардың жеке сайттарындағы электронды кітапхана бөлімдері арқылы ақпаратты интернет жүйесі арқылы тарату мүмкіндігі туып отыр. Кітапхананың сайтына кіру арқылы үйдегі компьютерден-ақ керекті кітапты іздеп тауып, оның толық электронды нұсқасын оқуға болады. Осындай арнайы кітапханалық бағдарламалардың қатарына қазақстандық РАБИС, КАБИС, «Кітапхана ісі» және ресейлік ИРБИС, МАРК SQL, «Библиотека», «Руслан» сияқты бағдарламаларды жатқызуға болады. Осы бағдарламаларды пайдалану арқылы кітапханалар қазіргі заман талабына сәйкес, ақпараттық қызмет көрсететін орталықтарға айналып отыр. Көптеген кітапханалар өздеріндегі кітапхана ісін автоматтандыру жұмыстарындағы жинаған тәжірибелерін РАБИС компьютерлік бағдарламасынан бастап, кейіннен нарық заңдылылықтарына сәйкес, өздерінің қалаулары бойынша, жоғарыдағы аталған басқа бағдарламаларға көшіп жатқандары да бар. Мысалы, Өскемен мен Қарағанды кітапханалары Ресейдің ИРБИС-іне көшсе, кейбір жоғары оқу орындарының кітапханалары КАБИС-пен жұмысын жалғастыруда. Мұндай бағдарламалардың түрінің көп болуы оның сапасына да жақсы әсер етеді деп ойлаймын.
– Сіз «еліміздегі барлық облыстық кітапханалар автоматтандыру жүйесіне көшті» деп отырсыз. Ал ауылдық аймақтардағы ахуал қандай? Кітапханашыларымыз әлі де сол шаң басқан қағаздарды қопарып жүрген жоқ па?
– Әрине, облыстық және аудандық кітапханалардың жағдайы біршама дұрыс болғанымен, кейбір аудандық және ауылдық кітапханаларымыз әлі толық компьютер жүйесіне көшкен жоқ деуге болады. Тіпті ауылдық кітапханалар компьютермен жабдықталып, арнайы бағдарламалар қойылған күннің өзінде көбіне сол бағдарламада ойдағыдай жұмыс істей алмай жатады. Оның басты себептері – жалақының аздығынан кітапханашы мамандардың жетіспеуі, кітапхана штатындағы компьютер мамандарының жоқтығы мен жалпыхалықтық компьютерлік сауаттылықтың төмендігі. Болашақта осы мәселелер бірте-бірте шешіліп, ауыл кітапханалары да электронды ақпараттық кеңістікте өз орнын табады деп ойлаймын.
– Сіз бір сөзіңізде кейбір кітапханалар «бұрын біздің бағдарламамен жұмыс істеген, қазір Ресейдің Ирбис-іне көшкен» деп қалдыңыз. Неліктен? Жалпы, сіз де сол бағдарлама авторларының бірісіз ғой, бағдарламаңыз жайында қысқаша айтып өтіңізші.
– Осыдан сегіз-тоғыз жыл бұрын РАБИС бағдарламасы Қазақстандағы жалғыз кітапханалық бағдарлама болса, кейіннен отандық және ресейлік басқа да бағдарламалар кеңінен насихатталып, енгізіле бастады. Басында біздің бағдарламамен жұмыс жасап, тәжірибе жинақтаған кітапханалар кейіннен басқа жүйеге көшкенінде тұрған ештеңе жоқ деп есептеймін. Уақыт талабына сәйкес, әркімнің талғамы, деңгейі, жұмыс істеу формасы әртүрлі емес пе? Қандай бағдарламада жұмыс жасаймын деген таңдау кітапханалардың өз қалауында, ешкім қыстамайды. Кейбір жағынан біздің бағдарламаның артықшылықтары болса, басқа бағдарламалардың да жақсы жақтары баршылық. Оның үстіне, ақпараттар базасы кітапханалық стандартқа негізделгендіктен, еш зиянсыз бір-біріне көше береді. Бастауын 1989 жылдан алатын біздің РАБИС бағдарламасы туралы айтар болсақ, бүгінге дейін үздіксіз жаңарып, толықтырылып келе жатқан заманауи бағдарлама. Жиырма үш жылдық мол тәжірибесі бар, үлкен еңбекпен жасалған дүние ғой! Алғашында ондай қазақстандық бағдарламалар жоқ болғандықтан, сол кездегі кітапхана жұмыстарын автоматтандыруға арналған шетелдік Liber (Франция), CDS ISIS (Ресей) сынды компьютерлік бағдарламаларды алғанымызбен, онда жұмыс жасау көптеген қиындық тудырды. Негізгі себептері – шетелдік бағдарламаның біздің кітапхананың жұмыс жағдайына тура келмеуі, қазақ әрпінің жоқтығы, кез келген ұсақ-түйек мәселелердің өзін шешу қиын еді. Тәуелсіздікке қол жетіп, жеке-дара мемлекет болған соң, кітапхана жұмысына арналған қазақстандық компьютерлік бағдарламаны жасау өзекті мәселеге айналды. Осындай бағдарламаны жасау сол кездегі НПП ИНТЕС мекемесінің басшысы Жәнібек Қуандықұлы Шаңғытбаев пен Ұлттық кітапхананың бас директоры Роза Аманғалиқызы Бердіғалиеваның бастауымен қолға алынып, оны жасап, өндіріске енгізу жұмысы бас конструктор ретінде маған тапсырылған болатын. Бұл бағдарлама өте аумақты жұмыс болғандықтан, 1992-1996 жылдары арнайы құрылған МГП АБИС мекемесі аясында «АБИС-1-сеть» бағдарламасының алғашқы модульдері жасалынып, ең бірінші болып ҚР Ұлттық кітапханасы бөлімдерінде орнатыла басталды. Бұл бағдарлама кітапхана ісін автоматтандыру және ұлттық кітапханалық ақпараттық ресурстарды біріктіру арқылы әлемдік ақпараттық кеңістікте ақпарат алмасуды жүзеге асыруға арналған республикадағы бірден-бір ұлттық ақпараттық бағдарлама болды. Жасалынған ақпараттық жүйенің негізгі көздеген мақсаттары: кітапхананың электронды ақпараттық қорын жасау және оның толық электронды нұсқасына компьютер желісі арқылы қол жеткізу, оқырмандарға ақпараттарды кітапханадағы интернет желісі мен аумақтық интернет желісі арқылы қызмет көрсету, оқырмандардың ақпараттық қорын жасау, кітапқа электронды тапсырыс беру, кітапты оқырманға беру және қайтару жұмыстарын іске асыру болды. 1998 жылдары бағдарлама толықтырылып, республика көлемінде РАБИС деген атпен көптеген облыстық, аудандық, ауылдық және оқу орындарының кітапханаларында кеңінен таратыла бастады. 2000 жылғы Мемлекеттік сыйлыққа үміткер еңбектердің ішінде Ұлттық кітапхананың атынан ұсынылған РАБИС бағдарламасының болғандығын зор мақтанышпен айта кеткім келеді. Осындай мол тарихы бар бағдарламамыз бүгінгі таңда мүмкіндіктерін кеңейтіп, озық IT-ақпараттық технологиялармен толықтырылуда. Қазіргі уақытта ҚР Ұлттық кітапханасының бас директоры Балабекова Гулиса Қабарқызының қолдауымен бағдарламамыздың JAVA-технологиясымен жасалған жаңа нұсқасын қолданысқа енгізіп, жан-жақты тексеруден өтуде. Болашақта жаңа бағдарламамыз жақсы жақтарымен көрініп, кітапханалық озық бағдарламалардың қатарынан өз орнын табатынына сенімім мол.
– Әрине, кітапхана ісінің осындай жаңа жүйелермен толығып, заман талабына сәйкес жұмыс істеп жатқаны қуантады. Десек те, қазіргі кітапханаларда оқырман саны тым көп емес. Әсіресе қазіргі жастарды газет-журнал мен кітап оқуға баулу өте күрделі мәселеге айналған сияқты. Сіздің ойыңызша, бұл мәселені қалай шешуге болады?
– Алдымен, біздің Ұлттық кітапханадағы оқырман саны азайып кетті дегенге келісе алмаймын. Керісінше, кітап қорының молдығынан және көптеген кітапханада жоқ кітаптардың тек қана бізден ғана табылатындығынан болар, оқырмандар саны күн санап өсуде десем, артық айтқандық емес. Расымен-ақ, қазір жастарға кітап бетін ашқызу өте қиындап кетті, өйткені бүгінгі жеткіншектің талғамы да, талабы да басқа секілді. Бірақ бұл мәселені тек белгілі бір адамдар немесе мекемелер шешеді деп ойламаймын. Бұл проблеманы мемлекеттік тұрғыда әрі заман талабынан қарастырған дұрыс. Қазіргі оқырман кітаптан гөрі оның электронды нұсқасын кітапханалық жүйеден немесе интернеттен көшіріп алғанды ұнатады, экраннан қарағанымен толықтай зер салып оқымайды. Десек те, біз қазіргі заманауи технологиялардың өзін көбіне дұрыс әрі толық пайдалана білмейміз. Мысалы, компьютердің өзін алайық. Көп жағдайда сол бұрынғы жазба машинкасы сияқты ғана пайдаланып жатады, яғни оның мүмкіншіліктерінің тек 3-5% пайызын ғана қолданамыз деген сөз. Егерде компьютерді ақпарат көздерін жинақтауға, одан керекті мәліметті алуға пайдалансақ, өте дұрыс болар еді. Кітап оқу мәселесі де дәл сондай жағдайды басынан кешіруде, жүре келе ол да түзеліп, өз орнын табады деп ойлаймын. Иә, нарықтық экономика келгелі бері кітап оқитындар азайып, сауда жасайтындар көбейгені белгілі. Бұрын біз кітапты іздеп жүріп оқып, үйдегі сөрелерде сақтап, әуелі құнды кітаптарды алу үшін макулатура өткізуге кезекте тұратынбыз. Сол кездегі әрбір шыққан жаңа кітап шалғай ауылдағы кітапханаларға да жетіп жататын. Ал қазір жақсы деген бір кітап шықса, әрі кеткенде 500 немесе мың данамен ғана таралымға түседі. Одан көп шығаруға жазушының қалтасы көтере бермейді. Қазір Қазақстанда шамамен 30-40 мыңдай кітапхана бар екенін ескерсек, мың дана кітап көлге тамған тамшыдай ғана деген сөз. Сондықтан осы азғантай ақпараттардың электронды нұсқасын оқырманға жеткізуге көмегін тигізетін компьютерлік бағдарламалардың орны ерекше. Ал балаларымызды кітап оқуға баулу процесін ең алдымен отбасы ошақ қасынан, балабақшадан, мектептен бастаған жөн. Әйтпесе бұл үрдіс тым баяу қарқынмен жылжып келеді.
– Қалай ойлайсыз, электронды ақпар көзі кітаптарды алмастыра ала ма?
– Мен әрі кітапхананың қыр-сырын толық зерттегендіктен, әрі кітапхана ісін электронды жүйеге көшірген бағдарламаның авторы болғандықтан, бұл мәселені екі жақтан да қарастырамын. Менің ойымша, ешбір электронды ақпараттар көзі қолдағы кітаптың маңызын толық алмастыра алмайды, тек оны басқа жоғарғы деңгейде пайдалануға көмегін тигізеді. Кітаптың өзінен тікелей оқу, ондағы кейіпкердің ойлары мен ішкі толғаныстарын басынан кешіру арқылы адамның өзін тәрбиелеуі – оның басты ерекшелігі. Тіпті кітаптардың барлығын электронды оқулыққа көшірсек те, қарапайым қара сиямен жазылған «қара» кітаптың құндылығы өзінде. Ал оның электронды нұсқасы кітап тапшылығын азайтуға, оны әрбір оқырманға жеткізуге зор көмегін тигізеді.
– Шыны керек, қазіргі заманның азаматы кітап парағын аударыстырғаннан гөрі ғаламтор парақшаларын ақтарғанды жөн санайды. Электронды оқулықтар да сәнге айналған. Бірақ дереккөздері, оның ішінде қазақ тіліндегі мәлімет өте аз. Оны дамытуға қандай да бір кедергілер кездесіп жатыр ма?
– Интернетсіз қазіргі өмірді елестету тіпті мүмкін емес, өйткені ол – заман талабы. Ал жастардың ұялы телефонмен, планшетпен, электронды оқу құралымен кітаптарды оқығанын өзім құптаймын. Бірақ солардың құрамын байқап қарасақ, осындай форматтағы кітаптардың негізгі бөлігі – қазірше орыс тілі немесе ағылшын тілінде. Қазақ тіліндегі электронды оқулықтардың аздығы жүрегімді ауыртады. Мұндағы негізгі кедергі – мемлекеттік тіліміздің әлі толық өз деңгейіне жете алмағандығы сияқты. Қазір ана тілін білетіндер аз, әсіресе жастар шетелдік әдебиетке құштар. Ал қазақ тіліндегі ақпарат болсын, әдеби шығармалар болсын сұранысқа ие болмағаннан кейін өндірістен ысырылып, түсіп қалып жатады. Егер тым болмаса, мына көршілес өзбек, қырғыз ағайындарымыз сынды ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалуға әрекет етіп, биліктен қолдау табылып жатса, бұл мәселе өздігінен шешімін табар еді.
– Бәлкім, электронды нұсқаны таратуға келісімін берген авторларға мемлекет үлкен көлемде сыйақы беруі керек шығар?
– Қайдам, бұл мәселе былайша оңай шешіле қоймас. Себебі қазірдің өзінде жазушылардың өзінің қаламақы мәселесі де шешімін әлі таба алмай келе жатыр емес пе? Бұрынғы жазушылар қоғамның жоғарғы деңгейінде тұратын. Ал қазір – «автор болсаң, өзіңе авторсың...» деген сияқты әңгіме. Кітапты баспадан шығару ісіне де толықтай өздері төлеп немесе демеуші іздеп шапқылап жүргені. Қарапайым жазушы деген аттың өзінің құдіреті жойылған ба дейсің?! Бұрын жазушы зиялы азамат, құрметті тұлға ретінде жоғары дәрежеге ие, қоғамның қаймағы еді, қазір қаламақы сұраған қайыршы сияқты. Ал кітабының электронды нұсқасын жұртшылықтың оқуына берген жазушыларға, қазірше рақметімізден басқа айтарымыз жоқ, сіздердің еңбектеріңіз қоғам үшін пайдалы дегім келеді. Қазіргі жағдайда оларға қандай да болмасын сыйақы төлеу ойластырылмаған.
– Дамыған елдерде жастардың басым бөлігі кітап оқуды жөн деп санайды екен. Ал біздегі жайды өзіңіз де білесіз. Бұл жердегі мәселе, қазіргі тілмен айтқанда, «модаға» байланысты ма? Әлде кітаптарымыздың заманауи талаптарға сай еместігі немесе сапасыздығында ма?
– Дамыған елдердегі ақпараттық жүйелерді пайдалану бізден біраз жыл бұрын іске асқаны белгілі. Менің ойымша, адам дамудың белгілі бір деңгейіне жеткеннен кейін ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсініп, өзінің дұрыс таңдауын жасайды. Электронды жүйе де дәл сондай. Белгілі бір уақыттан кейін электронды оқулықтар мен кәдімгі кітаптардың арасындағы айырмашылық біліне бастайды. Жылдар өтіп жаңа жүйе өзінің бір кемеліне жеткеннен кейін, кітап оқуға деген қызығушылық бізде де қалпына келеді деп айта аламын. Мүмкін, оны «мода» деуге де болатын шығар. Қазірше оқылып жатқан кітаптардың дені атыс-шабыс немесе фантастика екендігі қынжылтады. Қазақтың төл тарихы мен мұрасына байланысты кітаптар кеңінен оқылса екен, сол арқылы өсіп келе жатқан жас буын қазақша тәрбие алса екен деп армандаймын. Себебі кітап – адамның сана-сезімін, ой-өрісін, ойлау қабілетін қалыптастыратын бірден-бір құрал. Сапа болу үшін алдымен сан жағы көп болуы керек. Тағы бір айтарым, шетелдік стильдердің бізге келмегені абзал.
– Кітаптарды дүкен сөрелері үшін емес, бірден ғаламтор «сөрелеріне» арнап, яғни сол форматта шығара аламыз ба?
– Оның техникалық тұстары баяғыда-ақ іске асырылып қойған. Кітаптарды арнайы бағдарлама арқылы немесе жеке сайт арқылы сатуға болады. Төлемақы жүйелерінің де бірнеше түрі бар. Мысалы, төлем карталары арқылы немесе ұялы байланыс операторлары арқылы тағысын тағылар. Тек бір ғана кедергі бар, ол – қаржы. Интернет арқылы кітапты сатылымға шығаруға арналған арнайы бағдарлама жасайтын мамандардың қызметі өте қымбат. Тіпті құны көлемі мың дана кітап шығарудан да асып түседі. Оның үстіне қазіргі жазушылардың электронды жүйеге қатысты сауаты таяз. Бір жағынан кітаптарды электронды нұсқамен сатылымға шығару да қауіпті, себебі мұндай жүйеден ақша ұрлап, алаяқтықпен айналысатындар да бар.
– Том-том ауыр кітаптарға қарағанда, шынымен-ақ, жұқа, жеңіл, өзіңмен бірге алып жүруге ыңғайлы электронды оқулықтардың бүгінде жаппай сұранысқа ие болып отыруының себебі белгілі. Сондықтан қазақтілді электронды кітаптарды дамытудың қандай жолдарын ұсынасыз?
– Біріншіден, электронды жүйені енгізудің ең басты элементтері болып табылатын бағдарламалар мен жобаларды көбейту керек. Екіншіден, латын әліпбиіне көшу мәселесі. Әрине, латын әріптеріне көшуді бағдарламашы ретінде қолдаймын. Бұған дейінгі қазақ әріптерінің әртүрлілігі әлемдік желідегі қазақша ақпараттарды оқуға қиындық туғызғанын білеміз. Компьютер саласында әріп мәселесі шешілгенімен, қазақтың бүкіл тарихын, әдебиетін латын әріптерімен қайта жазу орындалмас шаруа сияқты. Жеке басым латын әліпбиіне көшу қазақтың мың жылғы тарихы мен құнды дүниелерін жойып жібере ме деп, кейінгі ұрпақ тек латын әрпіндегі ақпаратты ғана пайдаланып, ата-бабасының өткен ғұмырынан бейхабар болып өсе ме деп қатты қорқамын. Егер де мемлекеттік тіл мәселесі толық түрде қолға алынса, қазақ тіліндегі электронды кітаптардың да мол болатынына сенімім мол. Ал қаржыландыру жағына келсек, қазіргі таңда онша қиындықтар жоқ.
– Бір кездері «мектептердегі оқулықтар да жаппай электронды жүйеге көшеді» деген сыбыс шықты емес пе? Жалпы, бұған сіздің көзқарасыңыз қалай?
– Кез келген ізгі бастама бас кезінде дұрыс басталады да, кейіннен аяқсыз қалып жатады. Бұл бастама да солай болып кетпесе екен. Өйткені уақыт өте келе, барлық мектептегі оқулықтардың да электрондық жүйеге көшері анық. Қазіргі мектептердің көпшілігі компьютерлермен, интерактивті тақталармен, соңғы үлгідегі жабдықтармен жабдықталған. Бірақ сол озық технологияны іске асыратын, қолданатын кадрларды дайындау қазірше ақсап тұр. Әсіресе ауылдық жерлерде темір есіктермен бекітілген компьютерлік сыныптарға ешкім жолатылмайды немесе оны жүргізетін IT-мамандардың жоқтығын алға тартады. Мектептегі ұстаздардың компьютерлік сауаты да төмен екендігі жасырын емес. Жұмыс бабымен ауыл-ауылдарды аралағандағы байқағаным – мұғалімдерге берілген ноутбук- компьютерлерді, электронды тақталарды өз деңгейінде пайдалана білетін адамдардың қазірше аздығы. Ал, жалпы, идея өте жақсы, құптаймын.
– Әңгімеңізге көп рақмет, аға. Жуырда 60 жасқа толған екенсіз. Мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз, өмір жасыңыз ұзақ болсын!
Алашқа айтар датым...
– Электронды жүйе елімізде біртіндеп дамып келе жатқаны рас. Бірақ біз жастардың сана-сезімін электронды жүйеге сеніп тапсыра алмаймыз. Себебі еліміздің болашағы – жастардың қолында. Кітапты серік еткен зиялы отбасынан жаман азаматтар шықпайды. Неғұрлым көп кітап оқыған сайын баланың ойлау қабілеті артып, ақыл-есі толыға береді. Әрине, заман ағымына сай ақпарат көздерінің көп болғаны жақсы. Десек те, терең ой мен жүректен шыққан кітаптың теңдесі жоқ. Қазақстан әлемдік даму үрдісінен қалыспауы тиіс. Ал дамыған елдердің қатарынан көріну үшін азаматтарының да сауаттылығы, парасаттылығы үлкен рөл атқарады. Әрбір қазақы отбасы баласын қазақша тәрбиелеп, болашақ ұрпағымыз қазақша сөйлеп, қазақша ойланса екен деп тілеймін!
Жолдастың жылы лебізі
Балағазы ЖҮРСЕНБАЕВ, Ө.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының бөлім басшысы, курстас досы:
– Әбдірештің ең керемет адами қасиетінің бірі – кішіпейілділігі. Ол еңбекқор, қарапайым, атақ қумайды. Өнері де бар, білімі де шексіз Шынымды айтсам, Әбекең – мен үшін кез келген жақын туыстан артық жан. Әбдірешті 60 жасқа толған мерейтойымен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық тілегім келеді. Арамызда ұзақ ғұмыр кешіп, немерелі-шөберелі болып, тек қызығын көрсе екен деймін!