Кім болса да ең бірінші ұлтқа қызмет етуі тиіс

Секен Тұрысбеков, күйші, композитор, «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінің көркемдік жетекшісі:

– «Аңшыдан – олжа, батырдан – сауға» дегендей, өзіңіздей дәулескер күйшімен күй жайлы терең бір әңгіме қозғасақ дейміз, аға. Қадыр атамыз «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» десе, Шөмішбай ағамыз «Күй ойнайды қазағымның қанында» деген. Осы айтқандай, қазақ пен домбыраны тел өскен қозылардай қатар қойып, соншалық қастер тұтуымыздың, бір емес, Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Дина, Сүгір секілді бармағынан бал тамған тең­дес­сіз күйшілердің маңдайымызға бітуінің сыры неде?
– Күй – қазақтың төл өнері, басқа ешбір халыққа бұл өнер қазаққа біткендей бітпеген. «Түркі халықтарында күй бар ғой» дейтіндер табылар, бірақ олардың «күй» деп отырғандарын мен жай ырғақ дер едім. Шындық – осы. Қазақ күй өнерінің тамыры тереңде, ал күй өзінің шыңына ХІХ ғасырда Құрманғазы, Дина апамыздың, Сүгірдің тұсында жетті деуге болады. Ал енді ар жағына үңілер болсаңыз, мысалы, бір ғана Байжігіт бабамыз 300-ге тарта күй білген деседі. Сол Байжігіттің ырғақтары Тәттімбеттен табылып жатады, бірақ Тәттімбет күйді формасы, жалпы барлық жағынан өз деңгейіне жеткізді. Одан ары қарай, мысалы, Кетбұғаның «Ақсақ құ­ланы» – көне дәуірде туды десек те, фор­масы жағынан болсын, иірімі, бүкіл құ­ры­лымы тұтасқан жұп-жұмыр дүние. Кетбұға мен Құрманғазының арасында қанша ғасыр жатыр, дегенмен күйдің тылсым құдіреті оларды теңестіріп тұр. Ал енді күй деген не дер болсақ, оған жауап­ты сол күйлердің өзін тыңдай отырып та­басыз. Қорадағы төрт түлігі, қырдағы аңы, аспанда самғап ұшқан қыраны, жүйрік атына дейін қазақ күйге айналдыра білген. Мысалы, «Жезкиік», «Бозінген», «Кертол­ғау» күй­лерін тыңдасаңыз, солардың әрқайсысы көз алдыңызға келеді. «Қос­басар» деген күй, мысалы, жаңа қоныс аударып, киіз үй тігіп жатқан кезді елес­тетеді... Домбы­рамыздың да тамыры көне замандарда жатыр. Салыстырмалы түрде айтсақ, бүгінде музыка өнері дамыған Еуропада скрипка ХІV ғасырда пайда болса, біз қобызды Қорқыт бабамыз өмір сүрген ІХ ғасырдан бері білеміз. Ақселеу ағамыздың, өзге де ғалымдардың пайым­дауына құлақ түрсек, Батыстағы скрипка, виолончель болсын, жалпы шекті аспаптар өз бастауын біздің Қорқыт бабамыздың қобызынан алған. Тек олар оны өздерінше дамытып, жаңғыртты. Ал біз болсақ бүгінде сол Батысты классика деп дәріптеп, майталман музыканттарымыз соның музыкасын насихаттап жүр. Қазақ музыка­сының олардан қай жері кем?! Қайта олардың 20-30 минутқа созатын симфо­ниясын қазақ 3-4-ақ минутқа сыйдыра білген.
– Тарихқа көз жүгіртсек, тіпті дерт меңдеп, төсек тартып жатып қалған адамның өзін күймен бетін бері қарататын, болмаса тілмен жеткізе алмайтын жайтты домбыраның қос шегінен күй төгілдіру арқылы жеткізген кездер болған. Сіздің де күй арқылы сондай бір жағдайларға сеп болған кезіңіз болып көрген жоқ па?
– Ертегі, аңыз секілді мұндай дүниелер бүгінде сенетін нәрсе емес. Кезінде күй дегенді халыққа түсіндіру үшін, оның құді­рет-күшін ұғындыру үшін әлгіндей аңыздар керек болды. Ал Батыс музыка өнерінде тіпті симфонияларға ат та қоймай, Бетхо­вен, Моцарттың бәленінші симфониясы деп нөмірлеп қоя салады. Ал біз бір күйге атау беріп, сол арқылы адамдардың қия­лын соған қарай бағыттап қоятын секіл­діміз. Мәселен, «Көңіл толқыны» десек, адамдар көз алдына самал желмен тол­қыған суды елестетсе, «Сарыжайлау» десе, жазық дала, жайлауды көрсетіп қоя­мыз. Шындығында, онда түк те жайлау жоқ, ол – тұнып тұрған мұң. Тәттімбет өз өмірінің соңғы сәтін сарғайған, күзгі сары жайлауға теңеген. Омбыға барып, дәрігерге көрін­генде көзілдірікті сары шал Тәттімбетке қа­рап, басын шайқаған, оның «өмірің қысқа» деген ишара екендігін білген күйші бар мұңын осы күйі арқылы сыртқа шығарса керек. Ал оны біз бүгінде шапшаң қағыспен сыдыртып өте шығамыз. Содан кейін не қадір, не қасиет қалсын онда?! Күйдің киесі деген бар, сол киенің ұруынан қорқуымыз керек. Үркіп баруымыз керек не нәрсеге де. Бүгінде күйді эстрадаға да, тіпті шыңғыртып рокқа да салдық. Өйтіп күйді дамытқанымыз құрысын. Мен үнемі айтамын: егер Құр­манғазы мен Тәттімбет тіріліп келер болса, төбелерін ояр еді талайдың.
– Оларға құлақ түрсек, «біз күйді қазіргі заман сұранысына сай формаға енгізіп жатырмыз, олай етпесек, оны қазір ешкімге тыңдата алмаймыз» дейді. Мүмкін, бізге тыңдарманды күй тыңдауға үйретіп, тыңдарман қалыптастыру керек шығар?
– Айналайындар-ау, мен – Жапонияға, Еуропаға, дүниенің төрт бұрышына барып, қазақтың күйін ешбір аспаптың сүйеме­лінсіз, кәдімгі домбырамен орындаған адаммын. Тырп етпей тыңдаған солар, не, керең бе? Қит етсе, «Батыста бүйтеді, Ба­тыста сөйтеді» дегенді алға тартып шыға келеміз, ал анығында біз барған сайын олар «өздеріңнің тың дүниелеріңді көр­сетіңдерші, даңғырақ музыкадан біз әбден жалықтық, қиратқымыз келеді» деп мұң шағады. Батыс қазақ күйінің қадірін ешқан­дай қосымша аспаптың сүйемелдеуінсіз-ақ, қара домбыраның үнімен тыңдап, өз музыкаларынан әлдеқайда биік екенін мойындап қойған. Олар күйдің ар жағында жатқан үлкен дүние, ырғақ, ритмді сезді. Қарап отырсақ, қазір күйші көп, бірақ бірінен-бірін айырғысыз: домбыраны құр дыр-дыр еткізіп, бір күйді сыдыртып шыға келгенде, жын ба, сайтан ба деп қаласыз. Адам жанына рақат бере алмаған музыка музыка емес! Огинский, мәселен, қаншама опера, қаншама симфония жазды, бірақ оның бірі де дәл «Полонезіндей» қабыл­данған жоқ қой. Тыңдасаңыз, қандай тәтті мұң жатыр! Ол 1831 жыл Огинскийдің өз елінен, өз жерінен айырылған тұсында дү­ниеге келген. Мұндайда жазылмаған му­зыка қашан жазылуы керек? Сондықтан ол мәңгіге қалды. Түрік марштары қандай, мысалы. Сол сияқты Хачатурян да өздерінің ұлттық музыкасына қандай жанашыр бола білді: демалысқа шығып бара жатқан шәкірттерінің әрқайсысына елден кемі бес музыка алып келуге тапсырма береді екен. Өз шығармаларынан да ұлттың иісі аңқып тұрады, өзгеге еліктемеген. Қайта оның қасында біздің қазақтан орыс музыкасына еліктеп жазылған қаншама шығарманы кездестіруге болады. Өздерінше әр жерін қазақшалап қойғансиды, онысы тура қазіргі орыстанып кеткен қазақтардың қазақша сөйлегені сияқты. Ар жағынан орыстың иісі аңқып тұрған ондай жартыкеш дүниені қалай қазақтікі деп қабылдай алмақпыз?!
 – Шоу-бизнес заңы бойынша, «әніңді не күйіңді тауарға айналды­рып, сата білуің керек, егер оның сұранысқа ие болып, қымбатқа сатыл­маса, онда сенің керемет сазгер, керемет ақын екендігің бекер» деген пікірге келісесіз бе? Негізі, өнерде басты құндылық не? Өнер неге қызмет етуі тиіс?
– Егер «Көңіл толқыны» мен «Ақ жауын» сынды күйлерімді сатар болсам, онда осы уақытта мен миллионер былай тұрсын, миллиардер болар едім. Алайда мен содан көк тиын пайда көздеппін бе?! 12 күйім бар, соның бірін сатыппын ба?! Осы уа­қытқа дейін әндерімнің де бірін бұлдап не болмаса «соның біріне сөз жазып бер» деп, бір ақынға ақша ұсынып көрген адам емеспін. Алдымен ән туады, сосын барып ақынды іздеймін. Тіпті сол ақынға он қайтара сөз жаздырып, соңында соның бірін де ұнатпай, қайтарған кездерім болды. Сөйткенім үшін ол ақындардың менен теріс айналып кетуіне болады ғой. Ол – Несіпбек Айтов, ол – Иран-Ғайып, ол – Жүрсін Ерман. Бірақ бірі де олай еткен жоқ қой, себебі олар ақшаға, басқаға, тіпті маған да емес, киелі өнерге қызмет ету үшін биік талғаммен қарау керек екендігін жақсы түсінеді. Мейлі, кім болсын, ең бірінші ұлтқа қызмет етуі тиіс. Өзім әр күйі­ме үлкен жауапкершілікпен қараймын. Кейінгі кезде менің күйімнен алып, өзінше бір импровизациялық вариациялар құрап, «Секен толғауы» сияқты ат беріп, өзіме арнап жатқандар да бар. Өзінің кімнен алғанын мойындап жатқандарына шүкір, әйтпесе үндемей ұрлап жатқандар да көп қой. Жалпы, күйден композиция құрау бұ­рын да болған, мысалы, Ғазиза Жұбанова Дина апамыздың «Әсем қоңырын» ком­позициясында қандай шебер қолданды! Тыңдағанда тура жаның кіреді. Бір уақыттарда Брусиловский қазақтың бүкіл әні мен күйін операларына пайдаланды. Сонда Мұқаң, Мұхтар Әуезов «әй, сен қайдағы композиторсың, өз жаныңнан неге шығармайсың, композитор – бұл жерде халық, сен жай аранжировщиксің» деп қалай ашуланды деңізші! Содан Бру­силовский Өзбекстанға кетіп қалды, бірақ түбі қазақтан артық ешкімді таппасын білді ме, қайтып келді. Обалы не керек, Бру­силовскийдің қазақ музыкасына сіңірген еңбегі зор.
– Секен Тұрысбеков десе, бірінші «Көңіл толқыны» ойға оралады. Не болмаса, керісінше, «Көңіл толқыны» десе, сізді көз алдымызға келтіреміз. Осы бір күйдің соншалықты жас-кәріні соңынан ертіп әкетіп, тыңдаушысына керемет бір сезім сыйлауының сыры неде?
– Айналайын, өзім де білмеймін. Шынымды айтсам, алғашында «Көңіл толқыны» туғанда өзім онша мән бермей, жай этюд секілді көргенмін. Ол, сірә, менің ішімде жатқан жұмбақ болған болуы керек. Содан қасіретке тап болдым: өмірге келмей жатып бірден екі бірдей баламнан айы­рылдым. Қасіреттен ғана қасиетті өнер туады деймін ылғи да. Тамағы тоқ, көйлегі көк адамнан бір керемет дүние шы­ғады десеңіз, мықтап қателескеніңіз. Осы мен бір ән жазайыншы, не бір күй жазайыншы дегеннен ештеңе тумайды. Ол өзі бір адам­ның ішінде жұмбақ болып, туылар шағын күтіп жатады. Содан бір нәрсе түрткі бол­ғанда сол жұмбақ өзінен-өзі шешіліп сала береді. Өзің де білмей қаласың. «Көңіл тол­қынын» жақсылап тың­дасаңыз, бір керемет толқын келіп жағаға лақ­тырғанда, ішкі дүниең алай-дүлей болып, артынан кіші сағасындағы бір ырғақ қайтадан жұ­батып алады. Күйлердің көбінде үлкен са­ға, кіші саға бірін-бірі қай­талайды. Ал қайталанбайтын күй – мысалы, Құрман­ғазы­ның «Серпері». Ол – Батыс күйлерінің ішіндегі ең биік шыңы. Жалпы, Құрманғазы күйлерінің бәрі керемет: «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан», «Қайран, шешем», «Аман бол, шешем»...
– «Көбік шашқан»?..
– Ол енді – нағыз шедевр! Себебі қа­сіреттен туған. Негізінен, «Құрманғазы мен Дина апамыздың арасында бала болған» деген әңгіменің шеті шығып жүр ғой. Мен оған сенемін. Анадай ұлы суреткерлердің біріне-бірі «құламауы» мүмкін емес. Табынып қана өтуі керек пе, араларында сезім болған шығар. Сол бала дүниеге келер-келмес шетінеген. «Көбік шашқан» – мінекей, Құрманғазы баба­мыздың сол баласын жоқтап, күңіренгенде туған күйі. Өзінің 50 жыл іште сақтаған осы құпиясын Дина апамыз дүниеден өтер шағында жанындағы күтуші қызға айтыпты ғой. Бұл ешқандай да бір шошынып қарайтын нәрсе емес. Ал бізге ол бір жабайы сияқты кө­рінеді. Егер сонысын талқыға салып, сөйтті екен деп екі бірдей ұлымызды жоққа шығарар болсақ, ол барып тұрған топастық болады.
– Көп адам сіздің ән жазатыныңызды білмеуі де мүмкін. Шындығында, бір емес, бірнеше әніңіз бар. Жалпы, жаныңызға азық іздегенде қандай ән тыңдайсыз?
– Әндерімді күйлерімнің бір бұтағы деп қана бағалаймын. Алайда кейде шағын да болса, күйден де артық адамның жанына азық беретін әндер кездесіп жатады: мысалы, Зілқараның «Жиырма бес» тектес әні. Шәкен Айманов ағамыз қандай ке­ремет орындап, өз киноларына қалай ше­бер қолдана білді! «Ер туып, ел қорғаған ата-бабаң, бұл күнде ізі жатыр, дүние-ау, тозаңы өшкен...» деп келетін бір шумақты Шәкен аға, ұлы адам ғой, екі минутқа созады. Шіркін, Шәкен ағаның ешқандай бір трафаретке түсірілмеген қалыпта орын­дауындағы ол әннен жабайы даланың иісі аңқып, сонау алысты көз алдыңа келтіреді... «Етікші болсаң да, әлемге әйгілі етікші бол» дейді ғой, сол айтқандай, Шәкен аға – қай салаға салсаң, сол саланың шыңына шығатын ғажап тұлға. Сол кісі әлгі әнді өзінің үш бірдей киносына қосты, ешқай­сысын жұрт «қойшы осыны» деген жоқ. Әңгіме қалай жеткізе білуде ғой, көрдіңіз бе? Жақында Асанәлі Әшімов те өзінің «Ка мырзасына» пайдаланды. Осы секілді «Япурай» әні қандай керемет! Тек Мағжан сынды классиктердің ғана қолынан келеді ондайды тудыру. Ал біз оны оп-оңай автордан жұлып ала саламыз да, халықтікі дей саламыз. Мағжан Жұмабаевтың «Жа­зы­ғын» да көп жұрт біле бермейді, міне, нағыз ұлт үшін туған, қайталанбас туынды деп мен соны айтар едім. Мағжан атамызда көп ән болған, өкінішке орай, жетесіз ұрпақтың кесірінен солардың көбі талан-таражға түсіп кетті. Біле білсек, бұл деген – өнерге жасалған үлкен қиянат! Күй саласында да ондай қиянат аз жасалып жатқан жоқ.
– Қазіргі тілмен айтсақ, саундтрек, яғни «Батыр Баян», «Айғаным», «Сағыныш», «Тауқымет» атты төрт-бес киноға, тағы 16-17 деректі фильмге музыка жазғаныңызды білеміз. Биыл мерейтойыңыз екен, сіз жайлы сондай бір дүние жасап жатқандар бар ма?
– Шәкен Айманов атындағы қара­шаңырақ – «Қазақфильм» киностудиясы биыл менің 50-ге келген мерейтойыма арнап музыкалық фильм жасап жатыр. Режиссері Ұлжан Қолдауқызы – менің жанұямды, мен араласатын ортаны жақсы білетін, қазақтың жақсы бір қызы. Сондай-ақ 30-40 жобаның ішінен мен жайлы туындыға көңіл бөліп, бюджеттен қаржы бөлдірген киностудия басшысы Ермек Аманшаевқа рақмет. Осы тұста Шәкен ағамыздың тағы бір даналығын айтпасқа болмай тұр: ол кісі Ермек Серкебаев, Бибігүл апаларымыздың бәрін жас кезінде түсіріп қалды. Қартайған кезде, жүзіңнен нұр, сөзіңнен мән қашқанда түсірген дүние дәл сол жалындаған жастық шақтағыдай болмайды. Бір ғана мысал, күні кеше ғана, 90-ға қараған шағында дүниеден озған Роза Бағланова апамыз жайлы телеарна­лардың бірі бір жыл бұрын түсірген деректі фильм көрсетіп жатыр. Ол кісіні солай әбден кәрілік дендеп, одан қалса дерт кеулеген шағында көрсетудің не қажеті болды?! Әлгіні көріп, жаның ауы­рады: қартайған адамды мазақ қылғандай! Тіпті әрі-беріден алғанда, бұл барып тұрған сорақылық қой!
– Қазіргі өзіңіз басқарып жүрген «Ақ жауын» жайлы айтпай кеткеніміз жарамас. Кезінде өзіңізді елордамыз Астанаға көшкен кезде арнайы шақырып, оркестрді қолға алуыңызға тікелей себепкер болған Елбасымыздың өзі емес пе еді?
– Әрине, Елбасымыздың диапазонының кеңдігі сондай, тек елдің экономикасына ғана емес, өнерге де, спортқа да көңіл бөліп отырады. «Алматыда саған кімнің жаны ашып, кім сенің қабағыңа қарайды? Астанаға көш», – деді. Оған жалғыз өзім қалай барамын деп, ақыры 2001 жылы ұжымыммен бардым ғой. Аз уақыттың ішінде, тәубе дейін, «Ақ жауын» қазақ өнерін сонау Парижде, Токиода, Германия қалаларында, Киевте, Ішкі Моңғолия Улан-Батырда, Пекинде паш етті. Дүниенің төрт бұрышын шарладық деуге болады. Осы өнеріміз, салтымыз, дәстүрімізді нық ұстанбасақ, біз тек қана экономикамен, басқамен елімізді әлемге таныта алмаймыз. Мысалы, италиялықтар әр уақытта да әлем­ге өздерінің музыкасымен мақтана алады, шынында, олар өздерін мойын­датты. Бірақ, қарап тұрсаңыз, бүгін әлем тамсана тыңдайтын ұлы музыка тудырған авторлар кезінде қайыршылық күй кешкен. Тіпті пәтерақысын таба алмай, қашып-пысып күн көрген. Бәрі дерлік. Ал бірақ солардың арқасында бүгінде миллиондаған музыкант нанын тауып жеп жүр. Сол уақыттағы қоғамыңыз, бүгінгі қоғамыңыз да содан асып кете қойған жоқ.
– Шығармашылық кешіңізді қайда өткізбексіз?
– Құдай қаласа, наурыздың 10-15-і аралығындағы бір күні бірінші Алматыда өткізбекпін. Содан соң Қытайға бармақпын, сол жақтағы ағайындардан ұсыныс түсіп жатыр. Өзім жайлы фильмді сапар бары­сында жалғастырмақпыз. Ал мамырдың 1-інде елордамыздың Конгресс-холында өткізбек болып жоспарлап отырмыз. Содан соң Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан бар ма, еліміздің басқа да өңірлеріне бара берерміз.

Алашқа айтар датым...
Қазақтың ұлы ретінде қазақ ешкімге алданбаса, табиғи байлығына өзі иелік етсе екен деймін. Жұмыссыздық деген болмаса, ешбір елден кем болмаса екен деймін. Көрінгеннің сойылын соқпаса, өтірік айтпаса, еңбегінің ақысын адалынан алса деймін. Тартынбай, жалтақтамай, айтайын дегенін айта алса деймін. Әр қазақтың басына амандық тілеймін. Саясат дегенге араласпай, суретші суретін салып, жазушы ертең тарихта қалатындай дүние тудырса деймін. Ал кімнің кемістік жіберіп, кімнің жетістікке жеткенін ертеңгі ұрпақ өзі-ақ ажыратып алады.

Оқшау ой
Баяғыда Тәттімбет бабамыз беріліп күй тартып отырса, анадай жерде жайылып жүрген атын бір барымташы мініп кетіпті. Соны көріп тұрса да, күйші қыбыр етпеген ғой. Барымташы шауып барады, біршама шақырым ұзап кетіп, қараса, әлі де артынан ерген қара көрінбейді. Бұрын-соңды болмаған мына жағдай баукеспені аң-таң қалдырып, аттың басын керіп бұрып, қайтып келсе, Тәттімбет әлі күй тартып отыр дейді. Шыдай алмай, «әй, сен не деген адамсың өзі, мен сенің атыңды әкетіп бара жатырмын ғой, неге артымнан қумайсың» десе, әлі де күйдің әсерінен шыға алмай отырған Тәттімбет «өй, оңбаған, атымды мініп кеткеніңмен тұрмай, сен менің күйімді бөлдің ғой» деп дүрсе қоя беріпті. Сол айтылғандай жағдай кейде өз басыңда да кездесіп жатады. Шабыт қысып, керемет бір музыка кеудеңді кернеп келе жатқанда, алдыңнан біреу «ассалаумағалейкүм» деп атып шығады да, әлгі ойдың қайда қалғанын да білмей қаласың.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста