Гүлнар ӘБДІРАСІЛОВА, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының проректоры, ҚР құрметті сәулетшісі, профессор:
– Сәулетшілер одағының президенті Ақмырза Рүстембеков бір сұхбатында: «Сәулет өнеріне бизнес пен саясат әбден араласып кетті. Мәселен, тұрғын үйдің жанынан мемлекеттік балабақша немесе мектеп салуға арнайы жер бөлінсе, уақыт өте келе басқа біреулер сол жерді бизнес орталығына айналдырып жатқанын байқаймыз», – деген-ді. Осы пікірмен келісесіз бе?
– Бұл сөздің жаны бар. Қазір қалада ірі сауда орталықтары, түнгі клубтар, мейрамханалар, (казинолар, әйтеуір, қаланың шетіне көшті), бизнес орталықтары көптеп салынуда. Ал әлеуметтік нысан – мектеп, балабақшалар салу ұмыт болып барады. Осыны ескерген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын қолға алуды ерекше тапсырды. Осының арқасында жер-жерде әлеуметтік нысандар салына бастады. Енді олардың қаншалықты сапалы салынып жатқандығы – бөлек әңгіме. Бұл жерде сәулетшілерге кінә артудың керегі жоқ. Біз тек орындаушылармыз. Бұрын ғимараттардың барлығы құрылыс нормаларына сай жүргізілетін. Өкінішке қарай, қазір мұның барлығы өз деңгейінде орындалып жатқан жоқ. Қазір ақша басты рөл ойнайтын жағдайға жетті. Дегенмен сәулет өнеріне ерекше мән беріп қарамасақ, күні ертең үлкен өкінішті жағдайларға душар болуымыз мүмкін. Себебі сәулет өнерін ауыл, қаланың көркі, айнасы десек болады. Егер қаланың архитектурасы жақсы болса, ғимараттардың барлығы рет-ретімен салынса, керемет, мұнтаздай таза, көздің жауын алатындай әсем болса, онда халықтың да көңілі көтеріңкі болып, жадыраңқы жүреді. Демек, ауыл, қала неғұрлым әсем салынса, ол халықтың көңіл күйін көтеріп, психологиясына жақсы жағынан әсер етеді, мәдениетін қалыптастырады. Сондықтан кәсіби архитектура тек қалада ғана емес, аудан-ауылдарда да дамуы тиіс. Себебі қолайлы орта лайықты азаматтарды тәрбиелейді.
– Бұрын бір ғимарат салынарда сәулетшілер жиналып, пікір алмасатын. Содан кейін барып құрылыс жүретін. Қазір осы жүйе сақталған ба? Құзырлы органдар сіздермен ақылдаса ма?
– Әрине, қазір де сәулетшілер өзара форумдарда, жиналыстарда кәсіби сұрақтарды көп көтереді. Оның үстіне елімізде кәсіби сәулетшілер жоғары бағаға ие. Дегенмен кейде жеке тапсырыс берушілер сәулетшілердің пікірін ескермей жатады. Сәулетшілер «былай істейік, былай қылсақ, жақсы болады» десе, тапсырыс беруші онымен келіспейді. «Олай еткен маған ұнамайды, сен былай жаса» деп, жұмыстың жеңіл әрі шығынды көп талап етпейтін жағын ұсынады. Демек, салынатын ғимарат сәулетшінің емес, тендерді жеңіп алушының ойымен жүзеге асады. Қазір кейде сәулетшілер «мына ғимаратты мен салдым» деп айтуға ұялады. Неге десеңіз, ол өзінің шығармашылық мақсатына жеткен жоқ, өз жұмысынан ләззат ала алған жоқ. Көңілі толмайды. Ол жерде тек тапсырыс берушінің ғана талабы орындалады. Бұдан кейін кәсіби архитектура туралы не айтуға болады?! Сәулетшілер де – адам, олар да бала-шаға бағуы керек. Сондықтан олар осылай етуге мәжбүр.
– Елімізде бой көтерген тұрғын үйлер ірі жер сілкінісіне төтеп бере ала ма?
– Бұған мен нақты жауап бере алмаймын. Бұл саланың өз мамандары бар. Әрине, Кеңес үкіметі тұсында бой көтерген нысандар өте берік салынды. Ол кезде талап күшті болатын. Бірақ олардың арасында да тым ескі, саманнан, ағаштан салынған үйлер бар емес пе?! Оларды мен зілзала кезінде шыдас береді деп айта алмаймын. Сол секілді Тәуелсіздік алғаннан кейін жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған құрылыс компанияларының асығыс салған ғимараттары жер сілкінісіне төтеп бере алады деп айту қиын. Әрине, арасында жақсы салынғандары бар шығар, бірақ кейбіреуінің ірі зілзала болмай-ақ, қатты желде шатыры қирап қалып жатқанын көріп жүрміз. Қазір жаңа үйлерді тексеруден өткізіп барып, пайдалануға беріп жатыр. Енді сенгеннен басқа, не істей аламыз?
– Кезінде әл-Фараби даңғылынан жоғары қарай бес қабаттан биік ғимараттар салуға болмайды деген шешім шыққан болатын. Алайда қазір оны ешкім ескеріп отырған жоқ. Бүгінде онда 9-12 қабатты ғимараттар тұрғызылып жатыр. Бұл ертеңгі күні қауіпсіздігімізге нұқсан келтірмей ме?
– Әл-Фарабиден жоғары қарай тым биік ғимараттар салуға болмайды деген өте дұрыс шешім еді. Бұл тек қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін сақтау үшін ғана емес, сондай-ақ таудан есетін саф таза ауа қалаға еркін кіреді және асқақ тау шыңдарының тамаша көріністері бұрынғыдан да анық көрінетін болады деген жақсы ойдан туған еді. Іле Алатауы мен Тянь-Шань тауы – Алматы қаласы үшін үлкен мақтаныш. Тіпті осынау брендіміздің бізге экономикалық пайда түсіретінін де айтпай кетуге болмас. Сейсмика мен қала құрылысы нормаларына жүрдім-бардым қарауға әсте болмайды. Оның зардабы ауыр болмақ. Бізде «болмайды» деген сөз көп айтылғанымен, ол ескеріліп жатқан жоқ. Айтылған сөз далаға кетеді. Бұл – халықтың қауіпсіздігін ойламай, тиынның сылдырына ауып кеткендіктің белгісі. Егер біз керемет мығым мемлекет құрамыз десек, өркениетті елдермен бәсекеге түсеміз десек, онда ең бірінші қоғамның қауіпсіздігін ойлауымыз керек. Егер халықтың жағдайы жақсы болса, көңілі көтеріңкі болса, шенеуніктердің де, бизнесмендердің де ісі алға басады. Ал халық жұпыны болса, бақытсыз болса, жасқаншақ болса, ол барлық салаға әсер етеді. Бизнесмендердің де, шенеуніктердің де тасы өрге домаламайды.
– Үлкен қалаларда бой көтерген ғимараттарда ұлттық нақыштың болуы жайлы Үкімет деңгейінде мәселе көтерілген болатын. Қазір кей ғимараттардың сырты ұлттық оюлармен көмкеріліп тұр. Мұны архитектурадағы ұлттық нақыш деп қарауға бола ма?
– Негізі, «қандай ғимарат болсын ұлттық нақышта салынуы керек» деген мәселе үкіметтік деңгейде көтерілген. Кез келген ел өзінің ерекшелігін көрсететін сәулет өнері болғанын қалайды. Ұлттық архитектура – бұл үлкен ғылыми мәселе. Қандай да болсын бой көтерген ғимараттар жергілікті халықтың тарихынан, мәдениетінен, рухани құндылықтарынан сыр шертіп тұруы керек. Алайда кейбір жоба жасаушылар ғимаратты киіз үйге ұқсатып, ою-өрнекті салып, осы ұлттық нақыш деп жатады. Бұл дұрыс емес. Егер ұлттық нақышта жасаймыз ба, онда ертеңгі күні ұятқа қалмайтындай етіп жасауымыз керек. Біздің академияға шетелдің архитекторлары көп келеді. Оларға қаланы аралатқанда кейде ыңғайсызданамын. Кейбір күмбезді ғимараттар қарапайымдық пен формальдылықты ғана көрсетеді. Мен оны кәсіби сәулеткерлік деп есептемеймін.
1928-30 жылдары Алматыда М.Гинзбург деген белгілі сәулетші Үкімет үйін (қазіргі Жүргенов атындағы Өнер академиясын) салған кезде оның сыртқы архитектурасын еуропалық стильге негіздегенімен, ішкі құрылымын шығыстық шырайда жасап шықты. Демек, Батыс пен ұлттық құндылықтарды бір-бірінен алшақтатпай, жаңа заманауи негізге көшкенімен, жергілікті аймақтың кеңістіктік философиясын енгізе алды. Ол – қазірге дейін көпшілікке үлгі. Сондықтан ғимараттың үстіне күмбез қойып, елді алдарқатудың керегі жоқ. Осыны академияда білім алып жатқан студенттер жете түсінсе, ертең олар басқаларға еліктемей, ғимарат саларда жергілікті жердің философиясы мен тарихын ескеретін болады.
– Мүмкін, ұлттық нақышты ескеру үшін сәулеткерлік туралы заңға «кез келген ғимаратты саларда оның ұлттық колориті болуы тиіс» дейтін арнайы бап енгізуіміз керек шығар?
– Өңірлік колорит өзіне ұлттық сәулет өнерін қосады деп айтар едім. Бірақ нұсқаулы амалдармен халықтың талап-тілегіне сәйкес болатын сәулет шығуы мүмкін емес. Мен сізге мынаны айтайын. Шетелдерде архитектуралық кеңістіктің қалыптасуына жергілікті халық атсалысып отырады. Мәселен, Германияның Берлин қаласында Кройцберг деген аудан бар. Онда түріктер көп шоғырланған. Сол ауданға қандай нысан салынса да, балалар алаңы болсын, дәріхана болсын, көпір салса да, жергілікті халықпен ақылдасып барып, құрылыс жүргізеді. Тіпті кафе, мешіт, шайхана салынса да, тұрғындардың пікірі ескеріліп отырады. Құрылыс жүргізілерде оған қандай материалдар қолдану керектігіне дейін араласып отырады. Осылайша, аудан тұрғындары өздерінің ойы мен дауысы жергілікті биліктің маңызды шешімдері кезінде ескерілетіндігін біледі. 90-жылдардың басында «біз де осылай жасайық» деп алматылық қала құрылысшылары жоба жасап еді. Атырау облысы Жылыой ауданы Жаңа Қаратон поселкесінің жобасын жергілікті тұрғындармен ақылдасып шешкен болатынбыз. Алайда Кеңес Одағы ыдырап, тамаша басталған жобамыздың арты аяқсыз қалды. Егер Үкімет қолдау білдірсе, осы идеяны әлі де жалғастыруға болады.
– Қазір мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің, тіпті жаңадан бой көтерген әлеуметтік нысандар — балабақша мен мектеп, ауруханалардың басым көпшілігінің сапасыз екендігі жөнінде сыни пікірлер көптеп айтылуда. Осы саланың маманы ретінде бұған не дер едіңіз?
– Мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер болсын, әлеуметтік нысандар болсын, ешқайсысына көңілім толмайды. Осы саланың маманы болғаннан кейін олардың қалай тұрғызылғанына назар аударып отырамын. Абай көшесінің бойымен келе жатсаңыз, 12 қабатты үйдің үстіндегі алюкобондтың құлап жатқанын көресіз. Ол жер үңірейіп тесік болып тұр. Сапасыз материалдармен салынғандығы көзге көрініп тұрады. Германия, Қытайға барсаңыз, ондағы ғимараттарға таза табиғи материалдарды пайдаланғанын көресіз. Күйдірілген тас, граниттен салады. Әрине, олар мықты болады. Мен шетке шыққанда міндетті түрде ол жақтың архитектурасына назар аударамын. Қолымнен келгенше жаңа салынған ғимараттарға барып, арнайы қолмен ұстап көремін. Тәнті боламын. Олар оған қалай жетті? Демек, онда бақылау күшті жүргізіледі. Ол жоба жасаған адамға байланысты емес. Тапсырыс берушінің қандай материалды қолданып, сапалы жүргізгендігіне байланысты. Бетон құйылмай жатып, арматуралар дұрыс байланды ма – оның барлығын бақылаушы мамандар жіті қадағалауы керек. Ал бізде сапа емес, ақшаны ертерек жинап, үйді тез сатуға асығып тұрады.
– Қазір Алматыда шыны ғимараттар салу белең алып барады. Бұған не айтасыз? Жер сілкіне қалса, адамдарға қауіп төндірмей ме?
– Әрине, шыны ғимараттар әдемі, тартымды көрінеді. Оған талас жоқ. Оның да өзіндік технологиялық игіліктері бар. Бұл шыны сынатын болса, ол ортасынан бөлініп кетпейді. Бірден ұсақталып кетеді. Оның адамдар үшін қаупі аз. Бірақ шыны ғимараттар қанша көрікті көрінгенімен, төзімділігі нашар болады. Мәселен, кез келген ғимараттың желдеткіші болып, ауасы таза, аурасы керемет болуы керек. Осындай шыны ғимараттардың бірінде жұмыс істейтін танысым «жұмыста тұншығып кетеміз» дейді. Сондықтан мен де елімізде шыны ғимараттардың көптеп салынуын құптай қоймаймын.
– Бүгінде көп қабатты үйлердің бірінші қабатын түрлі қызмет салалары нүктелеріне айналдыру көбейіп келеді. Бұл жөнінде не дейсіз?
– Негізі, қандай ғимарат салынса да, ол бастапқы жобасынан айнымауы тиіс. Егер сәулетші астыңғы қабатын о баста сауда орындарына лайықтап салса, онда ол сауда нүктесіне айналуы керек. Ал оны сауда емес, тұрғын үйге лайықтап салып, кейіннен ол жобаны бұзып, сауда нүктесіне лайықтаса, ол үлкен қауіп тудырады. Яғни пәтердің қабырғасын бұзып, есік ашуға немесе т.б. құрылыс жүргізуге болмайды, ертеңгі күні тұтастай үйге нұқсан келуі мүмкін. Өйткені ғимарат тұрғызылар кезде оның барлығы есеппен салынады. Ал қабырға қалай болса солай бұзылса, ертеңгі күні оған салмақ түсіп, үй сейсмикалық қауіпсіздігін жоғалтады. Демек, бір пәтердің қабырғасы негізсіз бұзылды деген сөз тұтастай үйдің қирауына әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан бұл жағынан қатаң бақылау жүргізу керек. Ақша табу үшін құрылыс нормаларын бұзуды қылмыс деп санау керек.
– Енді Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы төңірегінде аз-кем әңгіме қозғасақ. Кейбір мамандар «академияда алған теориялық білімнің көп жағдайда тәжірибе жүзінде іске аспай жатуы сәулеткерліктің дамуына тежеу болуда» дейді. Жалпы, жас сәулетшілердің теориялық жағынан емес, тәжірибелік жағынан мықты болуы үшін не істеуіміз керек?
— Ол үшін құрылыс компанияларына отандық кадрларды орналастыруға мемлекет тарапынан талап болуы керек. Біздің академия ректоры Әмірлан Құсайынов мырза жұмысқа кіріскен күннен бастап студенттердің практикасына ерекше ден қойды. Қазір студенттер әр жылдың аяғында бес апта міндетті түрде құрылыс, сәулет компанияларында тәжірибеден өтуі тиіс. Осы ретте біз ірі компаниялармен келісімшартқа отырғанбыз. Қазіргі таңда мұндай 52 компания бар. Барлық шетел компаниялары біздің студенттерді практикаға қуана алады. Біз бірінші курста тәжірибеден қарапайым жұмысшы дайындасақ, уақыт өте келе кәсібилікке үйретеміз.
– Академия түлектеріне сұраныс қандай? Олардың жұмысқа орналасу мәселесі қалай шешімін тауып жатыр?
– Біздің академияны бітірген түлектер жұмыссыз қалмайды. Ол жағын біз үнемі қадағалап отырамыз. Екінші курстан бастап белсенділігі жоғары студенттерді демеушілердің көмегімен шетелдің сәулеткерлік өнерімен танысуы үшін Қытайға, Сауд Арабиясына, Египетке, Германияға, Оңтүстік Кореяға, Испанияға жіберіп тұрамыз. Бізде бітірген түлектер кәсіби шеберлігі жоғары, дайын маман болып шығады. Біз бұған барынша күш саламыз. Оның үстіне біздің студенттер үшінші, төртінші курстан бастап түрлі құрылыс компанияларында жұмыс істей береді. Жыл сайын вакансиялар жәрмеңкесін өткіземіз. Оған еліміздегі түрлі сәулет, құрылыс, дизайн, инженерлік компаниялары қатысып, білікті маман студенттерді таңдап, жұмысқа қабылдайды. Биылғы вакансиялар жәрмеңкесіне 79 компания қатысып, бітіруші мыңға тарта студенттің 400-дейі жұмысқа шақырылды. Ал жалпы біздің бітірушілердің шамамен 95 пайызы жұмыс табады десек те болады.
Алашқа айтар датым...
Сәулет өнері — кез келген мемлекеттің өте маңызды қызмет саласы. Бұл сала халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деп айтуға болады. Сапалы тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, дамыған транспорттық сызба мен инженерлік байланыс, жақсы жабдықталған қалалар мен ауылдар халықтың жақсы жағынан өзгеруіне септігін тигізеді. Тек қана экономикалық дамыған, саяси мықты мемлекет қана өзіне мұндай мүмкіндік бере алады. Әрбір Қазақстан азаматы өз айналасына сүйіспеншілікпен қарауы қажет. Өзі тұрған қала, ауыл, үйінің жайнап тұруына атсалысуы керек. Ал біз кәсіби сәулет өнерін дамытуға тиіспіз. Себебі сәулет өнері мұрагерлерімізге біздің қалай өмір сүргендігімізді көрсетіп тұрады. Адамдар буыны бірін-бірі алмастырып, ұрпаққа өз мәдениетін, өз сәулет өнерін қалдырады.
Ұсыныс
Қазір әлемнің сәулетшілері «енді архитектураның дамуы биік, көп қабатты ғимараттармен өлшенбейді, аласа, тығыз құрылыспен байланысты болады» дегенді алға тартып отыр. Демек, көп қабатты ғимарат салу тиімді құрылыс емес. Әрине, неғұрлым көп қабатты болған сайын оның шаршы метрі арзан болады, құрылыс салушыларға пайда көп түседі. Ал төмен қабатты құрылыс халыққа ыңғайлы болғанымен, қымбатқа түседі. Дегенмен қазақтың жері кең, сондықтан төмен қабатты құрылысты қарқынды етіп, созылуға, жайылуға мүмкіндігіміз бар. Әлбетте, мұндай жағдайда су тарту, құбыр жүргізу, жарықтандыру секілді инженерлік жүйелер қымбатқа түсетіні белгілі. Ендігі міндет: осыны арзандатудың жолдарын қарастыруымыз керек.