Алтай Аманжолов, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Алтай аға, «Күлтегін» ескерткішінде бірде-бір емлелік қатенің кездеспеуі бүгінгі түркітанушы ғалымдарды таңдандырып отыр. Мұның себебін сол кездегі мәтін әзірлеушілердің өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарағандығынан деп түсінуге болатын сияқты.
– Шынымен де, ол кез көне түркі жазуының нормалары қалыптасып, нағыз кемеліне келген шағы болатын. Басқа ескерткіштердегідей емес, Орхон ескерткіштерінің әр жолы түзу тәртіпке бағынған, аса мұқият композициялық шешімі бар, көрер көзге керемет сұлу болып келеді. Ал Енисей т.б. ескерткіштерде орфографиялық қателер ұшырасады. Жолдары қисайып немесе тастың басқа бетіне ауысып кететін кездері болады. Тіпті кейбір әріптер өшіріліп, үстіне жазылған жағдайлары кездеседі. Ал Күлтегінде жағдай мүлдем басқаша. Ережелер осы күнгідегідей қатал сақталған, ерекше тиянақтылықпен жазылған. Әрине, оны жазып отырған өте сауатты, жан-жақты білімді Йоллық тегін (Жолды ханзада) секілді дана адамдар ғой. Олардың сол кездің ең озық технологиясын шебер меңгерген қытай мамандарымен де байланыстары күшті болған. Тастағы жазуларды негізінен, сол қытай мамандарына жаздыртты. Өсиет соңында Білге қағанның өзі «Менің сөзімді бұзбады, жақсы келтірді» деп ризашылығын білдіреді.
– Ал жазу технологиясы қалай болды екен?
– Біз осы кезге дейін жазу тастарға қашалған деп келдік. Сөйтсек, олай емес екен. Мәрмәр тастың беті тегістелген соң, оған жұп-жұқа жібек мата жабылып, түзу сызықтар тартылған секілді. Содан соң тушпен біркелкі етіп жазу жазылған да трафарет қойылып, әріптердің үстіне арнайы улы қышқыл құйылған болуы керек. Сонда тастың өзі жұмсарып, жазудың орны оймақтай боп ойылып қалады екен. Сол заманда осыншалық озық технологияны пайдаланған түркі қағандарына қалай таңданбайсыз?!
– Онда Күлтегін жазуы қашалған емес, ойылған жазу ғой?
– Ойылған жазу. Қытай қазақтары осы жазуларды «ойма жазулар» деп атайды. Кейінгі кезде мен де солай ойма жазу деп қолданып жүрмін. «Надпись» дегеніміз – ойма жазу, жай жазу – сызба жазу болып шығады.
– Демек, осыншалық дамыған емлесі бар көне түркі жазуы бабаларымыздың белсенді қолданыс құралы болды деген сөз бе?
– Сөзсіз. Бұл жазулардың бұрынырақта айтылып жүргендей, тері, ағаш, тас, алтын, күміс бұйымдарында ғана емес, қағазға жазылып қалдырылған фрагменттері де табылып жатыр. Яғни, бұдан көне түркі жазуының барынша дамыған, белсенді түрде қолданылған жазу болғанын байқауға болады. Бұл жазудың тағы бір ерекшелігі – курсив қалыпқа түспеген, яғни әріптер жеке-жеке баспа түрінде сақталған.
– Мектеп бағдарламасына руникалық жазуды үйретуді енгізуге болар ма еді? Жалпы, көне түркі жазуының қазіргі заман тіліне икемділігі қандай, оны танытудағы мақсат не?
– Көне түркі жазуы – ата-бабаларымыздың ежелгі қазынасы. Мәдениет тарихын ұғу үшін, әлбетте, оны әрбір сауатты адам білуі керек. Бұрынырақта бір жылдан астам уақыт Түркияда жұмыс істедім, сонда байқағаным, олар балаларына бастауыш сыныптан бастап осы көне жазуды үйретеді екен. Кәдімгідей сауат ашып, қазіргі жазуымен қатар оқытылады.
Бір қуанарлығы, бізде де орта мектеп бағдарламасының жоғарғы сыныптарына арналған жаңа буын оқулықтарына көне түркі тілі, түркі халықтары туралы мәліметтер еніп отыр. Ата-бабаларының озық мәдениеті болғанын, надан болмағанын, жас ұрпақтың санасына сіңіруге, жүрегіндегі ұлттық намысты оятуға мұның пайдасы ұшан-теңіз.
– Көне түркі жазуы сияқты бір кезде көне грек, латын жазуы да оңнан солға қарай жазылып, кейін реформаға ұшыраған екен. Осы әліпбилерде бір-біріне өте ұқсас таңбалар көп кездеседі. Жалпы, бұл арада бір байланыс бар ма?
– Әрине, байланыс бар. Латын алфавиті өзіне дейінгі ертедегі финикий, көне грек алфавиттері негізінде пайда болды. Дұрыс айтасыз, грек алфавиті ең алғашында оңнан солға қарай жазылған. Ескендір патша заманынан бастап, яғни б.з.д. ІІІ ғасырдан кейін солдан оңға қарай жазыла бастады. Осы кезде бір жолы оңнан солға қарай, екінші жолы солдан оңға қарай жазылатын «бустрофедон» деген бір қызық жазу үлгісі де пайда болды. Ал енді оңнан солға қарай жазудың артықшылығы – сіз алдындағы бос жолды қолмен жаппай, еркін көріп отырасыз. Әрі бұл оң қолдың табиғи қабілетіне сай, өте ыңғайлы ғой. Көне түркі жазуы негізінен, осылайша оңнан солға қарай жазылды, бірақ Енисей өзенінің бойындағы бірен-саран ескерткіштерде, керісінше, солдан оңға қарай жазылатын нұсқалары да кездеседі.
Көне түркі жазуы ең алғашқы алфавиттермен тікелей байланысы бар және ол көне финикий, грек жазуымен аталас. Оның жұмбағы толық шешілген кезде дүниежүзіндегі алғашқы алфавиттің пайда болу проблемасы шешіледі. Сол жұмбақтың кілті осы түркі жазуында тұр деп ойлаймын. Өкінішке қарай, ол – қазірше ашық мәселе.
Түркі әріптерінің негізі идеограммадан, яғни, ұғым жазуынан пайда болған. Мәселен, «б», «ғ», «й» таңбалары о баста «Бел»
Демек, көне түркі алфавиті басқа барлық алфавиттерге негіз болған деген тұжырымға келуге болады. Америкаға кетіп қалған ресейлік Виталий Шеворошкин деген атақты бір ғалым кезінде маған: «Алтай, сенің осы тұжырымың алфавит проблемасына сәуле түсіретін шығар», – деген пікір айтқан еді. Кейінгі кезде осы гипотеза шындыққа айналып келе жатқандай.
– Сіз қазақ тарихын бір кісідей білетін адамсыз. Біздің ұлт әу бастан-ақ үлкен халықтардың ықпалында келе жатыр. Мысалы, Күлтегін ескерткішінің бір беті сол кездің өзінде қытайша жазылса, қазіргі тіліміз орысшаның тасасынан әрең сығалап тұр. Бұл түркілердің маңдайына жазылған сор ма сонда? Ықылым заманнан бері ықылықша жабысып келе жатқан осы бір әлеуметтік құбылыстан қалай құтылуға болады? Бәлкім, Шәкәрім айтпақшы, «құбылған дүние жарысы – ақылды жанның табысы» ма екен?
– Білге қаған, Күлтегін ескерткішінде «түркі бекзадалары қытайша ат қойып, қытай мәдениетіне еліктеп кетті» деп қынжыла жазады. 6-8 ғасырларда будда дінін қабылдаған түркілер де болды. Былайша қарасаңыз, адам мен адам араласатыны сияқты, халық пен халық та қарым-қатынасқа түспей тұра алмайды ғой. Бір жағынан соғысса, екінші жағынан қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы боп жатты. Неге Таң династиясы императорларының көбі түркінің жиендері болды? Дана Тұнйұқұқ та заманында қытай тілі мен жазуын жетік білгендігін айтады. Демек, ол кездің тарихи жағдайы солай-тұғын. Күлтегін ескерткішінің түркіше мәтінінде қытаймен соғысып, қан төгіскені баяндалады, ұрпақтарына дұшпаннан сақтану керектігі өсиет етіледі. Ал соның қытайша бетінде, керісінше, «байланысымыз жақсы» деп, соғыс туралы бір сөз айтылмайды. Бұл да – үлкен саясат. Көршілерден мүлдем бөлініп, жеке кетіп қалу мүмкін емес. Сол үшін әлбетте, өз тілің мен әдет-ғұрпыңа айрықша берік болған жөн. Сол жағына күш жұмсау керек. Ежелден көрші болған соң, татуласып та, соғысып та жүрдік. Жаратылыста бір заңдылық бар. Империялар қашан да төңірегіндегі аз халықтарды жұтып қойғысы келеді. Соған жұтылмау керек. Ол деген сөз – алдымен өз ішіміздегі бірлігіміз бекем болуы керек. Күлтегінде айтылған даналық сөздерден ғибрат алу керек. Тарихтан білесіз, қазіргі Қытайдың астанасы – Бейжің, Ордос ежелден түркілердің жері еді ғой. Қытайлар оңтүстігінде ғана болатын. Олардың құрамына қаншама түркілер, моңғолдар, манчжурлар т.б. халықтар сіңіп кетті! Орхон ескерткіштерінде қытайлықтарды «табғач» деп атайды. Табғаш деген бір кезде қытайды билеген түркітілдес тайпа болған. Қытай тарихында ежелгі Хан династиясы мен кейінгі Миң әулеті тұсында ғана болмаса, басқа кезде оларды түркілер, моңғолдар мен тұңғыс-манчжурлар т.б. халықтар басқарып келді. Бірақ арада бір ғасыр салып, солардың бәрі қытайланып кетіп отырды.
– Егер түріктер Күлтегін, Тұнйұқұқ армандаған бүтіндікте болса, жан саны жағынан дүниежүзінде үнді-еуропалықтардан кейінгі екінші орынға шығып, өзгелерді өзімен санасуға мәжбүр етер еді ғой. Ал бұл олардың ұшы-қиырсыз жеріне тамсанып, бірлігіне қызғанышпен қараған сыртқы күштерге тиімсіз болды. Сондықтан олар әр түрлі жымысқы әрекетпен мыңдаған жыл бойы өмір сүріп келген жауынгер халықты әр түрлі ұлыстарға бөліп жіберді. Нәтижесінде, Ұлы түркі қағанаты бүгін тәуелдісі бар, тәуелсізі бар елу шақты халыққа ыдырап кетті... Осы халықтарды енді ең болмағанда мәдени-рухани жақтан қайта біріктіру мүмкін бе?
– Қайталап айтқым келеді, ең алдымен, қазақтың өзінде бірлік болуы керек. Егер ішімізден жүзге, руға, сектаға бөлініп жатсақ, түркітектес елу шақты емес, одан да көп бытыраңқы халық боп шыға келмейміз бе? Алдымен қазақтың өзінде бірлік болу керек, содан соң түркі халықтарының бауырмалдығы қажет. Империялар түркі халықтарының саяси күшке айналып, бірігіп кеткенін онша жақтырмайды. Сондықтан да ылғи қырағы көзбен қадағалап отырады. Көршілерімізге қараңыз, жекелеген саясаткерлердің сауатсыздығына бүкіл халық болып жауап беріп жатыр. Түркілердің бірлігін көре алмаушылар бұрын қалай болса, қазір де солай, бар. Ал рухани-мәдени бірлікке ұмтылыс жасап жатқан азаматтар мен ұйымдар баршылық. Мәселен, Дүйсен Қасейінов басқарып отырған «Түріксой», Ерлан Сайыровтың жетекшілігіндегі Мәдени саясат және өнертану институты жасап жүрген халықаралық шараларға көп жағдайда көңілім толып жүреді. «ХХІ ғасыр түркілердің ғасыры болады» деп айтылып жүр. Ендеше біздің өркендеу, құлпыру, даму ғасырымыз келе жатыр деген сөз. Бұл бір жақсы арманды кейде жап-жақын көршілеріміз түсінбейтіндей көрінеді. Мәселен, мына Өзбекстан билігінің ұстанымы түсініксіз болып тұр. Естуімше, Орталық Азия одағын құру идеясын да қолдаусыз қалдырған көрінеді. Бұл да болса, бір берекесіздік. Ал Түркияға қарасаң, «бізді – атажұрт, өздерін – анажұртпыз» деп құшақ жайып, құрақ ұшып жатады. Шіркін, түркі мемлекеттерінің бір мүддеге жұмылып өмір сүретін күні болар ма екен?.. Бұл – мен үшін де үлкен арман.
– Түрік сөзінің мағынасы туралы әркім әр түрлі болжам айтады. Ғылыми көзқарастар орнығып болды ма?
– Түрік сөзінің этимологиясы жөнінде көптеген ғалымдар қызу пікір таластырады. Түбірі түрік, түргүн боп келетін бұл атаудың негізгі мағынасы «бас», «басшы» деген ұғымдармен сәйкес келеді. Махмұт Қашқари түрк куйаш өді – «күннің ең биікке көтерілген кезі», түрк иігіт – «кемелденген, ірі, сақа, басшы жігіт» деген мағына береді деп жазған. Демек, түрік деген – «басқарушы», «басшы» деген сөзбен ұғымдас.
– «Төр» сөзімен байланысы бар ма?
– Байланысы жоқ. Оны А.Н.Кононов бір кезде айтқан. Көне түркі тілінде «ө» мен «ү» дыбыстары алмаспайды. «Төр» сөзі «түр» болып ешқашан да өзгеріп кете алмайды.
– Алтай аға, көне түркілерде кездесетін жер-су атаулары, әскери терминдер, тұрмыстық атаулар, кісі аттары бүгінгі қазақ тілінде қаншалықты сақталған?
– Жуырда Қытайдан табылған «Шипагерлік баян» атты ХV ғасырдың ғажап ескерткіші көне түркі тілі мен қазіргі қазақ тілінің ортасындағы көпір іспетті. Бұл ғылым үшін үлкен жаңалық болып отыр. Шығарма авторы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы Жәнібек ханның замандасы болған кісі. Хан тапсырмасымен қазақтың медициналық ілімін кітап етіп жазып, мұрагерлеріне қалдырып кетеді. Бұл – бірнеше ғасыр бойы аса құпия сақталып келген медициналық энциклопедия. Қаншама терминдер, атаулар қазақта медицина ғылымының керемет жоғары деңгейде дамығанын дәлелдейді. Өтейбойдақтың данышпандығы сол, өзіне дейінгі ибн-Сина, әл-Фараби еңбектерін атай отырып, өз тарапынан жаңа дәрілер мен рецепттер жазып қалдырады. Атышулы «мәдени төңкеріс» кезінде шолақ белсенділер қолжазба сақтаулы тұрған үйдің астаң-кестеңін шығарып, кітапты отқа тастайды. Бірақ ұрпақтарының бірі жәдігерді өртеніп жатқан жерінен аман алып қалған екен. Ал еңбектің үштен екісі жанып кеткен деседі. Соның өзінде қолда бар жазбада қазақ тарихы мен танымына қатысты құнды мәліметтер телегей-теңіз. Көптеген сөздердің сырына осы кітаптан жауап табуға болады.
– Ендеше «Шипагерлік баян» сынды Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бабамыздың осынша құнды мұрасын зерттеп жатқан адам бар ма?
– Зерттелу үстінде. Кітап ескі қазақ тілінде жазылған. Тұспалды атаулар, табу, эвфемизм, жаңадан сөз шығару секілді құбылыстар өте көп. Бәлкім, басқа біреу түсініп қоймау үшін ғұлама ғалым көп әңгімені құпиялап жазған болуы да мүмкін. Оны жинақтап, кириллицаға аудартып, жұртшылық назарына алғаш ұсынушы – Дүкен Мәсімхан бауырымыз. Осы ескерткіштен қазақ тіліне тән біршама аймақтық ерекшеліктерді байқауға болады. Оңтүстік диалектісінің ықпалы басым. Мысалы, «аңғарлы» – аңдайтын, байқайтын, «арулау» – тазалау, «құндыкер» – айыпкер, жазалы адам, «чаңғарақ» – шаңырақ т.б. Сонымен қатар мұнда қазақ тілінің батыс диалектісі элементтері де бар: «мекіре», «тілкім», «шілде қотыр» т.б. Бұл еңбек тіліміздің даму проблемасын зерттеуде таптырмас құрал, көне дәуірге жетелейтін желкенді кеме секілді.
– Еврейлер өздерінің алтыбұрышты жұлдызын қай жерге болса да тықпалап жүреді. Ал түркілік нышандар (символдар) туралы не білеміз? Қас таңба, сегізбұрыш, көк, сары түстер шынымен көне түркінікі екені рас па?
– 60-жылдары профессор Черников бастаған Шығыс Қазақстан экспедициясы Күршім ауданынан сегіз шапақты күн бейнесі бар тас қалып тапқан. Бұл – осыдан 35 ғасыр, яғни үш жарым мың жыл бұрынғы нанымдық жәдігер. Тәңіршілдік діни сенімінің басты белгілерінің бірі. Күн сәулелі сегізбұрыш кейін будда, ислам діндерінде де көрініс береді. Жалпы, сегіз саны түркілер үшін қасиетті сан болған. Бұл өрнекке қарасаң, күн жүйесіне қатты ұқсайды. Ортада – күн, айнала қоршап сегіз планета тұр. Ғылымда Күн жүйесінде сегіз планета бар деп саналып келді, тек өткен ғасырдың басында ғана астрономдарымыз тоғызыншы планетаны тапқан болатын. Соңғы жылдардағы зерттеуге қарасақ, сол тоғызыншы планета планета болмай шығыпты, ғалымдар қателескен екен.
– Кейінгі кезде әр жерден бір нәрсе оқып алып, өзін түркітанушы ретінде көрсеткісі келетіндер көбейіп кеткен сияқты. Бабалардың дүниетанымын бұрмалап немесе бояуын қоюлатып алып, басы қатып жүргендер де бар. Әсіресе, Тәңіршілдік дініне немесе Тәңірі дініне қарсылар да, жақтаушылар да көбейіп келеді.
– Мұның бәрі де аталарымыздың таным-түсінігі ғой. Кезінде түркі даласына келген будда, христиан, мұсылман дін таратушылары ең алдымен сол Тәңіршілдіктің қағидаларын өз уағыздарына шебер пайдаланып отырды. Өйтпесе, үлкен қарсылыққа ұшырайтындарын білген еді. Бұл туралы татар, түркі, қырғыз ғалымдары көлемді еңбектер жазып жүр. Заман жылжи келе халқымыздың таңдауы бүгінгі мұсылман дініне түсті. Ендеше біз де осы жолды ұстануымыз керек. Ал түркілерде әруаққа сыйыну, әруақты сыйлау, оған құрмет көрсету – ежелден бар құбылыс. Сондықтан ешқандай ғұлама оны терістеуді құп көрмеген. Және бұл тек түркілерде ғана емес, әлемнің басқа ірі халықтарында әлі күнге дейін бар. Өкінішке қарай, кейінгі кезде мұны жоққа шығарғысы келетіндер де шығып жүр. Жалпы, қазақ халқында фанатизм болмаған. Оның керегі де жоқ. Қазақ халқы жер бетіндегі басқа халықтардан ең бірінші кезекте сонысымен де ерекше. Және түркологияны зерттеуді, менің ойымша, фанатизммен шатастырып алудың қажеті жоқ. Ислам діні мен Тәңіршілдікті бір-біріне қарсы қойып ешкім абырой таппайды. Мәңгілік түркі дүниесі – шексіз де шұрайлы, қуатты да нәзік, ерекше ғажап әлем.
– Әңгімеңізге рақмет!
Алашқа айтар датым...
...ең алдымен қазақтың өзінде бірлік болуы керек. Егер ішімізден жүзге, руға, сектаға бөлініп жатсақ, түркітектес елу шақты емес, одан да көп бытыраңқы халық боп шыға келмейміз бе? Алдымен қазақтың өзінде бірлік болу керек, содан соң түркі халықтарының бауырмалдығы қажет. Империялар түркі халықтарының саяси күшке айналып, бірігіп кеткенін онша жақтырмайды. Сондықтан да ылғи қырағы көзбен қадағалап отырады. Көршілерімізге қараңыз, жекелеген саясаткерлердің сауатсыздығына бүкіл халық болып жауап беріп жатыр. Түркілердің бірлігін көре алмаушылар бұрын қалай болса, қазір де солай, бар.
Сөз арасында
Марқұм Жағда Бабалықұлы ақсақал: «Ертеректе Нарынқолмен шекаралас Қытайдың Құлжа аймағындағы бір сайдан белгісіз жазулар көрдім», – деп еді. Сол әлі бар ма екен? Соны бір көрсем ғой деп армандаймын. Құлжаның орталық музейінде тұрған бір құманның түбінде де руникалық жазу бар деп естідім. Алтайдың Сарысүмбе қаласындағы Мәдениет үйінің алдындағы бір тас мүсінде көне жазу бар екен. Осы сияқты жазулар көрші ел тарапынан да зерттелсе, жақсы болар еді.