Иманжүсіп деген тегімізді түгендемек түгіл, әкем Николай, мен Раиса болып ғұмыр кештік

Иманжүсіп деген тегімізді түгендемек түгіл, әкем  Николай, мен Раиса болып ғұмыр кештік

Раушан ИМАНЖҮСІП,  Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті философия кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымының кандидаты, білім беру ісінің үздігі:

– Раушан апай, алғаш Қазақ радиосынан «Алқа» деген бағдарламаңызды тыңдағанда, Иманжүсіп деген тегіңіз құлаққа ерекше естілген. Шынында да, «сол бір түнде сегіз қызды алып қашқан»,  Ақан, Біржандардан қалған соңғы серілердің тұяғы Иманжүсіптің ұрпағы ма екен?» деген таңғалыс тудырғаны рас. Бүгін осы көкейдегі сұрағымды өзіңізге тікелей қояйыншы...

– Рас, қазаққа аты мәшһүр  Иманжүсіп Құтпановтың немересі алдыңызда отыр. Бір сіз ғана емес, көпшіліктің таңырқай сұрайтындайы бар, біздің өз тегімізді жасырмай, ашық айта бастағанымызға көп бола қойған жоқ. Себебі кім екенімізді өзіміз де енді танып жатырмыз ғой. Әйтпесе... Әулетіміздің арғы тарихы, атамыздың жазықсыз жазаланғаны жайлы әкем бертінге дейін бізге тіс жарып айтқан емес. Тіпті мен жиырма жасқа дейін өзімді кәдімгі орыс деп сезіндім. Атым да таза орысша Раиса Николаевна болды. Бізді осындай тағдыр кешуге мәжбүр еткен – сол баяғы атамыз Иманжүсіпті «халық жауы» деп атып тастаған солақай саясат. Бірақ қанша жерден Николай атандырғанмен, әкемді қазақы қалпынан ешкім айыра алған жоқ. Сол кісі ғана шыр-пыры шығып, «орыс ойына келгенін істейді, қызым, олар сияқты болма» деп жүретін. Бірақ мен оның мәнісін ұқпайтынмын. Алайда бала көңіл түкпірінде «Неге әкем қанша тер төгіп жұмыс істесе де, бірде-бір ордені жоқ?» деген сұрақ тұратын. Соғыста да сержанттықтан еш көтермеген. Сөйтсем, аяғынан шалатын да тұратын сол «халық жауының баласы» деген жаласы екен ғой. Мысалы, ол кісі соғыстан келе сала 1946 жылы Баянауылда тергеуші болып жұмысқа орналасқан. Өзі партия мүшесі, жас, коммунист, соғыс ардагері, техникум бітірген жоғары білімі бар бола тұра, бір-ақ күнде жұмыс істеп жүрген жерінен басқа жаққа ауыстырған да жіберген. Неге десеңіз,  «Халық жауының» баласы бізді қалай тергейді?» деген домалақ арыз түскен. Сөйтіп, сол тепкімен Қарағандының Қарқаралы деген жерінен бір-ақ шыққан.

– Әкеңіз өз әкесін, яғни Иманжүсіпті соңғы рет қашан көрген? Жалпы, ол ес білетін шағы ма екен?

– Он жасында болса керек, «Қой бағып жүр едім, маған «әй, Нұрхан, мен балаларға тамақ апаруға стансыға кетіп барам, біраздан кейін келем, күт» деді», – дейді. Алайда содан өмірінің соңына дейін әкесін күтумен өтіпті. Осындай көп нәрселерді әкем көңілі соққан сәттерде айтып отыратын, бірақ оның бірін есте сақтасақ, бірін ұмытып үлгеретін болған соң, бір күні: «Әке, міне – қалам, міне – қағаз, сіз осы айтқандарыңыздың басын қосып жазып беріңізші, мен уақытым болғанда оқиын», – дедім. Соным өте дұрыс болған екен, себебі кейін әкем өмірден өткен соң, әлгі дәптер маған көп нәрсені білуге, түсінуге сеп болды. Біздің барлық тарихымыз, тағдыр тауқыметіміз сол дәптерді ашқанда, сөйлеп сала берді. Соны оқып отырсам, Иманжүсіп атамызды алып кеткеннен кейінгі оқиға былай өрбіпті: сол кеткеннен кейін түні бойы әкесі жоқ, таңертең милиция келіпті де, үн-түнсіз мал-мүліктерін тәркілеуге кірісіп кетіпті. Екі киіз үйдің біреуін,  жайылып жүрген малын алдарына салып алып кеткен суыт жүрісті, суық жүзді шабармандардың ісіне аң-таң болған күйі бұлар қала берген. Атамыздың жас әйелі сол сәтте түйіншегін түйіп алып, қаша жөнелген де, менің әкем Күлхадиша, Ұлбибі, Күлзағипа атты 8, 6, 4 жастағы үш қарындасымен бірге қалып қойыпты. Әкемнен үлкен екі ағасы Сейітхан мен Дәулетхан «тәтемізді (әкелерін солай атаса керек – авт.) барып көрейік» деп қазіргі Тараз вокзалының қасындағы бір қабатты милиция учаскесіне барса, қамауға алынған өңшең әкесіндей кісілерді көріпті. Ішінен әкелерін таппай «тәте, тәте» деп айғайлай берген ғой. Сөйтсе, сәлден кейін алыстан Иманжүсіп атамыздың «менен күдер үзіңдер, мен сендер үшін жоқпын» деген даусын естиді. Содан кейін балалар естімей қалады деді ме, соңыңда «Нұрханды оқытыңдар» деп үш рет айқайласа керек. Сонымен, соңғы рет «қош» деген сөзін естіп, үйге қайтып келе жатқан беттерінде әлгі ұлдарын да ұстап алып, қамауға алған ғой. Осылайша, әкем небары он жасында Бөріқазған деген жерде үш қарындасына бас-көз болып қала беріпті. Әне күтеді, міне күтеді, кеткендер келмейді, әйтеуір, бір күні көршілері: «Енді өз күндеріңді өздерің көріңдер, әкелерің де, ағаларың да келмейтінге ұқсайды», – депті. Содан бастап жетімдіктің қамытын киген әкем таңертең бір түйеге өзі отырады, екінші түйені жетектеп үлкендермен бірге сексеуіл шабуға барады. Таң қылаң бергеннен қас қарайғанша бел жазбастан отын жинайды екен де, Қосқұдық деген жерге апарып өткізіп, содан алған аз ғана азығына үш қарындасын асырапты. Әкем он жасар демесең, өте үлкен, денелі және күшті болды. Қойшы, әйтеуір, солай үш ай сырғып өте шығады, үш айдан кейін екі үлкен ағасы келеді. Ақы алу дегенді білмей, жұмыс істей берген әкемнің тиесілі ақшасын алуға сол кісілер барса, бір қап ақша мен екі қап тары беріпті. Соған олар әкемді Ташкентке апарып, балалар үйіне тапсырады. Себебі әкелерінің соңғы өсиеті «Нұрханды оқыт» болды емес пе? Басқаша оқытуға шамалары жоқ. Ал үш қарындасын Ташкенттен ары Ташбөрі деген жерге апарады. Ол жерде Қазақстаннан қашып кеткен қазақтар орналасыпты, солардың қолына табыстайды. Әкем балалар үйінде 7-сыныпқа дейін тәрбиеленеді. Одан кейін Әндіжан агротехникумына түседі. Балалар үйінде де, техникумда да әкемде жалғыз ғана төрт болыпты – өзбек тілінен.

– Неге?

– Өйткені өзбектер: «Сен өзбек емессің, сондықтан өзбек тілінен бес ала алмайсың!» – дейді екен ашықтан-ашық. Сөйте тұра, өздері диктантты әкемнен көшіріп алады екен. Техникум бітірген соң, әскерге алынады, сонда жүргенде «соғыс басталды» деген хабар естиді. Ең бір көзіме жас келтіргені әкемнің «Соғысқа барлығын ата-аналары, туыстары шығарып салып жатқанда, мен ғана жалғыз тұрдым. Сол сәтте ғана маған «бұлай өмір сүргенше өлгенім артық» деген ой келді» деген тұсы. Дәптерден осы жерін оқығанда солығымды баса алмай, еңкілдеп жылап алдым. Қайран әкемнің көзі тірісінде қадірін түсінбегеніме өкіндім.

– Әкелеріңіз көз жазып қалған туыстарын іздеді ме, одан хабарыңыз бар ма?

– Ешқайсымызға білдірмей, әкем өмір бойы туысқандарын іздесе керек. Барлық жерге хат жазады, сұрау жібереді. Бірақ жауап жоқ, өзін болса бір жерде тұрақтатпай, әр бес жыл сайын қоныс аудартып отырады. Қарағандының Қаражары, одан Алматы облысының Лепсі ауданынан бір-ақ шығарған, сосын Боралдай, солай кете берген. Бәрі – «туыстар бірін-бірі тауып алмасын» деген кеңестік оңбаған саясаттың салдары! Иманжүсіп тегін түгендемек былай тұрсын, әкем Нұрхан емес, Николай, мен Раиса болып ғұмыр кештік емес пе? 

– Иманжүсіптің ақталғаны туралы қағаз қай уақытта қолға тиді?

– Әкеден он жасында қалған бала 72-дегі шалға айналғанша  Мәскеуге, одан қалса, жергілікті басшыларға жаза берген, әкесінің ақталатын күнінен, әйтеуір, күдер үзбеген. Негізі, 1961 жылы «ешқандай қылмыс жасағаны дәлелденбеген» деген қағаз алған, бірақ ол толық ақталғанға жатпайды екен. Ал 1992 жылы берген қағаз «за отсутствием состава преступления» деген таза кінәсіздігін айғақтайтын құжат еді. Соны күтіп жүргендей, құжат қолға тиісімен әкемнің  сырқаты  сыр бере бастады. Бір күні мені қасына шақырып алды да: «Қызым, менің саған аманатым бар, өзімнің ол істі атқаруға енді қалған ғұмырым жетпейтін секілді», – деп, иегі кемсеңдеп кетті. Ағыл-тегіл жылай отырып, алған аманатымның біріншісі – Иманжүсіпті атқан, яғни оның соңғы демі үзілген жерін, екіншісі оның 1927 жылы Сәкен Сейфуллинмен бірге түскен суретін  табу болды. Осыларды орындасам ғана, өзінің екі дүниеде де риза екендігін білдіріп, менің келісімімді алған әкем көз жұмды. Сол 1992 жылдан бастап кіріскеннен 1996 жылы әрең дегенде атамның ісі қаралған папканы алып, оқуға рұқсат алдым. ҰҚК-ға барғанымда, маған папканы берместен бұрын «бекем болыңыз, не көрсеңіз де, не оқысаңыз да, өзіңізді ұстаңыз, себебі мұнда жазылғандар – өте ауыр дүниелер» деп ескертті де, ешбір терезесі жоқ тар бөлмеге кіргізді. Сонан соң қалың папканы алып келді де, «мынаны оқыңыз, ешкімге айтпаңыз, мынау жай ғана...» деп қолыма бермей парақтап отырып, бір кезде анкетасын алдыма қойды. Басқалардың барлығы көк сияға бас бармақтарын тығып, соның таңбасын қойса, жалғыз ғана менің атам жап-жасыл сиямен арабша өз атын жазып қол қойыпты. Мына қызықты қараңыз, менде кішкентай кезімнен жасыл қарындаш, жасыл сияға деген ерекше құштарлық болды, соның мәнісін өзім ұқпайтынмын. Құжаттағы қолтаңбаны көргенде, бойымды бір ыстық жалын шарпып өтті де, атамды тап сол сәтте атқандай, сол сұмдықты өз көзіммен көргендей, ес-түсімнен айырылдым да қалдым. Айғайлап жылап, кімге екені белгісіз, қарғыс сөздерді бірінен кейін бірін жаудырдым. Қасымдағы өкіл шошып кетіп, мені жұбата алмай әуре. Екі сағаттан кейін сұлқ түсіп, мең-зең күйі үйге қайттым. Бұлаудай боп ісіп кеткен екі көзімді, ондағы соншалықты бір ызғарды көргенде үйдегілердің өзі шошып кетті.

– Әңгіменің басында сіз өзіңіздің таза орысша өскеніңізді, тіпті атыңыздың да орысша болғанын айттыңыз. Сіз содан қалай қазақыландыңыз? Ұлттық рухыңыздың оянуына түрткі болған не нәрсе?

– Жиырма бес жасымда бір оқиға орын алды. Министрліктердің бірінде қызмет істеп жүрген кезім. Надя деген орыс қызы өзінен-өзі маған үйір болды. Екеуміз бір ыдыстан тамақ ішіп, бір нанды бөліп жеп жүргенге мен оны өзіме дос санап жүргем. Бір күні екеуміз кезекті шай үстінде әңгімелесіп отыр едік, түлен түртті ме, ол өзінен-өзі қазақтар жайлы әңгіме қозғай бастады. «Неге қазақтар қалаға келеді осы, ауылда тұра бермей ме?» деп бастады да, бір кезде: «Ты знаешь, почему казахи любят носить вельвет?» демесі бар ма. Аяқ астынан қойылған  сұраққа қайдан жауап таба қояйын, ойланбастан «жоқ» деп басымды шайқадым. Сөйтіп ем, Надя жұлып алғандай: «Чтобы каждая вошка знала свою дорожку», – деді. Сол-сол екен, көзімнің алды қып-қызыл болып, алдымда тұрған үстелді қалай төңкеріп тастап, ананы алқымынан алғанымды білмей қалыппын. Ұрып жатырмын, ұрып жатырмын... (Кейін білдім атам да кезінде намысын келтірген қарсыласының кеңірдегінен ұстап, жұлып алады екен). Содан тапа-тал түсте білдей бір министрліктің асханасында анау-мынау емес, орыстың қызын алқымынан алған мені кім оңдырсын?  Мейлі жұмыстан қусын, партиядан шығарсын, маған бәрібір еді сол сәтте. Қайта бастығымыз қазақ еді, сол кабинетіне шақырып алып, менен мәселенің мәнін сұрады. Жауап орнына манағы Надяның анекдотсымағын айтып беріп ем, ол да дәл мен секілді түтігіп кетті те, «бара бер» деді. Мені жұмыстан шығарған жоқ, бірақ екеумізді екі жаққа бөліп жіберді. Осы оқиға маған үлкен ой салып, өмірлік сабақ болды. Айналаға көзімді ашып қарауға, әкемнің айтқан сөздерін түсінуіме түрткі болды. Мені «орыстарды жек көріп, оларға күш көрсетуден түк шықпайды, одан да қазақтың кім екенін іс жүзінде танытайын» деген намыс қайрады.  Бірінші өзімнен бастап, бір ауыз қазақша сөз түсінбейтін мен кеш те болса қазақылануға көштім ғой. Бір күні Қызылордаға бара жатқанымда пойызға менімен бір орыс әйел мінді. Екеуміз бір купеде болған соң, ұзақ жолда түрлі нәрселер туралы сөз болды. Мәскеуден Байқоңырға келіп тұра бастағанына он жыл толыпты. Әлі күнге қазақтардың қандай халық екенін білмейді, қазақтың тарихы мен мәдениетінен мүлдем бейхабар екендігін айтты. Қазақтардың өзінен сұраса, ешкім ол сұраққа жауап беретін орыс тіліндегі бірде-бір кітапты көрсете алмаған. Соған қарап әлгі әйелде «е-е, қазақ деген әлі күнге сауаттанбаған, өздерінен ешқандай тұлға шығара алмаған халық екен ғой, осы күнгі қазақтар дипломды қоймен сатып алғандар екен ғой» деген ой-пікір қалыптасып үлгеріпті. Содан мен Алматыдан Қызылордаға жеткенше оған қазақтың мәдениеті, тарихы, әдебиеті, ертеде өткен небір тұлғалары жайлы еш тоқтамастан айтумен бардым. Осыдан кейін маған «осы тек орыстар ғана емес, орыстанып кеткен қазақтар да жетерлік қой, әй, мен оларға осыны да айтайын да» деген ой келді. Қазақ әдебиетін бекерге зерттеп жүрмеген болармын деп, 2003 жылы алғаш Қазақ радиосына келдім. «Алқа» деген бағдарлама ашып, жүргізуге ұсыныс білдірдім. Басшылық келісім беретінін, бірақ ақы төлей алмайтындықтарын айтты. Мен: «Жарайды, мен бұл жұмысты тегін-ақ жүргізейін», – деп кірісіп кеттім. Содан әлі күнге «Алқаны» жүргізіп келем. Атауының өзін Мағжанның құрғысы келген ұйымы «Алқа» деп алдым да, алғашқы хабарымды соның шығармашылығынан бастадым. «Әдебиет ешқандай да революцияның емес, өмірдің жаршысы болуы керек!» – деді ол. Сол үшін «кеңестік идеологияға қарсы ұйым құрды» деп айыпталды емес пе? Сосын жыраулар поэзиясы, Махамбет, Абай, Шәкәрім, бүгінгінің тұлғаларына дейін әлі жасап жатырмын.

– Айтпақшы, әке аманаты не болды, орындаған шығарсыз?

– Иә, әрине, бірінші болып атамыздың атылған жерін іздестірдім ғой. Тараздың қазіргі 5-ықшамауданында ескі зират болыпты. Соның оң жағынан үлкен ор қазып, атылғандарды сол жерге апарып тастай берген. «Сол жерге белгі орнатып, бастарына Құран оқитындай жағдай жасалса» деген ұсыныс айтқым келеді. Аруақтардың сүйегін аяқ асты еткен дұрыс емес қой. Тараз әкімдігі ол істі Мойынқұм ауданының мойнына жүктеп отыр. Айтатын дәйектері – «көтеріліс сол жерге қатысты» дейді.

– Атаңыз жайлы алғашқы ізге қалай түстіңіз?

– Ол кісінің атылған жері – Жамбыл облысында 1898 жылдан бері тұрған мемлекеттік мұрағат бар екен. Сол жерде күні-түні отырып, Иманжүсіпті алып кеткеннен кейін жұбайы Зейнеп әжеміздің күйеуінің кінәсіздігін айтып, генерал-губернатордың атына жазған бес хатын тауып алдым. Содан кейін Иманжүсіп жайлы ең алғашқы болып зерттеген жазушы Зейтін Ақышевтың «Шынардың шыбығы» атты кітабы немереге азық болып, ақыры «Тұлпардың ізімен» атты кітап дүниеге келді. Әрине, бірден емес. Оған қаншама уақыт пен күш-жігер жұмсалды дегендей. Алайда мен осы орайда Әбіш Кекілбай ағамыздың азаматтығын ерекше айтар едім. 1997 жылы атам жайлы фильм түсірдік. Әуел басын Әбіш ағадан бастағым келіп, іздеп едік, таппай қойдық. Қанша күн жолын тосып жүріп, ақыры бір күні Конгресс холлда жолығудың сәті түсті. Үлкен бір айтулы шара жүріп жатқан орданың есігінен кіріп барып ем, «жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегендей, Әбіш аға дәл ортада бір өзі ғана тұр екен. Тура жанына қалай жетіп барып, «Армысыз, аға!» дегенімді білмей қалыппын. Маған бұрылып «қай баласың?» дегендей таңырқай қарады. «Аға, мен – Раушанмын, Иманжүсіптің немересімін» деп ем, ол қаққан қазықтай сілейді де қалды. Солай біраз тұрғаннан кейін ұйқыдан оянғандай «Қалай, барсыңдар ма сендер?» деді. Сөйтіп, сол жерде ешқандай дайындықсыз-ақ мүдірмей Иманжүсіп туралы ағылып берді. Біз көктен іздегенімізді жерден тапқандай қуанып, таспаға түсіріп ала қойдық. Сосын Төлен Әбдік біраз нәрсе айтты, одан қалса, атамыздың болмаса да, әкеміздің көзін көргендерді тауып, барлығының басын құрап, бір фильм жасап шықтық. Қазақшасын дайындап, орысшаға да аудардық. Осы тұста бір әттеген-айды айтсаңызшы, біз орысшаға аударып жүргенде, қазақшасының үстінен  телевидениедегілер басқа бір нәрсе жазып тастапты. «Есіл еңбек-ай, далаға кеткен?!» деп сан соқтық та қалдық. Сондай жаны ашымастардың кесірінен бізде фильмнің тек орысшасы сақталып қалды. Сосын Әбіш аға маған атам туралы тапқан-таянғанымның барлығын жазуды тапсырды. Нобайы бұрыннан бар еді, соның бас-аяғын құрап, көпке ұзатпай бітіріп, Әбіш ағаға тағы бардым. Қолмен жазылған, әр жері сызылған шимай-шимай қолжазбамды «мынауың не?» демей, апарған күйде оқуға кірісіп кетті. Галстугын босатып, костюмін шешіп, қара терге түскен үлкен кісіні әуреге салып қойғаныма мен қысылып барамын. Үш сағат уақыт өтті десем, өтірік айтпаған болар ем. Соңғы парағын бітірген кезде алдындағы телефон тұтқасынан әлдебір нөмірді терді де, «Алтеке, менде бір керемет қолжазба бар, басу керек», – деді. Сөйтсем, министрдің өзіне қоңырау шалған екен ғой. Ол да бір ауыз «ләм» деместен. «Қай баспаға ақша аударайық?» – деді. Сөйтіп, сондай адамгершілігі мол ағалардың арқасында Иманжүсіп туралы кітап дүниеге келді. 

– Иманжүсіп жайлы ел аузында неше түрлі аңызға бергісіз әңгімелер қалған ғой. Біріншіден, ол кісінің екі иығына екі кісі міңгізерліктей бойшаң, көрікті болғандығын айтады. Айтыңызшы, ақиқатында ол кісі қандай болған? Әкеңіз ол жайлы не айтушы еді?

– Шынында да, Қараөткелдің бойына Иманжүсіп келді дегенді естігеннен-ақ күллі қыз-келіншек атаулыда тағат қалмай, көруге ұмтылады екен. Оның сыры біріншіден, атамыз өте келбетті, бойының ұзындығы 2 метр 10 см болыпты. Құтпан сынды атақты байдың баласы болып қана қоймай, Иманжүсіп әнді өте керемет шырқаған ғой. Өзі көрікті, өзі әнші болса, сонымен қоса, өзі аттың жүйрігін мініп, талғаммен киінсе, қасына өңшең өнерпаздарды қоса ертіп жүрсе, ондай адамды қыздар көруге ұмтылмағанда қайтсін? Тағы бір кереметі –  Иманжүсіпті бір өңірге жатқыза алмайсыз: ата-бабалары Отырардан шыққан, өзінің туған жері – Павлодар, тұрған жері – Ақмола, айдауда жүрген жері – Өскемен мен Жетісу жері, ал атылған жерін білесіздер. Сонысымен де ол кісінің тағдыры өзгелерге ұқсамайды. Шыққан тегінің өзі жай адамдар емес. Арғы бабамыз, яғни Иманжүсіптің атасы Түркістан жерінде датқа болып, ел-жер үшін құрбан болғанын жай халық біле бермейді. Одан бері де әкесінің өзі 1837-1847 жылдар аралығында Кенесарының жасағында болған. Енді және бір нәрсе айтсам, мүлдем таңғаларсыз, Иманжүсіптің әкесінің қос жұрты бар – туған және асыраған жұрты. Ол қалай дейсіз ғой? Тұрғамбай датқаны өлтіргеннен кейін шешесі қос бүлдіршін, яғни Иманжүсіптің әкесі  мен қайнысын алып қашып бара жатқан жерінен құмның арасында адасып қалады. Сөйтіп, күйеуінің бауырын құтқару үшін өз баласын құрбандыққа қиған.  Тастаған баласы, яғни Иманжүсіптің әкесінің шын есімі Баймырза болған. Құмда жалғыз жылап қалған Баймырзаның бағына қарай сол жолдан көп ұзамай керуеншілер өтеді. Солар сәбиді тауып алып, өз елдерінде, яғни Ерейментауда тұратын баласы жоқ Дайрабай атты күрлеуіз қыпшаққа асырап алуға береді. Дайрабай баланы өзіне бала қылып алған соң, оған қайтадан азан шықырып, Құтпан деп ат қояды. Бұл шындық тек арада 80 жыл өткенде барып жарыққа шығады. Біз қазір табысқан екі жұртпен де жақсы байланыс жасап тұрамыз. 2000 жылы Астанада бір қызық концерт болды. Сол жерде екі жұрт көпшілік алдында құшақтасып көрісті. Ол оқиғаға куә болған зиялылардың арасында Шерағаң, Төлен Әбдіков секілді белгілі қаламгерлер мен халық қалаулылары, сенаторлар да болды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Бір қасіреті...
Иманжүсіптің әндері тек ауызша таралған соң, қағазға түскенде көп өзгеріске ұшыраған. Мысалы,  бір «Сарыарқа» әнінің бес нұсқасы бар, сол сияқты «Сармойынның» да. Тіпті «Бес ғасыр жырлайды» жинағында Иманжүсіптің барлық әндерін 31 шумаққа кіргізіп, бір ғана «Ерейментау» деген де қойған. Содан келіп әлі күнге «Иманжүсіптің бір ғана «Ерейментаудан» басқа несі бар? Соған бола оны сазгер атандырып...» дейтіндер бар.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста