Ғылымның барлық саласын дамытамыз деу – бос әурешілік

Мұрат ЖҰРЫНОВ, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, химия ғылымының докторы:

– Бүгінде ғылым саласына ба­рынша жағдай жасалып, миллион­даған қаржы бөлінуде. Ғалым ретінде айтыңызшы, еліміздегі ғылым саласының жеткен жетістігі мен күн түспеген көлеңкелі тұстары қайсы?
– Ғылым саласына артығымен беріліп жатқан ақша жоқ. Әрқайсысының өз орны бар. Әр елдің ішкі жалпы өнімінен ғылымға бөлінетін пайызы болады. Мәселен, біздің елімізде ол – 0,25 пайыз, Ресейде – 1,2, Украинада 1 пайыз, Белоруссияда 1 пайыз, Әзірбайжанда да 1 пайыз. Еуропаның дамыған елдерінде жалпы ішкі өнімнен бөлінетін қаржы 2,5-3 пайызды құрайды. Жапония – 4 пайыз, Швеция – 4,5 пайыз, АҚШ 2,7 пайыз бөледі. Бірақ АҚШ-тың бұл қаражаты дүниежүзі бойынша ғылымға бөлінген ақшамен тепе-тең. Кеңес Одағы кезінде Қазақстанда ғылым саласының дамуы Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында болатын. Бүгінгі күні де жаман емес. ТМД елдерінің ішінде алдыңғы қатардамыз. Елімізде ғылымға көптеп қаржы бөлініп жатыр деп айтуға болмас. Кейінгі жылдары жақсы көңіл бөлініп, көлеңкелі тұстарына күн түсе бастады деуге болады. Кейінгі 10 жылда ғылымға бөлін­ген қаржы бұрынғыға қарағанда бес есе өсті. Бұл – жақсы көр­сеткіш. Инновациялық-индустриялық стратегия бойынша Қазақстанда 2015 жы­лы жалпы ішкі өнімнен ғылымға бөлінетін ақша 1 пайызға жетсе, 2020 жылы 2 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Бұл, әрине, орындалса, өте керемет болар еді. Елбасымыздың үлкен ғалым екені белгілі. Ол кісі – ҚР Ұлттық Ғылым акаде­миясының ака­демигі. 2011 жылы ҚР Ұлттық ғылым ака­демиясы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевқа «Ғасыр ғұламасы» деген атақ берді. Кеңестік жоспарлы эко­номикадан кейін нарықтық экономикаға көшудің теория­сын жасап қана қоймай, көре­генділік танытып, толық бір мем­лекеттің көлемінде іс жүзіне енгізіп, игілікті іс атқарды. Елбасының нұсқауымен жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инно­ва­циялық бағыттың берері мол, әрине. 2050 жылға арналған стратегиялық жоспар бойынша Қазақстан бәсекелестікке қабілетті 30 елдің қатарына кіруі керек. 50 елдің қатарына кірдік. Енді 30-дық меже тұр. Бұл – өте күрделі мәселе. Ол үшін Еуропаның кейбір алпауыт елдерін ығыс­тыруымызға тура келеді. Мысалға, Италия, Испания, тіпті Ұлыбританияның өзімен жағаласуымызға тура келер. Экономикасы мықты дамыған АҚШ-тың бір штатының бюджеті Ресейдің бюд­жеті­мен пара-пар. АҚШ, Германия, Жапония, Қытай, Ұлы­британия бүгінде өте қарқынды өрлеу үстінде. Оған соңғы кезде Малайзия, Оңтүстік Корея, Бразилия қосылды. Осы елдермен жарысуымыз қажет. Әрине, ғылымсыз жарысу мүмкін емес. Еуропа одағына кіруге ниет еткен ел­дер­ге ғы­лымға бөлінетін қаржының 1 па­йыз болуын талап ететін заңдары бар. Өйткені ғы­лымы дамымаған ел өз-өзін асырай алмайды деп бағаланады. Ол ертеңгі күні Еуроодақтың мойнына масыл болады. Сондықтан да олар білімге, ғы­лым­ға көбірек көңіл бөлі­нуін талап етеді. Елімізге келсек, өндіріс орындары ғылымға сүйеніп, оның жаңа­лықтарын үстін-үстін қолданып отыруы керек. Ғылым мен өндіріс орнының ара­сында көпір болуы тиіс. Бұрынғы Кеңес Одағы кезінде Мәскеуге бағынатын елі­мізде 50-ден астам зауыт болатын. Біз солардың барлығын сақтай алмадық. Басым бөлігін инвесторларға бердік. Олар келді де, тек өнім өндіретін бөлігін алып қалды да, басқасының бәрін жауып тастады. Оларға Қазақстанның ғылымы не үшін керек? Мәселен, бұрын жобалау инс­титуттары, конструкциялық мекемелер, зерт­ханалық цехтар жұмыс істейтін. Олар­дың барлығын тұншықтырып тастады. Біз өндірген өнімімізді шикізат күйінде емес, өнім ретінде сатсақ, көп пайда табар едік. Өкінішке қарай, олай болмай тұр. Еліміз­ден шетелдерге шикізат күйінше кетеді де, бес-алты есе қымбат бағасына қайтып келеді. Шикізат қоры мүлдем жоқ елдер де бар. Бірақ олар дамыған елдердің қата­рында. Неге? Өйткені ғылымының арқа­сын­да. Басқа жолы жоқ екенін біліп, олар барынша білім-ғылымдарын дамы­тып жатыр. Олар тек бастарымен ғана, яғни білім-ғылымымен ғана күн көруге мәжбүр. Шикізат қоры елімізде жеткілікті. Жері­міздің асты да, үсті де тұнып тұрған байлық. Соны барынша ұқсата білсек, ұтарымыз көп. Шикізатымызды өзіміз өңдеп, өзіміз өндірсек, оның бағасы үш-бес есе арта түсері сөзсіз. Ол қазына қоржынын қомақтыландыруға сүбелі үлес қосары тағы анық.
– Ғылымның барлық түрін бірден дамыта алмаймыз депсіз. Неге? Негізінде, елімізде ғылымның қай саласына басымдық берілген?
– Менделеев кестесіндегі барлық металдар елімізде бар. Бізде гео­логия саласы, тау-кен, металлургия мен химия өнеркәсібі жақсы дамыған. Еліміз бұрын­нан-ақ мал шаруашылығымен, ауыл ша­руа­шылығымен айналысқандықтан, осы салаларды жақсылап дамытуымыз керек. Ал шетелдерде дамып жатқан кейбір ғы­лым түрлерінің біздің елімізге түкке де қажеті жоқ. Өйткені ол өндірісті қолға алғанмен, оның болашағы жоқ. Оның орнына қолда барды ұқсатып, одан ары дамытуға басты басымдық беруіміз қажет. Елімізде мұнай өңдейтін үш зауыт бар. Төртіншісі салынып жатыр. Біз елімізде мұнайды 70 пайызға өңдейміз, ал АҚШ-та 95 пайыз өңдейді. Сол сияқты аллюминий зауыттары бар. Елімізде химия саласы жақсы дамыған. Әсіресе болат өндіру, түсті металлургия салалары ілгерілеу үстінде. Стратегиялық маңызы бар зауыттары­мыздың басым бөлігі осы металсыз жұмыс істей алмайды. Молибден, ванадий, воль­фрам сынды аса сирек кездесетін металл өндірісі де бізде бар. Дүниежүзі бойын­ша мұнай қоры жағынан 9-ыншы орында болсақ, уран қоры бойынша 2-нші, табиғи хром қосындысы бойынша да 2-нші орын­дамыз. Сол үшін қолда бардың қадірін біліп, ұқсата білуіміз қажет. Ғылымның барлық саласын дамытамыз деу – бос әурешілік. Оған біздің қара­жатымыз жетпейді. Ондай жағдай төрт-бес мем­лекетте ғана бар. Олар – АҚШ, Германия, Жапония, Қытай. Елімізде ғылымның қандай саласы дамығанын және қандай саланы дамыту қажеттігін барынша ай­қындап алып қана, сол салаларды дамытуға күш салуымыз қажет. Әрине, ең алды­мен, тау-кен өн­ді­рісі, геология, ме­­тал­лур­гия, химия өнеркәсібі, биология ғылымдарына барынша басымдық берілуі тиіс. Негізінде, мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнім­де­рін өндіруге ба­ғытталған биология саласын дамытуымыз қажет. Өйткені ол қажеттіліктен туындап отыр. Елімізде ет экспортын дамытуға көңіл бөлініп жатыр ғой. Демек, бұл салаға био­логия сала­сындағы ғалымдардың қо­сар үлесі сал­мақты болмақ. Жалпы, білім бере­тін сала­лар – хи­мия, физика, мате­мати­каны сызып тастау мүмкін емес, әрине. Фи­ло­софия, экономика, тарих, археология салалары да жоғары деңгейде дамыған. Барынша зерттеліп, жолға қойылған ғылым сала­лары – осылар.
– Бүгінде басты байлығымыз болып отырған мұнайымыз да, газы­мыз да, жерасты байлығымыз­дың қоры бір кездері таусылуы әбден мүм­­кін ғой. Оның орнын алмас­ты­ратындай қуат көздерін отандық ға­лымдарымыз ойлап табуы мүмкін бе?
– Мұны бүкіл әлем ғалымдары да әлі толығымен ойлап тапқан жоқ. Термо­ядро­лық энергия әлі ауыздықталмай жатыр. Әлі де ізденіс үстінде, әлі де зерттеу үстінде. Бір ғана қазақстандық ғалым­дардың ғана бас ауруы емес, бұл – бүкіл әлем ғалымдарын ойландырып отырған мәселе. Дамыған елдердің ғалымдары алмастырғыш қуат көздерін ойлап тапқан­ымен де, ол техно­логияны өзге елдерге еш уақытта да бер­мейді де, сатпайды да. Егер де қандай да бір жаңа технологияны сатқандай болса, оны елімізге алып келіп, ендірудің өзіне екі-үш жылдай уақыт кетеді. Сол уақыт ара­лығында ол ескірген технологияның қатарына еніп кетеді. Сол үшін ғалым­дары­мыз үнемі ізденіс үстінде және өндіріспен байланыста болуы керек. Заманауи жаңа­лықтардан еш уақытта да қалыс қалмауы керек. Бүгінде жел, күн энер­гиясын қолданысқа енгізу кеңінен жүргізілуде. Оның ішінде қазақстандық ғалым­дары­мыздың да еңбегі зор. Әлемге таңдай қақтырып, тамсандырарлықтай жаңалық ашқан ғалымдарымыз жетерлік.
– Бұрынғы Кеңес Одағы кезінде ғалымдарымызға барынша жағдай жасалатын. Бір айлық жалақысының өзі кейбіреулердің түсіне кірерліктей еді. Сол кездері жастар ғылымға көптеп бет бұрған-тын. Бүгінгі жас­тардың ғылымға бетбұрысы қалай? Оларды ғылым саласына көптеп тарту үшін не істемек керек?
– Расында, ол кездері барынша жағдай жасалған. Баспана, көлік, саяжай мәсе­лесіне ғалымдар бас ауыртпайтын. Тек ғылым­мен айналысып, барынша күш салғаны рас. Ол кездері бір орынға 10 адам, 20 адамнан конкурсқа түсетін кездер де болған. Ал бүгінде бір орынға бір адам, ары кетсе, екі адам ғана түседі. Бұл салада жұмыс істеп жүргендердің жалақысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де төмен. Сонда жастар осындай жалақыға қайтіп келмек? Материалдық байлық алдыңғы кезекке шыққан бүгінгідей заманда жастарды да кінәлауға болмас. Негізінде, қазіргі заманда ғылымда тек жанкештілер ғана жұмыс істейді. Бүгінгі ғылымды аға буын ұстап тұр. Орта буын бизнеске кетіп қалды. Ал жастар аға буынның орнын баса ала ма? Мәселе осында. Аға буын кетсе, ғылымдағы биік орнымыз келмеске кете ме деген қауіп те бар.
– Бүгінде ғылым кандидаттары мен ғылым докторлары жетерлік. Олардың ғылымға қосқан үлесі қаншалықты? Ғылымға кездейсоқ келгендер басым емес пе?
– Бүкіл ғалымдардың ісін бір ауыз сөзбен жоққа шығара салу дұрыс емес деп есептеймін. Ғылым докторы деген дардай атақты бостан-босқа алмас болар. Ол үшін тамшылатып тер төгіп, ерінбей еңбектену қажет. Сіз бен біз екеуміз ғарышкер бола алмаспыз. Өйткені ол үшін бейім керек, зейін керек, мықты денсаулық қажет. Сол сияқты ғалым болуы да кез келгеннің қолынан келе бермейді. Ол үшін қаншама кітапты ақтарып, көз майын тауысып, білім бұлағынан сусындап, қайда салса да, тар­тып шығар қара нардай болуы қажет. Кей­біреулер сияқты «қағаз кеміріп отыр­ғандар» деп қолды бір сілтеп сыза салуға болмайды. Ол – наданның ісі. Ал ғылым саласында кездейсоқ жүргендерді де жоқ дей алмаймыз. Бірақ олар туралы бөлек әңгіме. Кандидаттық, докторлық қорғау тоқтатылғаны белгілі. Ендігі жерде диссертация арқылы қорғайтын бір-ақ қана ғылыми дәреже бар, ол – философия докторы (phd). Басқа одан жоғары ғылыми атақтары ғылымға қосқан жаңалықтары үшін беріледі. Профессор атағы бұрынғы ғылым докторы және профессор деген атақтарға тең болады.
– Ғылым мен өндірістің арасы тым алшақтап кеткені белгілі. Жыл сайын қаншама ғылыми жаңалықтар ашылып жатады. Бірақ өндіріске енгізіліп жатқаны аз. Бұған не дейсіз?
– Ғылыми жаңалықтар ашылмай жатқан жоқ, ашылып жатыр. Бірақ оны өндіріске ендіруде қиындықтар бар екені жасырын емес. Жоғарыда айтып өт­кенімдей, ірі кәсіпорындардың база­сында жобалау институттары, конструктор­лық бюролар, өндірістік-тәжірибелік зерттеу бөлімдері жұмыс істейтін. Ғылыми ашы­лым­­дардың өндіріске енгізілетіндерін тек­серіп, терең талдаудан өткізетін арнайы цехтары болатын. Оның бәрі нарықтық экономикаға өткен жылдары жабылып қалды. Бүгінгідей ғылымға барынша назар аударыла бастаған кезеңде сол жоғалт­қандарымызды қайта қалпына келтіру қажеттігі туындап отыр. Әрине, бұрынғы сорапты шиырлаудың қажеті жоқ, оны заманауи талаптарға сай етіп, жоба­лау институттарын, конструкторлық бюро­лар­ды қайта қалпына келтіру қажет. Әсіресе ірі кәсіпорындардың жа­нында арнайы цехтар міндетті түрде болуы тиіс. Себебі зерт­ха­нада біз алатын заттар грамм, мил­ли­грамм мөл­ше­рін­де болады. Осы мөлшердегі зат алатын технология тәсілдерін ешқандай зауыт қа­был­дамайды. Сол себептен де ең болмағанда 200 келі, 500 келі дайындалып, ұсы­нылуы қажет. Осыдан кейін ғана ғылыми жа­ңалық өндіріске өтетін болады. Қолды байлап отырған осы мәселе. Оның түйінін тарқатсақ, бар мәселе шешімін табады. Біздің ғалымдарымыздың кей жаңа­лықтары Ресейде, Қы­тайда өндіріске енгізілді. Оны, ең алдымен, сынақтан өткізетіні белгілі. Бізде сынақ жасайтын өндірістік орындар да жоқ. Енді соларды құру қажеттігі туындап отыр. Бұл міндет бұрыннан-ақ қойылып келе жатыр. Енді нақты іске кірісетін кез келді. Ғалым­дары­мыз ғылымды өндіріске қарай бағыттауда қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр.
– Химия ғылымының докторысыз. Бүгінде еліміздегі осы ғылым саласының дамуы қай деңгейде? Жамбыл облысында химия өндірісін өркендетуге байланысты «Еурохим» зауыты тыңайтқыш шығаруға күш салуда. Оның болашағы қанша­лықты?
– Қазақстанда химия өндірісі де, ғылымы да жақсы дамыған. Химия мен металлургия саласында Еуропа бойынша ең ірі зауыттарымыз бар – Балқаш пен Жез­қазғандағы мыс өндірісі, Атырау, Шымкент пен Павлодардағы мұнай өңдеу зауыттары, Өскемендегі мырыш-қорғасын комбинаты, титан-магний комбинаты. Химия ғылымы саласында ғылыми зерттеулер жүргізетін әлемде белгілі екі институт бар және бірнеше универ­ситеттерде химия факуль­теттері бар. Тараз қаласындағы «Еурохим» зауыты – бұрынғы фосфор тыңайтқыш­тарын шығаратын зауыттардың орнына келген өндіріс. Қаратаудағы фос­форит минералын өңдеу арқылы фосфор тыңайтқыштарын және фосфор тұздарын шығарады. Бұл зауыттың болашағы зор. Қаратаудағы фосфорит минералының қоры дүниежүзіне белгілі.
– Сіздіңше, еліміздегі индус­трия­лық-инновациялық даму бағыты қай деңгейде?
– ТМД елдерінің арасында Қазақстан бірінші болып индустриялық-иннова­циялық стратегия қабылдады. Қазір ол қарқынды даму үстінде. Бұл – Қазақстанды экономикалық өрлеуге апаратын тура жол. Кез келген мемлекетті тек қана индустрия, яғни металлургия, химия өндірісі, машина жасау, электронды құрал-жабдықтар жасау өндірісі ғана байыта алады. Әрине, ауыл шаруашылығы да қажет. Бірақ ауыл шаруа­шылығынан мемлекет байып, алға шыға алмайды. Бұл сала байытатын болса, Үндістан ең бай ел болатын еді. Өйткені оларда қыс түспейтіндіктен, жылына үш-төрт рет өнім алады. Сондықтан индус­триялық-инновациялық бағыт – жақсы жол.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Оқшау ой
Ғылымның барлық саласын дамытамыз деу – бос әурешілік. Оған біздің қаражатымыз жетпейді. Ондай жағдай төрт-бес мемлекетте ғана бар. Олар – АҚШ, Германия, Жапония, Қытай. Елімізде ғылымның қандай саласы дамығанын және қандай саланы дамыту қажеттігін барынша айқындап алып қана, сол салаларды дамытуға күш салуымыз қажет. Әрине, ең алдымен, тау-кен өн­ді­рісі, геология, металлургия, химия өнеркәсібі, биология ғылымдарына барынша басымдық берілуі тиіс. Негізінде, мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнім­де­рін өндіруге ба­ғытталған биология саласын дамытуымыз қажет. Өйткені ол қажеттіліктен туындап отыр. Елімізде ет экспортын дамытуға көңіл бөлініп жатыр ғой. Демек, бұл салаға биология саласындағы ғалымдардың қосар үлесі салмақты болмақ. Жалпы, білім беретін салалар – хи­мия, физика, математиканы сызып тастау мүмкін емес, әрине. Философия, экономика, тарих, археология салалары да жоғары деңгейде дамыған. Барынша зерттеліп, жолға қойылған ғылым салалары – осылар.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста