Ғылымның барлық саласын дамытамыз деу – бос әурешілік
Мұрат ЖҰРЫНОВ, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, химия ғылымының докторы:
– Бүгінде ғылым саласына барынша жағдай жасалып, миллиондаған қаржы бөлінуде. Ғалым ретінде айтыңызшы, еліміздегі ғылым саласының жеткен жетістігі мен күн түспеген көлеңкелі тұстары қайсы?
– Ғылым саласына артығымен беріліп жатқан ақша жоқ. Әрқайсысының өз орны бар. Әр елдің ішкі жалпы өнімінен ғылымға бөлінетін пайызы болады. Мәселен, біздің елімізде ол – 0,25 пайыз, Ресейде – 1,2, Украинада 1 пайыз, Белоруссияда 1 пайыз, Әзірбайжанда да 1 пайыз. Еуропаның дамыған елдерінде жалпы ішкі өнімнен бөлінетін қаржы 2,5-3 пайызды құрайды. Жапония – 4 пайыз, Швеция – 4,5 пайыз, АҚШ 2,7 пайыз бөледі. Бірақ АҚШ-тың бұл қаражаты дүниежүзі бойынша ғылымға бөлінген ақшамен тепе-тең. Кеңес Одағы кезінде Қазақстанда ғылым саласының дамуы Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында болатын. Бүгінгі күні де жаман емес. ТМД елдерінің ішінде алдыңғы қатардамыз. Елімізде ғылымға көптеп қаржы бөлініп жатыр деп айтуға болмас. Кейінгі жылдары жақсы көңіл бөлініп, көлеңкелі тұстарына күн түсе бастады деуге болады. Кейінгі 10 жылда ғылымға бөлінген қаржы бұрынғыға қарағанда бес есе өсті. Бұл – жақсы көрсеткіш. Инновациялық-индустриялық стратегия бойынша Қазақстанда 2015 жылы жалпы ішкі өнімнен ғылымға бөлінетін ақша 1 пайызға жетсе, 2020 жылы 2 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Бұл, әрине, орындалса, өте керемет болар еді. Елбасымыздың үлкен ғалым екені белгілі. Ол кісі – ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі. 2011 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа «Ғасыр ғұламасы» деген атақ берді. Кеңестік жоспарлы экономикадан кейін нарықтық экономикаға көшудің теориясын жасап қана қоймай, көрегенділік танытып, толық бір мемлекеттің көлемінде іс жүзіне енгізіп, игілікті іс атқарды. Елбасының нұсқауымен жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инновациялық бағыттың берері мол, әрине. 2050 жылға арналған стратегиялық жоспар бойынша Қазақстан бәсекелестікке қабілетті 30 елдің қатарына кіруі керек. 50 елдің қатарына кірдік. Енді 30-дық меже тұр. Бұл – өте күрделі мәселе. Ол үшін Еуропаның кейбір алпауыт елдерін ығыстыруымызға тура келеді. Мысалға, Италия, Испания, тіпті Ұлыбританияның өзімен жағаласуымызға тура келер. Экономикасы мықты дамыған АҚШ-тың бір штатының бюджеті Ресейдің бюджетімен пара-пар. АҚШ, Германия, Жапония, Қытай, Ұлыбритания бүгінде өте қарқынды өрлеу үстінде. Оған соңғы кезде Малайзия, Оңтүстік Корея, Бразилия қосылды. Осы елдермен жарысуымыз қажет. Әрине, ғылымсыз жарысу мүмкін емес. Еуропа одағына кіруге ниет еткен елдерге ғылымға бөлінетін қаржының 1 пайыз болуын талап ететін заңдары бар. Өйткені ғылымы дамымаған ел өз-өзін асырай алмайды деп бағаланады. Ол ертеңгі күні Еуроодақтың мойнына масыл болады. Сондықтан да олар білімге, ғылымға көбірек көңіл бөлінуін талап етеді. Елімізге келсек, өндіріс орындары ғылымға сүйеніп, оның жаңалықтарын үстін-үстін қолданып отыруы керек. Ғылым мен өндіріс орнының арасында көпір болуы тиіс. Бұрынғы Кеңес Одағы кезінде Мәскеуге бағынатын елімізде 50-ден астам зауыт болатын. Біз солардың барлығын сақтай алмадық. Басым бөлігін инвесторларға бердік. Олар келді де, тек өнім өндіретін бөлігін алып қалды да, басқасының бәрін жауып тастады. Оларға Қазақстанның ғылымы не үшін керек? Мәселен, бұрын жобалау институттары, конструкциялық мекемелер, зертханалық цехтар жұмыс істейтін. Олардың барлығын тұншықтырып тастады. Біз өндірген өнімімізді шикізат күйінде емес, өнім ретінде сатсақ, көп пайда табар едік. Өкінішке қарай, олай болмай тұр. Елімізден шетелдерге шикізат күйінше кетеді де, бес-алты есе қымбат бағасына қайтып келеді. Шикізат қоры мүлдем жоқ елдер де бар. Бірақ олар дамыған елдердің қатарында. Неге? Өйткені ғылымының арқасында. Басқа жолы жоқ екенін біліп, олар барынша білім-ғылымдарын дамытып жатыр. Олар тек бастарымен ғана, яғни білім-ғылымымен ғана күн көруге мәжбүр. Шикізат қоры елімізде жеткілікті. Жеріміздің асты да, үсті де тұнып тұрған байлық. Соны барынша ұқсата білсек, ұтарымыз көп. Шикізатымызды өзіміз өңдеп, өзіміз өндірсек, оның бағасы үш-бес есе арта түсері сөзсіз. Ол қазына қоржынын қомақтыландыруға сүбелі үлес қосары тағы анық.
– Ғылымның барлық түрін бірден дамыта алмаймыз депсіз. Неге? Негізінде, елімізде ғылымның қай саласына басымдық берілген?
– Менделеев кестесіндегі барлық металдар елімізде бар. Бізде геология саласы, тау-кен, металлургия мен химия өнеркәсібі жақсы дамыған. Еліміз бұрыннан-ақ мал шаруашылығымен, ауыл шаруашылығымен айналысқандықтан, осы салаларды жақсылап дамытуымыз керек. Ал шетелдерде дамып жатқан кейбір ғылым түрлерінің біздің елімізге түкке де қажеті жоқ. Өйткені ол өндірісті қолға алғанмен, оның болашағы жоқ. Оның орнына қолда барды ұқсатып, одан ары дамытуға басты басымдық беруіміз қажет. Елімізде мұнай өңдейтін үш зауыт бар. Төртіншісі салынып жатыр. Біз елімізде мұнайды 70 пайызға өңдейміз, ал АҚШ-та 95 пайыз өңдейді. Сол сияқты аллюминий зауыттары бар. Елімізде химия саласы жақсы дамыған. Әсіресе болат өндіру, түсті металлургия салалары ілгерілеу үстінде. Стратегиялық маңызы бар зауыттарымыздың басым бөлігі осы металсыз жұмыс істей алмайды. Молибден, ванадий, вольфрам сынды аса сирек кездесетін металл өндірісі де бізде бар. Дүниежүзі бойынша мұнай қоры жағынан 9-ыншы орында болсақ, уран қоры бойынша 2-нші, табиғи хром қосындысы бойынша да 2-нші орындамыз. Сол үшін қолда бардың қадірін біліп, ұқсата білуіміз қажет. Ғылымның барлық саласын дамытамыз деу – бос әурешілік. Оған біздің қаражатымыз жетпейді. Ондай жағдай төрт-бес мемлекетте ғана бар. Олар – АҚШ, Германия, Жапония, Қытай. Елімізде ғылымның қандай саласы дамығанын және қандай саланы дамыту қажеттігін барынша айқындап алып қана, сол салаларды дамытуға күш салуымыз қажет. Әрине, ең алдымен, тау-кен өндірісі, геология, металлургия, химия өнеркәсібі, биология ғылымдарына барынша басымдық берілуі тиіс. Негізінде, мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге бағытталған биология саласын дамытуымыз қажет. Өйткені ол қажеттіліктен туындап отыр. Елімізде ет экспортын дамытуға көңіл бөлініп жатыр ғой. Демек, бұл салаға биология саласындағы ғалымдардың қосар үлесі салмақты болмақ. Жалпы, білім беретін салалар – химия, физика, математиканы сызып тастау мүмкін емес, әрине. Философия, экономика, тарих, археология салалары да жоғары деңгейде дамыған. Барынша зерттеліп, жолға қойылған ғылым салалары – осылар.
– Бүгінде басты байлығымыз болып отырған мұнайымыз да, газымыз да, жерасты байлығымыздың қоры бір кездері таусылуы әбден мүмкін ғой. Оның орнын алмастыратындай қуат көздерін отандық ғалымдарымыз ойлап табуы мүмкін бе?
– Мұны бүкіл әлем ғалымдары да әлі толығымен ойлап тапқан жоқ. Термоядролық энергия әлі ауыздықталмай жатыр. Әлі де ізденіс үстінде, әлі де зерттеу үстінде. Бір ғана қазақстандық ғалымдардың ғана бас ауруы емес, бұл – бүкіл әлем ғалымдарын ойландырып отырған мәселе. Дамыған елдердің ғалымдары алмастырғыш қуат көздерін ойлап тапқанымен де, ол технологияны өзге елдерге еш уақытта да бермейді де, сатпайды да. Егер де қандай да бір жаңа технологияны сатқандай болса, оны елімізге алып келіп, ендірудің өзіне екі-үш жылдай уақыт кетеді. Сол уақыт аралығында ол ескірген технологияның қатарына еніп кетеді. Сол үшін ғалымдарымыз үнемі ізденіс үстінде және өндіріспен байланыста болуы керек. Заманауи жаңалықтардан еш уақытта да қалыс қалмауы керек. Бүгінде жел, күн энергиясын қолданысқа енгізу кеңінен жүргізілуде. Оның ішінде қазақстандық ғалымдарымыздың да еңбегі зор. Әлемге таңдай қақтырып, тамсандырарлықтай жаңалық ашқан ғалымдарымыз жетерлік.
– Бұрынғы Кеңес Одағы кезінде ғалымдарымызға барынша жағдай жасалатын. Бір айлық жалақысының өзі кейбіреулердің түсіне кірерліктей еді. Сол кездері жастар ғылымға көптеп бет бұрған-тын. Бүгінгі жастардың ғылымға бетбұрысы қалай? Оларды ғылым саласына көптеп тарту үшін не істемек керек?
– Расында, ол кездері барынша жағдай жасалған. Баспана, көлік, саяжай мәселесіне ғалымдар бас ауыртпайтын. Тек ғылыммен айналысып, барынша күш салғаны рас. Ол кездері бір орынға 10 адам, 20 адамнан конкурсқа түсетін кездер де болған. Ал бүгінде бір орынға бір адам, ары кетсе, екі адам ғана түседі. Бұл салада жұмыс істеп жүргендердің жалақысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де төмен. Сонда жастар осындай жалақыға қайтіп келмек? Материалдық байлық алдыңғы кезекке шыққан бүгінгідей заманда жастарды да кінәлауға болмас. Негізінде, қазіргі заманда ғылымда тек жанкештілер ғана жұмыс істейді. Бүгінгі ғылымды аға буын ұстап тұр. Орта буын бизнеске кетіп қалды. Ал жастар аға буынның орнын баса ала ма? Мәселе осында. Аға буын кетсе, ғылымдағы биік орнымыз келмеске кете ме деген қауіп те бар.
– Бүгінде ғылым кандидаттары мен ғылым докторлары жетерлік. Олардың ғылымға қосқан үлесі қаншалықты? Ғылымға кездейсоқ келгендер басым емес пе?
– Бүкіл ғалымдардың ісін бір ауыз сөзбен жоққа шығара салу дұрыс емес деп есептеймін. Ғылым докторы деген дардай атақты бостан-босқа алмас болар. Ол үшін тамшылатып тер төгіп, ерінбей еңбектену қажет. Сіз бен біз екеуміз ғарышкер бола алмаспыз. Өйткені ол үшін бейім керек, зейін керек, мықты денсаулық қажет. Сол сияқты ғалым болуы да кез келгеннің қолынан келе бермейді. Ол үшін қаншама кітапты ақтарып, көз майын тауысып, білім бұлағынан сусындап, қайда салса да, тартып шығар қара нардай болуы қажет. Кейбіреулер сияқты «қағаз кеміріп отырғандар» деп қолды бір сілтеп сыза салуға болмайды. Ол – наданның ісі. Ал ғылым саласында кездейсоқ жүргендерді де жоқ дей алмаймыз. Бірақ олар туралы бөлек әңгіме. Кандидаттық, докторлық қорғау тоқтатылғаны белгілі. Ендігі жерде диссертация арқылы қорғайтын бір-ақ қана ғылыми дәреже бар, ол – философия докторы (phd). Басқа одан жоғары ғылыми атақтары ғылымға қосқан жаңалықтары үшін беріледі. Профессор атағы бұрынғы ғылым докторы және профессор деген атақтарға тең болады.
– Ғылым мен өндірістің арасы тым алшақтап кеткені белгілі. Жыл сайын қаншама ғылыми жаңалықтар ашылып жатады. Бірақ өндіріске енгізіліп жатқаны аз. Бұған не дейсіз?
– Ғылыми жаңалықтар ашылмай жатқан жоқ, ашылып жатыр. Бірақ оны өндіріске ендіруде қиындықтар бар екені жасырын емес. Жоғарыда айтып өткенімдей, ірі кәсіпорындардың базасында жобалау институттары, конструкторлық бюролар, өндірістік-тәжірибелік зерттеу бөлімдері жұмыс істейтін. Ғылыми ашылымдардың өндіріске енгізілетіндерін тексеріп, терең талдаудан өткізетін арнайы цехтары болатын. Оның бәрі нарықтық экономикаға өткен жылдары жабылып қалды. Бүгінгідей ғылымға барынша назар аударыла бастаған кезеңде сол жоғалтқандарымызды қайта қалпына келтіру қажеттігі туындап отыр. Әрине, бұрынғы сорапты шиырлаудың қажеті жоқ, оны заманауи талаптарға сай етіп, жобалау институттарын, конструкторлық бюроларды қайта қалпына келтіру қажет. Әсіресе ірі кәсіпорындардың жанында арнайы цехтар міндетті түрде болуы тиіс. Себебі зертханада біз алатын заттар грамм, миллиграмм мөлшерінде болады. Осы мөлшердегі зат алатын технология тәсілдерін ешқандай зауыт қабылдамайды. Сол себептен де ең болмағанда 200 келі, 500 келі дайындалып, ұсынылуы қажет. Осыдан кейін ғана ғылыми жаңалық өндіріске өтетін болады. Қолды байлап отырған осы мәселе. Оның түйінін тарқатсақ, бар мәселе шешімін табады. Біздің ғалымдарымыздың кей жаңалықтары Ресейде, Қытайда өндіріске енгізілді. Оны, ең алдымен, сынақтан өткізетіні белгілі. Бізде сынақ жасайтын өндірістік орындар да жоқ. Енді соларды құру қажеттігі туындап отыр. Бұл міндет бұрыннан-ақ қойылып келе жатыр. Енді нақты іске кірісетін кез келді. Ғалымдарымыз ғылымды өндіріске қарай бағыттауда қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр.
– Химия ғылымының докторысыз. Бүгінде еліміздегі осы ғылым саласының дамуы қай деңгейде? Жамбыл облысында химия өндірісін өркендетуге байланысты «Еурохим» зауыты тыңайтқыш шығаруға күш салуда. Оның болашағы қаншалықты?
– Қазақстанда химия өндірісі де, ғылымы да жақсы дамыған. Химия мен металлургия саласында Еуропа бойынша ең ірі зауыттарымыз бар – Балқаш пен Жезқазғандағы мыс өндірісі, Атырау, Шымкент пен Павлодардағы мұнай өңдеу зауыттары, Өскемендегі мырыш-қорғасын комбинаты, титан-магний комбинаты. Химия ғылымы саласында ғылыми зерттеулер жүргізетін әлемде белгілі екі институт бар және бірнеше университеттерде химия факультеттері бар. Тараз қаласындағы «Еурохим» зауыты – бұрынғы фосфор тыңайтқыштарын шығаратын зауыттардың орнына келген өндіріс. Қаратаудағы фосфорит минералын өңдеу арқылы фосфор тыңайтқыштарын және фосфор тұздарын шығарады. Бұл зауыттың болашағы зор. Қаратаудағы фосфорит минералының қоры дүниежүзіне белгілі.
– Сіздіңше, еліміздегі индустриялық-инновациялық даму бағыты қай деңгейде?
– ТМД елдерінің арасында Қазақстан бірінші болып индустриялық-инновациялық стратегия қабылдады. Қазір ол қарқынды даму үстінде. Бұл – Қазақстанды экономикалық өрлеуге апаратын тура жол. Кез келген мемлекетті тек қана индустрия, яғни металлургия, химия өндірісі, машина жасау, электронды құрал-жабдықтар жасау өндірісі ғана байыта алады. Әрине, ауыл шаруашылығы да қажет. Бірақ ауыл шаруашылығынан мемлекет байып, алға шыға алмайды. Бұл сала байытатын болса, Үндістан ең бай ел болатын еді. Өйткені оларда қыс түспейтіндіктен, жылына үш-төрт рет өнім алады. Сондықтан индустриялық-инновациялық бағыт – жақсы жол.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Оқшау ой
Ғылымның барлық саласын дамытамыз деу – бос әурешілік. Оған біздің қаражатымыз жетпейді. Ондай жағдай төрт-бес мемлекетте ғана бар. Олар – АҚШ, Германия, Жапония, Қытай. Елімізде ғылымның қандай саласы дамығанын және қандай саланы дамыту қажеттігін барынша айқындап алып қана, сол салаларды дамытуға күш салуымыз қажет. Әрине, ең алдымен, тау-кен өндірісі, геология, металлургия, химия өнеркәсібі, биология ғылымдарына барынша басымдық берілуі тиіс. Негізінде, мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге бағытталған биология саласын дамытуымыз қажет. Өйткені ол қажеттіліктен туындап отыр. Елімізде ет экспортын дамытуға көңіл бөлініп жатыр ғой. Демек, бұл салаға биология саласындағы ғалымдардың қосар үлесі салмақты болмақ. Жалпы, білім беретін салалар – химия, физика, математиканы сызып тастау мүмкін емес, әрине. Философия, экономика, тарих, археология салалары да жоғары деңгейде дамыған. Барынша зерттеліп, жолға қойылған ғылым салалары – осылар.