Ғылым мен білім өндіріспен үйлескенде ғана өркендеуге жол ашылады

Ғылым мен білім өндіріспен үйлескенде ғана өркендеуге жол ашылады

Тілектес Есполов, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик:

– Тілектес Исабайұлы, бүгінде еліміздің ауылшаруашылық саласын дамытуға қатысты мемлекет тарапынан қадау-қадау іс-шаралар қолға алына бастады. Осы орайда өзіңіз басшылық жасап отырған аграрлық сектор мамандарын даярлайтын университетте ғылым мен білімді заман үрдісімен ұштастыру жайы қалай жүзеге асырылуда?
– Аграрлық сектор ел экономикасының басты саласының бірі екені белгілі. Бірінші­ден, бұл сала халқымызды азық-түлікпен қамтамасыз ететін тіршілік көзі саналады. Екіншіден, аграрлық саланың ел экономи­касындағы басты рөлін анықтаушы: халқы­мыздың 43 пайызы ауыл тұрғындары болса, жер көлемі жағынан еліміз әлемде тоғызын­шы орында тұрғаны. Байлық көзі еңбек пен Жер-ана деген қағиданы ескер­сек, ауыл тұр­ғын­дарын нәтижелі еңбекпен қамтамасыз ету, сол құнарлы жерімізді ұтымды пайда­лануға қол жеткізу – басты мақсаттарымыз. Елбасының Жалпыға ортақ еңбек қоғамын қалыптастыру және жерді тиімді пайдалану керектігіне назар аударуы оған жаңа мағына беріп, белгі­ленген мақсаттардың орында­луына талапты жоғарылатты.
Бүгінгі уақыт ауыл шаруашылығын за­ма­­науи талаптарға сай дамытудың тетік­терін жетілдіруге міндеттеп отыр. Осы бағыттан алғанда бізде атқарылып жатқан жұмыс­тардың жүйесі мен ауқымы кеңейе түсті десек болады. Мемлекеттің берген жаңа мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Қазақ ұлттық аграрлық университеті әлемдік дең­гейдегі зерттеу университетіне трансформа­циялауға жұмылуда. Қазірдің өзінде біздің «инновациялық қызметке бағытталған жоғары оқу орны» деген статусымыз бар. Мұның өзі – ғылым мен білімді дамытуда жеткен жетістігіміздің белгісі. Жаһандану үрдісі етек жайған са­йын экономиканы тиімді үйлестіру мәсе­лесі күрделене түсетіні белгілі. Әлемдік дағдарыс салқыны әр саланы әлсірете түсуде. Бұл ретте қазіргі Қазақстанда ауыл шаруашылығын заман талабына сай да­мытудың алғышарттары белгіленуде, Үкі­мет дағдарыстан шығудың тиімді бағыт­тарын ұсынуда. Бұл бағыттарда негізгі басымдықтың бірі ретінде агроө­неркәсіп кешені мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту белгіленіп отыр. Біз шикізат дайындаушы елден өнім дайын­даушы, тауар өндіруші елге айналуы­мыз керек. Осыны іске асыруда ғылым мен өндірісті ұштастыру керек, ол Қазақстанның әлемдегі ауылшаруашылық өнімдерін экс­порттаушы жетекші елдер қатарына қосы­луына мүмкіндігін арттыра түседі. Осы тұр­ғы­дан алғанда аграрлық ­ ғалымдарын үлкен шаруаларды еңсеру ісі күтіп тұр. Біз жұмы­сымызды ғылым мен білімнің тәжірибеде қолданылуын басшылыққа алып атқарамыз. Елімізде экономикалық жаңғыртуға бағыт­талған индустриялық-инновациялық бағ­дарлама қабылданып отыр. Аграрлық сала­ның дамуына серпін бере алатын ең жақсы деген ғылыми жобалар таңдалып алынып, оны өндірісте пайдалануда үлкен шаралар атқарылуда.
Жуырда біз Ауыл шаруашылығы минист­р­­лігімен бірігіп, «Агробизнес-2020» мемле­кеттік бағдарламасын жүзеге асыру­дағы «Аграрлық ғылым, білім және өнді­ріс» ат­ты тақырыпта үлкен семинар өткіз­дік. Осы бағдарламада аталып өткен мә­се­ле­лерді талқылау барысында концеп­туалды ойлар айтылып, қомақты ұсыныс­тар жасалды.
– Аталған бағдарламада нендей мәселелерге басымдық берілген? Осы жөнінде қысқаша тоқтала кетсеңіз.
– Бағдарламаның негізгі мақсаттарына қол жеткізу үшін төрт бағыт бойынша жұ­мыс­тар жүргізілмек. Біріншісі – қаржылық сауықтыру. Ол бо­рыш­тарын өтеу үшін ауыл­шаруашылық тауар өндірушілерін қар­жыландыру арқылы жүзеге асырыла­ды. Нақтылап айтсам, несиенің қайтару мерзімін ұзарту және жеңілдетіліп беріле­тін несие көлемін ұлғайту. Екіншісі – агро­ө­неркәсіптік кешен субъектілері үшін қыз­мет пен жұмыс­тарды, тауарлардың қол­­же­тімді­лігін жо­ға­рылату бағыты. Бұл ретте агроө­неркә­сіптік кешен субъекті­леріне кеңес қызметін, білімдік, қаржылық, жұ­мыс, тауар­лардың экономикалық қолже­тім­ділігін жоғарылату бойынша мемлекет­тік қолдау механизмдері арқылы мін­дет­тер қойылған. Үшіншіден, бағыт бойынша агро­­ө­нер­кәсіптік кешен субъектілерін мем­­лекет­тік қамтамасыз ету жүйелерін дамыту үшін фитосанитарлық және вете­ринарлық қауіп­сіздік жүйесін дамыту, сумен қамтамасыз ету инфрақұры­лымын жетілдіру міндеттерін шешу жоспарлануда. Шаралар фитосанитарлық және вете­ри­нарлық зертханалар құру және жаб­дық­тауға, фито және ветеринарлық қауіп­сіздіктің диагностикасы мен мони­то­рин­гі, жануарларды бірегейлендіру, ауру­лардың таралу қаупін төмендету, сондай-ақ шал­ғайдағы мал шаруашы­лығы үшін жайы­­лымдарды суландыруға бағыт­талмақ. Төр­тін­шісі – бағыт шеңберінде агро­өнер­кә­сіптік кешенді мемлекеттік реттеу жүйесінің тиімділігін арттыру. Осындай игі жобалар ауылда бизнестің дамуына, салаға инвес­тицияның келуіне, бөлі­ніп жатқан қаржы­ның тиімділігін жо­ғарылатуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Бағдарламаны іске асыруға сегіз жыл ішінде барлығы 3 122,2 млрд теңге қаражат қарастырылған.
– Алдағы уақытта елімізде өтетін EXPO-2017 Халықаралық көрмесінде аграрлық сала маман­дарының үлесі қаншалықты бол­мақ?
– Соңғы жылдары еліміз экономи­калық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Әлемдегі қалыптасқан басты үрдіс – жаһандану. Еліміз Кедендік одаққа мүше болды. Енді Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру межеленген. Қазақ­станның алдын­дағы меженің бірі – EXPO-2017 көр­месін абы­рой­мен өткізу. Бұл біздің әлемдік қауым­дастық алдында экономи­калық әлеуетіміз­дің мүмкіндіктерін көрсе­тіп қана қоймай, тың инновациялық баста­ма­ларға жол ашары анық. Аталған ау­қым­ды көрмеде ауылшаруашылық секторының қосар үлесі де қомақты болады деп ойлаймын. Тәуелсіз Қазақстанда ғаламдық маңызы бар шараларды өткізгелі отырғаны бірінші рет емес. Ірі жобаларды жүзеге асыруда тәжірибеміз де жетерлік. Мұндай әлемдік көрменің өткізілуі – Қазақстанның және Астананың беделінің өскенінің тағы бір дәлелі. Елбасы бұл мәселеге тікелей назар аударып, нақты міндеттер жүктеп отыр. Аграрлық сала мамандары да бұл көрмеде біршама ғылыми жетістіктерін ұсына алады. Өйткені біздің мемлекетіміз­дің аграрлық потенциалы өте зор. Біз ға­лам­­дық экономи­ка­лық даму көшінен қал­мауға тырысуымыз керек. Мұны әлемдік тәжіри­бенің өзі көрсе­тіп отыр. Қарыштап даму үшін басқа елдер­мен қарым-қаты­настарды күшейту керек. Мұндай жан-жақты байла­ныстар ел эконо­микасының бәсекелестік қабілетіне үлкен талаптар жүк­тейді. Заман талабына бейім­деліп, көштен қалмау үшін өндірісті жаңаша ұйымдастыру қажет. Аталған ұйымға кіру талаптарын белгілеуде отандық өндірістің құлдырамай, ілгері дамуына мүмкіндік бере­тін жағдай­лар қарастырыл­ғаны орын­ды.
– Жуырда жарияланған Мемлекет басшысының «Қазақ­стан-2050» стратегиясында ең жаңа агротехнологияларды қолдануға бағытталған орта және ірі тауарлық ауылшаруашылық өндірісін құру жөнінде мәселе қойылған болатын. Осы бағытта жасалып жатқан нақты қандай қадамдар бар?
– Еліміздің ауыл шаруашылығында қордаланған мәселелер әлі де жетерлік. Қазіргі қалыптасқан жағдайда Елбасының қойып отырған талабы өзекті мәселе болып отыр. Бүгінде ауылшаруашылық саласында өндірілетін өнімнің 75%-ы ұсақ шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесінде. Ұсақ шаруа­шылықтарда заманауи технологияларды қолдану мүмкін емес, сондықтан еңбек өнімділігі төмен, өнімдерінің өзіндік құны жоғары, табыстары ұдайы өндірісті инно­ва­циялық жолмен жалғастыруға жеткілік­сіз. Сондықтан ірілендірілген өндірісті аграрлық сектордың барлық салаларында қалыптастыру – өзекті мәселелердің бірі. Ауылшаруашылық өнімдерін өндіру, олар­ды қайта өңдеу өндірісін ұйымдастыру инновациялық технологияға негізделу үшін олардың шоғырлану деңгейін жоға­рылатып, агроқалашықтар қалыптастыру қажет.
Осы орайда мемлекет ұсақ кәсіпорын­дар мен жеке кәсіпкерлерді орта деңгейге көшіру үшін жағдай жасап, оның алғы­шарт­тарын қалыптастыру талабын қойып отыр. Осы талаптарды орындаудың басты жолы – ұсақ шаруаларды кооперацияға біріктіріп, кластерлік бағыттарды дамыту. Кооперацияға бірігу – әлемде кеңінен дамыған әрі тиімділігімен қолдау тауып келе жатқан жүйе. Сондықтан да біз үшін тығырықтан шығудың жолы ауылшаруа­шылық кәсіпорындарын инновациялық жолмен дамытуға, өндірісті әртараптан­дыру, салалық құрылымын оңтайлан­ды­руға және ауыл тұрғындарын кооперация ісіне жаппай араластыруға ынталандыра­тын экономикалық шараларды жасау деп білеміз. Осыған байланысты түйткілдер қазіргі кезде талқыланып жатқан «Коопе­рация туралы» заң жобасында қарас­тырыл­мақ. Оны қабылдау аграрлық сек­тор­дың әртүрлі салаларында коопера­тив­тер құруға мүмкіндік береді. Ал универ­сите­тіміздің ғалымдары кооперативтің түрлері мен формаларын негіздеуге, оның жұмысы мен кірісін құрылтайшылар арасында әділ бөлуді реттейтін заңдық құжаттарын да­йын­дауға, кооперативтің тиімді жұмысына қажетті инновациялық технологияларды дайын­дап, оны өндіріске енгізуге қызмет көрсете алады. Ал өнімнің бір түрін өндіру, өңдеу мен сату салаларында шұғылданатын кәсіпо­рындардың кластерге бірігуі өндіріс­тің тұрақты дамуына, ресурстарды ұтымды пайдалануға, еңбек өнімділігін арттыруға негіз болады.
– Тілектес Исабайұлы, сіз кезінде Мәскеудегі А.Н. Костяков атындағы Бүкілодақтық гидротехника және мелиорация ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында білім жетілді­ріп, кандидаттық диссертация қорғаған ғалымсыз. Бүгінде еліміздегі жайылымдық жерлер­дің көлемін ұлғайтып, оны суландыру үлкен проблемаға айналып отыр. Бұл мәселені қазақ ғалымдары қаншалықты зерттеген? Маман ретінде осы мәселені оңтайлы шешу үшін қандай нақты ұсыныстар айта аласыз?
– Қазақстанның ауылшаруашылық бағыттағы жерлерінің көлемі өте ауқымды. Табиғи ресурстарымыз да мол. Десек те, бүгінгі күні 180 млн гектар жайылымның 40 млн гектары жарамсыз болып отыр. Мамандардың айтуынша, осыдан 20 жыл бұрын елімізде 55 мыңдай құдық болған. Бірақ қаржылық дағдарыс кезінде көбінің жұмысы тоқтап қалған. «Агробиз­нес-2020» бағдарламасы аясында 2020 жылға дейін 8 миллион гектар жайылым айналымға ендіріліп, 4 мың құдық қазу жоспарланып отыр. Осы орайда мал және егін шаруашы­лығын да­мы­ту үшін жайылымдық, шабын­дық және егістік жерлеріміздің көлемін ұлғайтуды жан-жақты ойластырып, ғылыми негіздеу қажет. Мұндағы ең басты пробле­ма – сол жерлерді суландырып, құнарын арттырып, пайдалануға қолайлы жағдай жасау. Еліміздің әр аймақтағы климаттық ерекше­ліктері мен география­лық жағда­йы­на бай­ланысты ондағы табиғи су көзде­рі мен қор­лары әрқилы. Сондықтан да жерасты және жерүсті сула­рын тиімді пай­даланып, шаруашылық­тардың жұмысын жанданды­руға нақты ғылыми ұсыныстар керек.
Өткен ғасырдың 60-70 жылдары Қазақ ғылым академиясына қарасты Гидрогео­логия институты мамандары бұл мәселені терең зерттеп, нақты тұжырымдар жасап, бірқатар ғылыми еңбектерін жариялаған.
Бұл саланы терең зерттеуші бірден-бір ғалым, Қазақстандағы гидрогеология мектебінің негізін салған академик Уфа Ахмедсафин болатын. Ол – жерасты су көздерін, олардың пайда болу, қалыптасу, таралу заңдылықтарын ашқан үлкен ғалым. Сондай-ақ жерасты суларын кар­таға түсіру, гидрогеологиялық карталар­ды жасаудың жаңа тәсілдерін қарастырып, гидрогеологиялық болжамдаудың негізін қалап кеткен. Уфа Ахмедсафин ұсынған басты теориялық және әдістемелік қағида­лар тұңғыш рет Қазақстанның түбегейлі гидро­геологиялық болжам карталарын жасауға мүмкіндік берді, бұрын сусыз деп саналып келген шөл-шөлейт аймақтарда көптеген су көздерін ашуға негіз болды. Оның ең­бек­тері Қазақстан мен Орта Азия­ның шөл­ді аудандарының жерасты су көз­дерін, олар­дың пайда болу және қалыптасу заң­дылықтарын анықтауда бірден-бір ғы­лы­ми тұжырым болып есептеледі. Со­циа­лис­тік Еңбек Ері атанған Уфа Меңдібайұлы бастаған мықты ғалымдардың кезіндегі орасан еңбектерін қазіргі уақытта бүгінгі жағдайымызбен ұштастырып, шаруашы­лық­ты жүргізуге, қажетті жерлерді сулан­дыру ісіне кеңінен пайдалануға болады.
Еліміздің табиғи ресурстарын зерттеп, оның ішінде өсімдіктер генетикасы және селекциясымен айналысқан тағы бір көрнекті ғалым – қазақтан шыққан тұңғыш биология ғылымының докторы, қоғам қайраткері, ірі ғылым ұйымдастырушы Кәрім Мыңбаев. Ол кісі өткен ғасырдың 40-жылдарында жайылымды жерлерді игеру жөнінде «Бетпақдала шөлі» деген көлемді еңбек жазып, осы күнге де жарам­ды көптеген мәліметтер қалдырып кеткен.
Тіршілік көзі саналатын су мәселесін жіті зерттеген ғалымның бірі, өзімнің ұста­зым, қоғам қайраткері, техника ғылым­ының докторы, профессор Лашқар Тәжі­баев болатын. Бұл кісінің негізгі ғылыми еңбектері су мәселелерін шешуге, ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етуге, егістік жерлерді суландыруға және мәдени жайылымдарды автоматтандыруға арнал­ған. Лашқар Есенқұлұлының «Қазақ­стан­ның ауылшаруашылық аудандарын сумен қамтамасыз ету және суландыру» атты 300 беттік үлкен еңбегінде де қазіргі ауылша­руашылық ғылымына қатысты көптеген қажетті дүниелер бар. Өзім де гидромелио­рация, гидротехника саласы­ның маманы болғандықтан, бұл мәселені жақсы түсіне­мін. Жеке тәжірибе жүргізген, үлкен ға­лым­дармен бірлесіп зерттеген еңбектерім де бар. Мысалы, «Қазақ­станның құрғақ жайылымдық жерлерін игеру жобаларын экономикалық-эколо­гия­лық бағалау» атты еңбегімде еліміздегі ірі жайылымдық жерлер мен су ресурстары жайлы көптеген мәселелер қамтылған деп ойлаймын.
Қарап отырсақ, бізде осы уақытқа де­йін мықты ғалымдарымыздың арқа­сында кең-байтақ жеріміздің қай жерінде қандай өзен-көл, суқойма мен құдықтар бар, қай жердің астында қандай су қоры бар – барлығының да нақты картасы жасалған.
– Дегенмен су ресурстарының бұрын жасалған карталары бүгінде толықтыруды, нақтылауды қажет ететін шығар?
– Әлем кеңістігіндегі орын алып отыр­ған табиғаттағы өзгерістер, су ресурс­тары­на әсерін тигізуде. Бұл мәселені ғылыми негізде зерттеулер мен сараптамалар, түрлі тәжірибелер жасау арқылы өз кезе­гінде шешіп отыру керек. Таулы аймақ­тармен қатар, шөлейт жерлерде аққан суларды гидротехникалық құрылғылардың көмегімен шағын су тоспалары мен қойма­ларына жинау арқылы да шаруаға қолай­сыз жерлерде де мал өсіріп, егін егуге мүмкіндіктер туғызуға болады. Осы бағыт­та өз жұмыстарымызды әлемдік тәжіри­белердің жетістіктерімен ұштастыра білсек ұтарымыз көп болмақ.
Қазіргі уақытта Мәжілісте «Жайылым туралы» заң жобасы дайындалу үстін­де. Осындай заң жобаларын дайындау барысына нағыз мамандар тартылып, тұжырымы дәл ғылыми еңбектер негізге алынуы тиіс деп ойлаймын. Сондықтан да осындай заңдарға шикілікті араластырмай, лайықты дәрежеде қабылдай алсақ, онда ауыл шаруашылығында қордаланған біраз проблемалар өз шешімін табар еді. Мұны айтып отырған себебім, біз қазір жайы­лым­дық жерлерімізді қалай кеңітеміз, оларды қалай суландырамыз деген мәсе­леде бәрін басынан бастап, қайта жаңалық ашқандай болмауымыз керек. Қазақ ғалым­дарының бұрынғы тұжырымдары мен арнайы жасаған карталарына, бай тәжірибелері мен ғылыми потенциалына сүйеніп отырып, заманға сай инновация­лық жобалар жасауды қолға алуды кешік­тірмеуіміз керек. Сондай-ақ су көздерін тиісті жерлерге тартып, жеткізу үшін жыл­жымалы гидроқондырғылар мен шағын электрстансылар қызметін барынша жұ­мыл­дыру қажет. Біз су қорларын молайтып, жайылымдық жерлерімізді ұлғайту бары­сында жел, су, күн энергияларын мүмкінді­гінше балама қуат көздері ретінде пайда­лануымыз қажет. Тіпті малдың қиы мен өсімдіктердің қалдығынан биогаз өндіріп, тұрмыс пен шаруашылықта қолдануға болады.
– Аграрлық сала мамандары  бірқатар аймақтарында бірнеше рет бас қосып, келелі ғылыми-тәжірибелік семинар-кеңестер өткізіп жүргендігінен хабардар­мыз. Мұндай жиындарда негізінен нендей проблемалық мәселелер талқыланды, нәтижелері қандай?
– Кез келген мәселе ақылдасып, кеңесіп отырып шешіледі. Сондықтан біз Шығыс Қазақстан, Алматы, Оңтүстік Қа­зақ­стан, Қызылорда облыстары әкімдікте­рі­мен тығыз байланыста болып, семинар-кеңестер өткізіп тұрамыз. Бұл – жай ғана ғалымдар мен шаруалардың басқосуы емес, ол алдағы күннің нәтижесіне жұмыс істеу, әр аймақтың ғылыми-технологиялық жаңалықтарға, консалтингтік қызметке, кадрларға деген сұранысын анықтау, соған сәйкес жұмыс бағдарламаларын жасау. Онда айтылған ұсыныс-тілектер ескеріліп, мемлекеттік деңгейде бірқатар жобалар мен бағдарламалардың механизмдері жетілдіріліп, кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Мұндай ғылыми-тәжірибелік жиындардың негізгі мақсаты – өндіріс пен ғылымның өзара байланысын нығайту, аграрлық саланың өнімділігін арттыруға қатысты шараларды жетілдіру. Қазіргі кез­де заман талаптарына сай барлық сала­лар­да ғылыми-инновациялық технология­лар енгізілуде. Бұл ретте біз қарапайым малшы мен ауылдағы еңбек адамдарын заманауи үрдістерге тартуымыз керек. Сонымен бірге жетекші аграрлық универ­ситет негізінде бізде 87 докторант пен 579 магистрант оқып жатыр. Олар – болашақта ауылға заманауи технологиялар мен жаңалықтар әкелетін үлкен күш. Осы жастарды оқыту барысында біз әлемдік озық тәжірибелермен қатар, аталып өткен аймақтардың жергілікті экономикалық жағдайларының ерекшеліктерін де еске­рудеміз. Университетіміздегі Фермерлер­дің жоғары мектебі республика бойынша 68 мыңға жуық фермерді консалтингтік қызметпен қамтып отыр. Ғылым мен білімді өндіріспен өзара үйлесімді етпей, біздің экономикалық тұрғыдан ілгерілей алмасымыз анық. Ендігі кезекте біз бүгінде төрт түлік малдан алынатын ет, сүт, тері, жүн өнімдерімен өзімізді ғана қамтамасыз етіп қоймай, мүмкіндігінше оларды сапалы етіп сыртқа экспорттау мәселелерін қолға алуымыз керек. Әрине, ең бірінші кезекте азық-түлік қауіпсіздігі дұрыс жолға қойы­луы тиіс. Бұл үшін, әрине, терең ғылыми тал­даулар мен инновациялық технология­лар қажет. Мал өнімдерін экспорттау үшін  біздің өнімдеріміз әлемдік стандарттарға сай болуы шарт. Қазіргі уақытта осы бағыт­та мемлекет көптеген игі істерімізге жан-жақты қолдау білдіріп отыр. Қазақстанның географиялық жағдайы да сыртқы нарықты дамытуға қолайлы. Сондықтан да біз бәсекеге қабілетті өнімдерімізді сыртқы нарыққа шығаруды жүзеге асыруымыз керек. Бұған еліміздің мал шаруашы­лығының әлеуеті жетеді деп сенемін. Қай салада болсын өзгемен бәсекеге түсуге мүмкіндігімізді арттыра алсақ ел эконо­микасын бұдан да ары жетілдіре түспекпіз. Сондықтан да жаңа технологиялық жетіс­тіктерді дер кезінде өз өндірісімізде пай­далана алуымыз керек.
– Әңгімеңізге рақмет.

Алашқа айтар датым...
Бүгінгідей жаһандану үрдісі қарқын алған заманда ғылым-білімге деген сұраныс та күшейді. Жаңа заман әр салада жаңашыл ізденістерді талап етуде. Мысалы, ауылшаруашылық саласындағы ескі тәсілдердің орнын баса бастаған нанотехнологиялардың өзі бүгінде біздің күнделікті тұрмысымызға еніп келеді. Елімізде қабылданған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы ғылыми-техникалық серпіліске жол аша бастады. Қазіргі әлемдік ғаламдану үдерісі экономиканы дамытудың жаңа модельдерін талап етуде. Ең басты талаптардың бірі білім, ғылым және өндіріс салаларын жоғары деңгейде интеграциялау болып табылады.
Өндірісте жаңа технологияларды игеру – бүгінгі күннің басты талабы. Қазақстанның аграрлық саласының сыртқа өнім шығару мүмкіндігі мол. Өндіріс пен ғылымды байланыстыру мәселесінде де әлеуетіміз баршылық. Бүгінде әлемнің көптеген елдері дағдарысқа тап болып, азық-түлік тапшылығын көре бастады. Экспортты күшейту үшін бұл мүмкіндікті жіберіп алмауымыз қажет екеніне сезінуіміз керек.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста