Ғалымын сыйламаған ел өзінің болашағына балта шапқанмен парапар
Ақтолқын ҚҰЛСАРИЕВА, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің оқу істері жөніндегі проректоры, философия ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі:
– Ақтолқын Тұрлыханқызы, елімізде Тәуелсіздік алған жылдардан бері ғылым саласын дамытуға бағытталған кешенді түрде мемлекеттік бағдарламалар қабылданып келеді. Министрлік тарапынан білім мен ғылымды дамытуға арналған реформалар қабылданды. Осы салада орындалған жұмыстарға ғалым ретінде, сарапшы ретінде пікіріңізді ортаға салсаңыз.
– Ғалым ретіндегі пікірім былай: геологияда тектоникалық (терең жер қыртысының) қозғалыстар деген түсінік бар яки жер бедерін түбегейлі өзгерістерге алып келетін жердің терең қойнауындағы күрделі қозғалыстар, меніңше, ғылым саласын жетілдіруде сондай іргелі істер жасалып жатыр. Расында, солай демегенде не дерсіз, білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың айтуынша, 2011 жылы ғылымды қаржыландыру көлемі 26,8 млрд теңгені құраса, 2012 жылға 49,7 млрд теңге бөлініпті. Демек, қаражаттандыру көлемі 61 пайызға өскен.
2015 жылға қарай ғылымға кететін шығыстар жалпы ішкі өнімнің 1 пайызын, ал 2020 жылы 1,5 пайызын құрайтындығы жоспарланып отырса, бұл үлкен жетістік деп қуану керек.
«Ғылым туралы» Заң ғылыми саланы басқарудың жаңа да тиімді моделін бекітіп берді. Білім және ғылым министрі: «Жаңа заң бізге жаңа бағыт береді», – деп кеңестік жүйенің қалдығы ретінде ұзақ жылдар бойы жасанды түрде жоғары білім жүйесінен бөлініп келген академиялық ғылымды, дамыған елдер тәжірибесіне жүгіне отырып, бірте-бірте университеттік ғылыми ортамен біріктіру идеясының жемісті болатындығын баса айтқан болатын.
Ғылыми-ізденістерді коммерциялаудың тәжірибесі мен тетіктерін меңгеру үшін де қабылданған заңның берері көп дей отырып, министр 400-ден астам ғылыми ұйымда жұмыс істейтін 22 мың ғалымның ендігі жерде құрдан-құр өткенді көксеп қана емес, қазіргі шындыққа икемделе жұмыс жасауы керектігін айтты. Жетекші ғалымдардан тұратын ғылыми-техникалық сараптаманың болуы да ғылыми жобалар мен бағдарламалардың қарастырылу барысын жеңілдетіп, іріктеу кезіндегі әділдікті арттырды.
Ғылыми-зерттеулерді қаржыландыру тетіктерінің әртараптануы да келелі мәселелерді шешу құралына айналғанын айту керек. Гранттық қаржыландыруды енгізіп, министрлік әлемде қабылданған жүйеге басымдық берді. Ғылымға, нақты зерттеулерге жұмсалатын шығындармен қатар, мемлекеттік ғылыми ұйымдар мен ЖОО-лардың ғылыми инфрақұрылымдарының коммуналдық төлемдерін, әкімшілік шығындарын, қызметкерлерге беретін жалақысын жабатындай негізгі қаржыландыру көзінің болуы да біраз мәселені жеңілдетті. Каржыландырудың бағдарламалық-мақсаттық тетігі мемлекеттік бағдарламаларда көзделген немесе өзге де жоғары деңгейлі құжаттарда көрсетілген стратегиялық маңызы бар мемлекеттік міндеттерді шешу үшін қызмет етеді. Осылардың барлығы – ғылыми-зерттеулер сапасын қамтамасыз ету үшін жасалып отырған кешенді іс-шаралар. Қарап отырсақ, құзырлы орган – министрлік құқықтық жағын, ресурстар мен ұйымдастыру құрылымдарын реттеп берді, ендігі жерде қалған дүниенің барлығы біздің ғалымдарымыздың ынта-ықыласында, олардың әлемдік ғылыми тренділерді аңғара білуінде және ғалым ретінде қатаң тәртіптілікпен, еш нәрсені шашау шығармай кешенді зерттеулердің көзін тауып үйлестіре білуінде жатыр.
Ғылыми дәрежелерді ғылымнан мүлде алыс адамдарға беру меңдей бастаған сәтте кандидат-доктор даярлаудың дәстүрлі жүйесін бұзу қаншама ғалымға ауыр тигенін мен жақсы білемін. Сөйте тұра, бұл шараның үлкен мәжбүрліктен туындағанын, асқан қамкөңілділікпен жасалғандығын да түсінемін әрі жақын болашақта өзінің қазақ ғылымына пайдалы болғандығын көрсетеді деп сенемін. Қазақстанның жетекші университеттерінде PhD докторлардың даярлануы, олардың алыс шетелдік ірі университеттерде тағылымдамадан өтуі, ғылыми байланыстардың нығаюы соның куәсі емес пе?!
– Қазақстан Орталық Азия елдері ішінде серпінді дамуды стратегиялық мақсат еткен, сол мақсатқа жету жолында экономикалық реформаларды табысты іске асырған мемлекет ретінде танылды. Ал елдің рухани, өнегелі, интеллектуалды дамуы тұрғысында біз артта қалып қоймадық па?
– Жоқ, бірақ кеңестік идеологияның орнын не басар екен деп абдырып тұрып қалған сәттің болғаны рас. Қоғамдық-экономикалық күрделі өзгерістер аясында ондай-ондай талай мемлекет басынан өтті ғой. Дегенмен Елбасының жыл сайын халқына арнап отырған жолдауларында идеологиялық бағдар беріліп отырғаны кімге де болсын белгілі. Бірақ соны идеология тасымалдаушы көздер арқылы: көркем шығармалар, ғылыми ізденістер арқылы, БАҚ өнімдері арқылы, ұйымдастырылған іс-шаралар арқылы көпшілікке таратып, танымал ете алдық па – бұл өз алдына мәселе.
Қазіргі шақта еліміздің қарқынды жаңғыру (модернизация) жағдайында идеология қазақстандық қоғамды бір тудың астына жинап, ортақ азаматтық бірлестікке бас біріктіруші императив болуы тиіс шығар. Бұл тұста идеологияны сонау марксистік тұрғыдан қарастырғандағы қандай да бір таптық әлде партиялық мүддені көздеу жолы деп емес, біртұтас қоғам құрудың тарихи-мәдени тәсілі деп қабылдаған жөн.
АҚШ еш уақытта идеология деп айғай салмағанымен, «бiз бәрiнен мықтымыз, бiз бәрiнен биiкпiз» деген үстемдікке саятыны байқалады емес пе?! Оған ақпараттық-экономикалық қауқары да жеткілікті. Франция да «бiздiң мәдениетiмiз бәрiнен мықты, біз ең мәдениеттi халықпыз» деп көкірек кереді, жапондар да, қытайлар да өзін әлемнің дәп ортасына қойып, басқалармен ісі жоқтығын танытып-ақ жатады. Кеше ғана дерлік «есін жиып, етегін жапқан» Израильдің өзі қаншама ғасырлық құлдықты басынан кеше жүріп, «бiз Құдайдың назары түскен халықпыз» дейді. Біз де Қазақ елі – Жерұйық деп яки бақытқа кенелген мамыра-жай құтты мекен деп жерімізді мадақтасақ неміз кем?! Қазақ та Тәңірі жарылқаған ел десек, оның жері нағыз жаннат – Жерұйық десек, ал жұрты интеллектуал ұлт десек жараспай ма?! Жарасады! Солай болады да! Солай қылуымыз керек деп білемін. Ол үшiн не қажет? Бiрiншiден – береке-бірлік; екiншiден – ғылым-бiлiм, инновацияға жаппай жанқұмарлық; үшіншіден, ақ-адал еңбекке деген құрмет қажет.
– Шетелдерге ғылыми тәлімгерлікке шығып жүрген ғалымсыз. Көңілге түйген пайымдауыңыз бойынша еліміздегі ғылым мен білім дамуына оң ықпал етуі тиіс әрі кедергі келтіріп отырған факторларды атап талдасаңыз.
– Оң ықпал етуі тиіс дүниелер көп қой... Жалпы айтқанда, дамыған елдерде болып келген кез келген адам мемлекеттің өз азаматтарына жағдай жасауға қатты тырысатындығын байқап, «бәрі де адам игілігіне жасалған» деп таңғалады. Ол ұран емес, нақты жағдай болуы тиіс.
Ғылыми жұмыстың соған жіберген ақшаның өлшеміне шаққандағы нәтижелілігінің келесідей дәйекті көрсеткіштері бар: жарияланымдар саны, жарық көрген ғылыми жұмысқа сілтеме жасау саны. Ғалымның жасаған жұмысына деген ғылыми көпшіліктің назары, әлемдік ғылыми тренділерге қатысты-қатыссыздығы содан белгілі болады. Жарияланымдық белсенділік, нақтылап айтсақ, әлемдік деңгейдегі рецензияланатын әрі сілтемелері көп ғылыми журналдарда жариялану іргелі зерттеулердің сапалық көрсеткіші болып отыр.
Болашақта ғылыми институттарды және лабораторияларды халықаралық аудиттен өткізу де қажет болар деп ойлаймын. Сонда олардың бәсекеге қабілеттілігі бірден анықталады. Жемісті ізденіс топтарына деген сұраныс артады. Ондай ғалымдарды өз қатарында ұстау үшін талай университеттер таласатын болады, нәтижесінде ғалымдардың жұмыс жағдайы жақсарады.
Интеллектуалдық миграция – жаһандану жағдайында заңды дүние. Академиялық ұтқырлық, мобильділік туралы ести-ести құлағымыз үйренгені рас, енді ғылыми ұтқырлық туралы айтатын кез келген болар. Жас ғалымдардың өзінің зерттеуіне жақын әрі пайдалы ғылыми ұжымдармен байланысын қамтамасыз ету үшін арнайы «трэвел-гранттар», яғни бару-келу жолын, жатағына кететін қаражатты көтеретіндей ақша бөлінуі тиіс деп ойлаймын әрі оны бөлу процедурасын неғұрлым жеңіл ету қажет. Ол үшін, ең бастысы, ғалымға деген құрметпен қатар сенім де қажет!
Шетелде ғылыми-ұйымдастырушылық жұмыс жақсы жолға қойылған: лабораториялық жабдықталу деңгейі, қаражаттандыру деңгейі жоғары, өз ғылыми қызығушылығы бойынша ғалымның кез келген елдегі, жердегі семинар-конференцияларға қиналмай бару мүмкіншілігі анық, профессор ғалымдарға жақсы жұмыс жағдайы жасалған – аптасына 9-10 сағат сабақ береді де, қалған уақытында ғылыммен айналысады, әр профессордың жайлы да жабдықты кабинеті бар... Sabbatical – басқа елге ғылыми ізденісі бойынша бару үшін немесе кітап жазып шығу үшін 1 жыл көлемінде берілетін міндетті шығармашылық демалыс тағы бар, tenurе-track – «өмірбақилық» профессорлығы тағы бар...
Біздегі жауапкершіліктің аздығы, уақытты үнемдемеу, қойылған мақсаттардың нақтылығының жеткіліксіздігі әлі де болса «әттеген-ай» дегізеді ғой. Жоғары кәсібилік, қойылған міндеттерді дер кезінде шешу сынды заманауи менеджерлік қасиет, сыни көзқарас пен ғылыми талғамның қалыптасуы – өте маңызды процесс.
Шетелдерге іссапармен барғанда талай таңғалатыным – олардағы ғалымға деген сенімнің жоғарылығы. Біздер іссапар куәлігін көтеріп жүріп, мөр басып бер деп жалынғандай боламыз барған университетімізге, олар мөр таба алмай (өйткені ол жақта қол қойылған соң, оны қосымша мөрмен растаудың қажеті шамалы) дал болады, сөйтіп, екі жақтың әбігерге түсіп жатқаны. Сонда олар бізге деген талаптарды түсіне алмайды, «сіздердің ұшып келу-кету билеттеріңіз бар, сонда сіздердің осы университетте немесе ғылыми орталықта болғандықтарыңызға неге күмән келтірілуі керек» дейді. Біздер басқан ізімізге құжат іздеп, суретке түсіп (нақты айғақты көрсетеміз ғой деп) әуреленеміз де жатамыз. Сенім жоқ жерде бәрі де қиын...
– Мәдениеттану саласындағы көсемсөздеріңіз бен ғылыми еңбектеріңіз көпке танымал. Бүгінгі ақпараттық қоғам, білім қоғамын құру жолында мәдени үрдістердің алатын орны туралы таратып айтып берсеңіз.
– Болашақта экономикаға еңбекке қабілетті тұрғындардың 20-30 пайызы ғана қамтылатын болады. Қалған бөлігі оқуға, өзін-өзі дамытуға ден қояды, қоғамдық еңбекпен шұғылданады. Мәдениет, өнер, рухани аяда қызмет ететін адамдардың экономикадағы үлесі айтарлықтай артады деген болжаулар айтылады. Білім, ақпарат кез келген экономиканың басты бөлігіне айнала отырып, қоғамда зияткерлердің және мәдениет қайраткерлерінің әлеуметтік тобының басымдық көрсетуіне әкеледі дейді. Бұл басымдық тек саясатқа, басқаруға ғана қатысты емес, сонымен қатар жекеменшікке де қатысты болмақ. Жекеменшік тұрғысынан алғанда, зияткерлік меншік өнеркәсіп, қаржы, жылжымайтын мүлікке деген меншікті шетке ығыстыра отырып, меншіктің билеуші формасына айналады деген де сөз бар әрі негізсіз емес деп ойлаймын. Оның меншіктің басқа формаларымен арақатынасы жүздеген мәрте өзгерері анық. Америка Құрама Штаттарының өткен ғасырдың 80-жылдары білімге, онымен қосарлас ақпараттық және коммуникациялық жүйелерге дер кезінде тізгін беруі АҚШ-тың дәл қазірде экономикалық серпіліс жасауына түрткі болды.
– Ақтолқын Тұрлыханқызы, таяуда ҚР ҰҒА корреспондент-мүшелігіне сайландыңыз. Әңгіме барысында сізді оқырмандар атынан құттықтаймын.
– Көп рақмет! Ғылым жолына түскен кез келген адам үшін бұл атақ үлкен мәртебе болып табылатындықтан, Ұлттық Ғылым академиясына корреспондент-мүше болып сайлану мені қанаттандырды десем артық айтпаған болар едім. Сонау Платон академиясынан бастауын алып жатқан ғалымдардың ең мәртебелі қауымдастығына мүше болу – мен үшін философ ретінде мағынасы зор, рәмізді оқиға.
Ғылымды дамытудың академиялық дәстүріне университеттік жаңа қарқын келіп қосылса, меніңше, нұр үстіне нұр болады деп ойлаймын. Қай кезде де ғылым ордасы, ғылыми-мәдени дәстүр көзі болған Ұлттық Ғылым академиясына, оған мүше академиктер өздерінің тәуелсіз дербес ойлылығымен, сыни көзқарасымен, ғылым саласындағы асқан абыройымен халықты тәнті еткен Ұлттық Ғылым академиясына мүше болу үлкен сенім және маңызды жауапкершілік деп қараймын.
– Ұлттық Ғылым академиясына сайлау соңғы 17 жыл ішінде кең көлемде алғаш рет өткізілді. Ғылым академиясы Ғылым министрлігі – Ғылым академиясы, мемлекеттік мекеме және республикалық қоғамдық бірлестік болып үш рет өз мәртебесін ауыстырды. Осындай реформалар еліміздің Ғылым академиясы мәртебесіне, оның ғылым бренді ретінде танылуына кері әсерін тигізері анық. Сіз ғалым ретінде академиялық үрдістердің жаңғыруы, толығуына қандай ұсыныстар айтар едіңіз?
– Ғылым академиясының мәртебелік түр өзгерістері бір біздің Ғылым академиямызға ғана емес, жалпы, посткеңестік әлемнің барлығына да тән үрдістер ретінде қабылдағандықтан, асқан драматизм көріп тұрған жоқпын. Өзгерістер заман талабына сай туындағандықтан, оған икемделе білген академия өзінің өміршеңдігін танытып отыр деп білемін. Біздің академияға үлгі болған, Петр патша негізін қалаған Ресей Ғылым академиясының алғашқы мүшелерінің қандай жас болғанына таңғаласың... Атап айтсақ, математиктер Л.Эйлер мен Д.Бернуллилер 20 жаста, тарихшы Ф.Миллер — 22, механик Н.Бернулли 25 жаста, тағысын-тағылар... Біздің академия да өз қатарын жасартып алу үшін сайлау өткізіп, ғылым ордасындағы ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету жолында маңызды қадам жасады.
Аты көп, заты жоқ академиялардың қаптағандығының кесірінен бе, білмедім, «академия» ұғымының өзі «девальвацияланғандай», құнсызданғандай болып көрініп кеткен соңғы жылдары, академияның қоғамдағы салмағы, мәртебесі туралы ойлар әр ғалымды мазалап жүрген шақта осындай сайлаудың өтуінің өзі ғылыми жұртшылықты бір сілкіндіріп тастады дей аламыз. Енді осы жақсы жаңалықтар болашақ тиімді іс-шараларға мұрындық болар деген үміттеміз.
Сайлау нәтижесін жариялап тұрып Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынұлының айтқан сөздері маған үлкен әсер қалдырды: ұлттың интеллектуалды қазынасы болып табылатын, дәстүрін Қаныш Сәтбаевтар қалаған бірегей ұжымның өкілі болғандығымды сезіндірді. Оның үстіне, академик апайымыз Әлия Сәрсенқызының осы сайлауда қыздардың сырт қалмағандығын атап өтіп, қазақтың ғалым қыздарының атынан академияға арнаған алғыс сөзі де өте қатты тебірентті. Мен үшін идея болып көрінетін, басқалар идея фикс деп ойлар, таяз ойлайтын әлдебіреулер үшін, бәлкім, феминизм де болып көрінер, әйтеуір бір жұмылдырушы, жігерлендіруші ой бар. Ол – қазіргі қазақ қыздарының ер адамға бергісіз белсенді азаматтығы, қайраткерлігі, іскерлігі, жанкештілігі. Талай ер адамды өзіме қарсы қойып алармын, сонда-дағы «Айтпаса сөздің атасы өледі» демекші, мен азды-көпті өмірлік тәжірибемнен байқадым: өзіне-өзі сенімді, көкірек көзі ашық, жан сарайы кең ер-азамат әйелді тек әйел деп қабылдамай, оның терезесі тепе-тең серіктес ретіндегі, азамат ретіндегі, сенімді де адал жолдас бола білетін жаны нәзік тұлға ретіндегі қырын аша біледі, оны қалғандарына көрсете де біледі. Ал психологиялық заңдылыққа сай, білесіздер, санадан тысқары терең жатқан жойқын қуатты қатпар – бейсаналық деңгейде сыр беріп қоятын кембағалдық комплексі бар еркек, сырт қарағанда мың жерден қоқиланып тұрса-дағы, әйелді тұлға деп қабылдай алмайды. Өйткені тұлғаны тану үшін өзің тұлға бола білуің керек деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет.
Алашқа айтар датым...
Ғалымын сыйламаған, мәдениетін әлпештемеген ел өзінің болашағына балта шапқанмен парапар. Ендеше, қалтасы қалың болғанмен, көкірегі көр пақырды емес, инемен құдық қазғандай бейнеті бар ғақлиялы ғалымды, азаматтығы мықты ақынды ардақтаңыздар, ағайын! Оларға да гүлзарды күткендей күтім керектігін естен шығармау қажет.