Ғаламдық апаттың алдын алуға болады, бірақ ол үшін адамзаттың санасы өзгеруі керек

Әділ АХМЕТОВ, Парламент Сенатының депутаты:

– Әділ Құрманжанұлы, еліміз ЕҚЫҰ-ның тізгінін ұстап тұрған шақта ұйымның іс басындағы төрағасының мұсылмандарды кемісіту және шеттетумен күрес жөніндегі арнайы уәкілі болғаныңызды білеміз. Әңгімемізді осы мәселе төңірегінен бастасақ қалай? Жалпы, батыс мемлекет­теріндегі мұсылмандардың жай-күйі қандай деңгейде?
– Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымы елдерінде исламды кемісіту оқиғалары әлі бар. Бұл мәселе жөнінде АҚШ, Канада Англия, Германия секілді біраз мемлекеттерде зерттеу жұмыс­тарын жасадық. Биыл Италиядағы діни ахуалға біраз үңілдік. Алдымызда Украина, Франция, Австрия және Швей­цария мемлекеттері тұр.
Жалпы, Еуропадағы мұсылмандардың жағдайы онша емес. Әсіресе Солтүстік Африкада болып жатқан саяси дүмпулер­лердің салдарынан босқындар саны көбейіп отыр. Тунис, Египет, Ливия елдері­нен тоқтаусыз босқындар кетіп жатыр. Йемен, Марокко тағы бар. Оның үстіне, осы аймақта азаматтық соғыс жүріп жатқан мемлекеттер де жоқ емес. Мұндай оқиға­лар Сирия, Бахрейн секілді елдерде ушығып тұр. Осындай босқындардың барлығы дерлік Еуропаға ағылып жатыр. Көбі Италияға келіп жатыр. Себебі бұл ел – Солтүстік Африкаға өте жақын жатқан мемлекет. Мысалы, Италияға қарасты Лампедуза аралында бар-жоғы 5 мың халық тұратын болса, келіп жатқан бос­қындардың саны одан ондаған есе жоғары. Сол себепті бұл аумақта жағдай қатты ушығып тұр. Италия амалсыз көрші ел­дерден көмек сұрауға мәжбүр болып отыр. Бірақ қай мемлекет өзіне жауапкершілік алғысы келеді? Сол себепті бұл мәселе әлі де жабық күйінде қалуда. Сөз арасында айта кетейін, бұдан бұрын Еуропаға жылы­на 1 миллионға жуық мұсылмандар келе­тін. Олардың саны соңғы жылдары тіптен көбейіп кетті. Тек бір Германияның өзінде бірнеше миллион түріктер тұрып жатыр.
Еуропа мемлекеттерінің кейбірінде мешіт мұнарасын салдырмайды. Мұсыл­мандар намаз оқитын жер жоқ, жабық алаңдар мен гараждарда ғибадат етіп жатады. Себебі көшеде намаз оқуға тыйым салынған. Мысалы, Францияда қоғамдық орындарда хиджаб киюге тыйым салынған. Қит етсе, оңшыл партиялар шу көтеруге дайын тұрады. «Германия – немістер үшін!» немесе «Франция – француздар үшін!» деп үндеу салып жатады. Бірақ бұларды да қаралауға болмайды. Кез келген мемлекет өзінің ұлттық қауіпсіздігін ең бірінші орынға қояды емес пе? Шеттен келген келімсек ешкімге ұнай бермейді. Олар өздері келген мемлекетке экономикалық ауыртпашылық әкеледі. Келімсектер өзінің дінімен, дәстүрімен, мәдениетімен келеді. Бұл – өте үлкен мәселе. Тілді білмеген соң, олар жұмысқа да орналаса алмайды, мектепке де бара алмайды. Италия дәл қазір осындай ауыр жағдайды бастан кешіп отыр.
– Жасыратыны жоқ, соңғы уақыттарда «адамзатқа қауіп қайдан» деген сұраққа жиі ұрынатын болып барамыз. Ғаламдық экология төңірегінде тұшымды пікір білдіріп жүрген ғалым ретінде не айтар едіңіз?
– Адамзатқа төнер қауіп көп. Бірақ соның ішінде үш факторды ерекше атап өткім келеді. Ол – климаттың өзгеруі, азық-түліктің жетіспеуі және энергетикалық қауіп. Бұлардың салдары өте қиын болайын деп тұр. Қалған факторларлар да бар­шылық. Бірақ олар алдыңғылардай онша маңызды емес.
Қазір ауа райы мен жалпы жаһандық климаттың өзгеруі жиілеп бара жатыр. Бұл – өте үлкен қарқынмен жүріп жатқан үрдіс. Ең қорқыныштысы осы болып тұр. Былтыр құрғақшылықтан Татарстан мемлекеті бір сабақ дән алған жоқ. Ресейдің біраз жері өртенді. Экологияның бұзылғаны сонша­лық, бұрын Атлантикадан шығысқа қарай жүретін циклон тоқтап, оның орнына солтүстіктен оңтүстікке немесе солтүстіктен Африкаға қарай соғатын циклон пайда болды. Желдің бағыты өзгерді. Солтүстіктегі мұздар еритін болса, Гольфстрим жылы ағысы тоқтап қалуы әбден ықтимал. Ондай жағдайда Еуропаның көп мемлекеттері мұздың астында қалуы мүмкін. 2007 жылы Солтүстік Мұзды мұхиттың Ұлыбритания­ның жер көлеміндей аумағы еріп кеткенін біреу білсе, біреу білмес. Бас-аяғы бір-ақ жылдың ішінде табиғи құбылыс орын алды. Осындай қарқынмен жүре берсе, 2030 жылы Солтүстік Мұзды мұхиттағы Гренландияның мұзы түгел еріп кетеді. Олай болған жағдайда, әлемдегі мұхиттар мен теңіздердің деңгейі бес метрге көтеріледі екен. Бұл өте үлкен қауіп екені дау тудырмайды.
Тура осындай жағдай қазір Антарктикада да байқалып отыр. Мұндағы мұздықтар да көз ілеспес шапшаңдықпен еріп жатыр. Антарктиданың мұзы түгелдей еритін болса, теңіз деңгейі тағы жеті метрге көтеріледі екен. Мұндай жағдай, бетін аулақ қылсын, бола қалса, ғаламдық апат баста­латыны даусыз. Аралдар түгел су астында қалып, мұхитқа жақын орналасқан мем­лекеттердің халқы түгелдей босқынға айналады. Экологиялық босқынға ұшырағандардың саны 850 миллионнан 1 мил­лиардқа дейін жетеді. Бұл цунамиден де жаман. Ондай босқындарды ешкім де тоқтата алмайды. Оған ешқандай шекара, ешқандай армия тосқауыл бола алмайды. Олардың жағдайын жасауға бірде-бір мемлекеттің шамасы келмейді. Міне, осын­дай жағдайлар қазір белең алып барады.
Өрт оқиғалары да көбеюде. Бұл – құрғақшылықтан. Үлкен өзендер сарқылып келеді. Топырақ эрозияға ұшырап отыр. Ормандар азайып кетті. Орман ғалам­шарымыздың өкпесі емес пе? Бір ғана мысал, әлемдегі ең алып жасыл аймақ Амазонка орманының 30-40 пайызы жойылып кетті. Осының кесірі түбінде экологиялық босқындыққа алып келе ме деген қауіп бар.
– Ең үлкен қауіп түбінде экологиялық босқындардан келуі мүмкін дейсіз ғой?
– Иә, түбінде экологиялық босқындар саны көбейеді. Демек, адамзаттың өзі эко­логияға кері әсер ететін ықпалды факторға айналып отыр. Мысалы, сонау мұхиттың ар жағында жатқан Америка халқының саны әлем халқының 5 пайызын ғана құрайды. Алайда сол АҚШ әлемдік ресурстардың 40 пайызын пайдаланады екен. Енді бұл үрдіске Қытай қосылып отыр. Айналасы біраз жылдың ішінде Американы басып озатын түрі бар. Оның өкшесін басып Үндістан, Пәкістан, Индонезия секілді мем­лекеттер келе жатыр. Кезінде «америкалық арман» деген түсінік болғаны белгілі. Ол «төрт адамға – үш көлік» деген ұғымға сай келеді. Қытай осыған жақындап қалды. Бұл мемлекеттің сұранысын толық жабу үшін әлемде өндірілетін барлық мұнайдың өзі жетпейтін жағдайға келе жатырмыз.
– Мұндай ғаламдық апаттың алдын алуға бола ма? Бәлкім, өмір сүру формасын өзгерту керек шығар?
– Жоқ, адам баласы өмір сүру формасын өзгерте алмайды. Бәрібір табиғатқа тәуелді жаратылыспыз. Тек қана тұтынушымыз. Ең өкінштісі, адамзаттың демографиялық өсімі биосфераны күйретуге әкеліп отыр. Бізді одан бір ғана фактор құтқара алады.
– Ол қандай фактор болуы мүмкін?
– Адам санасын өзгерту қажет. Сана өзгермей, ештеңе өзгермейді. 2012 жылы Майя күнтізбесі бойынша, 5126 жылдық цикл аяқталып, жаңа дәуір басталады. Бұл 21 желтоқсанға дөп келеді. Бұл күнді майялықтар «алтыншы күн» деп атайды. Бір қызығы, 2012 жылдың 21 желтоқсанын кейбіреулер «ақырзаман», «апокалипсис» деп ұрандатып жүр. Бірақ бұл олай емес. Әлгі күн – 13 циклдан тұратын ұлы циклдың аяқталатын кезеңі. Бұл күні күн мен түн теңеледі. Күн жүйесіндегі планеталар шеруі басталады. Яғни олар галактиканың ортасын кесіп өтетін бір сызықтың бойына тізбектеледі. Осы кезде белгілі бір табиғи құбылыстар болуы мүмкін. Мысалы, планеталардың тартылысы бар емес пе? Жердің кішкентай ғана серігі – Айдың өзі күллі жер ғаламшарындағы суды ары-бері шайқап тұрған жоқ па? Күніне екі рет жағалаудан алып кетіп, қайта алып келеді. Ақырзаман туралы дақпырттың бәрі жоғарыда айтылған планеталар тізбегінен туындап отыр. Шындығында, магниттік инверция болуы мүмкін. Жердің магнит өрісі өзгеріп кетуі де ғажап емес.
Күллі галактика мүшелден шығайын деп отыр. Дәл сол күні, яғни 2012 жылдың 21 желтоқсанында күллі галактика мүшел­ден шығады. Ал осы галактикада адам баласы да өмір сүріп жатыр. Дәл сол кезден бастап адамзат санасы әбден өзгеріп кетуі мүмкін. Менің айтып отырған «саналы түрдегі өзгеріс» деп отырғаным – осы.
Табиғаттың балансы сақталуы тиіс. Мынадай бір деректер келтіре кетейін, Африканың мемлекеттерінің бірінде орман-тоғайлар кесіліп біткен кезде су мүлде тартыла бастаған. Сол жерге ағаш отырғызған соң, су балансы бірте-бірте орнына келіп, эко-жүйе қайта қалпына келген. Ғаламдық апаттан Жер шарын жасыл­дандыру арқылы ғана құтылуға болады. Демек, өмірге саналы түрде басқаша қарауымыз керек. Батыс елдері бұдан сабақ ала бастаған тәрізді. Жапо­ниядағы алапат жарылыстан кейін көптеген мемлекеттер ойлана бастады. Германия соңғы 17-АЭС-ін жауып жатыр. Ал біз керісінше, «АЭС саламыз» деп ұран­датудамыз. Бір сөзбен айтқанда, «жерді таусылмайтын ресурс көзі» деп қарайтын сыңаржақ түсініктен арылуымыз қажет.
– Соңғы 20 жылдан бері құпия сырға толы майя тайпасы туралы зерттеп келесіз. Осы салада ғылыми жаңалыққа бергісіз еңбектер де шығардыңыз. Бұл қадамға сізді не итермеледі? Бәлкім, түп негізімізден бір үндестік таптыңыз ба?
– Мен Америкада үш жылдан астам уақыт қызмет еттім. Сол кезде Америкадағы «үндістердің» мәдениетіне көңіл бөлдім. Өйткені «Үндістер Азиядан келген» деген гипотеза бұрыннан бар ғой. «Осы гипотеза рас болса, «үндістер» Азиядан келсе, Азия­дағы ең үлкен халық түркі халықтары емес пе?» деп ойлайтын едім. Осындай оймен Аризона университетінің кітапхана­сында көп жұмыс жасадым. Сонда қазақ тілінен сабақ беріп жүргенмін. Күндердің күнінде Дисс Ауэр деген 68 жастағы бір студентім, арғы тегі неміс: «Сабақтан кейін маған бес минут уақыт бөлесіз бе?» – деп сұрады. Жөн сұрастық. Сөйтсем, оның әкесі көп жылдар бойы Ыстамбұлда саудамен айналысқан екен. «Кімнің жерін жерлесең, соның суын ішесің» демекші, Дисс Ауэр әкесімен бірге жүріп, түрікше үйреніп алған екен. Түркінің бір бұтағы деп өзінше жақын тартып жүргені ғой. Сосын менің Қазақ­станда, Хан Тәңірінің етегінде туғанымды біліп: «Тауды жақсы көреді екенсіз ғой, тауға барып қайтайық», – деп ұсыныс жасады. Өйткені Тусонның айналасы түгел тау ғой. Сөйтіп, жолға шықтық. Келе жатсақ, жолдағы бағанда «Баба тоуак» деген белгі тұр. Соны суретке түсіріп алдым. Себебі «Тоуак» сөзі «тау» сөзімен үндес секілді көрінді. Қырғыздар «тоо», түрікмен, әзербайжан, түріктер «даг» дейді. Үзеңгі жолдасымнан мағынасын сұрасам, «Бақа тау» деген сөзді білдіреді екен. Осылайша, үндістер тарихын зерттеуді бастадым. Тілдерін зерттеп, сөздіктерін сапырып отырып, 360-тай ұқсас сөз тауып алдым. Оның ішінде «кел», «кет», «бояу», «құда», «балдыз», «тұлым» деген сөздер бар екен. Топонимдерін қарап отырсам, 138 жер атауы «тепек» сөзімен тіркеседі екен. Біздің­ше – «төбе». Түрікмендер – «дебе», түріктер «тепек» немесе «тепе» дейді.
Осы үш жыл ішінде ойға түйгендерімді «Байырғы америкалықтардың алтайлық тегі» деген атаумен кітап қылып шығардым. Осылайша, Қазақ елінің Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына өзімше үлес қостым. Бұнда «2012» туралы материал бар. Алтай мен байырғы Майя өркениетінің сабақ­тастығы бар. Сондай-ақ майялық­тар­дың сәуегейлігі, астрономиясы, күнтізбесі бар. Олардан асқан математиктер бол­маған. Бес мың жыл бұрын «нөлді» алғаш рет пайдаланған да – солар. Соның барлығын тасқа басып, жазып кеткен.
– Бұл кітап ғылыми жаңалыққа бергісіз құнды дүние болды ғой. Бар құпиясының кілтін өздерімен бірге тарих қойнауына жасырып қалған майялықтар мен түркі халық­тарының арасындағы байланысты осыншама тереңде жатыр деп кім ойлаған. Бұл жаңалығыңызды қоғам қалай қабылдады?
– Кітап жақында ғана басылып шықты. Оған дейін де жиған-тергендерімді әртүрлі БАҚ беттері мен ғылыми басылымдарда жариялаған болатынмын. Жалпы, біздің қоғам өзі қызық қой. Селт ететін дүниеге селқос қарап, түкке тұрғысыз бірдеңелерге бола қопарылып жатады. Қоғамның қалай қабылдайтынын болашақта көре жатар­мыз.
 Ал ежелгі майялықтардың бізбен – Алтай халықтарымен тарихи байланысы үлкен ғылыми зерттеуді қажет етеді. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Ежелгі бабаларымыз Солтүстік Америкаға cу арқылы емес, жермойнақ арқылы өткен. Кезінде Азия мен Солтүстік Американың арасында ені 50 мильдік жермойнақ болған. Олар сол жермойнақ арқылы көш­кен. Кейін мұз еріген соң, ол жерде бұғаз пайда болған.
Майялықтардың 17 түрлі күнтізбесі бар. Солардың ішінде 13 санына негіз­делген әр айы 28 күннен тұратын, 13 айлық 364 күндік ерекше күнтізбесі бар. Ондай күтізбе – бір рет ілсең, өмір бойы тұратын тұрақты күнтізбе. Ал біз пайдаланып жүрген «Григорий күнтізбесі» сынап тәрізді. Ол – ғылыми негізі жоқ, жасанды календарь. Ал батыста «13» санын құбыжық көреді. Шын мәнінде, осы «13» мызғымайтын галактикалық тұрақты сан. Тұрақтылықтың белгісі. Оның дәлелдері: Ай жерді жылына 13 рет айналады. Әйел затының физикалық құбылысы да жылына 13 рет келеді. Мойныңнан екі тобығыңа дейін 13 буын бар. Яғни «13 саны – мүшел» дегенді білдіреді.
Америкалық «үндістердің» Алтайдан кеткенін айшықтайтын тағы бір жайт бар. Майялықтардың 260 күндік киелі күнтізбесі бар. Ол – ана мен нәрестенің күнтізбесі. Жатырға түскен ұрық пен баланың өмірге келу арасы –260 күн. Яғни тоғыз ай, тоғыз күн. Аталмыш күнтізбе осыдан пайда болған тәрізді. Мұндай санау жүйесін олар бізден алып барған.
Бұғаз пайда болған соң, кейін мәдени байланыс үзіліп қалған. Алтай халықтары мен америкалық «үндістердің» туыстығын генетикалық зерттеулер де дәлелдеп отыр. Тұқымқуалаушылық қасиеті мен ДНК-сына дейін келеді. ДНК ұқсастығы 90 пайыз болып отыр. Сонымен қатар, ең үлкен ұқсастық – «түркілік көк белгі» балалардың жамбасындағы көк дақ осы америкалық үндістерде де бар.
Мен кітабымды жазу барысында «лингвистикалық тұрғыдан дәлелдерім аз болар» деген оймен антропология, гене­тика, краниология (бас сүйек), тіске қатыс­ты ұқсастықтарын түгел зерттеп шықтым. Кітап жұқа болғанымен, беретін мағлұматы мол деп айта аламын.
– Ойсаларлық сұхбатыңызға рақмет!

Оқшау ой
Ежелгі майялықтардың бізбен, Алтай халықтарымен тарихи байланысы үлкен ғылыми зерттеуді қажет етеді. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Ежелгі бабаларымыз Солтүстік Америкаға cу арқылы емес, жермойнақ арқылы өткен. Кезінде Азия мен Солтүстік Американың арасында ені 50 мильдік жермойнақ болған. Олар сол жермойнақ арқылы көшкен. Кейін мұз еріген соң, ол жерде бұғаз пайда болған.

Керек дерек
Алтай халықтары мен америкалық «үндістердің» туыстығын генетикалық зерттеулер де дәлелдеп отыр. Тұқымқуалаушылық қасиеті мен ДНК-сына дейін келеді. ДНК ұқсастығы 90 пайыз болып отыр. Сонымен қатар, ең үлкен ұқсастық – «түркілік көк белгі» балалардың жамбасындағы көк дақ осы америкалық үндістерде де бар.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста