Ғаламдану үрдісінен ұлттық экономика қауіпсіздігін қамтамасыз етуде кедендік одақтың тарихи маңызы зор

Тоқтар ЕСІРКЕПОВ, экономика ғылымының докторы, профессор:

– 1 шілдеден бастап Кеден ода­ғы мем­лекеттері кеден бекеттерін алып, сырт­қы сауда-саттық қа­рым-қаты­на­сын ашық режимге көшір­ді. Бұл Тәуел­сіздік алғалы бергі эконо­ми­калық да­муы­мыздың тағы бір жаңа белесі деп айт­сақ та болады. Жаңа­шыл­дық­тың өзімен мәні өзгеше өзге­ріс алып келері сөзсіз. Кеден одағы елі­міздің эко­но­ми­ка­сына қандай серпі­ліс әкеледі деп ойлайсыз?
– Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан дү­ние­жүзілік экономиканың құрамдас бө­лі­гіне айнала алды. Негізі, кезінде КСРО құ­ра­мында жабық ел, жабық экономика бол­ған мемлекеттің бүкіләлемдік ашық эко­но­ми­каның құрамдас бөлігіне кіруі оңай ша­руа емес. Сондықтан мұны елі­міз­дің жетістігі деп санауымыз қажет.
Қазір әлемдік экономикада ғаламдас­тыру үрдістері жүріп жатыр. Қарап отыр­са­ңыз, әлемдік тауарлар мен қызметтер экс­пор­тының үштен бір бөлігін бүгіндері үлкен ғаламдық ойыншылар – трансұлттық компаниялар, трансұлттық банктер құрай­ды. Оның үстіне соңғы жылдары жоғарғы қар­қын­мен дамып келе жатқан Қытай, Үндіс­тан, Бразилия, Ресей, яғни БРИК мем­ле­кет­тері секілді басқа да үлкен алпауыт елдер бар. Бұлар басқалармен са­лыстырғанда жаһандық экономиканың басты ойыншысы рөлін компания емес, мемлекеттік квазикомпаниялар, тіпті бүтін мемлекет ретінде атқарады. Яғни бұл елдерде мемлекеттің эко­номикаға қатысуы, субъект ретіндегі нарықтағы рөлі өте жоғары. Әрине, бұл экономикасы шағын және әлсіз мемлекеттер үшін қауіпті. Осы­ған байланысты соңғы кездері Ресейде мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту туралы мәселе көтеріліп жатыр. Ал Қы­тай экономикасында 1979 жы­лы Дэн Сяопин бастаған реформалар бойын­ша мемлекеттік меншіктің, мемлекеттік кәсіп­орын­дардың рөлі ерекше болды. Осы кезге дейін Қытай экономикасының тең жартысы мемлекеттік басқаруға жатады. Демек, олардың компанияларының басым бөлігі – мемлекеттік компаниялар. Міне, ғалам­дастыру кезінде ұлттық экономика осындай жолмен әлемдік эконо­ми­ка­ның құрамдас бөлігі болып отыр. Соның сал­дарынан ғаламдық экономика пайда болуда. Мұндай жағдайда ғаламдастыруға, ғаламдық ойыншыларға әр мемлекеттің төтеп беруі, олармен бәсекеге түсуі, бәсе­кеге қабілетті экономика құру, сапа­сы жо­ға­ры тауар өндіру өзектілік таны­тады. Әлем­дік тәжірибе көрсетіп отыр­ған­дай, ға­лам­­дастыру кезінде осындай үл­кен ға­лам­дық ойыншыларға төтеп бе­ре алатын бір-бір субъект бәсекеге қа­бі­леттілік мүмкіндігі бар аймақтық бір­лестіктер болып табылады. Осы мақ­сат­та Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы­ның, Ресей Феде­ра­циясының және Беларусь Рес­публи­ка­сының басқо­суын­дағы Ке­ден ода­ғы был­тыр жұмысқа кіріскен бола­тын. 1 шіл­деден бастап осы одаққа мүше мемлекет­тер кедендік бекеттерін то­лық­тай алып тастап, біржола бірыңғай ба­ғытта эконо­ми­калық қадамға көшті. Әрине, бұл Тәу­ел­сіздік алғалы бергі экономикалық да­муы­мыздың тағы бір жаңа белесі деп айта аламыз.
Кеден одағының арғы жағында келесі жылы 1 қаңтардан бастап Бірыңғай эко­но­ми­калық кеңістік іске қосылады, одан кейінгі үшінші саты – бірыңғай валюталық жүйе құру. Әзірге оның мерзімі әлі нақты белгіленген жоқ, дегенмен санаулы уақытта осындай жоспарымыз бар. Кеден одағының құрылуы арқылы түбінде үш мемлекеттің шеңберінде Еуразиялық эко­номикалық одақ пайда болады. Осы жа­ғынан алғанда, ғаламдастыру процестеріне қарсы тұру, ғаламдық экономикадан ұлт­тық эконо­ми­ка­ның қауіпсіздігін қам­та­масыз ету жағынан бұл басқосудың үлкен тарихи маңызы бар деп айтуға болады.
– Бұл – сыртқы факторлар, ал ішкі эко­­номикалық қарым-қатынаста жүр­гізілетін біріздендіру саясаты аталған одаққа мүше мемлекеттердің өзара бә­секелес болуына әкеліп соқпай ма?
– Әрине, одақ болғаннан кейін әр мем­ле­кеттің алдында ортақ проблемалары болады. Бастысы, бұл арадағы мақсат – әлем­дік шаруашылықтан, әлемдік на­рықтан аталған одақтың өзіне лайықты орнын алуына қол жеткізу. Ол үшін Кеден одағына енген елдердің алдында тұрған жалпы ортақ проблемалар бар. Ол – ең алдымен, экономиканы диверсификациялау, өйткені үш мемлекеттің екеуінің экономикасы (Ресей, Қазақстан) шикізаттан түсетін табысқа байланып тұр, осыны өзгерту тұрғысынан бәріміз бірлесе іс-қимылға көшуіміз керек. Одан кейінгісі – ұлт­тық мүддені сақтап, отан­­дық кәсіп­орын­дар­ды, өз тауарлары­мыз­дың бәсекеге қа­білеттілігін, эконо­ми­камыздың по­тенциалын дамыту арқылы шетелдік тран­с­ұлттық корпорациялар мен тағы бас­қа ғаламдық ойыншылардың экспанциясына төтеп беру, өзіндік өнім мен табыс ар­қылы хал­қымыздың әл-ауқатын арт­ты­ру­ға тырысу. Яғни бұл арада біз бірге дамуды көздейміз. Ол үшін әр мемлекет өзінің ұлттық экономикасын өзара көкпарға салады. Өзіңіз айтқандай, үш мемлекеттің өзара бәсеке­лестігінің көрсеткішін барлау үшін әр мем­лекеттің ұлттық экономикасы толықтай қалыптасты ма, әлде жоқ па – соны анық­тасақ, жетіп жатыр.
– Ал біздің ұлттық экономи­ка­мыз­дың деңгейі қандай? Одақ ара­сындағы бәсекеге қабілетті ме?
– Биыл еліміз Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығын тойлайын деп жатырмыз. Бір қарағанда, бұл көп мерзім болып көрін­генімен, мемлекеттік құрылыстың даму процесі үшін соншалықты ауқымды уақыт емес. Менің ойымша, осы 20 жыл барысында біз ұлттық экономикамызды толық­тай қалыптастырып үлгерген жоқпыз. Оның өзіндік себептері де бар. 90-жылдары на­рық­қа өту кезеңі болды, нарықтық эко­но­ми­каның негіздері қаланды, соған сәйкес жаңа құрылымдар іске қосылды. Тек 2000 жылдың басынан бастап экономикамыз өсе бастады. Яғни жыл сайын жалпы ішкі өнім шамамен 10 пайызбен өсіп келді. Бұл кезде негізінен шикізат секторына арқа сүйедік. Ал шикізат секторы шетелдің капиталы, солардың инвестициялары мен технологиялары, білікті мамандары үшін қыз­мет жасады. Мәселен, ма­мандардың есептеуі бойынша, мұнай және газ сек­то­рын­дағы меншіктік құры­лымды алып қарас­тыратын болсақ, оның 88-90 пайызы шетелдік инвесторлардың қолында екен. Ше­телдің капиталын нарық­қа жегіп отыр­ған кезде біздің ұлттық капиталымыз толық дәрежеде дамыған жоқ, дамып үлгере алмады. Өйткені біз бәрін тақырдан бастадық қой. Сондықтан мемлекетті ая­ғынан тік тұр­ғызып жіберу үшін бізге көп қаржы керек болды. Ал өз қолы­мызда ол кезде ондай мүмкіндік болған жоқ. Сол себепті ше­телдік инвесторлардың, солар­дың ин­вес­тициясының келуіне мүдделі болдық.
– Дегенмен билікті шетелдіктердің қолына бермеген бізде секторлар бар емес пе?
– Иә, мемлекет белгілі бір деңгейде ұлт­тық капиталдың дамуына қолдау көр­се­тіп отырды. Сондағы ұлттық капитал­дың еншісіне бұйырғаны – өңдеуші сала, құ­ры­лыс, банк, ауыл шаруашылығы, ин­фра­құ­ры­лымдар және бірден табыс бере алмайтын өсімі баяу, әлемдік үлкен сұ­ранысқа ие емес секторлар. Дегенмен бұл салалар бүгіндері аяғынан тік тұрып кете алды деп айта алмаймыз.
– Әлемдік қаржылық дағдарысқа дейін банк секторы қарыштап дамыды емес пе?
– Ұлттық капиталды айтқан кезде, шынымен де, дамыған сектор ретінде банк саласын атауға болады. Сол банк секторы арқылы 2000 жылдары (әлемдік қаржы дағ­дарысына дейін) елімізге сырттан үлкен инвестиция, қаржы келді. Соның арқа­сын­да елімізде ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілді, тұрғын үйлер салынды, сауда және басқа да қызмет ету секторлары дамыды. Өтпелі кезеңнен кейінгі экономи­камызға жан бітіп, жұмыс беруші салалар көбейді. Алайда әлемдік қаржылық дағ­дарыс орын алғанда бұл сектор есеңгіреп қалды. Оның үстіне мұндай дағдарысты бұрын басымыздан өткермегенбіз, тәжі­рибеміз жоқ, сондықтан бұл бағытта біршама қиындықтар туындады. Бірақ мем­лекеттің көмегінің арқасында қазір банк секторы қайтадан жандана бастады. Бұл – көз қуантарлық жағдай. Мұндайда осы секторды да шетелдіктерге беріп жібермесе деген тілегіміз бар. Сондай-ақ табысты сала ретінде өзін-өзі танытуы тиіс – агро­өнеркәсіп кешені.
Соңғы жылдары бұл секторға мемлекеттен көп қаржы бөліне бастады. Әсіресе дағдарыс жылдарында ұлттық қордан арнайы 1 млрд доллар бөлініп, оған мал бор­дақылау кешені салынып, мал-тауар­лық фермалар құрылды. Бірақ бұл нысандар бүгіндері қаңырап бос тұр.
– Неге?
– Себебі бұл салада алға қойылған істер аяғына дейін жеткізілмей жатыр. Яғни мемлекет тарапынан көрсетілген көмек бол­машы дүние болып қалуда. Ұлттық эко­номиканың құрамдас бөлігі ретінде аг­ро­өнер­кәсіпке мемлекет қажетті дең­гейде жағдай жасауы тиіс. Соған мүдделі болуы керек. Мысалы, Кеден одағына мү­ше ел­дер­ді алалық, Ресейдің ауыл шаруа­шы­лы­ғына жұмсалған мемлекет қаржысы ауыл­ша­руашылық өнімдердің жалпы құ­нының 6 пайызын құраса, Белоруссияда 18 пайызын мемлекеттің ақшасы құрайды. Ал біз­дің ауыл шаруашылығына құйылған мемле­кет қаражаты ауылшаруашылық өн­ім­дердің жалпы құнының бар-жоғы 4 па­йызын құрайды. Оның үстіне мемлекет қол­­дауы негізінен үлкен шаруашылықтарды ғана қамтыған. Яғни «ҚазАгро» АҚ арқылы берілетін мемлекет көмегінен орта және шағын ауыл шаруашылық құралымдар құралақан қалып жатыр. Оған бұл қар­жының біздің шаруаның қолына жетуіне дейінгі былық-шылықты қосыңыз. Ал Белоруссия мен Ресейде Ауылшаруашылығы банкі құрылған. Бұл банк мемлекеттен бөлінген ақшаны шаруаның қолына тікелей ұстатады. Ал бізде бұл қаржы салалық министрлік, одан кейін «ҚазАгро» АҚ, оның ен­шілес компаниялары, коммер­ция­лық банк­тер және тағы басқа құрылымдар арқылы ауылға жетемін дегенше, олардың пайыздары ондаған есеге қымбаттап кетеді. Әрине, одан кейін көршілердің ауыл­ша­руашылық тауарлары біздің нарықты жау­лайды. Ал біздікі ішкі нарықтың сұ­ранысын да қамтамасыз етуге жарамай жатыр. Осыдан шығатын қорытынды, бі­ріншіден, Ресей мен әсіресе Беларусьтің ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамы­ған. Екіншіден, бізбен салыстырғанда ол­ар­дың экспорттық әлеуеті өте жоғары. Үшін­шіден, жоғарыда цифрмен көрсет­ке­німдей, ауыл шаруашылығы кешеніне мемлекеттік деңгейде бұл мемлекеттерде жоғары көңіл бөлінеді.
Сондықтан Кеден одағына енген екенбіз, бәсекеге қабілеттілікті арттыру өзектілік танытып тұр екен, онда басқа салалармен қоса, ауыл шаруашылығына да бөлінетін мемлекеттік көмектің көлемін міндетті түрде арттыру керек деп есептейміз. Оған мемлекетіміздің мүмкіндігі жеткілікті деп ойлаймын. Таяуда Парламентте Бірыңғай экономикалық кеңістіктің кезіндегі аграр­лық нарықта бірыңғай саясат жүргізу туралы құжат қабылданбақшы. Осы заң­на­ма­лық нормативті талқылау кезінде мемлекеттен агросекторға бөлінетін қар­жыны 10 пайызға көтеру жөнінде мәселе қозғалған болатын. Меніңше, осы көлем біздің ауыл шаруашылығымызға ауадай қажет. Әйтпесе ауылға мемлекеттен бө­лінетін несібе өте төмен. Бұл – біріншіден. Екіншіден, осыдан екі жыл бұрын агрокешен стратегиялық сала ретінде танылып, арнайы заңға өзгеріс енгізілді. Оның алдында Елбасы: «Агрокешен – басымдық берілетін сала», – деп атап өткен өз сөзінде. Сондықтан ауылға енді көптеп қаржы бөлінуі тиіс. Ал бұл қар­жыны тікелей ауыл­ға апаратын жол банк болуы керек. Мұндай банктер ауыл­ша­руа­шылығы дамыған ел­дердің бәрінде дерлік бар (АҚШ, Ресей, Қытай және т.б.) Бұл ұсынысты вице-премьер Ө.Шөкеев, бұрын­ғы ауыл шаруа­шылығы министрі А.Күріш­баев, қазіргі министр А.Мамытбеков секілді биліктегі адамдардың өзі қолдап, көтеріп жүр. Бірақ солардың қаржыгерлерге шамасы жетпей жатыр. Екінші деңгейдегі банк­тер, Қар­жылық қадағалау агенттігі, Ұлттық банк «бізге арнайы банктің керегі жоқ, оның тәуекелі жоғары болады» деп қор­­қы­тады. Ал, шындығында, олар осы ба­ғыттағы транш­тан, яғни ауыл ша­руа­шы­лығына бе­рілетін қаржыдан айырылғысы кел­мейді. Сондықтан бұл бағытта мемлекет саяси шешім қабылдауы қажет.
– Қалай дегенмен де, Кеден ода­ғы­ның іске қосылғанына бір жылдан астам уақыт өтті. Осыдан қандай да бір нәтиже шығаруға бола ма?
– 2010 жылы Кеден одағы өз жұмысын бас­тады. Меніңше, бір жылдың ішінде сауда-саттық қарым-қатынасында анау айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Мысалы, осы бір жылдағы нәтижелерге қарасаңыз, 2010 жылы ҚР сыртқы сауда айналымы 26,6 пайызға, яғни 19,1 млрд долларға өсіпті. Егер бұл арада экспорт пен импортты бөліп алатын болсақ, экспорттың өсімі – 38,4 пайыз, ал импорттікі – 8,4 пайыз.
Жалпы, экономикалық өсімге екі фактор – шығарылған тауардың физикалық көлемінің өсуі және оның бағасының өсуі әсер етеді. Бұл арада өсімге әсер етіп отырғаны, негізінен, тауардың көлемі емес, оның бағасы болып тұр. Егер экс­порттың өсімін алып қарасаңыз, 2010 жылы әлемдік бағаның өсуінің арқасында мұнайдың бағасы – 38,8%-ға, мырыш пен болат – 24%-ға, болат қорытпасы 31,8%-ға өсті. Ал натуралдық түрдегі өсім – 7%. Яғни экспорттың құрылымында он­ша үлкен өзгеріс жоқ. Мысалы, отын эн­ер­гетикалық тауарларының экспорты – 69,8% (40,8 млрд $), металдар мен одан жасалатын бұйымдар – 13,5% (8,1 млрд $), химиялық өнімдер үлесіне 5,1% тиесілі (3 млрд $). Жалпы алғанда, экспорттың 84 пайызын шикізат құрайды.
Импорттың негізгі құрылымы – мұнай өнімдері, машина құрал-жабдықтары, азық-түлік тауарлары, электромашиналар, қара металдан шығарылған бұйымдар.
Ал саудадағы әріптестеріміздің тауармен қамту көлемі экономиканы диверсификациялау бағытында қолға алған жұ­мыстарды жеделдетуді талап етеді.
Мысалы, Қазақстанның басты экспорт­тық саудадағы әріптестері – Еуропалық одақ, Ресей және Қытай. Яғни Қазақстан тауарларын сатып алатындар – Еуропалық одақ елдері, олардың үлесінде – 50,4% (30,8 млрд $), Қытай – 16,9% (10,1 млрд $), Ресей – 9% немесе 5,4 млрд $. Қазақ­станға ең көп өнім Ресейден келеді. Им­порт­тың 39 пайызы осы елге тиесілі. Ал Еуропалық одақ – 23,5%-ды, Қытай – 12,9%-ды құрайды. Біздің Ресейге тасы­мал­дайтын экспортымыз 9-ақ пайызды қамтиды. Ал бұл көршімізбен арадағы импорттық үлес – 39%. Міне, осыдан-ақ біз­дің экономикамыздың шикізаттық еке­нін анық байқауға болады. Тағы бір жағы­нан, бұл цифрлардан біздің өңдеуші сала­ның дамымағаны, дайын өнімдерді аз шығаратындығымыз, оны көбінесе Ресейден және тағы басқа елдерден алатын­ды­ғымыз көрініп тұр. Әсіресе сырттан келетін тауардың 39 пайызын Ресейдің құрауы біз үшін жақсы нәрсе емес. Өйткені Кеден одағында бұл көрсеткіш өздігінен көбейе түсері анық. Сондықтан Үкімет қолға алған Үдемелі индустриялық-инновациялық да­му бағдарламасы аясындағы жобаларды тезірек жүзеге асырып, дайын өнім­дердің көлемін көбейтіп, шикізаттық емес тауарларды молынан шығарып, етек-жеңімізді тезірек жинамасақ, Ресей Кеден одағы шеңберіндегі өзінің мүмкіндігін ұтымды пайдаланып, біздің нарығымызды жаулай береді.
– Жоғарыда ұлттық экономикамыз толықтай қалыптасып үлгермеді де­діңіз. Онда, шынымен де, Кеден одағы аясындағы өзара бәсекеден бізге қа­уіптену керек қой...
– Жалпылай алғанда, одаққа кіру қажетті процесс сияқты. Солай дегенмен де, ұлттық капиталымыз толықтай қалып­таспағандықтан, бізге, ең алдымен, ұлттық мүдделерді дамытуға басымдық беру керек деп ойлаймын. Мысалы, Еуропалық одақтың негізі 1951 жылы Париж декларациясымен қаланған болатын. Алдында ол Құрыш-болат қауымдастығы болып құрылды. Одан кейін Кеден одағынан бастап саяси одаққа айналғанша олар көп­теген даму сатысынан өтті. Бәрінен бұрын олардың саяси одақ болатындығы әу бастан белгілі еді. Ал біздің жағдайымызда саяси одақ туралы айтылмайды. Бірақ алдын ала құрылған процестер сол саяси одақтың құрамдастары екенін анық аң­ғартып отыр. Ендеше, бізге осы мәселені тал­қылап алу қажет. Бертінге дейін Кеден одағы туралы сөз жүзінде айтып, оны орындалмайтын нәрсе секілді көрдік. Сондай жағдайда осы одаққа еніп те кеттік. Бірақ ұлттық мүддені ұмытпауымыз керек қой. Сол маңда талқылау жүргізуіміз тиіс. Сон­дықтан ғалым ретінде Еуразиялық экономикалық одақты құрғанымызға де­йінгі даму сатылары арасындағы уақыт­ты біршама керіге шегере тұрса деген тілегім бар. «Асықпаған арбамен қоян алады» деген қазақта жақсы сөз бар. Ата-баба­мыздың осындай ұлағатты сөздеріне құлақ салсақ, одан ұтылмаймыз деп ойлаймын. Оның үстіне бұл одақ экономикалық одақ­­тан саяси одаққа айналып кетпеуі біздің еліміз үшін аса маңызы бар. Өйткені ол – Қазақ елі Тәуелсіздігінің кепілі.
– Басында Кеден одағына мүше мемлекеттер Дүниежүзілік сауда ұйы­мына бірге кіреміз, одан кейін бөлек енеміз деп мәлімдеді. Сіздіңше, бізге осының қайсысы тиімді?
– Қазақстан 1996 жылдан бастап Дү­ние­жүзілік сауда ұйымына кіруге дайындық жасап келеді. Бұл бағытта көптеген елмен келіссөздер жүргізіп, соңғы жылдары әне-міне кіреміз деп те жүрдік. Одан кейін Кеден одағына енетін болған соң, сондағы пози­цияларға жалтақтай бастадық. Осы одақ құрылатын кезде, одан кейінгі кезеңде де ДСҰ-ға бірге кіреміз деген әңгіме айтылды.
Негізі, ДСҰ-ға мүше 150-ден астам ел бар. Осы күнге дейін бұл одаққа мемлекет­тердің бірігіп кіргені туралы факт тіркелмепті. Сондықтан болар, ДСҰ басшылығы Кеден одағының бұл ұсынысын қабыл­дамады. Меніңше, біздің елімізге ДСҰ-ға жеке-дара енген әлдеқайда тиімді. Шикізатты ел ретінде Кеден одағына мүше мемлекеттердің ұқсастығы бар шығар, бірақ жоғарыдағы цифрдан-ақ өңдеуші сала бойынша олқылығымызды қорғау жағынан позициямыз әртүрлі болады. Сондықтан ДСҰ-ға түбінде жеке кіргеніміз дұрыс деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Бір кеңес
Биыл бірінші рет ел тарихында өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етушілерге арналып мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Сол бағдарлама аясында бөлінген қаржыны шағын несие беру арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етуші азаматтардың өз бизнесін ашуына мүмкіндік жасау қарастырылған. Бұл арада өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың 57 пайызы ауыл азаматтары екенін баса айта кетейін. Бұл – елең етер жаңалықтардың бірі. Сонымен қатар таяуда ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков «Жеке қосалқы шаруашылықтағы малдарды ұрықтандыруды мемлекеттің қаржысымен жүзеге асырамыз», – деп мәлімдеді. Негізі, осыған дейін мемлекет бұл мәселеге мойын бұрған емес. Бірақ әлгі күнге дейін ауылшаруашылық өнімдердің негізгі бөлігін (70-80 %) үй шаруашылығы мен шаруа қожалықтары өндіріп келеді. Осының ішіндегі үй шаруашылығы осыған дейін бірде-бір рет мемлекеттен көмек алып көрген жоқ. Парламентке төрт-бес жыл бұрын Үкімет осыған қатысты арнайы заң жобасын алып келген, бірақ оны сол күйі халық қалаулылары мақұлдамады. Егер сол заң жобасы қабылданса, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырғандардың құқығы жеткілікті деңгейде қорғалып, олар өз шаруашылығын дамытуға мүмкіндік алар еді. Сол кезде Кеден одағы аясында Ресей мен Беларусь сияқты ауыл шаруашылығы саласында бәсекеге қабілеттілігіміз артады. Ал бұл мемлекеттер аталған заңды баяғыда айналымға енгізіп қойған.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста