Еуропалық әдебиеттің нәрін Әуезов арқылы алдық

Еуропалық әдебиеттің нәрін Әуезов арқылы алдық

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ, Қазақстанның Халық жазушысы:

– Сіз бір сөзіңізде «Сараң қатынның қолынан шыққандай сыздықтатып бе­реді» деп телеарналардың эфир кес­тесінде ұлттық бояуы қанық дүниелерді беруін сынға алған едіңіз. Жалпы, теле­арналардағы рухани кеңістік туралы не айтасыз?
– Теледидар біздің өміріміздің бөлінбес бір бөлшегіне айналды. Біз баяғыда қағазға көп тесілетінбіз. Түнде кітап оқып, күндіз жазу жазатын едік. Қазір оған көз де, ден­саулық та шыдамайды. Сондықтан оқысам да, жазсам да қағазға күндіз қараймын. Түнде көбінесе теледидарды ермек ететін болдым. Теледидар сенің рухани қажет­тілігіңді өтеуі тиіс. Керек десеңіз, ермек. Орыс­тарда «убить время» деген бар ғой. Уақыт өткізу үшін де керек. Сондықтан теле­дидарға қараймын, өзіңнің рухани сұранысыңды қанағаттандырғың келеді. Бірақ қазақ телеарналарына көңілім тол­майды. Бүгінге дейін бізде бір тәулік ұдайы­мен берілетін ұлттық арна жоқ. Таза мем­лекеттік тілдегі арна ашылса деп айтылғалы да, ашамыз деп уәде бергелі де көп болды. Қазір кабельді жүйеде 60-70 арна бар. Орыс, шет тілдерінде хабар таратады. Соның ішінде бір арна тек қазақ тілінде болуы тиіс қой. Қытайдағы Шыңжаң қазақ­тарында тәулік бойы қазақ тілінде сөйлейтін жеке арна бар. Кейде Қытай қазақтары артта қалды деп мүсіркеп жатамыз. Әйтсе де олар рухани дүниесі жағынан жаман емес. Бізде осы жағы жетіспейді. Ал телеарналардағы бар бағдарламалардың өзі ұсақ-түйекке құрылған.
Сонан кейін теледидарда қазақ әндері мен күйлері аз беріледі. Кейде «Сағын­дырған әндер-ай» деп концерт береді. Аталған концертті қымбат бағаға билет сатып, Республика сарайында өткізеді. Ол кеште Шәмшінің, Әбілахаттың, 60-70 жылдардың әндері шырқалады. Неге сағындырған әндер? Халық өз әнін неге сағынуы керек? Осындай сұрақ туады. Ол әндерді күнделікті неге естіп отырмайды? «Малға кедей болсам да, әнге баймын» деп Шашубай айтпақшы, қазақ ән мен күйге бай халық қой. Телеарна басшы­ларының өздері ән-күй жазылған таспалар мен табақтар қорға сыймай жатыр, қоятын жер жоқ деп айтады. Ал сол ән-жырды неге эфирден қоймайды? Жақсы сұрыпталған әндерді апта, ай сайын естіп отырсақ, ға­нибет емес пе?! Бірақ сараң қатынның бауыр­сағындай аздап қана шашады. Эфирге тамыр-таныстықпен кіріп кеткен әншілер бары байқалады. Солардың бей­небаяндары мен әндері беріліп, тәуірлері көрінбейді. Ырғағы алға шыққан, қиқаң-қиқаң, бір-бірін қайталайтын бір сарынды дүниелер көп.
– Бүгінде Қытайдағы қандас­та­рымыз бірқатар озық жобаларды іске асырып жатқанын байқай баста­дық. Мұның өзі Қытай саясатының қысымы нәтижесінен туындаған «тұяқ серпу» деп қабылдауға бола ма?
– Жалпы, өмір бар жерде ұлт бар, халық бар, әдебиет бар. Өмір дегеніңіз жалғаса береді. Қытайда аумалы-төкпелі талай за­мандар өтті. Мен Қытайда жүрген кездің өзін алғанда «Мәдениет төңкерісі», «Ұлт­шылдарға қарсы күрес» т.т. жұртты қысқан, ұлттың бетке шығар санаулы азаматын «ұлтшыл», «оңшыл», «халық жауы» деп сонау Такла-Макандағы Тарым лагерьлеріне айдаған көп науқандар болды. Сол түрме­лерде 15-20 жыл отырып келгендер көп. Абақтыға жалғыз Қажығұмар емес, жүз­деген, мыңдаған адамдар барды. Қажы­ғұмар – соның біреуі және абақтыда ең көп отырғаны. Ал Мао Цзедун өлгеннен кейін, 80-жылдардан бастап Қытай саясатында өзгеріс болды. Дин Шаопин деген басшы үлкен реформа жасады. Еркіндік берді. Оның пайдалы дүниенің бәрі жаман емес деген қорытындысы бар. Яғни «Ақ мысық болсын, қара мысық болсын, тышқан ұстаса болды» деген қытайлық тұжырымы бар. Негізі, Қытайдың тәмсілдері қара­пайым болады.
Қытай кейінгі кезде кеңшіліктің пай­дасын көріп отыр. Бұрын коммуна кезінде бәрін қысып, ортақ қазанға қаратып қойған ғой. Еркіндік беріп еді, дүр етіп байыды да кетті. Диқандар тамақтың астында қалды. Қазір кекірейе тойына бастады. Өйткені шетелге азық-түлік шығарады. Оның шет жағасы бізге де келеді.
Осы аралықта әдебиеті мен өнері де өркендеп, құлашын кеңге жайып қалды. Рухани дүниесі қалпына келді. Бұрын ай­дауға кеткендерден кешірім сұрап, жақсы қызметтерге қойып, жақсы зейнетақы тағайын­дап жатыр. Қажығұмар мұндай кеңшіліктен құр қалды. Қажекеңнің өткеніне де үш ай болып қалыпты. Ол зейнетақы да, еңбекақы да алмай, елдің садақасымен қысылып-қымтырылып күн көрді. Ата­ме­кеніне жете алмады. Ақыры Шәуешек қаласынан топырақ бұйырды.
Жалпы, Қытай қазақтарында біраз алға жылжу бар. Бірақ тым құлаш жайып жатыр деуге келмейді. Шыңжаң әдебиеті де сондай. Біршама өсу бар, поэзиясы жаман емес, ал прозасында әлі балаңдық бар. Қы­тайдағы қазақ прозасының бастау көзі беріде жатыр. Оның басында Қажығұмар, Рахметолла т.б. жазушылар бар. Соның ішінде бүгінгі деңгейге лайық талант та кездеседі. Мәселен, марқұм Жақсылық Сәми­тұлының «Қаһарлы Алтай» атты кі­табы қайта басылып шықты. Бұл – Оспан батыр туралы жазылған туынды. Әлі дүкенге түсе қойған жоқ. Жақсылық – үлкен жа­зушы. Мен Қазақстанға уылдырық шаш­қалы келдім деймін ғой. Ол да сол үшін елге келді. О жақта жүрсе Оспан батыр­ды жаза алмас еді, жаздырмас еді. Қажығұмардың да «Қылмыс» атты 6 том­дық романы шықты. Ол 2 томын шығар­ғаннан кейін ар жағын жергілікті саясат шығартқызбады. Қалған 4 томын түрмеде отырып жазды. Маған жіберіп отырды. Соңғы екі жылда біраз уақытым осы «Қылмысты» шығаруға кетті. Министр­лікке бару, қаражатын табу, оны жоспарға енгізу, компьютерден өткізіп, арабша қарпінен кириллицаға түсіру, қатесін түзеу оңай шаруа емес. Сөйтіп, Қажекеңнің алдындағы бір парызымнан құтылдым. Көзі тірісінде кітабын көріп кетті. Шыңжаңда осындай серпіліс бар. Бірақ жеке таланттарда ғана. Қалған көпшілігінің дүниелері әлі балаңдау, қорқа жазады. Жалтақтап жазылған шын­дық, толық айтылмаған шындық ақиқат болып санал­майды.
Бірақ қазақ талантты халық қой. Талант қай жерде жүрсе де талантты. Қытайдан да қазақтың жақсы ақындары мен проза­шылары шығуы мүмкін. Кейбіреулері осын­да келіп қатарға қосылып кетіп жатыр. Мен бір жиында «Кілең талантты Қазақстанға жиылып қалдық деп ойламаңдар. Қазақ бар жерде талант бар. Ол шетте жүрсе де талантты» деп айтқан едім. Мәселен, ең жақсы бишіміз Шұғыла Шыңжаңнан келді. Майра Мұхамедқызы секілді атақты әнші де Шыңжаңнан шықты. Ұлттың бойындағы потенциалы, қуаты қай жерде болсын шығады. Ұлы ақын Таңжарық бүкіл шығар­масын түрмеде отырып жазған. Қытайда «түрме әдебиеті» дейтін әдебиет бар. Оның негізін салған – Таңжарық ақын. Арада 40 жыл өткенде оның жолын Қажығұмар қай­талады. «Қылмыстың» 4 томын, «Пана» деген Зуқа батыр туралы романын түрмеде отырып жазу – үлкен ерлік. Жалпы, оларда түрмеде отырып жазу үрдісі бар. Ал түрмеге түсу жағынан Қазақстан да кенде болған емес. Бірақ бұл жерде барған із бар да, қайтқан із жоқ. Атылып кеткен адамдардың соңғы сөзі немесе туындысы екен деп жария­ланған жазба жоқ. Сәкеннен де, Мағжаннан да, басқасынан да түрмеде жазылған мұра қалмады. Мәдидің, Иман­жүсіптің айдалып бара жатқанда жермен, елмен қоштасатын бір-екі әндері бар. Одан басқа түрме тақырыбы біздің әдебиетте терең қаузалмаған. Бұл неден болуы мүмкін? Осы мәселені зерттеу керек.
– Сіздің «Толған айдың түні» атты эротикалық әңгімеңізді оқыған едім. Қазақ ұлан-ғайыр жерге ие болып отырса да, халық саны аз екені белгілі. Осы байтақ далаға ие болатын ел керек. Осы тұрғыда демографиялық дүмпуді ояту үшін әдебиетте эроти­калық та­қырып жазылуы керек деп ойлайсыз ба? Әлде бұл біздің ұлттық мента­ли­тетімізге қайшы келе ме?
– Жалпы, бұл тақырыпта жазылған бірнеше шығармам бар. «Бір ғана ғұмыр», «Әмбебап әйел» атты туындыларым да осы тақылеттес. Қазір қазақ менталитеті, таби­ғат, экология өзгеріп, адам әлсіреп барады. Еркек пен әйел жасына жетпей төсектен қалып барады. Бұл – бүгінгі замандағы дерт­тің бірі. Бала кезімде Құлыстайда, Шәуе­шекте Қоңыр ақын деген адамды көргенім бар. «Толған айдың түні» атты әңгімемде осы Қоңыр ақын туралы айттым. Бұл – патология. Өйткені Қоңыр ақынды қайталау мүмкін емес, ондай қуат ешкімде жоқ. Осындай адамның өмірде болғаны рас. Денесі де, денсаулығы да ірі болатын. Оны бес жасымда көріп едім. Кейін осы жаққа өтіп кетті. 1932 жылы Қытайға Қа­зақстаннан ауып барған екен. 1942 жылы «Ел жақта еркек азайып кетіпті, елге бар­масам болмас» деп қайтадан осы жаққа өтіпті. Бірақ ондай «еркелігін» кеңестік саясат көтермеген болуы керек, Сібірде айдауда мерт болған дейді. Осындай табиғаттың ерекше жаратылысы, феномені бір кездері қазақ арасында болды. Жұрттың бәрі Қоңыр ақын болмағанымен, сол кездегі қазақтардың бәрі мықты болған. Бірнеше әйел алу, ұрпақ қалдыру – сол мықтылықтың нәтижесі. Негізі, бұл – үлкен мәселе.
Былтырғы жылдары депутаттар екі әйел алуды сөз қыла бастап еді, сонда отырған орыс әйелдері немесе орыстілді әйелдер «онда бізге де екі еркекке тиюге рұқсат берсін» деп шыға келді. Депутаттарымыздың ауыздары буылды да қалды. Айтар уәж таппады... Ол неден шыққан, біздің ұлттық дәстүріміз қалай? Оған ешкім үңілмеді. Бізде көп әйел алу мыңдаған жылдар бойы қалыптасқанымен, әйелдер үстемдігінің орнағанына жетпіс жыл болды. «Дарабоз» атты романымда Көкжал Барақ деген кейіпкерімнің жеті әйелі болғаны сурет­теледі. Оның төртеуі – қалмақтан, үшеуі – қазақтан. Көкжал Барақ қазақ әйел­дерін шейіт болған ағасы мен інісінің әйелдерін әмеңгерлік жолымен алса, қалмақ әйелдері олжада түскен қыздар. Дала заңы бойынша олжаға түскен қыз-келіншектерге кімге тигісі келетініне таңдау беріледі. Бұл – дала демократиясы. Сонда әйелдер Барақты көп таңдайды екен. Қазір сол Көкжал Барақтан тараған ұрпақ Күршім ауданында мың адамнан асып кеткен. Жеті әйелінен 30 ұл, 10 шақты қыз тараған ғой. Өткен жылдары батырдың 280 жылдық тойына бардым. Күршім өзенінің бойына көп үй тігілген. Маңайында батырдың бүгінгі ұрпақтары жүр. Әр үйдің қасында үстіне сауыт кигізіп, қолына найза ұстатып екі жігіттен қойған екен. Әрқайсысы екі иығына екі кісі мінгендей, шынында, батырдың ұрпағы екені көрініп тұр. Біреулері қазақ әжемізден, біреулері қалмақ әжемізден тараппыз деп жатты. Шал-шауқанды, бала-шағаны қос­пағанда, арлан бөрідей жүздеген жігіт жүрді. Сонда кім ұтты? Барақ – жаугер­шілікке басын берген адам. Бүгін мыңдаған ұрпағымен өзі қорғаған туған жерге ие болып отыр. Халықтың демо­графиясын ойлаған кісі осылай арыдан ойлау керек. Қоңыр ақын секілді феномендерді мысал ретінде шығармаға арқау еткенімнің де түпкі мәні осы болса керек.
– Сізді жазушы ретінде алты Алашқа мәлім еткен «Соңғы көш» атты романыңыз екені белгілі. Бұл – оқырмандары­ңыз­дың бағасы. Осы романның кеңестік цензураға түскені туралы көп естиміз. Осы туралы өз аузыңыздан естісек дейміз...
– «Соңғы көш» сонау 1974 жылы жа­рияланды. Қырық жылдай болып қа­лыпты. Алдымен «Жұлдызға» басылды. Содан кейін жеке кітап болып шықты. Мұның жазылуынан басылуы қиын болды. Осы романды басамыз ба, жоқ па деп сараптан өткізетін адам табылмады сол кездерде. «Жазушы» баспасында біраз жатты. Өзім сол баспада істеймін. Бір дана­сын Орталық комитетке, бір данасын Ғылым ака­де­миясының Тарих институтына, бір данасын КГБ-ға жөнелтті. Өйткені роман арқауы – шетел тақырыбы. Бұрын шетел қа­зағы туралы әңгіме қозғалмаған, басыл­маған­дықтан, бәрі де жауап­кершілік ал­ғысы келмей, тілдей қағазбен жауап қайтарды. «Бізде мұны байыптай алатын маман жоқ, сондықтан нақты баға­сын бере алмаймыз» деген желеумен Тарих институты да, Әдебиет институты да қол­жазбаны қайтарып жіберді. КГБ да «бұл оқиғаларды талдап беретін маман жоқ» деді. Бірақ олар жөн сілтеді. «Мұны тал­дайтын мамандар бір-ақ жерде – Мәскеуде. Мәскеуде Қиыр Шығыс институты бар. Сол институтта қы­тай­танушы да, жапонтанушы да жеткілікті» деді. Романымның жата бе­рер түрі болған соң, амал жоқ, сол кезде Әнуар Әлім­жа­новтың көмегімен Мәскеуге жібердік. Әнуар Жазушылар одағынан ақша шы­ғарып, екі аудармашыға жолма-жол ау­дарма жасатты. Төлеу Шаханов пен Ғаббас Жұмабаев орысшаға жүйрік жігіттер еді. Екеуі де марқұм болып кетті. Сол жі­гіт­тер үш-төрт ай табандап отырып орыс тіліне аударды. Оны Әнуар Әлімжановтың хаты­мен Мәскеудегі Қиыр Шығыс инс­титутына жібердік. 5-6 ай өткеннен соң жауап келді. Ол жердегі мамандар да іссапармен ше­телге кеткен бе, әйтеуір, айлап күттірсе де жауап келгеніне қуандық. Жақсы пікір білдірген екен. Мәскеуге 1972 жылдың аяғында жіберген едік, 1973 жылдың көк­темінде жауап келді ғой. Сектор меңгерушісі «Бәрі дұрыс, ештеңе бұр­маланбаған. Қазіргі Қытай саясаты, экономикалық халі, халық­тың басына түскен тауқымет, ұлттық езгі қаз-қалпында көр­сетілген. Автордың асырып жіберген, кем қалған жері жоқ. Маңызды тақырып болғандықтан, басып шығару керек» деген пікірі жазылған. «Жұлдызға» апарып бердім. Шерхан Мұр­таза – редактор. Ол табанды, ұлтжанды жігіт қой. Журналға жазда апарып бер­генмін. Ол кезде нөмір үш ай бұрын жос­парланады. «Соңғы көшті» 1973 жыл­дың 9,10,11-сандарына бір-ақ берді. «Жұл­дыз­дың» бұл сандары менде сақтаулы. Сол уақытта «Жұлдыз» 196 мың данамен та­раған екен. Қазіргі таралымы 3,5 мың ғана. Біздің атымыз халыққа сол «Жұл­дызбен» тарады, жайылды.
Қайда барсам да «Соңғы көштің» ав­торы» деп жұрт керемет қарсы алады. Жұрт басып кете жаздайды. Роман жарық көр­геннен кейін келесі жылында Тарбағатай мен Зайсанды аралағаным бар. Арғы бет­тен келген қойшылар «Жұмаділов ке­ліпті» деп, атпен жайлаудан дүркіреп түсті. Бәрі «Соңғы көшті» оқып алған. Қойны-қоныш­тарында «Жұлдыз» журналы. Жер­гілікті басшылар мені жайлауға апарып, қой­шыларға көрсетіп, жұртты әрең тоқ­татқан еді. Сол кезде райкомның бірінші хатшысы Дәукеев деген кісі басында салқын ғана қабылдаса да, қайтарда үлкен жи­налыс ашып, «Тарбағатай ауданының Құр­метті азаматы» етіп марапаттады.
– Сіздің келбетіңізді ұлы Мұхаңа, Мұхтар Әуезовке ұқсатады. Осы жайлы өзіңізге айтқан адамдар бар ма? Жалпы, сіз бұл ұқсастықты қалай қа­был­дайсыз?
– Осы үшін мені жазғырып, «бұл өзін Әуезовке ұқсаймын деп айтады екен» деген, осы ұқсастықты маған көп көріп, қимай, мін қылып таққандар да бар. Ал мен өзімді өзімді олай деп айта алмаймын ғой. Ана бір жылдары тіпті қатты ұқсап кетсем керек, көшеде әлдекімдер тоқтатып алатын. Әсіресе суретшілер. Орысы бар, қазағы бар, қауға сақалды суретшілер: «Кешіріңіз, сіз Әуезовке туысқан боласыз ба? Баласысыз ба, інісісіз бе?» – дейтін. «Жоқ, олай емес. Тіпті ру жағынан да ал­шақ­пыз. Бірақ біз жер­леспіз», – деймін. Бір қулар: «Ә, ауыл­дарыңыз жақын болған ғой», – дейді. Мен: «Осындай пыш-пыш әң­­­гі­менің шығатынын біліп, мен әдейі үстінен құстан басқа ештеңе өтпейтін шекараның ар жағында туғанмын», – дей­мін. Сондықтан Әуезовке менің қа­тысым жоқ. Әркім өзінше қартаяды. Енді Құдайдың ұқсас қылып жаратқаны шы­ғар...
Әуезов – менің ұстазым. Алдынан сабақ алдым, дәрісін тыңдадым. Ол кісі мені жеке таныды. Жеке шақырып алып, қабылдады. Өйткені Шыңжаңнан оқуға келген сту­дентпін, Қытай азаматымын. Сол жақтан екі студент келіп, ҚазМУ-да оқып жатыр де­генді естіп, Әуезов кафедраға шақырып алды. Бір сағат бойы сөйлесті. Кейін де қолы қалт еткенде сөйлесіп жүрді. 1958 жылы бізді кері алып кетерде мен Әуезовке барып, қоштастым. «Мұха, біз кетіп бара жатырмыз. Қайта келеміз бе, жоқ па? Қы­тайда баяғы 37-жыл болып жатыр. Кө­ріспесек, аман болыңыз», – дегенде, Мұ­хаң­ның айтқан өсиеті бар. «Жасымаңдар, жассыңдар ғой. Біз олардың ішкі ісіне ара­ласа алмаймыз. Әдебиетші, жазушы бо­ламын деген адам­дарды кейде тағдырдың өзі қиын жолға салып, кейін қайтадан өз орнына қоятыны болады. Сенің де өмір­баяныңа жаңа бір тарау қосылайын деп тұрған шығар. Жасыма, өзіңе берік бол», – деп ақыл айтты. Бұл – 1958 жыл­дың шіл­десі еді. Сонан кейін Мұхаңды көргем жоқ. Мұхаң қайтыс болғанда мен арғы бетте сүргінде жүр едім. Мұхаңның өлгенін үш ай кеш естідім. Радиосы, газеті жоқ, қа­тынас үзілген түкпірде жүрмін ғой. Өлкелік ра­диода істейтін бір әдебиетші кезігіп, «Әуезов қайтыс болды ғой, естідің бе?» – деді. «Қашан?»– дедім. «Маусым айын­да», – деді. Мен қыркүйек айында естіп отыр­мын. Сол жерде өксіп жылағаным есімде. 1962 жылы Қазақстанға қайтып келсем, Әуезов бір жыл бұрын қайтыс болған екен. Алматы қаңырап, бос қалғандай көрінді маған. Жазушылар одағына бар­сам, ешкім мені танымайды, ешкім қарсы алмайды. ҚазМУ-да екі жыл ғана оқыдым ғой. 1956 жылы келіп, 1958 жылы кетіп қалғанмын.
Бірақ Әуезовтен біз көп нәрсе алдық. Біз орыс тіліне кейін жетілдік. Бір кезде орысша кітаптарды оқи алмадық. Сонда еуропалық әдебиеттен біз қалай нәр алдық деген сұрақ туады. Біз ол нәрді Әуезов арқылы алдық. Әуезов бүкіл дүниежүзінің, Еуропаның әдебиетін бойына сіңіріп, өзі шығарма жазған. Біз соны оқыдық. Ананың сүтінде сәбиге керекті қоректің бәрі болады екен. Әуезовтің шығармалары бізге ананың сүті сияқты болды. Біз бүкіл дүниежүзілік әдебиеттің сиқырын Әуезовтің шығар­малары арқылы ұғындық. Басқа да жазу­шылар бар, әрине. Кейін бірте-бірте орыс­шаға жетілдік. Әуезовпен арақатынасымыз осындай. Мұхаң туралы «Әуезов тағы­лымы» деген үлкен мақала жаздым. Әуе­зов­тің ұшар шыңға көтерілген тұсын да, «Өскен өркенді» жазамын деп қиындыққа ұшыраған сәтін де шынайы көңіліммен жаздым. Біреулер мені Әуезовке сын ай­тыпты деп қыжыртып жүрді. Сын емес. Жағымпаздар әрқашан таңып жүреді ғой. «Әуезов кеңес дәуірінен жаңа эпопея жазады, бұл «Абай жолынан» да асып тү­седі» десті олар. Сөйтіп, арандатты, жар­ға жықты.
– Жас әдебиетшілерден кімдердің қарымын байқап жүрсіз?
– Менің барлығын іздеп жүріп оқуға жағдайым жоқ. Кейбір кештерде, кездесу­лерде өздері кітаптарын беріп жатса, қарап шығамын. Қазір өзі уақытыңды сығымдап ұстайтын, сараңдықпен пайдаланатын кезге келдік. Бір кезде ақшасы көп көпес секілді уақытты оңды-солды шашып ұстай­тынбыз. Қыдырысқа да жететін, жазуға да жет­кі­зетінбіз. Қазір қалтаның түбі аз қалды. Баяғы көпестік жоқ. Сон­дықтан уақытты пайда­лануға тырысамыз. Жас ұлғайғанда шағын жанрға көшкеніміз де осы уақытты үнем­деуден туып отыр. Бастаған дүниеңді бітіру керек. Мансапта отырғандар «Жет­піске келсек те күш-қуатымыз бар, тасып тұр» деп айтады. Ондай сөзге сенуге бол­майды. Жетпіске келгенде күш-қуат еш­қашан тасымайды. Қайратың қайтады. Ақыл-ой да, зерде де қайтады. Жетпістен асқанның бірі – мен. Құдай біршама да­рын, қабілет сыйлаған адамның бірімін. Мек­тепте де, универ­ситетте де үздік оқы­ғанмын. Зердені бір кісідей-ақ берген еді. Бірақ соның бәрі қайтты. Жаңсақтық, ұмытшақтық пайда болды. Кейде жазып отырып, керек сөз ойыма түспей қояды. Минөттеп барып бір-ақ келеді. Бұрын ол өзі саулап тұратын. Қазір бәрі ұлғайғанның, шаршағанның, тозған­ның белгісі. Кәрілік – адам баласының бәріне тән нәрсе.
– Әңгімеңізге рақмет.

Алашқа айтар датым...
Қазір де еркектен әйел көп. Бір Алматының өзінде 100 мың қыз-келіншек артық екен. Оларды кім алады? Тепсе темір үзетін 70-80 мың адам түрмеде отыр. Сондықтан қыз-келіншектердің бағын байламау керек. Біреулер сөгеді екен демеуіміз керек. Біздің заңдарымыз ұлттың келешегі жолындағы мүдделерге бағынуы тиіс. Екі әйел аласың деп ешкімді міндеттеме. Бірақ рұқсат беру қажет. Шамасы келгендер алсын.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста