Мұхтар ӨТЕУОВ, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының бас директоры:
– Әңгіменің әлқиссасын филармонияның тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасақ...
– Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы – музыка өнерінің қара шаңырағы. 1934 жылы Ахмет Жұбановтың жетекшілігімен 10-11 адамнан тұратын домбырашылар ансамблі ұйымдастырылған. Ал 1935 жылы қазақ музыкасын насихаттау, одан әрі өрістету мақсатында қазақ филармониясы болып құрылды. 1938 жылы филармонияның ауқымы кеңейтіліп, Жамбыл атамыздың аты берілді. Сол жылдан бастап филармония қабырғасындағы өнер ұжымдары ауылдарды аралап, концерттер бере бастады. Қазақстандық аты әлемге танылған музыка өнерінің талай майталманы осы шаңырақтан түлеп ұшқан. Жамал Омарова, Елубай Өмірзақов, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова сияқты өнерде аты аңызға айналған тұлғалардың есімін тізіп айта беруге болады. Жеке әншілер ғана емес, біздің филармониядан енші алып шыққан ұжымдар да бар. Солардың бірі – «Қазақконцерт» бірлестігі. «Қазақконцерт» қазақ мемлекеттік гастрольдық-концерттік бірлестігі – мәдени-концерттік мекеме. 1960 жылы Жамбыл атындағы филармонияның эстрада секторы негізінде, қазақ халқының музыка мәдениеті мен мұрасын насихаттау мақсатында құрылды. Сол жылы Мәдениет министрлігінің ұйғарымымен «Қазақконцерт» филармониядан бөлініп шықты. Филармонияның құрамында алғашқы жылдарда бүгінде тек Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де аты танымал болып жүрген ұжымдар өнер көрсетті. Олардың қатарында Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық ұлт аспаптары оркестрі, Б. Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы болды. Бертін келе оларға үрмелі аспаптар ансамблі мен симфониялық оркестр қосылды. Оны 1958 жылы Қазақстан мен Ресейдің және Татарстанның Халық әртісі Фуат Мансұров басқарды. Сол кезеңде оркестрдің кәсіби деңгейі шарықтап, талай биікті бағындырды. Бүгінгі таңда да оркестр сол кәсіби деңгейін төмендеткен емес. Сонымен қатар Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрін мақтанышпен айтуға болады.
1991 жылы филармония кеңестік республикалар арасында бірінші орынға ие болған. Қазіргі кезде де жетістіктер жоқ емес. Мысалы, былтыр «Президент және халық» газетінің және «Патриоттар» журналының «2012 жылдың үздік филармониясы» деген сертификатына ие болдық. Біз шетелдік туындылармен қатар, отандық композиторлардың да шығармаларын үнемі орындап келеміз. Оның ішінде С.Мұхамеджанов, Қ.Қожамяров Л.Хамиди,
Е.Рахмадиев, Е.Бурсиловскийдің шығармалары бар. Кейінгі буын композиторлардан Б.Қыдырбек, Т.Қажғалиев, Ж.Тұрсынбаев тағы да басқаларды атауға болады. Ұжымның басты мақсаты қазақ композиторларының шығармаларын дәріптеу болса, ұжым сол мақсатты абыроймен атқарып келеді деп айтуға толық негіз бар.
– Тоқырау жылдары жан бағу қамымен көптеген маман базар жағалап кетіп, кей салада соның салдарынан әлі күнге дейін кадр мәселесі бой көрсетіп отыр. Сіздерде де осындай мәселе болды ма? Құпия болмаса, қызметкерлердің орташа жалақысы қанша?
– Өтпелі кезең өнер саласына да салқынын тигізбей қойған жоқ. Біраз білікті мамандар тарихи отанына кетті. Баз біреулері ұтымды ұсыныс жасаған шетелдерге кетті. Сауда-саттыққа кеткендер де болды. Бірақ өнерді нағыз сүйгендер қиындыққа мойымай, қызметін жалғастырды. Есімде, сол жылдарда жалақы бірнеше айға кешіктірілетін. Қалада өткен шараларға тегін қызмет көрсететінбіз. Әкімдіктерде де ақша болмай, соңынан азық-түлікпен есеп айырысқан кездер де бастан өтті. Ол қиыншылықтар 2000 жылдарға дейін жалғасты. Қазір, құдайға шүкір, одан бері бәрі де оңалды. Мәдениет министрлігі жыл сайын қажетті қаржыны беріп отыр. Соның арқасында ұжымдарымыз еліміздің бар аймақтарына барып, халық алдында өз өнерлерін паш етіп келеді. Филармонияда кадр мәселесі де оң шешімін тапқан. Алматыдағы А.Жұбанов, К.Байсейітова атындағы музыка мектептерін, Чайковский атындағы музыка колледжін, Қарағандының музыкалық училищесін бітірген түлектер біздің филармонияға келіп жатады. Олардың арасында кәсіби деңгейі жоғары музыканттар өте көп. Сонымен қоса, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде тәлім алып келген Әмір Бисенғалиев, Әлия Бисенғалиева, Данияр Есімханов, Аида Аюпова сияқты жас солистер де қызмет етіп жүр. Сондай-ақ дәстүрлі өнерді өрге сүйреп, насихаттап жүрген Ерлан Рысқали, Нүркен Әшіров сияқты әнші-күйшілерді ерекше атауға болады. Ал ұжымдар ішінен Ғазиза Жұбанова атындағы ішекті аспаптар квартеті ерекше мақтауға лайық. Аталмыш квартет талай шетелде өнер көрсетіп, еліміздің абыройын асқақтатып жүр.
Жалақы мәселесіне келсек, тәубе деуге болады. Орташа жалақы 80 мың теңге шамасында. Оған қоса сыйақы да алып тұрады. Көркемдік кеңестің шешімімен қызметкерлерді атқарған еңбегіне қарай әр кез марапаттап отырамыз.
– Бүгінгі таңдағы мемлекеттің өнерге деген қолдауы көңіліңізден шыға ма? Жалпы, концерттік ұжымдар шетелдерге шыққанда шығынды кім көтереді? Мәселен, ұлт аспаптары оркестрінің құрамы үлкен. Шақырушылар шығыннан қиналмай ма?
– Ең алдымен, бүгінгі таңда өнер мен мәдениеттің өркендеуіне Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша көңіл бөліп отырғанын атап өтуіміз керек. Ал шетелге шығуға келсек, шығынды кейде шақырушы тарап көтерсе, бірде министрлік қолдау жасайды. Әрине, құрамы үлкен ұжымдардың шығыны да көп. Мұның кейде кедергісі де болып жатады. Құрамы үлкен ұжымды, шығынынан қашқандықтан, шетелге шақыра бермейді. Сондықтан біз ұлт аспаптары оркестрінің құрамынан кәсіби біліктілігі жоғары музыканттарды іріктеп, шағын ұжым жасамақ та болғанбыз. Ондағы ойымыз шағын ұжымды шетелдерге жиі шығарып, ұлттық музыканы насихаттау болған. Бірақ бұл бастамамызға қарсы шығушылар табылып, жоғары жаққа шағым түсіріп, ойымыз жүзеге аспады.
Сондай-ақ өздері демеуші тауып, шетелдерге гострольдық концертпен баратындар да бар. Олардың арасында кәсіби деңгейі талапқа сай еместері де табылып жатады. Олар Қазақ елінің атынан барады. Яғни нашар өнер көрсетіп жатса, ұяты Қазақстанға келеді. Сондықтан демеушілердің қолдауымен шетелге барып өнер көрсетушілерге де белгілі бір талаптар қойылуы тиіс деп ойлаймын.
– Шыны керек, біздің елде эстрада жанрына қарағанда, симфониялық музыканың, дәстүрлі өнердің тыңдаушысы аз. Осындай тенденцияның орын алуы неліктен деп ойлайсыз?
– Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған «Отаным – бақыт мекенім» жобасы аясында еліміздің батыс аймағына барғанымызда концерттен соң үлкен кісілер «теледидардан, радиодан симфониялық музыка берілсе, өшіріп тастаушы едік. Бүгін сахнадан көріп, тыңдағанда ерекше әсер алдық» деп алғысын айтып жатты. Концерт біткен соң халық қол соғып, сахнадан жібермей қойды. Сондықтан да барлық тыңдаушыларды симфониялық оркестрдің концертін бір рет сахнадан көріп, тыңдауға шақырамын. Содан соң бағасын бере жатар. Ал дәстүрлі музыканың насихаты аз болып тұр. Бәрі бірдей музыкант болуы шарт емес, бірақ баланы жастайынан музыкаға баулыған абзал. Жастайынан музыкамен сусындап өскен балада талғам болады. Сонан соң музыкаға жақын адамның бойында қатыгездік болмайды. Өкінішке қарай, қазіргі кезде жастар арасында қатыгездік көбейіп барады. Кеңес өкіметі тұсында музыка мектептері көп болатын. Әр орта мектеп қабырғасында міндетті түрде музыка үйірмелері жұмыс істейтін. Өкінішке қарай, сол үрдісті жоғалтып алдық. Музыканың тәрбие бесігі екенін есте ұстауымыз қажет. Дәрі тәннің емі болса, музыка – жанның емі.
– Қазір нарық заманы ғой. Концерт залын жалға бересіздер ме? Жалпы, концерт билеттерінің қымбаттығын залдарды жалға алу құнының қымбаттығымен түсіндіріп жатады. Сіздерде залды жалға беру құны қанша? Билет бағасы ше?
– Біз концерт залын жалға бермейміз. Жалға беру арқылы пайда табуға ұмтылмаймыз. Жалға да алмаймыз. Сондықтан оның құны жайлы ештеңе айта алмаймын. Филармонияның концерт залы өзімізден артылмайды. Өзіміздің өнер ұжымдарымыз жоспарлы түрде жыл бойына концерттер беріп жатады. Ал концерт бағасына келсек, өнерсүйер қауым жақсы біледі, өзге концерт залдарында өткізілетін өнер кештерімен салыстырғанда, бізде билет құны әлдеқайда арзан. Ол сұраныстың аздығынан емес. Біз концерт залы үшін шығын шығармаймыз.
– Өзіңізге мәлім, Республика сарайы күрделі жөндеуден кейін көз тартатын заманауи бейнеге енді. Бір жағынан, қалаға көрік берсе, екінші жағынан, көрермендер үшін қолайлы жағдай жасалған. Филармонияға да сондай күрделі жөндеу жасау жоспарда жоқ па?
– Республика сарайы сияқты толықтай жөндеуден өткізу жоспарда болмағанымен, Мәдениет министрлігі жөндеу жұмыстарына ақша бөледі. Әңгіме сол жөндеуге бөлінген қаржының қалай пайдалануында. Өкінішке қарай, күрделі жөндеуден соң жыл өтпей жатып жыртығы көрініп жатады. Осындай құрылысшылар жұмыс істеуге лицензияны қалай алады екен? Бәрін қатырамыз деп ақшаны алып алады да, қытайдың сапасыз құрылыс материалдарын пайдаланады. Көзбояушылық жасап, көрінетін жерлерін әрлеп, бетін сылап-сипап қойып тапсырып кетеді. Арада жыл өтпей сылағы құлап, шатырынан су ағып, бояулары көмескі тартып, құдды бір 10 жыл жөндеу көрмегендей болып шаға келеді. Олар атқарған жұмыстарына кепілдік бермейді. Сондықтан өз міндеттеріне жауапсыз қарайды. Меніңше, құрылыс жұмыстарына кепілдік мерзім енгізіп, сол мерзім ішінде кемшілік шығып жатса, өз есептерінен қайта жөндету тетігін қарастыру керек сияқты. Сонда ғана олар сапалы жұмыс жасайтын болады.
– Әңгіме төркінінен байқағаным, күрделі жөндеуге қатысты жағдайды айтпағанда, жалпы филармонияның тыныс-тіршілігі қалыпты сияқты. Бір сөзбен айтқанда, төрт құбыласы тең. Жоқ әлде мен бірдеңені жіберіп алдым ба?
– Қазір барлық салалардағы сияқты біз де мамандарды біліктілік бойынша өз ішімізде сынақтан өткіземіз. Бұл – заман талабы. Кәсіби біліктілігін дәлелдей алмай, сынақтан өте алмаған қызметкер жұмыстан кетеді. Босаған орынға байқау негізінде жұмысқа басқа маманды қабылдаймыз. Міне, осы тұста әлін білмей әлек болып, үстімізден жоғарыға домалақ арыз жазатындар да табылады. Менің ондай арыздан қорқатын жерім жоқ. Бірақ ондай әрекеттер жұмысқа кедергі келтіреді. Олардың мақсаты – өнерді өрістету емес, қара бастарының қамын күйттеу.
– «Халық әндерін, халық композиторларының әндері мен күйлерін эстрадаға қосқан дұрыс па, бұрыс па» деген сауал өнер адамдарын екі топқа бөліп жүр. Сіз қай топтасыз?
– Меніңше, бұл дұрыс. Егер әуенін бұзбай, заманға сай түрлендіріп жатса, оның сөкеттігі жоқ. Ол – заман талабы. Мысалы, «Ұлытау» тобы қазақ күйлерін эстрадаға қосу арқылы әлемге танытты. Қазақ музыкасын әлемге мойындатты. Мәселен, тек домбырамен ғана Құрманғазының күйлерін шетелдік жастарға тыңдата алар ма едік? Өзгені қойып, өзіміздің жастардың тыңдауы екіталай. Өйткені заманға қарай талап та, талғам да өзгереді. Халық әнін эстрадамен айтты деп байбалам салудың қажеті жоқ. Эстрадалық-симфониялық оркестрдің орындауындағы Моцарттың талай туындысын бүкіл әлемнің жасы, кәрісі демей, түгел тыңдайды. Одан Моцарттың әні ұмытылып кеткен жоқ, деңгейі де түскен жоқ. Қайта жаңа деңгейге көтерілді. Сондықтан заман талабына сай жаңашылдықтан қашпау керек.
– Бүгінгі таңда сазгер көп. Десе де сазымен жүректі жаулап жүргендері аз. Сондықтан да шығар, қазіргі жастар арасында хитке айналып жүрген әндер – мәтіні қазақша өзге ұлттардың әуендері. Қазіргі әндердің бүгін айтылып, ертең ұмытылып жатуының сыры неде деп ойлайсыз?
– Өнер саласында жүрген аузы дуалы бір кісінің осы мәселеге қатысты «есть природный соловей и ученый воробей» деп айтқаны бар еді. Яғни нағыз тума таланттар бар, сосын жолдан жанай қосылғандар бар. Тума таланттың туындысы жүректен шығады да, жүрекке жетеді. Ал жанай қосылғандар оқыған-тоқығанын аннан-мынан тергілеп, жасанды, жеңіл дүние жазады. Ондай дүниелер сиясы кеппей жатып тыңдаушының жадынан өшіп үлгереді. Ал енді тума талант біліммен қосылса, онда нағыз туындылар жазылары сөзсіз.
Мәселен, біз жанай қосылған сазгерлердің туындысын орындамаймыз. Бізде нақты талаптар бар. Сол талапқа сай болмаған туынды репертуарға енбейді. Бірде жоғары лауазымдағы бір кісі белгісіз бір сазгердің туындысын орындауымызды сұрады. Бірақ біз одан бас тарттық. Ең өкініштісі – содан таяқтың тиіп жатуы. Ал эстрада жағында ондай талап жоқ. Оны реттейтін орган да жоқ. Сондықтан әншілер өздері әні мен сөзін жазып, өздері орындай береді. Жүрекке жетер әндердің жазылмай жатуы да сондықтан. Өнердің қадірін қашырмаймыз десек, бұған бір реттеу қажет сияқты.
– Сосын «ұялмағанның бәрі әнші болып кетті» деп, әншілердің көбейгендігіне сын айтылып жатады. Қайта әнші көп болса, бәсекелестік туындамай ма?
– Дауысы жоқ адам филармонияда әнші бола алмайды. Оркестрдің солистері, дәстүрлі әншілер тек жанды дауыста ән шырқайды. Ал эстрадада ондай жағдай бар. Ешқандай халықаралық байқауға қатыспай-ақ, екі-үш бейнебаян түсіріп, жұлдыз болып шыға келеді. Заманауи электрониканың мүмкіншілігін пайдаланып, фонограммамен дауысын мың құбылтып сахнада ән шырқап тұрған кейіп танытады. Ең бастысы, шоу жасап, жастарды баурай білсе болғаны. Ал жастарға қажеті де – сол. Оған бақылау жасайтын да, тыйым салатын да ешкім жоқ. Бұрын көркемдік кеңес деген болатын. Өкінішке қарай, қазір ол жоқ. Эстрадалық орындаушылар ренжімесін, бірақ олардың қатарында сахнаның киесін ұмытқандар көбейіп барады. Көшедегі киіммен сахнаға шыға салады. Сахнадағы тұрған тұрыстары да көзге оғаш. Сахнаға шыққан адамның бар болмысы соған сай болуы тиіс. Әнші киген киімімен, түр-тұлғасымен, жүріс-тұрысымен, қимылымен көрерменнің көзайымына айналуы тиіс.
Алашқа айтар датым...
Ұлттық өнерді насихаттау балабақшадан басталуы қажет. Білім департаменті дәстүрлі әншілермен, күйшілермен кездесулер өткізуді балабақшалардың жоспарына енгізуі керек. Ұлт аспаптары оркестрінің шағын концертін ұйымдастыру да артықтық етпейді. Ұлттық аспапты көзбен көріп, қолымен ұстаса, балада қызығушылық оянады. «Отаным – бақыт мекенім» жобасымен аймақтарда болған кезде Ақтөбе облысының Шалқар қаласындағы балалар үйіне барып концерт бердік. Қолына таяқша ұстап, бір сәтке оркестрге дирижерлік жасаған балалардың жүзіндегі шаттықты көргенде еріксіз бойыңды қуаныш билейді. Олар әр музыкалық аспап жайлы сұрап, қолдарына ұстап көріп, дыбысын тыңдап, қызығушылық танытып жатады. Яғни баланың қызығушылығын ояту үшін оларды жақын таныстыру қажет.
Алашқа айтар датым...
Кеңес өкіметі тұсында Ғазиз Дұғашов, Фуат Мансұров, Илья Островский, Самуил Фридман, Тұрғыт Османов, Төлепберген Әбдірашов, Ренат Салаватов деген кәсіби біліктілігі жоғары дирижерлер болды. Өкінішке қарай, қазір ондай дәрежедегі мамандар жоқ. Осы күні сапасыз сазгерлер, әлін білмейтін әншілер сияқты, деңгейі төмен, атына заты сай келмейтін дирижерлер де көбейді. Оның себебі өзімізде нағыз дирижерлер дайындайтын білім ордасы жоқ. Ал «Болашақ» бағдарламасымен шетелге 10 бала жіберсек, соның біреуі ғана нағыз білікті маман болып шығуы мүмкін. Өйткені онда нағыз таланттар емес, тамыр-таныстың ықпалымен баратындар көп. Нағыз дирижер музыканттан жүз бас жоғары болуы керек. Ол – оркестрдің жүрегі. Жүрек қалай соғады, оркестр солай ойнайды. Дирижер 80-90 адамның арасынан кімнің қандай қате жібергенін сол сәтінде байқауы тиіс. Егер қатені ести алмаса, ол нағыз дирижер бола алмайды. Егер тамақтың рецептін бұзсаңыз, тамақтың дәмі бұзылады. Егер оркестрде бір музыкант дұрыс ойнамаса, онда бүкіл оркестрдің ойыны дұрыс болмай шығады. Бір кездері өзімізде қысым көріп, Татарстанға кетіп, сол елдің опера театрын Ресейдің ең үздік театры еткен Ренат Салаватов деген білікті дирижерді шақыртып алдық. Ол – Алматыдағы К.Байсейітова атындағы музыка мектебін тамамдап, Мәскеудің консерваториясын, Ленинградтың дирижерлік оқу орнын бітірген білікті маман. Соған да әртүрлі сылтау айтып, қарсы шыққандар табылды. Меніңше, ол сылтаудың бәрі – қызғаныштан туып отырған дүние. Өзі бола алмай, болғанды көре алмайтын жағымсыз қылықты қойғанымыз жөн болар.