Сұлтан ЖИЕНБАЕВ, 100-ші ұлттық атқыштар бригадасының ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері:
– Сұлтан ата, алдымен Жеңіс күнімен құттықтаймын! Сіздердің денсаулықтарыңызға қуат берсін, қан майданда от кешкен жанқиярлық ерлік шежірелеріңіз тәуелсіз ұрпаққа рух берсін! 1945 жылғы Жеңіс күні дүниеге келген сәбилер бүгінде пайғамбар жасынан асып кетті. Үш-төрт ұрпақ ауысса да, соғыс жаңғырығы жадымыздан өшпейді. Екінші жаһандық соғыста от пен оқ ортасында шейіт болған аталарымыздың ерлік шежіресі бүгінгі ұрпақ үшін тірі аңыз, әрбірі өз алдына бойымызға рух берер «Батырлар жыры» десек, артық айтқандық емес. Сол сұрапыл соғыс жылдарына шегініс жасасақ. Соғыста қай майданда болдыңыз?
– 1941 жылы Алматыда 100-ші қазақ бригадасы құрылып, сонда жаттығып, соғыс өнерін меңгердік. Бригаданың 90 пайызынан көбі өз еркімен соғысқа сұранған қазақ жастары еді. Алматыдан Мәскеу маңайында тағы да соғысқа машықтанып, алдыңғы шепте кескілескен ұрыстар жүріп жатқан Калинин майданына аттандық. 39-шы командованиенің құрамында Ржев қаласының түбінде талай боздақтардың қаны төгіліп, шейіт болған үлкен шайқастарды бастан өткердік. Құдай басқа салмасын, талай жігіттер қырылып кетті. Сол кезде мен танкіге қарсы ататын қару (противотанковое ружья) ротасының командирі болдым. Ржев түбіндегі кескілескен ұрыста ПТР-мен жаудың екі танкісін жойдым. Бұл ұрыста біздің 2-ші батальон жаудың төрт танкісін жойды, мен соның екеуінің күл-талқанын шығардым. Ржевтен кейін Великие Луки деген қаланы азат етуде жаудың тағы бір танкісін жайраттым. Бұл туралы батальон тілшісі Қасым Шәріповтің «Қатардағы қаһарман батыр» кітабында егжей-тегжейлі жазылды. 100-ші атқыштар бригадасынан сегіз бірдей Кеңес Одағының Батыры шықты. Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметовамен қан майданда бірге соғыстық.
МӘНШҮК МӘМЕТОВА МЕНІ АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ
– Сол қазақтың Батыр қызы туралы естелік айта кетсеңіз?
– Небәрі 19 жастағы қаршадай қыз Алматыда оқып жүріп, кешкісін халық комиссариаты кеңесінде көмекші болып жұмыс істейді. Сонда жүріп, соғысқа сұранып, ақыры алтыншы мәрте арыз жазғаннан кейін барып, 100-ші атқыштар бригадасының сапында майданға аттанады.
– Ол кезде соғысқа баратын қазақ қыздары аз болған шығар?
– Өте аз болды, көбі дәрігер болып аттанатын. Алғашында медсестра болды. Сондай өткір қыз еді, ештеңеден қорықпайтын. Бәріне көмек беріп, еңгезердей жаралы жігіттерді шанаға тиеп, госпитальға жеткізетін. Мен Ржевтегі ұрыста екі танкіні жойғаннан кейін қатты жараландым. Сол кезде Мәншүк келіп жарамды таңып, «Сұлтанжан, айналайын, тезірек жазыл. Майданға қайт» деп, маңдайымнан сүйіп, шанаға салып майданға жіберген. Ол менің жарақатымды байлап, аман қалдырды. Ал өзі біз қатысқан Невель деген қаланың түбіндегі ұрыста ерлікпен қаза тапты. Ол «мен штабта қағаз жазып отырмаймын, пулеметшілікке жіберіңіздер» деп, қоймай арыз жазып, майданның алғы шебінде айқасты. Мәншүктің әкесі1937 жылы «халық жауы» деп атылып кеткен. Мәншүк Мәметованың өзі «халық жауының» балалары соғысқа барып, өзін көрсете білсе, әкесін ақтайды деп естігенін айтатын. Сондықтан «мен әкемді ақтаймын, соғысқа барамын» деп болмай аттанды ғой. Кейін Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың 80 жылдығын атап өтейік деп хат жаздым. Ол кезде Премьер-министр Иманғали Тасмағамбетов, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев көмектесіп, Батыр қыздың 80 жылдық тойын туған жері Оралда дүркіретіп атап өттік. Одан кейін Невельге барып, митингі өткізіп, гүл шоқтарын қойдық. Ол жерде қазақтың Батыр қызына үлкен екі метрлік ескерткіш қойылған, басынан гүл шоқтары кетпейді. Жергілікті халықтың Батыр қызға құрметі ерекше, оның атында көше де бар.
– Соғыс кезіндегі атақты 100-ші бригададан қандыкөйлек қаруластардан бүгінде кімдер бар?
– Соғысқа 5000 адам болып аттанған 100-ші бригададан майданнан 500-ден астамымыз ғана аман оралдық. Қазір содан 30 шақтымыз қалдық қой деймін. Қазір Алматыда Әзілхан Нұршайықов, Ақай Қасымбеков, Бектұрсын Кереев, Әли Изатов тағы басқа жеті-сегіз адам қалдық. Соғыс ардагерлері республика бойынша 26 мыңдай дейді. Жылдан-жылға қатарларымыз сиреп барады.
– Ал Кеңес Одағы бөлінгеннен кейін әр республикада қалған майдандас достарыңызбен хабарласып тұрасыз ба?
– Осыдан төрт жыл бұрын Мәскеуде Жеңістің 60 жылдық мерейтойына шақырылып, салтанатты парадқа қатысып қайттық. Кезінде жауға шапқан жастар бүгінде қартайдық. Уақыт қоя ма, қаруластарымыз сиреп, жүріп-тұруы қиындап кетті.
ДИМЕКЕҢМЕН 30 ЖЫЛ ҚҰДАЙЫ КӨРШІ БОЛДЫМ
– Сұлтан ата, дауысыңыз сергек, қимылыңыз ширақ, әлі тың көрінесіз. Мұның сыры неде?
– Кім біледі енді. Кезінде спортпен шұғылдандық қой. Туған ағам 95 жаста қайтыс болды. Апам да ұзақ жасады. Жақында 88 жасқа келемін. Көбі таңғалады, жас көрінесіз деп. Сақтанамыз енді. Құдайдың берген ғұмырын көріп жатырмыз. Бізде үлкен байлық жоқ. Бар байлығым – ел-жұрттың сый-құрметі. Алматыда туып-өсіп, бар еңбегімді елге арнадым. Сол кездегі Қазақстанның Бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевпен 25 жыл қызметтес, 30 жылдан астам құдайы көрші, дәмдес-тұздас болдық.
– Қазақ халқының маңдайына біткен ұлы тұлға туралы аз жазылған жоқ, дегенмен ол кісі жайында бір үзік естелік айтып берсеңіз.
– Димаш Ахметұлымен жақын танысқан кезде Алматының Фрунзе, қазіргі Медеу ауданының бірінші хатшысы едім. Сол уақытта Қонаев қатысатын қалалық конференция өтетін болып, қаланың бірінші хатшысы Третьяков бірінші болып сөз сөйлеуді тапсырды. Сонда жақсы баяндама жасап шықтым. Содан кейін Третьяков шақырып, «сені Қонаев шақырып жатыр, соған кіресің» деді. Ондай ірі тұлғаның алдына бару қайда деп жүрексіндім. Сөйтіп, Димекеңнің шақыруымен екі жыл Орталық комитеттің бөлім меңгерушісі, кейін сегіз жыл сауда министрі, одан кейін 15 жыл Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет атқардым. Бір қызығын айтайын. Бір күні Димекең шақырып алып, «сенің үйің бар ма?» деді. «Үйім бар» дедім. «Менімен көрші болғың келе ме?» деді. «Енді не айтайын. Сізбен көрші болу бізге үлкен бақыт» деп қысылып қалдым. «Ендеше, мен саған көрші болам, барып қара, үй беремін» деді. Содан Димекеңмен құдайы көрші болдық. Менің пәтерім – 6-шы, қарама-қарсы беттегі 5-ші пәтер – Қонаевтың үйі. Димаш Ахметұлы зейнетке шыққаннан кейін маған бір ой келді. Сол кезде жігіттер «мына Қырғызстан, Өзбекстан өз басшыларының атынан қор құрып жатыр. Сұлтеке, осы мәселені өзің қолға алмайсың ба?» деп қолқа салды. Содан жобаларды жинап, Димекеңе бардым, екі-үш күн бойы ойланып барып келісті. Сөйтіп, 1989 жылы Д.Қонаев атындағы қорды құрып, бірқатар шаруаларды атқардық.
– Кеңес уақытында соғыс кезінде орыстар «аға» халық болды ғой. Сол кезде олардың тарапынан қайсар, батыр қазақтың жанкешті ерлігі мен ерен еңбегін бағалау секілді әділетсіздіктер кездескен жоқ па?
– Мен саған айтайын. Ерлік жағынан қазақ халқынан асқан ешкім жоқ. Бауыржан Момышұлындай мықты командир кемде-кем. Бүкіл Шығыс жұртында, мұсылман арасында Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтан басқа ешкім болмады. 100-ші атқыштар бригадасында бірде-бір сарбаз артқа қашқан емес. Бұл жағынан орыстар басқаларға қарағанда, бізді мақтап, ерекше құрметтейтін. Бірде 1995 жылы Мәскеудегі Жеңістің 50 жылдығына шақырылып, делегацияны бастап бардым. Барсақ, соғыста қан төккен Украина, Белоруссия тағы басқа республикалардан ешкім жоқ. Сонда мен сұрақ қойдым: «бұл қалай, бізді шақырдыңыз, ал соғысқа қатысқан өзбек, тәжік, украин, грузин, әзірбайжандар қайда?» деп. Мәскеуліктер «олар соғыста өздерін көрсете білмеді, сіздер асқан ерлікпен соғыстыңыздар. Сондықтан оларды емес, сіздерді шақырдық» деп жауап берді. Әрине, «ұлы халық» болған соң әділетсіздік болды, орыстың іштарлығымен талай-талай қазақтың көрсеткен ерліктері еленбей қалды. Тірісінде аңызға айналған Рахымжан Қошқарбаевқа, Бауыржан Момышұлына дер кезінде батыр атағы берілмеді. Соғыста қазақтан шыққан генералдар өте аз болды. Талай-талай батыр қазақ сарбазын тобықтан қақты. Тәуелсіздік алғаннан кейін өзіміз құрметтеп, лайықты бағасын беруге тырысып жатырмыз.
– Қазіргі кездері аға ұрпақ пен бүгінгі ұрпақ арасында қызыл көсемге қатысты Сталинге қатысты екіұдай пікір қалыптасқан. Тоталитарлық дәуірде өмір сүрген КСРО халқы Сталинді қандай құрметтесе, қанды қырғын 30-жылдардағы зұлматқа себепші болған қызыл көсемнің тарихи келбеті бүгінгі ұрпаққа соншалықты жағымсыз. Сталин Гитлердің шабуыл жасайтынын алдын ала білсе де, қам жасамады. Соның кесірінен кеңес халқы алапат қырғынға ұшырады деген пікірлер бар. Соңғы кездегі осындай көзқарастарға қалай қарайсыз?
– Жасыратыны жоқ, сол кезде соғыста «За Сталина!» деп шабуылға шығатынбыз. Сталин дәуірінде өмір сүргеннен кейін ол кісіні сыйлаймыз. Сталиннің кемшіліктері болды, оны бәріміз де білеміз. Егер Сталин бізді басқармаған болса, соғыста жеңе алмайтын едік. Ол кісінің мықтылығымен, қаталдығымен, абыройымен бүкіл КСРО халқы жұдырықтай жұмылып, соғыста жауды жеңдік. Ол кезде Сталин десе, генерал біткеннің бәрі аяғынан тік тұратын.
– Сталиннен бір жағынан, қорқып, бір жағынан, құрметтейтін шығар?
– Қорықты деп айта алмаймын. Барлығы құрметтейтін. Кейінгі кітаптарда сталиндік репрессия туралы жазылып жатыр. Жалғыз Сталин емес, репрессияның басты себепшілерінің қатарында Ежов та бар. Бұл – өз алдына бөлек әңгіме. Соғыс біткен соң бір үлкен жиында жасалған баяндамада «Сталин» деген сөз айтылып еді, орыстың генералдары 10 минут бойы қол шапалақтап тұрып алды. Кез келген генералмен сөйлессең, ешқайсысы Сталинді жамандамайды, керісінше, бәрі мақтайды. Мен өзім соғыстан кейінгі бір шарада Сталинді жақыннан көрдім. Қарап тұрсаң, қарапайым адам, үстінде баяғы бір шинель, бір костюм. Байлыққа қызықпаған.
– Екінші дүниежүзілік соғыстың нағыз майданы Балтық бойы елдері, Украина елдерінің жерінде өтті. Арада бірнеше жылдар өткен кезде посткеңестік бұл елдердің 1945 жылғы Жеңіске қатысты құрметі кемшін, бүгінгі саясаты басқашалау. Мәселен, Эстония былтыр қола солдатты алып тастады. Яғни Жеңіске жаңаша көзқарас қалыптастырып жатыр. Бұған қалай қарайсыз?
– Біз 1942 жылы Калинин майданында соғысқан кезде жанымызға Эстония батальоны келіп қосылды. Сонда менің байқағаным, эстон солдаттары соғысқа барғысы келмей, құлықсыздық танытты. Енді ол кезде КСРО болған соң соғыспауға қорқады ғой. Біз алға кеткенде, олар кейін қалып отырды. Соғыс біткеннен кейін Кеңес өкіметі сол Балтық бойы елдеріне бізден гөрі көбірек көңіл бөліп, молырақ қаржы беріп, барлық жағдайын жасайтын. Сол кезде КСРО сауда министріне: «Неге оларға қордан бізден көп ақша бөлгізесіз?» десем, «Слушайте, поймите. Это – Прибалтика!» дейтін. Мен соғыстан кейін қызмет бабымен сол елдерде болдым. Соғыс ардагерлерін ерекше құрметтеп, сый-сыяпатын аямайтын. Бірақ олар «ұлы халықты» жек көретін. Бізге көзқарасы жаман болған жоқ. Қазақ халқын онша білмейтін. Құдайға шүкір, кейін Тәуелсіздік алып, Елбасы Нұрекеңнің арқасында қазақ деген ұлтты бүкіл әлемге паш еттік. Оларды қан төгіп, фашизмнен азат етіп, ел еткен біз едік. Шынын айтқанда, олар қаһармандық пен қайғыға толы тарихты мойындағысы келмей, жақсылықты ескергісі келмей отыр ғой. Мен оған разы емеспін.
– Соғыс қарсаңында Финляндия, Польшаны, Батыс Украина мен Батыс Белоруссияны басып алған КСРО-ны басқыншы болды дейді. Фашизммен әділеттілік үшін соғысқан КСРО-ға бүгінде салқын қабақ танытып отырған Эстония жаулаушы ел деп қарайды. Балтық елдерінің Жеңіске қырбайлық танытып отырғаны да сол болса керек. Бұған не дейсіз?
– Бұл қитұрқылау, қиындау сұрақ екен. Саясаттан алыстап, зейнетке шыққалы 25 жыл болды ғой. Ол кезде бір ел едік. Фашизмді Ресей емес, бәріміз бірігіп жеңдік. Жеңіс біздікі, бәрімізге ортақ. Мына Тәуелсіздік бабалар қанымен сіздерге аманат болып қалды. Елбасымыздың «егер сіздер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері болмағанда, сіздер Жеңіске жеткізбегенде, онда біз де болмас едік» дегені бар. Құдайға шүкір, бүгінгі ұрпақ соғыс ардагерлерінің өр ерлігі мен өлшеусіз еңбегін ардақтап келеді.
– Соғыс дәуірінің ұрпағысыз. Бүгінгі ұрпаққа не жетіспейді?
– Бүгінгі ұрпаққа отансүйгіштік жағы жетіспейді. Ол кездері жастардың патриоттығы, ел мен жерге деген махаббаты бойында буырқанып қайнап жататын. Миллиондаған жастар Ресейді емес, елімді, жерімді қорғаймын деп өз еркімен соғысқа сұранды. ҚазМУ-дің екінші курсында оқып жүргенде майданға аттандым. Әкенің жалғыз тұяғы едім, жібергісі келмей жылап қалды.
– Кезінде жауапты қызметтерді атқардыңыз. Елдің экономика, сауда-саттық саласын бес саусақтай білесіз. Дағдарыс кезінде көп қиыншылықтарға тап болып, тығырықтан жол іздеп жатырмыз. Осы жағынан айтар датыңыз бар ма?
– Қазіргі елдегі ахуалға көңілім толады. Дағдарысқа төтеп берерлік байлығымыз мен потенциалымыз зор. Біздің заманымызда тамақ, киім-кешек үшін ел маған келетін. Қазір елде құс сүтінен басқаның бәрі бар. Тек экспорттан импорт тым көп. Сондықтан отандық өндіріске серпін беру керек. Әсіресе, жеңіл өнеркәсіпті аяғынан тік тұрғызсақ, ырзығымыз артар еді.
– Тәуелсіз елімізге, келешек ұрпаққа, «Алаш айнасы» оқырмандарына қандай тілегіңіз бар?
– Елімізге мол байлықты нәсіп етіпті, сол мол байлығымызды көтеріп тұра алар қажыр-қайрат керек. Ол үшін жастарымыз білікті де білімді болуы қажет. Жұртымыз аман, елімізде тыныштық болсын. Біз көрген соғысты ұрпағымыз көрмесін, аспанымыз ашық болсын!
– Әңгімеңізге рақмет.
Елбасы туралы үзік ой
Ол кезде болашақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жанып тұрған жас кадр еді. Бізден 20 жас кіші. Сөзге шешен, жұмысты жан-тәнімен беріліп істейтін жас кадрдан үлкен үміт күтетінбіз. Димекеңнің өзі: «Сендер біліп қойыңыздар. Ертең біз кеткен соң араларыңда ел басқаруға ең лайықтысы Нұрсұлтан Назарбаев. Моим преемником будет именно Назарбаев!» деп бюро мүшелеріне ашық айтатын. Жас Нұрсұлтанды Қарағандыдағы кезінен жақсы білетінмін. Кейін орталыққа басшылыққа ауысып келген соң ақылдасып тұрды. Президент болғаннан кейін де 80, 85 жылдық мерейтойларыммен құттықтап, хат жіберіп тұрады. Біз сияқты ақсақалдарды ұмытпайды. Мен Тәуелсіз елді көтерген, Астана тұрғызған Елбасыға ризамын. Елбасыны І Петрға теңеймін, ол Петерборды батпаққа салды, ал Президентіміз Астананы шөл даладан тұрғызды. Елбасыға «сіз» деп емес, «сен» деп сөйлеймін. Ол бізге бала ғой.
Сөз арасында
Баяғыда Алматыда қазақ 8-ақ пайыз болатынбыз. Соны көтермелеп, 12 пайыз деп айтқыздық. Сол кезде саудаға бірде-бір қазақтың қыз-жігіттері маңайламайтын. «Ұлы халықты» жамандағым келмейді, шынын айту керек, олар бізді төменшіктетті. 50-жылдары Қазақстанның бірінші хатшылығына Пономаренко, екінші хатшылығына Брежнев келді. Сол кезде Алматының бірінші хатшылығына адамды Мәскеуден әкелді, қалалық кеңеске де Мәскеуден алдыртты. Ол кезде бірінші хатшы қазақ болса, екінші хатшы міндетті түрде «ұлы халықтан» тағайындалатын. Немесе министр орыс болса, орынбасары қазақ болуы керек деген дәстүр болды. Кейін, мінеки, еңселі ел болдық, қазақ аса қабілетті халық екенін дәлелдеді. Қазір қай салаға барсаң да, жұмысын шырқ үйіріп жүрген қазақтың қаракөз қыз-жігіттерін көріп риза боламын.