Ердің бақытын келтіретін де, кетіретін де – әйел
Гүлнәр СЕЙТМАҒАНБЕТОВА, Мәжіліс депутаты:
– Гүлнәр Сүлейменқызы! Әңгімені бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып табылатын ұрпақ тәрбиесінен бастасақ. Қазақта бала тәрбиесіне қатысты тағылымды тыйымдар да, ықылымнан қалыптасқан дәстүр де жеткілікті ғой. Дегенмен сіз үшін тәрбиедегі ең маңыздысы не?
– Әлбетте, ұрпақ тәрбиесі отбасының ғана емес, бүкіл мемлекеттің даму деңгейіндегі маңызды дүние екендігі даусыз. Сондықтан да бұл мәселеге мемлекеттік деңгейдегі көзқарастың болғаны ләзім. Дегенмен бала тәрбиесі – кең ауқымды қаралатын мәселе. Бір жағынан алып қарағанда, баланың бойына бітетін мінезі ең алдымен оның туған тегіне, қанына (геніне) тартатын болса, адам ретінде қалыптасуының бәрі – бесіктегі тәрбиенің еншісінде. Мәселен, түп-тамыры, арғы тегі асыл болғанымен, кейбір азамат тәрбиенің кемшіндігінен бағы ашылмай жатады. Сол секілді атадан оза туатындар да жастайынан сіңірген тағылымды тәрбиенің ықпалымен ұшпаққа шығып жатады. Ал мұндағы тәрбиенің нәріне келсек, бұл, шынымен, «тал бесіктен басталады». Ендеше, тәрбиедегі ең маңызды мәселе бала дүние есігін ашқаннан бастап оған жеткілікті көңіл бөле білуде жатыр. Дегенмен бүгінгі заманның, яғни ақпараттық ғасырдың әсері ұрпақ тәрбиесіне өз «өрнегін» салып жатыр деп айтар едім. Тіпті бұл жайында ойлағанда мен кейде ұрпақ тәрбиесінде ата баба салтынан алыстап бара жатқан жоқпыз ба деп толғанамын. Өйткені көпшілік ата-ананың бала тәрбиесіне қатысты түсінігі де өзгеріп келе жатқан сыңайда. Мәселен, кейбір ата-ана «баламның тамағы тоқ, киімі бүтін болса, қатарынан кем қылмасам» деп, тәрбиеге таяз қарайтын тәрізді. Сосын қатарынан қалдырмаудың қамымен бар уақытын жұмысқа сарп етіп, тәрбиені екінші орынға ысырып алғандаймыз. Соның нәтижесінде баланы «бағу» мен «қағуда» көп олқылық кетіп жатуы мүмкін деп, ойлаймын. Ата-анадан кейінгі орында тәрбие үшін маңызды рөлді баланың айналасы, мектебі мен араласатын ортасы иеленеді. Дегенмен айналамен араласпас бұрын бала өскен ошағында жақсы атмосферадан нәр алып, қалыптаса білуі керек.
– Өмірлік тәжірибеңізді көз алдыңызға елестете отырып, бұрынғы қалыптасқан ұрпақ тәрбиесі мен қазіргі тәрбиенің арасында айырмашылық бар деп айта аласыз ба?
– Әрине, қазақтың ұрпақ тәрбиесіндегі бұрыннан қалыптасқан дәстүрінен алшақ кеткен жоқпыз ғой, дегенмен «бұрынғы» мен «қазіргіде» айырмашылықтар баршылық. Мәселен, біздің қатарымыздың басым бөлігі көп балалы отбасыдан шықты. Әйтсе де көп балалы отбасы болсын, баласы аз отбасы болсын, тәрбиенің маңыздылығына мән беріліп, бұған жан-жақты жағдай қарастырылды. Бір жағынан, көп балалы отбасында балалардың өзі бірін-бірі тәрбиелейтін. Соның арқасында «үлкенге құрмет, кішіге ізет» жас күнінен бойға сіңді. Ата-ананың өзі үлкенін кішісіне қарауға тәрбиелейтін. Жанашырлық осыдан бастау алатын секілді еді. Ауылдың ғана емес, қаланың тәрбиесі де солай қалыптасатын. Ал бүгінгі жағдайға келсек, өкінішке қарай, қазір көп балалы отбасының өзі сиреп кетті. Оның ішінде қалалықтар арасында сананың көп бөлігін тұрмыс билеп, ақша табу мәселесі қашанда басты мәнге ие болып отыр. Ауқатты дегендердің өзінде бала табуға да, оны бағып-қағуға да көп бас қатырғысы келмейтіндер бар секілді. Сөйтіп, бір-екі баламен шектелгендердің тәрбиесі де «құлпырып» тұратыны белгілі. Жалғыз баланы «бағу» болғанымен, «қағуы» жетіспейтіндей. Яғни бір ғана баланың көңіліне қараған әке-шеше оның айтқанынан еш шыға алмайды. Жастайынан соны сезіп өскен өрен өзімшілдікке шапшаң бой алдыратын секілді. Айтқанын істетпей қоймайтын, тез ашуланатын мінездер де осындайдан жұғады деп білемін. Мұның соңы да көп жағдайда теріс әрекеттерге соқтырып жатады. Содан соң бүгінгі баланың ойыны да өзгерген. Бұрын күні бойы үй көрместен ойынның туын тігетін баланы қазір көшеден таппайсың. Теледидар алдында немесе күні-түні компьютерден шыға алмай отырады. Мұның бәрі өз «нәтижесін» беріп жатқан сыңайда. Салыстырмалы түрде тағы бір байқайтыным, бүгінгі ұрпақ – ақпараттық заманға әбден бейім ұрпақ. Тіпті білімді игеруге жетік келетін тәрізді. Ақпараттық заманның әсері ме, басқасы ма, әйтеуір, біздің заманымызға қарағанда бүгінгі бала алғыр, жаңалыққа бейім. Ең басты тағы бір айырмашылық, ХХІ ғасырда баланы ұрсып немесе қатты ұстап түзеу мүмкін болмайтындай. Сондықтан да тәрбие құралын амалсыз өзгерту талап етіледі. Бірақ бұл өзгерістердің бәрі қазақылық нәрімізден жаңылмайтындай, керісінше, соған жақындайтындай өзгерту болса игі.
– Мектептегі тәрбиеге қалай қарайсыз?
– Мектеп тәрбиесінің баланың патриоттық мінезін, адамдық тұлғасын қалыптастыратын орда ретіндегі маңызы зор. Біз кезінде октябрят та, пионер де, комсомол да болдық. Осыны ұлт тәрбиесімен ұштастыра отырып, тәрбиелік тиімді тұсын оқу мекемелеріне, жастар ұйымдарына қайта енгізсек, дұрыс болар еді. Бұл баланың бейіміне, оның қоғаммен етене араласып, елдік жұмыстарға белсенуіне өте-мөте әсер ететін еді. Компьютерге сеніп, қараусыз қалдырғаннан гөрі, оның бос уақытын қоғамға пайдалы жұмысқа жұмсасақ, балғындарды бүгінгідей тұйықтықтан құтқаратын жол сол болатын еді. Мемлекет басшысы да ағымдағы жылғы өз Жолдауында осыны атап көрсетті.
– Соңғы кездері жеткіншектердің өз-өзіне қол жұмсауы жиілеп кетті. Оның себебін іздегендердің ортақ көзқарасы жоқ. Кеселдің көлденең келуін біреулер қоғамнан көрсе, енді бірі ата-ана тәрбиесіне итереді, ата-ана болса мектепті кінәлап жатқаны бар. Сіз осы мәселеге қатысты не айта аласыз?
– Өз-өзіне қол жұмсағандар санының жыл сайын арта түсуі, шынымен, адам алаңдатарлық. Бұл мәселеге қатысты депутаттар тарапынан да дүркін-дүркін сауал жасалып, арнаулы органдардың назарын проблемаға аудартқанымыз бар еді. Жақында ғана Үкімет жанындағы денсаулық сақтауды үйлестіру жөніндегі кеңесте осы мәселе талқыға шығарылды. Мен сол кеңестің мүшесі ретінде мәселені тереңінен зерделеуге араластым. Айта кетерлігі, бүгінгі таңда балалар суицидіне қатысты дайын «рецепт» жоқ. Өз-өзіне қол жұмсаудың жиілеп кету себебін дөп басып айтуға ерте. Бір анығы, статистикалық мәліметтер еліміз үшін осы проблеманың шынымен өткір тұрғанын алға тартады. Мәселен, 2007 жылы өз-өзіне қол жұмсағандар саны 100 мың адамға шаққанда 26,9 адамнан келді. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өз-өзіне қол жұмсағандар саны 100 мың адамға шаққанда 20-дан асып кетсе, осының өзін «аса қиын жағдайға» жатқызады. Ұйымның өлшемімен алсақ, Қазақстанның жағдайы алаңдаушылық қана емес, үрей тудырады. Тіпті 2008 жылы әлгі көрсеткіш одан сайын артып, 100 мың адамға шаққанда 34,8 адамды құраған. Ол ол ма, бұдан кейінгі жылдары көрсеткіш төменге түскен емес, керісінше, бұрынғы жылдарға қарағанда артты әрі суицидке баратындар жасарып бара жатқаны байқалды. Бұл, шынымен, қоғамның дерті асқынып бара жатқаны туралы ой салады. Дертке себепті де әр тараптан іздеуге қақылымыз. Біріншіден, баланың әлеуметтік жағдайы. Екіншіден, жасөспірімдердің өтпелі кезеңінде жападан-жалғыз қалуы. Сөйлесетін, түсінісетін ата-анасы тарапынан қолдау болатын тетіктер қамтылмай қалып жатады. Үшіншіден, мектеп мұғалімдеріне де көп дүние тәуелді. Әрине, ұстаздың бәріне бірдей топырақ шашуға болмас. Дегенмен зерделеген адамға осыны ұғыну қиынға соқпас деп ойлаймын. Мәселен, ХХІ ғасырда бала өзгеріп кетті дедік қой. Бәрін жылдам қабылдайды, ақпаратты қабылдауы, санасының сіңіруі шапшаң. Ал мұғалім ше? Оқушының өзгеруіне ілесіп отырғаны бар ма? Мәселен, бала интернетті біледі, жаңалық пен ақпаратты алатын «көздері» көп. Қосулы тұрған теледидарға үңіліп отырмаса да, өзімен-өзі ойынға айналған бала сол қосулы тұрған телехабардан ақпарат алып жүреді. Төртіншіден, қазіргі жасөспірімдер саясатты да, басқаны да тез қабылдайды. Бұл тұрғыдан оларды шапшаң өсіп, «ерте есейіп жатыр» деуге келеді. Ал соны оқытатын мұғалімнің ақпаратты қабылдауы, оны сіңіріп қана қоймай, дұрыс бағыт сілтеуі үшін «қорытуы» қалай? Бұл – бір жағынан, «емделуі» тиіс мәселе. Екінші жағынан, қоғамдағы мұғалім мәртебесін мүлдем төмен түсіріп алып, соны бұрынғы деңгейге көтере алмай жатқан жайымыз бар. Бұған негізгі себепті де алыстан іздеудің қажеті шамалы. Мәселен, жастайынан армандап, жан-жүрегімен қалап мұғалім болғысы келетіндер саны аз. Тіпті жоқтың қасы деген қорқыныш бар. Жүктемесі көп, жауапкершілігі жоғары жұмысты істеуден бәрі қашқақтайды. Осыны ескерсек, мұғалімдердің өздерін қорғау керек. Бір сөзбен айтқанда, балаға ғана емес, ұстазға да психологиялық көмектер қажет. Бұған көңіл бөлінсе игі.
– Қандай шаралар қамтылуы қажет?
– Ең біріншіден, бала өлімінің жиілеп кетуіне байланысты медициналық әлеуметтік зерттеу жүргізу қажет. Бұл шара кешенді жүргізілгені жөн. Өйткені, расымен, ата-ана мектепті, мектеп керісінше, ата-ананы кінәлап жатыр кей мәселеде. Қоғамға жабатындар да бар. Неге жиілеп кеткенін тексеретін комиссия болса, сол бүге-шігесін ажыратса, нақты жағдайға баға берсе, әрбір өлімнің себебін тексерсе екен. Кешенді тексеру барысында бала тәрбиесіне ғана емес, оның білім ошақтарындағы жүктемелеріне де назар аударған дұрыс. Мәселен, мектептегі бағдарламаның өзі кей жағдайда бала жүйкесіне ауыртпалық түсіруі мүмкін, ондай болса, ауыртпалық психикасына да әсер етеді деген сөз. Екінші жағынан, жаппай таралып кеткен компьютерлік ойындардың мазмұнына үңілген де ләзім. Балалардың көпшілігі ашушаң, соны тексеру керек. «Не себептен» деп келетін сауалдар жиі айтылады. Жасөспірімнің стресті жағдайы көп. Мәселен, біздің кезімізде тек 10 және 8-сыныпта ғана мемлекеттік емтихан тапсыратынбыз, сол кезде ғана қатты алаңдайтынбыз. Ал қазір не көп, сынақ көп. Сөйтіп, әрбір тест пен сынақ сайын стрестік жағдайға ұшырайды. Бұл да бала психикасына әсер етеді. Әлемде озық білім берумен ерекшеленетін финдік жүйені алып қараңыз, олар балаға артық жүктемені алып тастап, сынақтарды шама келгенше азайтқан. Осыған біз де ыңғайлап, бұрынғы жүйенің жақсысын алуымыз қажет. Бүгінгі бала таңертеңнен кешке дейін оқиды. Оның қайсысы қажет, қайсысы қажет емес екендігін ғалымдар ғана емес, дәрігер, психологтар қосыла зерделеуі тиіс.
– «Отан отбасынан басталады» деген халық даналығы бар ғой. Ендеше, отбасындағы әйел мен ер адамның рөлі қандай болуы керек?
– Қазақта «отбасы ұйытқысы – әйел» деген сөз де бар. Ал үйдегі ер адамның мәртебесі қашанда жоғары. Бұл күнде кейбір отбасылар осы мәртебені теңеп алғандай ма деймін. Әйел адам – ең біріншіден, ана. Ошақтың ұйытқысы болуға да жауапты – әйел. Ер адамның рөлі де ерекше еді. Ендігіде сондай рөлдер де кей жерде алмасып жатқанын амалсыз байқап қаламыз. Осы тұрғыдан алсақ, қазақтың ертеден қалыптасқан менталитеті сақталуы шарт. Сол сақталмай, қазақ отбасы ұшпаққа шықпайды. Әйел қаншалықты сырттағы жұмысты атқарса да, тіпті мемлекет үшін зор еңбеккер болса да, ошақ қасындағы өз орнын білуі шарт. Сыртта қызметі қанша дөңгелеп тұрған азаматша болғанымен, өз ошағының табалдырығын аттаған сәттен бастап кішіпейілдікке, ер адамның алдындағы кішіпейілдікке әдеттенсе екен. Бұрыннан қанға сіңген сол тәртіп жоғалса, азғындаудың басы сол болады. Жар ретінде ер-азаматтың бабын, ана ретінде бала тәрбиесінің бабын табу – әйел затының мойнында. Сіз айтқан сауал қойылғанда үнемі Әбіш Кекілбайұлының анасы Айсәуле әженің еңбегі мен ерлігін еске салып, соны кейінгі жастарға үлгі етуге тырысамын. Соғыс жылдарында ері соғысқа аттанған жесір ана баласының берекелі келешегі үшін барын жасады. Бір ғана баласының тілеуін тілеп, қабілет-қарымын байқаған ана жүрегі оның білім алуына, қазақтың қайраткер ұлы болып қалыптасуына көп дүние істеді. Ана даналығының арқасында баланың даралығын бүкіл қазақ халқы таныды. Мінеки – ұлттық тәрбиедегі өнеге! Айта кетейін, Маңғыстауда қазақ әйелдерінің жиынтық образы ретінде үлкен ескерткіш орнатылды. Бұл – Әбіш Кекілбайұлының шешесі Айсәуле әженің құрметіне арналған ескерткіш. Әбіш ағамыздың туған ауылының кіре берісіндегі жол бойындағы осы образ өмірін соғысқа аттанған жан жарын күтумен өткізіп, баласының тәрбиесіне беріктік көрсеткен қазақтың асыл әжесінің бүтін бейнесі іспеттес. Біздің қазақ әйелдерінің, аналардың рөлі осындай. «Әйелі жақсы болмай, ер оңбайды» деген сөз бар. Сондықтан да ердің бақытын келтіретін де, кетіретін де әйел дегім келеді. Мен көпшілік жерде айтамын: әйел ер адамнан ақылы жағынан да, парасаты жағынан да жоғары болуы мүмкін. Бірақ сол әйел нағыз ақылды болса, ерін өзінен төмен санамайды. Жұрттың алдында ғана емес, қай жерде болса да ерінен төмен екендігін білдіріп отырады. Осыны көрсете алмаған әйел ешқашан ақылды әйел деп мойындалмайды.
– Мұныңыз рас енді. Алайда кейбір жағдайда нәзікжандылар гендерлік саясатты бетке ұстап, дәл осы тағылымды тәрбиені «тәрк» ете бастағандай ма деген ой да келеді...
– «Гендерлік теңдік» дегенді бұрыс түсінетіндердің барына мен де келісемін. Мұнда, ең алдымен, теңдік мәселесі негізінен мүмкіндікке, қабілетке қатысты айтылып отырғанын түсіну керек. Әрине, Қазақстан мемлекеті де халықаралық қауымдастықтың белсенді мүшесі болғандықтан, Парламент былтыр «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» заңды қабылдаған болатын. Бұл заңның бір сөзбен айтқандағы түсінігі – әйелдер мен ерлердің мүмкіндігі мен теңдігін қамтамасыз ету. Яғни әйел затын тек оның әйел болғаны үшін кемсітпеуіміз керек. Егер білімі мен қабілеті жетер болса, іскер (қолынан басқарушылық іс келетін) әйелдің қасиеті бағалануы керек. Мұндай мәселе тек әйелге ғана емес, еркекке де қатысты. Ал қабілетке келетін болсақ, тумысы бөлек әйелдің рөлін де көтеру біздің ежелден қанымызда, менталитетімізде баршылық. Мысалы, батырлық қабілетіне қарай қол бастаған әйелдер де бар. Оны әйел екен деп қараған жоқ қой, батырлығына қарап сыйлады. Сол секілді әйелдің атымен аталатын руларымыз да бар. Осының бәрін екшесек, біршама жайтты аңғарамыз. Бізге осындай гендерлік саясат та жеткілікті тәрізді. Ендеше, гендерлік саясатты қалай да бір міндеттемеге айналдырмау керек. Мәселен, мен «халықаралық ұйымдардың талабы еді» деп биліктегі әйелдердің санын арттыра беруге қарсымын. Әйелдің биліктегі саны белгіленген міндеттемелерді орындау үшін емес, сол әйелдердің қабілетіне жол ашу үшін ғана қажет. Халықаралық сарапшылар «Парламентте – пәлен пайыз әйел, билікте – түген, әкімдікте мұнша пайыз болуы шарт» десе, соның артынан салпақтап, көрсеткіш үшін билікке әйел тарта беруге бола ма? Жоқ! Сандық көрсеткіш үшін істеуден қашып, әркімнің тең құқығын, бірдей мүмкіндігін сақтасақ та жетеді. Іскерлігі мен қабілеті екі жақтан алып шықса, әйелге кім қой десін?! Заң ешкімнің құқығын шектемеуге мүмкіндік береді.
– Парламенттегі қызметіңізге тоқталсаңыз. Сіз үшін осы сессияда қандай мәселенің шешілгені өзекті?
– Жоғарыдағы бала тәрбиесімен үндеседі. Парламенттің бір топ депутаты Қазақстан Республикасының «Балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпарат, ақпараттық және шығармашылық өнімдерден қорғау туралы» заң жобасын әзірлеуге бастамашылық жасап, соған кірісіп жатқан жайымыз бар. Қазіргі күні Әділет министрлігімен келісіп, жобаны ғылыми сараптамаға жолдадық. Үкіметтен оң қорытындыны да күтеміз. Заң жобасының мақсатын атауы айтып тұр. Бұл мақсатта компьютерлік ойындар өнімдерінің барлығын санаттарға бөліп қарастыру ұсынылады. Қатыгездікті, қылмысты насихаттайтын, порнографиялық мазмұндағы, эротикалық сипаттағы, үрей тудыратын, діни, ұлтаралық араздықты қоздыратын, туған халқының дәстүрін, мәдени құндылықтарды құрметтемеуге насихаттайтын дүниелерге, жарнама мен ақпараттарға тыйым салынады. Компьютерлік ойындардың әрбіріне мемлекеттік органдар сараптама жасап, баға беруі тиіс.
– Сонда бұған дейін мұндай өнімдер ешқандай заңмен реттелмеген бе?
– Қолданыстағы заңнамада азғантай тыйым мен шектеулер қарастырылады, бірақ нормалардың барлығы шашыраңқы, әртүрлі заңның арасына кірістірілген. Мәселен, бір заңда порнографияны насихаттауға болмайды делінсе, енді бірінде жарнама туралы заң арқылы тыйым салынған. Сөйтіп, балалардың дамуына зиянды ақпараттардың олқы тұстары көп болып шықты. «Балалардың денсаулығына залалды» деп арнайы, жеке қарастырылған заң әлі жоқ. Ал өркениетті елдерде ол бар. Яғни осындай ойындарды шығарып отырған елдердің бәрі дерлік өз балаларын зиянды насихаттардан қорғап, баланың қорғаныс қабілетін арттырып отыр. ТМД шеңберінде мұндай заң тек Грузияда бар. Сондықтан да мұны қоғамға енгізсек, ұтарымыз анық.
Жалпылама айтсам, Парламенттегі қызметте 40-қа жуық сауал жолдаған екенмін. Мұнда әртүрлі мәселелер қамтылды. Оралмандар мәселесін, ауылдарға су мен газ тарту, жылқы мен түйенің етіне субсидиялар бөлуге қатысты мәселелер, Адай жылқысын сақтап қалуға қатысты сауалдар көтердім. Былтыр «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының төрайымы болдым. Мыңға жуық түзету жасалып, заң қабылданды. Соның арқасында темекі өнімдеріне қарсы күрес шаралары қабылданды. Қоғамда үлкен бетбұрыс болды деп ойлаймын. Бұл күні бүгінге дейін біздің азаматтық позициямыз болып қала береді. Қазір «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасымен айналысып жатырмыз.
– Адай жылқысын сақтап қалуға қатысты сауал жасадым деп отырсыз. Бұл мәселенің көтерілуіне не себеп?
– Көпшілік жұрт «Адай жылқысы» деген атауына қарап, оны бір рудың мініс жылқысы деп қабылдауы мүмкін. Шынына келгенде, бұл асыл тұқымды жылқының белгілі бір түріне жатады. Ғылымда дәлелденген. Қазақстанда жылқының көп түрі бар ғой. Соның бір асыл тұқымдысы – Адай жылқысы. Бұл – өте қатаң, шөлейт аймаққа сұрыпталып, бейімделген мал. Жылқы қысы қатал, жазы ыссы өңірге шыдамды. Қолданыстағы заңнамада осы жылқыны асыл тұқымды жылқының қатарына жатқызбай тастаған. Сөйтіп, тиісті субсидиядан қағылып қалған еді. Соны негізге алып, мәселе көтеріп, қазақтың бір асыл тұқымды төліне қолдау жасауға көмектесіп отырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Аналарға айтар тілегім:
Аналарға, ең бастысы, баланың бақытын сүйгізсін. Құдайдың өзі ана мойнына артқан жүгі бар. Ол ең бірінші бала тәрбиесіне арналып отыр. Кейінгі кездері қазақтың қыздарын жан-жақты, орынды-орынсыз сынап жатырмыз ғой. Ондай сын мінді түзесе игі. Дегенмен қазақ қыздарының бойынан ұлттың өзегін жалғайтын дүниелер жоғалмайды деп сенемін. Шығысқа, оның ішінде қазаққа тән қасиетінен айырылмаса, сонымен қуантса... Жүрегінде қазақы рухтың оты лаулаған азаматтарды тәрбиелеуге тиіспіз. Орыстанған, отарланған санадан арылатын заман жетті. Сондықтан да ұрпақтық тәрбиенің діңі тілі мен діліне, дініне беріктікке бағытталғаны жөн. Рухы жоғары, намысы өр ұл өсіретін аналарымыз азаймаса ғана ұлттық қасиеттеріміз ұрпақтарға сабақтасады.