Ер адамдар үшін ұялы телефон темекі мен арақтан екі есе зиян
Салтанат Байқошқарова, биология ғылымының кандидаты, эмбриолог-ғалым:
– Соңғы кездері еліміздегі бала туу көрсеткішінің өскені байқалады. Бұған репродуктивтік технологиялардың да көмегі тиіп жатқаны рас. Осы орайда «Экомед» емханасының жұмыс істеп жатқанына қанша уақыт болды?
– Жалпы, денеден тыс ұрықтандыру (ДТҰ) әдісінің өмірге келгеніне биыл 32 жыл болды. Осы әдіспен Англияда өмірге келген алғашқы сәби қазір 31 жаста. Әлем бойынша осы уақытқа дейін 3 миллиондай бала ДТҰ әдісімен өмірге келді. Ал елімізде аталмыш әдісті ең алғаш қолданысқа енгізген біздің емханамыз 1995 жылы ашылды. Тұңғыш сәбиіміз қазір 13 жаста. Осы уақытқа дейін Қазақстанда 5-6 мыңдай бала осы әдістің көмегімен дүние есігін ашты. Астана, Тараз қалаларында бөлімшелеріміз бар. Қазіргі таңда Қазақстан ғана емес, шетелден де көмек сұрап келетіндер көбеюде. Жақында ғана Германиядан келген екі келіншек құрсақ (біреуі – егіз, екіншісі – бір бала) көтеріп қайтты. ДТҰ әдісі дегеніміз – аналық безден өсім беретін аналық жасушаны алып, әйел организмінен тыс лабораториялық ыдыста ұрықтандырып, белгілі бір мерзімнен кейін әйел жатырына енгізу. Бұрын бедеулікті әйелге ғана тән ауру деп ойлап келсек, соңғы кездері әйел мен еркектің бедеулігі теңбе-тең, 50 де 50 пайыз деуге болады. Атап айтарлығы, бедеулік жылдан-жылға көбеймесе, азаймай отыр.
– Бедеуліктің көбеюіне не себеп болуда?
– Бұл – жер бетіндегі барлық елдерге тән ауру. Қазақстандағы отбасылардың 15-20 пайызы бедеулікке ұшырағаны анықталған. Әйелдер көбінесе гормондық препараттарды көп қолдану, жасанды түсік жасату, жұқпалы жыныс аурулары секілді факторлардың әсерінен бедеулікке ұшырайды. Бізге көмек сұрап келетін әйелдердің 70-80 пайызы – бұрын жасанды түсік жасатқандар. Соңғы кездері ер адамдардың да ұрығының сапасы өте төмендеп кетті. Осыдан он шақты жыл бұрын біз зерттеу жүргізе бастаған кезде ерлердің ұрығының белсенділігі жоғары болатын. 10 жыл ішінде 30 пайызға төмендеген. Мұның себебі өте көп. Экологияның бұзылуы, ғылыми-техникалық революцияның «жемісі», арақ пен темекі, тіпті адамзаттың барлық жеткен жетістіктерінің зиянды жағы әсер етіп жатыр деуге болады.
Жақында шетелде өткен конференцияда «ұялы телефон ер адамның ұрығына арақ пен темекіден екі есе көп зиян келтіреді» деген тұжырымдар жасалды. Қазір шет мемлекеттердің кейбірінде 16 жасқа дейінгі балаларға ұялы телефонды ұстауға тыйым салынған. Және «әр адам ұялы телефонды өзінен кем дегенде 1 метр қашықтықта қоюы керек» деген тәртіп енгізуде. Олар ұялы телефонды алыстан басқару тетіктері немесе құлаққап (наушник) арқылы пайдалануға көшіп жатыр. Ал бізде телефонын басына жастап ұйықтап, таңертең соның шырылымен оянатындар аз емес. Бұл баста ісік тудыруға «көмектесетінін» ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Енді ұялы телефонның ер адамдардың репродукциялық (бала туғызу) қызметіне айрықша зиян екені айтылуда.
Біздің ер адамдарымыздың көбі телефонын беліне жақын жерге, белбеуіне қыстырып жүретіні жасырын емес. Мен ерлердің белсізденуіне ұялы телефон айрықша әсерін тигізіп жатыр деп қадап айтқым келеді. Сондықтан біздің елімізде де мемлекет тарапынан белгілі бір деңгейде ұялы телефон ұстауға шектеулер қойылғаны жөн.
– ДТҰ әдісі қаншалықты нәтижелі?
– Барлығы әйелдің бала көтеру қабілеттілігіне тікелей байланысты. Егер эмбриондары жақсы болса, айына келген әйелдердің 30-40 пайызы бала көтереді. Бұл сырттай қараған адамға аз көрінуі мүмкін. Алайда адамдардың ұрықтану мүмкіншілігі жан-жануарларға қарағанда төмен. Жаңадан үйленген 20-ға келген жастарда бала көтеру мүмкіндігі бір айда – 15-20 пайыз, 30 жастан асқандарда 10 пайыз көлемінде болса, 40 жастан асқандарда 5-ақ пайыздық мүмкіншілікті көрсетеді.
– Жалпы, медицина саласында «шетелдіктер алға озып кеткен» деп жатамыз. Осы орайда шетелдегі денеден тыс ұрықтандыру медициналық орталықтарының бізден гөрі артықшылықтары бар ма?
– Шетел медицинасының барлығы бірдей деп айта алмаймын, бірақ біразы бізден әлдеқайда алға озып кеткені рас. Өзім Германия медицинасының дамуын жоғары бағалаймын. Алайда арадағы алыс-беріс тәжірибе алмасу арқылы бүгінде біздің медицинамыз да дамып келеді. Бізде, мысалы, стоматология саласы жақсы дамыған. Ең бірінші мемлекеттік жүйеден бөлініп, жекешеленіп, стоматологиялық емханаларды аша бастаған да осы сала болатын. Сондықтан медицина саласында шетелдіктермен бірдей дәрежеде дамыған сала стоматология саласы деп айтуға болады. Жақсы дамыған салалардың ішінде біздің репродуктология саласын атауға болады. Біз ұдайы ізденіс үстіндеміз. Жиі-жиі тәжірибе алмасу үшін шетелге іссапарларға шығып тұрамыз. Бір анығы, біздің сала шетелмен бірдей дәрежеде дамыған. Бүгін бізге іші кернеп ауырып бір жас келіншек келді. Құрсақ көтеру үшін Израильге барып, ДТҰ әдісін жасатқан. Бірақ жатырының іші сұйыққа толып, қабыну процесі басталып, салып берген эмбрионы өнбей қалған. Енді біздің қызметімізге жүгініп отыр. Осы күндері бізде итальян отбасы да емделуде. Шетелдің емханаларының бәрі бірдей керемет деп айтуға болмайды. Бірақ көпшіліктің көкейінде «шетелде бәрі керемет» деген түсінік қалыптасқан.
Біздің медицина саламыздың даму жүйесі баяғы кеңестік кезеңнен қалған жүйе болғандықтан, бәрін бірден өзгерту киынға соғып отыр. Уақыт ағымымен заманға сай бейімделіп отыру керек. Қазір дәрігерлерді тоғыз жыл оқыту керек деген бастама көтеріліп жатыр. Өз басым мұны қолдаймын. Бірде Израильдің дәрігерімен пікір алысып қалдық. Ол: «Сіздерде медицинаны қанша жыл оқытады?» – деп сұрады. Мен: «Алты жыл жалпы білім беріп, бір жыл белгілі бір сала бойынша оқытады», – дедім. Ол қатты таңғалып: «Бір жыл оқып, ол қалай гинеколог болады? Бізде дәрігер болу үшін 13 жыл оқытады. Алты жыл жалпы білім алып, бір жыл медициналық орталықтарда тәжірибеден өтіп, мамандық таңдайды. Содан соң таңдаған саласы бойынша тағы алты жыл оқиды. Бәрін бітірген соң, үш пән бойынша емтихан тапсырады. Егер бір пәннен құласа, қосымша қайта оқуға мәжбүр болады. Қашан сол саланы толық біліп шықпайынша, оқи береді», – деді. Менің көзім жеткені, Израиль мамандары өте білімді. Әрине, 13 жыл оқыған адам өз мамандығын жіліктей шақпағанда қайтеді? Өз мамандығына жан-тәнімен берілген адам ғана 13 жыл оқуға шыдап, науқастарды да шын көңілден беріліп емдейді. Мамандығына берілген адам үшін бірінші орында ақша ғана емес, науқастың өмірі тұрады.
– Бізде «бала сүю» қанша тұрады?
– Мемлекеттік лаборатория болсын, жекеменшік лаборатория болсын, еліміздегі ДТҰ-ның орташа бағасы 170-190 мың теңге тұрады.
– Бізде суррогат ана мен донорлық ұрық жиі қолданыла ма?
– Донорлық ұрықтардың ішінде еркектердің донорлығы өте қиын. Оның құрамында ВИЧ, гепатит В, С, сифилис секілді аурулардың болмауын қатаң қадағалаймыз. Донор болуға ниет білдірген адамды тапқан соң, ұрығы жарамды болса, қатырып қоямыз. Алты айдан соң қайтадан әлгі еркекті тауып, қанын алып, тексереміз. Себебі адам бойында қауіпті індет болса, ол алты ай ішінде қылаң беруі керек. Егер дені сау болса, әрі қарай тексеруге жібереміз. Алайда ұрықтың көбі қатырып қоюға келмейді. Қатырып қоюға келгеннің өзінде, еріткенде, біразы өліп қалады. Онда бүкіл еңбегің еш кетеді. Бұл бізді шығынға ұшыратады. Бір донорлық ұрықтың жарамдылығын тексеруге 70-80 мың теңге ақша кетеді. Қатыру кезеңінде күніне 3-4 литр азот құямыз. Себебі ол ауаға ұшып кетеді. Азоттың литрі – 350-500 теңге. Жақында Петербордағы әріптестеріміздің айтқан әңгімесін тыңдадым. Олар жарнама арқылы донор ұрық тапсыратындарға сұрау салған. Нәтижесінде 400-дей адам қоңырау шалған. Арнайы тексеруден өткізген соң, соңында 400 адамның ішінде екі-ақ адамның ұрығы және денсаулығы жарамды болып, қалған 398 адамның тексерілуіне жұмсалған ақша желге ұшқан. Сондықтан алдағы уақытта алдын ала донор ұрығын дайындау тиімсіз, тек тапсырыспен ғана дайындау жүйесіне көшпекпіз.
– Осы саланы жетік меңгерген маман ретінде биліктегілерге қандай ұсыныс айтар едіңіз?
– Үкіметке айтарым, жаңа репродуктивтік әдістердің көмегімен ұрпақ санының көбеюін өз қамқорлығына алса екен. Израильде өмірге екі бала әкелу мемлекет тарапынан міндетті болып саналады. Еврейлер дүркін-дүркін болып жатқан соғыстардың әсерінен азайған адам басын қалыпқа келтіру үшін осындай қадамға барып отыр. Мемлекет денеден тыс ұрықтандыру әдісін 30-40 рет жасатса да, әр әйелге алғашқы екі баласын туғанға дейін тегін жасайды екен. Үшінші рет құрсақ көтеруге ғана өз қалтаңнан ақша шығарасың. Бізде де талай отбасы қаражаттың тапшылығынан бала сүйе алмай жүр. Сондықтан осындай әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардың бала сүюіне жағдай жасап, қамқорлығына алса, нұр үстіне нұр болар еді.
Естен кетпес оқиға:
Бірнеше жыл бұрын Шымкент қаласынан 47 жастағы әйел тексерілуге келді. Осы уақытқа дейін жүкті болып көрмеген. Біз жасаған денеден тыс ұрықтандыру әдісімен бірден құрсақ көтерді. Шамалы уақыт бақылауда ұстап, күнделікті ішетін дәрілерін белгілеп, Шымкентке қайтардым. Содан маған қоңырау шалып: «Мен шынымен құрсақ көтердім бе, қан кетіп жатыр?» – деді. «Иә, көтердіңіз. Сіздің жасыңыз ұлғайғандықтан, іштегі балаға гормондар жетпейді. Содан қан кетуде. Дәрілеріңізді ішіп жатырсыз ба?» – деп сұрадым. «Жоқ», – дейді. «Ішу керек міндетті түрде», – деп бәрін түсіндіріп айтып, трубканы қоям. Тағы қоңырау шалады. Дәл осы жағдай 13 күн жалғасты. Өмірінде бала көтермеген әйел өзінің құрсақ көтергеніне сенбей жүр. Айта-айта сөзім қор болды. Сосын: «Азанда пойызға мін де, тез жет немесе мүлдем келме, телефон да соқпа», – деп трубканы қойдым. Ертеңіне жетіп кепті. Ультрадыбыстық тексеруден өткіздік. Іштегі баланың жүрегі соғып тұр. Бірақ қан кетіп жатыр. Содан ауруханаға жатқызып қойдым. Үш күннен кейін құрсақтағы баланың жүрегі тоқтап қалды. Он үш күн бойына іштегі балаға гормон (яғни тамақ) бермеген соң, өлмегенде қайтеді?! Құрсақтағы бала анасы арқылы берілетін гормондармен өмір сүреді. Өз қатысуыңмен пайда болған баладан айырылу маған ауырға соқты. Еккен егіні күйіп кеткен егіншінің халінде болдым. Ішім удай ашыды. Еңбегімді еш кетіргеніне ол әйелге қатты ренжідім. Бізде қатырылған эмбриондары қалған. Содан арада уақыт өткен соң: «Екінші қайтара көтерейін деп едім», – деп қоңырау шалады. Алғашында қабылдамай, күнде қоңырау шалған соң, амалсыз көндім. Бірақ қатаң тәртіппен «айтқанымды орындамасаң, келме» деген шартпен қабылдадым. Содан 50 жасында екінші рет құрсақ көтеріп, 51 жасында өмірінде тұңғыш рет босанып, төрт келіден асатын ұл тапты. Қазір баласы үш жаста. Сондағы алғашқы баланы түсіріп алғандағы өкінішім, екінші рет 51 жасында ұл туып алғандағы қуанышым есімнен кетпейді.
Датым!
– Соңғы кездері адамдардың бойында мемлекеттік мүддеден гөрі, жеке басының мүддесінің жоғары тұратынын жиі байқаймын. Бұл біздің келешегіміз үшін қауіпті. Мемлекеттің меншігін аш қасқырша талап, жаудың мүлкіндей немқұрайды көзқараспен қараудың соңы жақсылыққа апармайды. Бұл – мемлекетін ғана емес, елін, жерін, тілін, ділін сүймеудің көрінісі. Сондықтан адамдарға бойындағы ұлттық рухты көтеруді, мемлекеттік мүддені жоғары қоюды үйретуіміз керек. Қазір ел сенген басшылар мен шенеуніктердің үсті-үстіне тұтқындалуының өзі халықтың оларға деген сенімін азайтты. Жемқорлық пен қызмет бабын өз ісіне асыра пайдалануы – мемлекеттік мүддеден жеке басының мүддесін жоғары қоятынының көрінісі. Сондықтан мемлекет үшін бұл қаншалықты қымбатқа түссе де, азаматтарына мемлекеттік мүддені жоғары қоюды қатаң тәртіппен болсын, мықты идеологиямен болсын үйретуді қолға алатын кез жетті.