Еліміздің электр тарату жүйесінің қуатты ток көзін таратуға шамасы келмейді
Серік Қожахметов, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы жанындағы «Жоғары технологиялар институты» ЖШС бас директоры:
– Серік аға, еліміздің басты даму стратегиясы – Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында атом саласының атқаратын рөлі қандай?
– Бүгінгі таңда Қазақстан үшін уран саласының маңызы мұнай мен газдан артық болмаса, кем емес. Өйткені соңғы екі жылда Қазақстан әлемдегі ең ірі уран өндіруші болып танылды. Бұл – біріншіден. Екіншіден, бұл – өте құнды ресурс. Яғни әлемдік нарықта уран өте жоғары бағаланады. Еліміздің бюджетіне осы бір уранның арқасында миллиардтаған доллар табыс түсіп жатыр. Сондықтан мемлекетіміз компаниямыздың басты акционері болып табылатын «Қазатомөнеркәсіптің» қарыштап дамуына мүдделі.
Қазір «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясында 26 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Бұл – үлкен потенциал. Сонымен қатар қомақты ғылыми потенциал да бар деп айтар едім. Өйткені бүгін басқалармен салыстырғанда атомдық саладағы инновациялардың үлесі жоғары. Шынын айту керек, бұл саланың алғашқы атом бомбасын жасауға арналған жобасын қарастыратын болсақ, ол қатаң құпия жағдайда жүргізілді әрі ол кезде әлемдегі ғылыми жетістіктер мен технологиялар бойынша ақпараттардың алмасуы да шектеулі еді. Сол себепті Кеңес Одағының ғалымдары осы жобаға қатысты жаңа ғылыми зерттеулерді өз күштерімен жүргізуге мәжбүр болды. Осы тұрғыдан қарағанда, атом саласының әрқашан жаңа ғылыми зерттеулердің бастамасы болып, басқа салалар үшін нағыз инновациялық қозғаушы күш ретінде танылатындығын көреміз, оның ел экономикасын және ғылыми-техникалық дамуын қамтамасыз етуде маңызды орын алатындығы анық. Міне, ғылыми жағынан осындай озық дәстүрге негізделген «Қазатомөнеркәсіптің» қолға алған жаңа жобаларының көбі – инновациялық жобалар. Үкімет те біздің компанияның озық техникалық және технологиялық дәстүрлердің жалғастырушысы болуына мүдделі әрі алдымызға соған сай талаптар мен міндеттер қойып отыр.
– Басқа салаларға қарағанда, бізде инновациялық даму басымырақ дедіңіз. Осы ретте «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының қолға алып отырған жобаларына нақты тоқтала отырсаңыз...
– Қазіргі таңда «Қазатомөнеркәсіп» дамудың екі бағытын айқындап отыр. Олар – негізгі және қосымша бағыттар. Негізгі бағыт біздің тек табиғи уранды ғана емес, тереңнен өңделген, қосымша құны қымбат жоғары технологиялық өнімдер өндіруді мақсат ететіндігімізбен байланысты. Ол үшін біз Үлбі металлургиялық зауытының кешені аясында екі зауыт салуды жоспарлап отырмыз. Оның біреуі, технологиялық тілмен айтқанда, уранды конверсиялаумен айналысатын болады. Яғни ол кеніштен алынатын сары кек (желтый кек) деп аталатын дайын өнімді қайтадан өңдеп, уранның гексофторитін шығарады. Ал одан уран оксидінен тұратын отын таблеткалары дайындалады. Уран қышқылынан құралатын отын таблеткаларынан жылу бөлетін құрастырмалар деп аталатын арнайы құрылым түзіледі. Оны қысқартып, ТВС деп те айтамыз. Ал екінші зауыт жылу беретін құрастырма түрінде дайын өнім өндіретін болады. Бұл өндірісті Үлбі металлургиялық зауыты аясында француздық AREVA компаниясы құрмақшы. Міне, осы жобаларды жүзеге асыра алсақ, Қазақстан тек қана уранды емес, одан жоғары сұранысқа ие, жоғары қосымша құнмен жоғары технологияға негізделген дайын өнімдер өндіреді деп мақтанышпен айта аламыз.
«Қазатомөнеркәсіп» тек уран саласы бойынша емес, сонымен қатар жер бетінде сирек кездесетін металдар бойынша да ұлттық оператор мәртебесіне ие. Ұлттық компания қазір бұл бағытта да уран саласын дамыту бағдарламасының тізбегі секілді даму бағдарламасын әзірлеп жатыр. Яғни біз еліміздің жер қойнауындағы байлықты шикізат түрінде емес, оны жоғары технологиялық дайын өнім ретінде өндіріп шығаруға мүдделіміз. Жер бетінде сирек кездесетін металдардан жасалатын дайын өнімдер электроника, коммуникация, байланыс, оптика секілді әртүрлі салаларда кеңінен қолданысқа ие. Бұл ретте бізге 30 жыл бұрын әлемді сирек кездесетін металдармен қамтамасыз еткен бүгінгі Қытайдың тәжірибесін үлгіге алуға болады. Қытайдың сирек кездесетін металдар шикізатын экспорттауды мүлдем доғарғанына, міне, бір-екі жылдың көлемі болды. Оларда сирек кездесетін металдардан жоғары технологиялық дайын өнімдер өндіретін жүздеген кәсіпорын жұмыс істейді. Бізге де осындай жолды таңдау керек. Яғни еліміздің жер қойнауы байлығы бүтіндей Қазақстан экономикасының дамуы үшін жұмыс істеуі тиіс. Біздің ресурстарымыздан елден жырақта тағы біреулер қосымша пайда көрмеуі қажет. Сирек кездесетін металдар бағдарламасын сөз еткенде, «Қазатомөнеркәсіп» жүзеге асырып жатқан жобалардың ішіндегі балама энергетикаға қатыстысына тоқталмай кету мүмкін емес. Атом энергетикасына маманданған компания ретінде біздің энергияның балама көздерімен айналысып жатқанымыз сырттан өрескел көрінуі мүмкін. Бірақ, шындығында, онда тұрған ештеңе жоқ. «Энергияның әр түрі өзара бәсекелес» деп қоғам қателеседі. Нақты тұрмыс тіршілігінде олар керісінше, бірін-бірі толықтырып, жандандырып отырады. Өйткені олардың ерекшелігі мен мазмұны әртүрлі. Мәселен, ірі металлургиялық кәсіпорынды немесе Алматы секілді үлкен мегаполисті электр қуатымен қамтамасыз ету бір басқа, ал ел-жұрттан жырақта жатқан, мал шаруашылығымен айналысатын көшпелі қойлы ауылды жарықпен қамту – өз алдына бөлек мәселе. Энергияның әр түрінің әрқайсысының өзіндік қолдану аясы бар, сондықтан компаниямыздың жинақтаған барлық тәжірибесін және техникалық-ғылыми потенциалын қолдана отырып, біз күн сәулесінен энергия алатын ток көзін отандық шикізаттың, яғни табиғи кварцтың негізінде дамытудамыз. Алдағы екі жылдың ішінде «Қазатомөнеркәсіп» күн сәулесінен энергия алатын батареялар шығаратын зауыт салмақшы. Бұл елімізде бой көтеретін осы сипаттағы алғашқы зауыт деп айтуға болады.
– Ал қосымша бағыттағы жобалар да инновациялыққа жата ма?
– Әрине. Қосымша бағыт дегеніміз негізгі өндірістердің дамуы үшін қажетті қосалқы дайын өнімдер жасап шығаратын өндірістер болып табылады. Өкінішке қарай, бүгін елімізде біздің қызметімізді химиялық реагенттермен қамтамасыз ететін қажетті деңгейдегі өндіріс орындары жоқ. Сондықтан «Қазатомөнеркәсіп» үшін күкірт қышқылы, сутегі тотығы секілді тағы бірқатар химиялық өнімдерді өндіру өзекті мәселе болып табылады. Осы мәселелерді шешу біздің қызметіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сыртқы тасымалдаушыларға тәуелді болмау үшін қажет екені айқын. Міне, осы мақсатта таяу арада бір-бірінің қажеттілігін өтейтін бірнеше өндіріс орнын ашуды көздеп отырмыз. Нақтырақ айтқанда, екі күкірт қышқылы зауыты салынады, сутегі тотығы бойынша кәсіпорын құрылады, сондай-ақ ионды алмастырушы шайыр түріндегі қара май (смола) өндірісін ашу да жоспарда бар. Осы секілді атом өндірісінде қолданылатын химиялық өнімдерді өндіру бойынша жоспарымызда тұрған жобалардың тізбегі ұзын сонар. Сондықтан оның бәріне тоқталмай, тек олардың ішіндегі ең ірі деген жоғарыда аталған үш жобаны атап өттім.
– Бұл жобалар отандық ғалымдардың еңбегі болып табыла ма, әлде шетелдік әріптестер де оған атсалысып жатыр ма?
– Жобалардың басым бөлігі біздің институт қызметкерлерінің көмегімен дайындалып жатыр. Өйткені Жоғары технологиялар институты басты салалық, жобалаушы, ғылыми-зерттеуші институт болып табылады. Ал егер уранды конверсиялау, сондай-ақ жылу бөлетін құрастырмалар секілді ірі жобалар туралы сөз ететін болсақ, ол арада біз сырттан дайын өндірісті сатып аламыз, бірақ осы өндірісті жобалау жұмыстарына және технологияны бейімдеуге өзара атсалысамыз. Бұл ертең осы өндіріс орындары жұмысқа кіріскенде оның жұмысын өзіміз қамтамасыз ете алуымыз үшін керек.
– Жылу бөлетін құрастырмалар, уран қышқылынан дайындалатын отын таблеткалары атом реакторларына қолданылатынын білеміз. Мұны елімізде атом электр стансасын салуға деген дайындық деп түсінуге бола ма?
– Өкінішке қарай, бүгін көбі «Қазақстанға атом стансасы керек пе» деген сауалды «Қазақстанға Фукусиманың жағдайы қажет пе» деген сауалмен алмастырып қойып жүр. Сөйтіп, қоғамның бойына үрей ұялатып, нақты мәселеден ауытқуға жол беріліп жатыр. Әсіресе өздерін «қоршаған ортаны қорғаушылар» деп атаушылар тарапынан.
Әрине, Фукусимадағы жағдайдың қайталанғаны бізге керегі жоқ. Ал атом электр стансасы қажет. Біз әлемдік ғылыми-технологиялық дамудың даңғыл жолынан сырғып қалып қоя алмаймыз. Елімізде атом электр стансасын салу экономикалық қажеттіліктен туындап отыр. Ол қандай да бір саяси жағдайға байланысты емес. Бұл арада күштеу деген де жоқ. Әлемдегі дамыған мемлекеттердің барлығында өндірілген электр энергиясының басым бөлігі атом электр стансасы арқылы беріледі екен. Біз де осы бағыттан ауытқып кете алмаймыз. Сондықтан ерте ме, кеш пе бізге де осы жолмен жүруге тура келеді. Ал бұл тақырып бойынша қоғамда теріс пікір қалыптастыруға тырысатындар қажетті деңгейде техникалық ақпараттан құлағдар емес, не болмаса экологияны желеу етіп, мүлдем бөтен мақсатты көздейді. Бұл арада біздің институт кез келген қоғамдық ұйымға атомофобияға қатысты үрейді жоққа шығаратын барлық мәліметті беруге әзір екенін баса айтқым келеді.
– Егер атом стансасы салынуы керек деп шешім шығарылса, бізде оның қаншасы бой көтеруі мүмкін?
– Бұған да экономикалық қажеттілік тұрғысынан жауап беруге болады. Біздің институттың жоспары бойынша, Қазақстанға ең кем дегенде үш атом электр стансасы керек. Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары үшін. Біздің ойымызша, аталған осы үш аймаққа атом электр стансалары экономикалық және техникалық тұрғыдан ауадай қажет.
– Дегенмен мамандардың белгілі бір бөлігі отандық атомшылардың әлемнің озық реакторларынан гөрі, техникасы ескірген ресейлік ВБР – 300 реакторын таңдауына наразылық білдіріп отыр екен ғой...
– Негізінен, бізде салынатын атом электр стансаларына ресейлік ВБР – 300 реакторы пайдаланылуы тиіс деп жоспарланып отыр. Өйткені мұндай шешім аталған реактордың беріктігі мен тұрақтылығы жағынан жақсы мінездемелеріне байланысты шығарылған. Бірақ осы реактормен салынған атом электр стансасы жоқ. Барлық наразылық осы жағынан туындап жатыр. Яғни бұл арада біз ресейлік атомшылардың сынақ полигонына айналамыз деген уәж келтіріледі. Ал шынтуайтында, олай деуге ешқандай негіз жоқ. Біріншіден, бұл 100 автокөлік шығарып, оның 101-іншісі қауіпсіз бе, басқалары секілді ол да жүйткіп, ешқандай ақаусыз жүріп кете ме деп күмәнданған секілді. Өйткені мұндағы техникалық шешімдердің бәрі әлдеқашан сынақтан өтіп қойған. Әрине, бұл арада әрбір элементі, әрбір деталі жекелей сынақтан өткен қуатты конструкция жайлы сөз болып отырғанын түсінемін. Дегенмен бұл арада атом электр стансасы өндірген қуат көзін біздің жалпы энергия құрылымы жүйесінің өткізуге дайын еместігі жағынан да үлкен мәселе барын ұмытпаған жөн. Иә, қазір әлемде экономикалық жағынан озық реактор ретінде ІР 1000 немесе ІР 600 реакторлары есептеледі. Бірақ біздің ток таратушы жүйе мұндай қуаттағы энергияны бөліп орналастыруға дайын емес. Яғни қазіргі еліміздің электр тарату жүйесі арқылы мұндай қуатты ток көзін таратуға шамамыз келмейді. Сондықтан бұл – экономикалық және техникалық мағынада қарастырылатын мәселе. Энергия тұтыну жүйесін модернизациялағаннан кейін, жоғары жылдамдықпен энергия өткізетін желіге қол жеткізген соң, экономикалық жағынан тиімді қуатты стансаларды тұрғызуға болатын шығар. Бірақ қазіргі кезде бізге тиімдісі ВБР – 300 реакторы болып табылады.
– Радиоактивтік қалдықтар мәселесі де қоғамды бейжай қалдырып отырмағаны белгілі...
– Біз өндірістік ядролық отын өндірмейміз, оны тасымалдамаймыз да. Сондықтан бізде ядролық қалдықтар жинақталмайды. Дегенмен Қазақстан территориясында техногендік деп аталатын жүздеген миллион тонна радиоактивтік қалдықтардың жинақталып қалғанын жоққа шығара алмаймын. Бұл – Степногорск, Ақтау, Жамбыл секілді басқа да облыстардағы кеңінен танымал өндіріс ошақтарынан шығарылатын техникалық қалдықтар. Яғни, бір сөзбен айтқанда, бұл – металлургиялық, уран, фосфор өндірісімен айналысатын кәсіпорындардың қалдықтары. Бірақ бұл арада қоғам жер астында жатқан қалдықтардың кез келгені қоршаған ортаға зиянын тигізбейтінін білуі тиіс. Керісінше, жер бетінде орналасқан, ұзындығы мыңдаған шақырымды қамтитын мұнай мен газ құбырлары радиоактивтілігінің жоғарыда келтірілген қалдықтарға қарағанда табиғатқа келтірер зияны мол.
– Фукусимадағы қайғылы жағдайдан соң әлем, соның ішінде Қазақстан атом саласында қандай позиция ұстануы тиіс деп ойлайсыз?
– Жапонияда бірлесе жұмыс істейтін әріптестеріміз көп. Фукусимада қайғылы жағдай орын алғанда, біз өзіміздің оларды моральдық тұрғыда қолдайтындығымызды білдірдік. Қалай дегенмен де, халықаралық қауымдастық үшін мұндай апаттың Жапонияда орын алғаны, бір жағынан, оңтайлы болды ма деп ойлаймын. Өйткені тек Жапония ғана өзінің қатаң тәртібі мен өзара ауызбірлігінің арқасында мұндай үлкен апаттың бетін қайтарып, бұл мәселеден адам факторын толықтай аман алып шыға алады. Егер Чернобыль апатындағы секілді қандай да бір ұйымдаспаушылық орын алғанда, бұл жағдай ушығып кетер ме еді, қалай?..
Өзекті өртер осы өкінішті жағдайдан Жапонияның жасаған тұжырымы – біреу-ақ. Яғни Жапония атом энергетикасының баламасы жоқ екенін түсініп отыр, сондықтан олар бәрібір бұл бағыттағы жұмыстарын жалғастыра бермек. Осы қайғылы оқиға орын алғаннан кейін бір айдан соң Ядролық энергияны қауіпсіз және инновациялық мақсатта пайдалану мәселелері жөніндегі Киев саммитінің пленарлық отырысында сөз алған біздің Елбасымыз да тура осындай тұжырымдама жасады.
«Бүгін тағы да, бұдан 25 жыл бұрынғы тәрізді, әлем алдында атом энергиясының қауіпсіздігі мәселесі өткір тұр. Жапондық «Фукусима» АЭС-ындағы төтенше жағдай мұның қайғылы мысалы болып табылады. Ол атом энергетикасын дамыту саласында жаһандық тәуекелдерді басқарудың жалпыпланеталық тетіктері тапшы екенін айқын көрсетті», – деп атап өткен Елбасымыз атом саласында халықаралық ашық жүйе құруды ұсынды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «АЭС-тың және өзге азаматтық атомдық нысандардың қауіпсіздігі жаһандық ядролық қауіпсіздіктің маңызды құраушысының бірі ретінде танылуы керек. Атом энергетикасы нысандарының бірегей, қатаң және халықаралық танылған стандарттары мен қауіпсіздік өлшемдерін әзірлеу төтенше маңызды. Онсыз әлемде бірде-бір АЭС-ты пайдалануға жол берілмеуі тиіс. МАГАТЭ аясында және тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, АЭС басқару және қорғау жүйесін тұрақты түрде стресс-тестілеуді міндеттеу орынды болар еді. АЭС пайдаланушы мемлекеттер мен компанияларды толық көлемде өз халқын және халықаралық қоғамдастықты кез келген, тіпті өздерінің ядролық объектілеріндегі ең елеусіз оқиға туралы тез арада хабардар етуге міндеттеу қажет. Осы заңды талапты бұзған жағдайда қатаң санкция қарастыру керек. Атом энергетикасын дамытушы елдің үкіметі өзге мемлекеттердің экономикалық мүдделеріне және жаһандық экологияға нұқсан келтіргені үшін толық жауапкершілікті алуға дайын болуы керек», – деп мәлімдеді. Мен де осы айтылғандар атом саласындағы Қазақстан позициясын айқындайтын дұрыс және ақылға қонымды жол деп білемін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Алашқа айтар Датым...
Мен университетті тамамдаған соң, қорғаныс саласы бойынша зымырандар технологиясымен айналысатын бағдарламамен жұмыс істедім. Ол ғарыш аппаратымен байланысты ғылыми жұмыс еді. Бірақ мен күндердің бір күнінде уран мәселесімен айналысамын деп ешқашан ойламаппын. Дегенмен қазір осы салада еңбек етіп жатқаныма еш өкінбеймін, керісінше, оған қуаныштымын. Өйткені атом саласы біздің еліміз үшін өте маңызды сала болып табылады. Жоғары оқу орнын тамамдаған жастардың «жұмыс таппадық» деуі, меніңше, бекер. «Қалауын тапса, қар жанар» деген осындайда айтылса керек. Әйтпесе, қазір әсіресе қазақ жастары үшін таңдау көп. Мәселен, атом саласында. Бұл салаға тек техникалық, ғылыми ғана емес, мұнда кәсіби білікті есепшілер, тіпті тіл мамандары да қажет деп айтар едім.
Қазақстанда қазақ атомшыларының бірнеше буыны қалыптасқанда ғана біз өзімізде нағыз ғылыми-техникалық зиялы қауым бар деп мақтанышпен айта аламыз. Атом өнеркәсібіне ақылды әрі талантты да талапты жастар көбірек келсе екен деп ойлаймын. Қайталап айтамын, әртүрлі мамандықтар бойынша. Біздің басты кәсіпорындарымыздың барлығы ірі қалалардан жырақта орналасқан. Егер сол кәсіпорындарға жас мамандар баратын болса, біздің Қазақстан өркендеп, дами түседі, ауылдар да бой көтерер еді. Сонда ғана өмір Алматы мен Астана секілді орталықтарда ғана емес, еліміздің барлық өңірінде қызу қарқынды жүріп жатар еді.