Елдің дамуы оның білімі мен ғылымының дамуымен өлшенеді

Елдің дамуы оның білімі мен ғылымының дамуымен өлшенеді

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, профессор:

– Кәрімбек Арыстанбекұлы, әңгі­мемізді  білім мен ғылым саласының өкілі болғандықтан, еліміздегі білім беру ісін дамытудың бағыт-бағдарын айқын­дайтын мемлекеттік бағдар­ламадан бастасақ. Бағдарламаны жүзеге асыруға байланысты қандай мәселелерге мей­лінше мән беріліп отыр?
– Еліміздің білімі мен ғылымын да­мытуға арналған бағдарламаның қа­былдануы Қа­зақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы Прези­дент жарлығына сәйкес дайындалып, күшіне енгені белгілі. Бағдарламада алдымызға жаңа міндеттер жүктелгенін, атап айтсақ, білім саласындағы басым бағыттарға мамандар даярлаудың жаңа сапасына көшу, мектепке дейінгі тәр­бие мен білім беру ұйымдарының маз­мұнын жетілдіре түсу, педагог кадрларды қайта даярлауды және қоғаммен бай­ланысты күшейту мақсатында қамқор­шылық кеңес қызметін үйлестіру сияқты бірнеше мақсаттар мен міндеттерден туындап отырғандығын тілге тиек етсек артық болмас. Алғашқы кезек­те білім беру қызметін қамтамасыз етуге бағдарланған қаржы­ландыру жүйесін жетілдіру мен педагог мамандығының беделін көтеруді мақсат еткенін атап өткеніміз абзал. Білім беруді басқарудың мемлекеттік-қоғамдық жүйесін қалыптастыру мен білім беру про­цесінің барлық қатысушыларының үздік білім беру ресурстары мен техно­логия­ларына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету үлкен міндет етіліп қойылғанын ерекше атап өтуге болады.
Білім беруді қаржыландырудың жаңа тетіктерін белгілеу; білім беру жүйесін жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету; педагог қызметкерлердің еңбегін ынталандыру, яғни олардың мәртебесін арттыруға бағытталған мүмкіндіктерді қарастыру бағдарламаның басты ерек­шеліктері.
– Тағы бір мәселе, 12 жылдық білім жүйесіне көшуге байланысты. Осы орайда мемлекеттік бағдарламаларда көзделген мерзімде мұндай міндет үдесінен шығу үшін ең алдымен қандай іс-шаралар  қолға алынып жатыр және осыған орай педагог кадрлар дайындау мәселесі де күн тәртібіне көтерілмей ме?
– Жаңа бағдарламада мектепке дейінгі және орта білім беру деңгейіндегі атқа­рылатын міндеттердің бірі ретінде 12  жылдық білім беруге толығымен көшуді қамтамасыз ету міндеті қойылғаны рас. Бұған дейін де бірнеше рет осындай 12 жылдыққа көшуге ұмтылыс болғаны, бірақ кейінге қалдырылғаны белгілі. Сіздің сұрағыңыз сол жағдай қайталанбас па екен деген мақсаттан туындап отыр ғой деймін.
Елбасы Н.Назарбаев министрлікке нақты тапсырма беріп, 12 жылдыққа көшуді мін­деттеп отыр. Ендеше, күрмеуі қиын күрделі мәселені шешудің қисыны келіп тұрғанын баса айтқымыз келеді. Сондықтан бұл жолы бағдарламада көрсетілген мер­зімде,  яғни 2015 жылы 12 жылдық білім беру жүйесіне көшетін боламыз. Бұл шараның нақты іс-жоспары айқындалып, нақты кестесі бел­гіленгені министрліктің даму жоспарында айқын көрсетілген. Сонымен, аталған мер­зімде 1-5 және 11 сыныптар 12 жылдық бағ­дарламасы бойын­ша кезең-кезеңмен білім алуды бастайтын болады.
Ал енді, жаңа жүйе бойынша педагог кадрларды дайындау мәселесі бойынша мынаны айтқым келеді. Аталған деңгей жүйесінде жемісті еңбектің жетістігін көргіміз келсе, ең алдымен кадр мәселесін реттеп алуымыз керек. Кезінде еліміздегі педагог кадрлар тапшылығын шешу мақсатында Үкіметтің шешімімен еліміздің бес өңірінде ашылған Педагогикалық институттардың атқарар мақсат-міндеттерін қайта бір пы­сықтау керек. Өйткені жергілікті жердегі жетекші университеттердің көлеңкесінде қалып қойып, оларда дайындалатын кейбір мамандықтарды даярлауды қайталау өріс алып отыр. Біздің пікірімізше, жаңа бағ­дарлама аясында атқарылар іс-шаралар жоспарына аталған педагогикалық инс­титуттарда мектепке дейінгі және 12 жылдық білім беруді қамтамасыз етуге қажетті ма­мандарды, яғни жаңа тұрпаттағы педагог кадрлар дайындауды міндеттеу керек. Сон­дай-ақ педагог кадрлардың біліктілігін арт­тыратын арнайы курстар мен семинарлар да ұйымдастыру педагогикалық жоғары оқу орындары құзырына берілу керек. Осылай ғана педагогикалық ортада көкейтесті мә­селелер қатарында көтеріліп жүрген «педа­гогтардың құзыреттілігін» арттыра алар едік. Педагогикалық институттардың әлеуетін әлеуметтік істерге бағыттайтын уақыт келді. Жаңа бағдарламаны жүзеге асырудың тетіктері ретінде жергілікті билікке бағынатын білім ошақтары мен орталық атқарушы биліктің құзырындағы педа­гогикалық институттардың іс-қимыл жос­парларының бірлесіп, келісіліп түзілуін мықтап қадағалаған жөн. Педаго­гикалық кадрларды дайындау ісінде де мемлекеттік бағдарламаға сәйкес жаңа ережелер қа­был­дану керек деп есеп­теймін. Бұдан бұрын да айтып жүргенімдей, жоғары оқу орын­дарында педагогикалық маман­дықтар бойынша маман дайындау тек қана күндізгі оқу жүйесі арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Айрықша жағдай ретінде, мектептерде ұзақ жылдар ұстаздық етіп жүрген тәжірибесі мол, кезінде белгілі себептермен жоғары білім ала алмаған, орта арнаулы білім орда­ларын тамамдаған талғампаз тәлімгерлерді ғана қабылдауға рұқсат берілуі тиіс. Тек осын­дай жолмен ғана ұстаздардың абы­ройын арттыра аларымыз анық. Әйтпесе бүгінгі күні байқап жүргеніміздей, биыл ғана мектеп бітірген оқушыны сырттай оқу бө­ліміне қабылдап, төрт жылдан соң қолына диплом тапсырумен шектеліп жүргеніміз де шындық. Мектепке арнайы дайындалған мамандардың білім сапасы жоғарғы деңгейде болсын десек, осындай шараларға баруға мәжбүрміз.
– Мамандар дайындау мәселесін дұрыс айтып отырсыз. Кезінде универ­ситет басқарғаныңызды, министрліктің жоғары білім беру департаментінің директоры қызметін атқарғаныңызды білеміз. Шындығын айтыңызшы, жо­ғары оқу орындарын бітірген маман­дардың  білім сапасына көңіліңіз тола ма?
– Иә деп жауап беріп, ұятқа қалатын жағдайым жоқ. Соңғы кезде тек қана жоғары білім алу керек деген үрдіс пайда болып, техникалық және кәсіптік білім алуға қаракөз бауырларымыз онша құлық таныт­пай жүргені шындық. Неге біз жұмысшы кадрларын, атап айтқанда, елімізге керекті сылақшы, құ­рылысшы, дәнекерлеуші, әр­леуші, ағаш ұстасы және т.б. мамандықтарды игеруге ұмтыл­маймыз? Жұрттың бәрі тек қана жоғары білім алып, ертең жұмыс таппай жүрмесіне кім кепіл?!  Қазіргі күні екінің бірінің қал­тасында екі-үш дипломнан жүргені жасырын емес. Бірақ солар маман ретінде үлкен іс тындыра алады деп ой­лайсыз ба? Шынын айту керек, бүгінгі таңда көптеген жұмыс берушілер жоғары оқу орындары оқытып шығаратын мамандар сапасына қанағат­танбайды. Білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің күткен нәтижелеріне жауап бере алмайды және бүгінгі күнгі нарықтық экономика та­лаптарына төтеп бере алмауда. Біз осылай шындықты шырылдатып айтпасақ, ертең ең қабілетті елу елдің қатарына емес, шаңына да ілесе алмай қаламыз. Мұның себебін тереңнен іздеудің қажеті жоқ. Жұртқа мәлім Қазақ­станның барлық жоғары білім беру жүйесін қамтитын маңызды жасырын фактор жемқорлық деген бәле жегідей жеп тұрғаны бағдарламада ашық айтылуы және онымен күресу бағыттарының бағам­далуының өзі – алда тұрған міндеттердің маңыздылығын көрсетеді. Студенттер алатын білімнің мазмұнына емес, дипломға мәз болып, алған мамандықтарының саны­мен жарысқа түсіп жатқаны жағымды нәрсе деп кім айта алады?! Ендеше жастар­дың арасында жаңа көзқарас қалыптастыруды қолға алу керек. Құр қағаз жоғары білім біліктілігін көрсете алмайды. Ертең маман болып еңбекке араласу үшін дипломнан басқа жұмыс берушілер, мемлекеттік емес ұйымдар және студент оқыған жоғары оқу орнының ұстаздарынан құралған біліктілік комиссиясының қоры­тындысы керек болады.  Биылғы Елбасының Жолдауында да осы мәселе ерекше міндет ретінде ми­нистрлікке тапсырылды. Сондықтан уни­верситеттегі уақытын босқа өткізген, терең білім алуға талпыныс жасамаған талапкер жұмысқа орналаса алмай, жалақысы жо­ғары лауазымды иелене алмай, бармағын тістейтінін студент кезінен оларға түсіндіру ұстаздардың да, ата-аналардың да парызы екенін ұмыт­пауымыз керек. Біз жастарға айтудан жалық­пағанымыз жөн. Сонда дип­ломның санымен емес, білімнің сапасымен санасатын, сөз сайыстыратын емес, ой жарыстыратын кез келеді. Міне, осы­ны жақ­сылап ойлануымыз керек. Білім беру са­пасын арттыруда ешкім оқшауланбай, әркім қоғам алдындағы өзінің жауап­кершілігін мықтап сезінуі тиіс. Сонда ғана бәсекеге қабілетті, жоғары білімді кәсіби мамандар даярлауды қамтамасыз етуде жетістіктерге жетуге болады.
– Кәрімбек Арыстанбекұлы, білім саласындағы  өзекті мәселелерге бір­шама тоқталдық-ау деймін. Елдің әле­уетін арттыруда, бәсекеге қабілет­тілігін айқындауда ғылымның алатын орны бөлек екені белгілі. Ендеше Ұлттық ғылым академиясының басшыларының бірі ретінде ғылым жүйесіндегі атқары­лып жатқан іс-шаралар туралы не айтар едіңіз?
– Бүгінгі таңда білім мен ғылым мем­ле­кеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы­ның, сондай-ақ инновациялық жүйе мен адами капиталдың басты факторына айнал­ғанын өмірдің өзі дәлелдеп отыр.
Елімізде үдемелі индустриялы-иннова­циялық мемлекетке айналдыруға бағыт­талған 2020 жылға арналған арнайы бағдарлама қабылданғаны белгілі.
Біз шикізат әзірлейтін елден өндірістер ашып, өз өнімімізді тұтынуға шығармайынша толыққанды бәсекеге қабілетті ел бола алмайтындығымыз анық. Президенттің ғылым мен инновацияны екінші орынға қойған ел, ешқашан ешбір салада бірінші орынға көтере алмайтындығы туралы қағидасы  Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында қабылданған «Ғылым туралы» заңда ерекше орын алғанын айтқанымыз абзал. Елдің болашағы үшін аянбай еңбек етіп жатқан ғалымдардың отанымыздың әлеуметтік және экономикалық мәселелерін шешуде атқарар ауқымды істері анықталған бұл заңда, ғылымды дамытуға байланысты үлкен жаңалық болғанына ғылыми жұртшылық өз бағасын беріп те жатыр.
Шынында да, «Ғылым туралы» жаңа заң отандық ғылымның дамуына өзіндік көмегін бере бастағанын отандық оқымыстылар орын­ды айтуда. Жалпы, еліміздің білім мен ғылымы, индустриялы инновация саласы даму қар­қынын үдетуге бет алуда. 2009 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың төраға­лығымен өткен ғылым және ғылыми саясат бойынша кеңесте ай­тылған келелі ойлар мен айқын міндеттерді, атап айтқанда,  ға­лымдардың қағаз­басты­лық­тан құтылу жолдарын айқындап, олардың ашқан жа­ңалықтарын өндіріске ендіру мәселелерін толыққанды ойластыру туралы толғамды ойларынан туындайтын міндеттер жаңа «Ғылым туралы» заңда жан-жақты қарас­тырылғанын, ғалымдар тарапынан қолдау тапқанын қадап айтқымыз келеді. Өткен жылы 1 желтоқсанда бүкіл қазақстандық ғалымдар форумы өтті. Сол кезде Елбасымыз Білім және ғылым министрлігінің ғылымды жаңа тұрпатта дамытуға бағытталған «Ғылым туралы» Заңның орнын ерекше атап өтті. Сайып келгенде,  қазір ғылымымыз дамып, жаңа технологияларымыз жетіліп жатыр.
Ал енді, бүгінгі күні қолданысқа еніп отыр­ған, әрі көптің көңілінен шыққан жаңа Заңның нақты іске асу тетіктері туралы сөз қозғасам, өткен жылы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның оты­рысында 2012-2014 жылдарға ар­налған ғылыми-зерттеу жобаларын қар­жыландыру мәселесі қаралған болатын. Сонымен бірге Білім және ғылым министрлігі гранттық қаржыландыру бойынша ғылыми-тех­ни­калық бағдарламалар мен жобаларға арналған конкурстың нәтижесін де жариялап үлгерді. Ғылыми-зерттеу институттары және жоғары оқу орындарынан түскен өтінім­дермен қатар, жеке тұлғалардан да өтінім­дер түсуі, яғни ғалымдардың жеке тұлға ретінде конкурсқа қатыса алу құқығына ие болуы – жаңа заңның жаңалықтарының бі­рі. Ғылыми еңбектерді сарапқа салып, елі­міздің дамуына аса қажет ғылыми жобаларды таңдау құқығы республикаға белгілі, көрнекті ғалымдардан құралған Ұлттық ғылыми кеңесте қаралып, қоры­тындысы шығарыл­ғанын да жаңа заңның жаңалығына қосуға болады. Елбасының «ғалымдардың еңбегін шенеуіктер ара­ласпай, ғалымдардың өздері бағалайтын болсын» деген тапсырмасының іске асып жатқанын, нақты тәжірибелік ісімізде бай­қағанымызды да жеткізгіміз келеді. Ға­лымдардың Елбасына деген құрметі ерекше екендігі байқалып отыр.
– Сонда елімізде ғылымның қай саласына басымдық беру керектігін де ғалымдардың өздері айқындау құқына ие бола  ма?
– Ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті дамытуға бағыт­талған стратегиялық міндеттер мен ба­сымдылықтарды қалыптастыру мен ғылым бағыттары бойынша басымдыққа ие іргелі және қолданбалы зерт­теулерді айқындау – Қазақстан Рес­публи­касының Премьер-министрі басқаратын Жоғары ғылыми-техникалы комиссияның құзыретінде. Ол комиссияның құрамына елдің белгілі ға­лымдары, білім жүйесінің әртүрлі сала­ларының білікті сарапшылары, ғылыми қоғамдық бір­лестіктердің өкілдері кіреді. Сонымен бірге Ұлттық ғылыми кеңестердің құрамдарының көпшілігін ғылыми ұйым­дардың, жоғары оқу орындарының және ғылыми-қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен шетелдік ғалымдар қалып­тасты­ра­тын­дықтан ғылыми жобаларды қаржы­ландыруды ғалымдардың өздері ай­қындайды.
– Талантты жастарды ғылымға тар­туда қолға алынатын басты мәселелерде назар аударуды қажет ететін жағдайлар не деп ойлайсыз? Осы бағытта Ұлттық жаратылыстану ғылымдары ака­де­миясының атқарып отырған қызметі туралы пікіріңізді білсек. Өйткені қо­ғамда ғылым жүйесінде жастар са­нының күрт азайып кеткені жиі сөз болып жүр.
– Дұрыс айтасыз, бұл мәселе, шынында да, бүгінгі күні өзекті болып отырғанын жасыруға болмайды. Тек елімізге ғана емес, сонымен қатар аты әлемге әйгілі ғалым­дарымыз аға буын қатарында екені рас. Осыған байланысты, ғылым докторларының орта жасын 40-50 жас көрсеткіш деңгейіне  жеткізіп, орта буын ғалымдарды дайындау бағытында атқарылар шаруалар жетерлік. Сондықтан да, аға буынның ісін жал­ғастырып, отандық ғылымды алға сүйрейтін, әлемдік ғылыми-технологиялық бағыттағы жаңа­лықтардан хабардар жастарды ғы­лымға баулымасақ, ғылым жүйесіндегі дәстүр сабақтастығының үзіліп қалу қаупі туып отыр. Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдар академиясы бүгінгі танда 30-дан енді асқан  талантты жастарды академияның коррес­пондент мүшелігіне қабылдап,  өздерінің ғылымға бейімдігін танытып үлгерген бір топ жастарға қолдау көрсетіп отыр. Мысалы, елімізде ғана емес, әлемдік ғылыми жұрт­шылыққа етене таныс, беделі мен білімі асқан, болашақтың ғылымы – биотех­но­логияның білгірі – Ерлан Раман­құлов сияқты жастар академияның жастар қанатын жарастырып жүргенін айтуға болады. Жастардың ғылымда жарқырап көрінуіне жағдай жасап, еліміздің ертеңіне өлшеусіз қызмет қылуға қызы­ғушылығын арттыру мақсатында, осындай нақты істерді қолға алуда. Біздің ойымызша, әрбір елеулі ғылыми еңбегімен көзге түскен  жас ғалым атақ- дәрежеге, марапатқа дер кезінде ұсы­­нылуы керек. Мұндай көзқарас жас таланттардың шеберлігін шыңдауға, тың жаңалықтар ашуына мүмкіншілік береді.  Жалындап тұрған жастық шағыңда жас­тардың диссертация қорғауына да қолдау көрсету керек. Бүгінде 30 жасқа толмай-ақ PhD докторы ғылыми атағын алуға болады. Бұған да жаңадан қабылданған «Ғылым туралы» Заң жол ашып отыр.
Ғылымға талантты жастарды тартудың төте жолын сөз етсек, «Назарбаев Уни­вер­ситеті» және «Назарбаев Зияткерлік мек­тептері» жетекшілері мен халықаралық са­рапшылармен өткізген, еліміздің білім саласын халықаралық тәжірибеге сүйеніп, ғаламдық деңгейге жет­кізуге арналған мәселелер қаралған аталмыш оқу орда­сында өткен келелі кеңестегі айтқан стра­тегиялық даму бағыттарынан іздегеніміз дұрыс. Кез келген елдің дамуы – оның білімі мен ғылымының дамуымен өлшенетіні белгілі. Біздің елде бұл салаларға деген көзқарастың оң екенін жоғарыда айтқанбыз. Елбасы Астананың халықаралық уни­верситетінің – отандық жоғары білім жүйе­сінің майталманы, әлемдік білім кеңістігіне мықтап ену үшін нағыз кадрлар дайында­латын білім-ғылым ордасына айналатынын атап өтті. Университет пен зияткерлік мектептердің инновациялық ғылыми-білім беретін кешенін қалып­тастырудағы рөлінің үлкен екеніне мән берді. Білім, ғылым және инновация үйлесім тапқан ғылым ордасында жаңа технология, ғылымға негізделген өндіріс, жаңа ма­териалдар сала­ларындағы елімізге зәру ма­мандар дайын­далатын болады. Бұл талантты, дарынды жастарды мамандыққа баулуға өлшеусіз көмек болмақ.
Мемлекет басшысы ғалымдарға тапқан ғылыми жаңалықтарын өндіріске енгізу басты міндет екенін екшеп айтты. Бұл – өте үлкен жауапкершілік. Сондықтан, Ұлттық академия іргелі зерттеулердің ұйытқысы болып,  бұл күнде осы бағытта үлкен жұмыс­тар атқарылып жатыр. Атап айтсақ, ми­нистрлік жариялаған гранттық қаржы­ландыру бойынша ғылыми-техникалық бағ­дарламалар мен жобаларға қатысып, іргелі және қолданбалы зерттеулер бойынша гранттар жеңіп алып отыр.
Ғылым жүйесіндегі жастар санын арт­тыруды ойласақ, жас ғалымдарға әлеуметтік қолдауды күшейту керек. Дарынды, та­лантты жастарды ғылымға шақырғанда, біріншіден, тұрғын үй мәселесін түпкілікті шешіп беру керек. Екіншіден, жас ғалымға ұлттық ком­паниядағы қызметкерлердің жалақысынан кем төленбеуі тиіс.
– Кәрімбек Арыстанбекұлы, бірнеше шет тілдерін жетік меңгерген тілші-ғалым болған соң, тіл мәселесін аттап өте алмаймыз. Қазақ тілінің қоғамдағы рөлін арттыра түсу үшін қандай мә­селелер бірінші кезекте қарастырылу керек деп есептейсіз?
– Тілдің қолдану аясын кеңейту тікелей білім саласына байланысты десек қате­леспейміз. Осыған байланысты, Тіл­дерді дамыту мен қолданудың мем­лекеттік бағ­дарламасында  мектеп оқушыларының қазақ тілін жетік меңгеруіне үлкен мән беріліп отыр. 2020 жылы мектеп бітірген тү­лектердің 100 пайызы мемлекеттік тілді меңгеру керектігі міндеттелген. Ақпарат құралдарынан белгілі болып отырғандай, соңғы жылдары қазақ тілінде білім беретін мектептер санының өскені байқалады. Осыған байланысты, қазақ балаларының 86 пайызы қазақ тілінде білім алу мүм­кіндігіне ие болып отыр. Бұл жаман көр­сеткіш емес. Оқушылардың білім деңгейін көтеруге арналған жұмыстар болашақ жастардың қазақ тілін мемлекеттік білім беру стандарты талаптарына сай меңгеруіне өзіндік септігін тигізері анық. Бірақ біздің бағдар­ламада көзделген межеге жету үшін әлі аянбай тер төгуімізге тура келеді.
Жастарды қазақ тілімен қатар, орыс және ағылшын тілдерін жақсы меңгерген елінің патриоттары етіп тәрбиелеудің де мәні зор. Бұл тұста «Өз тіліңді біліп тұрып, бөтенше сөйлесең, бұл – сүйініш, өз тіліңді білмей, бөтенше сөй­лесең, бұл – күйініш» деген Ж.Дос­ма­ған­бетовтің қағидасын әр­бір жастың санасына ұялата білуіміз баршамыздың парызымыз.
– Кешіріңіз, Сіздің орыстілді ау­ди­торияларға арналған қазақ тілін оқытып-үйретуге, сондай-ақ шет тіл­дерін оқитын қазақ бөлім сту­дент­теріне арналып жазылған он шақты оқулықтар мен оқу-әдістемелік  құралдардың авторы еке­ніңізді білеміз. Оқулықтар сапасына байланысты қоғам тарапынан айтылып жүрген сындарға қалай қарайсыз?
– Әрине, оқулық авторы ретінде, оқулық сапасына байланысты айтылатын қисынды сындарға түсіністікпен қараймын. Кеңестік дәуір құрдымға кетіп, еліміз тәуел­сіздігін алған алғашқы жылдары оқу­лықтарды басып шы­ғаруда біршама кем­шіліктердің орын алғанын мойындауымыз керек. Оқулық сапасын қадағалау барысы да өз деңгейінде болма­ғандықтан, оқулық жазушылар жаңбырдан кейінгі са­ңырауқұлақтай күрт көбейді.  Оның ішін­дегі мазмұнының мәніне тиісті деңгейде назар аударылмағандықтан, әдістемелік негіздері  әлсіз оқулықсымақтар көбейіп кеткені де шындық. Осыдан келіп қоғамда, өзіңіз айтып отырғандай, сыни пікір­лер де айтыла бастады. Білім министр­лігінің бас­шылығына Бақытжан Жұмағұлов келгелі бері оқулықтар мен оқу әдебиеттерін шығаруға байланысты түбегейлі талдаулар жасалып, олардан шығарылған қорытынды негізінде, сапалы өнімдер басып шығарудың жаңа ере­желері бекітіліп, күшіне енді. Қазіргі заманғы заманауи технологиялар негізінде дайын­далған, ғылыми негізделген стандарт пен оқу бағдарламасына сәйкес әзірленген оқулықтар еліміздің белгілі әдіскер-ғалым­дары, оқулық авторлары мен қоғамдық ұйым­дар мүшелері кіретін республикалық сарап­тамалық кеңестің шешімімен ғана жарық көретін болды. Яғни, ертеректегідей әркімнің оқулық шы­ғаруына тосқауыл қойыл­ды, әрі мемлекеттік маңызы бар бұл істі министр­ліктің өз ба­қылауына алғанын ғылыми жұртшылық пен ата-аналар қауымы қолдап отыр.
– Алты алашқа айтар тілегіңізбен бүгінгі сұхбатымызды аяқтасақ...
– Біріншіден, ғалым, ұстаз және азамат ретінде елдегі білім сапасының және жо­ғары оқу орындарының түлектерінің халық­аралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігінің артуына әсер ететін әрбір мұғалімнің, оқытушы мен ғалымның өз қызметінде абырой биігінен көрінуін тілер едім.
Екіншіден, жастардың қазақ тілімен қатар, шет тілдерін еркін меңгеріп, елін сүйген, жерін сүйген нағыз патриот болып, қалыптасуын қалар едім.
– Әңгімеңізге рақмет.

Алашқа айтар датым...
Қазір бұқаралық ақпарат құралдарында қызу талқыланып жатқан мәселелердің бірі – елімізде жүріп жатқан Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) сынақтарына байланысты болып отыр. Бұл үрдістің әлемнің көп елінде бар екендігін көпшілік қауым жақсы біледі. Тест арқылы сынақтар өткізу – мектеп бітірушінің білімін шыңдап, келешекте білікті маман иесі болуына жол ашатын кепілдіктің бірі ретінде әлемдік білім кеңістігінде өзін-өзі ақтаған жүйе екені белгілі.
Ал біздің елімізде тест арқылы білім сапасын тексеруде пікір ала-құлалығы не себептен туындап отыр деген сұраққа біз әлі толыққанды жауап таба алмай отырғанымыз рас. Өйткені ол соңғы жылдары  ҰБТ тапсыру кезіндегі бой алдырып отырған келеңсіздіктерге, яғни адами факторға тікелей байланысты екенін де жоққа шығара алмаймыз.  Ата-аналардың сеніміне енген кейбір «серкелер» сыбайластық жолмен олардың қалтасын қаққан өткен жылғы Қызылорда облысында орын алған оқиғалардан кейін тестің нәтижелілігіне күмән келтіргендердің қарасының көбеюіне әсер еткені де ащы шындық.
 Қолдауға тұрарлық бұл жүйенің  оң нәтижелілігіне қол жеткізу мақсатында Білім министрлігі басшылығы әрбір оқушыны тест тапсыруға кірер алдында мұқият тексеру мен ұялы байланыс құралдарын сөндіру ережесін енгізіп еді, сынақ нәтижесі өткен жылмен салыстырғанда 15 балға кеміп кетті (былтырғы еліміздегі тест тапсырудың орташа көрсеткіші – 85 бал болса, биыл – 70), әрі шектік өту баспалдағын бағындыра алмағандар пайызы да артып кетті.
 Білім бәсекесі әділ болсын деген ниеттен туындаған игілікті істің де арты дау-дамайға ұласуы түсініксіз. Көп жағдайда тест тапсырушылар мамандық таңдағанда, қайсысына өзінің бейімі бар екенін ескере бермейді. Олардың грантқа іліксем деген ойдың жетегінде кететіндерін көріп жүрміз. Математика және физика пәндерінен білім деңгейлерінің төмендігіне қарамастан, елімізге керекті басымдық мамандықтар, атап айтқанда, техникалық мамандықтарға гранттардың көп бөлінгенін көріп, соларды таңдайды. Өзі іштей қаламай тұрса да, грант үшін оқуға түсетіндерге мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, түпкілікті түсіндіру  жұмыстарын жүргізу қажет деп санаймын. Сонда ғана тест өзінің оң нәтижесін береді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста