Экологиялық талапсыз «экономиканы дамыттық» деп айқай салуға еш құқымыз жоқ
Зейнолла Алшымбаев, Мәжіліс депутаты:
– Зейнолла Өтежанұлы, мұнай тақырыбы сізге етене жақын деген оймен әуелгі сауалымызды арагідік баспасөзде айтылатын «мұнай қазақтың бағы ма, соры ма» деген сұрақпен бастасақ. Сіздіңше қалай? Мұнай қазақтың бағын ашты ма?
– Дүниежүзінде мұнай өндіріле бастағанына 1,5 ғасырдан астам уақыт өтіпті. Соның соңғы 111 жылында Қазақстан да мұндай байлықты игеру үдерісіне қосылып, бүгінгі күні «қара алтын» арқылы да жаһанға танылып отырғаны рас. Қазақтың бағына орай, еліміз жерасты қазба байлықтарына кенде емес. Ал сондай иен байлықтың ішіндегі мұнай мен газдың орны бөлек, мұны ең алдымен қазақтың маңдайына біткен несібесі деп білген жөн. Ал ел несібесін қалайша «ұлттың соры» деп айтуға ауыз барады. Мұнай мен газ өндіру көрсеткіштеріне бас қатырмай-ақ, «бұқара халық сол мұнайдан не пайда көріп отыр» деген сауалға келетін болсақ, Қазақстан бюджетінің төрттен бірін мұнай саласы, оның ішінде осы саладан құйылатын салықтық түсімдер құрап отыр. Ал жалпы, мұнайдың ел дамуына тигізіп отырған оң әсері ретінде басты-басты үш мәселеге назар аударғым келеді. Біріншіден, әлеуметтік саланы қолдауға қатысты мұнай саласының атқарып отырған шаруалары, көтерген жүгі аз емес. Екіншіден, жаһандық дағдарысты Қазақстанның қалай еңсергені бәріне де аян. Халық жалпылама алғанда дағдарыс салқынын сезген де жоқ. «Қиын кезеңге» деп жиналған мұнай қаржысы өз уақытында әрі мақсатына сай пайдаға жарады. Әлемді дағдарыс дауылы шайқағанда, мұнай арқылы Ұлттық қорға құйылған 20 млрд долларды алып жараттық. Осындай жинақталған қоры жоқ елдер әлі де күйзелістен айыққан жоқ, оның ішінде алпауыт АҚШ-та. Үшіншіден, елдегі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы арқылы жобаларды жүзеге асыру ең алдымен мұнайдан түскен табысқа байланысты. Яғни мұнай қазақтың бағын ашып қана қойған жоқ, елдің келешек игілігіне әлі де көп жәрдем бермекші. Тек маңдайға біткен «қара алтынды» тиімді әрі орнымен пайдалана білу керек.
– Дегенмен «бағы ма, соры ма» дегенде, негізгі әңгіме мұнай саласының осы уақытқа дейінгі ел экономикасының басқа бағыттарын тұншықтыруы, сосын мұнайдың экологиялық салдары, келешек ұрпақ алдындағы экологиялық жауапкершілік мәселесі негізге алынатын сияқты...
– Бұл бағыттағы әңгіменің жөні бөлек. Алдымен экономикадан бастайық. Дүниежүзінде жылына 3 млрд тонна мұнай өндіріледі. Бұл көрсеткіш 8-10 жыл бұрын 3,8 млрд болатын. Яғни мұнай өндіру үрдісі біртіндеп төмендеп келеді. Ал ғалымдар есебіне жүгінсек, қазіргі қарқынмен үдете берсе, әлемдегі мұнай қоры 80-90 жылдан арыға аспайды. Қазақстанның жылына өндіріп отырғаны – 74-76 млн тонна. Алдағы жоспарларда ірі кен орындарының есебінен бұл көрсеткіш 150 млн тоннаға дейін артатыны болжанады. Сол жылдары мұнай өндіруден алғашқы он елдің қатарына енуіміз де ғажап емес. Яғни Қазақстан алдағы жылдары дүниежүзінде белді мұнай жеткізуші ел болуы керек. Сол тұрғыдан алғанда мұнай саласының алдағы мақсаты да, ел экономикасы үшін қосатын үлесі де, мемлекеттік даму үшін көтерер жүгі де зор. Мұның ішінде Мемлекет басшысының дәл қазіргі уақытта индустриялық-инновациялық дамытуды қолға алып отырғаны – көрегендік. Өйткені дәл бүгінгі күні қолда бар қаражатты, яки мұнай байлығын оңды пайдаланып қалмасақ, опық жейміз, болашақтың алдында күнәміз таудай болуы да мүмкін. Сол үшін басқа салаларды дамытуға, мұнайдан түсетін пайданың басым бөлігін экономиканы жаңғыртуға жолдауымыз керек. Қанша дегенмен қаражатты ақша күйінде болашаққа жеткізудің тәуекелі де зор. Ал мұнай пайдасынан болашақ ұрпақ та дәм татсын, ризығын айырсын десек, оның жолы осы индустрия мен инновацияны дамыту арқылы жүзеге асады. Жоғарыда айтқанымыздай, дүниедегі секілді, Қазақстанда да мұнай қоры шектеулі. Теңіз бен құрлықтағы қорлардың бәрін есепке алғанда, қазақ елі әлі 70-80 жыл бойы тура қазіргі қарқынмен мұнай өндіре алады. Ал одан кейін ше? Әлемдік тәжірибеде мұнай өнеркәсібін дамыта отырып, басқа салаларды қолдауға көп көңіл бөлінеді. Экономикадағы «голланд ауруы», яғни экономиканы ентіктіріп алмаудың жолы дұрыс жүрмесе, «қара алтын» таусылысымен, әртүрлі «экономикалық дерттер» білініп, ел дамуына үлкен соққы болуы мүмкін. Оның үстіне, дәл бүгінгі кезең – Қазақстан үшін 2030 жылға дейін жоспарланған межеге жетудің серпінді кезеңі. Сол үшін даму стратегиясында Мемлекет басшысы мұнай-газ саласын басым бағыттардың қатарына жатқызған болатын.
– Дегенмен алысқа бармай-ақ, мұнайлы мемлекеттегі бензин бағасының ырыққа көнбей тұрғанын қалай түсіндіресіз?
– Баға бәсекелестігінде опық жейтініміз – мұнайды өндіруге ғана емес, оны өңдеуге ілгеріден-ақ көңіл бөлінбеуінен. Расында, мұнай өнімдеріне ішкі сұранысты әлі күнге қамтамасыз ете алмағанымыз ешбір сын көтермейді. Үш зауытымыз болғанына қарамастан, көктем мен күзгі егіс науқанында жанармай бағасының қияметін жұрт біледі. Бірақ бұл – ішкі нарықтың, мұнай өндірісін әртараптандырудың проблемасы. Мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту кезек күттірмейтін мәселе әрі осы бағытта жұмыстар қолға алынғаны белгілі. Сондықтан бензин бағасының тұрақтылығына алдағы жылдары қол жеткіземіз деген үміт бар.
– Ал экологиялық салдары ше? Біздегі жағдайды қалай бағалайсыз? Мексика шығанағындағы апаттан кейін Қазақстан ондай кесапаттың алдын алуда қандай тәжірибелерді жүзеге асыруы тиіс?
– Каспий теңізін жаһандық апат орын алған Мексика шығанағымен салыстыруға еш келмейді. Алайда Каспийдегі экологиялық проблема – ең күрделі әрі қордаланған проблема. Теңіздің солтүстік айлағы аса сезімтал. Бекіре тұқымдас балықтар, теңіз итбалығының өсіп-өнетін бірден-бір қолайлы ортасы, Каспийдің ең таяз тұсы да – осы жақ. Ең терең деген жеріңіз 3-8 метрге дейін. Суы тұщылау, мұндағы тұздың мөлшері төмен. Сондықтан да Каспий теңізін өз алдына ерекше экожүйе әлемі ретінде қарастырған ләзім. Сол үшін де теңіз ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Мексика шығанағында 500 мың тонна мұнай төгіліп, әйгілі «Бритиш Петролеум» компаниясы 22 млрд доллар шығынға ұшырағаны белгілі. Әрине, мәселе ақшада емес, орны толмас апатта. Бұл тұрғыдан алсақ, Каспийге бір тонна тұрмақ, бір тамшы мұнай да төгілмеуі тиіс. Расында, Каспийдің нәзік экожүйесін мыңдаған емес, ондаған тонна мұнай-ақ жойып жібереді, біртіндеп жойып та жатқан тәрізді. Теңізге мұнайдың төгілуі сөзсіз үлкен қатер, оған бір тамшы лас дүниені салмау арқылы ғана сақтай аламыз.
– Ол үшін қандай қам жасау қажет?
– Қазір теңіздегі мұнай байлығы игерілу жолына түсіп кетті, мұны тоқтату еш мүмкін емес. Дегенмен теңіздегі мұнай өндіруге қатысты экологиялық талаптар толық сақталуы шарт. Мәселен, Ұлыбританияны алып қараңыз, 100 пайыз мұнайды теңіздегі кәсіпорындардан алады. Дүниежүзіндегі әрбір төртінші тонна мұнай теңіз қайраңдарынан игерілетіні де белгілі. Қазақстанның болашақтағы мұнай саласының даму перспективасы да Каспийдегі мұнайды игеруге байланысты. 2018 жылдары Каспийдің өзінде ғана игерілетін мұнай 100 млн тоннаға жетуі тиіс. Сол үшін теңіз қайраңындағы барлық жұмыстарға экологиялық талап жоғары болуы қажет. Бұл ретте теңіздің солтүстік бөлігінде биоресурстарды қорғау бойынша әлі де тиісті шаралар қамтылып отыр деп айта алмаймын. Бір ғана мысал келтірейін, Каспий теңізі айлағының Қазақстан секторында 2008 жылы он бес, ал 2009 жылы тоғыз рет мұнай өнімдерінің төгілу фактісі анықталған. Бірақ тұрақты қадағалау мониторингі болмағандықтан, әлгі залал үшін кінәлілер анықталмай қалды. Мұндай жағдайда теңізге төгілген мұнайды сумен араластырмай, демде келіп, шапшаң тазалап кету қажет болатын. Оның үстіне, Маңғыстау мен Атырау облыстарының теңізбен шекаралас аудандарында бұрын қазылған мұнай ұңғымалары әлі толықтай залалсыздандырылған жоқ, 60 шақты ұңғыма су астында жатыр. Бұлардан сыртқа мұнай төгілу қаупі де зор. Осы мәселеге қатысты әлемдік статистиканы келтірейін. Мамандар теңізде өндірілетін мұнай көлемі мен ұңғымалардан теңізге төгілетін ластануды есептеген. Сонда қанша ұқыптылық сақталса да, өндірілген мұнайдың 0,1 пайызы сол теңіз ортасына төгілетіні белгілі болыпты. Ендеше, есептеп көрелік, алдымыздағы онжылдықта біз тек қана Каспийден 100 млн тонна өндіреміз деп жоспарласақ, оның 0,1 пайызы теңізге төгіледі. Міне, адам айтқысыз апат! Бұл дегеніңіз – Каспийдің ерекше экожүйесін құрту деген сөз. Мұндай залалдан кейін теңізді қайта қалпына келтіру туралы ойламай-ақ қоюға болады. Жоғарыда айтқанымдай, Каспийдің суына бір тамшы да мұнай тамбауы тиіс. Ал қазіргі әрекеттерге қарасақ, біз көз алдымызда Аралдың қасіретін Каспийге ұластырып жатқандаймыз. Теңізге төгілген мұнай фактілері бар, соған қарамастан тез тазалайтын орталықтар, онымен айналысатын кәсіпорындар әлі жоқ. Мұндай үлкен экологиялық талапты орындамасақ, орасан зор трагедияға ұрынуымыз бек мүмкін. Ал экологиялық талапсыз, теңізді әбден ластап, «Экономиканы дамыттық!» деп айқай салуға еш құқымыз жоқ.
Ескеретін тағы бір жайт, теңізден мұнай алудың өзіндік құны жоғары, шығыны да көп. Әрбір қазылған ұңғыманың орташа бағасы Канадада 10 млн доллар, Норвегия мен Солтүстік теңізде 4 млн доллар, Атлант мұхитының шеткері тұсында 45 млн долларға дейін барады. Әлемдік сұраныс болғандықтан, қиындығына қарамастан, «қара алтын» сорылып жатыр. Ал Каспийге келетін болсақ, мұнда үш арал салынып жатыр, оның саны 30-ға жетуі керек дейді. Бұл – үлкен капитал салымы ғана емес, Каспий экожүйесіне үлкен салмақ. Каспий теңізінің экологиялық сыйымдылығын әлі толықтай біле бермейміз. Қазақстанда осы аймақтан қанша мұнай өндіруге мүмкіндік бар дегенге әлі жауап жоқ. Каспийдің сейсмикалық зоналары да зерттелген емес. Экологияға қатысты қазақстандық заңнама талаптары да осалдау.
– Каспийдің экологиялық мәселесін бір Қазақстан ғана шеше алмайтыны да белгілі емес пе?
– Әлбетте, көршілес бес мемлекет бірігіп шаралар атқарулары тиіс. Каспий жағалауындағы халық саны 15 млн шамасында. Осы халықтың сапалы өмір сүруі де Каспий экологиясына тікелей байланысты. Сол үшін ортақ теңіз бассейнінде табиғатты қорғауды реттейтін бірегей заңнама болғаны қажет. Бірлескен экологиялық мониторингті де қолға алған орынды. Балықтар мен итбалықтардың, теңіз түгілі, оған жақын жазықтағы ақбөкендер қырылуының барлығына экологиялық сараптамалар жасалуы шарт.
– Соңғы кездері Қазақстан мұнайына Қытайдың ерекше қызығушылығы байқалатын тәрізді. Тіпті әлем дағдарысқа алаңдаған тұстың өзінде аспанасты елі қазақтың «қара алтынына» қарай инвестициясын аямай-ақ төгіп жіберді. Осының астарына бойлап көрсеңіз?
– Қытайдың инвестициялық саясатының астарында экономикалық мүддемен бірге, өз азаматтарына қайдан болса да «нан тауып беру» әрекеттері байқалады. Дәл осы «нан үшін» Қытай әлемнің кез келген нүктесіне барып инвестиция салуға мәжбүр. Яғни дүниенің қай бұрышында инвестицияға сұраныс болса, сол жерге Қытай жетіп барып, қаржы құюға дайын тұр. Өйткені аспанасты елі сол инвестиция арқылы ғана халықтың біршама бөлігін шетелге жолдап отыруға мүмкіндік алады. Халқы көп елде жұмыссыздық та көбірек болатыны жасырын емес. Ал осы тұрғыдан алғанда, аспанасты елінің жүргізіп отырған саясаты тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл елдерге, барлық құрлыққа бірдей. Өйткені 1,5 млрд адамға «нан тауып беру» де – үлкен саясат. Енді Қытайдың Қазақстандағы мұнай активтеріне келетін болсақ, негізінен, 2005 жылға дейін канадалық компания иелігінде болып келген «Ақтөбемұнайгазда», «ПетроҚазақстанда» қытайлық үлес бар. Біз осы активтің 33 пайызын, Шымкент мұнай өңдеу зауытының 50 пайызын өзімізге қайтарған болатынбыз. Дегенмен Қытайдың қолында «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының 50 пайыз үлесі бар. Сондай-ақ Солтүстік Бозашы, Қаражанбасмұнай, Сазанқұрақ, Ембіведойл секілді мұнай кен орындарында да үлесі баршылық. Баспасөзде Қытайдың Қазақстан мұнай өндірісіндегі үлесі 22 пайыз деп айтылып жүр. Әрине, бұл аз үлес емес. Алайда менің білуімше, Қазақстандағы болашағы зор деп болжанған үлкен жобаларда Қытайдың ешбір үлесі жоқ. Мәселен, Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарында олардың үлесі жоқ.
Жалпы, Қазақстанның мұнай саласындағы позициясы мығым болуы, мұнайға қатысты ірі құрылымдарды өз бақылауымызда ұстауға тиіспіз. Парламент қабылдаған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдаланушылар туралы» Заңда ұлттық компанияның мұнай кешендерінен өз үлесін көбірек алуы заңдастырылған. Қашаған кен орнының 16,81 пайызын қайтарып алдық, Қарашығанақтағы үлесті қайтару үшін жұмыстар атқарылып жатыр. Дегенмен ұлттық байлықты игеруде ұлттық мүддені бірінші орынға қойсақ, ұтарымыз анық. Қоғамдық пікір болғаннан кейін, оны ысырып тастауға да болмайды. Ең бастысы, қамсыз болмағанымыз жөн.
Ал Қытай компаниялары жұмыс атқарып жатқан жерлердің барлығында жергілікті халықпен тіл табысып, қызмет бабында, жұмыс орны жағдайында да тиісті жағдайлар қамтылуы, ешқандай да алалық болмауын қадағалауымыз қажет.
– Өмірдерегіңізге көз жүгіртсек, АҚШ-тың мұнайлы штатында тұрып, мұнай саласында үлкен еңбек еткен қайраткерлігіңіз де бар екен. Шетелдік, әлемдік тәжірибені де жақын білерсіз. Жалпы, Қазақстанның мұнай саласында қандай тәжірибе жеткіліксіз? Нені үйрену қажет?
– Мен Техастағы мұнай компаниясында инвестициялар жөніндегі вице-президент болып қызмет еттім. Сондағы бір түйгенім, жалпы мұнай өндірісі – көп қаржыны талап ететін сала. Сол үшін бұған қандай да бір компания жеке өзі бара алмайды. Әр уақытта өзімен бірге басқа компанияларды қоса тартып, инвестициялық әріптес болып кіріседі. Әрбір елдің өз алдына қойған мақсаты да айқын – елдің несібесін ысырап етпей, халқына пайдалы қылып жұмсау. Кезінде осы мақсатта теңіз бен мұхит айлағын игерудегі Еуропаның он елі мен Оңтүстік Американың үш елін, Африканың төрт еліндегі жағдайларға сарап жасап, зерделеген болатынмын. Әр ел өзіндік саясат ұстанады. Жалпы, негізгі мәселе – салық жүйесін дұрыс құру. Инвестиция тарту үшін соған қолайлы климат болуы тиіс. Егер елде мұндай мәселелер ескерілмесе, қаржы тарту қиындау соғады.
– Ендеше, сондай тәжірибелерге, салықтық тиімділіктерге қатысты мысал келтірсеңіз?
– Мәселен, Бельгияда мұнай компанияларында бонус қарастырылмайды. Ал роялтидің ставкасы әр аймақта әртүрлі. Концессия беру мәселесі Бельгия королінің шешімімен жүзеге асады. Оған министрліктер де, билік басындағы басқалар да араласа алмайды. Данияда – роялти төлемі жоқ, салық көлемі 32 пайыз. Алайда осы елге келіп қызмет жасайтын компаниялар сол елдің ұлттық компаниясымен бірігіп, 30 пайыз үлесін соларға берулері тиіс. Грекияда роялти 2-ден 15 пайызға дейін. Оның көлемі – өндірілетін мұнай көлеміне байланысты. Ирландияда теңіз айлағындағы лицензияларды төрт типке бөлген, бұлар шетел инвесторларына толықтай түсінікті, әрі роялти талап етілмейді, салық көлемі 35 пайыз. Италияда теңіз бен құрлықтағы кен орындарын игеру заңдылықтары бірдей, өзгешеліктері жоқтың қасы. Тек Сицилия мен Сардиния аралдары төңірегіндегі блоктарға әртүрлі ережелер қолданылған. Бірақ барлық шетел компанияларымен жасалған келісімшарттарда көрсетілгендей, кен орны ашылғаннан кейін екі жыл ішінде Eni компаниясы 25 пайызға дейін өзінің үлесін иеленуге құқы бар. Бұлар өз қаржысын шығармайды, шетел инвесторы келіп соны игереді. Сосын мұнай бар екендігі анықталса, содан кейін ғана келісімшартқа отырады. Ұлыбританияда 1980 жылдан бері мұнайға салынатын роялти алынып тасталған. Корпоративтік салық 31 пайыз шамасында. Оңтүстік Америкаға келетін болсақ, Венесуэланың мұнай өндіретін ұлттық компаниясы әрбір «коммерциялық ашылулардан» 35 пайызын алады, жергілікті әкімшіліктердің заңдылықтарына сәйкес, басқа да салықтар қолданылады. Мұнай сапасына қатысты роялти 16 пайыз болып белгіленген, бірақ бұл көрсеткіш одан да төмендеуі мүмкін. Табыс жоғарылаған сайын роялти көлемі де көтеріледі. Салық салынғанға дейін алынатын кіріс өтемі 34 пайызға жуық болып отырады. Бразилия өзінің инвестициялық тартымдылығы жөнінен әлемде 20-сыншы орында тұр. Бұл елде барланған мұнай кен орны жоғары табыс әкелетініне көзі жетсе, қатысуға арналған төлем өтеледі. Салық жүйесі де сәл өзгешелеу, шетелдің Бразилияда тіркелген еншілес компанияларына әлеуметтік салық салынады. Оның көлемі 8 пайыздан аспайды. Бұл еншілес компаниялардың құрылымына жағдай жасайды. Жергілікті әкімшіліктердің де салық сала алатын құқықтары бар. Аргентинада ұлттық компания жекешеленген, мұндағы мемлекет үлесі – 20 пайыз, жергілікті провинциялар үлесі – 11,3 пайыз, қызметкерлерінің үлесі – 10 пайыз. Қалған 58,4 пайызы акция ретінде биржаларда сатылады. Тәртіп солай.
– Жалпы, мұндағы салық жүйесінің ерекшеліктері нені білдіреді?
– Салық жүйесі қатып қалған дүние емес. Жетілдіруге болады, әрі жетіле түсуге тиіс. Тіпті бұзылмауға шарт делінген қағидаттардың өзін экономикалық жағдайларға, кен орындарының мүмкіндіктеріне байланысты бұзуға, қайта қарастыруға болады. Батыс елдеріне қарағанда, біздің дәстүрлі, кеңес жүйесінен сақталған үрдісіміз бар. Мұны құптаймын, оны өзгертудің әзірше қажеті жоқ деп ойлаймын. Өйткені мұнай өндіріп отырған компаниялар сол өңірде жергілікті жердің әлеуметтік саласына қаржы бөліп отыруы шарт. Ал батыс елдерінде барлығы салық жүйесіне байланысты ғана. Жергілікті әкімшіліктер өздері шешеді. Сол үшін Қазақстандағы қалыптасқан дәстүрді жоюға болмайды.
Экономикада «голланд ауруын» болдырмаудың, яғни экономиканы ентіктіріп алмаудың жолы дұрыс жүрмесе, «қара алтын» таусылысымен, әртүрлі «экономикалық дерттер» білініп, ел дамуына үлкен соққы болуы мүмкін.
Мексика шығанағында 500 мың тонна мұнай төгіліп, әйгілі «Бритиш Петролеум» компаниясы 22 млрд доллар шығынға ұшырағаны белгілі. Әрине, мәселе – ақшада емес, орны толмас апатта. Бұл тұрғыдан алсақ, Каспийге бір тонна тұрмақ, бір тамшы мұнай да төгілмеуі тиіс. Расында, Каспийдің нәзік экожүйесін мыңдаған емес, ондаған тонна мұнай-ақ жойып жібереді, біртіндеп жойып та жатқан тәрізді.
Алашқа айтар Датым...
Қазақстан ірі мұнай өндіретін елге айналып келе жатыр. Сондықтан мұнай мен газдан түсіп жатқан пайданы бүгінгі әлеумет қана емес, келешек ұрпақ та көруге, сезуге тиіс. Сол үшін бүгінгі күні ертеңгі мәселелерді ойлап, мұнай арқылы тәуелсіз экономиканы дамыту жолдарын қарқынды жүргізуге тиіспіз. Дәл қазіргі кезеңде өз болашағымызды ары қарай қалай дамытудың тетігін қалап жатырмыз. Сонымен қатар «мұнайдың да сұрауы бар» екенін еш естен шығармау керек. Ондай сұрауды болашақ ұрпақ алға тартуы бек мүмкін.