Денсаулығына сызат түскен кез келген қазақстандықтың басындағы қиындық мемлекеттік мәселелердің бір бөлшегі ретінде қаралуы тиіс

Денсаулығына сызат түскен кез келген қазақстандықтың басындағы қиындық мемлекеттік мәселелердің бір бөлшегі ретінде қаралуы тиіс

Ахмет АЛДАШЕВ, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің кафедра меңгерушісі, медицина ғылымының докторы, профессор, академик, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

– Ахмет Алдашұлы, медицина ғы­лы­мы­ның докторы, тағамтану ғылымының қас маманы ретінде, қалай ойлайсыз, қа­зіргі таңда біздің елдегі тамақтану мә­де­ниетінің деңгейі қандай? Біздің мен­та­литетті білесіз ғой, тіпті кешкі асқа ет жеп, қонаққа көп баратынымыз бар де­гендей...
– Біздің елдегі тамақтану мәдениеті де­ген­де алдымен өзіміздің қаракөздеріміз жай­лы айтқым келеді. Себебі әр ұлттың өзін­дік тамақтану әдеті, салты, ерекшелігі бар. Ал қазақтың салты ерте заманғы келбетін то­лықтай сақтап қалды деп айта алмаймын. Неге десеңіз, бүгінде оған мүмкіншілік жоқ, тәр­бие де өзгеше. Заман ағысы өзгерген са­йын көп нәрсенің өзгеріске ұшырайтыны анық. Оның ішінде тамақтану мәдениеті бар. Бірақ қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы тү­бе­гейлі жойылып кетті деуден аулақпын, қа­зір­гі заманда қазақтың тамақтану мә­де­ниетінің атам заманнан қалған қалдықтары бар. Бола тұра, асыра сілтейтініміздің де жоқ еместігі белгілі. Кейде, керісінше, қазақтың ұлы дәстүрін ұмыт қалдырып, батыс елдеріне еліктеушілік қасиеттерінің бойды билеуіне жол береміз. Ал ол еліктеушілік қазақтың тамақтану мәдениетіне бірталай өзгеріс енгізіп, тіпті кері әсерін тигізіп жатқан жақтары баршылық. Әсіресе соңғы кездері жиі-жиі тілге тиек болып, айтылып жүрген жүрек-қан тамыр аурулары – осы ретте тікелей байланысты қоғамдық проблема. Бұрын бұл аурудың кеңінен таралуын холестериннен көретінбіз, бірақ қазір оның дұрыс еместігін түсіндік. Холестерин біздің жадымызға жатталғандай зиянды зат емес, керісінше, пайдасы көп. Тек оны дұрыс пайдаланып, зат алмасу үдерісіне қосып, ағзаға әсер ететін пайдалы әсерін реттейтін өзге де заттардың қосындысын қадағалап отыру қажет. Мысалы, осы холестериннің зат алмасу үдерісіне қатысуы үшін, пайдасын тигізуі үшін оған В тобындағы дәрумендер, әсіресе фоли қышқылы мен көп қанықпаған май қышқылын қоса пайдалану қажет екені ғылыми түрде дәлелденді. Бірақ аталған дә­ру­мендердің қандай тағамдарда, же­міс­терде болатындығын білетіндер жоқтың қа­сы. Әрине, халықты кінәлауға болмайды. Мысалы, еліміздің шығысы мен солтүстігінде жеміс-жидектің өсуі сирек кездесетіндіктен, өсімдіктерден әзірленетін тағамдар да жиі қолданылмайды. Сәйкесінше, аталған дә­ру­мен­дердің тапшылығы осы өңірдің аза­мат­тарында көптеп кездеседі. Ал бұрынғы ата-бабаларымыз құнары жоғары ет пен дәруменге бай ұлттық сусындарымызды іш­кен. Қазір, шыны керек, күнделікті қымыз, шұ­бат ішіп, ет жеуге баршамыздың әлеу­мет­тік жағдайымыз мүмкіншілік бере бермейді. Атап өткен дәрумендердің ішіндегі көп қа­нық­паған май қышқылы теңіздің семіз ба­лық­тарында, жылқы етінде және өсімдік ма­йында көп болады. Оны да жиі қолдануға мүм­кіншілігіміз жоқ. Бірақ бұл май қышқылы ағзаға пайдалы екен деп шектен тыс пайдалана беруге де болмайды. Тамақтану мәдениеті дегенде тағы бір үлкен мәселе ойға оралады. Ол – қазіргі жастардың тәттіге құмарлығы. Бұрын тәттіні өте аз мөлшерде қолданған ата-бабаларымыздың заманында тәттінің салдарынан пайда болатын аурулар да аз болған. Қазір қант ауруы кеңінен етек жайған, соны біле тұра жастардың тәттіге деген тәбеті тыйылар емес. Тәттіні көп қолдану – қазақтың тамақтану мәдениетіне жатпайтын жат қылық. Сондықтан өскелең ұрпақты тәттіні шектен тыс қолданудан қорғайық дегім келеді.
– Сонымен, қандай деңгейде де­ген баға бердіңіз?
– Қазақтың тамақтану мәдениеті өте тө­мен деңгейде дей алмаймын. Өзге де ел­дер­ге мақтанышпен айта алатын салтымыз бар. Сон­дықтан қанағаттанарлық, орташа деңгейде дер едім.
– Қалай десек те, қазақстандықтардың дұ­рыс тамақтану мәдениетіне қатысты ол­қылықтары әлі де көп-ақ, отандас­та­рымызды дұрыс тамақтануға үйрету үшін не істеу керек?
– Аталарымыз айтпақшы, қазақта «Атың­ды сат, тоныңды сат, жатарыңда тойып жат» деген сөз бар ғой, соны әлі де қол­да­на­тындар бар. Себебі таңның атысынан кеш­тің ба­тысына дейін мал баққан ата­ла­ры­мыз­дың күндіз уақтылы тамақ ішуге қайбір мүм­кін­ші­лігі болды дейсіз... Қазір де дәл солай, күндіз күні бойы жұмыстан қолы босамайтын азаматтарымыздың уақытында дұрыс та­мақ­тануына күнделікті кез келе бермейді. Со­ның салдарынан кешкі тамақты тойып ішіп алып, бірден ұйқыға кетеді. Әрине, бұл дұ­рыс емес. Әсіресе қариялар мен жүрек-қан та­мырларының жұмысы дұрыс жұмыс істе­мей­тін адамдарға ұйқының алдында екі жа­рым сағат бұрын тамақтанған дұрыс болады. Кешкілік қатты тойып алып, төсекке қисая кету – ас қорыту жүйесіне үлкен күш салып, ауруға шалдықтырады. Мұны диетология саласының мамандары ғылыми дәлелдеген. Ал, жалпы, ағзасында қандай да бір ауруы бар адамдарға тамақты аз-аздан, жиірек іш­кен абзал. Астың құнарын құрайтын нә­руыз, кө­мірсу мен май – адамға салмақ беретін ең не­гізгі құрамдас заттар. Олардың ғылыми тұ­жырымдамасы бойынша, бірдің бірге төрт­тің арақатынасындай болуы керек дейді. Ол дегеніміз не? Мысалы, адам ағзасы күн­делікті орта есеппен 100 грамм нәруызды та­лап ететін болса, 100 грамм май мен 400 грамм көмірсутек тағамның құрамында бо­луы тиіс. Сондықтан дұрыс тамақтануға үй­рену – әр адамның өз қолында. Тіпті мем­ле­кеттік тұрғыда оның тұжырымдамаларын білім беру бағдарламаларына біртіндеп енгізсек те болады деп есептеймін.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы «Әлемде аурудың көбеюі дұрыс та­мақтанбаудан» деген тұжырым жа­са­ған. Осы қаншалықты рас?
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Әлемде аурудың көбеюінің 60 пайызы – са­­лауатты өмір салтын сақтамауға, әсіресе дұ­рыс тамақтанбауға, 15 пайызы – эколо­гия­ға жә­не 15 пайызы – генетикаға, ал қал­ған 10 па­йызы денсаулық сақтау ұйым­да­ры­ның қыз­метін ұйымдастыруға бай­ла­нысты» деген тұ­жырымдама жасаған. Бұл тұ­жы­рым­да­ма дү­ниежүзілік тексерістердің нәти­же­сін­де бел­гілі болған мәлімет болғандықтан, жал­­ған деп айтуға келмейді. «Ас – адамның ар­­қауы» демекші, дұрыс тамақтану адам өмі­ріне, денсаулығына байланысты үдерістің бар­лығында үлкен рөл атқарады. Құдайға шү­кір, қазір бұрынғы замандағыдай аштық жоқ, бірақ дұрыс тамақтана біл­мей­тіндер бар. Сондықтан халыққа қалай дұ­рыс тамақтану керектігі жайында үнемі толық мә­лімет беріп отыру керек. Еліміздегі бүкіл БАҚ, ақпарат көздерінің барлығы осы мә­се­ле төңірегінде тақырыптар қозғап отырса де­­ген тілегім бар. Кеңес өкіметінде дұрыс та­­мақ­та­ну жайында жақ ашуға болмайтын, ал қа­зір жеке-дара Тәуелсіз мемлекет бол­ған­­нан кейін отандастарымыздың ден­сау­лы­ғын сақ­тауға міндеттіміз. Егер дұрыс та­мақ­та­­нудың жол­дарын білетіндер болса, ха­­лықты құлағ­дар етіп, кеңестерін бере жүр­се, бүгінгідей қаптаған дерттің көзі жойылар еді. Ауруды емдегеннен гөрі аурудың алдын алған әлде­қайда тиімді. Кейбір деректерге сүйенсек, дәрі-дәрмектің қанша пайдасы болса, сонша зияны да бар екен. Сондықтан тек дені сау адамның ауруға шалдықпас үшін алдын алу үшін ғана емес, науқастарды емдеудің өзінде дұрыс тамақтануды ұйымдастыру өте үлкен ма­ңыз­ға ие екенін ұмытпағанымыз жөн. Әсіресе мектеп қабырғасындағы бүл­діршіндерімізді бала кезден дұрыс та­мақ­тануға баулып, арнайы сабақтар жүргізілсе де артық етпейді.
– Мектеп демекші, қазір мектептерде тұра­тын автоматтардың ішіндегі заттар­ға жіті көңіл бөлініп, зиянды сусындар мен тәттілерді сатуға шек қойылып жа­тыр. Бірақ жоғары оқу орындарында, керісінше, автоматтар саны көбейіп, пай­да көзіне айналған. Мектептерге жеткен күш ЖОО-ға жетпей ме? Сіздер де ықпал етесіздер ғой?
– Қазіргі таңда мектеп оқушыларын та­мақтандырудың өзі толық шешілмей жатқан мә­селе. Заман басқа, заң басқа демекші, қа­зір отбасындағы тәрбие де өз­гер­ген ғой. Та­ңер­тең жұмысына кетерінде ба­лаларының қал­тасына ақша салып, «мек­тептен та­мақ­тан» дейтін ата-ана перзентінің қа­лай та­мақ­та­нып жүргенінен хабарсыз. Ал, жалпы, Та­ғам­тану академиясы «Мектептерде бала ден­саулығына зиянды газдалған сулар мен тәт­тілерді сатуға тыйым салу керек» деген ұсы­нысты билікке жеткізіп, бірнеше тап­сыр­ма­лар берілді. Бірақ барлық аймақта орындалды деп айтуға келмейді. Сонымен қатар жоғары оқу орындарындағы жас­тар­дың дұрыс тамақтануын да қадағалау керек. Себебі соңғы кездері студенттердің арасында туберкулез дерті дендеп барады. Ту­бер­ку­лезді сонау 50-жылдары антибиотикпен-ақ жоямыз деуші еді, бірақ іс жүзінде олай болмай шықты, өйткені Кох таяқшалары қа­зір біз айтқан антибиотиктерімізге беріл­мей­тін сипатқа ие болды. Сондықтан дәрі-дәр­мек­ке сенбей, ауруға қарсы тұратын им­мундық жүйенің қабілетін адамның өзі ны­ғайтуы тиіс. Ал иммунитет уақтылы дұрыс та­м­ақтанудан және құнарлы тағамдарды пай­даланудан күшейеді. 
– Дұрыс тамақтанбаудың салдары­нан қатерлі ісік аурулары пайда бола­ты­ны рас па?
– Дұрыс тамақтанбаудың салдарынан пай­да болатын қатерлі ісіктер жайлы пікірлер өте көп. Бірақ ғылыми тұрғыда дәлелденіп, нақты шыққан нәтиже әлі жоқ. Дегенмен та­ғам­ның құрамына қатысты қатерлі ісіктердің пай­да болуына әсер ететін фактілер бар­шы­лық. Мысалы, тағам құрамының канце­ро­ген­ге айналғаны жайлы бір мысал келтірейін. Тоқ ішекте пайдалы микрофлоралар болады. Ал ол микрофлоралар өсіп-өнуі үшін оған күрделі көмірсу қажет. Көмірсу қара нанда, қарақұмықта және аз мөлшерде өсімдіктен әзірленген тағамдардың құрамында бар. Егер адам ағзасында күрделі көмірсулар болмаса, микрофлоралар жойылып кетеді. Ал оның қатерлі ісікке қандай қатысы бар десеңіз, өт бауырдан шығады, ал бауырдан шыққан өт таза болмайды, оны тазалайтын – пайдалы микрофлоралар. Егер полисаха­ри­дтер, яғни күрделі көмірсулар мен ми­кро­фло­ралар адам ағзасында болмаса өттің өзі кан­церогенге, яғни қатерлі ісіктің пайда болуына әсер ететін заттектерге айналып кетеді. Ғылыми дәлелденген, статистикалық мә­ліметтерге сәйкес, экономикалық жағ­дайы жоғары, бай, дамыған елдерде ішектің қатерлі ісігі экономикасы төмен, кедей елдерге қарағанда бірнеше есеге көп. Мұ­ның себебі тым жеңіл, өте нәзік тағамдардың өн­діріске көптеп енуі болып отыр. Міне, осы сынды мысалдар жетерлік, бірақ тағамның барлығы зиянды деуден аулақпын. Алайда осындай да фактілер бар.
– Шыны керек, қазіргі пайдаланып отыр­ған тағамдарымыздың басым бө­лігі сырттан әкелінеді. Сол сырттан кел­ген тағамдарға қандай баға бере ала­сыз?
– Сырттан әкелінетін тағамдардың бар­лығы пайдалы немесе пайдасыз, қауіпті немесе қауіпсіз деп кесіп айта алмаймыз, себебі олар әртүрлі. Бірақ соңғы кездері жиі айтылып жүрген күрделі мәселе трансгендік тағамдарға қатысты болып жүр. Трансгендік тағамдар дегеніміздің өзі – гендік бағдарла­ма мен гендік инженерияны қолдану арқылы өз­гертілген жануарлар, өсімдіктер, ми­кро­ағ­залар, вирустар және тағы да басқа заттар. Біз сол жануарлардың етін және өсімдіктерді пайдаланамыз. Оның, әрине, зияны болуы да мүмкін. Мысалы, біздің елге сырттан келіп жатқан трансгенді қызанақтар. Оларды ұзақ сақтауға болады, өнімділігі көп деген сияқты қа­сиеттері бар дегенімізбен, адам ден­сау­лығына тигізер кері әсері де болуы ықтимал. Тіп­ті ғалымдар арнайы зерттеу жүргізіп, Ре­сейдің кішігірім, тек Қытайдан алынатын транс­генді қызанақты пайдаланушы өңірдің тұр­ғындарын тексеріп, нәтижесінде, та­ғам­дық аллергияның көптігін анықтаған. Мұн­дай зерттеулер өте көп, біздің Тағамтану ака­де­миямыз да бірнеше тексеріс жұмыстарын жүр­гізіп, химиялық зерттеулер жасап көрді, бірақ зиянды факторларды анықтай ал­ма­дық. Десек те, трансгенді тағамдардың кері әсер­лері тамақтанған сәтте емес, бірнеше жыл­дан кейін де білінуі ықтимал. Ал, жалпы, сырт­тан келетін тағамдардың сапасына қа­тыс­ты талас-тартыс көп болғандықтан, нақты баға беру де қиындық тудырады. Негізі, Еуропа елдері трансгенді тағамдардан түбегейлі бас тартып жатыр, тіпті елге сырттан әкеліп кіргізуге тыйым салды, ал бізде әзірге тыйым салынған жоқ.
– Қазіргі жасөспірім фастфуд атау­лыға үйір. Осы жылдам әзірленетін та­ғам­дар ағзаға қалай әсер етіп жатыр?
– Жылдам әзірленетін тағамдар транс­май­лардың көмегімен әзірленеді. Ал транс­май дегеннің өзі – өсімдік майын өте жоғары температурада қайнатып, қайнап жатқан же­рінде жоғары қысыммен ауа жіберіп, қою­лау үдерісінің нәтижесінде пайда бо­латын зат. Қою май сары майға ұқсас болуы үшін қосымша химиялық қоспалар қосып, иі­сін, дәмін шығарады. Ал біздің ағза мұн­дай қоспаларды пайдалануға үйренген бе? Әри­не, жоқ. Сондықтан ағзаға үйреншікті тағам болмағаннан кейін қоспалар кері әсер етеді, мұнымен бірден қатерлі дерттер пайда болады демеймін, бірақ уақыт өте келе үлкен зиянын тигізуі әбден мүмкін.
– Кейбір мәліметтерде «Адам ап­та­сы­на бірнеше мәрте ішек жолдарын та­залау үшін, тамақтан бас тартуы керек» де­лінеді. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Медицинада «ішектің санитары» деген ұғым бар. Ол – күрделі көмірсулар. Егер ол уақытында және қажетті дәрежеде ағзаға берілмейтін болса, ағзадағы ас қорыту мен зат алмасу үдерістері бұзылады. Ішек жол­дарын тазалау үшін бірнеше күн аш құрсақ жү­руге болмайды. Оның орнына дұрыс тамақтанып, ішек жолдарының қызметін нығайтар болсақ, ағзадағы ауыртпалықтар өздігінен-ақ жойылады.
– Қазақ халқының 40 пайызы артық сал­мақты адамдар екен. Сонымен қатар ар­тық салмақтан арылу үшін түрлі дә­рілер қолданып, зардап шегіп жатқандар бар. Дәрігерлердің айтуынша, адамның сал­мағы ауырлауының ең басты себебі – дұрыс тамақтанбау. Жалпы, тәбетің тарт­қанша тамақтанып, арықтауға бола ма?
– Семіздіктің бүгінгі таңда жиілеп келе жат­қаны рас, бұл – әлемдік проблема. Әсіресе АҚШ-та артық салмақты адамдар өте көп және олардың арасында аурулардың түрі көбейгені дәлелденген. Енді біздің елде семіздердің артқаны аса қауіпті жағдай. Жалпы, семіздік экономикалық ахуалдың немесе отбасылық жағдайдың дәрежесімен бай­ланысты емес. Мысалы, Корея мен Жа­по­нияның экономикасы жоғары, мемлекеті бай бола тұра, артық салмақты адамдар өте аз. Ауыр салмақтылар «Осы мен май же­мей­мін, неліктен семіре беремін?» деп жиі ай­тады. Бар мәселе майда емес. Егер тәттілер мен тез сіңетін көмірсулы тағам­дар­ды ішіп, қозғалмастан ұзақ уақыт бір орында отыра­тын­дардың ағзасында ол көмірсулар майға айналады. Сондықтан тамақты мөл­шер­мен ішіп, сәйкесінше, дене қимылымен кө­бірек айналысу арқылы артық салмақтан арылуға болады. Әйтпесе семіздік жүрек-қан тамыр­ла­ры мен қант ауруларына шалдық­ты­руы мүмкін.
– Жалпы, бір күндік тамақтанудың нормасы қандай болуы керек?
– Тамақтанудың бір күндік нормасы әр­кімде әртүрлі. Ол дене салмағы мен бой­дың ұзындығына байланысты. Осыған қа­тысты мынадай формуланы келтіруге бо­ла­ды:
а = 20 – 25 деген.
в2
Бұл жердегі а – дене салмағы, в – бойдың ұзындығы. Екеуін бөлгенде 20 -25 аралығында шығуы керек, бұл – норма. Егер 25-тен асып кетсе дене салмағы артып кетті деген сөз, ал 30-40 – семіздік, 40-50 – семіздіктің екінші дәрежесі, 50-ден аса ауру деп есептеледі. Демек, әр адам өзінің дене салмағы мен бойының ұзындығын біліп, тексеріп, қадағалап отыруы тиіс.
– Қандай тағамдарды бірге пайда­ла­нуға болмайды?
– Бірге пайдалануға болмайтын та­ғам­дарға қатысты да ғалымдар арасында пікір-та­лас көп. Әсіресе Еуропада бөлектеп та­мақ­тандыру үрдісі жиі қолданылып келеді. Мы­салы, «Нәруызы көп тамақты жеп оты­рып, көмірсулы өсімдік тағамдарын қоса пай­­да­ла­нуға болмайды» дейді ғалымдар. Се­­бебі нәр­уызды тағамды жегеннен кейін ас­­қа­зан­нан қышқыл сөл бөлінеді, ал кө­мір­сулы та­ғам­дарды жегеннен кейін сілтілі сөл бө­­лі­неді. Екеуі араласса, бір-бірін бей­­та­рап­тандырып, жойып жібереді. Сон­дықтан ба­тыс елдерінде бөлектеп тамақтану мықтап қолға алынып жатыр, ал біз оны ескерер емеспіз.
– «Күніне бір стакан вино ішу ден­сау­лыққа пайдалы» деп жатады. Сол рас па? Жалпы, ішімдікке қалай қарайсыз?
– Егер шараптың сапасы жоғары, таза бол­са, күнделікті бір мәрте астың алдында пайдаланғанның зияны жоқ. Осыған орай бір мысал келтірейін, осыдан бірнеше жыл бұрын Голландияға іссапармен бардым. Сонда олар сүт безі қатерлі ісігін емдеудің өз тә­сілдерін көрсетті. Сөйтсек, барлығын ве­ге­тариандық тәртіпке көшірген және «әр та­мақ­танудың алдында бір стакан қызыл, таза ша­рап береміз» деді. Айтуларынша, бір жыл­дың ішінде голландиялық дәрігерлер сүт бе­зі қатерлі ісігіне шалдыққандардың бар­лы­ғын емдеп алған көрінеді. Бұл тек бір ғана мысал...
– Әңгімеңізге көп рақмет, аға.

Алашқа айтар датым...
Халқымыздың денсаулығын ойлау тек денсаулық сақтау саласында жүрген аза­маттардың ғана міндеті емес, ол – әрқайсымыздың парызымыз. Сол үшін де өс­келең ұрпақтың, мына жастардың саламатты өмір сүріп, салауатты, сауатты аза­мат­тар болып өсуі үшін қоғам болып, мемлекет болып, бір отбасындай қарайласқанымыз жөн. Себебі еліміздің болашағы – жастардың қолында. Денсаулы­ғына сызат түскен кез келген қазақстандықтың басындағы қиындық мемлекеттік мәселелердің бір бөл­шегі ретінде қаралуы тиіс. Қасиетті Алаш жұртшылығынан дұрыс тамақтану керектігін ес­тен шығармауларын өтінгім келеді. Бұрынғыдай аштықтан арылу үшін ғана та­мақ­танудың қажеті де, мұқтаждығы да жоқ, сондықтан пайдалы, үйлесімді, дұрыс та­мақ­тануды әркім өз қолына алса екен деймін.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста