Делдалдардың көзін құрта алмасақ, біздегі бензин жыл өткен сайын қымбаттай береді
Олег ЕГОРОВ, экономика ғылымының докторы, профессор:
– Жыл басында жанар-жағармайдың бағасы қымбаттады. Ол кезде мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев мұны халықаралық нарықтағы шикізат бағасының тұрлаусыздығымен түсіндірген еді. Енді сәуір айында тағы да бағаға өзгеріс енгізбекші. Бұл жолы министр мырза Кеден одағындағы Ресейдің бағасымен теңеспесек болмайды деген уәжді алға тартуда. Жалпы, біздегі жанар-жағармайдың қымбаттауына қатысты айтылған осы себептер негізді деп ойлайсыз ба?
– Әрине, халықаралық нарықтағы шикізат ресурстары бағасының ішкісіне белгілі бір деңгейде әрдайым ықпалы болады. Бірақ соңғы кезде әлемдік нарықтағы мұнай бағасының бағамы аз-кем құбылғаны болмаса, одан күрт өзгерісті байқап отырғанымыз жоқ.
Негізінен, бізде жанар-жағармай өндірген кезде зауыттар толық қуатымен жұмыс істемейді. Аз өндірсең де, көп өндірсең де жұмысшыға төлейтініңіз бір жалақы, тұтынатын электр және жылу тарифтері де бір. Бұл арадағы мәселе – мұның барлығы аз көлемдегі өндіріске жұмсалуында.Сондықтан жанар-жағармайдың өзіндік құны қымбат болып шыға келеді. Егер біз зауытты шикізатпен толықтай қамтамасыз етсек, онда өндірілген өнімнің өзіндік құны да төмендер еді. Алайда бүгін бұл мүмкін болмай отыр. Бұл – біріншіден. Екіншіден, зауыттан шыққан мұнай өнімдерін жанар-жағармай құю бекеттеріне дейін жеткізу қызметіне ұзын-сонар бір-бірімен тығыз байланысты звено қатысады. Олар бұл іске мамандандырылмаған, қолдарында отынды тасымалдайтын арнайы көлігі, құбыр желісі жоқ. Олар өнімді зауыттан сатып алып, оны қайтадан сатуда өзіндік пайданы ғана көздейді. Әрине, ол ақырында нарықтағы бағаға барып кері әсер етеді. Біздегілер арадағы осы делдалдардың көзін әлі күнге жоя алмай келеді...
Иә, Ресейдің бағасы бізге қарағанда, шынымен де, қымбат. Бірақ оның қазақстандық бензиннен сапасы да жақсырақ екені жасырын емес қой. Мысалы, Қытай тауарлары неге арзан? Өйткені сапасы өзгеден нашар. Бұл арада да солай. Ресейдің жанар-жағармайының сапасы жақсырақ. Сондықтан оның бағасы сәйкесінше қымбатырақ. Ал қазақстандық бензиннің сапасы көбіне сын көтере бермейді. Сәйкесінше көршіге қарағанда төмен бағаға ие. Осы жағынан алғанда, екі ел бағасында айырманың болуы – заңдылық. Мәселен, біз жанар-жағармайды Ресейдің Омскісінен тасымалдаймыз. Ал оларда зауыт шикізатпен 90 пайызға қамтылған. Сондықтан олардың өзіндік құнындағы шығын сомасы бізге қарағанда көп емес.
Қалай дегенмен де, егер біздегі мұнай өңдеуші зауыттарды толықтай қуатымен жұмыс істетпесек, ең құрымағанда, арадағы делдалдардың бір бөлігінің көзін құрта алмасақ, онда біздегі бензин жыл өткен сайын қымбаттай береді.
– Құзырлы ведомство «жанар-жағармай тапшылығы мәселесіне қатысты 2014 жылға қарай ішкі нарықтың сұранысын толықтай қамтамасыз етуге қауқарлы боламыз» деп мәлімдеме жасаған еді. Бұл қаншалықты мүмкін нәрсе?
– Өткен жылы бізде 80 млн тонна мұнай өндірілген екен, оның 22-23 пайызы ғана Қазақстан тарапына тиесілі, қалғаны жерасты қазба байлығын игеруші шетелдік компаниялардың еншісінде. Нақтырақ айтқанда, біз жылына 16-17 млн тонна мұнай аламыз. Ал еліміздегі мұнай өңдеуші үш зауыттың толықтай қуатымен жұмыс істеуі үшін 16 млн тонна мұнай керек екен, яғни өндірілген мұнайдың барлық көлемі. Бірақ біз халықаралық нарық бағасы тартымды болып тұрған кезде мұнайымызды сыртқа сатып қалғымыз келеді ғой. Осыдан келіп бұл арада қарама-қайшылық туындайды. Сонда қажетті мұнайдың бұл көлемін қайдан алуға болады? Ресейден бе? Ресей онсыз да жылына 7 млн тонна мұнайды кедендік баж салығынсыз ұсынып отыр. Солтүстік көршіміз біздің елімізге 2014 жылға дейін жыл сайын осындай көлемде мұнай беретін болып келісімге отырған. Оның бір бөлігі Павлодар мұнай өңдеу зауытына барады. Барлығы осы. Сол себепті өндірген мұнайының бір бөлігін өңдеу үшін беруін сұрап, біздегі шетелдік инвесторларға алақан жаямыз. Бірақ одан да пайда болмай тұр...
– Шетелдік инвесторларды өндірген мұнайының экспорт көлемін шектеп, ішкі нарыққа жұмыс істетуге заңдық тұрғыда мәжбүрлей алмаймыз ба?
– Жоқ. Өйткені олардың қолында халықаралық келісімшарт бар. Ал онда экспорт көлемін шектеу туралы пункт жоқ. Сондықтан заңдық тұрғыда мұндай қадамға біз бара алмаймыз. Мұны бастапқыда, келісімшарт жасаған кезеңде ойлауымыз керек еді. Алайда «байтал түгіл, бас қайғы» тәуелсіздіктің бастауындағы қиын-қыстау заматта оны ойлайтындай болмадық. Қаражатқа сусап отырдық. Экономикаға жан бітіру үшін елімізге бір шетелдік инвесторды тарта алсақ, соған қатты қуандық. Ал қазір жағдайымыз түзелді, инвесторды да таңдайтын уақытқа жеттік. Енді мұндай қателікке жол бермеуіміз керек.
Шетелдік инвесторлар да халықаралық нарықта мұнайдың 1 баррелі бүгінгідей 108-110 теңге секілді жоғары болғанда, көбірек сатып қалғысы келеді. Қарап отырсаңыз, олар жыл сайын экспорт көлемін арттырмаса кеміткен емес. Мәселен, КТК құбыр желісі арқылы Қазақстаннан шетелге жылына 30 млн тонна мұнай айдалады. Енді оны 67 млн тоннаға арттыру туралы сөз болып жатыр. 15 млн тонна сыйымдылықтағы Самара–Атырау мұнайқұбыры тағы бар. Оны да кеңейтеміз деген сөз бар. Осы жағынан алғанда, ішкі нарықтағы тапшылық мәселесі шетелдік инвесторлардың басын ауыртпайтын секілді.
– Біз зауыттарымызды модернизациялап жатқан жоқпыз ба? Мақсат – алынатын мұнай өнімдері сапасын жақсарту. Бірақ бір мамандар зауытты қайтадан жөндеуден өткізуде ең озық деп қолданылған технологиялардың ескі екенін айтып жүр. Жалпы, бұл ретте не айтар едіңіз?
– Еліміздегі мұнай өңдеуші зауыттарды модернизациялау үшін 4 млрд доллар бөлінді деп айтып жүргенімізге төрт жыл болды. Бірақ барлығы әлі сөз жүзінде. Бүгіндері бұл істің техникалық-экономикалық негіздемесі енді ғана қолға алына бастады. Ол бойынша Павлодар зауытымен италиялық Eni компаниясы айналысатын болса, Атырау зауытына несиесімен қытайлықтар келді. Бір сөзбен айтқанда, біз көп ойланып-толғанамыз, істеген ісімізден сөзіміз көп. Содан нәтиже, міне, мынандай: біз мұнай өнімдерін алу үшін толлингпен Қытайға мұнай айдаймыз. Олардың зауыты толық қуатымен жұмыс істейді. Енді сол өңделген мұнай өнімдерін кері қайтару үшін 200 шақырымдық құбыр желісін салуымыз керек екен. Бұл дегеніңіз соңғы бағаға келіп түсетін тағы бір салмақ емей немене? Есептеп қарасаңыз, илеген теріміз пұшпағына да татымайды. Әрі Қытайдан ол өніміміз қандай болып келетіндігі де белгісіз. Оның сапасына ешкім кепілдік бермейді.
Расында, кейде, мәселен, зауыттың модернизациясына шетелдік инвестордың сөзіне сеніп, ұсынған тың технологиясын терең зерттеуден өткізе бермейміз, мұндайда, шынымен де, олар өздеріндегі ескі-құсқыны тықпалап жібереді. Бір сөзбен айтқанда, инвестордың келгеніне мына жақта мәз болып қуанып отырғанымызда, өз кезегінде олар сол жақта жатып қалған керексіз тауарды бізге өткізіп, түк болмағандай қарап отыра береді. Міне, мұның барлығы бізге сабақ болуы тиіс. Арқаны кеңге салуға болмайды. Әсіресе, заңнамалық, техникалық-экономикалық, нормативтік құжаттардың тәртібін түзген кезде.
– Үш зауыт толық қуатымен жұмыс істеуіне шикізат жеткіліксіздігі қолбайлау болып отыр дедіңіз. Соған қарамастан, қоғамда «бізге тағы бір мұнай өңдеуші зауыт керек» деп айтылып жүрген пікірге қалай қарайсыз?
– Өзіңізге белгілі, біз Қашаған кен орынын игеруді үнемі артқа шегеріп келеміз. Оның өзіндік себептері де бар. Мұндағы мұнай Теңіздегіге ұқсас дейді. Ал Теңіздегі мұнай құрамының 70 пайызын ашық түсті фракция құрайды, яғни жанар-жағармай мен дизель отыны. Бұл – өте жақсы, жеңіл мұнай. Оны қышқыл қосылыстарынан тазартсаңыз болғаны, алынған өнім сапалы болып шыға келеді. Жоспарланғандай, егер Қашаған мұнайын биылғы жылдың екінші жартысында игере бастасақ, бастапқы жылы 500 мың тонна мұнай алады екенбіз. Әрине, уақыт өткен сайын бұл көлем арта береді. Игеру деңгейі 5-6-10 млн тоннаға дейін өскенде әлгі төртінші зауыт қажет болады. Қашағаннан алынған мұнай тек бір зауытта өңделетін болса, онда сапа жағына ешкім дау айта алмайды.
Ал бүгін не болып жатыр? Зауытқа құрамы әртүрлі кездейсоқ мұнай жан-жақтан келіп құйылады. Барлығы әбден сапырылысады. Салдарынан оның барлығын еуропалық стандартқа сәйкес келгенше түбегейлі тазартуға тура келеді. Бұл – аса артық шығын. Әрине, ол тағы да өнімнің өзіндік құнын қымбаттата түседі. Сондықтан мұндай былыққа Қашаған мұнайын қосуға болмайды, сол үшін төртінші зауыт қажет әрі ол экономикалық жағынан аса тиімді болады.
– Ел арасында осы төртінші мұнай өңдеу зауыты салынып жатыр деген сыбыс бар. Ол туралы хабарыңыз бар ма?
– Өзіңіз айтқандай, жел сөз арқылы одан хабардармын. Естуімше, бұл зауыт Солтүстік Қазақстан облысының Қостанай қаласының маңында салынып жатқан көрінеді. Бірақ меншік иесі мемлекет емес, жекеменшік инвестор сияқты. Жалпы, жеке кәсіпорынға сақтықпен қарау керек. Мәселен, елімізде мұнай өнімдерін өндіретін бірнеше шағын зауыттар бар. Одан өндіріліп шыққан тауардың сапасы өте нашар. Соған қарамастан жанар-жағармай құю бекеттеріне барғанда олардың бағасы сапалы бензиндікімен қатар жүреді. Зардап шегетін – тұтынушылар. Сапасыз бензинді тұтынғаны үшін көлік иесі айыппұл төлейді. Көлігін бүлдіреді. Ал бізде бұл үшін ешкім жауапқа тартылмайды.
– Еліміздегі мұнайды игеруде оны тиімді пайдалану бойынша екі тараптың, яғни мемлекет пен жекеменшіктің құрған жоспарлары туралы не айтар едіңіз?
– Соңғы қабылданған заңда «Қазақстанда жаңадан ашылған кез келген кен орнының 50 пайызының меншік иесі мемлекет болып табылады, оған ешкім таласа алмайды» деп көрсетілген. Кезінде бүтіндей шетелдік инвесторлардың қолына өткізіп алған Қарашығанақтың 10 пайызын, Қашағандағы кен орнының 17 пайыз меншігін көптеген дау-дамай мен таластың арқасында әрең қайтарып алғанымызды білесіздер. Осы жағынан алғанда, бұл – өте дұрыс шешім.
2005 жылы «Атырау маңына жақын орналасқан Қарабатанда еліміздегі ең алғашқы интеграцияланған мұнай-химия зауытын салуға кірісеміз» деп мәлімделген еді. Одан бері сегіз жыл өтті. Онда ештеңе тұрғызылған жоқ. Бірақ ол салынуы тиіс, ертең Қашағанды игере бастағанда оның қажеттілігі артады.
Бейнелеп айтсақ, мысалы Қашаған кен орнынан теңіз жағалауына мұнай мен газды ала бастадық делік, жоспарланғандай ол Қарабатандағы дайын кешенге бағыт алады, көгілдір отын осында өңделеді, ал Ақтау портының төменгі жағынан мұнай құбырын тартсақ, мұнай осы жүйеге жөнелтіледі. Ешқандай проблема жоқ, яғни жаңа кен орнынан алынатын газ бен мұнайды қабылдап алатын объектілер дайын дегендей. Негізінен, жоспар бойынша осылай. Бірақ іс жүзінде бұлар жоқ қой. Ал Қашағанды биыл игере бастаймыз дейміз, ондағы шикізатты қабылдап алушы нысандар дайын емес, сонда оларды қайда жібереміз? Тағы да әдеттегідей шикізатты сол күйінде ақша берсе болғаны, кез келген шетелдік инвесторға бере береміз бе? Ешқандай өзгеріс жоқ. Бұрынғыдай тағы да ұтылыстамыз.
Біз зауытқа келіп түсетін мұнайдың 50 пайызын отын ретінде пайдаланамыз, яғни шикізаттың 50-60 пайызынан өнім аламыз, ал қалған мазут түріндегі ауыр қалдықтарды жылу және электр стансыларына отын ретінде жөнелтеміз. Негізінен, жаңағы аталған жоба осы олқылықтың орнын толтыру керек болған.
– Ұтылыс демекші, егер өзіңіз айтқандай, Қашаған мұнайын қабылдап алатын нысандар дайын болмаса, бұл Каспийдің ластануына ықпал ететін үлкен қауіп емес пе?
– Сондықтан да тағы қайталап айтамын, Қашағандағы мұнайды теңіз бетіне шығарып, оны сол арада өңдеп, жағалауға бағыттауға дейінгі технологиялық циклдің таза жүргізілуін қадағалауымыз керек. Бұл кен орнын зерттеп, игеруге дайындалып жатқан компания өздері пайдаланатын технологияның қоршаған ортаға ешқандай улы зат шығармайтындығын айтып, бізді сендіреді. Міне, бұл арада да зауыттағы жағдай қайталанбас үшін (ең озық деген технологияның ескі боп шыққаны секілді) шетелдік инвесторлардың ұсынып отырған технологиясын әбден сынап алуымыз керек. Әрі мұнайды қабылдаушы нысандарды тезірек тұрғызу қажет.
Жалпы, Қашаған кен орны бойынша қадағалау мен бақылау қатаң жүргізілуі шарт. Өйткені бұл кен орны теңіздегі жәндіктердің азық қоры орналасқан жерінде екен. Егер ол қорды бүлдірсек, теңізді мекендеушілерден, жалпы Каспийдің өзінен айырылуымыз әбден мүмкін.
– Жерасты қазба байлығын игеруші компаниялар қоршаған ортаны ластамау жөніндегі талапты жіті қадағалайды деп айта аласыз ба?
– Қай жерде мұнай өндіріледі, өңделеді және тасымалданады, сол арада қоршаған ортаның ахуалы нашар болады. Өйткені кен орындарында мұнай мен газ қатар жүреді. Ал газ улы қышқылдарға толы. Оны тазалау үшін от қояды, бірақ бәрібір атмосфераға газ бөлінеді, ол адам ағзасына, топыраққа, суға барып сіңеді. Сондықтан бәрібір кен игеруші аймақтың салыстырмалы түрде басқа өңірлерге қарағанда экологиялық ахуалы нашар болады.
Мен бірде мынандай жағдайдың куәсі болғанмын: Ақтауға конференцияға барғанда теңіз жағалауына шығып қалған итбалықтың көп өлі денесі табылды. Ол араға бірден санитарлық стансы мамандары шақыртылды. Жайбасарлықты қараңызшы, олар үш күннен кейін бір-ақ жетті. Одан не пайда? Зерттейтін дым дүние қалмаған ол кезде. Айтайын дегенім, мұнда экологиялық ахуал зерттеуімен шындап шұғылданып жүрген ешкім жоқ. Кейде табиғаттың жанашырлары тарапынан қоршаған ортаны былғау деңгейі 100-200 есе асып кеткен деген секілді дабыра мәлімдемелерді естиміз. Шынтуайтында, аймақ ауасының қаншалықты ластанып жатқаны жөнінде ғылыми тұрғыда ешкім зерттеу жүргізіп жатқан жоқ. Көбіне бұл цифрлар долбар бойынша ойша алына салынады. Шынымен де, ластанған ошақтар бар шығар. Дегенмен бүтін аймақтың ластану деңгейі бірдей деп айта алмаймыз. Жалпы, еліміздің батыс өңірінде соғатын желдің екпіні қатты. Демек, мұндағы ауа үнемі желдетіліп, тазартылып отырады. Сол секілді кен игеруші компаниялар барлығы бірдей қалай болса, солай жұмыс істей береді деп ойламаймын. Олардың да енгізіп жатқан экологиялық тиімді технологиялары бар. Оны жоққа шығаруға болмайды.
– «Халықтық ІРО» бағдарламасы бойынша отандық қор биржасына шикізат игеруші, оны тасымалдаушы компаниялардың акциясы сатылымға шығарыла бастады. Маман ретінде қарапайым акционерлерге бұл ретте қандай кеңес берер едіңіз?
– Жерасты байлығы табысына халықтың ортақтасуына мүмкіндік беретін мұндай тәжірибе шетелдерде ондаған жылдардан бері сыналып келеді. Ал біз болсақ, бүгінге дейін халыққа мұндай мүмкіндікті ұсынбадық, ұлттық компаниялар өз акциясын көбіне халықаралық нарыққа қоюға ұмтылды, соған мүдделі болды. Әрине, бұл дұрыс емес. Қалай дегенмен де, Қазақстан халқының ұлттық компаниялардың акционерлері атануына қуаныштымын, жыл сайын олардан жақсы дивидентке кенелетіндігіне де шүбәм жоқ. Өйткені бұл өз секторындағы монополистер, оларды ешкім отандық нарықтан ығыстыра алмайды әрі өндіретіндері шикізат болғандықтан әрдайым компания табысты болады, бұл өз кезегінде акционерлеріне де олжа әкеліп отырады деген сөз.
Негізінен, мұнай саласы әрқашан мұнай саласы болып қалады. Мысалы, біреулер «20 жылдан соң жерасты қазба байлығы түгесіледі, жел және күннен алынатын энергияның балама көздері оның орнын басады» дейді. Ал мен мұның барлығы утопия дер едім. Қазір бізде мұнай бар, ол болашақта да болады. Егер мұнайды үнемді, тиімді әрі кешенді қолдана білсек, біз оны әлі 100 жыл бойына игере береміз.
– Тұшымды әңгімеңізге рақмет!
Алашқа айтар датым...
Ұзақ мерзімге белгіленген жоспар мен стратегияларды жариялағанда оған міндетті түрде жаңашылдықты енгізіп, алдыңғы бағдарламадағыны қайталамауға әрі оны белгіленген мерзімде жүзеге асыруға тырысуымыз керек. Одан кейін мұнай-химиясы, мұнайды өңдеу бойынша жаңа объекті құрылысына немесе модернизациялау жұмысына әбден тексерілген инвесторларды шақыруымыз қажет. Мысалы, бізде мынандай масқара болған: Қарабатандағы жобаға құрал-жабдықты басты тасымалдаушы инвестор ретінде шақырған компаниямыз банкроттық жағдайда болып шыққан. Мұны қалай түсінуге болады? Оны кім таңдаған? Кінә кімнен? Сондықтан шенеуніктерді бұл іске араластырмай, сол саладағы қайсының бағамы қандай екендігі туралы кең мәліметпен қаныққан, білімді де көзі ашық адамдарды тарту қажет.
Сондай-ақ қолға алынатын жобалар бүгінгі күннің өлшеміне сай болуы тиіс. Әлемде қоршаған ортаның ластану мәселесі өзектілік танытқанда барлық жұрттың табиғи ресурстарды тиімді, үнемді пайдалануға ұмтылып, соған барлық өндірістің тетігін бейімдеп жатқандағыдай. Міне, сол кезде әлем Қазақстанды тауары сапалы, технологиясы мықты, басқа да бүгінгі заманның талаптарын қадағалайтын ұлттық компаниялары бар мемлекет ретінде сөз ете бастайды, үлгі тұтады.