Сәуле ЖАНПЕЙІСОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші:
– Әншілер мен күйшілер қанша уақыттан бері дәстүрлі өнерге арнайы орталықтың қажеттігі жөнінде мәселе көтеріп жүр. Ұлттық музыка өлмеу үшін, өздеріңіз қам жасамасаңыздар болмайтын секілді ме, қалай?
– «Қиналған Жамбыл жер осы» депті ғой. Астанадан Қайрат Байбосынов ағаларымыз айтып, Қазақ радиосынан тікелей эфирге шығып, жанайқайымыз шығып жатыр. Оны еститін әзірше құлақ жоқ. «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым, одан да шықты жаңғырық» деп Абай айтқандай, күнде айқай салып жүрміз. Соның кесірі шығармашылығымыздың өрістеуіне тиіп жататыны жасырын емес. «Біреуге барып, көмек сұрадым, ол қол ұшын бермеді» десең, жексұрын боласың. «Үйін алды, атағын алды, Консерваторияда білдей халық әні кафедрасын басқарып отыр. Енді бұған не керек?» деуі мүмкін. Иманғали Тасмағамбетовтің кезінде төрт жыл Атырауда музыка колледжін басқардым. Халықтық музыка академиясы деп ат бердік. Батыс аймағына музыкалық білім беретін жоғары оқу орнын ашсақ деген мақсат қойып, құзырлы орындарға барғанымда: «Үйіңді бердік, жұмысыңды бердік, әніңді айтып жүрсің. Әніңді айтып, жұмысыңа тыныш келіп-кетіп жүрмейсің бе?» дегендер болды. Атырауға ол үшін барған жоқпын, әнімді Алматыда айтатын едім, үйім Алматыда да болды, бұл жерде алға қойған жоспар, артылған міндет, ел алдында парыз бар. Осы мәселе үшін, талай табалдырықты тоздыруға тура келді. Өкінішке орай, ол да ешкім тарапынан қолдау таппады. Алматыға қайтып келгеннен кейін, ұстаздық қызметімді жалғастырып, әнімді айтып, бірнеше ән кешімді өткіздім, Құдайға шүкір дейін. 2005 жылы шығармашылығымның 20 жылдығына орай, Абай атындағы Опера және балет театрында «Ән-аманат» деген концертімді бердім. Тек өзімді ойлайтын болсам, әлдеқашан шалқып отыратын едім. Бірақ артымыздан өсіп келе жатқан жеткіншек өнерпаздардың тағдыры алаңдатады. Өнерді жақсы көретін, құрметтейтін халық бар, Құдайға тәубе. Халыққа жету үшін, қаншама бұралаң жолдан өту керек. Біз бірден осындай дәрежеге жеткен жоқпыз. Сахнада жүргеніме, ұстаздығыма биыл – 25 жыл. Сол аралықта небір қиындықтан өттік. Небір бақытты сәттерді де өткіздік. Ешуақытта тоқмейілсіген емеспін, қай уақытта болса да «дәстүрлі өнерде жүрген жастарға үлгі болайыншы, былай қарай жүруге болады» деп бағыт сілтеуде жанымды салып келемін. Біреу түсінер, біреу түсінбес. Кей концерттерден сызылып, жолымыздың жабылып қалуы да сондықтан. Оған мен мойымаймын.
– Ұлттық музыкаға жаңа қадам басқан жас буынның жұмыс таба алмай, тасада қалуы олардың ізденісінің аздығы, талантының кемдігінен болар. Әйтпесе, тесік моншақ жерде қалмайды ғой?!.
– «Алтын қылыш қын түбінде жатпайды» дейді қазақ. Таланттың барлығы бірдей емес. Талантты адамның өзінің болмысы бөлек. Оның болмысын екінің бірі түсіне бермейді. Біздің алдымыздағы, өткен ғасырлардағы тұлғалар өз орнын таба алмай, өмірден ерте кетті. Меніңше, мұның себебі солардың заманындағы, айналасындағы адамдардың түсінбеуінен. Мысалы, Жамбыл жәкеміз Құдайдың берген 100 жасын жасады. Екінші жағынан, Жамбылға керемет құрмет көрсетілді. Мемлекет арнайы хатшысын беріп, көңіл бөлді. Ал қазіргі ақын-жазушыларға ондай жағдай жасалынып жатқан жоқ. Кеше Қадыр ағамыз кетті, бүгін Фариза, Әбіш, Мұхтар сынды тұлғалар жанайқайын салып жүр. Көп болса, дәл қазір қазақта мың талант бар шығар. Сол мың адамды үкіметтің ерекше қамқорлығына алып, халыққа қызмет жасатып неге отырмайды? Тығырыққа тірелген халыққа рухани демеу беретін сол тұлғалар ғой. Халық арасынан шыққан тұлғаларды халықты тәрбиелеп, халықтың рухын көтеруге жұмсауымыз керек. Рухы мықты ел нені болса да жеңіп шығады. Тұлғаларымыздың қадіріне жете алмай келеміз. Өсіп келе жатқан жастардың тұлға болуына жасқаншақтығы — кедергі. «Бір сөз айтсам, жолым жабылып қалады-ау» деп қорқады. Екінші, материалдық жағдайға қатысты. Қалтасында көк тиыны жоқ болса, қайда, кімге барып, не айтпақ?
– Консерваторияның халық әні бөлімін жылда он-он бес жас бітіреді. Мамандығы бойынша жұмыс таппаған соң, той жағалап, не басқа салаға кетуге мәжбүр болады. Сахнада, концерттік ұжымда әнші болып істемеген соң, әні де қалады. Сондықтан жылда бөлінетін грант санын азайту керек емес пе?
– Консерваторияда жыл сайын еуропалық аспаптарды игеруге қаншама жастарды қабылдайды, себебі оларды алатын симфониялық оркестрлер, опера-балет театрлары бар. Жағдайлары жасалған. Біз тоқалдан тудық па? Конфуцийдің «Мені түсінбейтіндерге ренжімеймін, мен оларды түсінбегеніме ренжимін» деген сөзі есіме түсіп отыр. Дәстүрлі өнеріміз бен классикалық музыканың жағдайы неге бұлай? Мен түсінбеймін. Дәстүрлі әнді үйрететін Құрманғазы атындағы консерваторияда айналдырған он үш-он төрт орын ғана бар. Ертеңгі күні олардың бітірген соң, баратын жері жоқ. Филармонияға барсын дейді, олар дәстүрлі әнге бар-жоғы бес-алты орын бөледі. Абай атындағы Опера және балет театрында 2005 жылы концерт бергенімде, «мына жерді колхозға айналдырасың» деген әртістер. Сонда дәстүрлі әншілер – колхозбыз. Біз тек қана ауылда жүруге жаратылғанбыз. Біздің неге арнайы театрымыз, арнайы орталығымыз болмайды?
– Жас буынды ұлттық музыкаға ұйыту үшін, тыңдаушы тәрбиелеуді мектептен бастау керек қой. Бәлкім, мектептегі ән-күй пәніне реформа жасап, сабақ беруге дәстүрлі музыканттарды тарту керек шығар?
– Әбден болады. Ең бірінші балабақшадан бастау керек. Мектептегі музыка пәнінің бағдарламасын өзгерту керек. Мектепте музыка пәнін 7-сыныпқа дейін оқиды. Сол кезде бала барлығын, бүкіл әлемнің музыкасын біліп шығуы керек. Ол әлемнің музыкасын консерватория бітірсе де біле алмайды. Мектеп бағдарламасында ұлттық, дәстүрлі өнерімізді барынша оқытып, көбірек тыңдату керек. «Не ексең, соны орасың» дейді. Шетелдің музыкасын тыңдасаң, ертең шетелдің музыкасына қарай біржолата кетесің.
– Мұның аржағында дәстүрлі музыканы басу, тұншықтыру саясаты жатқан жоқ па?
– Оған дәстүрлі өнер тұншықпайды. Дәстүрлі музыкаға ауылдың, өзіміздің қазақтың қарабайыр дүниесі ғой деп қарайтын тоқмейілсу бар. Ұлттық дүниелер арқылы жасауға қарсы кеңестік дәуірден қатып қалған қасаң саясат бар. Еуропалық музыка керемет болу керек. Барлық жерге улап-шулап, топ-топ боп шығу керек. Сабыр Адайдың «Әр қазақ – менің жалғызым» дегені, «әр қазақ – тұлға» дегені. Біздің қазақта дала сахнасы болды, хормен де айтты. Неге біз әнді жеке айтқыздық? Әр әнші тұлға болған соң, жеке айтты.
– Қазір ресми концерттерде әншіге бір әнді толық та айтқызбайды. Топтап шығаратын шеру деген дүние пайда болды...
– Иә, сол, топтап шығарып, бір әнші қырық секунд қана айту керек дейді. Қандай әнші қырық секундқа сыйғыза алады? Лап етіп жанып, лап етіп өшті деген сөз бұл. Өйткенше, айтқызбай-ақ қойсын. Тыңдаушы бұдан қандай ләззат алады? Биыл бізде «Корея жылы» өткелі жатыр, содан біздің концерт ұйымдастырушылар көп сабақ алатын шығар деп ойлаймын. Қайбір жылы Кореяның күндері болып Қазақстанға келді. Мен соған қатыстым. Ұйымдастырушылар бізден бес-алты нөмір сұраған екен. Тағы да опера әншілерін, балет бишілерін, эстрада әншілерін беріпті. Солардың ішінен олар мені таңдапты. «Бір әннің қанша минутқа созылатындығын сұрағанда, «үш-төрт минут» десем, олар «бұл аз, екінші әніңіздің де ұзақтығы сондай болса, екі ән айтыңыз» деді. Сөйтсем, олардың бір шығармасының өзі жиырма-отыз минутқа созылады екен. Біздің жетіген мен дауылпаз сынды аспаптарын тартқанда, шынымен ләззат алып, демаласыз. Бізде елге демалыс бермейді. «Қыз қуу» сияқты барлығын қуу керек. Біз неге бір әнді басынан-аяғына дейін емін-еркін отырып тыңдамаймыз? Бір баламызды бір әнмен сахнаға шығара алмаймыз. Жарты өлең айтқаннан жартыкеш әншілер пайда болды. Қазіргі әншінің жартыкеш болып, жанбауының себебі – осы.
– Атақты Ғарифолла Құрманғалиевтің алдынан сабақ алған соңғы шәкіртісіз. Көзін көрмесек те, мұрағаттардағы ән айтып жатқан бейнетаспасын көргенде, ол кісінің көзінде ерекше ұшқын бар екенін байқадық. Әннің табиғатын түсіну, оны тыңдарманға жеткізудегі шеберлігін көзіңізбен көрдіңіз. Ғарекеңнің сол шеберлігін шәкірттеріңізге үйретіп жүрген боларсыз?
– Соңғы кезде әншілеріміздің көпшілігі жанбайды. Ол үшін әншіге ренжуге бола ма? Біріншіден, Құдайдан берілген талант, екіншіден, мемлекеттің қамқорлығы мен халықтың аялы алақаны керек. Өйтпейінше, жанбайды. Төлегеннің: «жанам деген жүрекке от беремін» деген сөзі бар ғой. Сол сияқты бұл жастарға қазір от беретін кім? Кезінде Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков, Әмірелерді жер-жерден алдыртты ғой. Әміре табиғатынан өте момын, көп сөйлемейтін, ауылда жүрген кісі болған екен. Ал ән айтқанда қазақ атын бүкіл әлемге паш етті. Одан кейін Әміре жанбағанда, кім жанады? Жұлдызды жағу керек. Менің класта отырып сабақ беріп, анда-санда концертке алып шыққанымнан олар жанбайды. Оған мемлекет тарапынан қолдау керек. Қазіргі Опера және балет театры сол кезде қазақтың музыкалық театры болған. Опералардағы рөлдерді ойнау үшін, Ғарекеңдер күні-түні дайындалатын. Себебі оларды халық күтіп отырды. Мемлекет оған жағдайды жасаған еді. Ол жанбағанда, кім жанады? Қазір сондай жағдай менің балаларыма жасалып отыр ма? Жағдай жасалмаған соң, бұлар жана алмайды. Жиі концертке шығу керек, күнде қойылымдармен қызықтырып тұру керек. Қазіргі балалардың таланты біздің кезіміздегіден әлдеқайда артық.
– 17 мамырда Әуезов театрында концертіңізді бергелі жатырсыз. Әніңізге дайындалып жатқанның орнына, барлығына өзіңіз жүгіріп жүрсіз. Сіздің концерттеріңіз ерекше режиссурасымен, қойылымымен айшықталады. Бұл жолы қандай сый дайындап отырсыз?
– Дәстүрлі өнер мен тарих екеуі – егіз. Соған байланысты қаншама тарихи әндер, жырлар дүниеге келді. ХХ ғасырда қаншама сал-сері, әнші-ақынымыз атылып, жер айдалып кетті. Осының барлығын саясат жасады. Әнімізде, жырымызда таңбаланған осы бір шындықты шығарсам деп ойладым. Сценарийін жазып, режиссер Болат Атабаевқа көрсеткенімде, ол кісі мұны елдің барлығы білетіндігін айтты. Халықтың мән бермей жатқан жағына бағыт бұруды ұйғардық. Ол – шеттен келген даңғаза, халықты соғыссыз-ақ жаулап алып жатқан музыка. Біздің шарасыздық күйге түсіп отыруымыздың себебі – осы. Шетелдің концерттерін көрсеңіз, біреуі шашын жұлып, біреуі есінен танып жатады. Он адам, жүз адам емес, мың-мыңдаған адам сөйтіп жатады ғой. Бұл – есерсоқ музыканың адамдарды есінен тандыруының нәтижесі. Мұның шеті бізге де келіп жатыр. Біздің жастарымыз біржолата соған кетіп қалмас па екен? Асыл мұраларымызды бағаламай, қадірін білмей, түсінбей жатса, бұған кінәлі сіз бен біз боламыз. Концертте осы жағына мән бермекпіз. Концерттерімізді театрландырылған көріністермен беру үшін, бар күшімді саламын. Оған Болат Атабаев көмегін беріп жатыр. Шығармашылық жұмысты жеке адам жасамайды, жан-жақтан көмек керек. Сценарийіме Иран Ғайып ағамыз көмектесіп жатыр. «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблімен тығыз байланыстамын. Астанадан қазақтың мықты жыршы қыздары Ельмира Жаңабергенова мен Айгүл Елшібаева келеді. Қарақат, Өмірқұл, Айгүл Мақашева сияқты шәкірттерім қатысады. Жаңалығым – қызым Қуаныш бірінші рет ән салады.
– Дәстүрдің саф алтындай таза қалпын бұзбай ұстанған Ғарифолла, Манарбек, Дәнеш, Жәнібек ата-ағаларымыз өзінің жанынан дәстүрдің ізімен ән тудырған ғой. Олардан қалған әндердің жоғары бағалануы, дәстүрлі, қазақы әннің қадірін білгеннен болар? Сіздің де шығарған әніңізді естіген едік...
– Ақселеу Сейдімбек ағамыздың артында «Сарыарқасы» мен «Дәурен-айы» ғана қалды ғой. Екі әннің өзімен бүкіл елді табындырып, таңғалдырып кетті. Қарап отырсаңыз, Абайда да ән көп емес. Сал-серілердің ән мұрасы он, жиырма, отыз ән айналасында ғана. Үкілі Ыбырайдың бір «Гәккуінің» өзі мың әнге татымай ма? Төрт-ақ әні қалған Мәдидің «Қаракесегінің» өзі неге тұрады? Тудырайын деп тудырмайды ешкім, Алла тағала өзі береді. Соңғы уақыттары өздігінен әуендер келеді. Композитор болайын деген мен жоқ. Өздігінен келген бес-алты әуенім бар. Маралтай Райымбекұлының сөзіне жазылған «Алатау» деген әнімді, тағы бір-екі әнімді концертте орындаймын.
Датым бар...
Біреудің жүрегі, біреудің бүйрегі ауырғанда, медициналық орталықтар емдейді. Ал рухани ауру, аш адамдар қайда барып емін алады? Музыкамен емдеу медицинада да бар. Неге біз халыққа осы жағынан музыкалық емдеу орталығын ашпаймыз?! Мен консерваторияда жүріп, бір-екі күн ән естімей қалсам, ауырамын. Біраз уақыт ән салмасам да, ауырып қаламын. Ән де – халықты рухани емдеудің түрі. Не нәрсе болса да, ауыртпалық жүрекке түседі ғой. Жүректі ән-күймен емдеуге болады. Облыстарда халық шығармашылығы орталығы деген бар. Әуесқойларға арналған болса да, ол да керек. Елдің бәрі кәсіби жолға түсіп кете алмайды. Халық шығармашылығы орталықтарының атқарып отырған жұмыстары бөлек. Өзіміздің таза классикалық дүниелерімізді бұдан да жоғары деңгейге көтеруіміз керек. Әлі де әлемге танытуымыз керек. Ұлттығымыздың символы ұлттық музыкамызды дәріптейтін дәстүрлі өнер орталықтарын ашу керек. Оның ішіне бағаланбай ел-елде жүрген қолөнершілер, шеберлер, айтыскерлер жиналса. Ұлттық өнерімізге қатысты дүниенің барлығы сол жерден табылса, облыстардан, аудандардан ашылса, дәстүрлі әнші, күйшілерге жұмыс табылатын еді.