Дәрігер науқастың қалтасына емес, ауруына үңілуі керек

Белгібай ШАХМЕТОВ, медицина ғылымының докторы, профессор, психотерапевт:

– Соңғы кездері елімізде жасөспірімдер арасындағы суицид дерті дендеп барады. Тіпті еліміз жасөспірімдер суициді жөнінен ТМД елдері арасында алдыңғы орынға шығыпты. Маман ретінде жасөспірімдер суицидінің көбеюіне не себеп деп ойлайсыз?
– Жасөспірімдер суицидіне мән бермей қоя салуға болмайды. Негізі, балалардың суицидке ұрыну қаупі бес жастан басталады. Ол жаста негізінен балалар «мені әке-шешем жақтырмайды, еркелет­пейді, керек етпейді немесе іні-сіңлімді ғана еркелетіп, маған назар аудармайды» деген ойдың жетегінде суицидке ұрынуы мүмкін. Сон­дықтан ата-ана өз баласын әрқашан ерке­летіп, жылы сөздер айтып отыруы керек. Яғни бала­сының көңіл күйін бақылаудан шығармауы тиіс. Тіпті ата-ананың жылуын сезінбеген бала балалық шағында суицидке ұрынбаса да, өсе келе бала кезіндегі осы ойдың санасында қалып кетуі салдарынан келешекте суицидке ұры­ну қаупі бар. Балалардың көбі негізі өтпелі кезеңде суицидке ұрынады. Сондай-ақ жалғыз қалған үлкен кісілер жалғыз­сырап торығу салдарынан, ал орта жас­тағылар көбінесе материалдық жағ­дайдың жетіс­пеушілігінен жүйкесі күй­зеліске ұшырап, суицидке барады. Шыны керек, салыс­тырмалы түрде қарағанда, суицидке шалдығушылардың саны жөні­нен еліміз алдыңғы орында тұр. Суицид дертінің көбейіп, азаюы халықтың жан саулығының көрсеткіші саналады.
Негізі, еліміз бойынша халқымыздың өмір сүру жасының ұзақтығы – орташа есеп­пен 60-65 жас аралығында. Ал Күн­шығыс елдерінде халықтың өмір сүруінің орташа жасы 80-86 жасқа жеткен. Адам­ның ұзақ өмір сүруі үшін құнарлы тамақ, әлеуметтік жағдайдың дұрыстығына қоса, көтеріңкі көңіл күй де керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кеңсесінің бас­шысы Мария Кишман «Еуропа елдеріндегі мүгедектіктің басты себебі – күйзеліс» деген тұжырым жасады. Бұл біздің елімізге де тән қасірет болып отыр. Адамның көңіл күйі болмаса, өмір сүруге деген құлшы­ны­сы, жігері де болмайды. Кейде мұндай нәр­селердің аяғы суицидке де соғып жататыны жасырын емес. Аурумен қайтыс болған науқастың тәні ауырса, суицидпен қайтыс болған адамның жаны ауырады деген сөз. Яғни суицид – жан ауруы. Негізі, адамның саулығы үш бөліктен тұрады: жан саулығы, тән саулығы, әлеуметтік саулығы. Осы орайда халықтың тән саулығын арттыру үшін салауатты өмір салтын дамытуға, жан саулығын арттыру үшін әлеуметтік жағ­дайын жақсартуға күш салған жөн. Өйткені тәнмен, жанмен бірге адамның санасы да шы­нығады. Ал адам тәні мен жанының саулығын қадағалайтын дәрігер дейтін болсақ, бүгінгі таңда елімізде 5 мың дә­рігер жетіспейді екен. Олай болса, ден­саулықты қадағалауға әлде де толық күшіміз жетіспей отыр.
Айта кетер жайт, еліміз суицидтің тір­келуі жөнінен алдыңғы орында болса да, оның алдын алу жұмыстары мүлдем жүр­гізіл­мейді деуге болады. Суицидтің алдын алудың бір жолы – ата-ана, ұстаз, жалпы қоғамның жасөспіріммен жылы қарым-қатынас орнатуы. Оларға «көгермегір, оң­баған» деп ұрсып, мұқатып, кекетіп, кемітіп, жекігеннен гөрі, «құлыным, ба­­­­ла­­паным» деп отырсаңыз, бала жанының саулығына септескеніңіз болар еді.
– Мамандар «жасөспірімдер суицидінің тағы бір себебі – мектептердегі психолог жұмысының жеткіліксіздігі» деп отыр. Бұл пікір қаншалықты негізді?
– Психолог санының көбеюімен мәселе толықтай шешіледі деп те айта алмаймын. Көшені таза ұстау үшін аула сыпырушы­лардың санын көбейтуге болады, бірақ ең алдымен қоқысты кез келген жерге ша­ша­тындар мен көшеде түкіретіндерді тәртіпке салған жөн. Яғни бұл – суицидтің басқа да алдын алу жұмыстарын күшейту керек деген сөз. Рас, психолог мамандар жет­кілікті болуы тиіс. Халқымыз бұрын пси­хологқа барып, мұң шағуды қалыпты нәрсе санамаса да, соңғы кездері психолог кө­мегін керек ететіндер саны көбейіп келеді. Мамандардың осыны ескеріп, психолог кадрларды көбейтуге тырысқаны жөн.
– Ресми мәлімет бойынша, халқымыздың 7 пайызы психикалық түрлі ауруларға шалдыққан көрінеді. Ал тәуелсіз сарапшылар «аурулардың саны бұдан әлдеқайда көп» дейді. Бұл қаншалықты дұрыс пікір?
– Біздің елімізде күйзеліске ұшыраған адамға, науқасқа көмек аз. Сосын ол қоғамнан қолдау,көмек таппағаннан кейін өз-өзіне қол жұмсауға мәжбүр болады. Жан күйзелісіне шалдыққан адамдарға көмек көрсететін тегін психикалық көмек беретін телефон желілері болуы тиіс. Жаны қиналған кез келген адам қиналған уақытта өзіне жанашыр, сырласатын адам іздейді. Мамандардың осындай көмегін науқастар­ға қолжетімді қылатын қоңырау шалатын тегін қоңырау желілерінің көмегі зор болар еді. Қоғамда жастарға да көмек жоқтың қасы. Сондықтан мектеп қабыр­ғасынан шыққан соң, бірқатар жастар оқуға қар­жысы жоқ болғандықтан, дипломы жоқ адамға жұмыс та табылмаған соң, жігіттер жағы адасып барып, майда-шүйде ұрла­ғаны үшін түрмеге отырып жатса, қыздар жағы Сейфуллин көшесінің бойында жүр. Мемлекет жайдан-жай жастарға ақша таратпай-ақ қойсын, бірақ жастарға екі қолға бір жұмыс тауып берсін. Болды. Жас адам еңбекақы тауып тұрса, өзін-өзі сыйлайды, ал өзін-өзі сыйлаған адам өзіне қол жұмсамайды. Мұның бәрін неге айтып отырмын? Өйткені жүйке ауруына шалдық­қандардың басым бө­лігіне әлеуметтік жағдай әсер етіп жатады. Республикадағы психиатриялық меке­мелерде 3 жүз мың­нан астам адам тіркеуде тұр. Бір ғана Алматы қаласындағы аурулар саны 20 мыңнан асады. Адам­дардың күйзеліске ұшырау себеп­терінің бірі ретінде әлеуметтік жағдайдың төмендеуі айтылады, оған дүниежүзін жаулаған қаржы дағдарысы мен жұмыс­сыздық та өз кесірін тигізбей жатқан жоқ. Жалпы, соңғы жылдары әлем бойынша күйзеліс сал­дарынан өз-өзіне қол салу фактілері де жиілеп кетті. Алдағы жылдары жүйкенің күйзелісі адамзатқа ең қауіпті дерт болуы да мүмкін. Бүкіләлемдік ден­саулық сақтау ұйымының зерттеулері бойынша, әлемде 450 миллион адам психикалық мәндегі аурулардан зар­дап шегеді екен. Ал Дүние­жүзілік ден­саулық сақтау ұйымының мәлі­меттері бойын­ша, біз қауіп төніп тұрған топқа жатамыз. Қазақстанда өзіне қол жұм­сағандар адам санына шаққанда басқа елдерге қарағанда көбірек. Ал бұл көр­сеткіш халықтың жан саулығын көрсетеді. Қоғамның заманауи даму үрдісі халықтың психикалық және психологиялық саулы­ғына ерекше көңіл бөлудің қажеттігін талап етуде. Мәселен, бүгінгі таңда ал­дыңғы жылдармен салыс­тырғанда тәжірибелі психологтардың көмегіне жүгінушілер қатары артқан. Бұл, негізінен, бүгінгі қоғамдағы шұғыл өз­герістер мен білім деңгейінің үнемі артуы­мен бай­ланысты болып отыр. Ғарыштық жылдам­дықпен дамып бара жатқан біздің қоғамда білікті психологтың көмегінсіз адамның бейімделуі қиын. Бұл мәселені шешу үшін 10 адамға кем дегенде бір психологтан қажет екен. Алайда 10 шақты ұйым мен бірен-саран оқу орны бұл мәселені шешуге қауқарсыз.
– Еліміздегі құқық саласын реформалау жүйесіне орай айықтырғыштарды Денсаулық сақтау министрлігіне беру мекеме жұмысының тиімділігін арттыра ала ма?
– Онсыз да өз мәселесін өзі шеше ал­май отырған медицина саласына айық­тырғыштарды беру жығылғанға жұдырық болды деуге болады. Онсыз да бұл салада 5 мың дәрігер жетіспеушілігі сөз болып жатқан кезде айықтырғыштардың да осы салада болуы дәрігерлерге қосымша салмақ салатын болды. Сондықтан бұл өзгеріс айықтырғыш мекемелері жұмы­сының тиімділігін арттырады деп айта алмаймын.
– Соңғы кездері медицина саласына сынның көп айтылуының сыры неде?
– Бүгінде медициналық көмектің неғұрлым сапалы болуы басты мәселе болып отыр. Медицина саласына қайта-қайта жасалып жатқан реформалардың да көздегені – осы. Шетелде медициналық мамандарды дайындау үрдісі өте жоғары. Оларда студентке оқумен бірге білім, біліммен қатар тәжірибе беру қалыптасқан. Студенттер оқумен және ғылыммен қатар айналысып, тәжірибе жүзінде біліктілігін арттыра түседі. Бізге де еліміздегі медици­налық көмек көрсету сапасын арттыру үшін ең алдымен білікті дәрігерлерді дайын­дауға күш салу керек. Еліміздегі медициналық университетті бітірген ма­ман­ның дүние­жүзінің кез келген бұ­рышында жұмыс істеп кете алатындай қабілеті болуы қажет. Ауру түрлері жыл өткен сайын көбейіп бара жатқандықтан, дәрігерлер соңғы жұмыс күніне дейін әр күн сайын өзін-өзі шыңдай түсуі тиіс. Осы орайда адам өміріне жауап­ты дәрігер мамандығын таңдаған балалар оқуға қабылданар алдында үлкен дайын­дықтан өтуі керек. Мәселен, хирургияны таңдаған балалар пышағына түскен науқас тез жазылып кететіндей қолы жеңіл болуы керек. Шетелде жастарды мамандыққа таңдағанда арнайы осындай тестерден өткізіп іріктейді. Дәл осы жүйе бізге де керек. Әйтпесе бүгінде балалар өзі қалаған мамандығына қарай емес, бөлінген гранттың түріне қарай мамандық таң­дайтын болған. Медицинаға «мен біреудің өмірін сақтап қалғым келеді, науқасқа шынайы көңілден жанашырлықпен көмек көрсеткім келеді» деген балалар келуі керек. Егер мамандарды үлкен дайын­дықпен даярласақ, біз өзгенің қаңсығын таңсық көріп, қолына науқастарды сеніп тапсырмас едік. Кеше ғана шетелдік ма­мандар ота жасаған балаларымыздың ауыр халі жайлы барша жұрт естіді. Шетел­ден ат арылтып маман шақыртып, оның ісіне көңіліміз толмай, өкпе артқанша, сол маманды өзіміз даярлап шығуға неге күш салмасқа?! Мемлекетіміз де жоғары сапалы медициналық көмекті ұйымдастыра алуы үшін дәрігерлерге жағдай жасауы тиіс. Бүгінде адам өмірін бірінші орынға қоятын дүниежүзіндегі елдердің барлығы дәрігердің айлығын көтеру арқылы жоғары сапалы меди­циналық көмекке қол жеткізіп отыр. Ал біздің елімізде дәрігер­лердің өз бетімен ізденуіне де жағдай жасалмаған. Соңғы жылдары шыққан ауруды емдеу жолдарын таны­татын жақсы кітап­тардың құны – 10-15 мың теңге, меди­ци­налық журналдар да қым­бат. 40-45 мың теңге айлығымен дәрі­гер мұндай оқу­лықтарды, журнал­дарды сатып ала алмасы белгілі. Ендеше осынша айлығы бар дәрігерден сапалы меди­циналық көмек, жан-жақты білім талап ете аламыз ба?
– Ал соңғы жүйе бойынша дәрігерлердің атқарған жұмы­сына сай жалақы белгіленуі қаншалықты дұрыс?
– Біздің учаскелік дәрігерлеріміз күннің ыстық-суықтығына қарамай, қарамағын­дағы үйлерді жаяу аралайды. Ал мем­лекеті­міз олардың көп жаяу жүргені үшін ерте тозатын тәпішкесі мен етігіне ақша қарас­тырып отырған жоқ. Бір кездері Сталин «жақсы дәрігерді халық өзі асырайды» деген. Яғни дәрігер науқасқа жақсы қараса, біреуі картобын, енді біреуі үйінен сүтін, жұмыртқасын тасып, дәрі­гердің жағдайын жасайды деген сөз. Бірақ бұл қазіргі заманда коррупция саналады. Сондықтан бүгінгі дәрігердің жағдайын мемлекет жасауы керек. Дәрігер науқастың қалтасына емес, ауруына үңілуі керек. Дамыған елдерде ең жоғары айлық заңгерлер мен дәрігерлердікі. Америкада дәрігерлер 8-10 мың АҚШ доллары көлемінде айлық алады. Біздің елімізде ең болмаса осының 25 пайызындай айлық алса, олар Шымкент қаласындағыдай бомж­дардан қан алып, қала бойынша АҚТЖ жұқтырғышын таратып жібермес еді. Адам аш болса, қылмысқа жақын тұ­рады. Халқымызда «бір күн аш болған адамнан 40 күн ақыл сұрама» деген сөз бар. Дәрігер жейтін наны мен суын уайым­дамауы керек, өйткені дәрігер адам өмірінің арашасы болса, дәрігерді бағу қоғамның міндеті болуы тиіс. Бізде осы түсініктер қалыптасса, бәрі орнына келер еді.
– Денсаулық сақтау саласында жыл сайын түрлі бағдарламалар қабылданып, олардың жүзеге асуы үшін қомақты қаржы бөлінеді. Және бұл қаржының көлемі жыл өткен сайын өсіп келеді. Әйтсе де ауру көрсеткіші азаяр емес. Неліктен?
– Бәсекелестікке қабілетті дамыған ел болу үшін алдымен денсаулық сақтау са­ласына көңіл бөлу қажет. Өз басым еліміздің денсаулық сақтау саласына бөлініп жатқан қаржыны қомақты деп айта алмас едім. Денсаулық сақтау сала­сына дамыған елдер жалпы ішкі өнімнің 10-12 пайызын жұмсайды. Бізде ол – 2,5 пайыз ғана. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы­ның ұсынысы бойынша, әр ел жалпы ішкі өнімінің 6-8 пайызын жұмсап отыруы тиіс. Біздің меже оның жартысына да жетпейді. Салыс­тырмалы түрде қарағанда, бөлінген ақша мар­дымсыз. Тағы бір атап өтер жайт, бөлінген қаржы діттеген жеріне жетіп те жатқан жоқ. Бөлінген қаржы тозығы жеткен ауруханалар мен емхана­лардың жөндеу жұмыстарына, тілін түсін­бесе де, төрімізде тұрса болды деп бөлінген ақшадан жырымшылап, қымбат меди­циналық қондырғыларды сатып алуға рет­сіз жұм­салып жатыр. Осы секілді медицина саласында желге ұшып жатқан қыруар қаржы өте көп. Кезінде халыққа міндетті сақтандыру жүйесін енгіземіз деп қыруар ақша жиналды. Бүгінде сол ақша­ның өзі түгіл, ізі де жоқ, қайда кеткенін ешкім де білмейді. Егер сол ақшаны өз орнымен жұмсасақ, халқымыздың ден­саулығы үшін үлкен көмек болар еді. Осы­дан келіп қоғамда «бізге міндетті сақ­тандыру жүйесі керек емес» деген түсінік қалыптасты. Ал, шын мәнінде, әлемнің барлық елінде дерлік міндетті сақтандыру жүйесі бар. Кейде кейбір кәсіпорындар өндіріс ба­рысында зардап шеккен жұмыс­шы­ларына өтемақыны да дұрыс бермейді. Еліміздегі толып жатқан мұнай, құрылыс, өндіріс компанияларына өздерінің жұ­мыс­шыларының денсаулығын өздері сақ­тандыруды міндеттеу қажет. Өйткені мемлекеттік бюджеттің халықтың бәрін бірдей өзі көтере алатын жағдайы жоқ. Сондықтан кәсіпорындардың өз жұ­мыс­шыларының денсаулығын өздері сақ­тандыратын жүйе керек.

Алашқа айтар датым...
Медицина саласына кім көрінгеннің келуі науқас пен дәрігер арасындағы қарым-қатынастың дұрыс болмауына, халықтың дәрігерге деген көзқарасының өзгеруіне әкеліп соқты. Сондықтан ақылы оқу орнына тапсыратын балалардың өзі таңдаған мамандығына қаншалықты бейімдігіне қарай өте жоғары деңгейдегі іріктеуден өтуі керек. Осы орайда барлық адам өз мамандығын адаспай табуы үшін алдын ала арнайы тестерден өтсе, дұрыс болар еді. Біздің елімізде кейбір мамандықтар бойынша ғана жастар шығармашылық байқаудан өтеді. Негізі, бұл басқа да мамандықтарға қабылдау кезінде де керек-ақ...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста