Ғалымжан Байдербес, Әлия мен Мәншүк атындағы «Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, әлиятанушы, өлкетанушы:
– Ғалымжан аға, жуырда ресейлік іздестіру жасақтарының Әлия Молдағұлованың нағыз жерленген жерін табуға кірісуі әлиятанудың жаңа кезеңі болатын шығар?
– Жоқ, мен мұны Әлия тағылымын зерттеудің жаңа кезеңі деп есептей алмаймын. Әлияның ерлік ғұмыры туралы танып- білуіміз әлдеқашан басталған, бұл соның бір дерегі ғана болып қалады. Қазіргі кезеңде қит етсе, Ұлы Отан соғысы жайлы тарихты жоққа шығарғысы келетіндер бар. Бірақ ешкім тарихты өзгерте алмайды. Іздестіру жасақтарына да таңым бар, осы кезге дейін Кеңес Одағының батырлары, соның ішінде, Әлия туралы мәліметтерге назар аудармай келіп, енді арада 70 жыл өткенде барып, оның моласы жайлы жерден жеті қоян тапқандай болып жатыр. Кезінде іздеуге не кедергі болды?! Осының өзі бір күмән келтіретіндей. Мен 1979 жылы алғаш рет батыр қыздың мұражайын жасау мақсатымен Әлияның ізі қалған жерлерге сапар шектім. Қасымда Шөкеев деген радиожурналист болды. Екеуміз алдымен Мәскеуге бардық, онда Әлияның майдандастарымен кездестік, ол оқыған мектепте болдық. Одан соң Ленинградқа бардық, онда да Молдағұлова оқыған оқу орындарын араладық. Костина деген аға тәлімгер болған педагог Әлияны жақсы білетін болып шықты. Оның батыр жайлы естеліктерін тұңғыш рет жазып алдық. Костина Әлияны пионерлер қатарына қалай өткізгенін айтты. «Әлия жоқшылықты көп көргеннен бе, ерте есейген еді. Бала болса да, ересектерге тән бір сабырлы, салмақты қасиеті болатын», – деген еді ол. Содан кейін Новосокольникиде, стратегиялық нысан саналған Дно – Насово – Ленинград жолында болдық. Әлия осы нысанды жаудан қорғауға қатысқан еді. Мұнда Әлиямен бірге Зинаида Полякова, Надежда Матвеева, Валентина Яковлева деген мерген қыздар да болды. Біз осылардың бірі – Поляковамен кездесіп, естеліктерін қағазға түсірдік. Полякованың айтуынша, осы шайқаста қатты жараланған Әлияны қыздар лазаретке жеткізеді. Ол – медициналық жәрдем көрсету үшін тұрғызылған лашық. Сол кезде лазаретке бомба түсіп, ондағы сегіз науқас түгел жанып кетеді. Полякова Байков деген шалмен бірге Әлияның мәйітін алып, өзінің алма бағына жерлейді. Мен Байковпен де кездестім. Оның айтуынша, соғыс біткеннен кейін 1965 жылы шал өзінің қызы Евдокия Усатовамен бірге Әлияның сүйегін алма бақтан алып, Монаково деревнясындағы бауырластар зиратына қайта жерлеген. Мұндағы мыңдаған жауынгердің дені латыштар екен. Бұл – сол кезде Әлияның моласына қатысты мен естіген бір нұсқа. Әлияның өмірін менімен бірге зерттеп жүрген Ұзақбай Қауыстың батыр қыздың 80 жылдығы қарсаңында майдан даласы болған өңірлерге шеккен сапарында осы нұсқа тағы расталды. Евдокия Усатова 12 жаста болғанда көп жауынгердің сүйегімен бірге азиялық нәсілді, кішкентай ғана қара шашты қызды әдейілеп Монаковоға қайта жерлегенін айтқан. Әлияның Монаковода жерленгенін растайтын тағы бір дерек бар, 2009 жылы біз Новосокольникидің неміс басқыншылығынан азат етілгеніне 65 жыл толғанына бардық. Сол жылы Әлияның қаза тапқанына да 65 жыл болған еді. Осы өңірдің өлкетанушысы Юрий Алексеев деген мұғалім «Новосокольники – земля опаленной войной» деген кітап жазған екен. Сол кітапта соғыста барлау жасақтарының бірінің командирі болған Гальпершин деген кісі де Әлияның осы бауырластар зиратына жерленгенін баяндайды. Меніңше, Әлия Монаковода жерленсін, одан 12 шақырымдағы басқа жерде жерленсін, біз үшін маңыздысы ол емес. Ең бастысы, қазақтың Әлия деген қызы соғысқа қатысып, ерліктің тамаша үлгісін көрсетіп, батыр атанды. Қазақ қызының батырлығын командирлері, майдандастары, күллі кеңес жұртшылығы түгел жоғары бағалады. КСРО-ның қаулысымен батыр ретінде мәңгі ұлықталатын болып, тарихта қалды. Артына отаншылдықтың мол тағылымын үлгі етіп кетті. Сондықтан, оның моласы бар ма, жоқ па, онда тұрған ештеңе жоқ. Әйтеуір топырақ бұйырған бір жерде жатыр, тіпті күл болып, ұшып кетсе де, бізге оның ерлік ғұмыры ғана құнды.
– Ресейлік із кесу жасақтары Әлия Молдағұлованың шын моласын табуға кезінде жергілікті партиялық ұйымдардың немқұрайдылық танытқанын айтқысы келетін сияқты...
– Иә, немқұрайдылық та болған шығар. Бірақ іздестіру жасақтарының қандай да бір мәліметті кесіп айтуына әлі де ерте. Өйткені әлі қазу жұмыстары жүргізілген жоқ. Мәселенің ақ-қарасы сол жұмыстардың нәтижесінен соң белгілі болады. Іздестірушілер соғыс кезінде майдангердің қай жерде қаза тапқаны туралы бір ғана деректі алға тартып отыр. Ал 1965 жылы оның қайта жерленгені жайлы мәліметті ескере қойған жоқ. Солай бола тұра, кәдімгідей шу шығарып жатыр. Ал батыр қыздың туыстары болса, оны естіп алып, Әлияның сүйегі табылса, елге әкелеміз деп шықты. Ата-бабасының айдалада қалған сүйегін елге көшіріп әкеліп, басына мазар тұрғызған қазақты қашан көрдің?! Сүйек қай жерден топырақ бұйырса, сол жерде қалады. Жалпы, осы іздестіру жасақтарының жұмысы жүйелі емес. Әр кезде бір барып келіп, бірен-саран қалдықтарды тауып жатады. Олардың жұмысын тұрақты іске айналдыру керек. Кезінде өзім де сондай жасақтардың бірінде болдым. «Жас патриот» деп аталатын жасақ майдан далаларына сапар шегіп тұратын. Өзім жетекшілік етіп, отыз оқушыдан алып, Әлия мен Мәншүктің табаны тиген Мәскеу, Ленинград, Монаково, Казачиха, Новосокольники жерлеріне баратынбыз. Бұрын бұл бағытта мейлінше жүйелі жұмыс атқарылатын.
– Жуырда батыр Әлияның анасы Маржанның бейіті анықталып, басы қарайтылғанын естідік. Осы кезге дейін Әлияның жетім болып өскені, нағашысының қолында тәрбиеленгені көп айтылды да, анасы туралы ештеңе айтылмайтын. Оның неден қайтыс болғаны да айтылмай келді. Осы деректерді жаңғырту қалай мүмкін болды?
– Иә, ұзақ уақыт бойы Әлияның ата-анасы туралы мәліметтерді еш жерден табу мүмкін болмады. Оның анасы Маржанды ашаршылық жылдары Қурайлы ауылы маңында рұқсатсыз келдек теріп жүрген кезінде бақша күзетшісі атып тастаған. Күзетшінің ұлты орыс болғаннан кейін бе кеңес заманында бұл мәлімет жабулы күйінде қалды. Ол кезде Маржан Молдағұлқызы 35 жаста болған. 79 жыл бойы бір адам бұл туралы әңгіме қылмаған. Менің алдымда Әлия Молдағұлованың өмірі туралы жазғандар оның әкесі, нағашысы, екінші шешесі жайлы айтады да, өз анасы туралы ләм-мим демейді. Мен Маржан Молдағұлқызының өмірбаянын жаңғырту барысында ол кісі жайлы білетін Өрбісінов деген шалдың Бағдәулет деген баласын таптым. Оның айтуынша, олардың атасы Әлияның туған жері – Бұлақпен іргелес Көкмешіт деген жерде тұрған. Маржанды күзетші атып тастағаннан кейін әлгі шал бір баласын жіберіп, марқұмды ауылға алдыртқан. Баласы әйелді атқа өңгеріп әкеліп, Көкмешіт деген жерге жерлеген. Бұл кезде күйеуі НКВД-дан қашып, ел кезіп кеткен, ешкімі жоқ адам болғасын, ауыл адамдары жанашырлық танытқан ғой. Қарағанды облысында тұратын Бағдәулет Өрбісінов бірнеше жыл бұрын, қайтыс боларының алдында Қурайлы жаққа келіп, туыстарына Маржанның жерленген жерін көрсеткен. Көкмешіт деген жерде баяғыда бір мешіт болған екен. Кеңес дәуірі кезінде ол жермен-жексен етілген. Біз ауыл ақсақалдарымен, әкімдік мамандарымен кеңесіп отырып, Маржанның жерленген жерін шамалап, басына құлпытас орнаттық.
– Сіз Әлияның өмірі жайлы зерттеумен 40 жылдай айналысып келесіз. Зерттеушілік – жиі сын айтылатын сала. Сіздің еңбегіңізге де күмән келтіргендер бар шығар...
– Керемет сын айтқан ешкім жоқ. Дегенмен бірде жазушы Құрал Тоқмырзин «Әлияның туған жері Қобда емес, Ойыл. Ол Темір ауданындағы Алтықарасу деген ауылда нағашыларының қолында болған» деді. Содан кейін Бөлеков деген бір азамат Әлияның Темір ауданында туғанын дәлелдеуге тырысты. Бұл екеуінің де сөзінің жаны бар. Бір кездері қазіргі Жем, Қобда, Ойыл аудандары Темір округі болып есептелген. Мен 1975 жылы Атырау өңірінен Әлпайсай кеңшарына (қазіргі Әлия ауылы) партком хатшысы болып келдім. Ол кезде бұл күйзеліп қалған кішкентай ғана ауыл еді. Содан кейін «бұл Әлия туған ауыл болса, мұнда оның мұражайы болуы керек, мәдениет үйін ашу керек» деп, сол мәселелерді қолға алдық. Сонымен бірге, батыр қыздың өмір жолына қатысты зерттеу жүргізу керек болды. Ешқандай жақын туысы жоқ, тек әкесінің екінші әйелінен туған екі қыз бар екен. Солармен Әлияға қатысты өмірбаяндық деректерді жинастыра бастадық. Көп ұзамай Ұлсекер Көптілеуова деген кемпір табылды. Ол Бұлақ ауылында Әлияның әкесі – Нұрмұхамбет Сарқұловпен көрші тұрған. Көптілеуова бізге Маржан Әлияны босанғанда кіндігін кескенін әңгімелеп берді. Оның айтуынша, ашаршылық-жоқшылық уақыт, жаялық-шүберек деген жоқ, кемпір жаулығын кесіп баланы орап алған. Әлия жайлы құнды ақпарат берген тірі адамның табылғанына қатты қуандым. Анау-мынау емес, кіндік шешесімін деп отыр. Естеліктерін жазып алдым. Бүгінде бұл кісінің немерелері бар, Ақтөбенің Мәскеу аталатын бөлігінде тұрады. Әлия жайлы алғашқы дерек бергендердің бірі – Балапаш деген кемпір. Оның сөзіне қарағанда, Маржан Әлияны босанған уақытта Балапаш ауылға келін болып түсіп жатқан, жаздың кезі, шөп шауып жатқан мезгіл. Ленинградтан алынған мәліметтерде де Әлияның Қобда өңірінде туып-өскені туралы деректер болды. Осылай-осылай мәліметтер жинала бастады. Кейін менің зерттеулеріме қатысты күмәндер сейілді. Бірақ қаһарман қыздың туған күні төңірегінде сәйкессіздіктер пайда болды. Бір деректе – 20 сәуір, бір деректе 29 қазан делінеді. Ал ауыл адамдары мен әпкесі Сапураның мәліметтеріне қарағанда, маусым айының ортасы. 20 сәуір және 29 қазан деген даталардың Лениннің туған күні мен комсомол ұйымының туған күніне орай әр кезде ойдан белгіленгені анықталды. Сөйтіп, деректерді негізге ала отырып, министрлікке хат жазып, Әлияның туған күні 15 маусым болып бекітілді. Міне, 15 жыл бойы осы күні аталып өтіп келеді.
– «Ұлы Отан соғысы жайлы тарихты жоққа шығарғысы келетіндер бар» дедіңіз. Мұндай көзқарас қалай қалыптасты деп ойлайсыз?
– Иә, соңғы кездері Жеңістің қазаққа қатысын, жалпы Ұлы Отан соғысын жоққа шығарғысы келетін, Кеңес Одағы Батырларының ерлігін құр аңызға телігісі келетін көзқарас дендеп келеді. Оларға салсаң, Василий Клочков деген батыр болмаған, тіпті, 28 панфиловшы да ойдан шығарылған. Мұның ар жағында не саясат барын білмеймін... Тарихты зерделеген және соғысқа қатысқан адамдарға осындай сөздің бәрі өте ауыр тиеді. Ұлылар «тарихта алғашқы шимай деген болмайды» дейді. Тарих қалай болды – сол күйі санада қалады. Бірақ менің қорқатыным, Ұлы Отан соғысы жайлы тарихи деректерді жоққа шығаратын тұжырымдар енді 50-60 жылдан соң әбден өршіп кететін сияқты. Өйткені майдангерлер өмірден өтеді, мен сияқты адамдар өледі дегендей. Мен Ұлы Отан соғысы тағылымының мектептерде оқытылуына үнемі мониторинг жүргізіп отырамын. Содан байқайтыным, қазір онсыз да бұл тақырыпқа мектеп бағдарламасынан төрт-ақ сағат беріледі. Бұрын Курск шайқасының өзіне төрт-бес сағат берілетін еді. Мәскеуді азат ету тақырыбы 10 сағатқа созылатын. Ал тұтас соғыс тақырыбын төрт-ақ сағатпен оқыту жас ұрпаққа қандай пайда береді?! Осыдан-ақ Екінші дүниежүзілік соғыс туралы дұрыс көзқарас қалыптаспауына әсер етіп отыр. Кейбір мектептерде соғысқа 1,5 сағат қана беріледі, бұл дегеніңіз – тарихты жоқ қылу. Ертең біздің қатарымыз өмірден өтеді, содан кейін келер ұрпақтың бұл соғыс жайлы білері мүлдем аз болып шығады ғой. Ал бұл соғыста қазақстандықтардың рөлі орасан. Мен бұған айрықша мән бермеуді дұрыс емес деп есептеймін. Қоғам мүшелеріне фашизмге қарсы соғыста қаһармандық жасаған Рақымжан Қошқарбаев, Боран Нысанбаев сияқты батырларымызды тиісті дәрежеде дәріптей түсу керектігін айтқым келеді. Мәскеуді қорғауға 601 мың қазақстандық қатысты. 101, 100-атқыштар бригадасы, 312-атқыштар дивизиясы, басқа да құрылымдар жайлы терең зерттеп, білуіміз қажет. Ржев шайқасындағы қазақстандықтардың ерлігі терең насихатталуы тиіс. Фашизммен соғыстағы ерлікті дәріптемеуден этнопедагогикамызға, отаншылдық тәрбиемізге үлкен қауіп төніп тұр. Кейінгі кезеңдерде ресейліктер Ұлы Отан соғысындағы өз ерліктерін ғана насихаттауы мүмкін. Тіпті, қазірдің өзінде соған әдейі бағытталған жұмыстар қолға алынып жатыр. Ал біз болсақ, «бұл соғыстың бізге қатысы жоқ» деп, тарихи мәселені өзгенің пайдасына шешіп беріп отырмыз. Тарихқа қиянат жасалмауы керек.
– Соңғы кездері соғыс ардагерлерін өлтіріп кету, олардың үйін тонап кету сияқты келеңсіз жайттарды көп естиміз. Бұл да болса, қазіргі ұрпақ үшін сол соғыстағы ерліктің қастерлі болмағанын көрсетпей ме?
– Бұрынғы ұрпақ үшін соғысқа қатысқан адамдар айрықша құрметке ие болатын. Олардың санасында «майдангерлер біздің болашағымыз үшін өмірін берді» деген түсінік болатын. Қазір, шынымен де, мұндай түсінік аз. Бұған тағы да кейінгі ұрпаққа дұрыс тәлім қалдырмаған алдыңғыларды кінәлауға болады. Бұрын соғыс ардагерлері тұрған үйлерде арнайы ескерткіш тақталар ілініп тұратын. Қазір сол жұлдыз таңбалы белгілер жоғалып кетті. Тіпті кейбір ауылдарда сол жерден соғысқа аттанған азаматтардың аты-жөні жазылған ескерткіштер де жоқ. Осының салдарынан адамгершіліксіздік, өнегесіздік қалыптасады. Содан кейін ардагерлерін, қарапайым қарттарын көптің бірі деп қарап, өлтірмегенде не істесін?! Кеңестік дәуір кезінде Ақтөбе облысында Ұлы Отан соғысына арналған 21 мұражай болды, 12 жауынгерлік ерлік мұражайы болды, майдан мен еңбек даңқына арналған 321 бұрыш болды. Әрбір мектепте соғыс тақырыбына арналып жабдықталған, керемет жәдігерлерге толы мұражай болатын, оның қорын толықтырып тұруға ерекше көңіл бөлінетін. Қазір олардан дым да қалған жоқ. Менің қойын дәптерімде жазулы тұр, сол кезеңдерде майдан даласына арнайы 1275 экспедиция ұйымдастырылған екен, оған барлығы 17 мың оқушы қатысыпты. Балалар Севастополь, Одесса сияқты «батыр қалаларға» сапар шегіп тұрды. Көрдіңіз бе, отаншылдық тәрбие беру ісі мен идеология қандай керемет болған?! Білім және ғылым саласының басшылары қазір осы мәселеге айрықша назар аударғаны жөн. Әсіресе, мектептерде құрып кеткен мұражайлардың жайына жаным ауырады. Мұражай – ұлттық рухтың тәлім-тәрбие бесігі. Кішкентай балалар майданда болған ата-бабаларының ерлігін көрсе, әскерде болған ағаларының ерлігін көрсе, тамаша емес пе?! Ал қазір мұның ешқайсысы жоқ, бәрі көзден бұлбұл ұшты. Содан кейін жастар соғыс ардагерлері емес, ұстаздарының өзін ұрып-соғып кетіп жатқан жоқ па?! Сол себепті қазір құрылыс жасақтары деген сияқты бос ұранды қою керек. Әрине, ол да керек шығар, бірақ отаншылдық пен тарихты, өлкені, ерлікті тану – басты мәселе. Бір кездері жақсы жұмыс істеген «Жас туристер стансысы» да жоқ қазір. Сол сияқты ішкі туризмді дамыту керектігін бәрі жақсы ұрандап айтып жатады. Бірақ нақты іспен ешкім айналыспайды. Мына Ақтөбе өңірі тарихи орындарға, оның ішінде, батырлар кесенесіне толы. Туризмге өзінен-өзі сұранып тұр. Есет батырдан – Әлияға, одан әрі Абат-Байтақ кесенесі, ары қарай Қобыланды батыр мазары бар. Оқушылар мен студенттер үшін, басқа да жастар үшін бұл нағыз тәрбие құралы болар еді. Құр сөз сөйлегенше, сондай тарихи орындарға апарып, олардың дүниетанымдарын кеңейтуге болады. Мені кезінде түрлі жақсы қызметтерге шақырғанда бармадым. Маған осы Әлия өмірін түбегейлі зерттеу ұнады. Бұған бар ғұмырымды арнадым және оған еш өкінбеймін.
– Әлия Молдағұлованың есімін ұлықтауда кімдердің еңбегін жоғары бағалайсыз?
– Әрине, Әлияны, оның ерлігін жалпақ жұртқа танытқан бірден-бір адам – Қазақстанның Халық артисі Роза Рымбаева. 1994 жылы Әлияның 70 жылдығына дайындық кезінде ол балаларымен бірге келіп, батыр қыздың туған жерінде болды. Сол кезде халық балаларына ат мінгізіп, өзіне үлкен құрмет көрсетті. Біздің өңірге Ресейден келген немесе кезінде Ресейде білім алған жергілікті орыстілді азаматтар «Әлия» әнін Мәскеуде естіген кезде қазақша түсінбесе де, ерекше рухтанатынын айтатын. Бұл – Розаның Әлия тағдырын, оның батырлық рухын тамаша дауысымен жеткізе білу шеберлігі. Роза Рымбаева – қазақтың аяулы қызы, әрі өзінен кейінгі қазақтың талай қыз-келіншегіне үлгі бола білген адам. Ол – рухани-моральдық тазалықтың адамы, өзінің байыпты, құрметке лайық мінезімен, парасатымен жұртшылықтың ықыласына бөленген тұлға. Халқымыздың бойына қуат беретін, елді бірлікке үндейтін, рухын асқақтататын әндерімен, соның ішінде, бір ғана «Әлия» әнімен ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеген, өнерде өз орны, биігі бар, талантты, ғибратты әнші. «Қазіргі қазақтың қызы қандай болуы керек?» десе, мен ойланбастан «Роза Рымбаевадай болуы керек» дер едім. Роза келешекте де қазақтың жас қыздарына үлгі бола берсе екен деймін. Оның ерлікті дәріптеудегі еңбегі әлі де бағалануы қажет. Ерлік – қазақтың бір аты. Оны қалай дәріптесе де жарасады. «Қызы батыр ел – ұлы ел» деген сөз бар. Қазақта батыр қыздар көп. Әлия, Мәншүк пен Хиуаздан басқа да қаһарман қыздарымыз өте көп болған, біз кезінде оларды дұрыс дәріптемей, ақыры ұмытқанбыз. Ақтөбе облысының бір ғана Шалқар ауданының өзінен соғысқа 90 қыз-келіншек аттаныпты! Қандай халықтың тарихында осынша әйел соғысқа аттанып еді?! Міне, ерлік деген осындай қарапайым нәрсе, ал бұл әркез құрметті керек етеді, бірақ ескірмейді!
– Әңгімеңізге рақмет!
Оқшау ой
Әлия мен Мәншүк – бірін-бірі биіктетіп тұратын тұлға. Екеуінің жасын қосқанда 40-қа жетпейді, біреуі 19-ға толмай, біреуі 20-ға толмай оққа ұшқан. Екеуінің де тағдыры көздің жасындай бірдей, екеуі де жетімдік көрген. Біреуін нағашысы, біреуін әкесінің інісі баққан. Бұл екеуі де – соғысқа сұранып барған адамдар. Екеуі бірін-бірі көрмеген, бірақ екеуі де майданнан қайтпай, екеуі де орыстың жерінде жатыр. Жатқан жерлерінің арасы – 60 шақырым ғана. Менің ойымша, батырлық деген біздің топырақта-ау. Кезінде қан көп төгілген жер ғой. Бұл жерден талай заманда талай батыр шықты. Мейлі қазақ болсын, мейлі орыс болсын, украин болсын, басқа ұлт болсын, осы қазақтың жерінде өскендіктен, батыр болып шыққан сияқты. Топырақты қастерлеу керек.