Бүгінгі журналистика өнер мен кәсіп қана емес, ол – үлкен ғылым саласы

Cағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ, филология ғылымының кандидаты, Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің доценті:

– Сағатбек аға, осыдан біраз уақыт бұрын қарашаңырақ – Қазақ ұлттық университетінің өзіңіз қызмет ететін журналистика факультетінде бір дүрлігу болды. Әркім әртүрлі әңгіме айтып, жағдайға түрліше баға берді. Біршама өзгеріс те болған сияқты. Дүрлігудің ішінде кетпей, жай-жапсардың ақырын бағып, не де болса, осы жағын өзіңізден сұрауды жөн көрдік...
– Біздің ауыл  – Қарқара өзенінің бойын­­да. Бала күнімізде қармақпен, тор­мен балық аулайтынбыз. Балықтың біз үшін екі-ақ түрі бар. Біріншісі – ақбалық. Мұны жеуге болады. Екін­шісі – итбалық. Мұны арам, жеуге бол­майды дейді. Осы итбалық өте қу. Қауіпті байқаса, бауырымен судың түбіне жатып алып, тұнық суды лай­лайды: өзін жасы­ру үшін. Жемді бірден тістемейді. Әуелі құйры­ғы­мен қар­мағын­дағы ішегін ұрғылайды. Қапты екен деп тартып қалсаң, дәнеңе жоқ. Ол лай су­дың астында көзге көрінбей жүре береді. Лайланған суға баға беру үшін алдымен ол су тұнуы керек, мөлдірленгенде барып оның астында не жатыр, жалпы  қандай су екеніне баға беруге болады. Әлгі иткенді де көріп қаласың. Ал енді нақты жағдайға келсек, қауесет деген нәрсе тез тарайды. Өйткені біздегі осал мінез:  көзбен көреміз, сараламаймыз, құлақпен естиміз, сол кез­де айтып тастамасақ, ішіміз жары­лардай тағат таппаймыз. Ақылға, парасатқа салып барып, содан қорытынды шығарып айту деген­нен ақсап жатырмыз. Осы тұрғыдан келгенде, өткендегі Елбасы­мыздың «бар­лық саланы ғылыми негізде дамытайық» деген идеясымен универ­ситеттерді бола­шақ­та ғылыми зерттеу бағытына оңтай­ландыру мәселесін көтер­генде істен бұрын тілге жүйрік қазақтың аузынан талай дақ­пырт шығып үлгерді. «Самаурын қайнады» дегенді шала естіп, «Самар­қанды су алып кетіпті» деп гулет­кендей, біздің сыр­ты­мыздан түрлі бол­жамдар таңылды. Біреу «журналистика филологияға қосылады екен-міс» десе, енді бірі «халықаралық қа­тынастарға қосылады екен» деді ме... Ал ондай түрлі сипаттағы алыпқашпа әңгі­мелер ұлт жур­на­листикасына ертең өз үле­сімді қосып, мұңын мұңдап, жоғын жоқ­тай­мын деген қазақ жасының жүрегіне тікен болып қадалғаны рас. Аттанға айғай қосқандар да табыла кетті, арандатушылар болғаны да – шындық.
– Қызық екен...
– Нағыз нарық, адал нарық кезінде әділ бәсеке өздігінен алға шығады. «Өнер – бәсеке, бәсеке «неге озып кеттің» деп етектен тарту емес, «неге қалып қойдым» деп, өзіңді-өзің қамшылау болсын», – деген ұлы Мұхтар Әуезовтің сөзін біз ескере бермейміз. Әсіресе бүгінгідей жанталас заманда мүмкіндігінше қара пияр жасап, өзіне ұпай жинағысы келетіндер бар. Өзінің жаман екенін жасыру үшін өзгені жа­ман­дауға икемді адамдар тұрады. Қызғаныш, тырнақ астынан кір іздеу, жасырынып жатып оқ ату – өзіне сенбейтін әлсіздердің ісі. Әлсіздер тас-талқан жасамақ ниетпен «торпедо» қылып пайдаланбақ болған,  қоғамдық-әлеуметтік мәні зор, жұрттың бәрі кетәрі болмайтын екі мәселе бар еді. Елбасымыз өзінің соңғы Жолдауында енді он жылда еліміздегі барлық мектеп түлек­тері мемлекеттік тілде таза сөйлейтін бола­ды дегенді айтты. Мұндай болжамды Елба­сымыз неге сүйеніп жасап отыр? Өйткені қазірдің өзінде кешегі біздің факультеттің бірінші курсына түскен 27 бала қазақ бөлімінде болса, орыс бөлімінде небәрі алты бала оқиды. Ал жалпы кафедрада 81 бала – қазақ, 22 бала – орыс тобында. Осы мемлекеттік тілде сөйлеп, сол тілде таза білім алып жатқан баланың айтайын деген ойын, арман-мақсатын, егер өзім мем­ле­кеттік тілде сөйлемесем, қалай түсінемін? Ол маған қалай түсіндіреді? Осындай табиғи жолмен мемлекеттік тілдің алға озып бара жатқаны ұлттық рухтың күшеюіне апарары сөзсіз. Бұл – бір.
Екіншіден, өндіріс пен ғылым қоян-қолтық байланыста болуы керек деген өте орынды мәселеге қатысты университетімізді қайта құру талабы туғанда біздің ішімізден ғана емес, сырттан келіп жатқан бір ықпал­ды күш арандатуға барын салып жатыр. Жур­налистика факультеті кезінде бір-ақ жерде – осы Қазақ ұлттық университетінде ғана болғаны мәлім. Кейін Қарағандыда ашыл­са, соңын ала көбейе-көбейе, қазір 20-дан астам жерде оқытылады екен. Енді қазіргі принцип: журналистерді оқу-әдіс­те­мелік базасы жоқ, материалдық-тех­никалық мүм­кіндігі жоқ, оқытушы-про­фес­сорлар құрамы жасақталмаған, тәлім беру дәстүрі қалыптаспаған ұсақ-түйек бөлім­ше, бөлім­дерде даярлау дегенді доғарып, яғни сол ұсақ-түйек бөлімдерді жауып, екі-ақ жерде қалдыру керек. Мемлекетіміз алға қойып отырған өндіріс пен ғылымды біріктіру мәселесі шешімін табатын шаққа келгенде, баяғы бөлімше, бөлім, факультетсымақ­тар­дың шымбайына бата ма? Әрең ашыл­ған, оңай жабыла салғысы келмейді. Күре­седі. Онда да ашық күреске бара алмайды, сонау 77 жылдық тарихы бар оқу орнының беделін түсіру арқылы өзіне ұпай жина­маққа бел бай­лай­ды. Ең сорақысы, оған кеше ғана уни­верситет есігін ашып, әлі оң-солын таны­ма­ған, аңғал, албырт жастарды алды­на салып қоймақ. Өздеріңіз көрген таяудағы журналистикаға қатысты «у-шудың» басты қозғаушы күші осы екі ағыс деп ойлаймын. Ал негізінде «факультет жабылмайды» деген әңгіме одан бір апта бұрын рек­то­ры­мыздың аузынан шыққан болатын. Бұл қалай да журналистерді даярлау ісін нығай­тып, қалай соны ғылыми жолға саламыз де­ген ізгі ниеттен туған ой, сондай қадам бо­латын.
– Жалпы, журналистика  шығармашылық па, өнер ме, әлде ол да ғылымның бір бөлшегі ме?
– Бізде газет-журнал кейін, яғни кешегі ХІХ ғасырдың соңына таман шыққан соң, «журналистика» деген ұғым да кенже келді. Публицистика одан да кейін. Қазір журналистика ғылым болды, алдында ол кәсіп еді, өнер еді. Кәсіп дейтінім, қаламмен жазған дүниеңді сата аласың, жазғаныңа қарай қаламақыңды аласың. Былайша айтқанда, ақпарат сату арқылы ақша таба аласың. Ал енді қоғамдық ойды қалай тудырамын, қандай әдіс-тәсілдер арқылы дегенде сізде Алла тағала берген үлкен қарым-қабілет, ерекше қасиет болуы керек. Әйтпесе екінің бірі журналист болып кетер еді ғой. Демек, дарын, қабілет, бейімділік, шабыт, яғни жалпы шығармашылық тұрғысынан келгенде, бұл – өнер. Өйткені әр мақалаға сіз сөздің сөлін, ойдың нәрін жұмсайсыз. Ал ғылым дейтінім, бізде журналистиканың тарихы қалыптасты, теориясы бар, тәжірибесі, журналистиканың сыны да бар. Сондықтан журналистика – өнер, кәсіп, ғылым ретінде де толысқан үлкен бір сала.
– Журналистика басқа салалардан гөрі, тәжірибені көп қажет ететін, машықтанудың арқасында шеберлікке жететін сала десек, онда болашақ журналистерді даярлауда оларды шабыттандыру үшін әр саладағы белгілі журналистерді, баспагерлерді мастер-класс өткізуге неге шақырмасқа?! Осы жағы ескеріле ме сіздерде?
– Әрине, біз былтырдан бері осы жағын қолға алғанбыз. Әр аптада бір баспа келіп, осында өз көрмесін ұйымдастырып, мас­тер-класс өткізеді. Бас редактордан бастап, журналистер, дизайнерлер – бәрі де студент­термен шеберліктерін бөлісіп тұ­ра­ды. Онымен қоя салмай, біз өзара пікір, маман алмасамыз, яғни біз оларға – шәкірт, олар бізге бір маманды әлгі шәкіртке ұстаз етіп береді. «Мектеп», «Ана тілі», «Білім», «Қазақ энциклопедиясы» баспалары, «Ата­мұра» корпорациясынан мамандар келіп, мастер-кластар өткізеді. Сондай-ақ теле­визия саласының білгір мамандары, атап айтқанда, Артур Платонов, Қайнар Олжай­лар біздің студенттерімізге дәріс оқиды.
Кезінде кластерлік жүйе деген әлі пайда болмай тұрғанда мен мынадай ой айт­қанмын: әр мединституттың емханаларда өзінің лабораториясы бар, болашақ дәрігер болатын студенттер сонда барып, тәжірибе жинайды, осы сияқты біздің баспа ісі кафед­­расының неге әр баспаханада өз аудиториясын, лабораториясын ашпасқа деген ұсыныс, ой тастаған болатынмын. Ол ойым қабылданбаса да, мінеки, таяу бола­шақта баспа, баспахана ашылатын болса, біз алысқа бармай-ақ, тіке­лей тәжірибе мен өндірісті дамытар едік.
Бәлкім, сіз тәжірибе мен өндіріс, оқу-ғылымды біріктіру турасында сөз қозға­ғанда көкейіңізде «неге бүгінде журна­листердің білім сапасы төмендеп бара жатыр» деген ой қозғағыңыз келген шы­ғар. Мұндай сөз, яғни «біздің кезімізде керемет еді, қазір неге ондай емес» деген – қай заманда да айтылған, айтыла да беретін сөз. Мен де, мәселен, ішінара «ой, Темірбек Қожакеев барда қандай еді...» деп қалуым мүмкін. Ол заңды да. Осы қарашаңырақтың 75 жылдық тарихы туралы кітапты құрастыруға атсалыс­қа­нымда оқу орны ашылғалы бері осында өзінің терін төккен талай тұлға жайлы жаздым. Сонда бір қызық нәрсеге көз жет­кіздім, өзіміздің журналистиканы бітір­гендердің ішінен шыққан тұлғалардың 70-80 пайызы қазақ тобында білім алған­дар болып шықты. Орыс тобында білім алған­дардың ішінде санаулы ғана. Демек, қазақ қоға­мы­на қазақтілділер, нағыз қазақтар ғана қызмет етуге мүдделі. Жалпы, қазаққа қазақтан бас­қа жаны ашитын адам жоқты­ғына менің жүз пайыз көзім жетті.
– Бұл мәселе өз алдына, ал енді журналист мамандарды даярлау дегенде, сіз жергілікті жерлердегі оқу орындарынан ашылған журналистика бөлімдерін жауып, тек бұрыннан келе жатқан қарашаңырақтарды қалдыруды қолдайтын секілдісіз ғой? Расында, ол журналистиканың абыройын арттырып, сапасын көтеруге кепілдік бола ала ма? Керісінше, шалғай ауылдардағы қаншама жас дарын, талай таланттың үлкен қалаларға баруға жағдайы келмей, солайша талай үміттің отын өшірмейміз бе?
– Қазақта «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген сөз бар. Өзіңіз бағамдаңыз, 27 жерде болғаннан екі-ақ жерде болса, онда таңдаулылардың таңдаулысы ірік­теліп, сұрыпталып келер еді ғой. Шын мәнінде, журналист боламын деген бала қандай қиындыққа болсын төзіп, бір жылы құласа да, келесі жылы тапсырып, әйтеуір барынша тырмысады. Солай әзер қолы жеткен адам қатты қастерлей ме оқуды, әлде еш қиналмай, оңай қол жеткізген адам біле ме бағасын? Бұл бір десек, екіншіден, «жағдайымның жеткені – осы» деп, өз жерінде әйтеуір бөлімшеге түскен бала қандай білім алып жатыр? Кім оқытып жатыр оны? Оқытушы профессорлар құрамы жоқ екені рас қой ол жақтарда. Ендеше, сондай сапасыз білім беріп жатқан жерді жапсақ, кімге зиян, кімге пайда? Әрине, білім сапасының артпаса, кемімесі анық, тек біреулер нансыз қалмаса... Ал енді біреулер нансыз қалмасын деп, жур­налист кадрларды сол жолда құрбан етіп жүре бермекпіз бе? Мықты деген маман болса, өз жеріндегі бөлімше жабылса да, өзіне лайықты жұмыс табары сөзсіз. Өз біліміне сенсе, қайта ол республикалық жоғары оқу орындарына келер еді.
– Соңғы кездері журналистикаға келген жастардың бойында тек бірыңғай тележурналист болуға деген ұмтылыс байқалатындай. Бұлай кете берсе, газет-журнал, интернет, радиоға кім қызмет етеді сонда?
– Бұл да болса – жастықтың лебі ғой, «мені әке-шешем көрсе... сонау бір әдемі қыз, не жігіт көрсе... ауыл көрсе...» деген балаң көңілден, аппақ арманнан туған құштарлық. Негізінде, тележурналистика – тәжірибемен келетін нәрсе. Біріншіден, сол мамандыққа деген ішкі құштарлық, тек құштарланып қана қоймай, дайындық, өзін-өзі шыңдау, ең бастысы, жұрт алдына шыққанда айтар ойы, сөйлер сөзі болуы керек қой! Әйтеуір, шалдыр-шатпақ сөз айтып, өзін көрсетіп кете салуды көрермен кешірмейді. Қазір көрермен сауатты. Тек өзіне қажетті пікірді ғана естігісі келеді, артық ақпармен өзінің санасын тоғытқысы келмейді. Себебі қажетін өтейтін арна да, қызықты бағдарламалар да жетіп-арты­лады, арнаны ауыстыра салады, бітті. Бұл тек арналарға ғана емес, газет-журнал, интер­нет сайттарына да қатысты. «Жақсы жазатын шәкірттеріңіз бар ма, аға» деп сұрайды баспасөзден. Бәрі керемет дей алмаймын, бірақ жақсы жазатын бірді-екілі студент табылмай тұрмайды. Негізі, өзі сондай бір заңдылық бар сынды, мықтылар өзі бір толқын болып келеді. Суы­рылып тұратын кіл мықтылар тіпті әлсіз­деу­лердің өзін сүйреп алып кетеді. Керісінше, бір толқын келеді: кіл құлық­сыздар, тіпті талпынатын бір-екеудің өзін жұтып қояды. Тағы біреулер болады, саба­ғы жақсы болмаса да, кейін өндірісте өзін керемет көрсетіп, мықты журналист болып кететін. Сондай-ақ керісінше, енді біреуі студент кезінде бір сабақты жібермей, қоғамдық істерде жарқырай көрінгенімен, оқуды бітіреді де, сөніп қалады. Ешбір жерден аты шықпайды, тіпті басқа салаға кетіп қалуы да ғажап емес.
– Бүгінде «салалық журналистика» деген ұғым жиі ауызға алынып жүр. Осы тұста әркімдер әртүрлі ұсыныс айтады, біреулер «таза заң мен құқықты жазуға бейімдеу керек» не болмаса «таза экономиканы жазуға бейімдеу керек» десе, енді біреулер журналистиканы мүлдем жауып тастап, әртүрлі сала мамандарын жазуға бейімдеу керектігін алға тартады. Тікелей осы салада қызмет атқарып, шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстазсыз ғой, осының қайсысы көкейге қонымды?
– Әр елде қалыптасқан принципке байланысты бұл. Мәселен, елдің алдына шығып, жұрттың сөзін сөйлейтін маман­дарды арнайы оқыту кеңестік идеологиямен тікелей байланысты. Себебі КПСС-ті дәріп­тейтін журналистер керек болды. Сон­дықтан да журналистика жеке сала болып оқытылды. Ал кейбір елдерде басқа сала мамандарын бір-екі айлық курстан өткізіп, жазуға, сөйлеуге машықтандырады. Ал менің ойым, әлгіндей дәрігер болсын, экономист болсын, олар о баста сол маман­дығын таңдаған, сол сала бойынша жақсы біледі. Ондайлар керек. Бірақ жалпы қоғамға қозғау салар ой айтып, ұлттық мүддеге қызмет ететін журналисті кім дайындайды? Міне, журналистика факу­ль­те­тінің қажеттігі – осында. Журналист – тек жазушы, тек сөйлеуші емес, жұртты жұмыл­дырушы, елді ұйымдастырушы. Шын журналист – ұлтқа, еліне шын жаны ашитын журналист. Оның жұмысы ақпаратты елге тек жеткізумен шектелмейді. Қолға алған ісін, яғни қозғаған мәселесін соңына дейін жеткізіп, содан бір нәтиже шығармай, тынбайды. Айталық, тіл мәселесін айтса, содан бір жақсы қорытынды шықпай, тоқ­тамайды, сол сияқты баспанасыздар жайлы айтса, оның да бір жағына шықпай, тын­байды. «Айттым – бітті, қалғанын басқалар істесін» деген ой журналисте болмауы тиіс.

Алашқа айтар датым...
Жалпы қоғамға қозғау салар ой айтып, ұлттық мүддеге қызмет ететін журналисті кім дайындайды? Міне, журналистика факу­ль­те­тінің қажет­тігі – осында. Журналист – тек жазушы, тек сөйлеуші емес, жұртты жұмыл­дырушы, елді ұйымдастырушы. Шын журналист – ұлтқа, еліне шын жаны ашитын журналист. Оның жұмысы ақпаратты елге тек жеткізумен шектел­мейді. Қолға алған ісін, яғни қозғаған мәселесін соңына дейін жеткізіп, содан бір нәтиже шығармай, тынбайды. Айталық, тіл мәселесін айтса, содан бір жақсы қорытынды шықпай, тоқ­тамайды, сол сияқты баспана­сыз­дар жайлы айтса, оның да бір жағына шықпай, тын­байды. «Айттым – бітті, қалғанын басқалар істесін» деген ой журналисте болмауы тиіс.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста