Болашақ дәрігер ақылы оқытатын оқу орнында білім алмауы тиіс

Болашақ дәрігер ақылы оқытатын оқу орнында  білім алмауы тиіс

Еділ ДАДАМБАЕВ, медицина ғылымының докторы, профессор, академик:

– Еліміздің медицина саласында проблема көп-ақ. Соның бірі – кадр мәселесі. Қалай ойлайсыз, педиатрия факультеттерін жабу балалар дәрі­герлері тапшылығының сезілуіне себеп болып отырған жоқ па?
– Шынымен-ақ, еліміздегі медицина саласының ең бір елеулі мәселесі осы кадр даярлау болып отыр. Ал оның ішінде педиатрлардың тапшылығы – бөлек әңгіме. Неге десеңіз, балаларды емдейтін білікті мамандар онсыз да табылмай отырғанда педиатрия факультетін өзге елден бұрын жауып тындық. ТМД елдері, керісінше, бұл факультетті қайта ашып жаңартып, жаңғыртып жатқанда біздің мұндай шешімге шорт кесіп келуіміз дұрыс болмады. Бірақ мұнымен мамандық толықтай жойылып кетті деп айтудан аулақпыз. Десек те, бұрын-соңды жеке факультет болып оқытылған мамандықтың бүгінгі ахуалы тым бөлек. Қазіргі таңда жабылып қалған педиатрия жалпы факультеттерде қосымша пән ретінде ғана жүргізіледі. Ал мұны бұрынғы педиатрия факультетіндегі білімнің деңгейімен салыстыруға келе ме? Осыдан кейін маман тапшылығына аузымызды ашып таңда­намыз. Педиатрия – өте күрделі, үлкен жауапкершілікті талап ететін сала, жұмысы да ауыр. Сол себепті жастарымыз балалар дәрігері болудан қашқақтайды. Өзі жеңіл-желпі оқытылып, салмақты көзқарасқа ие бола алмай отырған педиатрияға кім барады? Енді не істеу керек? Мысалы, Ресей Федерациясы Болон  жүйесіне көшсе де, ескі жүйені сол қалпында қалдырды. Ол қалай? Студенттерде таңдау бар. Ескі жүйемен оқимын деген болашақ дәрігер бұрынғыдай педиатрия факуль­тетіне түседі, бірінші курстан бастап педиатрияны оқиды. Ал жаңа жүйе бойынша оқуға түскен студенттер жалпы­лама факуль­теттердің бағдарламасына енгізілген педиатрия пәндерін оқып, бесінші курсты тамамдаған соң интер­натураға өтеді. Өте ұтымды және тиімді шешім. Ресейдің бұл жүйесіне қазіргі таңда Украина мен Белоруссия мем­лекеттері көшіп үлгерді. Біздің ел де осындай жүйені қолға алса игі болары анық. Жалпы, Баллондық жүйені мақ­тайтын әзірге еш себеп көрген емеспін. Бәлкім, уақыт өте келе пайдасын көре жатармыз. Дей тұрғанмен кеңестік жүйенің аты кеңестік жүйе еді. Дәрігерлер ертеде бес жыл оқыса да, осал болмаған. Кейіннен ол алты, жеті жылға ұзарды. Енді келіп тоғыз жыл деп отырмыз. Ал пайдасы кәне? «Ақымақты жүз жыл оқытсаң да, ақымақ» демекші, дәрігер болуға ниеті жоқ адамды отыз жыл оқытсаң да болмайды. Оқудың уақытын ұзартқаннан ұтарымыз болса, бүгінгі проблемалар қоғамда орын алмас еді ғой. Одан да жастарымызды жеті жыл оқытып, бірінші курстан теорияны жаттатып ғана қоймай, тәжірибені қоса үйреткеніміз абзал. Бір сөзбен айтқанда, педиатрия факультетін жабуға қарағанда мұның басқа да жолдарын қарастыруға әбден болушы еді деп есептеймін.
– Еділ аға, балалар емханалары мен жалпы емханалар біріктіріліп жатыр деген сөз бар. Осы рас па? Рас болса, бұл қаншалықты дұрыс?
– Иә, бұл рас. Бірақ мұны да дұрыс саясат дей алмаймын. Балалар емханасы, стационар – барлығы бөлек болуы тиіс. Себебі балалардың кез келген ауруы тез тарайды. Ал біздің емханалардың бір есігінен әйел де, еркек те, кәрісі де, баласы да кіреді. Гигиена да сақталмайды. Жалпы, «науқас балалар үйде емделуі тиіс» деген қағида бар. Енді ересек баратын емхана мен баланы қарататын емхана біріксе, тіпті не боларын білмеймін. Үлкендердің ауруы балаларға жұғып, балалардікі ересек адамдарға жұғып жүрмесе болды. Бәлкім, құзырлы органдар медицина саласына жаңалық енгізіп, өзгерту жасағысы келетін шығар. Бірақ емханалар мен факультеттерді біріктіру жақсы жаңалық емес. Бүгінгі таңда қазақстандық медицинаға заманауи технологияларды енгізу жеткілікті.
– Жақында Денсаулық сақтау министрлігі мектеп бағдарламасына дәрілік сауаттылыққа қатысты жаңа пән енгізу керек дегенді айтты. Сіздің ойыңыз қандай, мұндай пән керек пе?
– Шыны керек, адам баласы жақсы өмір сүру үшін тіршілік етеді. Ал жақсы өмір сүру үшін денсаулық мықты болуы керек. Атам қазақ «бірінші байлық – денсаулық» деп тегін айтпаған. Ал денсаулықты сақтау үшін ауырғанда дәрі-дәрмектерді дұрыс қолдана білу өте маңызды. Мектеп бағдарламасына жаңа пәндерді енгізудің де жақсы және жаман жақтары бар. Біріншіден, дәрілік сауатты­лықты оқытатын пәнді жеке пән ретінде мектеп бағдар­ламасына кіргізудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Бізде балаларымызға салауатты өмір салтын үйрететін сабақтар бар. Оларға арналып жеке бағдарлама, жоспар, сағаттар бөлінген. Сол пәнге тармақ ретінде дәрілік сауаттылық сағат­тарын кіргізсек жеткілікті. Себебі мектеп оқушысының санасы көп дәрінің атынан шатасып, түсінбеуі мүмкін. Сондықтан оқушыларға тұмау, бас ауруы сияқты аурулармен ауырғанда қандай дәрілерді ішу керектігін үйретсек те жетеді. Жалпы, бұл пәнді он екі жылдық білім беру жүйесіне толық көшкен уақытта мектеп бағдарламасына енгізу тиімді деп есептеймін. Жүйенің мақсаты оқушыға белгілі бір бағытты ұсыну болғандықтан, болашақта дәрігер болғысы келетін бүлдіршіндерге көмегі қатты тиер еді.
– Шетелдің тәжірибесімен бөлісуіміз керек дегенді көп айтамыз. Сол тәжіри­белер бізді сынақ алаңына айналдырып бара жатқан жоқ па? Мысалы, жуырда Астана қаласына Ресейден келген хирургтер үш баланың жүрегіне опе­рация жасап, екеуі сал болып қалса, бір бала көз жұмды, бұл – бір ғана мысал...
– Дұрыс айтасыз, кімді болса соны елге шақырып, азаматтарымыздың өмірін сеніп тапсыра берсек, сөз жоқ, сынақ алаңына айналамыз. Иә, шетелдің тәжірибесімен бөлісуіміз керек шығар, бірақ аннан-мұннан естіген әңгімеге сеніп, ақша шашудың керегі шамалы. Егер сол елдің тәжірибесі біздің елден асып бара жатса, бәлкім, сенуге болатын шығар. Бірақ қазақстандық медицина шетел медицина­сына қарағанда әлсіз, тәжірибесіз деп айтуға болмайды. Шетелдің технологиясы ғана озық. Медицина да қолөнер сияқты. Сондықтан өзге елдің тәжірибесі бірнеше рет сыналып, бүкіл әлемді мойындатар болса, озық тәжірибемен бөлісудің артық­шылығы жоқ. Әрине, басқа елдерден келіп жатқан ақ халаттылардың барлығына бір­дей сенуге болмайды деп айтудан аулақпын. Шетелдіктер ота жасаған балалар неліктен шетінеп кетіп жатыр? Оның себебі көп. Мысалы, тәжірибелі маман келді, бірақ технология бізде жоқ немесе денсаулығы нашар, әлсіз бала операцияны көтере алмай көз жұмады. Мұндай жағдайды отандық хирургтер де бастан кешіреді. Бірақ біз шетелдік мамандардың ғана сәтсіз операциясын жария қылып, қоғамда теріс көзқарас қалыптастырдық. Әйтпесе кез келген дәрігер адамның өмірін сақтап қалу үшін бар жанын салады.
Заманауи технологиясы бар шетелдік емханаларда емделуге кез келгеннің жағдайы келе бермейді, бәріне бірдей көмек көрсетуге Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің де қаржысы жетпейді. Қазіргі таңда біздің мамандар шетелдерде білім алып жүр. «Көш жүре түзеледі» демекші, уақыт өте келе шетелдік маман­дардың көмегіне мүлдем жүгінбейтін боламыз деген сенімдемін.
– Аға, қоғамда шетелдік тәжіри­бемен бөлісуден бөлек вакцинаға да қатысты теріс көзқарас көбейіп барады. Жалпы, вакцинаның пайдасы бар ма? Және жүкті әйелдерді тұмауға қарсы егу қолға алынуда, бұл қауіпті емес пе?
– Біздің қоғамда вакцинаға қатысты теріс көзқарас қазіргі заманда ғана емес, одан да бұрын қалыптасқан. Қоғамда вакцинаға қарсы пікірлер өте көп, бірақ медицинада олай емес. Қазақстандық медицина аурудың алдын алатын вакци­наны әрдайым қолдайды. Неге? Себебі егілудің зияны жоқ, ал пайдасы көп. Вакцина – аурудың вирусы. Егер адам ағзасында ондай вирус болмаса, аурумен күресу мүмкін емес. Мысалы, туберкулезге қарсы тірі вакцинация – туберкулез таяқ­шасы қолданылады. Сол тірі вакцина­лардың арқасында адам ағзасында иммуноглобин пайда болады. Демек, ағза сол аурудың алдын алады, науқастанып қалса, күреседі. Сондықтан егілуден қашудың қажеті жоқ. Осы уақытқа дейін қаншама аурудың көзі вакцинаның көмегімен толықтай жойылған. Соның бірі – табиғи шешек дерті. Ол соңғы рет 1978 жылы Үндістанда тіркелген.
Қоғамда неліктен вакцинаға қарсы қайшы пікірлер қалыптасты десеңіз, оның тағы бір себебі – балалардың әлсіздігінде. Иммунитеті төмен бүлдіршіндердің ағзасы вакцинаның құрамындағы қоспаларды көтере алмай, өздерін жайсыз сезінуі мүмкін. Бірақ бұл ересектерде де солай. Мұны біздің халық бірден жамандыққа балап, байбалам салуға бейім. Әрине, дұрыс емес. Себебі бір ауыздан шыққан қате пікір өзгелерге тарайды. Ал жүкті әйелдерге вакцина егуді қолдамаймын, үзілді-кесілді қарсымын. Себебі тұмауға қарсы вакцина дегеннің өзі – жанды тыныштандыру ғана. Тұмаудың вирусы әр сағат сайын өзгеріп отырады. Ол алдымен «А» вирусымен тараса, кейін типтері бойынша «Б»-ға, «С»-ға ауысады. Жалпы, жүкті әйелдерге вакцина тұрмақ, дәрі-дәрмек те беруге болмайды. Жүктіліктің алғашқы үш-алты айында құрсақтағы сәбидің ішкі құрылыстары дамиды. Егер сол процесс жүріп жатқанда дәрілік пре­паратты берсек, даму процесі өзгеріске ұшырайды. Осыдан барып туа біткен ақаулықтар қайдан пайда болады деп бас қатырамыз.
– Еділ аға, кейінгі кездері 11-12 жастағы қыздарды жатыр мойыншағы рагына қарсы егу мәселесі жиі айтылып жүр. Сіз бұл вакцинаның егілуін қолдайсыз ба?
– Біздің қыз балалар әлі бұл вакцинаны қабылдаған жоқ. Бірақ жуық арада бұл мәселеге нүкте қойылатын шығар. Себебі аталған вакцинадан да үркудің қажеті шамалы. Жеке өз басым қарсы емеспін. Қазақстандық медицина да қарсылық білдіріп отырған жоқ.
– Қазіргі таңда мемлекет заманауи технологиялармен жабдықталған жекеменшік емханаларға тапсырыс беріп, оларды қаржыландырып отыр. Бірақ олар науқастардан да ақша талап етеді. Бұл қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз? Жалпы, мемлекеттік емха­на­лардың заманауи технология­лармен жабдықталмауы­ның себебі неде?
– Егер менің қолымда құзыретім болса, жекеменшік емханалардың барлығын жабар едім. Себебі емхана атаулы ақылы болмауы тиіс. Біздің ең қымбат қазынамыз азаматтарымыздың өмірі болса, сол азаматтардың денсаулығын сақтап, уақтылы ем алуға құқығы бар. Сонымен қатар болашақ дәрігерлерді ақшамен оқыту да – миға қонымсыз дүние. Сон­дықтан медициналық оқу орындары мен емханалар толықтай мемлекеттік болуы тиіс деп есептеймін. Ал мемлекеттік емханалар заманауи технологиямен жаб­дықталмаған деген сөз шындыққа мүлдем жанаспайды. Иә, бәлкім, апараттарды 100 пайыз орнатып үлгермеген шығармыз, бірақ бұл – уақытша мәселе. Егер қысқа мерзімге жекеменшік емханалардың көмегіне зәру болып отырсақ, оның ақысын үкімет төлеп отыр. Мемлекеттің қаржы­сынан бөлек науқастардан да ақша алу – барып тұрған тонаушылық. Жеке кәсіпкер мемлекеттен тапсырыс алды ма, тегін емдесін. Негізі, мұның барлығын қада­ғалаушы органдар бар. Бірақ жұмыстарына салғырт қарағанның кесірінен қарапайым халықтың құқығы жерге тапталып отыр. Егер елімізде жекеменшік емхана атаулы болмағанда бұл саланың тізгіні толығымен үкіметтің құзырына өтер еді. Емделудің де не тегін, не ақылы боларын мемлекеттік билік өзі шешіп, халық арасында наразы­лық тудырмас еді.
– Жыл соңына қарай туындайтын тегін дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі мәселесі жылда айтылады. Биылғы ахуал қандай? Соңғы кездері «жалған дәрілерден 30-ға жуық адам қаза болыпты» деген ақпар тарап жүр. Жалған дәрілерді қалай ажыратуға болады?
– Жалпы, тегін дәрілер балаларға еш проблемасыз таратылады. Бұрын үш жасқа дейін тегін берілген дәрілерді қазір бес жасқа дейін беру қолға алынып отыр. Ал ересектерде бұл мәселе қиынырақ, күр­делірек. Неге десеңіз, үлкендерде аурудың түрі өте көп. Ал сол тегін дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі түрлі себеппен орын алады. Оның ең басты себептерінің бірі, әрине, мемлекеттен бөлінетін қар­жының аздығы. Бірақ бұған дейінгі жылдармен салыс­тырғанда қазір ахуал оңалған. Жылдан-жылға тәжірибеміз артып, бұл мәселені де артта қалдырып келеміз. Ал жалған дәрі-дәрмекке келсек, өкінішке қарай, олардың саны азаймай отыр. Жалған дәрі жасау­шыларды қолға түсіру де оңай емес. Бірақ республиканың барлық аймақтарына тарайтын дәрілер фармацев­тикалық комитеттерге қарайтын зертхана­лық орталықтардың тексеруінен өтеді. Егер дәрілік препараттың дозасы мен құрамын­дағы қоспалардың мөлшері медициналық нормаларға сәйкес келмесе, қолданысқа жіберілмейді. Демек, жалған дәрілердің таралу себебін сол комитеттің басшы­ларынан сұрау қажет. Керек болса, түсін­діріп беруі талап етілуі тиіс, жапа шеккендер болса, сол комитет жауапқа тартылсын.
– Емханалар жанынан әлеуметтік дәріханалар ашылып жатыр. Әрине, құптарлық жайт. Бірақ рецепт жаздыру мәселесі әлі де шешілген жоқ, дәрігерлердің алдына кіру өте қиын. Бір рецепті алу үшін кейде 10-15 күн күтуіңе тура келеді. Ал аурудың мұнша уақыт күтпесі анық. Бұл мәселені қалай шешуге болады деп ойлайсыз?
– Шынымен-ақ, емханалар жанынан әлеуметтік дәріханалар ашу өте тиімді идея болды деп есептеймін. Біріншіден, дәрі-дәрмек қатаң түрде дәрігердің рецепті бойынша ғана беріледі, екіншіден, дәрі-дәрмек өзге дәріхана­лардан 10 пайызға дейін арзан. Ал дәрігерден рецепт алу мәселесі неліктен әлі күнге дейін шешімін таппай келгені белгісіз. Қарап тұрсаңыз, рецепті кез келген дәрігер жазып бере алады. Сондықтан емханалардың ішінен рецепт жазып беретін дәрігерге бөлек бөлме арнауға болады. Бір бөлме мен бір дәрігерге бола мемлекеттен көп шығын шығады деп ойламаймын.
– Кей мамандар жыл басында дәрі-дәрмектің медициналық мекемелерге уақтылы жеткізілмеуін тендермен байланыстырады. Ал медицина саласындағы тендер мәселесіне сіздің көңіліңіз тола ма?
– Тендерге қатысып көрмесем де, бұл жүйенің проблемасын білем, ол баршаға аян. Жалпы, тендерді ашық түрде өткізу керек деп айтылады. Бірақ, өкінішке қарай, ығай мен сығай қайда болмасын бар. Сол себепті оның көлеңкелі тұстары да бар. Әсіресе медицина саласында тендерлік жүйенің қорытындысы көп нәрсеге жауап береді. Адам денсаулығына тікелей жауапты болғандықтан, бұл мәселеге атүсті қарау орынсыз.
– Әңгімеңізге көп рақмет.

Алашқа айтар датым...
Денсаулықтың ақшамен өлшенбесі анық. Сондықтан жекеменшік емханаларды біріктіріп, бір жүйеге тоғыстыруымыз керек. Білім беру саласы да дәл солай. Әсіресе болашақ дәрігер ақылы оқытатын оқу орнында білім алмауы тиіс. Мемлекеттің ең қымбат қазынасы саналатын адам өміріне жауапты маман мен кез келген емделу орны жеке азаматтың емес, мемлекеттің меншігіне айналса игі іс болары белгілі.

«Алаш айнасына» лебізімді білдіремін
Елімізде түрлі басылым бар. Бірақ шындықты жаза білетін, халықтың тыныс-тіршілігімен қатар қадам басатындар тым аз. Сол аздың қатарында «Алаш айнасы» сияқты қазақ газетінің бар екеніне қуанамын. Расымен-ақ, Алаштың айнасы болып жүрген басылымның ұжымына мың да бір алғыс.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста