Саясат НҰРБЕК, ҚР Білім және ғылым министрлігі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті:
– Саясат, биыл «Болашақ» бағдарламасына – 20 жыл. Осы уақыттың ішінде Қазақстанның мыңдаған жастары шетелде білім алып қайтты. Олардың нақты саны қанша? Әңгімемізді содан бастасақ...
– Иә, соңғы 20 жылдың ішінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша 9532 стипендия тағайындалған болатын. Биылғы конкурс әлі жалғасып жатыр. Сонда ағымдағы жылдың аяғына дейін тағы 794 стипендия тағайындалады. Сөйтіп, «Болашақ» стипендиясына ие болғандардың саны 10 мың адамнан асады. Олардың 6 мыңнан астамы бүгінде оқуды бітіріп келсе, 3 мыңға жуығы әлі білім алуда.
– «Болашақ» бағдарламасы аясында гранттың ең көбі – 1796-сы 2005 жылы берілген екен. Халықаралық бағдарламалар орталығы да сол жылы құрылған. Бірақ одан кейінгі жылдары гранттардың саны күрт төмендеп кеткен. Оның басты себебі неде?
– Осы орайда бір мәселені ерекше атап өткім келеді. Халық арасында бұл мәселеге қатысты теріс көзқарас қалыптасып отыр. Көбі бізді бір жылда шетел университеттеріне 3 мың адамды жібереді деп ойлайды. Жоқ, әсте олай емес. Бұл – шетелде оқып жатқан қазақстандықтардың жалпы саны. Біздің міндетіміз – сол санды ұстап тұру. Демек, бір жылда қанша түлек оқуды бітіріп келсе, біз сонша стипендия тағайындауымыз қажет. Мәселен, биыл 1093 стипендия беріледі. 2006 жылы біз шетелде оқитын стипендианттардың санын, яғни 3 мыңдық межені толтырдық. Содан бері оны ұстап келе жатырмыз. Айтқандай, қазір шетел университеттерінде 3 мыңға жуық қазақстандық азамат, нақты айтсақ, 2794 адам оқып жүр.
– Шетелде қалып қойған «Болашақ» түлектерінің кесірінен аталған бағдарламаға деген халықтың көзқарасы біршама өзгергені рас. Дегенмен тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін жағдай оңалған сияқты. Бүгінге дейін шетелде қалып қойған қазақстандық жастар көп пе? Газет оқырмандарын осы сауал жиі мазалайды.
– Өкінішке қарай, ондай түлектер бар. Біз бұл мәселені жоққа шығарып отырған жоқпыз. Алайда олардың басым бөлігі – «Болашақ» бағдарламасымен алғашқы жылдары оқыған жастар. Себебі ол кезде кепілдік деген шарт болмаған. Университет студенттері қарапайым бір келісімшартқа қол қойып, шетелге кете берген. Бүгінде өзге елде қалып қойған түлектердің нақты саны – 47 адам. Бұл, «Болашақ» бағдарламасының он мыңдық «армиясына» шаққанда, бір пайызға да жетпейді. Сондықтан мұны үлкен бір проблемаға айналдырудың қажеті шамалы.
Мен бір мысал келтірейін, көрші жатқан Қытай мемлекеті жыл сайын 13-15 адамды шетелге жіберіп, елдің ақшасына оқытады. Сонда олардың тек 10 пайызы ғана қайтып келеді. Міне, осыны проблема деп айтуға болады. Сол себепті бүгінде Қытайдың ұлттық зерттеу қоры бізге хат жазып, «Болашақ» бағдарламасы аясындағы кепілдікке үй қою тәжірибесін қолдануға мүдделі болып отыр. Олар сол жүйенің тиімділігін енді түсініп жатыр. Біз болсақ оны 2004 жылдан бастап қолға алдық. Соның арқасында «Болашақ» бойынша шетелде білім алып, сол жақта қалып қойған қазақстандықтардың саны күрт азайды. Соңғы үш жылда ондай азаматтар мүлдем жоқ.
Бұдан басқа бізде сан алуан бақылау шаралары да қарастырылған. Қазақстанға келген бойда түлектер есеп беріп, тиісті құжаттарын тапсырады. Сосын біз әрбір алты ай сайын жұмыс істеп жатқаны туралы анықтаманы алдыртып тұрамыз. Ал былтырдан бері «е-Болашақ» деген электронды жүйе жұмысы іске қосылды. Сол арқылы біз кез келген стипендианттың шетелге шығып бара жатқанын анықтай аламыз.
– «Болашақ» стипендиясы бойынша шетелде білім алып, оқуды тастап кеткендер де бар екен. Себептерін анықтадыңыздар ма?
– Ашығын айту қажет, шетелде білім алу оңай емес. Себебі ол жақтың талаптары жоғары әрі біздің жүйемізге сай келмейді. Мәселен, бүгінде «Болашақ» стипендиясына ие болған қазақстандық азаматтар әлемнің 33 елінде білім алып жүр. Сонда әрбір білім беру жүйесінің өзіндік ерекшелігі бар ғой. АҚШ-ты алайықшы, ол жақтың жүйесі еркіндікке негізделген. Бұл дегеніміз – студент өзіне қажетті пәндерді таңдап, оқу жоспарын өзі құрастырады. Оқытушылар болса дәріс оқып, тиісті тапсырмасын беріп, шәкірттерін қоя береді. Жылдың соңында емтихан тапсырса болғаны. Мұндай жүйенің ерекшелігі сол, негізгі жауапкершілік студенттің өзіне жүктеледі. Бізде олай емес, әрбір университетте сабақтың кестесі тұрады, барлығы белгілі бір талаптар бойынша білім алады. Міне, осындай жүйеден шыққан жастарға бірден еркіндікке бейімделу қиынға соғып жатады. Содан алғашқы жылдары қатты қиналады. Сосын басқа орта, өзге мәдениет пен салт-дәстүр өз әсерін тигізбей қоймайды. Дегенмен Қазақстан жастарының басым бөлігі – 80-90 пайызы шетелдік университеттердің шарттарына бейімделіп, оқуды ойдағыдай тамамдайды. Әрине, оқуды тастап кеткендері де бар. Бірақ олардың саны көп емес. 20 жылдың ішінде ондай азаматтардың саны 300 адамға жетті. Бұл барлық стипендианттардың 3-ақ пайызын құрап отыр. Осы орайда тағы бір мәселені атап өткен жөн, Гарвард, Стэнфард, Оксфорд, Кембридж сияқты әлемнің іргелі жоғары оқу орындарында студенттерді оқудан шығару шарасы білім беру сапасының бір көрсеткіші ретінде қарастырылады. Сол себепті жыл сайын шәкірттердің 25-30 пайызы оқудан шығып кетеді. Демек, олар сол жүйенің талаптарына сай келмеді. Осылайша белгілі бір университеттің білім беру деңгейі анықталады. Бізде болса студенттердің 25-30 пайызы оқудан шығып қалса, керісінше, олар оқыған жоғары оқу орнының деңгейі төмен деп ойлайды.
Қалай болса да, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алып, оқудан шығып кеткен азаматтар мемлекеттің оған жұмсаған шығынын өтеуге міндеттеледі. Себебі ол – елдің қаржысы. Қазір осы мәселеге қатысты 27 іс сотқа жіберілген. Оның 20-сы біздің пайдамызға шешілсе, жетеуі әлі қаралып жатыр. Заңға сәйкес, оқудан шығып кеткен азаматтар республикалық бюджеттен олардың оқуына және шәкіртақысына кеткен шығынды өтеуі тиіс. Соттың шешімімен оған 10-15 жыл беріледі. Ал кепілдікте тұрған үй-жайлар шығынды өтеудің ең соңғы шарасы ретінде қарастырылады.
– Қазір «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып, жұмысқа тұра алмай жүрген жастар көп пе?
– 2011-2012 жылдары ондай проблема болған. Оның да өзіндік себебі бар. 2005 жылы бакалавр бойынша жастар шетелге көптеп барды. Содан 2010-2012 жылдары оқуды аяқтап, елге келген түлектер көп болды. Сол кезде 3,5 мыңнан астам маман келіп, Қазақстанның еңбек нарығына лап етті. Әлбетте, олардың барлығына бір-екі айдың ішінде жұмыс табылмады. Сондықтан «Болашақ» түлектерін жұмысқа тұрғызу өзекті мәселеге айналды. Алайда біз оны шештік. Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің араласуымен ол түлектер мемлекеттік қызметке, сондай-ақ сан алуан ұлттық компанияларға жұмысқа орналасты. Қазір ондай проблема жоқ.
– Бүгінде елге оралған түлектердің басым бөлігі Астана және Алматы қалаларында жұмыс істейді. Ал Үкіметтің басты мақсаты – аймақтардың экономикасын көтеру. Осыған орай сіздер «Болашақ» түлектерін облыстарға жіберіп, ел индустриясын көтеру бастамаларына салуды жоспарлап отырсыздар. Оны қалайша іске асырмақсыз? Оған Астана мен Алматыдағы түлектер атсалыса ма? Әлде өңірлерге жаңадан келген жастар жіберіле ме?
– «Болашақ» түлектерінің Астана мен Алматы қалаларында шоғырлану мәселесі де бүгінде өз шешімін тапты. Ондай мәселе 2011 жылға дейін болған. Сол кезде білім алған жастардың басым бөлігі экономика, қаржы, заң, мемлекеттік басқару және халықаралық қатынастар мамандықтарын игеріп, Астана мен Алматыда қалып қойған. Оны да түсінуге болады. Себебі ірі қаржы және заң ұйымдары, сондай-ақ барлық мемлекеттік органдар қайда орналасқан? Алматы мен Астанада. Демек, олардың еңбек нарығы сол жерде. Ал 2010 жылдан бері бітіріп келгендердің дені – инженер-техник мамандар. Байқап қарасақ, қазір олар аймақтарға барып, жергілікті жердің өндіріс ошақтарын көтеруге атсалысып жатыр. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы Үлбі металлургиялық зауытында «Болашақ» бағдарламасының 36 түлегі еңбек етіп жатыр. Мұхамеджан Маликов деген түлегіміз бар. Металлург мамандығы бойынша оқып келген ол Өскемендегі титан-магний комбинатында бас инженер болып істейді. Ұлыбританияда оқыған Ержан Юсупов мұнай-газ саласында жемісті еңбек етіп келеді. Біздің тағы бір түлегіміз Қазбек Төлеубаев ауыл шаруашылығы саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып жүр. Ол Астананың жасыл белдеуіне қауіп төндірген зиянкес қоңыздарға қарсы технологияны ойлап тапқан. Жалпы, қазіргі түлектердің 65 пайызы – инженер-техник мамандар. Олардың барлығы өндірістік ошақтарда жұмыс істейді.
Негізі, соңғы екі жылдың ішінде біраз өзгеріс болды. Ротациядан кейін мемлекеттік органдарда жұмыс істеген түлектердің көбі аймақтарға барды. Қазір кез келген әкімдікте «Болашақ» түлектері бар. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ануар Ахметжанов, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Арын Өрсариев, ал Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған Алтай Көлгінов қазір Орал қаласының әкімі болып отыр. Ондай азаматтар көп. Мұндай ақпараттар халыққа жетпей жатыр-ау деймін. Содан «Болашақ» түлектері тек Астана мен Алматыда ғана жүр деп ойлайды.
Бүгінде түлектердің 20 пайызы мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істесе, 21 пайызы – ұлттық компанияларда, 4 пайызы – халықаралық және үкіметтік емес ұйымдарда, ал 55 пайызы жекеменшік компанияларда еңбек етіп жүр. Демек, «Болашақ» түлектерінің басым бөлігі экономиканың нақты секторында жұмыс істейді.
– Осы мәселе жайында бір түлекпен тілдескенімізде бір нәрсені түсіндік... «Болашақ» түлектері үшін жұмыстағы жағдай мен еңбекақы бірінші орында тұрады. Сонда әрбір түлек үшін тиісті жағдай жасаймыз ба? Одан бұрын қаланы ауылға айырбастайтын жастар табылады деп ойлайсыз ба?
– Соңғы кезде аймақтарды дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы да өңірлерді көтеруге үндеп жатыр. Неге? Себебі жергілікті жерде жас мамандар тәжірибе жинақтайды. Ол жағынан «Болашақ» түлектерінің санасында өзгеріс бар. Қазір кейбір түлектердің өздері өңірлерге баруға сұранады. Бұл – жағымды үрдіс. Өйткені халықпен жұмыс істеу тәжірибесіне ешбір мемлекеттік органда үйрене алмайсың. Оны тек жергілікті жерде ғана жинақтауға мүмкіндік бар. Соның арқасында жас мамандар халықтың мұң-мұқтажын жете түсінеді. Болашақта елге етене жақын болады.
– Білуімізше, биыл сіздер «Болашақ» бағдарламасы 20 жылдың ішінде Қазақстанға қаншалықты пайда әкелгенін зерделемек екенсіздер. Демек, белгілі бір уақыттан кейін біз бұл бастаманың нақты нәтижесін көре аламыз ғой?
– Шынын айту керек, «Болашақ» бағдарламасы қолға алынған 20 жылдан бері оның тиімділігі бірде-бір рет зерттелген емес. Сол себепті біз осындай зерттеу жұмыстарын бастап, «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің өз еліне қандай материалдық және материалдық емес пайда әкелгенін алғаш рет анықтап көрмекпіз. Бүгінде осы зерттеудің кейбір тұстарын ашып беруге де болады. Негізі, «Болашаққа» қатысты сан алуан ой-пікірлер айтылып жүр ғой. Алайда оның қазіргі жетістіктерімен қатар болашақта болатын нәтижелерін де ескерген жөн. Мәселен, әлеуметтік капитал дейміз ғой. Бұл – қазақстандық жастардың шетелде жинаған байланыстары. Бүгінде олардың Гарвард пен Кембридж сияқты университеттерде бірге оқып, жатақханада бірге тұрып жатқан шетелдік достарының барлығы жай балалар емес. Олар – өз елдерінің болашақ қоғам қайраткерлері, үлкен бизнесмендері мен танымал дипломаттары. Былайша айтқанда, өз жерінің болашақ элитасы. Міне, қазірдің өзінде «Болашақ» түлектері сол элитамен бір тілде сөйлесіп, араласып жүр. Ал жеке қарым-қатынастың жөні бөлек екені белгілі. Оған қоса, нағыз достық студенттік кезде қалыптасатынын бәріміз де жақсы білеміз. Ертең қандай да бір халықаралық мәселе қаралған кезде осы достық байланыстардың көмегі зор болмақ. Біздің зерттеуімізге сәйкес, 2013 жылы шетелде оқу бітіріп келген 5714 түлек 900 мыңға жуық әлеуметтік байланыс ұстай алады. Осындай 100-200 мың байланыстың өзі Қазақстанға көптеген идея мен жаңа технологияларды тарта алады. Міне, «Болашақ» бағдарламасының пайдалы бір жағы – осы. Оны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Сосын елімізде жастардың қоғамдық белсенділігі ерекше байқала бастады. Барлық жерлерде сан алуан акциялар өтіп, неше түрлі қауымдастықтар құрылып жатыр. Біз осы үрдісті те зерттеп, оның басы-қасында «Болашақ» түлектерінің жүргенін анықтадық. Олар кезінде шетелде оқыған ғой. Ал ол жақта әлеуметтік қызмет, яғни көмекке зәру жандарға көмектесу сияқты шараларды өз еркімен өткізу тәжірибесі кеңінен дамыған. Түлектер соны өз еліне әкеліп, іске асырып жүр. Президенттің айтып жүрген әлеуметтік жаңғыру идеясы да осыны көздейді. Біз бір-бірімізге қамқорлық жасап, етене араласуымыз қажет. Соның арқасында халық бір-біріне сеніммен қарай бастайды. Өмірге деген көзқарас та сол кезде өзгереді.
– Сұхбатыңызға рақмет!
АЛАШҚА АЙТАР ДАТЫМ...
Бүгінде «Болашақ» стипендиясын тағайындау шарттарының бірі – мемлекеттік тілді білу. Сондықтан конкурсқа қатысатындардың басым бөлігі – қазақтілді жастар. Иә, олардың ішінде туған тілінде еркін сөйлей алмайтындар да бар. Алайда ондай азаматтар жырақта жүрген кезде көп нәрсені түсінеді. Үйге, туған жерге, жанға жақын музыка мен ұлттық тағамдарға деген сағыныш – бәрі-бәрі тегі қазақ стипендиаттарды өзінің төл болмысына басқаша қарауға итермелейді. Олар ішкі бір трансформациядан өтеді. Қазіргі жаһандану жағдайында адамның қаншалықты өзгеретінін көреді де, өзінің төл болмысын сақтап қалған туған халқы үшін іштей мақтанады. Олардың бойында ұлтжандылық қалыптаса бастайды. Міне, осындай ішкі эволюция шетелде оқып жүрген көптеген қазақ жастарының сан алуан студенттік қауымдастықтарды құруына себеп болды. Мұндай жастар елге оралмайды деп кім айтты?!
Оқшау ой
2011 жылы жас мамандарды даярлау эстафетасы Назарбаев университетіне берілгеннен кейін «Болашақ» бағдарламасы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіне көшті. Енді осы стипендия аясында даярланып жатқан магистрлер мен докторлар индустриялық-инновациялық даму жағдайында маңдайалды технократтарға айналуы тиіс. Осылайша «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау жұмысы дер кезінде атқарылды деп ойлаймын.