Бизнес – тәуекелді, рухты, білімді қажет ететін сала
Исламбек САЛЖАНОВ, «Алтын Қыран» компаниялар тобы қадағалау кеңесінің төрағасы, Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы Ақтөбе өңірлік кеңесінің басшысы, «Парыз» сыйлығының иегері, меценат:
Кәсіпкер. Меценат. Патриот. Осы үш ұғымды бір адамның бойынан табу мүмкін бе? Оны біріктіріп тұратын қандай күш? Міне, осы сұрақтардың жауабын біз күні кеше «Парыз» сыйлығына ие болған әйгілі меценат, «Алтын Қыран» компаниялар тобы қадағалау кеңесінің төрағасы, Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы Ақтөбе өңірлік кеңесінің басшысы Исламбек Салжанов мырзаның аузынан естуді жөн көріп, әңгімеге тартқан едік.
– Исламбек мырза, сыйлығыңыз құтты болсын!
– Рахмет.
– Біздің білуімізше, «Алтын Қыран» компаниялар тобы бұған дейін де біраз сыйлықтарға ие болды. Сұрағымыз келгені, «Парыз» сыйлығы Сіздерге несімен маңызды?
– Дұрыс айтасыз, «Алтын Қыран» компаниялар тобы бұған дейін де қоғамдық ұйымдар тарапынан берілетін біраз сыйлықтарға қол жеткізіп үлгерді. Оның сыртында әртүрлі ұйымдардан өз жеке басыма берілген сыйлықтар да баршылық. «Тоғыз ұлым – бір төбе, Ертөстігім – бір төбе» демекші, әр сыйлықтың өз орны бар, әрине. Өзіңіз білесіз, «Парыз» – 2008 жылы Елбасының өзі тағайындаған сыйлық. Ол негізінен әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосқан жеке кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатында тағайындалады. Президент тарапынан берілетін сыйлық болғандықтан, біз мұны мемлекеттің жеке кәсіпкерге көрсеткен қолдауы деп білеміз. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мақсатында мұндай сыйлықтардың маңызы зор деп есептеймін.
– Сыйлық алған жақсы-ақ, ал өздеріңіз компания тарапынан ұйымдастырған әлеуметтік, я қоғамдық қандай да бір марапат-сыйлықтар бар ма? Мұны сұрап жатқаным, ана бір жылдары бір топ меценат руханият саласының өкілдеріне арнап тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын тағайындаған болатын. Қазір жоқ болғанымен, ол өзі біраз уақыт дәстүрлі түрде беріліп, көпшілік тарапынан оң бағасын да алып үлгерген еді...
– Қазақта бір жақсы мақал бар ғой: «асың барда ел таны беріп жүріп, атың барда жер таны желіп жүріп» дейтін. Әрине, қолда барда бергенге не жетсін?! Біз өз тарапымыздан арнайы сыйлық бермегенімізбен, компания жанындағы қайырымдылық қоры арқылы әртүрлі әлеуметтік қажеттіліктер мен маңызы бар ұлттық деңгейдегі жобаларға жылына 2-3 миллион доллар қаржы бөлеміз. Бұл біздің деңгейіміздегі компания үшін аз ақша емес деп ойлаймын. Рас, егер бізге компаниямыздың атын шығару қажет болса, біз осы қаржыға өзіңіз айтып отырғандай үлкен сыйлық та тағайындауымызға болар еді. Бірақ бұл біздің концепциямызға сай келмейді. Біз ең әуелі қайырымдылық қорымыз. Қайырымдылық ешуақытта ат шығаруды көздемесе керек. Оның демеушіліктен айырмашылығы да сол – қайтарым, я болмаса бір пайда түсіруді көздемейді.
– Ұлттық жоба деп айтқан жақсы-ақ, әрине. Бірақ атын айтып, түсін түстеп, міне мынадай жобалар деп солардың бір-екеуін айтып беріңізші онда.
–Сіз байқадыңыз ба, жоқ байқамадыңыз ба, жақын арада Wikibilim қоры «Алтын Қыран» қорының қолдауымен қазақ әдеби тілінің телефондарға арналған қосымшасын дайындап шығарды. Мемлекеттің қолдауымен он бес том болып жасалған әдеби сөздіктің көп елдерде жоқ екенін, әрине, біреу білсе, біреу білмес. Қазақ тілінде сауатты сөйлеп, сауатты жазу үшін қолданысқа еніп жатқан бұл да бір ұтымды технология, меніңше.Жалпы, ғаламтордағы қазақ тіліндегі контентті мүмкіндігінше байыту мақсатында жұмыс істеп жатқан Рауан Кенжехан бауырымның іскерлігіне, елжандылығына риза болып отырамын. Біз Wikibilim қорымен біраз жобаларды жүзеге асырдық. Бәрін былай қойғанда, бір ғана электронды кітапхана жобасы неге тұрады?! Сондай-ақ биыл біз қазақтың қадірменді қаламгері Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыздың «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романдарын ағылшын тіліне аудартып, Нью-Йорк пен Вашингтон қалаларында тұсаукесер жасадық. Сөйтіп, қазақ романының аудиториясын кеңейттік, қазақ жазушысының, әрі-беріден соң тұтас қазақ әдебиетінің сырт елдерге танылуына өз үлесімізді қостық. Айта кетерлігі, бұл бастама тоқтап қалған жоқ. Әбеңнің кітаптары қазір бірқатар Еуропа тілдеріне аударылып жатыр. Алла қаласа, мүмкіндік болып жатса, жоспарда тағы біраз ағаларымыздың кітаптары тұр. Оны енді уақыт көрсетер.
– Өзіңіз кітап оқисыз ба?
– Әрине. Қолым қалт еткенде міндетті түрде оқимын.
– Қандай кітаптар сонда?
– Мен көбінесе бизнес, экономика тақырыптарына арналған кітаптарды оқимын. Ол енді күнделікті қажеттілік. Бұлардан тыс, тарихи тақырыптарға жазылған шығармаларды жақсы көрем. Мурад Аджидің барлық кітаптарын оқып шықтым.Өзіңді-өзің тануға көмектесетін ғажап шығармалар. Уақыт жете бермейді, өкініштісі. Газет-журнал, оны-мұны көбінесе ұшақта оқуға тура келеді. Айтқандай, Сейдахмет Құттықадамның осыдан біраз жыл бұрын жарық көрген «Служение нации» атты кітабы да қатты әсер қалдырды.
–Кітапханаңызда қазақ жазушыларының шығармалары бар ма?
– Әрине. О не дегеніңіз?! Әуезовтен бастап бүгінгі қаламгерлерге дейінгі қазақ әдебиеті бар десем де болады. Жақында Әуезов пен Нұрпейісовті қайталап бір оқып шықтым. Қазір оқып жатқаным – Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков пен Смағұл Елубай ағамыздың кітаптары. Үмбетбай Уайдин, Мұхтар Шаханов, Исрайл Сапарбай ағаларымның кітаптары да кітапханамыздың төрінде тұр. Жақсы кітап кездесіп жатса, жинай берем. Бүгін оқымасам, ертең оқырмын деп. Оның үстіне, балаларым да өсіп келеді. Олар үйде не тұрса, соны оқиды дегендей. Біздің кезімізде қазақша оқуға мүмкіндік болмады. Ауылдағы жалғыз мектеп – орыс мектебі болатын. Мектепті орысша бітіргеннен кейін қалған оқуларды да орысша оқуға тура келді. Аллаға шүкір, екі ұлымның тілі қазақша шықты. Ес жиып алғанша дүниетанымын бөтен тілмен былғаған жоқпыз.
– Тамаша екен. «Ойды ой қозғайды» демекші, орысша оқыдым дегеннен шығады. Біздің билікте болсын, бизнесте болсын, орысша оқығандардың тұтас бір армиясы бар. Жасыратыны жоқ, қоғам біздегі қайсыбір ұлттық мәселелердің шешілмеуін дәл солардан көреді. Билік пен бизнестің арасында жүрген адамсыз ғой, осыған не айтар едіңіз?
– Құнанбайдың Абайға таққан үш мінінің бірі бүгін де өзекті күйінде қалып отырғаны шындық. Орыс жұртының мәдениетін, өнерін үйрену бір басқа да, империялық жымысқы саясатқа көзжұмбайлық жасау – екеуі екі бөлек дүние. Мен біреуді бас салып қаралаудан аулақпын. Бірақ кейде қайсыбір жайттарға қарап отырсаң, сондай тенденцияның бары байқалады. Әйтпесе орысша оқығандардың бірі өзіммін. Мәселе, қай тілді үйренгеніңде емес, қалай тәрбие алғаныңда болса керек. Қарапайым мысал, күні кешегі Алаш қайраткерлерін алайық: бәрі де орысша оқыды, Ресейде қызметте, билікте болды. Солар кімге қызмет етті? Солар кімдер үшін құрбан болды? Біз солар сияқты елге, жерге қызмет етіп жүрміз бе? Ойланатын нәрсе көп. Бізге қазір алауыздық емес, ауызбіршілік қажет. «Кетісе берсең – дұшпан көп, келісе білсең – дос та мол» демей ме біздің қазақ. Сондықтан қазір ана қазақ, мына қазақ деп бөліне бергенше, бір-бірімізді арқадан қағып, ортақ іске жұмыла білгеніміз дұрыс дер едім. Бізде іскер азаматтар баршылық. Тек солардың көкірек көзін ашып, ұлттық жобаларға жұмылдыра білу үшін диалог орнату жағын ойластыру керек сияқты бірінші.
– Ел-жұртқа қолымнан келгенше көмектесем деп жатырсыз. Жалпы, өзіңіз армандаған дүниелерді жүзеге асырған жайттар болды ма?
– Болды, әрине. Осы өткенде ғана «Көркейе бер, туған жер» акциясы аясында Ақтөбе облысының Қобда ауылында бой түзеген «Нұрлы болашақ» сияқты балабақша салуды өзім бұрыннан бір ойластырып жүретін едім. Соған балабақшаның күрделі жөндеу жұмысына көмек сұраған аудан әкімінің ұсынысы сеп бола кетті. Облыс орталығынан шалғайда жатқан ауыл ғой, дұрысы, жаңа балабақша салып берейік деп шештік. Қуанатыным, құрылысты айтқан мерзімде бітіріп, ел игілігіне тапсырдық. Балабақшаның сырт келбетіне ғана емес, ішкі мазмұнына дейін көңіл бөлдік. Соның бәрі ауыл баласы қала баласынан кем болмасын деген ниет біздікі. Әйтпесе, сол балабақшаны облыс орталығы, я болмаса Астана мен Алматыда да салуға болатын еді.
Тағы бір көңіл марқаятын нәрсе, ол мына анимациялық туындылардың қазақша сөйлей бастауы. Балаларға арналған қазақ тіліндегі сапалы дүниелердің тым аз екенін мен бір адамдай білемін. Ұлдарыма арнап талай іздегем. Талай рет өкініп, талай рет ойландым. Өздеріңіз де байқап жүрген боларсыздар, «Болашақ» ассоциациясы мен «Алтын Қыран» қоры соңғы үш жыл көлемінде әлемдік деңгейдегі анимациялық туындылардың қазақша дыбысталуына үздіксіз түрде демеуші болып келеді. Сол «Көліктер-2» болсын, «Батыл жүрек» пен «Монстрлар университеті» болсын, қай-қайсысын да өзіміздің қарадомалақтар құшырлана көреді. Солардың қуанғанын көріп, өзім де қуанамын...Айта берсең, әңгіме көп қой. Адамда арман таусылған ба, сірә?!
– Жас дарындарға, жас ақын-жазушылар мен өнер қайраткерлеріне көмектесетініңізді айтып жатырсыз. Жас кәсіпкерлер ше? Олар сіздің қамқорлығыңызға зәру емес пе сонда?
–Сұрағыңыз орынды. Біз бұл мәселені «Атамекенде» («Атамекен Одағы»Ұлттық Экономикалық Палатасы – ред.) де, Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасында да күн тәртібінен еш түсірген емеспіз. Қай салада болмасын, жастар қашанда көмекке зәру. Кәсіпкерлер Палатасының Ақтөбе өңірлік кеңесінің төрағасы есебінде жақында Ақтөбе қаласында «Атамекен Startup» қорымен жастардың бизнес-жобаларына байқау ұйымдастырдық. Бас-аяғы 400-ге жуық адам қатысқан байқауда 125 жоба қаралды. Ауыл-аймақтан келген кәсіпкерлер мен жастар үш күн бойы өз бизнес-ұсыныстарын қорғап, ірі кәсіпорын басшыларынан тегін кеңес алды. Аталған байқау жастар арасында кәсіпкерлік қызметтің кең тарауына, кәсіпкерлік ортаны қалыптастыруға және болашағы зор бизнес-идеяларды таңдап алу мақсатымен өткізілді. «Алтын Қыран» халықаралық корпоративтік қайырымдылық қоры бәйге жеңімпаздарына жалпы сомасы 15 миллион теңгенің жүлдесін тапсырды. Әлбетте, бұл жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған үлкен науқанның басы ғана. Келер жылы, құдай бұйыртса, біз ақтөбелік кәсіпкерлерден «Бизнес періштелері» клубын құрып, жүлде қорын 1 млн АҚШ долларына жеткізуді жоспарлап отырмыз. Астын сызып айтатын нәрсе, біз осы қаржыны ең бірінші аудан мен ауылдардағы жас кәсіпкерлерді қолдауға бағыттап отырмыз. Басқа да аймақтар біздің осы бастамамызды қолдап әкетсе, нұр үстіне нұр болар еді, әрине.
– Сол жобалардың ішінде өзіңізге ұнаған жобалар болды ма? Жалпы, бизнес саласында жүрген қазіргі жастардың аяқ алысына қандай баға берер едіңіз?
– Қазақтың ұлттық тағамы – тарыны үлкен нарыққа шығару жайлы жоба мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус салу идеясы басқаларына қарағанда көш ілгері көрінді. Әрине, байқау бірінші рет ұйымдастырылып жатыр ғой, оны да ескеру керек. Алда әлдеқайда мықты жобалардың болатынына еш күмәнданбаймын. Жобаның күрделілігіне қарай, жүлделер 500 мың мен 4 млн теңгенің арасында болды. Байқауда берілген қаражатқа ешқандай пайыздық үстеме қосылмайды. Кәсіпкер жобасын іске асырып, шаруасын дөңгелеткеннен кейін, ақшаны қайтарады. Біз ол қаржыны тағы бір үздік жобаға құямыз. Бұл жерде ескеретін бір жайт бар. Біз жас кәсіпкерлерге қаржылай көмектен басқа, аяғынан нық тұрып кеткенше, ақыл-кеңес беріп, өз тәжірибемізбен бөлісіп, үнемі қолдап отыратын боламыз. Жалпы қазір талантты жастар өте көп. Өз қабілет-қарымын көрсетуге берілген мүмкіндіктер де аз емес. Мен осыны жастарға жиі айтамын. Біз кәсіпкерлікпен айналыса бастаған 90-жылдары маркетинг пен менеджментті оқыту түгіл, сауатты қаржыландыру жүйесі бар бір де бір банк болмайтын. Экономикалық, сауда-саттық қатынастар үзілген, ел жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшіп үлгермеген бір өліара кезең еді. Онымен салыстырғанда қазіргі жастарда мүмкіндік көп дейтінім содан. Әрине, әр кезеңнің өз қиындығы болады. Жастардың кредиттік төлемді азайту, алғыр жастарды оқыту, жас кәсіпкердің жас шектелімін 35 жасқа дейін ұлғайту сияқты ұсыныс- пікірлері көңілге қонымды. Шағын және орта бизнесті дамытуда басым бағыттардың біріне айналған жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін қазір ақпараттық және ғылыми-методикалық қолдау көрсетумен қатар, кәсіпкерліктің нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру қажет. Олай дейтінім, дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткеніндей, ел экономикасының ең маңызды «өсу нүктесі» басқа емес, дәл осы шағын және орта бизнес болып отыр.
– Құпия болмаса, өзіңіз алғашқы капиталды қалай жинадыңыз?
– Менің алғашқы мамандығым – хирург. Ақтөбе медицина институтын бітірер-бітірместен сауда-саттықпен айналысып кеттім. Оған сол кездегі жағдай мәжбүр етті. Мамандық бойынша жұмыс жоқ еді. Табылған күннің өзінде айлығы мардымсыз, бала-шағаны асырауға жетпейтін. Жасыратын несі бар, ел не істесе, соны істеуге тура келді. Алғашында ірі-қара малдың терісін жинадым. Кейін қара базарға шығып ет те, киім де саттым дегендей. Бәрі де алып-сатудан басталды. 90-жылдары бұл үйреншікті жағдай-тын. Алғашқы капиталды сөйтіп, дипломды қалтамызға салып қойып жүріп жинадық. Моральдық тұрғыдан оңай емес, әрине. Бірақ оған еш өкінбеймін.
– Сөйткен Салжановтың бүгінгі жетістігі қандай десек...
– Бүгін, құдайға шүкір, бірнеше сала бойынша жұмыс істейтін компаниямыз барынша іргеленді. Астана, Ақтөбе, Атырау мен Ақтау қалаларындағы тұрақты қызметкерлеріміздің саны 200-ден асты.Негізінен мұнай өнімдерінің көтерме саудасы мен көлік-логистика қызметін көрсетумен айналысатын «Алтын Қыранның» аталған қалаларда бірнеше еншілес компаниялары бар. Компаниялар тобының жұмысы өнеркәсіп пен экологиялық қауіпсіздік салалары бойынша халықаралық стандарттарға сай болу және әлеуметтік жауапкершілік принциптеріне негізделген. Біз осы уақытқа дейін Қазақстан экономикасының дамуына шамамен 300 миллион доллар көлемінде инвестиция құйдық. Биыл 20 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған компаниямыз алдағы уақытта Ақтау қаласындағы халықаралық теңіз сауда портында мұнай өнімдерін қабылдап, сақтап, ауыстырып құятын жоғары технологиялы терминал құрылысын аяқтап, Атырау қаласында басталған теміржол цистерналарын булау, жуу цехы мен вагондар тұрағы бар заманауи вагон-жөндеу депосының құрылыс жұмысын одан әрмен жүргізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ біз бүгінгі таңда компанияның меншігінде тұрған 4000-ға жуық теміржол цистернасы мен жартылай вагондардың санын алдағы уақытта 10 000-ға дейін жеткізсек деп ойлап отырмыз. Бұдан тыс, «Алтын Қыран» компаниялар тобы болашақта бірқатар жаңа логистикалық жобаларды да іске асырмақ. Оны уақытында өздеріңіз де ести жатарсыздар.
– Бәрекелді. Дей тұрғанмен, егер осыны өз аузыңызбен айтпасаңыз, мен бір адамның аз уақытта осыншалықты жетістікке жетуге болатынына оңайлықпен сенбес едім...
– Жалғыз сіз емес, осылай ойлайтындар жетеді. Өз басым оған түсіністікпен қараймын. Бизнес – тәуекелді, рухты, білімді қажет ететін сала. Оған жүрегінің түгі бар адамдар ғана бара алады. Әлсіздік танытқан, я болмаса білім-білігі шикі жандар жол ортада қалады. Табиғи сұрыпталу процесі деген бар, сол заңдылық мұнда да бар. Бір жағынан мені жолы болғыш адам деп отырған шығарсыз. Бірақ сіз менің қандай жолмен жүргенімді, қандай өткелектерден өткенімді білмейсіз ғой?! Мен де өмірден көп сабақ алдым. Талай опық жедім. Ұйқысыз-күлкісіз өткен талай күнді бастан кештік. Біраз нәрсені құрбандыққа шалуға тура келді. Қарап отырсам, өткен жиырма жылда құмға сіңген судай жоқ болған компаниялар қаншама?! Солардың бәрін бір ой елегінен өткізіп, осы күніме тәубе деймін. Қазақта әдемі бір мақал бар ғой, «адамға сенгеннің екі көзі шығады, Аллаға сенгеннің екі бүйірі шығады» деген. Сол айтпақшы, мені осы күнге жеткізген, ниетімнің тазалығы мен ісімнің адалдығы шығар, кім білсін?! Қалай болған күнде де, мен бизнесте жүрген кез-келген азаматты жоғары бағалаймын.
Сенбес едім дегеніңізден шығады, алғаш жанар-жағармай сатумен айналыса бастаған кезде болған бір оқиға есіме түсіп жатыр. Алғашқы жанар-жағармай стансысын салып болып, соның жарнамасын беруге жергілікті телевидениеге бардық. Көңіл деген алып-ұшып тұр. Сөйтіп тұрғанда бізді қабылдаған редактор жігіт «жоқ, мына мәтінді бере алмаймыз» демесі бар ма?! «Е, неге?» дейміз ғой бәріміз аң-таң болып. «Өздеріңді №1-ші дейтіндей кімсіңдер сендер?» дейді әлгі сабазымыз. Бәрі танитын брэнд болмасақ та, стансымыздың еуропалық үлгіде салынған Ақтөбедегі бірінші нысан екендігі даусыз еді. Бірақ ол жігіт айтқанынан қайтпады. Өрекпіген көңіліміз су сепкендей басылып, біз қалдық. Бірақ «ерегескенде осыдан бірінші болмасақ па?!» деген ой кеткені анық еді әрқайсымыздың ішімізде. Обалы нешік, араға жылдар салып біз сол уәдемізде тұра білдік. Мұны айтып отырғаным, адамда алға қойған мақсат болу керек. «Мақсат – жетістік желкені» демей ме?! Мен жас күнімде халықаралық деңгейдегі үлкен бір компанияның иесі болуды армандадым. Және сол арманыма мейлінше адал болдым.
– Исеке, сізді басқа кәсіпкерлерден ерекшелеп тұратын бір қасиет – сіздің патриоттығыңыз. Осының сыры неде?
– Жүсіпбектің (Аймауытов – ред.) сонау 1918-жылы жазылған «Ұлтты сүю» деген керемет мақаласы бар. Сонда «Оқығандар! Бұл уақыт жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойлаңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр» деп күйініп жазатын тұстары бар. Қайраткер ағаларымыз көтерген осы бір мәселе күні бүгінге дейін өзінің өзектілігін жойған жоқ. Сол айтпақшы, бұл бір елден ерекшеленгендік емес, қазақ өз алдына ел болған тұста, ер-азамат есебінде ел мен жердің алдындағы қарапайым борышты сезінудің бір көрінісі болар, дұрысы. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» демеуші ме еді хакім Абай. Қазір қазақты қазақ жау тұтатын, дұшпан көретін заман емес. Ел болып, ес жиюдың, ауызбіршілік танытып, абырой асырудың сәті.
– Әмісе сол күнге жете берейік. Уақыт бөліп, ашық-жарқын берген сұхбатыңызға рахмет айта отырып, 20 жылдық мерейтойларыңызға шын жүректен тілектес екенімізді жеткізгіміз келді.
– Бізге осы мүмкіндікті сыйлап отырған Сіздерге де Алланың разылығы болсын. Рахмет!