Біздің заңдарымызда БҰҰ-ның мүгедектер туралы конвенциясына қайшы ережелер мен баптар бар

Біздің заңдарымызда БҰҰ-ның мүгедектер туралы конвенциясына қайшы ережелер мен баптар бар

Әли АМАНБАЕВ, «Қазақстан мүгедектер ұйымы» одағының төрағасы:

– Әли аға, мүгедек жандардың қоғам өмірінен сырт қалып, оқшаулануына, түрлі шектеулерге ұшырап отыруына не себеп?

– Мүгедектік – әлеуметтік құбылыс. Одан ешқандай қоғам қашып құтыла алмайды. Қоғамдағы қызу өмірге араласу үшін мүгедек жандардың көпшілігі физикалық және психологиялық кедергілерге кездеседі. Біз мүгедектікті жеке адамның ауруы, кемістік мәселесі деп емес, қоғамның мәселесі деп қарастыруымыз керек. Сондықтан да осы мәселедегі саяси, заңды көзқарастарды өзгерту қажет.

БҰҰ-ның мүгедектер туралы конвенциясына өткен жылдың желтоқсан айында қол қойылған болатын. Ал біздің заңдарымызда конвенцияға қайшы ережелер мен баптар бар. Алдымен осы ережелерді реттеуіміз керек. Сондықтан да мемлекет мүгедектерді әлеуметтік жағынан қорғап, мүгедектердің тұлға ретінде, маман ретінде дамуына қажетті жағдайлар жасауға, шығармашылық және өндірістік мүмкіндіктерін жетілдіруге мүдделі болуы тиіс. Олардың қоғамға кірігуін және қоғамға деген қажеттілігін тудыруымыз қажет. Еліміздегі ресми деректер бойынша, жалпы халықтың 3 пайызы мүгедектер қатарына жатады. Ал шынтуайтында бұл көрсеткіш анағұрлым көп. Мүгедектікті шенеуніктер ауру ретінде қабылдап, басқа шешім қабылдайды. Олардың дәрі-дәрмегіне жәрдемақы тағайындап, шипажайға жіберу қоғамдағы мүгедектік мәселесін шешпейді. Осындай үстірт көзқарастардың кесірінен қоғам да өзінің адами байлығының бір бөлігінен айырылып отыр.

Ең басты мәселе – мүгедектер құқығының бұзылуында. Мүгедек жандарға бірінші кезекте айналадағы қоршаған орта кедергі келтіреді. Олардың бала кезінде де, өскен кезде де білім алуы өте қиын. Арнаулы мамандықтары болмағаннан кейін аз жалақы төленетін жұмыстарды атқарады немесе тек жәрдемақымен күн көруге мәжбүр. Қоғамдық орындарға баруға, қоғамдық көліктерді пайдалануға мүмкіндіктері жоқ.

 – Біздің заңдарымыз бойынша кәсіпорын, ұйым ұжымының 3 пайызын мүгедектерді қабылдауға міндеттейтін квота қарастырылған. Осы міндеттеме орындалып отыр деп айта аласыз ба?

 – Заңның бары бар ғой. Мәселе соның орындалуында болып тұр. Бізде қалай? Міндетті түрде Президент немесе әкім айтуы керек. Заңда оның орындалу механизмі жоқ. Орындалмаған жағдайда қандай шара қолданылады, оны кім қадағалайды – мұның бәрі басы ашық күйінде қалған. Мысалы, заңда кәсіпорындағы жұмысшылар саны 33 адамнан асса, мүгедектігі бар бір адамды жұмысқа қабылдауы керек. Қазіргі кезде ірі кәсіпорындар көп емес қой. Ал мемлекеттік мекемелерде мүгедектігі бар адамдардың жұмыс істеп жүргенін көрдіңіз бе? Сондықтан да заңға 33 адамнан аспаған жағдайда да мүгедектігі бар бір адамды алуы керек деген өзгертулер енгізу керек. Жеке кәсіпкерлерді ынталандыру үшін жеңілдіктер жасаған дұрыс. Мысалы, Қытайда кәсіпкер мүгедек адам болса, салықтан мүлдем босатылады. Ал кәсіпорындағы адамдардың 45 пайызы мүгедектер болса, табыс салығынан босатады.

Мен талай ұсыныс айттым. Егер кәсіпорындағы мүгедектер саны 10% болса, салықты 10%-ға, 20% болса, 20%-ға төмендетейік дедім. Біздің заңдарымызда егер 51% болған жағдайда ғана жеңілдіктер қарастырылған. Бұл дегеніміз – орындалуы өте қиын нәрсе. Құрылыспен айналысатын компания мүгедектерді топырлатып ала алмайды ғой. Көптеген шетелдерде кәсіпорындар мүгедектерді еңбекпен қамту заңы бұзылған жағдайда айыппұл төлейді. Айыппұл жергілікті бюджетке аударылып, мүгедектердің әлеуметтік жағдайларын оңалтуға жұмсалады.

– Мүгедектерді жұмыспен қамтамасыз етудегі түйткілдер олардың арнайы бір мамандықты игеруіне бөгет болатын білім алудағы кедергілерден емес пе?

 – Жоғары білім алу өте қиын. Оның көптеген себептері бар. Білім және ғылым министрлігі квота беруін берді. Бірақ оның ішінде экономист, заңгер, есепші сияқты мамандықтар жоқ. Мамандықтар түрлерін кеңейту керек. Одан кейінгі бөгет – оқу орындарында арбашалар пайдаланатын мүгедек жандар үшін пандустар, лифтілер жоқ. Мүгедектердің еркін қозғалуына ешқандай жағдай жасалмаған. АҚШ-тың Аризона штатындағы Туссон университетінде мүгедектерге арналған кафедра бар. Онда мамандар мүгедектерді икеміне қарай, кім қай мамандыққа бейім екендігін анықтап, әрі қарай білім алуына жағдай жасайды. Университет ректорының осы саладағы кеңесшісі – мүгедек адам. Мүгедектердің білім алуына кедергі болып отырған мәселелерді шешуге ынта ғана қажет. Мына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ыңғайлы лифтілер бар. Енді тек пандустар жасап, дәретханаларын, есіктерін ыңғайласа болғаны. Мен сіздер арқылы университет ректоры Бақытжан Жұмағұлов мырзаға ұсыныс айтайын: ол бірінші болып осы бастаманы қолға алса, мен тегін кеңесші болуға әзірмін.

– Мүгедек балаларды арнайы интернаттарда оқытамыз. Оларға жалпы білім беретін оқу орындарында сау балалармен бірге оқитындай мүмкіндіктер жасалса деген пікірлер бар. Осындай жүйеге көшсек, қалай болар еді?

– Мұндай тәжірибе шетелдерде бұрыннан бар. Кейбір елдердің жалпы орта білім беретін орта мектептерінде де болдым. Онда тіпті ақыл-есі кеміс балаларды да бірге оқытып жатыр. Мен таңғалып, мұғалімінен: «Мына балаларға не үйретесіздер?» – деп сұрадым. «Бұл балалар білімді толық игермесе де, оларды күнделікті қарапайым істерді өздері атқара алатындай етіп өмірге икемдейміз», – дейді. Мысалы, жедел жәрдемді өздері шақыра алатындай дегендей. Мұғалімі салфеткамен сілекейін сүртіп, ерекше көңіл бөліп отыр.

Бізде жылына қанша арнайы мектеп-интернат салдық дейміз. Бірақ бұл мақтанарлық шаруа емес қой. Сол балаларды қоғамнан алшақтатып, бөлмегеніміз жөн. Ертең олар сол интернаттардан шығады, ал сырттағы өмір мүлдем басқа екен. Осыдан келіп әлеуметтік оқшаулану мәселесі туындайды.

Әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бар, қоғамдық қорлар бар, солармен бірлесіп арнайы бағдарлама жасалған болатын. Сынақ ретінде қаладағы әрбір ауданнан бір-бір мектепті осы жүйеге көшіріп оқытып көреміз бе деп отырмыз. Ата-аналардың айтуынша, ертең сау балалар кемтар балаларға қалай қарайды деген қауіп бар. Біздің психологиямызда толеранттық деген түсінік аз, әлі мұндай мәселелерге деген дұрыс көзқарас қалыптаса қойған жоқ. Бірақ одан қорқудың қажеті жоқ. Бала жасынан көздерін үйретіп, тең көзқарас қалыптастыруымыз керек.

– Қала көшелерінде мүгедектердің қозғалысына кедергілер көп. Театрлар мен кітапханаларға кіре алмайды. Тұрғын үй құрылысында, қоғамдық нысандарда жағдай жасалмаған. Қоғамдық көліктермен жүру де мүмкін емес. Сонда атқарушы билік орындарының қадағалаудағы салғырттығынан ба?

 – Осы мәселелердің бәрін қамтитын заңдарымыз бар. Жақсы болсын, жаман болсын, сол заңдарымыз орындалуы тиіс. Құрылыс компаниялары салып жатқан тұрғын үй, қоғамдық және өндірістік нысандарды қабылдап алатын Сәулет-құрылыс басқармасы көп жағдайда мүгедектердің жағдайын ескермеген. Осы мәселе бойынша кездескенде мен де: «Сіздер не сауатсызсыздар, не парақорсыздар. Осы екеуінің біреуін таңдаңыздар», – дедім. Олардың заңды орындауы үшін қосымша ақша керек пе? Өз міндеттерін дұрыс орындаса болды да. Нысанды қабылдайтын кезде талапқа сай болмаса, қабылдама.

Көшелер, тротуарлар, жолдар жөнделді. Көп жерлерде көше қиылыстарында мүгедектер арбамен жүретін жолдар не тар, не тым биік. Кейбір қиылыстарды бордюрлермен мүлде бекітіп тастаған. Стандарттарға сәйкес емес. Көшенің бір қиылысын бордюрлеуге 400 мың теңге кетеді екен. Егер ол жерлерді жайпақтау етіп, қол арба өтетіндей жолақтар салса, қанша ақша үнем болар еді. Мүгедектерге де ыңғайлы, өздеріне де тиімді. Осындай нысандарды қабылдап алатын комиссия құрамында мүгедектердің қоғамдық ұйым өкілдері де болуы керек. Және олар заңда көрсетілген талаптар орындалмаған жағдайда тиісті мамандарды жауапқа тартуға құзырлы болса дұрыс болар еді.

 – Мүгедектерге арналған такси жобасын қолға алып, игілікті іс бастап отырсыздар. Бұл бастама мемлекет тарапынан немесе демеушілер тарапынан қолдау тапты ма?

 – Бұл Алматы қалалық мүгедектер қоғамының ұсынысымен, «Сәби» қорының қолдауымен жүзеге асқан шара болды. «Фольксваген» концернінің ең соңғы үлгідегі мүгедектерге арналған такси көліктерінің 20-сын сатып алдық. Қала әкімдігі де қарап қалған жоқ: өз бюджетінен алты көлік алды. Көліктердің ерекшеліктері: мүгедектерді арбасымен бірге көтеріп-түсіреді. Осыған орай мүгедектерге қызмет көрсету орталығын аштық. Мұнда қызмет атқаратындардың 50%-ы – мүгедектер. Такси қызметін пайдаланушыларға айына төрт мәрте тегін қызмет көрсетіледі. Басқа уақытта қажетіне қарай жеңілдіктермен қызмет көрсетеміз. Өйткені үнемі тегін қызмет көрсетуге әзірге мүмкіндік аз. Негізінен, мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейміз. Қала әкімдігі республикалық бюджеттен 94 млн теңге трансферт алыпты. Оның ішінде мүгедектерді тасымалдауға бар болғаны 0,008% ғана қаражат қарастырылған. Негізі, осындай қызмет түрлері тегін болса, артықтық етпес еді.

 – Өзіңіз айтып отырған «Сәби» қорынан бөлек басқа да қалталы азаматтар сіздердің бастама, жобаларыңызға қолдау көрсетіп, қайырымдылық жасап тұра ма?

 – Бар, әрине, бірақ олардың қатары өте аз. Әрине, қайырымдылық керек. Бірақ қайырымдылық мүгедектік мәселесін шешіп бермейді. Мәселені қоғамдағы мүгедектікке деген көзқарас шешеді. «Мүгедектік» деген ұғымды дұрыс түсінуіміз керек. Негізгі мәселе – мүгедектікте емес, адам құқықтарының сақталуында.

БҰҰ-ның Даму бағдарламасы бойынша Астана қаласында конференция болып өтті. Осы жиынға біздің жақтың лауазымды тұлғалары қатысып, өздерінің көп мәселеге көз жеткізгендерін мойындады. Шетелдіктер келіп, өздеріндегі тәжірибелерін көрсетіп, ұсыныстарын айтты. Шенеуніктеріміз «бізде де неге осылай жасамасқа» деп ойланып қалды.

Негізінде, дүркін-дүркін өтетін қайырымдылық шараларынан гөрі, мүгедектікке деген қоғамдық жүйелі көзқарас керек. Мүгедектерге мемлекет тарапынан уақытша болса да жеңілдіктерді көбірек жасау керек. Жеңілдіктерді қандай уақытта беруге болмайды? Егер жағдайының бәрін шешетіндей төлемақы беріліп тұратын болса. Мүгедектер алып отырған 18-20 мың теңгемен қалайша жан бағады?

Сіз айтыңызшы, Парламентте немесе Сенатта мүгедектігі бар, арбамен жүретін бір адам бар ма? Ал Ресейдің Думасында арбамен жүретін үш адам бар. Украина мен Белоруссияда да бар. Еуропа мен Америка елдерін айтпай- ақ қояйық. Ал ондағы партиялар мүгедек жандарды қатарына қабылдап, неліктен Парламенттен орын беріп отыр? Өйткені мүгедектер өздерінің мәселесін жақсы түсінеді. Олардың осы мәселелер бойынша қабылдаған заңдары шикі болмайды. Жантанушылардың айтуынша да, сау адамдар өз бастарынан кешпегеннен кейін мүгедектер мәселесін түсіне бермейді.

АҚШ-та Республикашылар партиясы «біздің қатарымызда мұнша мүгедектер бар», Демократтар партиясы «біздің қатарымызда осынша мүгедектер бар, біз олардың қолдауына иеміз» деп мақтанады. Біз олардың осындай жақсы жақтарын алудың орнына, қайдағы бір болмысымызға жат дүниелерін тықпалаймыз.

Қоғамымызға мүгедек жандарға деген түсіністік, мейірім, қайырымдылық жетіспей жатыр. Олар да – қоғамның толыққанды мүшесі, толық құқықтар мен еркіндіктерге ие. Сондықтан да оларды қоғам өміріне барынша тартатын, адами потенциалының ашылуына мүмкіндік беретін қоғамдық көзқарастар жүйесін қалыптастыруымыз керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Алашқа айтар датым...
Қоғамымызға мүгедек жандарға деген түсіністік, мейірім, қайырымдылық жетіспей жатыр. Олар да – қоғамның толыққанды мүшесі, толық құқықтар мен еркіндіктерге ие. Сондықтан да оларды қоғам өміріне барынша тартатын, адами потенциалының ашылуына мүмкіндік беретін қоғамдық көзқарастар жүйесін қалыптастыруымыз керек.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста