Біздің қоғамда жалған бір құндылық бар. Ол – лауазым құндылығы

Әлихан БАЙМЕНОВ, «Ақ жол» партиясының төрағасы:

– Әңгімені жақында ғана билік ба­сын­­да болып өткен өзгеріс­тер­ден бас­та­ғы­мыз келіп отыр. Шенеу­ніктер­дің бір­та­ла­йы қызметтерін ауыстырып үл­гер­­ді. Тіпті кейбірі қош айтысты. Мұны ман­­сап иелерінің қызметін ойдағыдай ат­­қа­­ра алмағаны деп қараған дұрыс па, әлде саяси реформаға жасалған қа­­дам деп санағанымыз жөн бе? Сіз қан­дай пікірдесіз? Қосылғыштар ауыс­қа­­нымен, бәрібір қосынды өзгермейді деп ойлайсыз ба?
– Әрине, Президент әр саланың бас­шы­­ла­рын оқтын-оқтын ауыстыру арқылы сол бағыттағы істерге серпін бергісі келеді. Жә­­не қазіргідей экономикалық-әлеуметтік дағ­­дарыс етек алып тұрған кезде әлеуметтік пси­­хологияға орай қоғам назарын ауда­ра­тын, өзі­не тартатын оқиғалар керек. Сая­сат­­тың айналасындағы әңгімелерге бейім жұрт соған ден қояды да, өздерінше жаңа бір өзгерістер күтеді.
Ал ауыс-түйістің астарынан терең сая­си мағына іздеудің қажеті шамалы. Оның сая­си реформаға да қатысы жоқ. Егер саясатты үл­­кен идеялар мен елді алға дамытудың жол­­да­ры жөніндегі пікір алмасу мен бә­се­ке­лес­тіктің аренасы десек, оған да қа­ты­сы жоқ. Ал саясатты, Макиавеллидің пі­кі­рін­ше, көзге көрінбейтін ішкі қарым-қа­ты­нас­­тың күресі деп қарайтын болсақ, оған қа­тысы бар.
Сапасы жағына келсек, ауысулардан өз­ге­­­ріп кет­кен ештеңе жоқ дер едім. Өйткені осы сала басында отырғандар – Елбасына бе­­­ріл­­ген­дігі және қажет адамдармен тіл та­­бы­са білетін ептілігімен отырғандар. Мен кезін­де олардың көбімен қатарлас жұ­­мыс істе­дім. Кей­бі­реу­ле­рін биліктің бір тар­мағын ұс­тап отырса да, өзі деңгейлес ше­тел­дің ма­ман­дарымен кездескенде, тиісті деңгей­де әң­гіме жүргізеді деп айта ал­­май­мын.
– Ал бүгінгі билікте демократ жас­тар бар ма?
– Биліктің ішінде түрлі көзқарастағы адам­­­дар бар. Жалпы, қоғамда әсіресе би­лік­­те жү­рген не билікте болған топтардың ішін­­де де­мократиялық және реформалық ба­­ғыт­тар­­да ойлайтын, билікке сын көз­бен қа­рай­тын күштердің болуы – заң­ды құ­бы­лыс. Сол себепті де осы ортадан оқ­тын-оқтын жаңашыл күштердің, де­мократиялық бағыттың баламасыз екенін тү­сі­нетін күштердің тууы заңды.
Билікте болған, өзін элитаның бір бө­лі­гімін деп есептейтін адамның бір па­ры­зы – өз білгенін халыққа адал жеткізу. Ха­лық­тың есебінен шетелге шығып, қо­лына ақпарат тиген министр, әкім, не ел­ші­лер көрген-білгенін халыққа теріс жет­кіз­се, ол қате болар еді. Осы тұрғыдан ал­ған­да, мен кейбір өзім сыйлайтын адам­дардың кей істеріне қынжыламын. Мы­салы, Олжас Сүлейменов ағамызды мен қатты сыйлаймын. Кеңес дәуірінде қа­зақ­тың рухының сақталуына үлкен үлес қос­­қан адам. Кезіндегі «Невада-Семей» қоз­ға­лы­сының белсенділерінің бірі ретінде де құр­мет­теймін. Бірақ Фазиль Ескендрдің «құр­мет­теу – ол өткен еңбегін және бүгінгі ат­қа­рып жатқан істерін сыйлау» деген бір сө­зі бар. Сол секілді Олжас ағамыздың өт­кен еңбегі мен үшін өте маңызды. Бірақ бір­де Мемлекеттік кеңестің отырысында «қа­зір Батыс Еуропаның өзі демократияға кү­мән­мен қарайды» дегенді айтып қалды. Мі­не, бұл бар ақпаратты халыққа бұрмалап жет­кі­зудің мысалы. Сосын мен: «Олжеке, сая­сат­кер болып жүріп, демократияға кү­мәнмен қарайтын Батыстағы бір адам­ды айтыңызшы», – дедім. Сол кезде Фран­ция­да президенттік сайлауға Николя Сар­ко­зи түсіп жатқан. Саркози де, тіпті ұлтшыл Ле­пен­нің өзі де демократияға күмәнмен қа­ра­майды. Себебі демократия деген ха­лық­тың, әрбір азаматтың дауысын, орнын, мем­лекет­тің ортақ істерін шешудегі рөлін кө­те­ру болмақ.
Олар халық арқылы ғана мансапқа қо­лы же­тетінін біледі. Сол себепті халықты өз­де­ріне қарсы қойғысы келмейді. Осы жай­лар­дан хабардар, көзі ашық, көкірегі ояу, де­мо­кра­тия­ның баламасыз жол екенін түсінетін жастар бүгінгі билікте жүрген аза­­­маттар ішінде де, сөзсіз, бар. Олар Пре­­зи­дент әкімшілігінде, Үкіметте, «Нұр Отан» пар­тиясының ішінде де жүр деуге болады.
– Олар неге өз көзқарастарын ашық ай­туға ұмтылмайды?
– Өйткені оларды тежейтін бірнеше фак­­тор бар. Біріншіден, біз­­дің қоғамда қалыптасып қалған бір жал­­ған құндылық бар. Ол – лауазым құн­ды­­лығы. Өткенде белгілі бір азамат туралы та­­ныс­тарынан оның жағдайын сұрадым. Сон­­да әлгі танысы «жағдайы жаман емес шы­­ғар, бірақ машинасын өзі жүргізіп жүр» дей­ді. Таңғалмасқа амалың жоқ. Оны ай­тып отырған да білімді адам. Бірақ ми­ға қан­дай теріс ұғымды сіңіріп алған де­се­ңіз­ші!? Бізден он есе бай Англияда өзіне же­ке жүр­гі­зу­ші қажет ететін 15-20 ғана ла­уа­зым иесі бар. Қатардағы министрлер мен бас­­қа да әкімшілік бірліктің басшылары ма­ши­на­ларын өздері жүргізеді. Мен Окс­форд­­қа барған кезімде тұрған үйімнің ие­сі Қазақстан туралы сұрай келіп, менен «сен­­дерде де Ресей секілді бастықтардың бә­­рі­нің жеке жүргізушісі болады дейді ғой, рас па?» деп сұрады. Осы лауазым құн­­дылығының тағы бір келеңсіз көрінісі – әр­­бір облыс әкімдері, қолында машина нө­­мірін пайдалануға ықпалы бар әр адам, 001, 002, 003 нөмірлі машина мінуге ты­ры­­­са­ды. Негізі, KZ – ерекше нөмірлері тек қа­­­на Конституцияда көрсетілген лауазым ие­ле­ріне, сосын арнайы қызметтерге ғана ке­­рек ерекше нөмірлер. Ал басқаларына қа­­жеті жоқ. Себебі облыс әкімінің, ми­нистр­­дің ондай нөмір тағуы – МАИ қыз­мет­ке­­ріне «мен келе жатқанда кө­зің­ді жұм» де­­ген­­мен бірдей нәрсе. Біз ла­уазым емес, тұл­­ға құнды болатын қоғам құ­руы­мыз қа­жет.
Тағы бір кедергі – материалдық игілікті бә­рі­нен жоғары қою көзқарасы. Қарақан бас­тың қамы. Себебі біз соңғы ғасырларда ру­­ха­ни құндылықтарды шайып алдық. Біз да­­мыған елдердегідей діни тәрбие мен зия­­лы қауымның жұмысы арқасында, ға­сыр­­лар бойы жауһарымыз саналған әде­биет пен өнердің арқасында, сонымен бірге философия мен идеологиялық ба­ғыт­тардың күресінің арқасында қалыптасқан ма­териалдық аурудан, дерттен сақтайтын ру­ха­ни екпемен егіле алмадық.
– Демократ адам қандай болуы ке­рек?
– Біріншіден, ол өзгенің пікіріне тө­зім­­ді адам болу керек. Демократия, жал­пы, өзгенің пікірін тыңдай білуден бас­та­­ла­ды. Екіншіден, демократ адам өзін ха­­лық­тың қызметшісімін деп сезінуі қа­жет. Үшіншіден, ол халықтың таңдауына кү­мәнданбауы тиіс. Ал біздің өтпелі ке­зең­дегі демократ адамның тағы бір парызы – аза­маттық тұрғыдан халықтың көзін ашу. Де­мо­кра­тиялық билік пен демократиялық күш­тердің ерекшелігі – балама пікірге жол беруінде. «Мен сіздің пікіріңізбен ке­ліс­пей­мін, бірақ сіз өз пікіріңізді айту үшін мен күресемін» деген адам болу керек. Өт­кенде теледидарда Померанц деген Ре­сей­дің өркениеттанушысы жақсы ой ай­тып қалды. Өзі кеңес дәуірінде түрмеде отыр­ған, қазір 85 жас шамасындағы адам. Сол кі­сі: «кейде пікір алмасудың мазмұнынан гө­рі, оның қандай стильде өткені маңызды», – дей­ді. Бөтен пікірге төзімділік жоқ жерде кез келген пікір алмасу мен басқосу не бі­реу­дің басқаға жекуіне, не жеке бастар шай­қа­сына алып келеді де, мазмұнды әңгі­ме болмайды.
Демократиялық басқарудың бір ар­тық­­шылығы – балама пікірлерге жол бе­ру ар­қылы сапалы шешімдер қабылдау. Ба­ла­­ма пікір иелері өзіне біреулердің өктем сөй­ле­­мейтінін біліп отырса, өзін ешкімнің жау деп есептемейтінін сезсе, билікпен ке­ліс­пеген жағдайда да өз ойлағанын ашып ай­тады. Сол арқылы әр ойлы азаматтың әлеуеті ел мүддесіне жұмыс жасайды. Есті би­лік оны дұрыс пайдаланады. Әрине, бұ­дан мемлекет, ел ұтады.
– Сіздің ойыңызша, демократтық са­на адамның ішкі түйсігі, болмыс-бі­ті­мі арқылы қалыптаса ма, әлде өзі өмір сүріп отырған қоғамның ықпалы, аза­мат­тық көзқарасы адамды демократ бо­луға жетелей ме?
– Кез келген адамның даму ерек­ше­лі­­гі секілді бұған да бірнеше фак­тор әсер ете­ді. Біріншісі – бүкіл адам­зат­тың жүріп өт­кен жолы. Кейде де­мо­кра­тия туралы ай­тыл­ған­да, бізге әлі ерте, асықпау керек деген сөздер бой көр­се­те­ді. Біз – адамзаттың бір бөлігіміз. Енде­ше, адамзатқа ортақ же­тіс­тік­тер­ді пайдалануымыз керек. Мысал үшін алсақ, электр шамын қазақ ойлап тап­қан жоқ деп, пайдаланбай жүрген жоқ­пыз ғой. Еуропа болса оқ-дәріні, қағазды, ком­пас­ты, қағаз басуды қытай ойлап тапты деп одан қашқан жоқ. Соның арқасында олар ұт­ты. Біз – аспаннан салбырап түскен бөлек жа­ратылыс емеспіз. Адамзаттың бөлігіміз. Осы далада мың жыл бұрын жасаған әл-Фа­рабилер сол кезде неше түрлі озық ойлар айт­қан. Оның ішінде мемлекеттік басқару ту­ралы ойды Ма­кие­веллилерден бұрын өмір­ге әкелді. «Ба­тыс философиясының та­рихы» деген кі­тапты қараңыз. Онда орта ға­сырдағы Еу­ропа философтарының әл-Фа­раби еңбек­те­рі­нен қалай үзінділер алып пай­да­лан­ған­­ды­ғы жөнінде жазылған. Біз сол әл-Фрабидің жер­лесі әрі ұрпағы емеспіз бе?!
 Осыдан бір айдай бұрын Қазақстанға кел­­ген ағылшынның Джонатан Айткен де­­ген жазушысымен кездестім. Кезінде қор­­ға­ныс министрінің орынбасары бол­ған, 1972 жылы Никсон туралы кітап жаз­­ған адам. Қазір Қазақстан туралы, Ел­ба­­сы туралы жазып жүр. Сол кісі ма­ған «сіздердің әлі тәжірибелеріңіз аз, де­мо­кра­тияға ақырындап аяқ басқан жөн емес пе» деп сауал қойды. Мен оған: «сіздердегі Азат­тықтың ұлы хартиясы 1200 жылдары қа­был­­дан­ды. Ал әйелдердің саяси құқығы жө­нін­де одан кейін 700 жылдан соң ға­на жетістікке жеттіңіздер. Біз болсақ егемен­дік­ті 1991 жылы ғана алдық. Сонда, сіздің ойы­­ңызша, біз асықпай дайындалып, енді 700 жылдан кейін әйелдерімізге саяси құ­қық беруіміз керек пе?» – дедім.
Сондықтан демократтық көзқарасқа әсер ететін, ең алдымен, адамзаттың жо­лы. Алла тағала адамзатқа тәжірибе ре­тін­де екі Германия, екі Корея нысанын жі­бер­гендей. Бас-аяғы 30-40 жылда де­мо­кратияның арқасында Оңтүстік Корея әлем­дегі ең дамыған өмір деңгейі жоғары ел­дердің қатарына жетті. Ал ақиқатты бір адам, бір партия ғана айтты деп жеке басқа та­бы­нуға жол берген Солтүстік Корея халқы ке­дей­шілікте өмір сүруде. Демократия – ха­лықтың өз еңбегін, өзі төккен терін, ата-ба­ба мұрасын өз игілігіне пайдалану жолы. Эко­номиканың ұзақ мерзімді тұрақты да­муы тек демократиялық елдерге тән. Оны біз­дегі 16 миллион халық бірдей түсіне бер­мейді. Оны дұрыс түсіндіру – өзін зия­лы­мын, элита өкілімін деп есептейтін аза­маттардың міндеті. Сонымен қатар қазақ ха­лқының жолы – Қазақстанның тарихы, бі­зді­ң мәдениетіміз.
– Яғни өткенімізден адасып қалмай, оны алдағы болашаққа үлгі еткеніміз жөн дейсіз ғой?
– Әрине, бірақ онда да ішіндегі кері тартатын жақтарын емес, алға бастайтын дүниелерін пайдалануымыз тиіс. Абай айтқан «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп. Қазақ халқының демократияға бейімділігі бірден байқалады.
Бі­ріншіден, қазақ халқы табиғатынан бі­реудің пікіріне төзімді. Екіншіден, қа­зақтар жаңалыққа, ашық үрдіске бе­йім­делгіш. Сол себептен жаңалықты тез қа­был­дай­ды.
Демократ тұлға қалыптасуға керек ке­лесі фактор – биліктің үлгісі. Өйткені Шың­ғысхан заманынан кейін бізде билік ді­ни сенімнен де, заңнан да жоғары бо­лып қалыптасты. Сондықтан билік өзі қа­был­да­ған заңды бұзбай жүрсе, ол қоғамды сол жолмен тез алға бастырады. Мысалы, соң­ғы бір жылға жуық уақытта көлік жо­лындағы тәртіп қалай жақсарғанын көріп жүр­міз. Себебі жол сақшылары да тәртіпті қа­таң қадағалай бастады. Бұрынғыдай жүр­гі­зу­шімен келісе салу азайды. Яғни көлік иелері де соған сай өзгере бас­тад­ы. Қоғамда жаңа үрдіс байқалды. Ағыл­шынның бір ұлы драматургі «мен қо­ғамды­ түсіну үшін көшеге шығып, көлік қоз­ғалыс­ына бір к­өз жүгіртсем болды» депті. Ал енді бір ыңғайсыз жағдайды айта кету керек. МАИ қызметкерлері өз қызметін осылай жақ­сарт­қан кезде, Қауіпсіздік кеңесінде олар сынға ұшырады. Өйткені осы тәртіп ми­­нистр­лер мен әкімдерге ұнамайды.
Әрине, тұлғаға өз ұлтының жинаған тә­­жі­ри­бесі әсер етеді. Бірақ өз ұлтын адам­заттың бір бөлігі деп қарау қажет. Әсі­ресе, же­тек­ші адамдар «қоғамға бейім­делуім ке­рек пе, әлде қоғамды алға тартуым ке­рек пе?» деген ұғымға назар аударуы тиіс. Мы­са­лы, мен Ресейдегі Путиннің жолын қо­ғам­ға бейімделу жолы деп түсінемін. Яғ­ни қо­ғамның кемшіліктерін биліктің мақса­ты­на пай­далану жолы. Біздің биліктегі адам­дар­­дың парызы – қоғамды алға тарту. Мен әлгі айтқан ағылшын жазушысына: «сіз­дер­­дің елдегі билік басындағы адамдар қо­­ғам­­дық пікірдің ортасында болады, біз­дің еліміздегі билік басындағы адамдар қо­­ғам­­дық пі­кірдің алдында болуы керек», – де­­дім. Де­мек, демократтық сезім осы ай­тыл­­ған­дар­дың барлығының арқасында қа­­­лып­­т­а­са­ды.
– Саясат туралы сөз болғанда, адам­дар көбінесе одан аулақ жүру қа­жет­ті­­гін айтып жатады. Онда ластық пен арам­дық бар деген түсініктің де бары рас. Сая­сат­ты тіпті адамдық ізгілікке қар­сы деп қа­рай­тындар да жоқ емес. Өмір­де әрі сая­сат­кер, әрі гуманист, әрі де­мо­крат тұл­ға болып жүру мүмкін бе?
– Әрине, мүмкін. Бірақ «оның билікке же­туі мүмкін бе?» деген сұрақ тағы алдыдан шы­ға­ды. Ол қоғамдық құндылықтарға бай­­ла­нысты. Саясатты лас іс деп түсіндіру би­­лік­тегі идео­ло­гтарға тиімді. Себебі олар ашық саясат­тан, ашық пікір алмасудан қа­ша­ды.
Үлкен ұғымдағы саясат – елді дамыту, ал­ға жылжыту тұрғысындағы ойлардың, іс­тердің тоғысып, бәсекеге түсетін алаңы. Кез келген бәсекелестіктегідей оның ашық тұс­тары да, көлеңкелі жағы да болады. Бұл бә­секелестікке адал, шын оймен келгендер бо­ла­ды және басқаша жолмен жүргісі ке­ле­тін­дер де кезігеді.
Біз ХІХ ғасырдан бастап Ресейдің қол ас­тында болдық. Ресей болса патшалық кезең­де де, кеңестік дәуірде де, қазір де ви­зантиялық басқару моделімен келе жа­тыр. Яғни астыртын қарым-қатынас ашық қарым-қатынастан гөрі көбірек жұ­мыс жасайтын, рухани ізденістер инс­ти­тут­тарын, дінді де билік мүддесіне пай­да­ла­натын тәсіл. Біз де осы Ресей ықпа­лымен қалыптастық. Бүгінгі біздің билікте отыр­ған­дардың көбі – Ресей, кеңес мектебінің тү­лек­тері. Олардың көпшілігі – көзге кө­рін­бейтін көлеңкелі іс-әрекеттер шебері. Да­мыған елдерде олай емес.
Мысалы, әлемдегі соңғы жарты ға­сыр­­дағы жарқын тұлға Барак Обама бо­лып отыр. Өзі 45 жаста. Қара нәсіл өкілі. АҚШ-та қара нәсілдер 15 пайыз ғана. Да­уыс берушілердің көбі ақ нәсілді. Соған қа­рамастан Б.Обама жеңді. Қандай ашық-жарқын бәсеке өтті! Әрине, бұл – бі­рін­ші кезекте АҚШ қоғамының 200 жыл бой­­ғы ішкі орасан зор мәдени еңбегінің кө­рінісі. Бұл – Обаманың ғана емес, Ва­шинг­­тон мен Линкольннің, Джеферсон мен Кеннедидің, Рейган мен Клинтонның да же­ңісі. Бірақ Обама өзінің табиғат бер­ген қа­­сиеті, шешендігі, көсемдігі, ақыл­ды­лы­ғы­мен алға шықты. Ол билікке бас­қа ой­­мен келмейді. Обама – жұмысын қа­ра­па­­йым адамдарға көмектесетін әлеу­меттік қыз­­­­мет­кер ретінде бастаған адам. Өз хал­қы­­ның алдында оның ары таза. Ха­лық­ара­лық қатынастарда әр елдің басшылары өз хал­қының мүддесін бірінші кезекте ой­лауы ке­рек. Сондықтан одан альтуризм кү­те бе­ру­ге болмайды. Бірақ өз елі оны құр­мет­тей­ді. Әлемде Махатма Ганди секілді жа­ңағы талаптарға сай адамдар болған. Ол аш-жалаңаш жүріп, үнді халқының тә­уел­сіздігіне үлес қосты. Оны адал емес деп кім айта алады? Болмаса, саясатта жүрген Нель­сон Манделла. Ондай адамдар көп. Ата Түріктің бір өзі қандай керемет тұлға?!
 Саясатты әділ және ашық бәсекелестіктің аре­насына айналдырған сайын, сая­сат­тағы теріс пиғылдағыларды халық өзі шеттететіні болады. Саясатта өмірдің бас­қа салаларындағыдай періштелер жоқ. Бі­рақ демократиялық дамыған елдерде сая­сат­кер­лерді пенделіктен алыстататын, олар­ды біршама таза жұмыс жасауға мәж­бүр­лейтін билік тармақтарының бір-бі­рі­не жасайтын қадағалауы және билік пен саясаткерлердің қоғам алдындағы жауап­кер­ші­лігі болып табылады.
– Уинстон Черчилдің «демократия – қо­ғамды басқарудың тиімсіз түрі, бі­рақ адамзат одан ыңғайлы жолды әлі тапқан жоқ» деген сөзі бар. Қалай ой­лай­сыз, болашақта, мүмкін жақын уа­қыт­­та адамзат әлемді басқарудың жа­ңа үл­­гісіне көше ме?
– Жоқ. Демократия жаңа мазмұнмен то­­лы­ға түседі. Демократия ұғымының өзі ба­сында Грециядағы кішкентай қала­лар­дан бас­талған. Адамдар келіп дауыс бе­ре­тін бол­ған. Кейін мемлекет үлкейіп, адам­ның бә­рін жинап дауыс бергізу мүм­кін бол­ма­ған соң, парламент секілді құ­ры­лымды ойлап тапты. Парламент би­лік­ті мұра­герлік жолмен басқаратын король­дер­мен тайталасқа түсіп, олардың би­лі­гін шек­тей бастады. Қазір Англияның ко­ро­левасы шын мәнінде өз елінде ештеңе шеш­пейді. Испанияның королі де сондай. Жа­понияның императорының меншігінде тіпті бір қаламсап та жоқ. Өйткені оның мүд­десі азаматтардың мүддесімен қайшы кел­меу үшін солай жасаған. Меншігінде еш­қандай дүние-мүлік жоқ. Демократия да­мып, жергілікті жерлер басшыларын өз­де­рі сайлайтын болды. Салық мәселесін де қолдарына алды. Әйелдердің құқығы да өз жөнін тапты. Мүгедектер де заң арқылы бас­қалармен теңелді.
Мемлекеттік қызмет саласында бір мы­сал келтірейін. Америкада конкурстық сай­­лау ХІХ ғасырдың аяғында енгізілді. Жә­­не Америка президентінің адамдарды та­ға­йындау құқығы арнаулы заңмен шек­тел­ді. Өйткені сол кездегі бір Америка пре­зиденті сайлаудың алдында қалада жү­ріп бі­реуге «маған көмектес, кейін сені штат­тың басқармасының бастығы етемін» деп уә­де береді. Бірақ кейін оны ұмытып кет­кен. Әлгі адам хат жазады. Президенттің қа­­был­дауына кіре алмай жүреді. Артынан пре­зидент өз қаласына келгенде, оған оқ атып, жа­ралайды. Тексере келіп, не­ге атасың де­­се, өзіне берген уәдесін орын­дамағаны үшін атқанын айтады. Содан Америка кон­­­гресс өкілдері ой­ла­нады. «Пре­зидент неге бір штат­тың ада­мына бас­қармаға таға­йын­­даймын деп уә­де береді? Әсі­лі, бұл пре­зи­денттің құ­з­ы­ры­на жатпауы ке­­рек», – дейді де, қан­дай ла­уазым иесін та­ға­йын­дауда пре­зи­­дент­­тің құ­зы­реті болу ке­ректігі ту­ра­лы заң қа­­был­­дай­ды.
Демократия – қатып қалған пішін емес. Де­­мократия – қозғалыс. Ол қозғалыстың мә­ні мен бағыты – өне бойы азаматтың мем­­лекет басқарудағы орнын көтеру. Сол се­­беп­тен біз өзіміздегі демократия ахуалын тек озық елдермен емес, бірінші кезекте ке­шегі күнмен салыстырып, ілгерілеудеміз бе, кері кетіп барамыз ба деген өлшеумен та­разы­лауымыз керек. Кезінде Ленин мен Берн­штейн таласқанда, Бернштейн «түпкі мақ­саттан гөрі, күнделікті сол мақсатқа бас­тар қозғалыс маңызды» деген. Өмір осы таласты оның пайдасына шешіп тұр. Се­бебі түпкі мақсатты желеу қылып, мем­лекеттік мүддені жалған құндылыққа ай­нал­дырып, елін кері кетірген жүйелер аз емес. Жаңағы Солтүстік Корея – соның шек­тік көрінісінің бірі. Адамзат әзір де­мо­кра­тиядан артық басқару жүйесін ойлап тап­­қан жоқ. Ол әлі де даму үстінде.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста