Асылхан ӘБДІРАЙЫМ, Қазақстан Журналистер академиясы «Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, фототілші:
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00
– Фототілшілік елімізде кенже дамып келе жатқан мамандық екені белгілі. Әйтсе де, бұл мамандықты игерген майталмандар елімізде аз емес. Мәселен, өзіңіз. Бұл кәсіпке қалай келдіңіз? Не түрткі болды?
– Негізі, фотография – грек тілінен аударғанда «фото – жарық, графия – жазу, сызу» деген сөз. Ал қызығушылығым мектепте оқып жүрген кезімде басталды. Көрші баланың фотоаппараты болатын. Көрші бала, әрине, маған ұстатпайтын. Бірақ мен балалықпен соның соңында жүремін. Бір күні суретке түсіріп, кешке шығаратын болдық. Мен түні бойы қасында қарап отырдым. Бұл әдетке айналды. Анам қызығып жүргенімді түсінді. Маған фотоаппарат сатып алып берді. Сөйтіп, мектепті аяқтадым. ҚазМГУ-ді бітірдім. Менің негізгі мамандығым – жер-су маманы. Бірақ менің жаныма фотография жақын болды. Там-тұмдап, қолым бос кезінде суретке түсіріп жүрдім. 1990 жылдары республика көлемінде экологиялық «Атамекен» деген газет ашылды. Сол газетке фототілші болып қызметке орналастым. Әрине, жаңадан ашылған газет болғаннан кейін, оның техникалық т.б. әлсіз тұстары, кемшіліктері болды. Ол газетте бір жылдай жұмыс істедім. Одан кейін мені «Қазақстан әйелдері» журналына Мақсат Дүйісмағамбетов деген ағамыз шақырды. Оған себеп: осы журналдың айқара бетіне менің түсірген суретім шыққан. Мақсат аға сол суретке қатты қызығыпты... Содан бері, міне, 20 жыл болды, фотоаппартты серік етіп келемін.
– Әрине, 20 жыл аз уақыт емес. Фотоөнердің қыр-сырын толық меңгердіңіз. Фототілші болу үшін ең басты қажет нәрсе не?
– Алғашқы кезде фототілшіліктің мән-мағынасын, жауапкершілігін түсінген жоқпын. Жастық та болған шығар... Оның үстіне, арнайы дайындап, мамандыққа баулитын оқу орны да жоқ. Ең бастысы, ішкі дүние, жүрек қалауымен, осы салаға шын берілгендіктен, барлық ыстық-суыққа көніп, кез келген суретімізді «қалай жақсы түсірсек екен, кімнен үйренсек екен» деп, үнемі іздендік. Шебер фототілшіліктің талаптарына келсек, әрине, ең бірінші тәжірибе керек. Мәселен, фотограф пен фототілшінің айырмашылығы не? Фотографтар белгілі бір құжатқа түсіреді, жарықтың бәрін дайындап қояды, өзгермейді. Ал фототілшілікте жасандылық жоқ. Жаңағыдай белгілі бір шеңберге сыймайды. Ең бастысы, адамның қырағылығы болып жатқан оқиғаның жеткізілуін дәл табу арқылы жүзеге асады. Алдын ала дайындап қою жоқ. Демек, талант пен қабілет, ұшқыр фантазия керек. Әрине, техникалық жағын ескеру міндетті. Яғни фотоаппартқа жарықты қалай пайдалану керек деген сияқты. Көп нәрсе жарыққа байланысты. Фототілшілік – көзқарас пен пікірді сурет арқылы беретін журналистиканың бір саласы. Кез келген оқиға, күтпеген жағдайлардың көрінісі – фототілшілердің еншісінде. Ал фотограф алдын ала дайындықпен келеді. Демек, фототілшілік – өнер. Оның түсіргені жан-жақты және ойлы болуы тиіс, тағы қайталап айтамын, талант керек.
– Фотоөнерге баулыған ұстаздарыңыз, ардагер фототілшілер туралы тоқталып өтсеңіз...
– Алдымыздағы үлкендерді сыйлап, құрмет тұтатын ұлттың ұрпағымыз ғой. Отбасында да осылай тәрбие алдым. Фототілшілікке алғаш келген кезімізде «алдымыздағы ағаларымыздан үйренсек, білсек, естісек» деген ой мен ниет болды, әрине. Мысалы үшін, тірі болғанда 95 жасқа толар еді, ағамыз – Рысқали Дүйсенғалиев көз жұмғанға дейін фотоаппараты қолынан түскен жоқ. Медеуде болған «Азия даусында» шау тартқан жасына қарамай, сол концертті түсіріп жүргенін көргенмін. Қасына келіп тілдестім. Аздап пікір алмастым. Көзқарасын ұқтым және бұл маған сабақ болды. Одан кейінгі ағаларымыз, қазір зейнеткер – Нұрғожа Жұбанов, өмір бойы қазақ ақын-жазушыларымен байланыста болған – Сайлау Пернебаев, Съезд Бәсібеков, өмірін тек спорт саласына арнап, бірнеше олимпиадаларға барған, көптеген спорт жұлдыздарын тарихта қалдырған Дендірбай Егізов, Алашыбай Есмағамбетов, Рахымбай Ханалы секілді ағаларымызды атауға болады. Бұл ағалар баспасөз, мейлі, басқа сала болсын, өз кезеңінде еліне қызмет етті. Қай-қайсысымен кездесе қалсақ, «анау не, мынау қалай, бүйтсек қайтеді?» деп сұрап, пікір-көзқарастарын біліп тұратын сәттерді бастан өткіздік.
– Өзіңіз шәкірт дайындадыңыз ба?
– Жоғарыда айттым, арнайы оқу орны жоқ, оқулықтар өзге тілде, төл тілімізде материалдар өте аз. Сол себепті дөңгелек үстел есебінде «фотоөнердің жағдайы қалай?» деген мақсатта ұйымдастырған едім, жастар жиналды. Қызығушылық бар. Негізі, «шәкірт болам деп ұстазды өзі іздесе, нағыз ұстаз – сол» дейді. Нұрғиса Елеубеков, Сәрсенбек Қызайбекұлы, Самат Құсайынов, Жеңіс Ысқабай,Серік Өтегенұлы,Мақсат Тұрсынбайұлы сынды талантты, өнері өсіп келе жатқан інілерді атар едім. Кездесе қалсақ, білгенімді айтып, ой бөлісіп тұрамыз, үлкен мақсаттар жөнінде пікірлесеміз. Өкшеңді басып, өнерді өрге сүйреуге талпынған осындай інілер барына қуанамын.
– «Фотоөнер мамандығын даярлайтын оқу орны жоқ» дедіңіз. Осы саладағы ардагерлер мен өзіңізден кейінгі інілеріңізді атап жатырсыз. Бұл кісілер өз қызығушылығымен келгендер ме?
– Кеңес өкіметі кезінде бізге Мәскеудің Ломоносов атындағы университетінің фотожурналистика мамандығын бітіргендер келді. Тәуелсіздік жылдары бұл салада ол жақтан келген мамандар жоқ. Бұрынғылары білгенінше үйретті. Бірақ көбісі – өзге ұлттың өкілдері. Нұрғожа Жұбанов, Рысқали Дүйсенғалиев сынды ағаларымыз – журналистика факультетін бітіргендер. Бүгінгі таңдағы әріптестерім, кейінгі жастардың барлығы – бұл салаға қызығушылықпен келіп, тәжірибе жинап, бірте-бірте аяққа тұрғандар. Маман даярлайтын оқу орны, арнайы кітаптардың қазақ тілінде жоқтығы – бұл саланың дамуына және жастардың мамандықты игеруіне көп кедергі. Бұл салаға да теория мен білімді жетілдіру керек. Тәжірибе барысында теориялық заңдылықтарды сақтап жұмыс істеу шеберлікке алып келеді. Өкінішке қарай, бұл сала артта қалып тұр. Шамамыз келгенше осы саланы қалай дамытамыз, дұрыс жүйеге қайтіп қоямыз деген ізденістеміз. Қоғамдық бірлестіктің аясында талпынып, әрекеттер жасап жүрміз.
– Фотоөнердің алғаш пайда болуы туралы не айтасыз? Қазақ еліне фотоаппарат қашан келді?
– Фотографияның туған күні – 7 қаңтар, 1839 жыл. Францияның Париж академиясында Луи Дагер мен Джозеф Ньепс деген ғалымдар жаңалығын жариялаған. Осы күн фотографияның туған күні деген атпен енді. Фотосүйер қауым бұл күнді атап жатады. Ал Қазақстанға келетін болсақ, мынадай материал кездеседі.
1841 жылы Жәңгір хан мектеп ашады. Сол кезде Жәңгір хан Ресейден арнайы фотограф шақырған. Оқушылармен бірге суретке түскен. Яғни аталарымыз ерте кезден-ақ кез келген жаңалыққа ілесіп отырған. Франциядағы жаңалық үш жылда Қазақ еліне жеткенін көреміз.
1901 жылы Бөкей ордасының 100 жылдығы мерейтойына орай, Петерборда аталып жатқанда, Николай ІІ патша Шәңгерей Бөкеевке құрал-жабдықтарымен қоса, фотоаппарат сыйлаған екен. Шәңгерей фотоөнерді меңгерген. Сол кездегі үйіне келгендер, зиялы қауым, белгілі тұлғаларды суретке түсірген және ол сақталған, мұрағаттарда бар.
– Асеке, қорыңызда неше сурет бар және фотожанрдың қайсысы құнды?
– Жеке қорымда 30 мыңға жуық сурет бар. Бізге енді-енді келіп жатыр, шетелде жұлдыздарды, белгілі тұлғаларды түсіретін папарации деген жанр бар. Ол тапсырыспен жасалады. Байқаусызда тосыннан түсіру және керемет сурет болуы тиіс. Еліміз көптеген мемлекеттермен қарым-қатынаста, жастарымыз да көптеген шетелдік оқу орындарында оқып жатыр. Соңғы уақытта фотоөнер дамып, шеттен көптеген жанрлар келіп жатыр. Папарацииді айтатын болсақ, бұл жанр шетелде мықты дамыған. Ол жақта арнайы тапсырма бойынша үлкен қаламақыға түсіреді. Кейінгі жастар осыған қызығып келе жатыр. Болашақта бұл сала бірте-бірте дамиды деп ойлаймын. Одан кейін жастар қазіргі тойларды да түсіреді. Соны қалай түсіру керектігі жөнінде мына Ресейден, басқа да шетелден мамандар келіп, ақылы сыныптарын өткізеді. Ол жаққа барған әріптестерім тәжірибеде пайдаланатын заңдылықтар мен керемет сәттерді табудың жолдары барын айтты.
– Фотоөнерді шыңдау мақсатында мемлекеттік тілде оқу құралдары мүлде жоқ па?
– Ресейден келеді. Бұрындары кеңес өкіметі кезінде барлық оқулықтар орыс тілінде болды ғой. Сол кездегі «Советское фото», «Огонек» деген журналдарда суреттерді өте көп беретін. Әлі де сол жалғасып келеді. Өзіміздің тәуелсіз елімізде мемлекеттік тілде шығатын не журнал жоқ, не арнайы кітап, оқулықтарды өз басым әлі көргенім жоқ, өкінішке қарай. Фототілшілікке келіп жатқан жастарды білімді әрі шебер, тәжірибелі етіп дайындау үшін оқулықтар өте қажет. Бүгінгі күннің сұранысы. Бұл салада біздің қоғамдық бірлестік біршама дүниелер жасап жатыр. Мәселен, кезінде Ресей «Фотоәліппе» — «Фотобукварь» шығарыпты. Шыққан тиражының бәрі тез арада сатылып кеткен. Бұл не деген сөз? Бұл – сұраныс өте үлкен деген сөз. Сол үшін біз де алда қазақ тілінде «Фотоәліппе» шығарсақ деген жоспарымыз бар. Ол «Фотоәліппе» кез келген фототілші, фотограф, жалпы, жеке жүрген азаматтың қай-қайсысына болсын, көмектеседі деген ой бар. Осындай оқулықтардың жоқтығынан әріптестерім көптеген қиыншылықтарға кездесіп жүр.
– Сіз Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде «Фотожурналистика шеберлігі» пәнінен сабақ бересіз. Оқулық, кітаптардың жоқтығы сабақ беруге қиындық туғызбай ма? Қалай өткізесіз?
– Өткен жылы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы, әрі шәкірттердің, танитын мұғалімдердің шақыруы бойынша фотожурналистика саласы бойынша сабақ беруге келістім. Лекциялар оқимын, емтихан қабылдадым. Алғаш келгенде менің алдымда сабақ берген басқа ұлт өкілі қай топ болмасын, бәріне бірдей тек бір-ақ тілде өткізіп отырған. Мен келіп, өзім жаңағы оқулықтардан іздестіріп, фотографияның тарихына барып, алғаш қалай пайда болды, оның ішінде Қазақстанға қашан келді, фотоаппараттың ішкі құрылысы, оның әрбір бөлшектерінің атауы, қандай сырлары бар деген тақырыптарда қазақ және орыс тілінде дәрістер жүргіздім. Мәселен, объектив деген не? Қытайда объективті «көз» дейді екен. Шынында, ол көздің құрылысымен байланысты. Зерттеу барысында соны байқадым. Сосын «вспышка» дегенді «жарқылдақ» дейді. Терминдерді осылай интернеттен іздеп, оқулықтардан алып, 15 лекция жасадым. Онда сол тарихтан бастап, одан фотографияның жанрлары, сосын пәннің аты «Фотожурналистика шеберлері» деп аталатындықтан, жалпы, фотожурналистиканың бүгінгі күнгі жағдайын осы тақырыптар төңірегінде әрі теориялық, әрі практикалық дәрістер дайындап бердім. Биыл – екінші жыл. Сабағымды тереңдетіп, дамыта беремін деген ойдамын.
– Іске сәт! Мысалы, Суретшілер одағы, Жазушылар одағы т.б. көптеген одақтар бар ғой. Фототілшілердің одағы жоқ екен. Былтырдан Фотоөнер қоғамдық бірлестігі құрылыпты. Оған өзіңіз төрағалық етесіз. Осы қоғамдық бірлестік туралы айтсаңыз.
– Осыдан 6-7 жыл бұрын біраз ардагер ағаларымыз бен Қазақстандағы жалпы фототілшілер бас қосып, ақылдастық. Ол одақ құрсақ деген ой еді. Мысалы, Қытайда фототілшілердің бірнеше агенттігі бар, одақтары бар, ұйымдары да көп. Ең соңғысы осы жақында Қытайдың Алтай өңіріндегі фототілшілерге әкімшілік фотокөрме ұйымдастырып берді. Оларды газетке жаңалық ретінде бердім. Он алты фототілшінің түсірген керемет суреттеріне әкімшілік қолдау көрсетті. Қытайда, Ресейде, Еуропа елдерінде бұл сала мықты дамыған. Ал мына көрші Қырғызстанның өзінде фототілшілердің ұйымы бар. Осылардан кейін «біздің тәуелсіз елде неге бір одақ жоқ» деген ой келеді. Міне, бір жыл болды, қазақтілді басылымдардың фотожурналистерінің басын қосып, Фототілшілер қоғамдық бірлестігін құрдық. Бұл бірлестіктің алға қойған мақсаты, өзінің жарлығы, есепшоты бар. Әділет министрлігінен тіркеуден өткен. Бірлестіктің негізгі мақсаты – фотография және фотожурналистика саласын дамыту. Дамытқанда өзіміздің мемлекеттік тілдің бағытында дамыту. Соның ішінде бұрынғы ардагер ағаларымыздың, тәжірибелі фототілшілердің құнды мұрасын жарыққа шығару. Олардың еңбегін таныстырып, көп жылғы тәжірибесін бағалап, жастарға үйрету. Жұмыс жасап жүрген әріптестердің білімін жетілдіру. Жан-жақты көрші елдердегі, дамыған мемлекеттердегі фототілшілермен байланыс орнату, техникалардың түрлерін, тілдерін тереңірек үйрену, жас мамандарды кәсіби білімді маман ретінде дайындап шығару. Осы үш саланы қамтиды.
– Өңірдегі, аймақтағы фототілшілермен байланыстарыңыз бар ма?
– Өткен жылы Қытайға барып келдім. Ол жақта Үрімжіде, Өртекес, Хантәңірінің арғы бетінде біраз әріптестермен кездестім. Олармен тығыз байланыстамыз. Интернет арқылы байланысып тұрамыз. Маңғыстау, Ақтау, Атырау, Жамбыл облыстарымен де тығыз байланыстамыз және ол өңірдегі фототілшілермен байланыста болу Алматы, Астана секілді үлкен қалалардағы фототілшілерге өте пайдалы. Болашақта оларды дамытамыз.
– «ФОТОӨНЕР» қоғамдық бірлестігінің ашылғанына, міне, бір жыл толды. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өткелі жатырмыз. Фотоөнер қоғамдық бірлестігі мерейтойға не тарту етпек?
– Кез келген ақын, жазушы өзінің кітабының, не шығармасының жарыққа шығуын армандайды. Ал фотожурналистің арманы – көрме қою, фотоальбом шығару. Оны келесі ұрпаққа жеткізіп, тарихта қалдыру. Осы мақсатпен «Тәуелсіздік тағылымы» атты фотокөрме қоюды жоспарладық. 20 жылдың ішінде еліміздегі әртүрлі тарихи сәттер, мәдени, әлеуметтік, спорт, табиғат т.б. суреттер қойылады. Еліміздегі 20 фототілші көрмеге қатысып жатыр. Олар 200 фотошежіре ұсынды. Міне, сол 200 фотошежірені Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі – Алматы қаласында 2 карашада сағат 11-де ашпақшымыз. Бұл көрмені қолдаған — Алматы, Астана қалаларының әкімдігі. Фотокөрмеге Премьер-министрдің фотографы Шүкір Шахай, Парламенттен – Сайлау Майлыбаев, Қорғаныс министрлігінен – Ермек Сарбасов, Қазақпараттан – Мұхтар Қалдарбеков, Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімдігінен Сәби Майемеров және басқалар бар. Сәті келіп тұрғанда айта кетейін, фотокөрмеге қаржылай демеушілік жасаған, көмек берген «Bank RBK» банкі акционерлік қоғамының төрайымы Ғалия Жауароваға ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Бұл фотокөрменің болашақта жалғасы Астана қаласында Президенттің Мәдени орталығында өткізіледі деп жоспарланып отыр. 2 қарашада Алматыда өтетін болса, 16 қарашада Астана қаласында басталады.
– Дұрыс екен, Асеке! Бірлестіктің бағдарламасы бар ма? Көрмемен шектеліп қалмайтын шығар...
– Бұл фотокөрме алғашқы болған соң, Тәуелсіздікке арнап отырмыз. Болашақта біз мемлекеттік тендерлерге қатыссақ дейміз. Онда барлығымыз бірігіп, елдің мүддесі, еліміздің алға қарай дамуына үлес қосу үшін экология саласы, туризм салаларында тендерлерге қатысып, өзіміздің бағдарламамызбен үлес қоссақ дейміз. Еліміздің еңсесі көтеріліп, өркендеп, көркейсе дейміз. Алда жаңағыдай оқулықтар шығарып, үлкен кездесулер жасасақ... Біздің ұйымның бағыты коммерциялық ұйым емес, ақша табу ойымызда жоқ. Осы салаға қызығып жүрген жастарды бір жүйеге келтірсек, бір жерде оқитын фотожурналистикаға қатысты мамандар дайындап шығарсақ дейтін үлкен мақсаттар бар.
– Байқап отырсақ, ардагерлерді айтып отырсыз, өзіңіздің қатарластарыңыз, кейінгі шәкірттеріңіз болсын, көбіне ер-азаматтар екен. Енді «фототілшілікпен нәзікжандылар айналыспай ма?» деген сұрақ туады.
– Негізі, басқа ұлттардан қыз балалар соңғы кезде өте көп айналысады. Ал Қазақстанда Дина Дәуітбекова деген қарындасымыз бар. Кезінде «Алматы ақшамында» істеді. Дәл қазір «Заң» газетінде жұмыс істейді. Жалпы, қазіргі таңда әйелдерге арналған басылымдар, журналдар көп қой, сол салада қазір, міне, өзім оқытып жатқан журналистика факультетінде де қызығушылық танытып жатқан қыз балалар өте көп. Болашақта солардың арасынан Дина Дәуітбекова қарындасымыздың қасына қосылатын, тағы да қатарын көбейтетін нәзік жандар болады деген үмітім бар.
– «Қытайдан «Фотографияның 1000 сұрағының 1000 жауабы» деген фототілшілікке қатысты кітап шықпақ, соны қазақ тілінде бассақ, фотоөнерді дамытуға өз үлесін қосады» деген әңгімеңіз бар еді. Осы туралы кеңірек айтып берсеңіз.
– Қытай Халық Республикасында қандасымыз, өте жақсы сыйлас, бірнеше рет Қытайға барғанымда кездестім, Түсіпбек Сләмқұлұлы деген сол өңірде атақты ағамыз бар. Пекинде, басқа да жерлерде суреттері жарияланған белгілі кісі. Халықаралық деңгейде көрмелері де өтті. Ол кісі көптеген шыңдарға, оның ішінде Памир тауына шыққан. Табиғатты суретке түсірудің шебері. Сол кісі өткен жылы Қытайға барғанымда «Фотографияның 1000 сұрағының 1000 жауабы» атты кітапты жазып бітірген еді. Бірақ ол төте жазумен жазылып, соны жақында жарыққа шығарайын деп жүргендігін айтқан. Сол кезде мен ағамыздың рұқсатын алдым, өтініш айттым. «Біз де мемлекеттік тілде оқулықтар болса деп армандап жүр едік, осы сіздің еңбегіңізді аударып берсек», — дедім. Түсекең рұқсатын берді. Бұйыртса, сол фотоөнер жайында «Фотографияның 1000 сұрағының 1000 жауабы» атты еңбекті аударып шығарсақ деген алға қойған жоспарымыз бар.
– Еліміз жан-жаққа танылып жатыр. Осы танылуда фотоөнердің қомақты үлесі бар ғой. Қазақ мемлекетінің фототілшілеріне басқа елдің көзқарасы қандай екен?
– Шынын айту керек, кейбір елдерде Қазақстан дегенді әлі де Ресей деп ойлаушылық бар. Себебін айтатын болсам, ТҮРКСОЙ деген түркі халықтарына ортақ ұйым бар. Сол ұйымның міндеті – түркітілдес елдердің арасындағы қарым-қатынасты жандандыру, достастыру. ТҮРКСОЙ-дың ұйымдастыруымен Әзірбайжан еліндегі Баку қаласында түркітілдес елдері фототілшілерінің басқосуы болған. Мақсат әр ел өзінің салт-дәстүрін, ұлттық болмысын көрсетуге негізделген екен. Сонда біздің елден басқа ұлттың адамы барған.
– Асеке, әңгімеңізге рақмет!