Біздің алдымызда мемлекет, бизнес, ғылым өзара тиімді әрекет ететін ұлттық инновациялық жүйе құру мәселесі тұр

Біздің алдымызда мемлекет, бизнес, ғылым өзара тиімді әрекет ететін ұлттық инновациялық жүйе құру мәселесі тұр

Ғалым МҰТАНОВ, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық университетінің ректоры, техника ғылымының докторы, профессор, ҚР ғылым және техникаға еңбек сіңірген қайраткері:

– Ғалым Мұтанұлы, жақында ғана Израильден оралдыңыз. Ол елге барудағы мақсат не болды? Ол жақтың жоғары оқу орындарында, ғылыми орталықтарында болған шығарсыз?  Ендеше, Қазақстанның қазіргі жай–күйінен ол елдің жастары қаншалықты хабардар екен? Селт етерлік не байқадыңыз?

– Израильде Тель-Авив университетінде өткен екі жақты қатынастың әртүрлі аспектілері қарастырылған «Ғаламдандыру дәуіріндегі саяси тұрақтылық және аумақтық қауіпсіздік: Қазақстан тәжірибесі» атты конференцияға қатыстық. Бұл форум Израиль мен Қазақстан ынтымақтастығын танытатын жоғары деңгейде екі ел диалогының белсенді сипатында өтті.
Қазіргі таңда мұсылман әлеміндегі Қазақстан Израильдің басты серіктестіктерінің біріне айналып отыр.

Оларды ерекше қызықтыратыны – еліміздегі ұлттардың өзара татулығы, дінаралық қарым-қатынас. Қазақстанның ұлттардың бірлігін сақтауда әлемге үлгі боларлықтай институттың негізін қалап отырғаны, еліміздің ғылым, білімге деген құлшынысы, мемлекетіміздің зайырлылық сипаты да жұрт назарында.
Израиль мемлекетіне барған сапарымыздың тағы бір мақсаты жаңа технологияларға басымдылық беретін білім беру саласындағы екі жақты ынтымақтасты нығайту болды.

– Израиль  елінің ғылыми саласынан, ғылыми дамуынан біз қандай үлгі алуымыз керек?

– Олардан үйренетін нәрсеміз өте көп. Израиль – тарихи қысқа уақыт ішінде дамудың жоғары сатысына жеткен мемлекет. Бұл нәтижеге олар интеллектуалдық білімді, өз елінің болашағына деген сенімді, отаншылдық сезімді дамыту негізінде жеткен. Мемлекеттің тілі иврит өлі тілдер қатарында болғанымен, аз жылдың ішінде бұл мемлекет өз тілін, дінін жаңғыртып, әлемдегі дамыған елдердің қатарына енді.

Қазір Израиль экономикасы әлем экономикасының неғұрлым тұрақты және өте жоғары деңгейде диверсификацияланған түріне жатады. Ғаламдық дағдарыс ықпалына қарамастан, ел экономикасы өткен жылы өсу динамикасын 4,2 пайыз деңгейінде сақтап қалды. Орташа еңбекақы көлемі 2,1 мың АҚШ доллары есебінде.

Бұл елде ғылымның дамуына аса мән берілгендігінің бір белгісі – әрбір министрлікте бас ғалым лауазымының болуы. Ғылыми жетістіктердің тағы бір көрсеткіші ретінде Израильдің көптеген азаматтарының ғылымның әр саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері және ғылыми жарияланымның адам басына шаққандағы саны бойынша дүниежүзінде бірінші орынға ие болғандығын атап өтуге болады. Сонымен қатар білім беру деңгейі, ғалымдардың, ғылыми еңбектер мен тіркелген патенттердің санына байланысты да дүниежүзі бойынша алдыңғы орындарда.

Соңғы жылдардағы көрсеткіштерге сәйкес Израиль – жаңа және биотехнологиялар өндірісінен әлемдегі ең озық мемлекет және кәсіпкерліктің дамуы, халқын жұмыспен қамту көрсеткіштерінен алғашқы бестіктің қатарына енген.

Бұл елде мамандардың кәсіби деңгейін көтеру ісі дұрыс жолға қойылған. Әр маманға жеке қаражат қоры ұйымдастырылып, белгілі бір уақыт өткенде олар сол қор есебінен міндетті түрде біліктілік деңгейін жетілдіріп отырады. Тағы бір назар аударатын жағдай, Израильде ғылымға бөлінген қаражат міндетті түрде сақтандырылады, біздің еліміздегідей белгілі бір дәрежеде бөлініп, оның қайда жұмсалғаны белгісіз болып қалмайды.

Сонымен қатар ол елде сырттан ғалымдарды тарту мәселесі дұрыс жолға қойылған. Мысалы, Израильге келген Кеңес өкіметінің белгілі ғалымдары Ариэль университетінде шоғырланған. Бұл ғалымдар әлі күнге дейін өзара орыс тілінде қарым-қатынас жасайды, бірақ мақсаттары біреу – Израиль мемлекетінің жарқын болашағы үшін қызмет ету, осы елдің экономикасын өркендету. Бұл елдегі шетелден тартылған ғалымдардың интеллектілік дамуына және ақыл-ой жемісінің халық мүддесі үшін жұмсалуына барлық жағдай жасалғанын дәлелдейді.

– Ал «Қазақстанның ғылыми дамуы» деген сөзді айтқанда, сіз қандай жетістіктерді даралап айтар едіңіз?

– Қазақстан ғылымының бұрынғы Кеңес өкіметінің ғылыми кеңістігінде өзіндік орны, дәрежесі болғаны, ғалымдарымыздың да әр саладағы ашқан жаңалықтары кезінде өз бағасын алып, өндірісті дамытуға біршама ықпал еткені белгілі.

Қазіргі жағдайда әлемдегі ғылыми-интеграциялық үрдістерге сәйкес елімізде бұл салаға деген көзқарас айтарлықтай өзгерді. Бүгінгі таңда Президент Қазақстан ғылымын еліміздің индустриялық-инновациялық бағдарламасымен байланыстыра дамытуды басты мақсат етіп отыр. Шетелдік инвесторлармен кездесуінде де Президент Қазақстанға жоғары технологияны трансферттеуде бірінші мәселе ғылымның өндіріс сұранысынан кейін қалып отырғаны, екіншіден ғылыми әзірлемені жүзеге асыратын нақты тетіктердің жоқтығын, үшіншіден шетелдік инвесторлардың Қазақстандағы технологиялық біліктілікті арттыру мәселесіне күш салмай отырғанын атап өтті. Қазір әзірлену үстіндегі «Ғылым туралы» заң жобасы осы мәселелердің шешілуінің бастамасы болуы тиіс. Әлемдік деңгейге жету үшін ғылымды өндіруші күшке айналдыру қажет.

Отандық ғалымдардың мәртебесі айқындалып, жастар ғылымға неғұрлым көбірек тартылғаны жөн. Қазіргі таңда ғылыммен айналысып, оның ыстығы мен суығына төзіп жүргендер – аға буын өкілдері, көбі кеңестік жүйеде шыңдалғандар. Олар уақытында заман талабына сай еңбек етті, өздерінің жаңалықтарын халыққа ұсынды, ғылымның жетістіктерін өндіріске енгізді. Бірақ уақыт адамзаттан үнемі ізденуді, жаңалық ашуды, оны заманауи талаптарға сай дамытуды талап етеді. Осы орайда жаңаша ойлайтын, халықаралық деңгейде көріне алатын жастар ғылымға келсе деген ойдамын.

Сондықтан да Елбасы айтқандай, ғылым мен инновацияға көңіл бөлмеген елдің қандай да бір салада көшбасшы болам деуі бекер. Кез келген елдің бәсекеге қабілеттілігі оның ғылыми әлеуетімен өлшенеді.

– «Жоғары технологияны игеру үшін «Ғылым туралы» заңға өзгерістер енгізу керек» деген пікірдегі азаматтардың бірі өзіңіз. Ендеше, осы қазіргі ғылым туралы заңның олқылығы неде?

– Заңның олқылығы ғылымды өндірістік күшке айналдыру мәселесінің нақты қойылмауында. Заңда ғылымның өзге салаларға қарағанда басымдылығы айқын белгіленбеген. Сондықтан да ғылымның тұжырымдамасы, оның негізінде қабылданған заң ғылымның нақты өндірістік күшке айналу тетіктерін ұсынуы қажет.

Қазіргі кезде әлемдегі экономикалық құндылық ретінде ғылым мен білімді, адам капиталын айтуға болады. Қазақстан екі ірі держава – Қытай және Ресеймен шектеседі. Бұл елдердегі ғылымның жағдайы қандай? Қытайда 20 жылдан астам бұрын қабылданған «Факел» инновациялық даму бағдарламасы елді әлемдік экономиканың алдыңғы қатарына шығарды. Бұл бағдарлама елде 53 мемлекеттік және 30-дан астам мемлекеттік емес жоғары технологиялық даму аймағы енетін мықты инновациялық инфрақұрылым қалыптастыруға мүмкіндік туғызды.

Бұл инфрақұрылымның дамуына мемлекет тарапынан жеңілдіктер жасалған. Сол аймақтарда шетелде білім алған қытайлық жастар өз интеллектуалдық еңбегінің арқасында ғылымдағы адалдықты сақтай отырып, өзіндік қолтаңбаларын өндіріске енгізуде. Осылайша, шетелде жастарды оқытуға жіберілген қаражат шығыны бірнеше есе болып елге қайтарылады. Осы кезең аралығында Қытай өзінің инновациялық потенциалын қалыптастырды.

Бұдан шығатын қорытынды, біздің алдымызда ғылымды тиімді басқару, экономика өсуінің нақты деңгейін анықтау, мемлекет, бизнес, ғылым мен білім беру өзара тиімді әрекет ететін тұтас ұлттық инновациялық жүйе құру мәселесі тұр. Білім, ғылым және өндіріс бір-бірімен ұштасып, теориялық білім тәжірибеде өз нәтижесін беріп отыруы керек.

– Сіздің оқу орны қабырғасында құрылған «Алтай» технопаркінің білімдар ұрпақ үшін маңызы қандай? Жастарға не береді? Қандай ғылыми жобалар жасалып жатыр?

– Дүниежүзілік тәжірибе көрсетіп отырғандай, ғылымдағы жаңалықты нақты экономикалық секторға шұғыл жеткізу үшін зерттеу институттарымен қатар, инновациялық инфрақұрылымдар қажет. Осы қажеттілікті ескеріп, біз Қазақстанда тұңғыш рет инновациялық жоғары оқу орнының «университет-технопарк» үлгісін әзірлеп, жүзеге асырдық. Бұл жобаны жүзеге асырудың алғашқы кезеңі тұтас инновациялық инфрақұрылым құрудан басталды. «Алтай» технопаркі Қазақстанда экономиканы әртараптандыруға бағытталған алғашқы инновациялық инфрақұрылымдардың бірі болды.

«Алтай» технопаркі арқылы технологиялық коридордың қызметі «идея – инновациялық ұсыныс – технологиялық жоба – ғылыми-техникалық тәжірибелік және конструкторлық жұмыстар – тәжірибелі үлгі – өндіріс – нарық» негізінде жүзеге асырылады. Нәтижесінде, экономиканың жоғары технологиялық секторы пайда болып, экономика диверсификацияланады.

Осы технопарктің білімдар ұрпақ үшін маңызы зор. Білім беру, ғылыми және өндірістік үрдістердің жетекші буыны ретінде «Тау-кен өндірісі ресурстарын кешенді пайдалану негізінде жаңа материалдарды алудың жоғары технологиялары» бағытында «ІРГЕТАС» инженерлік зертханасы және “БАСТАУ” студенттік технологиялық бизнес-инкубаторы жұмыс істейді. Аумақта ғылыми-зерттеу және инновациялық өнеркәсіп өндірісінің тұтас кластерін көрсететін металлургтер орталығы құрылуда. Микроскопия және нанотехнологиялар бойынша Қазақстан-Жапон оқу ғылыми-зерттеу орталығы өз қызметін жетілдіруде, «инновациялық кәсіпкерлік» мамандандыруы бойынша Қазақстан-Корей бірлескен магистратурасына алғашқы талапкерлер қабылданды.

Internet/intranet технологиясына негізделген ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар базасында жұмыс істейтін жұмылдырғыш ақпараттық-ағарту жүйесі жасалды. Университет – қашықтан оқыту технологиясын енгізу, «Электронды университет» жобалары жөнінен Қазақстан жоғары оқу орындарының көшбасшысы. Оқу орнында Халықаралық инженерлік педагогика қоғамының орталығы (IGIP), ЮНЕСКО-ның білім берудегі ақпараттық технологиялар институтының өкілеттілігі құрылған.

Бұл әрекеттер ғылым мен өндірісті ұштастыру арқылы бүгінгі студент – ертеңгі маманға өз жобасымен кәсіпорын ашып, нарыққа енетіндей жағдай жасау мақсатында жүргізіледі. Осы істердің барлығы маңызды инновациялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

– Ұлттың тұтастығы неде?

– Ұлттың тұтастығы бірлікте, бір мақсатқа жұмылып әрекет етуінде, осы істерге ұйытқы болатын әлеуметтік институттардың тұтастықты қамтамасыз ететін механизмдерді қалыптастыруда деп ойлаймын. Бірлік пен тұтастық – біз үшін қасиетті ұғым. Ол еліміздің елдігін танытады. Тұтастыққа территория тұтастығы, мүдде тұтастығы, идея тұтастығы жатады.

Ал мүдде тұтастығы экономиканың, ғылым мен білімнің, өндірістің қарқынды дамуына әкеледі. Себебі біз соларды дамыту жолындағы бір ғана мүддеге қызмет етеміз. Мемлекет, ұлт тұтастығы біріншіден: қоғамдағы келісім мен тұрақтылықта, екіншіден: биік мақсатқа жету жолындағы ұлттың еңбексүйгіштік, үнемшілдік мәдениетін қалыптастыруда, үшіншіден: білім мен ғылымға деген жоғары құрметте.

Адамзат қоғамы өмірдің әртүрлі саласында жаңа идеялардың пайда болуы, таралуы, жүзеге асуы нәтижесінде алға жылжиды. Ал идея қоғамның кез келген мүшесінің бойында бар. Бірақ оны жүзеге асыру үшін қайраткер болуы керек. Қайраткерге әрекетшілдік тән. Халқымыз жаппай қайраткер болмаса да, сондай өкілдерін қолдап, туған тамаша ойлардың жүзеге асуына кедергі келтірмесе, идея тұтастығы деп осыны айтамыз.

Территория тұтастығы – тәуелсіздіктің басты кепілі. Сондықтан әр қазақстандық азаматтың міндеті де, парызы да – территория тұтастығын сақтау, оны келер ұрпаққа сол қалпында аманат етіп жеткізу.

Біз жас мемлекет болғанымызға қарамастан, алдымызға ұлы мақсат, биік идеалдарды қойып отырмыз. Ал ұлы мақсаттарға жету үшін ұлт соған лайық болғаны абзал. Сол себепті де ең алдымен ұлтымызды тәрбиелеуіміз керек. Мысалы, көп қатарлы Сингапур елі бір ғана ұрпақ өмір сүрген кезең аралығында алдыңғы қатарға шықты. Оның құпиясы мынада: бірінші кезекте адам капиталына ерекше мән берген, екіншіден: талантты, дарынды адамдарды ұлттың дәулеті деп білген. Осыдан келіп, халық мүддесі жеке бас мүддесінен жоғары қойылған. Мектеп, университет, кәсіподақ басқа да қоғамдық ұйымдар көмегімен ұлтты тәрбиелеуді мақсат еткен. Ұлт тәрбиесінде ұсақ-түйек деген нәрсе болмайды, соның барлығы ескеріліп, қарапайым тұрмыстағы мәдени деңгейді көтеруге көңіл бөлінген.

Абайдың: «Күллі адамзат үш нәрседен: әуелі надандықтан, жалқаулықтан, зұлымдықтан қашпақ керек...» – деген даналығын ұлт тәрбиесіндегі басты ұстанымдар ретінде алған жөн.

– Ұлтты тәрбиелеуде университеттердің рөлі қандай деп ойлайсыз?

– Университет қабырғасында тек қана жақсы мамандар емес, сонымен қатар жасампаздық қасиеттерді бойына сіңірген, ұлт, мемлекет мүддесін жоғары қоятын азаматтар қалыптасуға тиіс деп ойлаймын. Өйткені, бүгінгі – студент, ол – ертеңгі қоғам мүшесі. Бойына қандай рухани, кәсіби құндылықтарды сіңірсең, олар сол алған асыл қасиеттерді қоғам игілігіне бағыттайды.

Осыған орай, біздің оқу орнымызда Қазақстанда техникалық ЖОО арасында тұңғыш рет ұлы Абайдың толық адам философиясына негізделген, студенттердің жан-жақты дамуына бағытталған «Адам бол» атты курс оқу бағдарламасына енгізілген.

Жоғары сынып оқушыларына арналған екі тілде “Ел ертеңі – жас талап-KZ” ғылыми-көпшілік журналын шығаруды қолға алдық. Қазір бұл журнал техника саласын таңдаймын деуші жастарға бірден-бір көмекші құрал ретінде республикаға кең таралған. Сонымен қатар мектеп оқушыларына арналған Виртуалды академия ашылып, интернет жүйесі арқылы мектептермен байланыс орнатылып, жаратылыстану пәндерінен виртуалды олимпиадалар, дәріс-сабақтары ұйымдастырылған. Осындай істер арқылы университет  ұлт болашағы – жастардың толыққанды қоғам азаматы етіп тәрбиелеуіне ұйытқы болып отыр.

– Қазір шетелде бала оқыту «модаға» айналды ма? Неге мүмкіндігі барлар балаларын шетелде оқытуға тырысады? Көздегендері не?

– Шетелде бала оқытуға оң көзқараспен қараған жөн. Баланың талабы, таланты шетелдік білімді меңгеруге сай болса, олар шетелде білім алып, халықаралық деңгейдегі маман ретінде өз еліне оралып, елінің мүддесі үшін қызмет етсе, бұл – құптарлық іс. Ел экономикасы үшін қажет мамандықтарды, жаңа технологияларды жастар игерсе және сол мамандықтар бойынша алған білімдерін өз елінде тереңдетіп дамытса, оның пайдасы да, нәтижесі де болары сөзсіз. Сондықтан мемлекеттің, жеке азаматтардың шетелдерде мамандарды даярлауға жұмсаған қаражаты далаға кетпегені абзал.

Бұл ретте Қытай елінің мамандарды шетелде даярлау тәжірибесінен үлгі алуымызға болады. Шетелде білім алған Қытай жастары алған білімдерін өз елінде дамытып, озық технологияларды әкеліп, өз елдерін жаңа деңгейге көтерді.
Бірақ еліміздің жастары түгелдей дерлік шетелде ғана білім алу керек деген мақсат болмауы керек. Біз өз еліміздегі жоғары білімді шетелдік деңгейге көтеруге, яғни халықаралық деңгейдегі мамандарды өзіміз даярлай білуге ұмтылуымыз қажет. Бұл жерде де өзге елдердің тәжірибесінен сабақ алғанымыз жөн. Бір кездерде білім берудегі «латынамерикаландыру» деген тәжірибе болған, яғни жастар жаппай өз елдерінде емес, АҚШ сияқты дамыған елдерде білім алулары тиіс деген кері ұғымның нәтижесінде ол елдердегі білім беру жүйесі дамымай қалғаны белгілі. Бізге содан сақтану керек.

АЛАШҚА АЙТАР ДАТЫМ...
– Қазіргі мақсат – тек диплом беріп, маман даярлау ғана емес, олардың бойына ізгілік нұрын себу. Сонымен қатар бәсекелестік жағдайда оған төтеп бере алатындай маман етіп дайындау. Сол білімі мен тәрбиесі оларға жарқын болашақ кепілі болса, біздің мақсатымыздың орындалғаны дер едім.

Әңгімеміз Израиль еліне барған сапарымыздан өрбігендіктен, У.Черчилльдің еврей халқына байланысты айтқан тамаша бір пікірі менің ойыма оралады. Ол: «...қай салада болсын ағылшындар еврейлерден кем емес», – деген. Яғни қазақ ұлты да басқа ұлттардан кем емес, тек ұлы мұраттарға жету үшін бәріміз де талмай еңбек етуіміз қажет.

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста