Біз соғысуға емес, жеңуге мүдделі болдық

Сағадат НҰРМАҒАМБЕТОВ, әскери қайраткер, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы:

– Сағадат Қожахметұлы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің тағы да бір мерекесін атап өткелі отырмыз. Ақыр соңында өзіңізді батыр атандырған зұлмат соғыстың басталғанын қалай естідіңіз?
– Ол кезде Ақмола – шағын қала. Балшықтан және ағаштан салынған шағын ғимараттары көп. Бірақ соның алдында ғана салынған Киров атындағы мектеп пен теміржол басқармасының ғимараты еңселі еді. Қазіргідей асфальт төселген көшенің бірі де жоқ. Мен сол Киров атындағы мектепте Ақмоладағы саяси-ағарту курсын­да оқып жүргенмін. Таңертең сабаққа келгенім сол еді, ізінше түрі өрт сөндіргендей болған мектеп директоры кіріп келіп соғыстың басталғанын айтты. Көңіл су сеп­кендей басылды. Әрине, ондай хабардың суыттан да суық дерлік маңызы болмақ. Соның алдында ғана гитлерлік Германия мен КСРО-ның бейбітшілік пактісіне қол қойғанын білетінбіз. Директорымыз ізінше өткізілген митингіден соң «курсқа жылдам жиналыңдар» деген бұйрық берді. Жинал­дық. Сол жерде олар «жауды жеңгеннен кейін кездесеміз» деген сыңайда қоштасып, сабағымыздың аяқталғанын хабарлады.
Сөйтіп, ауылдан оқимын деп кеткен мен үйге жылдам оралдым. Келсем, ағам соның алдында ғана майданға шақыру қағазын алған екен. Біздің отбасына соғыстың алғашқы әсері осылай болды. Ағам Сағит майданға сол кеткеннен мол кетті.
Ақмоладағы саяси-ағарту курсында 20 күндей оқығаным бар. Дала қосындағы есепшілік жұмыспен бірге клуб меңгеру­шілігін де қатар атқарам. Клубта әр кеш сайын газеттерді, майданнан келген хаттар­ды дауыстап оқу шараларын өткіземін. Кейде сауаты аздау ата-аналардың атынан майданға хат жазуыма да тура келетін. Сол кездегі елдің патриотизмі де ересен еді. Бәрі бірдей «жауды талқандаңдар, аман-есен елге оралыңдар» деген сыңайда жазылатын.
– Алғашқы қара қағаз келгені есіңіз­де ме?
– Ондай сәт ұмытыла ма?! Сол сәт менің жүрегімде, есімде мәңгілік қалды. Алғашқы қара қағаздың зардабы мен қайғысы әлі күнге дейін есімде. Сол сәттен бастап ауыл пошташысы әкелген солдаттың әр үшкір хатына қауіппен қарайтын болғанбыз. Өз басым майданға кеткен бауырым Сағиттан айырылып қалам ба деп қорықтым.
– Майданға аттану ниеті қай кезде оянды әрі ол қандай нәтижелер беріп еді?
– Ой-хой, ол үлкен әңгіме. Біздің дәуір­дің балалары да, жасөспірімдері де ерекше патриот еді ғой. Мен де өз құрдастарыммен бірге бірнеше мәрте әскери комиссариаттың босағасын аттағам. Сөйтіп жүргенде бауы­рым­нан қара қағаз келді. Түні бойы дөң­бек­шіп ұйықтай алмай шықтым. Фашис­тер­ден кек алу керектігін түсінген сияқты едім.
– Соғысқа аттану ниетіңіз еселене түскен шығар?
– Енді ше?! Келесі күні салып ұрып тағы да әскери комиссариатқа бардым. Сол жолы жолым оңғарылып, әскери комис­сариаттағылар менің ниетімді құп алды. Денсаулығы жарамды сарбаз есебінде мені әскери училищеге жіберді. Ол 1942 жыл­дың шілде айы еді. Сөйтіп, Бірінші Түркістан пулеметшілер училищесінен бір-ақ шықтым. Училище  жаңадан  ашылғанымен, оның жаттығу материалдық базасы кемел, тұрмыстық жағдайлары да жақсы еді. Бізді білікті, талабы қатаң әскери командирлер оқыта бастады. Олардың бәрі де соғысқа қатысқан офицерлер болатын.
– Училищедегі сабақ ұзақ уақытқа созылды ма?
– Ол кездегі әскери училищелерді қа­зір­гі  жеделдетілген  курстармен салыстыру­ға болады. Айналасы жарты жылда лейтенант атағын алып шықтық. Менің ұзаққа созыл­ған әскери жолым осылай басталды. Взвод командирі деген квалифи­кациямен май­данға аттанып, 157-жеке атқыштар брига­да­сынан бір-ақ шықтық.
– Он тоғызға тола қоймаған жас бозбала үшін взвод басқару да оңай міндет емес шығар?
– Оған сөз бар ма? Алайда ол кездегі аға офицерлер қарамағындағыларға әкелік қамқорлықпен қарайтын. Подпол­ков­ник Сафонов деген кісі бізге взводқа басшылық жасау туралы ақылын айтып, батальондарға бөлді. Жастығым ба, әй­теуір, пулемет училищесін бітіріп келген маған қарапайым атқыштар взводын басқарудың аз көрінгені де рас. Сафоновқа барып, «маған пулеметшілер взводын бері­ңіз» деймін ғой баяғы. Тәжірибелі коман­дир Сафонов шу дегенде маған сенімсіздігін білдірген. Бақытыма орай, өмірлік әрі әскери тәжірибесі мол Сафонов менің тілегімді қабыл алды. Кадр офицерін шақыртып алып, бұйрықты бірден өзгертіп, мені станокты пулеметшілер командирі етіп тағайындады. Ұлы Отан соғысында станок­ты пулемет дегеніңіз нағыз қатерлі қару болатын. Соған сай осы оқиға маған үлкен жауапкершілік те жүктеді. Сөйтіп, менің пулеметшілер взводының командирі есе­бін­дегі әскери жолым басталып та кетті. Станокті пулеметтің салмағы – 54 келі. Оған қоса, әрқайсысында 250 патроны бар бес-алты қорапты бірге тасымалдау керек. Ол да қосымша күш. Алайда жауға деген өшпенділік бізді осы қиындықтардың бәріне төзуге мәжбүр етті.
– Шабуылға алғаш кіріскен кезіңіз есіңізде ме?
– Ондай кез ұмытыла ма, шырағым. Мамыр айында біздің батальонға шабуылға шығу жөнінде бұйрық берілді. Соның алдында «тіл» алу барысында немістердің қарсы бетте понтон көпір салып жатқаны белгілі болған. Капитан Диденконың басшы­лығымен менің взводым дәл осы нысанаға шабуыл жасаған. Нәтижесінде шабуылымыз аса сәтті болып, басшылықтың көңілінен шықты. Біз де алғашқы әскери марапаттың не екенін біле бастағанбыз.
– Взвод командирі болып ұзақ жүрдіңіз бе?
– Соғыс барысында біреудің әскери атағы жылдам көтеріледі. Ал екінші біреу­лер сорлап жатады. Ондай оқиғалар көп. Бір нәрсені айта кетуім керек. Менің әскери лауазымдық көтерілу жолым даңғыл бол­ды. Қыркүйек айында батальон командирі, капитан Боровконың қолдауымен мені рота командирі етіп тағайындады. Әлбетте, рота – взвод емес. Оның  өзіндік  ауыртпалықтары бар. Дәл сол кезде біздің Молочное өзенін­дегі жаудың қорғаныс шебін бұзып өтуге дайындалуымыз керек еді. Рота командирі есебінде осы бір шаруаны күрт бастадым. Бұл менің взводтан үлкен әскери бөлімді басқарудағы алғашқы қадамым болды. Өзіме салса сол бір алғашқы әскери өсу жолынан да абыройлы өткен сияқтымын.
– Ротадан гөрі батальон басқару қиын болуға тиіс. Деректерге қараған­да, уыздай 20 жасыңызда батальон командирі болыпсыз. Қиын тиген жоқ па?
– Әрине. Оңай болған жоқ. Ол кездегі батальондар құрамы 400-500, әйтпесе 600 адам. Қазіргі 20 жастағы бозбаланы көзіңізге елестетіп көріңіз. Батальон басқар­мақ түгіл, өзін-өзі әзер алып жүретіндер көп... Алайда біздің буынға тарих үлкен жауапкершілік жүктеді. Қаңтар айының соңына таман біз шекара маңындағы Нитце өзенінен өттік. Бірден Германия аумағына шыққанымызды сезіндік. Ал оның үлкен рухани әсері бар еді. Соғыс – біздің елден шығып, қарсы мемлекеттің аймағына ауысқан. Шетелдің аты – шетел, алды­мыздан мүлдем бөлек көрініс, ғимараттар мен құрылыстар шықты. Көбі қаңырап жат­қан.
Сол күні мені полк командирі Пешков деген кісі шақырып алып, батальон коман­дирінің орынбасары етіп тағайындады. Батальон командирі есебіндегі жасаған ерліктеріміз талай жазылды, талай айтыл­ды. Жобасы жаман комбат болмаған сияқ­тымыз, комбат есебіндегі жасаған ерліктері­міз жоғары бағаланып, маған Кеңестер Одағының Батыры атағы берілді ғой.
– Өміріңіздегі ең елеулі сәттердің бірі де сол болуға тиіс. Осы мәселеге кеңірек тоқтала кетсеңіз...
– Командарм генерал-полковник Берзариннің тікелей басшылығымен өткізілген Кеңестер Одағы Батырларының жиыны есімде қалыпты. Сол жиынға кор­пус, дивизия командирлері мен саяси бөлімдердің бастықтары шақырылды. Бізге Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медаль­дары салтанатты жағдайда тапсырылды. Үрмелі аспаптар оркестрі ойнап тұрған. Полк сапының алдынан жауынгерлік туды желбіретіп алып өткені де есімде. Сол саптың ішінде жеке құрам түрінде қарышта­ған өңкей Кеңес Одағы Батырларының сапында мен де бар едім. Бізге марапатты армия қолбасшысының өзі тапсырды. Сол кезде тұла бойымды кернеген толқуды баса алмағам. Жастайымнан жетімдік көріп өскен қарапайым қазақ баласына жоғары дәрежелі генералдың өзінің осыншама құрмет көрсетуі ерекше жағдай-тұғын. Есіме бірден туған ауылым, ағайын-туға­ным, марқұм ағам Сағит түскен.
Сол күні генерал Берзарин 21 солдат пен офицерге Кеңес Одағы Батырының белгісін табыстады. Дәл қазір өзің көріп отырған төсімде жарқыраған мына «Алтын жұлдыз» – дәл сол генерал Берзариннің өз қолымен табыстаған марапаты.
– Ол сіздің ең алғашқы жоғары атағыңыз еді. Оған армия генералына дейінгі әскери атақ ерді. Әлбетте, бұл екінің біріне бұйырмаған тағдырдың сыйы. Осы туралы не айтасыз?
– Жалпы, соғыс болсын, басқа болсын кез келген тарихи оқиғаларда адамға көр­сетілер марапат, құрмет әділ болуға тиіс. Әрі ол – адамгершілік тұрғыдағы барлық принциптердің нормасы. Жалпы, соғыс жағдайында өзі жасаған ерлікке лайықты бағасын ала алмай кететіндер де болады. Мен өзімді ондай адамдар қатарына жат­қызбаймын. Еңбегімді сіңірдім – тиісті бағамды алдым. Бұл орайда өзімді бақытты санайтыным да рас. 
– Сіздің осы атақты жұрттың бәрінен бұрын алып, елдің алғашқы қорғаныс министрі есебінде сіңірген еңбегіңіздің лайықты түрде ескерілгенін білеміз. Қазіргі портреттеріңізден осы марапат­ты да көріп, жанашырларыңыздың мерейі аспандайтыны және рас. Жалпы, соғыстан соңғы, оның ішінде Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алған марапаттарыңызға көңіліңіз тола ма?
– Елдің Тәуелсіздік алуы, әрине, мен үшін де үлкен мәртебе. Алғашқы қорғаныс министрі есебінде біраз қиындықты бастан кешкеніміз де рас. Бұрынғы қалыптасқан одақтық әскери доктринадан Тәуелсіз елдің әскери доктринасына көшу шараларының бәрі де біздің араласуымызбен, көз алды­мызда өтті. Осы шаруа басқа республика­ларда оңай болса оңай болған шығар, ал бізде аса қиынға соққаны белгілі. Қазақ­стан­ның ол кезде қару-жарағы кемел бұрын­ғы Кеңестер Одағынан аса зор көлем­де ядролық потенциалға ие болып қалғаны да белгілі. Соның бәрінің ішінара Қорғаныс министрлігіне қатысы болғаны рас. Ақыр соңында Президент Н.Назар­баев­тың дана басшылығының арқасында біз ядролық қару-жарақтан құтылдық. Әрі ол әлемдегі бұрын-соңды қайталанбаған ерекше оқиға болатын. Бұл орайда Елбасының ерекше ерлігін атап өту парыз. Онан да бетер жаңа әскери доктринаға сай Қарулы Күштер қалыптастыру да оңайға соққан жоқ. Ұлттық кадр жетіспеді. Қазір соның бәрі артта қалды. Қиындықты жеңіп шығуға шама-шарқымыз келгенше атсалы­суға тырыстық. Нәтижесі белгілі. Тәуелсіз елдің жаңа Қарулы Күштері қалыптасты. Жаңа ұлттық кадрлар шықты. Жаңа өзің айтқандай, алғашқы Халық Қаһарманы атануымды сол кездегі сіңірген еңбегіме берілген лайықты баға деп қабылдаймын. Әскери маман, соғыс ардагері есебінде сонау генерал Берзарин кеудеме қадаған Кеңес Одағы Батырының «Алтын Жұлдызы» қандай маңызды болса, мен үшін Президент Н.Назарбаевтың өз қолымен кеудеме қада­ған Халық Қаһарманы белгісі де соншалық­ты ардақты. Тағдырына әскери адам болу жазылған мен сияқтылар үшін мұнан өткен қандай бақыт керек?!
– Кейбір сарапшылардың пікіріне қарағанда, кеңес әскері сапындағы әскери атағыңыздың генерал-лейте­нант болуы әділдік емес тәрізді. Өйткені кеңестік генералитетте, әскери маман­дар арасында сіздің өзіндік орныңыз, беделіңіз болғаны белгілі. Алайда Мәскеу сізді генерал-лейтенант атағы­мен ғана шектеді...
– Ол, әрине, бөлек әңгіме. Маған салса әскери маман атақ пен даңқ үшін емес, өз кәсіби борышы үшін ғана мүдделі болуы керек. Атақ пен марапат содан кейінгі ғана нәрсе. Қазіргі жас офицерлерге айтарым да сол. Кеңестік кезеңде Одақтағы ең ірі әскери округ командашысының бірінші орын­басары болдым. Әлемді ашса алақа­нын­да, жұмса жұдырығында ұстап отырған қуатты державаның Қарулы Күштері жағдайында ол да оңай шаруа емес, біле білсең.
–Қатарларыңыз да күн санап сиреп келеді. 60 жылдықты күні кеше ғана атап өткен сияқты едік. Осыдан бірер жыл бұрын Ұлы Жеңістің 60 жылдығын­да Біріккен Ұлттар Ұйымы деңгейінде өткен салтанатты жиында сізден басқа бірде-бір кеңестік генералды көре алмадық. Сол жайында не айтасыз?
– Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай Біріккен Ұлттар Ұйымының отырысында өткен салтанатты жиында, яғни Нью-Йорк қаласында бұрынғы өзіміздің әскери одақтасымыз Америка Құрама Штаттары­ның басшылығымен салтанатты жиын өткені рас. Оған қатысушылар ортасындағы жалғыз кеңестік генерал болғаным да өтірік емес. Сол жиында мен бүкіл Кеңес армиясы атынан жалғыз өзім сөз сөйледім. Ол да ерекше айтып өтерлік оқиға. Сол жолы мойныма үлкен жауапкершілік жүктелгенін де сезіндім. Өйткені Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің бас иесі, шынында да, біз едік. Өзгелер өз-өзінен екінші планға ығысатын. Өйткені сол соғыста ең зор адам шығынын бастан өткерген де – Кеңестер Одағы. Сөйткен жеңімпаз елдің әскери генералы есебінде Біріккен Ұлттар Ұйымы деңгейінде сөз сөйлеудің, халықаралық мінберге көтерілудің өзі де оңай емес. Оны да ұмытуға болмайды.
– Сағадат Қожахметұлы, өзіңіз сияқты ардагерлерге қатысты сұхбат­тардың бәрінің  майдан даласына ай­на­­лып соға беретіні де белгілі. Жоғары­да сіздің батальон командирі есебіндегі ерліктеріңіз туралы айтып өттік. Әрі сіз басқарған батальон Германия аума­ғын­да әскери әрекеттерін бастаған. Одан соңғы соғыс амалдары туралы не айтасыз? Есіңізге бәрінен бұрын көбірек сақталған жағдай не?
– Өрімдей жас кезімде батальон басқарғаным рас. Кеңес Одағы Батыры атағын да дәл сол кезде алдым. Бірақ мені ол кезде бәрінен бұрын соғыс амалдарының өз елімізде емес, Германия аймағында жалғасқаны қуантатын. Әрі біз сол кездің өзінде-ақ соғыстың өз пайдамызға аяқта­латынын білдік, сезіндік. Сондықтан әскери рухымыз да биік еді. Бәрінен бұрын есімде қалғаны – Гитлердің империалдық кеңсе­сіне жасалған шабуыл. Бұл жай ғана опера­ция емес. Бүкіл Ұлы Отан соғысы тарихын­дағы кеңес әскерінің ақтық әрі айтулы соғысы болатын.
Біздің дивизия қашанда әскери әрекеттердің ең қауіпті жерлеріне, от аранына жіберілді. Содан төрт жыл бұрын біздің елге жасалған соғысқа басшылық жасаған кеңсеге шабуылдау, шынында да, ерекше оқиға еді. Біз фашистік Рейхтың қара шаңырағын нысанаға алдық. Батальон мен империя кеңсесіне дейінгі аралықты нысанаға алдық. Арада қираған үйлердің үйінділері ғана жатты. Ұрыс кезінде сарай­дың әрбір метрі мен үй орнындағы үйінді­лерді басып алудың өзі үлкен күшке түсті. Ол маңайда нағыз көксоққан эсесшілдер бекініп жатқаны белгілі. Және олардың бәрі Гитлер күзеті мен империялық сарай кеңсесінің барып тұрған баскесерлері екені анық. Жауынгерлер осыны біле тұра, ұрысқа ұмтылды. Өйткені жаумен жағаласта мерт болған әрбір полктасының аянышты өлімі қай-қайсысының да жүрегін қан жылатып, көкірегін кекке суарды...
Бұлар ұрыс қимылдарын үдете түседі. Полкке қоса берілген артиллериялық диви­зион мен танктер да жауға күйрете соққы беріп жатады. Аса қуатты атыс толқынын бой тасалаған солдаттар фашистерді бекінген жерлерінен қуып шығып, баяу болса да алға жылжыды.
Ұрыс орны империя кеңсесінің ауласы мен бау-бақша маңайына ауысқан шақта батальон тығырыққа тірелген. Зеңбіректер мен танктердің бұл тұсқа тұмсық тіреуі мұң­ға айналып, атқыштар қуатты атыс қолдауы­нан қол үзді. Фашистер мұны бірден сезді де, қарсылығын күшейте түсті. Олар қосымша күш келгенше, өздері жайғасқан шепте бекініп жатады. Бірақ гитлершілдер де қарсы шабуыл жасауға әзір еместігін байқатқан. Өздерінің әзірге аса берік бекіністерін тастап кетуге қорыққан тәрізді. Кеңсе ғимаратына қарға адымдап жақын­дап келеміз. Күн кешкіріп барады. Гитлер­шіл­дер күтпеген жерден манадан бергі бораған атысты кілт тоқтатқан. Аяқасты орнай қалған тыныштық ешкімді қуанта қойған жоқ. Қай-қайсысы да осының өзі әлдебір аярлық емес пе деп айналасына қауіппен қарайды. Әккі эсестердің айлакерлігіне құрық бойламайтын... Мен қарсыластың құбылмалы мінез-құлқын байыппен бақылай отырып, атысты тоқтат­пау жөнінде бұйрық бердім. Атқыштар қараңғы терезелерге, шатыр астына, үңі­рей­ген есіктерге бағыттап, оқ жаудырып жатты. Сөйтіп, біз империялық концеляряны да алдық. Екі-үш күннен соң Екінші дүние­жүзілік соғыс та аяқталды, шырағым... Біз соғысуға емес, жеңуге мүдделі болдық әрі дегенімізге жеттік те...
– Әңгімеңізге рақмет.

Дерек
Армия генералы С.Қ.Нұрмағамбетов – Кеңес Одағының Батыры Алтын медалінің, Халық Қаһарманының «Алтын Жұлдызы» мен «Отан» орденінің иегері. «Октябрь революциясы», «Жауынгерлік Қызыл Ту» ордендерімен, «Қызыл Жұлдыз» орденімен (екі мәрте), «Еңбек Қызыл Ту» орденімен (екі мәрте) және ІІІ дәрежелі Қарулы Күштердегі «Отанға сіңірген қызметі үшін» орденімен марапатталған. С.Қ.Нұрмағамбетов сонымен қатар 60-тан астам медальдардың, соның ішінде: Кавказды, Варшаваны азат еткені үшін, Берлинді алғаны үшін, Ұлы Отан соғысына қатысушы медальдары­ның иегері. Әр жылдары Болгарияның «9 қыркүйек» орденімен, Польша­ның «Алтын крест» орденімен марапатталған.
Ақмола облысының, осы облыстың Ақкөл ауданының, Алматы қаласының Құрметті азаматы. Украинаның Донецк қаласының Құрметті азаматы. Ақмола облысының Ақкөл қаласында С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы көше, Астана қаласында С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» әскери мектебі бар.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста