Біз мұсылман елдерімен болатын байланысқа өте мұқият қарауға тиіспіз

Сайлау БАТЫРШАҰЛЫ, экономика ғылымының докторы, профессор, ҚР дипломатиясына еңбегі сіңген қайраткер:

– Сайлау аға, Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымымен (ИКҰ) алғашқы қарым-қатынасы қалай басталды?
– 1991 жылғы қараша айында Иран Ислам Республикасының сыртқы істер министрі Али Акбар Велаяти ИКҰ басшы­лы­ғының тапсырмасымен Орта Азия мұ­сыл­ман республикаларына арнайы са­пармен келді. Ондағы мақсаты – Душанбе, Ташкент, Ашхабад, Бішкек қалаларында болып, осы тәуелсіздігін жариялаған мемлекеттер басшыларына Сенегалда өтетін Ислам Конфе­ренциясы Ұйымының саммитіне қатысу үшін шақыра келіпті. 29 қарашада Тараз қаласында Президент Н.Назарбаев Иран министрімен кездесті. А.Велаяти Қазақстан Президентін Сенегал­дың аста­насы Дакар қаласында өтетін ИКҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының VІ кездесуіне шақырды. Бұл шақыру КСРО құрамынан бөлініп шыққан мұсылман ел­дері үшін өзімізді араб және ислам елдеріне толық танытудың орайлы сәті еді. Қазақстан әлі тәуелсіздігін жарияламағандықтан, Респу­б­лика басшысы бұл сапарға Қазақстан атынан қатысуды маған тапсырды.
– Бұл сапарды ұйымдастыруда Иранның еңбегі зор болған екен ғой?
– Иә, Иран үкіметі тек шақырып қана қойған жоқ, біздерге көлік жағынан жәрдем берді, айрықша ілтипат танытты. Мен желтоқсан айының 3-і күні рейс ұша­ғымен Алматыдан Бакуге жетіп, сол күні министр А.Велаятидің арнайы ұшағына отырдым. Бакуден менімен бірге Әзірбай­жан Прези­дентінің кеңесшісі Ф.Мұрадалиев және Әзірбайжан мұсылмандары бас мүф­тиі Шейх Паше-заде ұшты. Тегеранда бізді Иран­ның ресми адамдары күтіп алды. Олар­­мен бірге бұрынғы Кеңес Одағы елші­лігінің кеңесшісі Т.Сүлейменов және бір орыс дипломаты да бар. Сыртқы істер министрі А.Велаяти сол сәтте-ақ жергілікті журналистерге Орталық Азия Республи­ка­ларына барған сапары жемісті болғанын мәлімдеді. Иран астанасында бір күн бол­ғаннан кейін, желтоқсанның 4-і күні төрт моторлы үлкен «Боинг» ұшағымен Дакарға бет түзедік. Иран делегациясының өзі – 100-ден астам адам. Өзге елдерден 20 шақ­ты өкіл қосылды, олардың ішінде Ау­ғанс­тан­дағы Кеңес әскеріне қарсы соғысып жатқан Ауғанстан ұлт-азаттық үкімет бас­шы­лары болды. Иран делегациясын Пре­зидент Хашеми Рафсанджани өзі басқарып барды. ИКҰ жарғысына сәйкес, ресми делегация құрамында бес адам болуы қажет: мемле­кет не үкімет басшысы, сыртқы істер минис­трі, діннің бір өкілі. Кеңесшілері, жәрдем­шілері, хатшылары бар – делегация құрамы жиырма адамнан аспауы шарт. Бұл саммит­ке Иран елінің үлкен мән бергені соншалық – олардың делегациясы сан жағынан ең көбі болды. Жолсапар туралы айта кетсем, біз Азияның орталығынан ұшып шығып, Африканы түгел басып өтіп, Шығыс жаға­лауы­нан Атлант мұхитының жағалауына бір-ақ секірдік. Маршрут былай болды: Иран – Түркия – Сирия – Жерорта теңізі – Ливия – Алжир – Мали арқылы он екі сағат дегенде Сенегалдың астанасы Дакарға келіп қондық.
– Алғаш рет ұйымға мүше мем­ле­кеттер басшыларының саммитіне қатысқан кеңестік мұсылман рес­пуб­­ли­калары өкілін мұсылман елдері қалай қабылдады?
– Сенегалдықтар бізді өте жақсы күтіп алды. Ең қызығы, Әзірбайжан делегациясын және мені ирандықтардың алдын ала дайындатқан «Лагуна» қонақүйіне орна­лас­тырды. Ертеңінде саммитті ұйымдасты­ру­шылар одан да жақсы қонақүй дайындап қойыпты. Сонымен біздер екі бірдей жайлы да сәулетті мейманханаға ие болып қалдық. Бұл жолғы кездесу желтоқсанның 5-11-і күндері аралығында өтті. Алдымен 5-7 желтоқсан күндері сыртқы істер министр­лерінің кеңесі болды. Бұған мен де қатысып, алдағы мемлекет басшылары кеңесінің күн тәртібі мен талқылайтын мәселелерін қара­дық. 9 желтоқсанда ИКҰ-ға мүше 45 мем­лекет және үкімет басшыларының кездесуін осы конференцияның төрағасы, Кувейт әмірі Шейх Жабер Ас-Сабах сөз сөйлеп ашып, фатиха сүресі оқылды. Форумға 12 халы­қаралық ұйымның және БҰҰ-ның де­ле­­гациялары қатысты. Байқаушы ретінде Албания, Мозамбик, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы, Әзірбайжан және біздің Республикамыз қатысты. Ұйымның Бас хат­шысы Хамид Әл-Габид ұйымның үш жылда атқарған жұмысы жөнінде баяндама жасады. Қазақстан және Әзірбайжан деле­га­цияларының бірінші рет ИКҰ саммитіне қатысуға келгендігін бүкіл араб, мұсылман, батыс елдерінің ақпарат құралдары әлемге жария етумен болды. Расында да, ИКҰ-ның отыз жылдық тарихындағы бұл ең алғашқы қадамымыз еді. (Ұйым 1972 жы­лы құрыл­ған). Міне, содан бері бірінші рет бұл фо­рум­ға бұрынғы Кеңес Одағының мұсылман республикалары өкілдерінің келуі зор ынта туғызды. Ал сол күндерде Қа­зақстан тәуел­сіз­дігін әлі жариялаған жоқ-тын. Сондықтан бұл халықаралық сен­сация болды. ИКҰ мемлекеттері бізді өздерімен тең дәрежеде қабылдап, форум­да сөз сөйлеген оннан ас­там мемлекеттің (Түркия, Иордания, Пәкіс­тан, Иран, Индо­незия, Марокко т.б) басшы­лары Қазақстан мен Әзірбайжанның бұл мәжіліске қаты­суын құттықтап, қолдау көр­сетті, жан-жақ­ты жәрдем беретіндіктерін мәлімдеді.
– Ондай болса, осы бір тарихи оқиғаның қатысушысы болған біздің ИКҰ-ға жасаған алғашқы қадамымыздың басты мақсаттары туралы айта кетсеңіз?
– Әрине, ең  бастысы,   елімізді мұсыл­ман әлемімен етене жақындастыру еді. «Әлхамдулилла мұсылманбыз» дейтін қазақтың ұрпағымыз. Олай болса мұсыл­ман елдерімен байланыс орнату – біз үшін табиғи заңдылық. Мен сол сапарымда он шақты елдің делегация басшыларымен кездестім. 10 желтоқсан күні арнайы шақы­ру бойынша Түркия Президенті Тұрғыт Озал­дың қабылдауында болдым. Менімен бірге Әзірбайжан делегациясы қатысты. Әңгімеміз түрікше, қазақша, әзірбайжан тілінде араласып жатты. Біз түрік халықтары­ның ұлдары өз ортақ тілімізде сөйлесуге алдын ала президенттің хаттамасымен ке­ліс­тік. Француз, араб, орыс тілдерінде сөй­лесуден бас тарттық. Т.Озал ИКҰ-ға қа­тысқан қадамымызға ризашылығын біл­дір­ді. «Қазақстан КСРО-дан қашан шыға­ды?» деген сұрағына мен түсінік бердім. «Прези­дент Н.Ә.Назарбаев Республиканың тәуел­сіздігін алуға бел байлады. Ішкі және сыртқы жағдайды сараптап, Республикада басқа ұлт өкілдері тұратынын да ескеріп отыр. Ин­­шал­­ла, жақын арада бостанды­ғы­мызды жа­риялаймыз», – дедім. Тұрғыт Озал жаны­мыз­да тұрған Түркия сыртқы істер министрі Четинді шақырып алып, тап­сырма берді. Қазақстанның Тәуелсіздігін Түркия ең бірінші болып мойындап, құттық­тауы керек. Четин мырза Алматыда Түркияның ешқандай өкілдігі жоқ, Мәскеуде ғана елшілігінің бар екен­дігін баяндады. Сон­да Тұрғыт Озал Қазақ­станға арнайы Анкара өкілін, журналистерді жіберуге және түрік радио, теледидарының тәулік бойы Қазақ­стан хабарларын тың­дауын тапсырды. Сон­дықтан да Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесі Тәуел­сіздігін жариялаған сәттен бастап, бір сағат­тың ішінде Анкара­дан Президент Т. Озал қол қойған құттықтау жеделхат келіп түсті. Онда Түркия Республи­касының Прези­денті Қазақ­станның Тәуел­сіздігін әлемдік қауымдас­тық­тың толық субъектісі ретінде мойын­да­ғаны туралы айтылды.
Дакар қаласында Палестинаны азат ету ұйымының (ПАҰ) төрағасы Ясер Арафатпен де кездестім. Ол былай болды: түнгі сағат он екілер шамасында «Савана» қонақүйін­дегі телефон безектеп қоя берді. Тұтқаны көтерсем, ар жағындағы кісі өзін ПАҰ төра­ға­сының көмекшісімін деп таныстырып, ертеңіне сағат 8-де Я.Арафаттың менімен кездескісі келетінін хабарлады.
– Жеті түнде хабарлағаны қалай?
– Оның өзіндік сыры бар. Қай елге, қай жерге бармасын Я.Арафаттың қайда түней­тіндігі алдын ала айтылмайды. Себебі Из­раиль­дің «Моссад» барлау басқармасы үнемі Палестина халқы лидерінің ізіне түсіп, қалайда оның көзін жоюға әрекет жасаған. Сонымен, ертеңгісін сағат сегізде ПАҰ төра­ғасы орналасқан мейманханаға барып жолықтым. Я.Арафат Қазақстан мен Палес­ти­на арасында тікелей дипломатия­лық бай­ланыс орнату жөнінде тілек білдірді және өз елінің делегациясын Алматыға жібергісі келетінін айтты. Қазақстанның өзге араб әлемімен байланыстар орнатуына Палести­на­ның әрқашан да көмектесуге даяр екен­дігін атап өтті. Иә, Арафаттың араб, мұсыл­ман елдері арасында байла­нысы өте жақсы, беделі де жоғары еді. Кеңес заманында барлық сыртқы саясатты Мәскеу өз қолында ұстаған. Одақтас республикаларға шетел­дер­мен байланыс жасауға тыйым салынған. Сондықтан да Ясер Арафаттың ұсынысын мен елге орал­ған соң Президент Н. Назар­баев­қа жеткіз­ді­м.
Желтоқсанның 12-сі күні Иран Президен­ті Хашеми Рафсанджанидің қабылдауына шақырылдым. Ол кісі Иран мен Қазақстан арасындағы өзара түсіністік пен экономика­лық, мәдени қарым-қатынасты қолдай­тындығын білдірді. Сондай-ақ Ливия деле­гациясы басшысы Ахмед Аш-Шерифпен, Солтүстік Кипр Түрік Республикасының Президенті Рауф Денкташпен, ИКҰ Ғылым, оқу-ағарту және мәдениет мәселелері жөніндегі бюросының бас директоры, жал­пы, он шақты ресми кісілермен кездесіп, сұхбаттастым. Осының барлығы азаттығын алуға талпынып отырған еліміздің бола­шағы үшін әлемге Қазақстанды таныту мақ­сатындағы дипломатиялық әрекет еді. Қазақ­стан тәуелсіздікке жетуі үшін әлемдік форумды пайдаланып, араб мұсылман елдерінен қолдау табуы керек болды. Бұл миссия орындалды.
– Одақтас республикалардың алды болып, саммитке қатыстық. Қызу қолдауға, жақсы ықыласқа ие болыппыз. Олай болса, ИКҰ-ға неге ең соңынан мүше болдық?
– Иә, сол сапарда ұйымға мүше 45 мем­лекет, үкімет басшылары қазақ деген мұсыл­ман халық бар екенін білді. Қолдады, қуана қарсы алды. Тіпті олар біз ұйымға кіру тура­лы шешім қабылдасақ, келесі сам­митті күт­пей-ақ, басқа рәсімдерді қысқар­тып, ұйым­ға тіркейтіндіктерін жеткізді. «Орта­лық Азия­дан бірінші болып саммитке қа­тыс­тың­дар, бірін­ші болып кіріңдер» деді. Өкініш­ке қарай, бұл ұсыныс аяқсыз қалды. Кеңес идеоло­гия­сынан шыға қоймаған кейбі­реу­лер  бұл қадамға өре қарсы тұр­ды. «Ойбай, мұсыл­ман елде­рінің ұйымы­на кірсек, Мәс­кеу не дейді? Қы­тай не айтар екен?» деп, бұл мә­се­лені ысы­рып тастады. Осындай жел сөз­дердің ықпа­лында кеткен біздер бәрінен кешіктік. Өз­бе­к­­стан, Қыр­ғызстан, Тәжікстан, Түрік­менс­тан және Әзір­байжан Қазақстан­нан бұрын ИКҰ-ға мүше болып, бұл ұйым­ның көп қол­дауы­на ие бол­ды. Біз солардың ең соңынан, 1995 жылы ғана мүшелікке өттік.
– Осы кешігу Қазақстанға қаншалықты кері әсерін тигізді? Ұтылған тұсымыз қайсы?
– Ең алдымен, араб әлеміндегі елдер­мен болатын байланыстардың мәнін терең түсіне алмадық. Олар бізге, яғни жаңа ғана тәуелсіздік алатын елге үлкен сүйеніш бола­тын еді. Мәселен, сол конференция бары­сында Сауд Арабия королі Фахд Сенегал, Гвинея, Сомали, Жибути, Нигер, Камерун, Уганда, Камор мемлекеттеріне берілген       310 млн доллар қарыз ақшасын кешіріп, қайта­рып алмайтын болды. Бұған қоса корольдық «Иерусалимді азат ету қоры», «Ислам ынты­мақтастық қоры» және түрлі жоғары оқу орындарына он шақты мил­лион доллар сыйға тартты. Бұл ғана емес, Ливия, Кувейт – 10 млн доллардан, Оман, Біріккен Араб Әмірлігі, Катар тағы басқа елдер қаржы тапшылығын сезініп отырған мұсылман мемлекеттеріне мол көлемде жәрдем көр­сетті. Кездесуде бүкіл ислам әлемінің саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени салаларды қамтыған барлығы 30-ға жуық мәселелер талқыланды. Егер ұйымға Кеңес Одағы құрамында республи­калар арасынан алғашқы болып мүше бол­ғанда, біз қаржы­лық және саяси қол­дау­ларға ертерек ие болатын едік.
– Ислам Конференциясы Ұйымы маңызды қарар-шешімдер қабыл­дай­тын ұйым екені мәлім. Ұйымның әлемдік деңгейдегі танымалдығы мен ықпалы қандай?
– Ислам Конференциясы Ұйымы – Бірік­кен Ұлттар Ұйымынан кейінгі дүниежү­зіндегі екінші ең ірі халықаралық форум. Оның құрылымы БҰҰ құрылымынан алшақ кет­пей­ді. Ұйымға мүше араб елдерінің энер­гетикалық байлықтары, экономикалық әлеуеті өте жоғары. Сол жолғы саммитте ИКҰ АҚШ пен Англияның Ливияға қоқан-лоқы көрсетіп, әскери күш қолданамыз деп қорқытуын айыптап, арнайы қарар қабыл­дады. Және Израильден 1948-49 жылда­ры, 1967 жылы басып алған араб жерлерін қайтаруды және БҰҰ шешіміне сай, Палес­тина мемлекетінің тәуелсіздігін қалпына келтіруді талап етіп, арнайы резолюция қа­былдады. Израиль жүргізіп отырған халы­қаралық экстремистік сионизм идео­ло­гиясын бір ауыздан айыптады. Мұсылман елдері басшылары жиналған сол саммитке КСРО-ның бұрынғы президенті М.С.­Гор­ба­чев құттықтау телеграмма жолдап: «Біздің сырт­қы саясатымыздың басты маңызды бағыт­тарының бірі – ислам мемлекеттерімен жақ­сы іскер қатынастарды дамыту. Дакар қаласында ИКҰ елдері басшыларының кездесуі – халықаралық өмірдегі аса көр­некті оқиға», – деп бағалаған еді. Осы орай­да есіме халықаралық саясатта өзіндік орны бар тұлғаның бағасы түсіп отыр. Яғни сол кездегі КСРО сыртқы істер министрі Э.Ше­вер­надзе Қазақстанның ИКҰ саммитіне қатысу шешімін бірден қолдады. «Бұл шешімдеріңіз орынды. Барғандарыңызды біз де қолдаймыз. Қазіргі таңда ИКҰ – прогресшіл халықаралық ұйымдардың бірі», – деген еді. Бүгінде Ислам Конферен­циясы Ұйымына Азия, Африка, Еуропа құр­лықтарының үлкен географиялық ай­мақ­тарын мекендейтін 57 мемлекет мүше. Халық­тарының жалпы саны 1,5 миллиард адамды құрайтын ұйымға мүше елдер Жер шарының алтыдан бір (32,4 млн шаршы км) бөлігін иемденеді. Қазір аталмыш ұйымға мүше 45 елдің (12 кедей елді қос­пағанда) жиынтық алтын-валюта қоры 981 млрд АҚШ долларын құрап отыр. Олардың табиғи ресурстары да өте бай. Бұл көрсеткіш бойынша ұйымға мүше ел­дер қазір әлемдік жер байлығының 65 пайы­зына қожалық етіп, шикізаттың 45 пайызын өндіреді. Бұның өзі – ұйымның әлеуе­ті мен пәрменін анықтай түсетін фак­торлар. ИКҰ өзіне мүше елдердің бостан­дығын, территориясын сақ­тап қалуға жәр­дем береді, мұсылман елдер арасындағы жанжалдарды өзара бітімге шақырады.
– Ұйымның алдында тұрған негізгі міндеттерге қысқаша тоқтала кетсеңіз?
– 2001 жылғы 11 қыркүйек Нью-Иорк­те­гі 110 қабатты екі биік ғимарат жарыл­ған­нан кейін Америка, Батыс елдері ислам­ды қаралауды үдете түсті. Әртүрлі лаңкестік әрекеттермен байланыстырды. Бұл тұрғыда ҚР Президенті Н.Назарбаевтың бірнеше рет түрлі экстремистік, лаңкестік әрекет­тер­дің ислам дініне қатысы жоқ екенін ашып айтқанын да еске сала кетейік. Ал исламға қарсы шабуылдың күшеюіне байланысты 2005 жылы қыркүйекте Мекке қаласында Сауд Арабия королі Абдалла бен Абдел Азиздің бастамасымен ИКҰ-ға мүше мем­лекеттер басшыларының төтенше саммиті шақырылып, сол жиында ұйымның 2006-2016 жылдарға арналған онжылдық іс-шаралар жоспары қабылданды. Мұсылман қауымының «Жол картасына» баланған бағдарламаның әлемдік ауқымы зор бол­ға­ны анық. Бүгінде кейбір мұсылман мем­лекеттері – кедейшілік құрсауында. Оған нашар білім беру мен мешеу денсаулық сақтау жүйесін қосыңыз. Және ауыр демо­графиялық жағдай, жұқпалы аурулар, сон­дай-ақ лаңкестікпен күрес мәселелері, есірт­­кінің заңсыз айналымы, сыбайлас жемқорлық дертінен қатты зардап шегуде. Ксенофобия мен исламофобия, нәсілшілдік әрекеттер, есірткі айналымы мен заңсыз миграциямен күрес, мұсылмандардың ба­тыс қоғамына бейімделуі және әлемде өріс алған исламға қарсы қитұрқы әрекеттер мұсылман елдері алдында тұрған өткір мәсе­лелер еді. Осыған байланысты түрлі салаларда ИКҰ жұмысын реформалау да жаңағы онжылдық бағдарламаның ішінде қамтылған.
– Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары араб елдері бізге қандай қаржылай көмектер көрсетті деуге болады?
– Тәуелсіздік алғаннан кейін бастапқы жылдары Қазақстанның қаржы, эконо­микасы қиын жағдайға ұшырады, оған қоса тез арада мемлекет астанасын Алма­тыдан Ақмолаға көшіруге байланысты біз шетелдік валютаға мұқтаж болдық. Міне, сол кезде Батыс елдерінің компаниялары біздің фа­б­ри­ка, зауыттарымызды арзанға сатып алып жатқанда, нағыз жәрдем ИКҰ мүшелері – араб мемлекеттерінен келді. Парсы шыға­на­ғындағы елдер елордамызды көшірген кезде 100 миллионнан астам доллар қар­жылай тегін көмек берді. Сауд Арабиясы         15 млн долларға Астанада Парламенттің Сенат ғимаратын тегін салып берді, Астана – Қара­ғанды автомобиль жолын салуға     12 млн доллар жеңілдеткен несие бөлді, Оман 10 млн долларға Салта­нат сарайын және басқа да жоба құрылыс­тарын тегін салды. Катар Мемле­кеті – Нұр-Астана мешітін, Кувейт Астана қалалық әкімшілігі ғимараты­ның құрылыс қаража­тын бізге сый ретінде берді. Басқа да мұсылман мемлекеттерінен қазақ­тар көп жәрдем алды. Ал Таяу Шығыста араб­тарға қысым жасап, Палестина жерін басып алып отырған әскери күш иесі Из­раиль Қазақстанға ешқандай жәрдем бер­ген жоқ. Қайта бізге ескі, істен шығып қалған қару-жарағын сатып, 42 млн долларды Қазақстан бюджетінен қағып алды.
– Биыл араб елдерінде үлкен оқиғалар орын алды. Египетте өтуге тиіс ИКҰ саммитінің жайы не болды?
– ИКҰ мемлекет басшыларының ХІІ саммиті 2011 жылы наурызда Египеттің Шарм Аш-Шейх қаласында өтуі тиіс еді. Шындығында, бұл саммиттің қашан өтетіні әлі белгісіз. Негізі, уақытын созбай басқа елде өткізу мәселесі айтылған еді. Бірақ көптеген араб елдері Египеттің ислам әле­мі­н­дегі өзіндік үлесі мен еңбегін ескере отырып, саммиттің өтетін орнын өзгертпеуді шешті. Оның үстіне саммит Египетте тұңғыш рет бо­ла­йын деп отыр. ИКҰ-ның онжылдық бағ­дарламасының орындалу барысы да осы сам­митте қаралуы керек болатын. Енді осын­дай қордаланған мәселелердің бәрі Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер ми-нис­тр­лерінің кеңесіне қалатын болды. Яғни Қазақстанға түсетін салмақ көбейді. Қазіргі күні министрлік осыған қа­жетті ұйымдастыру және хаттамалық жұмыс­тарын дайындап жатыр. Осы сәуір-мамыр айларында ИКҰ штаб пәтері Джидді қала­сын­да Қазақстанның сыртқы істер министрі орынбасарының қатысуымен лауазымды тұлғалардың кезде­суін өткізу жоспарланып отыр. Сонда Қазақ­стан ресми түрде Ислам Конференциясы Ұйымының Сыртқы істер министрлер кеңе­сінің төрағасы болып бекітіледі. Араб әлемін­дегі революциялар, халық толқулары, хрис­тиан­дық экстремис­терден исламды қорғау мәселелері қарал­мақ.

Алашқа айтар датым...
Біз мұсылман елдерімен болатын байланысқа өте мұқият қарауға тиіспіз. Біресе еуразиялықпыз дейміз, бірде Еуропаға жол дейміз. Тіпті сол Еуропа­ның ең кішкене мемлекеті Ватиканға дейін дипломатиялық өкілдігімізді аштық. Ал бүкіл араб елдерімен тек Египетте орналасқан елшілік арқылы байланысамыз. Шынында, елшілік не өкілдік жоқ болса, мұсылман мемле­кет­тері­мен байланыс дамымайды. Мұсылман елдері бұны байқап отыр. Әрі азиялық, әрі түрік, мұсылман және ИКҰ-ға мүше біздің әр қадамымыз – олардың назарында. Ертең бір жағдай бола қалса, ең алдымен көмектесетін, қаржылай, тіпті адам күші арқылы көмек беретін бауырлас мұсылман елдері болады. Сондықтан Ислам Конференциясы Ұйымы арқылы олармен байланысты барынша нығайта түскен ләзім. Төрағалықтың сәтті өтуі де соған байланысты.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста