Раушан Елемесов, экономика ғылымының докторы, профессор:
– Раушан аға, Елбасының халыққа биылғы Жолдауы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында жария етілді. Егемендікке қол жеткізгеннен бері жүріп өткен жолымыз осы Жолдауда нақты көрсетілгені анық. Әлбетте, кез келген мемлекет биік белесті бағындырғанда өткенге көз тастап, сол арқылы болашағын бағамдайды. Ал халықтың күнкөріс деңгейін көрсететін деректерге қатысты есеп-қисап жүргізгенде, сіздіңше, қандай критерийлерді басшылыққа алған жөн?
– Иә, жуырда Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Оны бәріміз тыңдадық. Осы Жолдауында Елбасы соңғы жылдары экономика саласында, әлеуметтік салада, халықаралық деңгейде және өзге де жетістіктеріміз жөнінде қысқа ғана айтып өтті. Қарап отырсақ, шынымен еліміз мақтанатындай-ақ белестерге жеткен. Оның ішінде біздегі жалпы ішкі өнімнің жан басына шаққанда 9 мың доллардан асып кеткені айтылды. Өзім экономист болғаннан кейін мына жайтқа назар аударғым келеді. Елдің ішкі дамуы тұрмақ, жалпы адамның өзін-өзі бағалауы өте қиын. Біз әр уақытта еліміз жақсы дамып, жылдан-жылға жұрттың табысы, тұрмыс деңгейі жоғарылап келе жатыр деп заңды түрде мақтана аламыз. Ал, шындығында, өзіңнің қандай күйде екеніңді білгің келсе, онда басқалармен салыстырған жөн болады. Қазақтың қара шаңырағы ҚазҰУ-дің халықаралық қатынастар факультетіндегі біздің кафедра «Әлемдік экономика» деп аталады да, біз мемлекеттерді әртүрлі экономикалық көрсеткіштері жағынан салыстырмалы түрде қарастырып отырамыз. Міне, менің қолымдағы мәлімет – елдердің экономикалық даму деңгейін айқындаған Дүниежүзілік банктің ресми рейтингі. Бұл өзі бес жылда бір рет қаралады. Мынау – соңғы өткен 2010 жылғы әлем елдерінің жан басына шаққандағы табысының көрсеткіші. Әдетте, әлем топтары төрт топқа – жоғары, жоғары орта, орта және төмен орта топ деп бөлінеді.
Қазақстан 90-жылдардың аяғына дейін орта төмен топта болса, қазір жоғары орта топта. Дүниежүзілік банктің көрсеткіші бойынша біздегі жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 6740 долларды құрайды. Сонда жалпы тізімде біз 90-орында, жоғары орта топта 20-орындамыз. Енді көршілермен салыстырып көрелік. Мәселен, Өзбекстанда ЖІӨ жан басына шаққанда – 1100 доллар, бізде – 6740. Демек, Өзбекстаннан 6 есе жоғары деген сөз. Қырғызстан 178-орында – 870 доллар, Тәжікстан – 700 доллар, сонда бізден 10 есе төмен.
Мен бұл деректі бекерге келтіріп отырған жоқпын. Өзіңізге белгілі, қоғамда елдің экономикалық-әлеуметтік дамуы туралы әртүрлі көзқарас бар. Үкіметті қолдайтындар заңды түрде жеткен табыстарын бірінші орынға қояды. Оппозиция, керісінше, жетістікті кемітіп, тиімсіз жақтарын көбірек алға шығаруға тырысады. Ал ғылымда біз объективті болмасақ, ол ғылым емес. Елдің жетістіктерін объективті түрде бағалағымыз келсе, өзімізді дамыған мемлекеттермен, не болмаса, жетістіктерімізді арттыру үшін Африканың артта қалған мемлекеттерімен салыстыру ғылыми тұрғыда дұрыс емес. Біз өз деңгейімізді шын мәнінде бағалағымыз келсе, алдымен көршілермен салыстырмалы түрде қарастыруымыз қажет. Өйткені біз осыдан 20 жыл бұрын бір мемлекетте өмір сүрдік. Демек, орта деңгей – бәрімізде бірдей болды деген нәрсе. Бәріміз стартқа бірге шыққанбыз. Биыл 20-шы жыл. Нәтиже әртүрлі.
– Бірақ Дүниежүзілік банктің мәліметі өзімізде жарияланған мәліметтен төмен ғой. Мұны қалай түсіндіресіз?
– Иә, халықаралық мәліметке қарағанда біздің мәлімет жоғарылау. Бірақ ол асырып көрсеткендік емес. Өйткені әр елдің өзінің есептеу жүйелері бар. Соған байланысты халықаралық көрсеткіш пен ұлттық көрсеткіш бір-бірімен сәйкес келе бермейді. Қайткенде де Тәуелсіздік алғаннан бері еліміз әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жағынан посткеңестік кеңістікте ғана емес, дүние жүзінде алдыңғы қатарлы динамикалы елдердің біріне айналды. Оны ресми халықаралық және ұлттық көрсеткіштер дәлелдейді.
– Өткен ғасырдағы 70-жылдардың соңында түрік экономикасы тығырыққа мықтап тірелгенде, сол кездегі үкіметтің Бас уәзірі Сүлеймен Демирел «Түркия 70 цент инвестицияға зәру» деген екен. Түріктер капитализмге бөтен емес. Ал 70 жылдық социалистік жүйеден нарыққа көшкен Қазақстанға шетелдік инвестицияның әсері қандай?
– Жаһандану заманында әр елдің дербес дамуы мүмкін емес. Қазақстанның объективті түрде көрсеткіштері жақсы болса, ол тек ішкі экономикалық саясат қана емес, сыртқы экономикалық саясатты да елге тиімді болатындай қолдана білгеніміз. Жаһандану деген түсінікке әркім әртүрлі қарайды. Біреулер жақтайды, біреулер қарсы. «Антиглобалистер қозғалысы» деген бар. Бірақ әңгіме ол туралы емес. Қазақстанның жетістікке жетуіне әлемдік экономиканың ықпалы зор. Президенттің Жолдауында ең бірінші көрсеткіштердің қатарында «Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасына 120 млрд доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды» деген дерек бар. Қазақстанның өзінің ресми санағы бойынша 2010 жылғы жалпы ішкі өнім шамамен 128 млрд долларды құрады. Сонда осы Тәуелсіздік жылдары біз елге өзіміздің жылдық ішкі өнімімізбен салыстыруға болатындай көлемде шетелдік инвестиция тартыппыз. Экономикада сіз ақшасыз ештеңе тындыра алмайсыз. 120 млрд доллар – үлкен ақша. Шетелдік инвесторлар ішкі ахуалы тұрақсыз елге қомақты қаржы салмайды. Бұл да Қазақстанның үлкен көрсеткіші деуге болады. Ал жаһандану заманында шетелдік инвестицияның түрлері де көп. Оның ішінде халықаралық қаржы нарығы, халықаралық валюталық қатынастар, тағы сол сияқты мәселелер шығады. 2008 жылдан бастап әлемдік экономика дүниежүзілік қаржы дағдарысына ілінді де, ол біздің еліміздің даму қарқынына кері әсерін тигізді. Сондықтан ішкі әлеуметтік, саяси тұрақтылыққа қоса, бізге әлемдік экономикалық тәртіптің де тұрақты, анық болғаны өте қажет.
– Ғаламдық экономикалық тәртіп демекші, бұрын әлемдік саяси жүйе екі өрісте өмір сүргенде экономикалық қарым-қатынастар басқаша-тұғын. Ал қазір коммунистік партия басқаратын Қытайдың өзі нарық заңымен өмір сүреді. Жаһандық экономикадағы соңғы дағдарыс әлгі тәртіпті түбегейлі өзгерту керек деген мәселені күн тәртібіне қойды. Алайда биылғы Давос форумы бұған пәтуалы пікірін айта алмады. Тіпті биыл оған айтарлықтай көңіл де бөлінбей қалған сияқты. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Дүниежүзілік экономикалық тәртіп деген – өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап шыққан үлкен мәселе. Әртүрлі топтар, ұйымдар, ресми, бейресми ұйымдар бар. Әлемдік экономикалық дамуды сараптаушылар да жетерлік. Олардың ішіндегі ең беделдісі – жыл сайын өтетін Давос экономикалық форумы. Өткен айдың аяғында кезекті форум болып өтті. Бірақ биыл шынында да әртүрлі әлемдік оқиғалардың ішінде Давос көзге де түспей қалды. Оның себебін қазіргі әлемдік экономиканы әрмен қарай дамыту, тұрақтандыру туралы концепцияның жоқ болғандығынан іздеу керек шығар. Соңғы екі жылда әлемдік экономикалық деңгейде өте көп конференция, симпозиумдар өткізілді. G 8 (үлкен сегіздік), G 20 (үлкен жиырмалық) та бас қосты. Дағдарыстың шығу себептері, шығу жолдары қалай, дағдарыс аяқталған соң әлемдік экономика қалай дамиды, валюта жүйесі қандай болуы қажет, халықаралық валюта қатынасы қайта қаралу керек пе, АҚШ долларының тағдыры, күшейіп келе жатқан Қытайдың жағдайы не болады, оның әлемдегі орнының өзгеруі халықаралық экономикалық тәртіпке не алып келеді деген сияқты көптеген сауалдар жауапсыз қалып отыр. Әрине, дүниеде экономика саласында қарастыра берсе, әрбір үлкен мемлекетте, елдер топтарында (біз аймақ дейміз), экономикалық дағдарыстан шығу жолдары, АҚШ долларының үстемдігінен құтылу жолдары қалай деген көптеген мәселе бар. Бірақ жауап жоқ.
Өзім биылғы Давостан ештеңе күткен емеспін. Себебі қазір барлық елдің басын қосатын ортақ идея жоқ. Ол да белгілі нәрсе – адамның іс-әрекеті жақсы жүріп келе жатқанда қайшылықтар онша көзге түсе қоймайды. Қиын кезеңде, дағдарыс болғанда, әлем елдері үшін қандай мәселе ортақ, қандай мәселелер бағалы екені айқындалады. Бірақ әлемге ортақ идея жоқ. Мемлекет аралық экономикалық мүдделердің алшақтығы мен біркелкі көзқарастың жоқтығы бізге белгілі. Меніңше, арада ондай ортақ идеяның пайда болуы да қиын. Өйткені халықаралық сауда, халықаралық экономикалық қарым-қатынас дегеніңіз валюталық қарым-қатынассыз еш уақытта іске аспайды. Валюталық қатынас – халықаралық қатынастардың ең маңызды бөлігінің бірі. Әлемдегі дамыған немесе экономикалық қуаты жағынан өте күшті мемлекеттің валюталық саясаты басқа елдерге өз ықпалын тигізбей қоймайды. Қазір АҚШ долларына қарсылар көп. Бұл – Ресей, Қытай ғалымдары, көптеген саяси қайраткерлердің де аузынан шығып жүрген мәселе. Доллардың әлемде үстемдік етуі ешкімге ұнай қоймайды. Өйткені валютасы үстем ел әлемдік экономикада бірқатар артықшылықтарға ие. Оның өз мәселесін шешу жолында басқа елдер қолдана алмайтын құралдары бар. Бұл да басқа елдерге ұнап отырған жоқ. Бірақ әңгіме АҚШ долларының біреулерге ұнамағанында емес, одан басқа құралдың жоқтығында. Ұсыныс көп. Біреулер болашақта юань, евро басым болады дейді. Ондай пікірмен келісу қиын. Евроның жағдайы төмендеп барады. Қытай юаны да жақын арада көтеріле қоймас. Бұл арада әңгіме Қытайдың экономикалық қуатында емес, әңгіме Қытай үкіметінің валюталық саясатында. Қытай экономикалық даму қарқыны жоғары болғанымен, дүниежүзілік экономикалық қуаты жағынан ІІ орынға шыққанымен, ұлттық валютасы осы күнге дейін АҚШ долларына тіркелген. Ол тіркеуден кетіп, евромен, не жапон иенасымен ашық бәсекеге түсе қалса, Қытайдың валюталық саясаты басқаша болады. Ондай жағдайда өзінің көптеген экономикалық артықшылықтарынан айырылуы мүмкін. Сондықтан қытай үкіметі жағдайды жақсы түсінеді де ондай шешуші іс-қимылға бара қоймайды.
– Ал ТМД аймағында ортақ валюта енгізу мүмкін бе?
– Әлемдегі экономикалық үрдістердің қазіргі бір бағыты – аймақтық валютаға қатысты әңгіме. Экономикалық қауымдастық, Кеден одағы, экономикалық одақ атаулының ортақ валютаға көшуіне көп шарт қажет. Оған жол ұзақ болады. Бір-екі валюта ғана үстемдік құрған кезде көп ел ортақ валютаға талпынады. Ол экономикалық потенциалы жағынан да, өзінің халықаралық экономикалық қатынастарының көлемі жағынан да валюталық саясатқа тигізетін әсері өте көп. Сондықтан ұлттық валюталар халықаралық жетекші валютамен бәсекелес бола алмайды. Аймақтық валюталарды жақтаушылардың ойында – егер біз экономикамызды біріктіріп, ортақ валюта құрсақ, басқа валюталарға қарсы тұра аламыз деген үміт. Ортақ валютаға жету үшін не керек? Ортақ валютаға кірген соң ертең елдің жағдайы қалай болады, ол кімге тиімді, кімге тиімсіз болады деген қырын ашып алуымыз керек. Экономикалық әдебиеттерде де ол жөнінде көп ештеңе айтылмаған.
Европа одағының дамығанына жақында 60 жыл толады. Ал ортақ валютаға жету үшін оларға жарты ғасыр уақыт қажет болды. Дағдарыстан кейін евро шынымен доллармен тайталасып, долларды халықаралық экономикалық секторлардан ығыстыра бастады. Статистикасын қарасақ, евро шынымен дүниеде доллармен тайталаса алатын жалғыз валюта болатын. Дағдарыстан кейінгі евроның жағдайын болжай қою өте қиын. Оның себебі, евро валюталық кеңістігіне енген елдердің даму деңгейі де, олардың әлеуметтік қорғау жүйелері әртүрлі. Сосын ондай валютаны кіргізу үшін барлық әлеуметтік қорғау жүйелері, салық жүйелері, көптеген мәселелер бір-біріне өте жақын, сәйкес болуы қажет. Әр елдің демографиялық жағдайы, халықаралық қатынастары, міндеттемелері әртүрлі болғандықтан көптеген қайшылық тууы мүмкін.
Қалай болғанда да, әлеуметтік-экономикалық даму еш уақытта тұрақты, біркелкі болуы мүмкін емес. Әрбір жеке адамның өмірі сияқты, елдердің экономикалық дамуында өзінің белестері бар. Біреуі биік, біреуі ой дегендей. Сондықтан уақытша қиыншылық болса, оған да ашық көзбен қараған дұрыс. Пессимизмге ұрынудың қажеті жоқ. Елімізді алға жылжытамыз, алға ұмтыламыз десек, жалғыз халықаралық емес, ішкі саясат та шетін қалмауы тиіс.
– Қалай десек те, әлі толық аяқталмаған дағдарыс экономикаға қаржы емес, адамның басты капитал екенін көрсеткендей. ХХІ ғасырда білім мен ғылымға сүйенген адам әлеуетінің экономикаға қосатын үлесі қандай болмақ?
– Расында, жаһандану заманында басты капитал адам десек, ал адамның капиталы – білім. Тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамудың негізінде жатқан білім жүйесі деп саналады. Біздің Президентіміздің Жолдауында да бұл салаға, оның ішінде ЖОО қалай дамиды деген мәселеге көп көңіл бөлінген. Классикалық негізден зерттеу университеті дейтін жүйеге көшіп жатырмыз. Бұл да – үлкен талпыныс. Қазіргі дүниежүзінде ғылыми даму, білім деңгейінде ондай университеттердің алатын орны ерекше. Америкада мыңдаған университет болса, зерттеу университеттері 200-ден аспайды.
Әр істің өз қиыншылықтары болады. Басшылық көмек қолын созып, алға қойған мақсаттарды жүзеге асыра алсақ, қара шаңырақ халықаралық деңгейге көтерілетін университетке айналады. Таяуда ғана «Экономика-бизнес» факультетінде ректордың шешімімен «Экономикалық зерттеу» дейтін орталықтың тұсауы кесіліп, ол өз жұмысын бастады. Бұл орталық тек қана университеттің, факультеттің білім деңгейін көтеріп қоймай, елдің экономикалық дамуына болашақ үлкен үлесін қосады деген үміт бар. Рас, елімізде экономикалық зерттеу институттары, ресми, бейресми орталықтар көп. Біздің мақсат – беделді университеттің, осындағы экономист мамандардың әлеуетін пайдалана білу. Өйткені өзара бәсекелестік жағдайында ғана ғылым дами алады. Бұл жағынан мен де болашаққа оптимизммен қараймын.
Бір пікір
Әлемдік нарықта шикізат бағасы ешқашан тұрақты болған емес. Соңғы жарты ғасырды алып қарасақ, энергетикалық шикізат дағдарысы болып тұрды. 60-жылдары мұнайдың бағасы 2 доллар болса, дағдарыстың алдында 200 долларға көтерілуге сәл-ақ қалды. Ол жалғыз мұнайға ғана қатысты емес. Әлемдік экономикалық даму циклдеріне орай шикізатқа сұраныс азайып-көбейіп, соған қарай шикізат бағасы да ауытқып тұрады.
Әлемдік экономика ішінде Қазақстан сияқты өзінің экономикалық дамуында табиғи ресурстарға сүйенетін елдер бір топқа жатады. Біз онда жалғыз емеспіз. Табиғи ресурстарын өз болашағына жаратқысы келетін елдер бар. Бірақ олар қандай саясат жүргізуі керек, мәселе сонда. Үкіметтің тұрақты белгіленген экономикалық саясатында белгілі бір ерекшелік болуы керек. Бізде Ұлттық қор құрылған. Ол экономикалық даму циклі жағынан «қауіпсіздік құралының» рөлін атқарады. Баға жоғары деңгейге көтерілгенде біз өзімізге қор жасап, шикізат құны төмендеген кезде оны тиімді пайдаланамыз. Экономикалық саясат Үкіметтің қолында. Сондықтан ол әлемдік экономиканың ерекшеліктерін ескеріп, соған орай өзінің экономикалық саясатын реттеп отырады.