Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:
– Смағұл аға, сіздің соңғы жазған кітабыңыз «Қиямет-қайым ғасырын» оқығанда кәдімгідей толқып, үлкен ойға қалдық. Себебі сіз онда діни наным-сенім, түрлі заманалар жайлы, айналада болып жатқан құбылыстар туралы сараптап, адамзатты тәубесіне келуге шақырыпсыз. Әсіресе Ф.Ницщенің ХІХ ғасырда «Құдай өлді» дегеніне ХХ ғасырда әйгілі жазушы Достоевскийдің «ХІХ ғасырда Құдай өлсе, онда ХХ ғасырда Адам өлді» дегені саналы жанның ойланбасына қоймайды. Қай заманда да өз тұсына баға берген ойшылдар табылады. Осы тұста сіз бүгін біз өмір сүріп жатқан мына ғасырға қандай тұжырым жасап, қандай баға берер едіңіз?
– Өзі өмір сүретін қоғам мен заман жайлы ойланбайтын ойлы адам болуы мүмкін емес. Кез келген ойлы адам осы екі ұғыммен қатар, сол заманда өмір сүріп жатқан ұрпағының болашағы туралы ойлары анық. Тілге тиек болып отырған «Қиямет-қайым ғасыры» – сондай ойдан туған еңбек, яғни менің тек қана жазушы емес, өз заманымыз туралы, дініміз туралы ой толғауым еді. Бір жағынан, онтология, яғни Құдайтану, екінші жағынан, теология – дінтану, сондай-ақ бұл – эссе, яки ой. Жоғарыдан келген бұйрық болар, осы кітапты жазу үстіндегі келген ойлар ақ қағазға тізбектеле берді. Енді қазіргі заманға келер болсақ, шынында да, біз өмір сүріп отырған ғасыр бұл – жай ғасыр емес, жалпы адамзаттың тарих алдында есеп беретін, қорытынды шығаратын ғасыры. Егерде ол қорытынды шығара алмаса, бұл ақыры қиынға апарып соғатын қиын ғасыр болу қаупі бар. Өйткені қасиетті Құран Кәрімде және оған дейінгі киелі кітаптарда да айтылған заманақыр жайлы болжамдардың көптеген белгілері біздің көз алдымызда көлбеңдеп жүр деп айтуға негіз бар. Ең қиыны – адамдардың ниеті өзгеріп, құндылыққа деген көзқарасы өзгеріп, адамдар құнығып кетті. Бұл құбылыс қайдан, қалай өрбіді дер болсақ, түп-тамырын сонау XVI ғасырдан табатындаймыз. Себебі сол тұстан бастап Батыс әлемінде империализм дүниеге келе бастады. Негізі, қандай да болсын өркениет өз бастауын қару шығарудан алады. Бертін келе, адамзат сол қаруды су жолымен, басқа да шалғай жолдармен жеткізетін кеме, пойыз сияқты көлік түрлерін ойлап тапты. Сол бағытта кей елдердің араны ашылып, өздерінен әлсіздеу елдерді жаулап алуға кірісті. Мұны империализмнің әлемге ауыз салуы деуге болады. Сол орта ғасырларда Батыста адамзатты көп нәрседен шектеп, ауыздықтап отырған дін еді, яғни Христиан діні сонау 16-18 ғасырларда империализмге тұсау салуға тырысты. Неге? Себебі империализм өз мақсатына жету жолында жаулап алу, тонау, қан төгу, зорлық-зомбылықтан да тайынбай, аяқ алып бара жатыр еді. Өкініштісі, осы қоғам өз жолына кедергі болған дінді әлсіретуге көшті ғой. Капитал өмірге келісімен, барлық күш идеологиялық қару, барлығы да соның жағына шығып кетті де, дінге бұл ауыр соққы болды. Мұндай процестер Батыстың барлық елінде тегіс жүріп жатты. Нәтижесінде сонау Ньютон, оның бергі жағындағы Дарвин, жалпы ғылымда ашылып жатқан әрбір үлкен жаңалық «Құдай жоқ» деген қағиданың құралына айналды. Сол жолға қызмет етіп, бұқараны атеизмге ертіп әкетуге барын салды. Буржуазия оған мәз болып, қол соғып отырды. Мінекей, Дарвин эволюциясы осы қолдау-қуаттаудың арқасында дүниеге келген еді. Капитал сөзсіз оған барынша демеу жасап, оның әлемді шарлауына жағдай жасады. Күшейген эволюция болса, Құдайдың «тағдырына» нүкте қойды. Мына қызыққа қараңыз, бүкіл Батыс буржуазиясы өздерін көзі ашық, көкірегі ояу қауымнан санай отырып, адамның, яғни өз тегінің маймылдан шыққанына сенді сонда. Солайша «Құдай мәселесін» шешті. Сондықтан да сол ХІХ ғасырдың ойшылы Фридрих Ницше «Құдай өлді, оны біз өлтірдік» деп әлемге жар салды. Оны естіген Федор Достоевский «ХІХ ғасырда Құдай өлсе, онда ХХ ғасырда адам ойына келгенді жасай беретін болды ғой» деп өзінің адами биік ойын қорықпай айтып салды. Ұлы жазушының айтқаны келді, шынында, Құдай «өлгеннен» кейін, адам азғындау жолына түсті. Ницшенің философиялық ілімін Гитлер іліп әкетті де, қолынан келгенше адамзатты қырып-жойып, жер бетін қанға бояды. Миллиондаған адам фашизмнің құрбаны болды. Осыдан кейін ХХ ғасыр құдайсыздар ғасыры болды деуге әбден негіз бар. Жер шарының жартысын социализм жайлады. Олардың негізгі мақсаты сол – Құдайға сенетіндердің көзін жойып, атеистерді алға ұмтылдыру болғаны өздеріңізге аян. Сол мақсатқа жетті, оның зардабын сіз бен біздің ата-бабамыз да тартып, тіпті бүгінге дейін салқыны сезіліп қалады. Дінсіздік пен иманнан ажыраудың зардабын қазақ тартудай-ақ тартты: бізге үлгі көрсетіп, бата беруге тиіс қарияларымыз арақ ішіп, той-томалақ қууға айналды. Мінекей, осындай шындықты, осындай сұмдықты көрген буыннан қалған біздер осы жағын көптен ойландық.
– Көптен ойландық дейсіз, ал енді осы сөзіңізге қарап жұрт көкейінде «егер көптен ойланса, онда неге бұрынырақ жазбады, бүгінгідей ата салттың сақалына жармасып, марқұмдардың зиратын қирататын ұрпақ, бәлкім, сонда тумас па еді?» деген ой тууы заңды ғой?
– Көргенімізді, байқағанымызды қайтейік, негіз болмай, сүйенетін дерек болмай біз ештеңе айтып, жаза алмайтын едік қой. Сондықтан көзіміз ашық болғанымен – соқыр, құлағымыз болғанымен – керең, тіліміз болғанымен мылқаудың күйін кешуге мәжбүр болдық. Себебі Кеңес үкіметі күйреп, темір торлары құламай, біздің қолымыз әлемдік философияға жетпеді. Терең ойлы ғұламалар еңбегі, Құран секілді ұлы кітаптарды оқуға тыйым салынған еді. Тәуелсіздік ұрпағы, бәлкім, бізді түсінбес, себебі біздің көргенімізді, бақыттарына орай, олар көрген жоқ. Олар еркін, олар тыйым дегенді білмейді. Шүкір, Тәуелсіздіктің келуі ақпаратқа жол ашты ғой. Бұрын тыйым салынған талай-талай туындылар авторлары ақталып, арамызға оралды. Нәтижесінде біз қазіргі заман, қазіргі қоғамға осындай ой айта алатын дәрежеге жеттік. Осы тұста айта кетуге тиіспіз. 1991 жылы егемен ел болғанда екі бірдей үлкен тарихи жаңалық болды. Оның бірі – жақсы, екіншісі... Жақсысы – Тәуелсіз ел болып, отарлық бұғаудан құтылсақ, ал жаманы – өзіміз білмей, сезбей, асау толқынға күмп бергендей болдық. Сол жолда біз көптеген қиындықтарға ұшырастық. Капитал «Құдай» болып есептелетін сол асау ағысқа түскен Батыс елдерінің күйін қазір көріп отырсыздар: әр елінде дағдарыс, ақшаға табынған Батыс әлемі Жаратушысын «өлтіріп», орнына, таққа ақшаны отырғызды. Сөйткен капиталистік жүйенің жер бетінде бүгін үлкен дағдарысы басталды. Себебі ол «таққа отырғызған» ақша адамзатқа бақыт алып келмеді. Тығырық пен дағдарыстың бар мәнісі – осында. Өкінішке қарай, адамзат әлі күнге дейін капитализмнен басқа дамудың жолын ойлап тапқан жоқ, әзір. Бірақ соған қарамастан иманды қоғам құрсақ деген арман бар бізде. Ол Алаш арманы еді. Еркін нарық қала беруі керек, әрине, бірақ иманды нарық болса. Сол сияқты капиталистік қоғамға да ешкім қарсы болмас еді, егер ол имандылыққа иек артқан, халыққа жұмыс істейтін адал капитал болса. Ол халықтың негізгі бөлігін сорлататын капитал болмауға тиіс қой. Өкінішке қарай, біз ондай капиталды көптеген елдер тәжірибесінен көріп те жүрміз. Мәселен, Араб елдерінде пирамиданың ұшар басындағы бай-шонжарлар одан сайын дәулеті тасып, ал қалың бұқара болса бақытсыз күйге түсуде, әрине, әлеуметтік тұрғыда. Қазір ол елдерде болып жатқан алапат соғыстар соның нәтижесі деуге әбден негіз бар. Сондықтан да біз, Қазақстан нарықтың мұндай дағдарысқа апарып соқтыратын емес, иманды жолын тапса екен деген ниетпен осындай еңбек жазып отырмыз.
– Қазақ – ешқашан иманынан ажырамаған халық. Сөйте тұра, біз қазақты діндар болды дей аламыз ба? Қазіргі біздің халқымыздың сенімі, соған сай өзін-өзі ұстауына, сенімін сырт пішінімен көрсету құбылысына қандай баға берер едіңіз?
– Жуырда ғана мен Египетте болып келдім. Сонда сол Каирдің өзінде қыз-келіншектердің еш тұмшаланбай-ақ, заманауи киіммен жүргенін көрдім. Бет-аузына дейін бүркеп немесе қап-қара киініп жүргендер ол жақта жоқтың қасы. Ал енді көрші Араб елінде жағдай тіпті басқа. Олардың киімі де, Исламға деген құлқы да өзгеше. Мінекей, сол тәрізді сенім, иман, дінді ұстану деген де әр елдің тарихи менталитетіне, салт-дәстүріне сай енуі керек, меніңше. Бұл жайлы қасиетті Құран Кәрімде де айтылған, яғни дінді тым асыра сілтеп, фанат дәрежесінде ұстанудан сақ болуды ескертеді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде де айтылады. Негізінде, қазақ – иманды жүрегіне терең ұялатқан халық. Алайда қазақ ешқашанда дінге байланысты киімін өзгертпеген, өзінің ұлттық киімінде қалған. Себебі біздің ұлттық киіміміз шариғатта айтылған шарттарға қайшы келмейді. Сосын тағы бір айтарлығы халқымыз ешқашан діни фанат болмаған. Бірақ қазір тіпті ел-жұрты қалаға көшіп, қаңырап қалған ауылдарға барсаңыз да, әлі күнге дейін сақталған көне мешіттерді көреміз. Яғни бұл – ауылдарда мешіт болды, оның имамы, молдалары болды, сондықтан ауыл діни сауатты болды дегеннің дәлелі. Тіпті біздің Ахаң, Ахмет Байтұрсынов жасап шыққан төл әліпбиіміздің араб графикасы негізінде әзірленген төте жазуда болуының өзі діни сауаттылығымыздың бұлтартпас дәлелі еді. Cөзсіз, біз мұсылмандықты жүрекпен қабылдаған халықпыз, бірақ біз дінді қазақтың, түркілердің менталитетіне, даланың ерекшелігіне байланысты ұстандық, ешбір жерінен болмысымызбен қайшылық туған жоқ.
– Ал енді осы тұста сөзіңізді бөлейін, «қазақ тәңірлік дінді ұстанды, шаман болды» дейтіндер де табылып жүр. Оған дәлел ретінде ел ішінде сақталған кейбір, айталық, отқа май құю, Айға сәлем салу секілді салттарды алға тартады. Сол секілді қазақтың біртуар тұлғасы, ғажайып дарын иесі Шоқан Уәлихановтың «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» атты ғылыми монографиясы да бар. Осыған не дер едіңіз?
– Рас, әр ауылда бақсылар болды, тіпті әлі күнге дейін бақсылық сақталған. Олардың қоғамдағы орны қандай? Не үшін бақсылық феномені жойылмай келеді? Себебі оның ел ішінде атқаратын өз функциясы бар, ол емшілік қызмет атқарады. Шынына келер болсақ, бақсылардың сырт кейпі шамандыққа тартқанымен, ішкі мазмұны жағынан мұсылмандыққа жақын жандар еді. Себебі олар Алладан берілген емшілік қасиетін адамдарға беру арқылы Алладан ауруға шипа тілеген. Ал енді қазіргі кезде біз ата-бабамыз мың жылдан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі дінімізді қалпына келтіруіміз керек. Себебі дәстүрлі дінімізде ешқандай терроризмге, вандализмге орын жоқ. Қазақта ешқашан бір атаның балалары бір-біріне оқ атпаған. Қазақ «мұсылмандық әсте-әсте» деп текке айтпаған. Бұл – нағыз фанатизмге қарсы тойтарыс беретін тәрбие. Ал қазақтың аузынан Алласы еш уақытта түспеген. Дін бөлшектенудің, іріткі салудың емес, ұлттық тұтастықтың факторы болған. Даладағы жалғыз дін Ислам болды, басқа ешқандай дінді біздің халқымыз қабылдаған жоқ. Біз сол қалыпқа, яғни діни тұтастыққа қайта келуіміз керек.
– Кеңестік заманның қазаққа әкелген үлкен бір қасіреті – Құдайсыздандырғаны. Ал енді Тәуелсіздіктің ең үлкен сыйы десек те болар, қазақты қайта Құдаймен қауыштырды. Бірақ діни бостандықты да дұрыс түсінбеуден біз неше ағымға бөлініп, тіпті бір отбасының мүшелері әртүрлі сенім жетегінде кетіп, дастарқан басында бірге тамақтана алмайтын халге жеткен де жайымыз бар. Басқа секталарды айтпағанның өзінде, мұсылман дегендердің өз ішінде де қазақтың салт-дәстүрін жоққа шығарушылар табылып жүр...
– Мен, міне, соған қарсымын. Батыста түркі өркениеті деген ұғым бар. Біз сол өз өркениеті бар үлкен түркі жұртының бір бөлшегіміз. Сондықтан да біздің бүкіл болмысымызға сіңген ұлттық салт-дәстүрді ысырып тастауға болмайды. Жалпы, қазақ ғұрпындағы ата-баба мазарын құрметтеу, қайтыс болғандарға Құран бағыштау шариғатқа қайшы нәрселер емес. Намаз оқығанда да соңында ата-баба аруағына арнап дұға ету бар ғой. Құран хатым қылу – ешқандай да Аллаға серік қосу емес, аруақты сыйлау. Сол секілді ата сыйлау, ана сыйлау дегеннің өзі иманның ең бірінші шарттары, «жұмақтың кілтін ана табанының астынан іздеңдер» дейді Пайғамбарымыз өз хадистерінде. Ал қазіргідей қырық пышақ болып жатқандығымыз ол әртүрлі діни білім алғандықтан деп ойлаймын. 90-жылдары біздің білім іздеп шетелге кеткен жастарымыздың дені жақсы білім алып келді, әсіресе Түркияға барғандар дер едім мен. Ал енді біздің Шығысымыздағы дамымай қалған Ислам мемлекеттеріне барып білім алған жастардың кейбіреулері сол экстремистік үгіт-насихаттың жетегіне өзінің қалай еріп кеткенін де білмей қалды. Еліміздің әр шетінде өзін-өзі қопарып жүрген балалар көзі ашылмай, санасына таза білімнің емес, арамза пиғылдағы үгіт-насихаттың уы егілгендер. Олардың миын улаған, екінші жағынан, үлкен қаржымен олардың аяқ-қолын байлаған. Олардың көбі шетте жүріп, үйінен қаржылай көмек ала алмай, өзін-өзі асырау жолында әлгіндейлердің құрығына ілініп қалған кедейдің балалары деп топшылаймын өз басым. Шын мәніндегі ислами ілім берілсе, онда ол керісінше қоғамға барынша пайдасын тигізіп, адам атаулыға мейірімін төгер еді. Себебі біздің дініміздің негізі тек гуманизмнен тұрады. Сондай тереңдікке бармағандықтан да, ол балалар секталық дәрежедегі діни ағымдардың құрбаны болып жатыр. Ол өте өкінішті жағдай.
– Мәселен, «мәдениет өлген жерде өркениет салтанат құрады» деген сөз бар, сіз осыған келісесіз бе?
– Өте дұрыс айтылған сөз, мен бұған толығымен келісемін. Расында, жаһандануды мәдени құбылысқа емес, өркениетке балаймын өз басым. Ал сол жаһандануды, ұлттық мәдениеттерді өз екпінімен ұшырып, жойып кететін әлемдік дауыл деуге болады. Жаһанданған жұрт бір-бірінен аумайтын үйлер салуда. Мәселен, Токио мен Нью-Йорктен не айырмашылығы бар? Сол сияқты бір-бірінен аумайтын әдет-ғұрып, бір-бірінен аумайтын киім-кешек киіп, тура сондай кинофильмдер көреді. Сөйтеді де әр халық өзінің ұлттық келбетін жоғалтады. Ал жаһанданудың да көздегені – сол. Өйткені ол – өркениет, ал өркениетте ұлттық бет жоқ. Ұлттық бет тек қана мәдениетте ғана бар.
Алашқа айтар датым...
Сенім, иман, дінді ұстану деген де әр елдің тарихи менталитетіне, салт-дәстүріне сай енуі керек, меніңше. Бұл жайлы қасиетті Құран Кәрімде де айтылған, яғни дінді тым асыра сілтеп, фанат дәрежесінде ұстанудан сақ болуды ескертеді. Негізінде қазақ – иманды жүрегіне терең ұялатқан халық. Алайда қазақ ешқашанда дінге байланысты киімін өзгертпеген, өзінің ұлттық киімінде қалған. Себебі біздің ұлттық киіміміз шариғатта айтылған шарттарға қайшы келмейді. Сосын тағы бір айтарлығы – халқымыз ешқашан діни фанат болмаған. Бірақ қазір тіпті ел-жұрты қалаға көшіп, қаңырап қалған ауылдарға барсаңыз да, әлі күнге дейін сақталған көне мешіттерді көреміз. Яғни бұл – ауылдарда мешіт болды, оның имамы, молдалары болды, сондықтан ауыл діни сауатты болды дегеннің дәлелі. Тіпті біздің Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы жасап шыққан төл әліпбиіміздің араб графикасы негізінде әзірленген төте жазуда болуының өзі діни сауаттылығымыздың бұлтартпас дәлелі еді. Cөзсіз, біз мұсылмандықты жүрекпен қабылдаған халықпыз, бірақ біз дінді қазақтың, түркілердің менталитетіне, даланың ерекшелігіне байланысты ұстандық, ешбір жерінен болмысымызбен қайшылық туған жоқ.