Мадияр ЕЛЕУОВ, Археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Мадияр Елеуұлы, қазіргі кезеңде археология ғылымының дамуы жайлы археолог ғалым ретінде көзқарасыңыз қандай?
– Еуразияның тура кіндік тұсында тұрған біздің жеріміз ең ар жағы қола дәуірінен бастап (б. з. д. ІІ мыңыншы жылдық) этникалық, этно-мәдени процестердің қайнаған қара қазаны болған сияқты. Қола дәуірінде кіндігі, өзегі қазіргі қазақ жерінде болған Андрон мәдени-тарихи бірлестігі өте кең-байтақ аумақты алып жатты. Әлем жұртшылығы 70-жылдары Қазақстанды Есiк қорғанынан табылған Алтын адам арқылы тағы бiр танығаны белгiлi. Жұртшылық көне Сақ дәуiрiнен берi сақталған адамның алтындалған әшекейлi киiмiне таңғалып, таңданғаны, тiптi сенсация болғаны мәлiм. Алтын адамның табылуы рухымызды көтердi, Тәуелсiздiгiмiздiң символына айналды. Бұдан асқан мәртебе жоқ. Одан бертін сараптай беретін болсақ, Шу мен Талас өңірлері мен Оңтүстік Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық елді мекендері мен қалаларының пайда болу, қалыптасу, даму тарихы, Ұлы Жібек жолының Қазақстан арқылы өткен бөлігі мен Қазақстанның ортағасырлық керуен жолдары табысты зерттеліп, біршама жаңалық ашылды.
Тарих қойнауында ғылыми тұрғыда зерттеліп, ашылмай жатқан қаншама тарихи бағзы мекендер бар. Осындай тақырыптарды орындау мақсатында 2003-2007 жылдар аралығында Археология ғылыми-зерттеу орталығының Тұран археологиялық экспедициясы Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында археологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, осы уақытқа дейін ғылымға белгісіз болып келген 818 жаңа ескерткішті ашып, оларды ғылыми айналымға енгізді. Айта берсек, археология ғылымының дамуы барысында қазіргі кезде көптеген тарихи-мәдени ескерткіштермен, мұралармен толығып жатыр. Алайда бағзыдан баян беретін ескерткіштердің ескерусіз қалғандары да жетерлік. Табиғи апат немесе адам қолынан жойылып бара жатқан жәдігерлеріміздің жайсыз күйі ғалымдарды қатты алаңдатуда. Қазақстанның мәдени мұрасын ашу, есепке алу, қорғау және сақтау ісіне терең мән беріп, тарихи жәдігерлерімізді жойып жібермей, сақтап қалуымыз керек. Өйткені келешек ұрпаққа өткен дәуірден жеткен көне тарихи жәдігерлерді сақтап жеткізу ұлт мүддесі үшін, тарих үшін керек.
– Сіз орта дәуірдегі Шу мен Талас өңірлері мен Оңтүстік Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық елді мекендері мен қалаларының пайда болу, қалыптасу, даму тарихында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келесіз. Ұлт тарихы үшін ерекше маңызды тарихи этнологиялық ерекшеліктерге тоқталып өтсеңіз.
– 1975 жылдан бері Шу мен Талас өңірлері мен Оңтүстік Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық елді мекендері мен қалаларының пайда болу, қалыптасу, даму тарихын, Ұлы Жібек жолының Қазақстан арқылы өткен бөлігі мен Қазақстанның ортағасырлық керуен жолдарын зерттеп келемін. Зерттеу барысында мені алаңдататын үлкен бір мәселеге баса назар аударғым келеді. Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары көлемінде орналасқан 61 ортағасырлық ескерткіш табиғи апатта тұрғанын анық білемін. Талас өзенінің бойында Түймекент, Қаратау жағындағы Тамды қаласын және тағы басқа ежелгі немесе ортағасырлық қалаларды да су шайып жатыр, кейбірінің қалдығы ғана қалды. Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара суқоймасында Үтіртөбе деген қала бар. Оны су шайып, үтір сияқты болып қалған соң халық «Үтіртөбе» атап кеткен. Ол қала жылына 8-9 ай арал болып тұрады. Былтыр 12 маусымда моторлы қайықпен жарты сағаттай уақыт жүзіп бардым. Қала төңірегіндегі су тереңдігі 2-3 метрге барады. Міне, осындай ескерткіштердің су астында қалып жатқаны аянышты. Басқа да қалалар қазылып, зерттеліп жатыр, қарсы емеспіз, алайда ең алдымен бұзылып жатқан ескерткіштерді сақтап қалу керек емес пе? Бұл өткен тарихымызды толыққанды танытатын таптырмас дерек қой. Соңғы 2-3 жылда министрліктің табанын тоздырып жүріп, Жамбыл облысындағы үш ескерткішті «Мәдени мұраға» енгіздім. Олар – Тастұмсық, Түймекент, Тамды деген қалалар. Тамдының үштен екі бөлігін су шайып кеткен. Бұл қала ІХ-Х ғасырдан бұрын пайда болған сияқты. Қаланың сыртынан биіктігі 4-5 метрдей болатын қамал салынған. Қалаға келетін су құбырын аштық. Түрлі құрылыстар, қала ортасындағы дәліздер ашылды. Біз оны кең көлемде қазатын болсақ, қала туралы толық дерек алып, зерделеуге мүмкіндік туады. Ал оны зерттемесек, ол тарихтан жоғалып кетеді. Осындай қазуға қажет ескерткіштердің тек бір-екеуін ғана айтайын. Қызылорда облысы Қармақшы ауданының орталығы – Жосалыдан он шақырымдай жерде Сортөбе деген ескерткіш қала бар. Бұл VIII-IX ғасыр кезінде пайда болған, беріде Сырдарияда қатты ағын болғанда қаланың 50 пайызын су шайып, жоқ қылып жіберген десек те болады. Дарияның жағасын қапталдай қарасаңыз, мәдени қабатты көріп, ішіңіз удай ашиды. Қабырғалар, үлкен-үлкен үй бөлмелерінің қалдықтары көрініп жатыр. Ол қаланың тарих ғылымы үшін құндылығы мынау: Қазақстан тарихында оғыздардың мекені деп айтылғанымен, біз ортағасырлық археологияда оғыз кезеңін бөліп көрсете алмаймыз. Егер Сортөбе қаласына қазба жүргізетін болсақ, қаланың оғыз кезеңінде пайда болып, оғыз кезеңінің соңғы жағында өмір сүруін тоқтатқанын байқаймыз. Бұл – сол уақыттың дүниесі. Біз қалаға қазба жұмысын жүргізбесек, одан да айырылып қаламыз. Өйткені мұны да екі-үш жылда толық су шайып кету қаупі бар.
– Табылған жәдігерлерді, деректерді зерттеп, сараптап игеру жағы қалай болып жатыр?
– Тарихи қазбалардың деректерін зерттеп, зерделеп шыққан кітаптар саусақпен санарлық. Ал қанша миллион ақшаға қаншама қазба жұмысы жүргізілді. Нәтижесі қайда? Құмға сіңген судай болып қалды. Сол табылған заттарды зерделеп, сараптап кітап жазатын уақыт өтіп бара жатыр. Бұл жағын біз ойлауымыз керек. Бұл – өте қажет мәселе. Қазіргі күнде жылына ғылыми есеп шығады, оны том-томымен шығаруда. Алайда ол үлкен монография болып шығып жатқан жоқ. Қазба жұмысымен қатар, зерттеуді қоса алып жүруіміз керек. Сонымен бірге қазақта туристік нысан болатын қаншама құнды ескерткіштер бар. Біз бұл жағынан да кешеуілдеп жатырмыз. Талай жерде осы жайлы мәселе көтеріп жүрміз. Қазылған, зерттелген дүниенің нәтижесін осындай жолдармен көрсетуіміз керек.
– Сіз ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында қандай экспедицияларға қатыстыңыз?
– 2001-2007 жылдар аралығында экспедицияларға жетекшілік еттім. Ұйымдастыру нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас, Түркістан, Бәйдібек аудандарында, Жамбыл облысының Сарысу, Талас, Жуалы, Жамбыл аудандарында, Қызылорда облысының Шиелі, Жаңақорған аудандарында 800-ден астам археологиялық ескерткіш ашылып, ғылыми айналымға енгізілді. Археологиялық ғылыми-зерттеу орталығы елімізде алғаш рет 2004 жылы жеке ауданның археологиялық картасын жасап, «Оңтүстік Қазақстан облысының археологиялық картасы: Түлкібас ауданы» атты энциклопедиялық жинақты баспадан шығардық. Сонымен қатар Түркістан, Бәйдібек, Шиелі мен Жаңақорған аудандарының археологиялық карталары жеке-жеке жинақ болып шығарылды.
Деректерге сүйенетін болсақ, Түймекент қалашығы VІ-ХІІ ғасырлар еншісіне жатады. Бұл жөнінде алғаш рет 1894 жылы ғалым В.В.Бартольд жазған болатын. Кейінірек көне қалашық орнында – А.Бернштам, одан кейін ғалым Карл Байпақов бастаған арнайы археологиялық экспедициялар жұмыс жүргізеді. Ал тарихи орын 2000 жылы Қазақстан Ғылым академиясының Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институтының күшімен түбегейлі зерттелді. Сөйтіп, мұнда бекіністер, қабырғалар, адырлар, мұнаралар болғандығы зерттелініп, Түймекенттің қала болғандығы жөнінде анықталды. Мұнда үш бөлме мен қамалға кіретін дәліз орны ашылды. Қызығы, қаланы су шайып кеткен. Кейіннен кесек құйылып, қайта қалпына келтіру қолға алынбақ болған тәрізді. Тағы бір кереметі – бұл бекініс VІ ғасырда емес, ХІ-ХІІ ғасырларда салынған. Халық ең көп шоғырланған қалашық болған. Егер қала орнын түгел ашса, мұнда аспан асты мұражайын ашуға болады. Ол, әрине, тарихымызды терең зерттеп, зерделеуге мүмкіндік берер еді. Өкініштісі – мұнда бөлінген қаржы мен уақыттың тапшылығына байланысты археологиялық барлау жұмыстарын әзірге тоқтатуға тура келіп тұр. «Мәдени мұра» бағдарламасына енбеген 70-тен аса мұраны аштық. Бүгінгі күні зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көне тарихи ескерткіштерді көпшілікке насихаттаудың бірден-бір жолы – мәдени-туристік кешендерге айналдыру.
– Археологиялық ғылыми-зерттеу орталығы атқарып жатқан жұмыстардың бағыттарына тоқталып өтсеңіз.
– Археологиялық ғылыми-зерттеу орталығы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қолдауымен ашылды. Қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан археологиялық ескерткіштері негізінде «Ежелгі және ортағасырлық түркі өркениетінің сабақтастығы» – мемлекеттік гранты бойынша, шаруашылық келісімшарттар бойынша бірқатар зерттеу жүргізілуде. Солардың бірі – бағыт бойынша Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында далалық археологиялық зерттеу жұмыстарын және ортағасырлық Қарашық қаласында қазба жұмыстарын жүргіздік. Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің «Ежелгі және ортағасырлық Қазақстандағы археологиялық материалдар бойынша адам, қоғам, мемлекет және мәдениет: Еуразияның дала өркениеті» атты 2006-2008 жылдарға арналған іргелі зерттеулер гранты бойынша «Қаратаудың археологиялық ескерткіштері» атты ғылыми жоба іске асырылды.
Археология ғылыми-зерттеу орталығы мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын орындау мақсатында Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтымен жасалған шаруашылық келісімшарттары бойынша 2005 жылдан бастап «Ортағасырлық Сауран қаласындағы қазба» деген тақырыпта ортағасырлық Сауран қаласында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Қызылорда облысының тарихи-мәдени ескерткіштерінің жинағын баспаға даярлау» тақырыбын орындау үшін Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтымен 2004-2005 жылдар аралығында шаруашылық келісімшарт жасалды.
– Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша тарихымыз көптеген тарихи-мәдени ескерткіштермен, мұралармен толықтырылды. Алайда ескерусіз қалған жайттар бар деп ойлайсыз ба?
– «Мәдени мұра» – жоғымызды түгендеп, барымызды байыптауға мүмкіндік берген бағдарлама. Ол ұлтымыздың тарихи, мәдени құндылығын тануға, танытуға бетбұрыс жасады. Жалпы, бағдарлама аясында жасап жатқан шаралардың бәрін қолдаймын, құптаймын. Бірақ бір жайсыз жайтқа назар аударғым келіп тұр. Күні бүгінге дейін біз Қазақстанда қанша археологиялық қазба жұмысы жүргізілгенін білмейміз. Бірде-бір облыс әкімі я болмаса мәдениет басқармасының бастығы «менің облысымда пәлен ескерткіш бар» деп айта алмайды. 2004 жылы «Мәдени мұра» басталған жылы мен алғаш рет Түркістан ауданының археологиялық ескерткіштер жинағын шығардым. Сонда ауданда 200-ден астам ескерткіш бар болып шықты. Біз облыс көлемін білмейміз. «Мәдени мұраның» кешеуілдеп жатқан жағы – бұл облыстардағы ескерткіштердің есебін алу. 2004 жылы басталғанда Қызылорда, Алматы облысы үш жылдық бағдарламаға кірді, екі жылға ақша бөлінді де, үшінші жылға бөлінбей қалды. Алматы облысына 18 миллион бөлінгенімен, осы уақытқа дейін кітап шыққан жоқ. Сондықтан қазіргі таңда қазба жұмыстарын бастамай тұрып, алдымен еліміздегі ескерткіштердің санын білуіміз керек. Оны анықтап, заңды түрде бекіту керек. Сонда ғана оны мемлекет қорғайтын болады. Ал есепке алынбаған ескерткіштерді кім қорғайды? Ешкім де. Бірінші кезекте біз табиғи апаттан бұзылып жатқан ескерткіштерді зерттеуіміз керек. Тек қазіргідей сарынмен жүре беретін болсақ, тарихымызды сөйлететін құнды ескерткіштерімізді жойып аламыз, оның санын да анықтай алмаймыз. Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында зерттеу жұмысын жүргізгенде жеті жылдың ішінде ғылымға белгісіз болған Түркістаннан 1605 ескерткіш аштық. Көптеген маңызды дерек таптық. Егер осылай есепке алсақ, тыңғылықты істер жүзеге асатын еді. Осы жағы мені қинайды. Себебі көп ескерткіштің бұзылып жатқаны өкінішті. Бізде 1992 жылы тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу және сақтау, пайдалану туралы заң қабылданған. Қазір ол заңның баптары жұмыс істемейді. Газ құбыры, үй немесе басқа құрылыстар салынатын болса, заң бойынша ол жерге археологтердің сараптамасынан өткізіліп, қорытындысынан кейін ғана рұқсат етіледі. Тағы айтатын нәрсе – кейбір облыстарда ескерткіштер саны көп, бірақ құжаттары толық емес. Құжат жоқ болса, оны ешкім қорғамайды. Тарихи-мәдени ескерткіштерге қатысты осындай заңдарға толықтырулар керек деп ойлаймын.
– Соңғы жылдары ашылған қазба жұмыстарының ішінде Кентау қаласында табылған обаның қандай ерекшеліктері бар?
– 2008 жылдан бері Кентаудағы тау басында орналасқан үлкен обаны қаза бастадық. Обаның аумағы 35 метр, биіктігі 5,5 метр. Ол жерден біздің дәуірімізге дейінгі ІІ-І ғасырларға жататын қаланың қалдықтары табылды. Оба тоналып кеткен. Обадан бір бөлме ашылды. Ол бөлмеден үш құмыра, қола қазан, ат әбзелдері, алтын сырға шықты. Бұл обаның құндылығы – осы шағын ғана бөлмеден 30-ға жуық зат табылды. Олардың барлығы жердің астына бірге көмілген. Сондықтан ол «көмбе» деп аталады. Қаңлы кезеңіне жатады. Екіншіден, табылған заттардың көбі таза күмістен жасалған. Ол заттардың жасалу техникасы өте бір ерекше. Осы жағынан құнды. Тағы бір қызық жайтты айта кетейін, обаны қазып, оның үстін жауып кеттік, былтыр барғанда менің қазып кеткен жерімде 2008 жылы төккен топырағымның үстіне бидай өсіпті. Оны орып алдық. Кезінде көмбенің сыртын сылағанда бидай қосқан. Сонда 2 мың жыл бойы сақталып келген. Әлі де сараптама жүргіземіз. Қандай бидай екенін анықтап, мүмкін, жаңа бір бидайдың сортын тауып та қалармыз.
– Қазақ мәдениетінің рухани дамуына қазіргі археологиялық зерттеулердің қандай үлесі бар деп ойлайсыз?
– Жақында Елбасы белгілі өнер, мәдениет және әдебиет қайраткерлерімен кездескен кезде осы «Мәдени мұра» бағдарламасына тағы да жақсы бағасын берді. «Биік мәдениет – ұлттың көрсеткіші. Бұл бағдарлама мәдени өміріміздегі тарихи оқиға болды», – деп нақты айтып кетті. Былтырғы жылдың басында Елбасының тапсырмасымен «Мәдени мұраның 2009-2011 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» бекітілді. Осы жоспарды орындау үшін бірталай жұмыс атқарылуы тиіс. 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық бағдарламасы негізінде өткен жылдан бері Тараз қаласындағы «Төрткүл» кешенінде жұмыстар жүргізіліп, осында «Төрткүл ХІ-ХІІ ғғ.» аспан асты керуен сарай мұражайы салынып жатыр. Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы бүгінгі күні жамбылдық жұртшылыққа арнап «Жамбыл облысының туристік бағыттары» атты «жолсерік» кітапша шығарып отыр. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің археология ғылыми-зерттеу орталығымен бірлесе шығарылған бұл дүние аймаққа келген қонақтар мен көне жәдігерлерді аралап танысқысы келген көпшілікке таптырмас кітапша болатыны анық.
Ұлы Жібек жолы қазақ жері арқылы өткені белгілі. Қазақстанның ортағасырлық керуен жолдары табысты зерттелді десек те, әлі талай-талай тарихтан сыр шертетін көне қалалардың қазылып ашылуына қыруар күш керек. Бұл әзірге – уақыт еншісінде.
Жалпы, Тәуелсіздік жылдарынан бері қарайғы кезеңде «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2003 жылдан бастап біраз шара атқарылды, шетелдегі архивтерден материалдар алып келінді. Реставрациялық, археологиялық жұмыстар жасалынды. Кітаптар шығарылып жатыр. Осының бәрі Тәуелсіздігімізді нығайтуға, ұлттық санамызды қалыптастыруға ықпалын тигізетін үлкен шаралар екені сөзсіз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Айшықты ой...
Қазіргі таңда қазба жұмыстарын бастамай тұрып, алдымен еліміздегі ескерткіштердің санын білуіміз керек. Оны анықтап, заңды түрде бекіту қажет. Сонда ғана оны мемлекет қорғайтын болады. Ал есепке алынбаған ескерткіштерді кім қорғайды? Ешкім де. Бірінші кезекте біз табиғи апаттан бұзылып жатқан ескерткіштерді зерттеуіміз керек. Тек қазіргідей сарынмен жүре беретін болсақ, тарихымызды сөйлететін құнды ескерткіштерімізді жойып аламыз, оның санын да анықтай алмаймыз.