Білім берудің мақсаты адам капиталын дамыту болуы керек

Білім берудің мақсаты  адам капиталын дамыту болуы керек

Жанболат ҚАЙЫҢБАЕВ, профессор, педагогика ғылымының кандидаты:

– Жанболат аға, қазіргі кездегі жеткіншек ұрпаққа білім берудің басты мақсатын қалай сипаттар едіңіз?
– Тек қана мамандарға ғана емес, қа­лың көпшілікке түсінікті болу үшін алдымен, өзіңіз айтпақшы, қазіргі кездегі білім бе­рудің мақсаты жайлы әңгіме қозғамай тұрып, осы мақсатты айқындауға себеп болатын факторларға тоқталалық.  Бірінші­ден, қазіргі кезде «білім беру» ұғымы бұрын­­ғыдай, өзіміз дағды­лан­ғандай, жет­кін­шек ұрпақ деп аталатын балабақша, мектеп және жоғары оқу орны тәрбие­ленушілері, оқушылары, студенттері үшін ғана айтылмайды. Бұл күнде «білім беру» ұғымының мағынасы да, қолданылу аясы да бұрынғыдан әлдеқайда кеңіді. Неге? Бұрын мектептен не кәсіптік-техни­калық училищеден соң басқа қандай да сала бойынша жоғары білім алған адамға сол алған білімі, егер өзі бірдеңені бүлдіріп алмаса, бүкіл өміріне азық болатын еді. Сондықтан да бұл оқу орындары адамның бүкіл өміріне жететін білім беруге күш салатын.
Бұл күнде мәселе мүлде басқаша. Атап айтқанда, қазір қандай мықты оқу орны болсын адамның бүкіл өміріне жететін білім бере алмайды. Оның басты себебі – қоғамның жоғары жылдамдықпен дамуы. Соның негізінде қазіргі адамның ақпараттар тасқыны кезеңінде өмір сүруі.
Бұл жағдайды Қазақстан Республи­касының Президенті Н.Назарбаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситеті студенттеріне оқыған «Қазақстан – дағдарыстан кейінгі дүниеде: болашаққа интеллектуалдық секіріс» атты дәрісінде: «Сарапшылар барлық кезде жазылған кітаптарға қарағанда, ақпараттардың 2006 жылы жаһандық ауқымда 3 миллион есе көп шығарылғанын есептеп шыққан. Баспа түрінде ол – Жерден Күнге дейінгі биктіктегі 12 үйме кітап. Болжам бойынша, 2010 жылы ақпараттардың бұл көлемі тағы да алты есе ұлғаймақ. Ақпараттың мұндай көлемінде адасып кетуге де болады», – деп атап көрсетті.
Мұндай жағдайдан шығудың бір ғана жолы бар. Ол – кез келген адамға өз қатарынан кейін қалып қоймау үшін үнемі білім алу. Ал білім алу үнемі қоғамдық негізде мемлекеттің немесе жеке жұмыс берушінің есебінен бола бермейтіні анық.
Сол себепті қазір әр адам өмір бойы мүмкіндігінше өз білімін өзі көтерумен айналысуы керек. Сол себепті бұл күнде «білім беру» ұғымы жеткіншек ұрпаққа ғана емес, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейінгі адамдардың бәріне қатысты айтылуы қажет.
Екіншіден, қазіргі кезде экономикасы қарқынды дамып жатқан мемлекеттерді қарайықшы. Олар – Сингапур, Оңтүстік Корея, Жапония, Гонконг, Қытай Тайбэйі сияқты мемлекеттер немесе қала-мем­лекеттер. Бұл мемлекеттердің жер көлемі шағын, қазба байлық мөлшері не мүлдем жоқ, не көп емес. Сингапурдың тіпті тұщы су мен құмды да Индонезиядан алатыны баспасөз бетінде бірнеше рет жазылды. Осы сияқты мысалдарды аталған кез келген мемлекет жайлы айтуға болады. Алайда олардың дамуы қарқынды.
Сондай-ақ бұл елдерде тәрбие де өте жоғары деңгейде. Батыстағыдай жеткіншек ұрпақ нашақор болып кетті, жеткіншек ұрпақ отбасын құрмай жатыр немесе был­тыр отбасылы болған жастардың пәлен пайызы ажырасып кетті деген сияқты ай­ғайды да олар жақтан не мүлдем естімейсіз, не өте сирек беріледі.
Сонда қалай? Бұлар ненің есебінен қар­қынды дамып жатыр? Сарапшылар «бұл мәселенің кілті – адам» деген қорытынды жасап отыр.
Яғни ХХІ ғасырда экономиканың дамуы үшін ең негізгі фактор мемлекеттің қазба байлығының мөлшері, мемлекеттің гео­графиялық ыңғайлы орналасуы және т.б. мәселелер емес, экономиканың алға ба­суы­ның негізі – адам, оның денсаулығы, білімі, кәсіптік деңгейі, икемділігі... Яғни мұның бәрін бір сөзбен адам капиталы деп тұжырымдап отыр.
– Шетел демекші, басқа мемлекеттерде білім беру саласында біздегідей үнемі реформалар болып тұра ма?
– Бұл сұрақтың жауабы бұған дейінгі айтылғандардан туындайды. Өзіңіз ойла­ңызшы, жоғарыда айтқандай, ақпараттар тасқыны кезінде кез келген жағдай ұзақ уақыт бойы өзгеріссіз тұруы мүмкін бе? Әрине, жоқ. Бұған қоса білім деңгейі әлем елдерінде әртүрлі. Мысалы, мәліметтерге қарасақ, Африка және Таяу Шығыс елдері оқушыларының бір пайызы ғана орташа немесе өте жақсы Сингапур оқушысы деңгейінде білім алады екен. Бұл елдер алға ұмтылмай, осылай отыра бере ме?.. Міне, осындай себептермен бүкіл әлемде, әсіресе жоғары дамыған елдерде білім беру реформалары үнемі жүріп жатыр.
Ал бізде ше? Немесе, шамалы арырақ айтсақ, Кеңес Одағында ше? Міне, мен елу екідемін. Мен туғалы мектеп реформасы жүріп жатыр. 60-жылдардағы мектеп реформасы, 80-жылдардың ортасын­дағы мектеп реформасы, базистік оқу жоспары, одақтық компонент, респуб­ликалық компонент, оқулықтарға конкурс, баламалы оқулық, міндетті он жыл, міндетті он бір жыл деген сияқты мәселелер – менің оқушы, студент, маман болған кездерімде басымнан өткерген жағдайлар.
Тәуелсіздікке ие болған кезден бастап тағы да мектеп реформалары басталды. Ал ол неге басталмауы керек?! Өзіңіз ойла­ңызшы, Тәуелсіздікке дейінгі мектептің мақ­саты жоғарыдағылардың айтқанынан шықпайтын, тіпті бұл жолда әкесін де құрбандыққа шалатын (Павлик Моро­зов­тың «ерлігі»), орыстан басқа ұлттың тілін, ділін, мәдениетін мүмкіндігінше кейін­гі орындарға ысырып, орыстануға бет бұрған ұрпақ тәрбиелеу болғаны кеше ғана емес пе еді?! Тәуелсіздікке ие болған, кеудесінде жаны бар мемлекеттер бұған қалайша көнуге тиіс?!
Демек, Тәуелсіздіктің негізінде, бей­нелеп айтқанда, бұрын бір бағытта ағып жатқан алып өзенді енді қарама-қарсы бағытқа қарай ағызу қолға алынды емес пе?! Ал ол бір күнде, бір аптада, тіпті бір жылда шешіле қоятын шаруа ма? Сон­дықтан бізде де үнемі реформалар жүріп жатқаны – біріншіден, шындық, екіншіден, оны дұрыс түсіну керек әрі оның басқаша болуы мүмкін емес те. Бұл айтылғандарды бір сөзбен айтсақ, «әлем елдеріндегі сияқты бізде де қазіргі қо­ғамның талабына сәйкес келетін ұрпақ, адам қандай болуы керек» деген сұрақтың жауабы тынымсыз ізделуде, реформалар дегеніміз осы емес пе?!
– Сонымен, қазіргі білім берудің мақсаты қандай?
– ХХІ ғасырдың екінші онжылдығында елімізде білім беруді дамытуға арналған «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасы» атты құжат Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы №1118 Жар­­­лы­­ғымен бекітілді. Бұл құжат бойынша, ХХІ ғасырдың екінші онжылдығындағы еліміздегі білім берудің мақсаты экономика­ның орнықты дамуы үшін сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы адами капиталды дамыту, білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру деп айқындалған.
Салыстыру үшін «Қазақстан Республика­сында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ламасындағы» білім берудің мақсатын да келтіре кетейік. Ол «адам ресурстарын даяр­лау сапасын арттыру, жеке тұлға мен қо­ғамның қажеттіліктерін қанағаттанды­ру үшін Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейінгі стратегиялық даму жос­па­рының басымдықтары негізінде көп дең­гейлі білім берудің ұлттық жүйесін жаң­ғырту» деп тұжырымдалған. Осы мақ­сат­тарды салыстырайықшы. 2005-2010 жыл­дарға арналған бағдарламадағы мақсат білім беруді әлеуметтік мәселе ретінде көтерсе, ал 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламадағы мақсат білім беруді экономикалық мәселе ретінде қарас­тыр­ғаны көзге айқын көрініп тұр. Тіпті білім берудің қазіргі мақсатындағы «эко­номика», «адам капиталы», «бәсеке» деген сөздердің өзі бұған дейін экономикада және оның же­келеген салаларында қол­данылатын тер­миндер емес пе?! Ал олардың енді білім саласының бағыт-бағдарын айқындайтын тұжырымнан нық орын алуы мемлекеттің білім беруді экономиканың мәселесі ретінде қарас­тырып тұрғанын білдірмей ме?! Демек, енді бізде де дамыған елдер­дегідей адамның біліміне салынған қаржы ертең еселеніп, табыс әкелетін экономикаға салынған қаржы ретінде қарастырылып отырғаны қуантады.
Сондықтан да осы айтылғандарды ек­шей келе, сіздің сұрағыңызға беретін нақты жауап: қазіргі кезде білім берудің мақсаты адам капиталын дамыту болуы керек деген болар едім.
– Ал «адам капиталы» ұғымы әлемдік тәжірибеде білім саласында қашаннан бастап қолданыла бастады?
– Жалпы, «адам капиталы» ұғымы – не­гізінен, соңғы онжылдыққа дейін эко­но­мика саласында қолданылған ұғым. Сон­дықтан оны бүге-шігесіне дейін талдауды сол саланың мамандарына қал­дырған жөн ғой деп ойлаймын. Бұл саланы мен тек соңғы уақыттарда ғана зерделеп жүрмін. Қазіргі түсінгенім – бұған жоғары дамыған елдердің ерекше ден қоятындығы. Яғни өн­діріс өнімді болуы үшін шикізат, оны өңдейтін техника және т.б. жағдайлар қажет. Алайда бұлардың бәрінен жоғары тұрған өндірістің негізі – сол шикізатты техникамен өңдейтін, оны дайын өнім түріне келтіретін адамның білім-білігі.
Осында айта кететін тағы бір мәселе – адам капиталы мәселесі бойынша соңғы 40 жылда үш ғалымның халықаралық Нобель сыйлығына ие болуы. Олар – Саймон Кузнец (1971 жылы), Теодор Шульц (1979 жылы) және Гэри Беккер (1992 жылы). Бұл және бұдан да басқа ғалымдардың еңбектерінде, әлеуметтік зерттеулерде көптеген қызықты мысалды кездестіруге болады:
а) ХХІ ғасырдың басынан бастап дамы­ған елдер барлық қаржысының 70 пайызын – адам капиталына, ал 30 пайызын ғана капиталдың басқа түрлеріне салып отыр;
ә) АҚШ-та кезінде мектепті аяқтамай, тастап кеткен адам өмірінде мектепті бітір­ген адамға қарағанда – орташа 200 мың доллар, ал жоғары білімді мамандарға қарағанда 800 мың доллар кем табыс табатыны анықталған;
б) еңбекке жарамды халыққа білім беру мерзімін бір жылға арттырса, ол эко­номиканы – 3-6 пайызға, ал экономиканың өсуін 1 пайызға арттырады екен;
в) елімізде табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың 94 пайызында ата-аналарының жоғары білімі жоқ.
Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Бұлардың барлығының негізгі айтпақ ойы – адам білімінің қазіргі замандағы құндылығы. Тіпті адам ден­саулығы да оның біліміне тікелей тәуелді. Атап айтқанда, мәліметтер бойынша, адам денсаулығы 10-15 пайыз – денсаулық сақ­тау жүйесіне, 20-25 пайызы – генетикалық факторларға, ал 50-52 пайызы өмір сүру салтына байланысты екен. Ал осыған қарап, қай адамның өмір сүру салтының қандай болатынын өзіңіз ойлай беріңіз.
– Бізде осы «адам капиталы» ұғымы білім беру саласымен қашаннан байланыстырылып жүр?
– Жоғарыда білім беру саласы бүкіл әлем елдерінде реформалануда дедік. Және мұның ең басты бағыты – білім беру мәселесіне бөлінетін қаржы деп ойлаймыз. Мысалы, 2007 жылы бүкіл әлем бойынша білім беру жүйесіне 2 триллион АҚШ дол­лары мөлшерінде қаржы жұмсалды. Жал­пы, әлемнің дамыған елдерінде білім беруге бөлінетін қаржы жылдан-жылға өсуде.
 Дамыған елдердегі білім сапасын сараптаған ғалымдардың (М.Барбер, М.Мур­шед) анықтаған мәліметіне қарасақ, 1970-1994 жылдар аралығында бір оқу­шыға жұмсалатын қаржы Бельгияда – 65 пайызға, Ұлыбританияда – 77 пайызға, Гер­манияда – 108 пайызға, Францияда – 212 пайызға, Жаңа Зеландияда – 223 пайыз­­ға, Австралияда – 270 пайызға, Жапонияда – 103 пайызға, Италияда 126 пайызға өскен. Алайда осы уақыт ара­лы­ғында білім сапасы Бельгияда – 5 пайызға, Ұлыбританияда – 8 пайызға, Германияда – 5 пайызға, Францияда – 7 пайызға, Жаңа Зеландияда – 10 пайызға, Австралияда 2 пайызға төмендеген. Білім сапасы тек Жапонияда – 2 пайызға, Италияда 1 пайызға ғана өскен. Сол сияқты 1980-2005 жылдар аралығында АҚШ-та бір оқушыға шығатын шығын 73 пайызға өсті. Ал бір мұғалімге тиісті оқушылар саны 18 пайызға кеміді. Сынып оқушыларының саны АҚШ тарихындағы ең аз деңгейге 2005 жылы келді. Дей тұрғанмен, білім саласына бөлінген қаржының өсуі, сынып оқушылары санының азаюы, мектептің материалдық-техникалық жағдайының жақсаруы оқушылардың білім сапасының көтерілуіне елеулі әсер етпейтіні нақты­ланып отыр. Мысалы, білім беру саласы бойынша әлемдегі көшбасшылардың бірі – Сингапур бастауыш білім беруге бөлген қаржысының мөлшері бойынша Эконо­микалық ынтымақтастық және даму ұйы­мына мүше 30 елдің ішінде 27-орында тұр.
Мұнда да негізгі мәселе білім сала­сын­дағы адам капиталына, яғни педагог­тер­дің денсаулығына, адамгершілігіне, білім-білігіне, кәсіптік деңгейіне, жұмысқа деген ынтасына, олардың материалдық жағдайы­на байланысты болып отыр.
Жүргізілген зерттеулердің нәтижелеріне қарағанда, кәсіптік деңгейі жоғары мұға­лімдер оқытқан оқушылар кәсіптік деңгейі төмен мұғалімдер оқытқан оқушыларға қарағанда үш есе тез дамиды. АҚШ-тың Теннесси штатында мынадай тәжірибе жүргізілген: сегіз жастағы оқушылар кәсіп­тік деңгейі жоғары және кәсіптік деңгейі төмен мұғалімдерге бөліп берілген. Үш жылдан соң кәсіптік деңгейі жоғары мұға­лім оқытқан оқушылардың білім деңгейі 11 жастағы оқушылар білуге тиісті білімнің 90 пайызын меңгерсе, кәсіптік деңгейі тө­мен мұғалім оқытқан оқушылар 11 жастағы оқушылар білуге тиісті білімнің 37 пайызын ғана меңгерген. Айырмашылық – үш жыл ішінде 53 пункт. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Қорыта айт­сақ, осындай жағдайларды ескере отырып, өз елдеріндегі сәйкес мәселелерді жүйе­леген, әлемдегі білім саласы бойынша көшбасшы болып есептелетін Сингапур, Финляндия елдеріндегі педагог кадрларды іріктеу, оларға жалақы төлеу мәселесі және ол елдердегі білім сапасы қазіргі кезде бүкіл әлемге үлгі болып отыр.
Біз де осылардан үлгі ала отырып, олардағы жағдайды елімізге сәйкестендіріп (Сингапур – қала-мемлекет, ондағы білім жүйесін басқару, жүйелеу сияқты тәжіри­белер жер көлемі үлкен, 50 пайыз халқы ауылда тұратын, 60 пайызға жуық мектебі шағын, жинақы мектеп болатын бізге тікелей көшіруге келмейді), пайдалануымыз керек. Бұл бағыттағы жұмыстар басталды да. Себебі «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдар­ламасының» басты міндеттерінің бірі және бірегейі еліміздегі педагогтердің мәрте­бесін көтеру болып белгіленген. Жақын жылдарда-ақ педагогтердің жалақысы, педагогикалық мамандыққа оқуға түсу, педагогтерді әлеуметтік қорғау жағынан оң өзгерістердің болатыны айқын.
Сол сияқты бүгінгі біздің әңгімеміз мемлекеттік бағдарламаның мақсаты мен педагог мәртебесі мәселелері бойынша ғана болды. Мемлекеттік бағдарламада бұдан басқа, білім мекемелерін қаржы­ландыру, бейіндік оқыту, білім беру ұйым­дарын басқару, оқу процесін автомат­тан­дыру, мектепке дейінгі ұйымдар, 12 жыл­дық оқыту моделіне көшу, инклюзивті білім беру және тағы басқа мәселелер бойынша әрбіреуі осындай бір-бір әңгімеге арқау болатын мәселелерді жетілдіру жол­дары қарастырылған.
– Ұстаздардың біліктілігін арттырудың ваучерлік жүйесі жайлы қысқаша айтып кетсеңіз...
– Бір-екі жылдың көлемінде біліктілікті арттыру жүйесі ваучерлік жүйеге көшеді. Мұнда негізінен екі үлкен жағдай іске асырылады деп күтілуде. Олар педагогтер біліктілігін арттыратын мекемені өздері таңдайды және біліктілікті арттыратын білім мекемелері арасында бәсекелестік туады.
– Әңгімеңізге рақмет.

Қызықты мәлімет
* ХХІ ғасырдың басынан бастап дамыған елдер барлық қаржысының 70 пайызын – адам капиталына, ал 30 пайызын ғана капиталдың басқа түрлеріне салып отыр;
* АҚШ-та кезінде мектепті аяқтамай, тастап кеткен адам өмірінде мектепті бітірген адамға қарағанда – орташа 200 мың доллар, ал жоғары білімді мамандарға қарағанда 800 мың доллар кем табыс табатыны анықталған;
* еңбекке жарамды халыққа білім беру мерзімін бір жылға арттырса, ол эко­номиканы – 3-6 пайызға, ал экономиканың өсуін 1 пайызға арттырады екен;
* елімізде табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың 94 пайызында ата-аналарының жоғары білімі жоқ.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста