Білім – әлемдік, тәрбие ұлттық болуы керек

«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы

«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00

Әбдімәлік Нысанбаев, Саясаттану және философия институтының директоры, философия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі

– Әбдімәлік аға, қош келіпсіз! Әңгі­мемізді әріден тартып, астар­ла­май-ақ бірден бастасақ... Диаспора танушы ретінде еліміздегі ассам­блеяның бергені мен бермегі туралы айтыңызшы.
– Қазақ халқы бірлікті, ынтымақты жақсы көреді. Бірлік бар жерде тірлік барлығын атам қазақ бекер айтпаған. Құшағы кең, көңілі дарқан қазақ халқы­ның төңірегіне топтасқан басқа қазақ­стан­дықтар, қазақ халқына құрметпен қарауы тиіс. Оларға да тыныштық керек. Көріп отыр­мыз, көршілес жатқан шетелдерде қандай жағдайлардың болып жатқанын. Араз­дықтан, дүмпуден, көтерілістен әл­еу­меттік жаманшылыққа ұшырағанын дә­лел­деп жатудың қажеті жоқ. Бүгінгі таң­да қазақтың татулығы, ұлттар мен ұлыс­тардың ынтымағы, діндердің бірлігі керек. Еліміздегі негізгі дін – ислам мен право­славтық христиандар. Осы екеуінің ара­сындағы рухани келісім ауадай қажет. Дін­аралық кикілжің, соғыс, қақтығыстар жақ­сылыққа апармайды, апарған да емес.
Біздің елімізде жүз отыздан астам этнос бар екен. Оның кейбіреуінің саны көп емес. Мәселен, он мың. Бірақ этнос ретінде есептеледі. Олардың санының көптігі мен аздығында тұрған ештеңе жоқ. Өзгелер де, өзіміз де шешуші халық, осы жердің иесі, осы мемлекетті құраушы қазақ халқы екенін мойындауға тиіспіз. Аллаға шүкір, қазіргі кезде қазақ 65 пайызға жетіп отыр. Бұл тұрғыдан келгенде, қазақ ұлты Қазақстан қоғамында шешуші «доминант» деп есептеледі. Солай бола тұра, қазақтар «Мен осы елдің егесімін» деп, өзге ұлттарға қысымшылық жасамауының өзі қазақ халқының тектілігін көрсетеді. Қай заманда, қандай қиыншылық болмасын наны­ның жартысын бөліп беріп отырған қазақ соғыс кезінде, соғыстан кейін, бейбіт за­ман­дағы дағдарыстар, елең-алаң өліара шақтарда да өзінің адамгершілік, гуманистік көзқарасынан айныған емес. Келешекте де осылай болады. Өйткені бұл әдет қазақтың болмысында, қанында бар. Қазақ негізгі ұлт болғандықтан, басқа ұлттар қазақ халқының түпкі мүддесін қолдап, құрметпен қарауы қажет. Ең бастысы, қазақ Тәуелсіздіктен айрылмауы тиіс. Тәуелсіздігімізді қастерлеп, құрметтеп жиырма жылдағы жеткен жетістіктерімізді насихаттап, халыққа түсіндіруіміз керек. Этностар арасын зерттеу, реттеу бұл – бір мәселе. Бізде шетелдерден келіп жатқан миссионерлер көп. Оларға сіз, «келме» деп айта алмайсыз. Біз ашық және демо­кратиялық қоғам қалыптастырып жатырмыз. Сондықтан да олар келеді. Бірақ олар жай келмейді. Өздерінің идеологиялық платформасымен келеді. «Заманына қарай амалы» дейді қазақ. Бір кездері босып келген этностарға қазақтар көмек қолын созған. Өйткені олар көмекке зәру еді. Ал бүгінгі келіс басқа... Оларды біз бақылауға алуымыз керек. Олардың пиғылын анық­тамасақ болмайды. Олар көмек сұрап келіп жатқан жоқ. Олардың мақсаты – іштен іріту, бірлікті бұзу болса қайтпекпіз?
– 1991 жылы елімізде алғаш рет қазақ философиясы бөлімін аштыңыз. Соның нәтижесінде халқымыздың сан ғасырлық даналығын жүйелеуге бізде мүмкіндіктер туды. Одан бері де міне, жиырма жыл өткенін көзіңізбен көріп отырсыз. Еліміздегі бір үйдің баласындай ғұмыр кешкен өзге ұлт өкілдері, қазақ философиясын қаншалықты таныды?
– Біз «Совет» дәуірі кезінде оқыдық қой. Сонда бізге айтатын: «қазақта, төрт-ақ философ бар. Олар: әл-Фараби, Абай, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов. Болды. Басқа жоқ» дейтін. Тәуелсіздіктің арқасында біз өзіміздің қайдан шыққа­нымызды біліп, тарихи бастауымызға мән беріп, даналар мен ойшылдарымызды таныдық. Президентіміз ұсынған «Мәдени мұра» бағдарламасы 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы бағдарлама бо­йынша елу томдық «қазақтың фило­со­фиялық мұрасын» шығардық. Оның жи­ырма томы көне заманнан бастап, сақ­тар және бүгінгі күнгі қазақ халқының фило­софиялық мұрасын қамтыды. Біз ашық қоғам құрып жатқан соң Шығыс пен Ба­тыстың, Азия мен Еуропадағы ойшыл­дардың елімізге көмектесетін, рухани қа­жетіне жарайтын ілімдерін алып, төл тілімізге аударуымыз керек. Баяғы Платон, Аристотель, Кант, Гегельдің еңбектері мен ойлары қазіргі қазақ жастарының ойын дамыту үшін аса қажет. Жастардың өміріне тигізер пайдасы мол.
«Совет» дәуірінің ілімі бізді шатастырды. Тіпті адастырды да. Қазақта да талай ойшылдар, данышпан-данагөйлер бар екен. Мәселен, әл-Фараби ғылым мен философия бойынша жүз алпыс төрт трактат жазған. Бірақ біз соның көп болса, елу-алпысын ғана білеміз. Ал оның жартысынан көбі әлі игерілмей жатыр. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша бірталай қаражат бөлініп, экспе­ди­цияларға шығып, үлкен-үлкен шетелдегі Батыс пен Шығыстағы кітапхана­лар­дың кітап сақтайтын жерінде сол еңбектердің кө­шір­месін алып, оларды еліміздегі қазақ жас­тарының рухани игілігіне жарату мақ­сатында он томды әл-Фара­биге арнадық. Ал үшінші жиырма том әлем­дік филосо­фиялық мұра­ға бағыт­талды. «Шығыс және Батыс философиясы» деп екі оқулықпен айналысып жатқан жайымыз тағы бар. Құдай қаласа, «Қазақ философиясы» шығады. Бұлардың бүгінгі ұрпақтың, студент жастардың өресін кеңейтіп, санасын қалыптастыруда маңызы зор боларына сенімім кәміл.
Қазақ философиясы – Тәуелсіздіктің рухани формасы. Тәуелсіз ел болғаннан кейін біз де өзіміздің философиямызбен, энциклопедия, ұлттық кітапханамызбен ерекшеленуіміз керек емес пе?! Қазақ философиясын мойындамайтындар бар. Ал­матыдағы кейбір ғалымдар, мұғалімдер «қазақта философия болған жоқ», – деген пікір білдірген. Ал мен айтар едім: кез келген ауылдағы ақсақалмен шәй ішіп отырып сөйлессеңіз, мейлі өмір туралы, мейлі өлім туралы айтсын, керемет философиялық ой­ларға тұнып тұр. Қазақтың философия­сы – адамның өмір сүру философиясы. Бір сөз­бен айт­қанда, қазақ – ойшыл, философ халық.
– Егемендіктен кейін біз белгілі бір елді үлгі еттік, жолдар таңдадық. «Өр­кениетті елдер бүйтеді, дамыған елдер сөйткен» деген сияқты. Тарихымызды ай­тып таңданғанда, тамсанған­да, мә­де­ниетті, жалпы адамзатқа қажетті құн­дылықтарды өзімізден тауып жатамыз. Осыларды негізге алуға мүм­кін­дік­тер жоқ па? «Батыс философиясы», «Шы­ғыс философиясы» деп бөле­міз. Жа­һандану заманында қазақ философия­сы тасада қалып, ұлттық ерек­шелік­тер басылып, жаншылып кет­пей ме?
– Жоқ. Ондай болмайды. Бізде фило­софиялық жоба бар. Ол – еуразиялық өз­ара түсіністік. Елбасымыз Н. Ә.На­зар­баев­тың ұсынған идеясы және ұстан­ған прин­ципі. Осы ойдың іске асудағы нәти­желері де бар. Мәселен, Беларуссия, Ресей, Қазақ­стан арасындағы үштік Кеден одағы құрыл­ды. Еуразиялық экономикалық бір­тұтас қауымдастық және бар. ХХІ ғасыр өзіңмен-өзің, жеке-дара өмір сүретін заман емес. Жаһанданудың осындай жағы бар. Мемлекеттер бірігуі тиіс. Әрине, біріккенде ұлттық стратегияға сай келіп, өзінің ұлттық мүддесін сақтау мақсатында бірігуі керек.Ұлттық құндылықтар көздің қара­шығындай сақталмаса, біріккеніңізден келер пайда жоқ. Сол кезде бізді қазақ бол­ғанымыз үшін барлық халық құрметтейді. Біз қанша жыл «орыс боламын» деп тырысып едік, одан ештеңе шықпады. Орыс бола алма­дық. Болудың қажеті де жоқ. Тек, ұлттық рух, ұлттық мүдде, ұлттық мәде­ниет, ұлттық болмыс, ұлттық құн­ды­лық­тар­мен ғана біз бәсекеге қабілетті елдер қата­рында мәңгі қаламыз. Одан басқа жол жоқ!
– Мысалы, жапондардың «Тoyota» автокөлігін алайық. «Тoyota» десе жапон, жапон десе «Тoyota» еске түседі. «Брэнд» деп жүрміз ғой. Қазақтың «брэнді» не болуы керек?
 – Қазақтың «брэнді» – мәдени мұрасы. Бізде мұнай көп. Бірақ мұнай жалғыз бізде ғана емес, барлық жерде бар. Алтын, күміс, газ, уран, т.с.с. толып жатқан бағалы дүние­лерді атай беруге болады. Бұлар да қазақ­қа «брэнд» бола алмайды. Қазақты әлемге паш ететін тек – мәдени мұрасы. Біз көп нәрседен ажырап қалдық. Сондықтан осы мәдени мұраны игеру бізге ауадай қажет. Мәдени мұраны игеру арқылы санамызды өзгертеміз. Кеңей­ген сана тарих­қа дұрыс қарай алады. Бодан замандардан ары өтіп, баяғы тәуелсіз болған, Ресейге қосылмай тұрғандағы хандығы, мемлекеті болған заманмен сана үйлескен жағдайда біз дамимыз, тәуелсіздігіміз мығымдана түседі. Ал бодан болған санадан аз уақытта айығып кету мүмкін емес. Құлдық психологияда қалып қояды. Оны бірден жоя алмайсыз. Пышақпен сылып тастап немесе операция­лық жолмен ала салатын нәрсе емес. Адамның санасы – консервативті. Сондық­тан бірте-бірте білім-ғылымды өрістету арқылы, тәрбие жұмысын жандандырып жүргізумен халықтың санасын тәрбиелеу қажет. Мен ылғи айтамын, тағы қайталағым келіп отыр: «білім – әлемдік, ал тәрбие ұлттық болуы керек». Сонда ғана біз елдігімізді, қазақылығымызды сақтаймыз. Жаңағы Жапон елін дұрыс мысал етіп отырсыз. Бірақ біз ине де шығар­маймыз ғой. Бізде ондай техника да жоқ. Бірақ шығар­ғымыз келмегеннен емес. Ол – отар мен боданның кесірі. Кеңес өкіметі кезінде қулығына құрық бойламайтын адамдар болған-ау шамасы: «осы қазақ тәуелсіздік алған күнде де жүз жыл тәуелді болып жүре берсін» деген сияқты. Мысалы, Павлодарда трактор зауыты бол­ғанымен, моторы Челябинскіде жасалады екен. Расында моторсыз қандай трактор жүреді. Оның бәрі саясатқа келіп тіреледі.
Қазіргі XXI ғасырда мылтықтың кү­шімен, найзаның ұшымен біреуді жеңу мүм­кін емес. Атом бомбасы болсын-болмасын. Ендігі жерде тек ұлттық рухы мықты елдер ғана күшті өмір сүретін болады.
– Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін қазіргі мектептегі жас балаларды ұлт­тық рухта тәрбиелеу керектігі белгілі. Бүгінгі мектепке көңіліңіз тола ма? Философ ретінде қандай идеология ұсынатын едіңіз?
– Өте орынды сұрақ. Мектептегі оқу про­цесі екі бөліктен тұрады. Бірінші –тәрбие, екінші – білім. Біз көбіне білім беру жағына мән беріп, бір шелектен екінші шелекке құятын су сияқты түсінеміз. Ол дұрыс емес. Тәрбиеге өте қатты мән беруіміз керек. Әл-Фарабидің: «дүниеде тәр­биесіз берілген білімнен қауіпті нәрсе жоқ» дегені бар. Сондықтан да білім мен тәрбиені бір процестің екі жағы деп қарау қажет. Мектепте математика, физика, биология, химия пәндері арқылы да тәрбие жұмысын жүргізуге болады. Балаларды қызықтыратын неше түрлі курстар ашу жолдарын қарастырған жөн.
– Ендігі әңгімені дін тақырыбына қарай бұрсақ. Дін мен ғылым – бірін-бірі толықтыратын егіз ұғым. «Дінсіз ғылым — ақсақ, ғылымсыз дін — со­қыр» дейді. Пайғамбарымыз с.ғ.с. бір хадисінде «маһшар күні соғыста ағы­зыл­ған шейіт қаны мен ғылымға жұмсал­ған ғалымдардың сиясы тара­зыға тарт­ылған сәтте ғалымдар­дың сиясы басым түседі» деген екен. Бізде дін мен ғы­лым қаншалықты қабыс­қан?
 – Қазіргі заманда бір әділетсіздік бар. Бір жерде қопарылыс, жарылыс, төңкеріс болып жатса, міндетті түрде «ислам» дейді. Ислам дінін теріс көрсетеді. Негізі, ислам дегеніміз – керемет дін. Ол – демокра­тия­лық дін. Бейбітшілікті қолдайтын дін. Сон­дықтан мынау Батыстың ойыншылары «игрок» дейді ғой, исламды саяси ойынға айналдырып, қасиетті діннің беделін тү­сірумен айналысып жүр. Қазір христиандар мен мұсылмандар арасындағы рухани тепе-теңдік бұзылды. Егер екеуінің ара­сындағы тепе-теңдік қалпына келмесе, қыр­ғиқабақ, өзара соғыстар жалғаса бер­мек. Бұл мәселелерді шешетін елдер ара­сында келісім болуы керек. Тиімді бір сұхбат формаларын ұйымдастырған дұрыс. Ендігі жерде бізге тек бейбіт жолмен ғана жүргеніміз абзал. Революциялық емес эво­люциялық жолмен дамуымыз керек. Ха­лықтың тұтастығын сақтап, мем­лекет­тің ішінде тату болып, басқа этностар, әртүрлі диаспоралар, діндер, мәде­ниет­терді ұйыс­тыруға тиіспіз. Ол оңай емес. Мысалы, өзіңіз білесіз қазіргі кезде төрт-бес адамнан тұратын отбасы быт-шыт болып жатыр. Әйелі күйеуімен төбелесіп, бала-шағасын өлтіріп, үйге, дүниеге таласып әлектенуде. Дүние де керек шығар, деген­мен менің ойымша, XXI ғасырда шексіз байлық – рухани байлық. Рухани бай адам ол елін, халқын, жұртын сатпайды. Еш­қандай бай­лыққа қызықпайды да. Рухани жұтаған адамдар халықты бүл­діретіндер. Ондайлар қазіргі таңда біздің қоғамда өкініше қарай, азайып емес, көбейіп жатыр. Міне, осының алдын алуымыз керек.
Жасыратыны жоқ, біздің елде қалыс қалған мәселе ол – дін жағы. Кеңес дәуірі кезінде «дін — апиын» деп бәрімізді діннен алшақтатып жіберді. Қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуына ислам дінінің рөлі кезінде өте зор болды. Сондықтан біз өзіміздің исламды, ислам болғанда да арабтың я болмаса иранның исламы емес, Қожа Ахмет Ясауидің хикметтері, Шәкә­рім­нің философиясын, қазақтың исламын, Абайдың отыз сегізінші сөзіндегі исламды бойымызға сіңіруіміз керек. Осы тұрғыдан келгенде әлі де істелетін шаруалар аз еместігін байқауға болады.
– Қазіргі уақытта ғылымның жалпы зерттелуінен, зерделенуінен еліміздегі ғылымның дамып келе жатқандығын, белгілі бір жолға түскендігін көреміз. Сол ғылым қарапайым халықтың қол­данысына түсіп, сол ғылымның жемісін татып, пайдасын көру деңгейі қанша­лықты? Қазақ ғылымы белгілі бір орталарда, тек ғалымдардың арасында ғана айтылып жүрген жоқ па?
– Мысалы, Иранға барсаң кішкентай кітапшаларын алып, саған қарай жүгіреді. Қалтаңа салады. Біз де Құранның керемет аяттарын жастарға «ұрлық жасама, жаман­шылық істеме, сен жақсы азамат бол!» деп жаттатсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Соның бәрін іске асыру үшін бізге Құранды насихаттау, жалпы исламды насихаттауды алға қоюымыз керек. Құран кітапшаларын далада ойнап жүрген кішкентай балаларға беріп, олар сол Құранның ішіндегі барлық тәлім-тәрбиені алып, жадына сақтап, жаттап өссе, саналы ұрпақ дүниеге келер еді. Міне, жеміс, осы — нәтиже. Әрине, мұндай әрекеттер аздап болса да бар.
– Қазақ философиясы қазақтың өз дара жолын салып беруге ықпалы бар ма?
– Мен бұл жерде Президенттің сөзіне жүгінейін. Оның «Қазақстандық жол» деген кітабы бар. Қазақстанның рухани жағынан да, мәдени жағынан да өзіне тән жолы бар. Ол – тұрақтылық реформаға көшу жолы. Тұрақтылық бірлік болмаған жерде сіздің ешқандай реформаңыз жү­зеге аспайды, бәрі нөл болады. Ал тұрақ­тылық әлеуметтік-саяси болуы тиіс. Қазақ философиясы үш сатыдан өтті. Біріншісі – ежелгі түркілік дәуір, екіншісі – ха­лықтық дәуір, үшінші — кәсіби дәуір. Қазір біз кәсіби дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Кәсіби дәуіріміз бар, ол жөнінде кітаптар шыға­рып, мақалалар жазып, диссертациялар қор­ғап, лекциялар оқып, айлығын алып жатыр­мыз. Қазақ философиясы сіз айт­қандай, бізге үлкен жол салып бере қойған жоқ шығар, бірақ рухани мүмкіндігіміз бар. Қазақтың діни философиясы дамы­ған. Шәкәрімнің өзі не тұрады!? Оның діни философиясы керемет қой. «Білімділерге қойылған бес сауал», «Үш анық» т.с.с. Біз­дің елде имансыз адамдар азайып, иман­дылардың саны көбейе түссе екен.
– Айтқаныңыз келсін! Сіздің өміріңіз бен шығармашылығыңыздан байқа­ғанымыз, қиын заманды бастан кешірген екенсіз. Жас кезіңізде әкеңіздің қудалануы, кейін ол кісінің ақталуына жасаған әрекеттеріңіз табандылықты, қажырлылықты көрсетеді. Бірақ ол қолдан жасалған қиын заман еді. Бейбіт заманда табандылықты немен көр­сетуге болады?
– Бір қарағанда, ешқандай қақтығыс, бәле-жала жоқ сияқты болып көрінуі мүмкін. Жоғарыда айттық қой «қазір қару­мен ештеңе шешілмейді» деп. Бірақ бү­гінде күліп отырып, күйзелтіп кететін амал­дар бар. Сондықтан табанымыз нық, рухани жағымыз мықты болмаса, біз қаңбақ сияқты өз бағыт-бағдарымызды білмей, жел қайдан тұрса солай қарай ұшып жүре бермекпіз. Біздегі әрбір адам­ның бағыт-бағдары – ол адам болу, артынан ұрпақ қалдыру, халқына қолдан келгенше көмек көрсетіп, сол арқылы іргелі елге, айбынды мемлекетке айналу. Он жеті миллионға жуық Қазақ мемлекетінің әрбір азаматы өз еліне елеулі үлес қосса, игі істер жасаса еліміздің ертеңі көрікті болар еді. «Сауатты халық – салауатты» дейді. Заманауи технологияларды игеру және соны өзіміздің елде жасап шығару, пайдалану, зейнетін тату – біздің негізгі міндетіміз. Алла қаласа, келесі онжылдықта біздің еліміз алып державаға айналатын­дығына сенгім келеді. Және соны көргім келеді.
– Ниетіңізге жетіңіз! Сұхбатыңызға рақмет!!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста