Билік БАҚ-пен санасуы керек, әйтпесе таяқтың бір ұшы өзіне тиеді

Билік БАҚ-пен санасуы керек, әйтпесе таяқтың бір ұшы өзіне тиеді

Сейітқазы Матаев, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы:

– Сейітқазы Бейсенғазыұлы, Сіз ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдары Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы қызметін атқардыңыз. Соған дейін де, одан кейін де беделді БАҚ-та қызмет етіп, журналистиканың жыртысын жыртып, саланың дамуына атсалысып келесіз. Ендеше, бүгінгі қазақ журналистикасының деңгейін қалай бағалар едіңіз?
– «Қоғамы қандай болса, баспасөзі де сондай» деген сөз бар. Қазақстандағы журналистиканың дамуын бірауыз сөзбен осылай айтуға болады. Әрине, жетпіс жыл бойы бір ғана идеологияның күйін күйттеген, цензура қыспағында болып келген БАҚ үлкен өзгеріске ұшы­рады. Бүгінгі заман да, заң да басқа. Сол заманның ағымына қарай ақпарат құралдары да көп түледі. Ашығын айтайын, мен Президенттің баспасөз хатшысы қызметінде жүрген кезімде бұқаралық ақпарат құралдарының жекешеленуіне мүлдем қарсы көзқараста едім. Алайда уақыттың өзі БАҚ тәуелсіздігінің қо­ғам дамуында аса маңызды рөл атқа­ра­тынын көрсетіп берді. Қазір жеке­мен­шік газеттердің қоғамдық пікір қалып­тастырудағы жұмысын жоғары баға­лаймын. Қазақстанда БАҚ-тың үштен бірі – жекеменшік. Беталысы, қоғам даму­ын­дағы деңгейі жаман емес, жақсы. Де­ген­мен қазақ газеттерінің таралымына қатысты қиыншылықтар бар секілді. Бұл — бірінші­ден. Екіншіден, қазақ баспасөзінде салалық газет-журнал жеткіліксіз. Мәсе­лен, қазақ тілінде таза экономиканы қо­парып жазатын, қаржы мәселесін жұртқа жілігін шағып түсіндіретін баспасөз жоқ десе де болады. Әрине, басылымдар өз­дері­нің айдары, қосымшасы арқылы бұл тақырыптарды барынша қамтуға тырысады. Алайда қазақша ұдайы экономика-қаржы мәселесін көтеретін, түрлі болжамдар жасап, сарабдал сыншылармен, сарапшылармен сұхбаттаса алатын бірі жоқ. Бұл тұрғыда ғылыми журналдан бөлек, жұртқа түсінікті баспасөз болса игі еді. Сол секілді бұдан сәл бұрын шоу бизнестің қазақша басылымы тапшы болатын, оның сұранысы толып, бәсекелестігі де пайда бола бастаған сыңай байқалады. Сол тұрғыдан қарасақ, бәлкім, алдағы уақытта да экономиканы нысанаға алатын қазақ газеттері де ашылар, оны да жұрт жата-жастана оқыр. Ендеше, бұған ең біріншіден уақыт, екіншіден, халықтың сұранысы керек. Қаржысы мен қожайыны өз алдына. Бұл – журналистика дамуындағы жалпы сипат. Екінші мәселе журналистік белсенділікке де тәуелді. Бұрын БАҚ мәселе көтерсе, билік дереу жауап қататын. Ал қазір ше? Журналистер қауымы қолдан келгенше қоғамның сойылын соғып жатыр, бірақ билік соған мән бермейтіндей.
– Бұл сонда қазақтілді баспасөздің билік алдындағы пәрменсіздігін көр­се­тіп тұрған жоқ па?
– Жоқ, мен мұны жалпылама айтып отырмын. Қазақтілді ғана емес, орыстілді газеттерде де сондай мәселе бар. Журналист жұрттың сөзін айтады, одан нәтиже шамалы. Негізі, бұлай кете беруге болмайды. Билік БАҚ-пен санасуы керек, әйтпесе таяқтың бір ұшы өзіне тиеді. Заң бойынша мемлекеттік органдарға сұрау салынғанда, оған үш күн ішінде жауап берілуі шарт. Оған пысқырған бірі де жоқ. Біз де үйреніп алғанбыз.
– Дегенмен қоғамды ғана емес, би­лікті де түзейтін, жолға салатын БАҚ емес пе? Қауқарсызбыз. Неге?
– Баспасөз «қауқарсызбын» деп мойымауы керек. Көтерген мәселені түбіне жет­кізу, нәтижесін шығару – журналистің мін­деті. Сонда ғана пәрменділік болады. Кеңес Одағында биліктің әрекетін бақы­лау­шы институт болатын. Қазір ол жоқ. Соның рөлі де, жүгі де БАҚ тың мойнында. «Билік бізді тыңдамады» деп «тонға өк­пелеп» теріс қарайтын баспасөздің ертеңі бұлыңғыр. Ондай БАҚ жұртты өрге сүйрей де алмайды. Сондықтан да баспасөз билікке ұнаса да, ұнамаса да бұқараның мәселесін көтере бергені ләзім. Мықты ұстаным да қажет. Өйткені билік әрқилы бағытты көксеуі мүмкін және ол мәңгілік емес, ауыс­палы. Бүгін басқа, ертең көзқарасы одан да бөлек азаматтар келеді. Ал журналист өз мемлекетінің жүгін көтерген нағыз әрі мәңгілік патриоты. Онсыз болмайды. «Көтерген жүгі — алтын, жегені — жантақ» деген де осы деп білемін. Мен кезінде бір оппозициядағы саясаткермен әңгімемде айтып едім: «Қазақстанда билікке әсер ететін оппозиция аяғынан әлі де тік тұрған жоқ, ал биліктің табиғи оппоненті – қазақ баспасөзі» деп. Яғни биліктің кем-кетігін түзеп отырған – БАҚ. Солай болуы да керек. Сонымен қатар БАҚ-қа қазақстандықтардың сенімі бар. Бұл — ең басты мәселе. Осыдан бір жылдай бұрын жұртшылық арасында сауалнама өткізіп, халықтың билік институттарына сенім деңгейін саралаған едік. Сонда бұқараның басым бөлігі ең алдымен Елбасы Н.Назарбаевқа сенетінін көрсетсе, екінші орында БАҚ-қа зор сенім артыпты. Содан кейінгі орындарда Үкімет, депутаттар, әкімдер деп жіктелген. Бұл сауалнама нәтижесіне анық сенемін, өйткені жұрт әділдік іздесе, баспасөзге жүгінеді. Соттың өзіне сенімі төмен, халықтың. Осының бәрін жинақтап айтсақ, Қазақстандағы жур­на­лис­тиканың даму қарқыны жоғары. Өз деңгейінде. Тіпті Қазақстандағы сөз бос­тандығын Өзбекстанмен, Тәжікстан­мен, Қыр­ғызстанмен салыстырып қарап, біздің баспасөздің сауатты, еркін екеніне мақтанамын.
– Неге баспасөз деңгейін көршілес, бізден төменірек елдермен салыстыруымыз керек? Неге еуропалық өл­шем­мен қарамасқа?
– Жақын көрші елдермен салыстыруға, санасуға тиіспіз. Оның үстіне мен мұнда тіпті теріскейдегі Ресейді де, шығыстағы Қытайды да айтып отырған жоқпын. Жарайды, Еуропамен салыстырып қарайық, бірақ сол Еуропаның өзінде абсолютті тәуелсіз баспасөз жоқ. Әркімнің құрыл­тайшысы, қожайыны бар. Ендеше, қазақ­стандық БАҚ-тан Еуропаның деңгейінде айырмашылық шамалы. Дегенмен алда­ғы уақытта қазақстандық БАҚ елдің сөзін сөйлеп көріне берсе, рейтингі одан сайын жоғарылай түседі деп ойлаймын.
– Сөз бостандығы ше?
– Қазақстанда, ашығын айту керек, сөз бостандығы бар. Ата Заңымызда солай жазылған, іс жүзінде де солай. Әйткені­мен әрбір редакцияда, әрбір журналисте ішкі цензура да бар. Редакциялық саясат, құрылтайшының мүддесі де баршылық. Оны кез келген редакция да біледі. Айтатын арна айтып, жазатын газет жазып жатыр. Тек заң шеңберінде. «Заң маған ұнамайды, сондықтан мен оны орындамаймын» деуге болмайды ғой.
– Қазіргі отандық журналистика қазақ­тілді және орыстілді деп екіге айырылып отыр. Біз қаласақ та, қала­масақ та осылай бөліп қарауға мәж­­бүрміз. Қайсысы қоғам үшін сал­мақты?
– Бұл — тарихи қалыптасқан жағдай. Дегенмен топтастырып айтатын болсақ екеуінің орны, бетке алған бағыты екі бөлек. Орыстілді баспасөз сенсация қуалап жазғанды ұнатады. Бір жағынан, таралымын арттыру, жұртты тарту соған итермелейтін тәрізді. Қазақтілді басылымның арасында да сенсацияға мойын бұра бастағандары баршылық. Орыстың газеттері оқырманның өтімділігін қамту үшін көбінесе криминалға, эротикаға бой алдырады. Ал қазақ газеттерінің менталитетінде ол жоқ. Мысалы, адам айтқысыз айуандық орын алды делік, қазақ газеті мұны жазуға жүрексінеді. Ал орыстілдісі керісінше, айғайлатып алдыға соны салады. Әрине, ашық қоғам болған соң солай болуы шарт та тәрізді. Дегенмен ұлттық баспасөздің өзіндік ерекшелігі, ұстанымы бар. Қазақтың тарихын, тілін, ділі мен дінін қорғаштайтын орыстілді емес, қазақ­тілді басылым. Біз соған мән беруіміз керек. Өйткені орыстілді басылым бұған көп жолай бермейді. Кейбірі тіпті қазақ баспасөзі бір-бірін іліп әкете көтерген мәселеге іштей де, кей жағдайда сырттай да қарсылық танытады. Яғни мемлекетке, ұлтқа, Тәуелсіздігімізге қандай да бір қатер төніп, қауіп білінсе, бұған ең бірінші кезекте қазақ баспасөзінің қорған боларына күмәнім жоқ. Сондай-ақ қоғамда қандай да бір күрмеуі қиын мәселе көтерілсе, қазақ басылымдары ғана бастан-аяқ болы­сып, соңына дейін ынтымақтасып бара алады. Орыстілді БАҚ қазақтың ісі көте­рілген уақытта тасада қалатыны жасырын емес. Мәселен, Кенесарының басын елге әкелу туралы қазақ баспасөзінің қалам сілтемегені жоқтың қасы. Ал орыс­тілді басылым жұмған аузын ашпады. Тіпті менің білуімше, бір екі басылым­ның бұған қарсылығы да танылды. Әйт­се де қоғамдағы салмағы жағына келе­тін болсақ, қазақ тілі мен орыс тілінде жаза­тын басылымдардың ұстанымы бола­шақта бір арнаға тоғысады. Оны тоғыс­тыратын арна – ұлт мүддесі. Олай бола­тын себебі, қазірдің өзінде орыстілді беделді басылымдарға қазақтың азамат­тары басшылыққа келе бастады. Бұл қазақстандық журналистиканың өркен­деуі үшін үлкен күш. Сонымен қатар қазір орыстілді БАҚ саласында қазақ тіліне жетік журналиске сұраныс жоғары. Болашақ бағдарды бағамдай білетін, көзі ашық басқа ұлт өкілдері өздеріне тілші даярлау жағын қамданса, орысша жаза алатынымен қоса, қазақ тілін білуіне де көңіл бөлетін болып жүр. Ондай журналист өтімді. Өйткені биліктің бағдары анық. Бұрын Кеңес Одағында орыс газетін армян немесе грузин басқарса, таңғалатынбыз. Ол кезде орыс газетін басқаратын ұлты қазақ редакторлары аз ғана болды. Ал қазір Құдайға шүкір, ондай тұлғалар баршылық. Әрі олардың көпшілігі ұлт жанашыры.
– Дегенмен қазақтілді баспасөздің билікке әсер етуі қандай, деңгейі ше?
– Ашығын айтсақ, қазақ басылымдары сынға шорқақ. Бұған бір жағынан, қазақы менталитет те кедергі. Өйткені қазақ — қарға тамырлы. Бір әкімді сынау керек болса, мейлі сыналсын делік, оның мың жақтасы табылып шығады. Бұған мысал жеткілікті. Сынға кедергі екінші мәселе – мемлекеттік тапсырыс. Осындай тапсырыс арқылы жыртығын жамап отырған баспасөз өзінің қаржылық қожайынына сын айта ма? Орталық мемлекеттік органды, шенеуніктерді сынай алмайтыны сондықтан.
– Сол мемлекеттік тапсырысты орыстілді газеттер де алып жатыр ғой және біздің білуімізше, қазақтілді БАҚ-қа қарағанда оларға бюджеттен сүбелі үлес тиеді. Ендеше, неге олар мемлекеттің, ұлттың мәселесін көтер­мейді? Неге Қазақстандағы мемлекеттік, ұлттық мәселені қазақ тілді газеттер көтеріп, орыстілділер қазынадан қаражат алғанымен, аузын ашпауы керек?
– Шындығында, бұл жерде түсініс­пеушілік көп. Мәселен, мемлекеттік тап­сырысқа жұмсалатын қаражат өте зор. Оны орыстілдісі де, қазақтілдісі де алады. Әйткенімен, халықтың қаражаты қалай бөлініп, бөлінгені қалай орындалып жатыр, сол маңызды бізге. Сонымен қатар тапсырыс алған орыстілді БАҚ сіз айтқан ұлттық мәселені, мемлекеттік мәселені атүсті жаза салуы да мүмкін. Ал ондай көңілсіз, есеп беру үшін жазылған дүниеден келер нәтиже бар ма? Осы тұрғыдан салыстырғанда, әлгіндей бюджеттік қиғаштықтарға қарамай-ақ қазақ баспасөзі өзіне артылған жүкті дұрыс көтеріп келеді. Мен сол үшін қазақ баспасөзін жақсы көремін, сүйемін.
– Ол қандай жүк?
– Қазақ баспасөзі қай кезеңде де ауыл мәселесін көтере білді, әлі де көтеріп келеді. Өйткені мұндағы журналистер қауы­мының барлығы дерлік ауылдан шық­қан, елді біледі, өз ауылын шама келсе көтер­гісі келеді. Мен соған ризамын. Сон­дықтан да билік ұмытып кете беретін ауылдағы ағайынның мұңын мұңдап, жоғын жоқтай­тын бір ғана институт бар бізде. Егер қазақ баспасөзі болмаса, ауыл жұртының күні не боларын ойлаудың өзі кейде маған қиындау соғады. Сосын тіл мәселесіне келейік. Менің өзім Ресейде туып-өскен азаматпын. Туған тіліме қатысты кемшілігім болды, бірақ үйрендім. «Абай жолын» қазақша оқыдым. Өйткені маған ең бірінші туған тілімді білмеу ұятты жағдай болса, екіншіден сұраныс пен талап сондай болды. Ендеше, билікке де сон­дай талап қоя білу керек. Қашан қазақ тілі мәртебесі өз деңгейіне жетеді? Билікке қазақша ойлап, қазақша сөйлейтін адамдар келген кезде ғана. Ал бүгінгі министрлер, мемлекеттік орган басшылары «Казправда» мен «Республика» секілді га­зет­терді оқып, «қоғам өстіп жатыр» деп ше­шім шығарады. Ал олар жаңағы ауыл туралы не жазып жатыр? Биліктің құлағын ұс­таған шенеуніктердің бәрі бірдей қазақ газет­терін оқыса, сол қазақ газеттері көте­ріп жатқан мәселелерге орайқазақ баспа­сөзінде өз ұстанымдарын білдіріп, жауап қатып отырса етті. Өкінішті-ақ. Кейбір шенеу­нік қораның, жылқының иісінен жиір­кенеді. Өйткені ол Алматыда туып, Мәс­кеуде оқып, Астанаға келіп креслоға отыр­ды.
— Жақынд Гүлжан Ерғалиева апа­йы­мыздың «шындық туралы» бей­не-ролигі дүрілдетті. Қоғам тағы екі­ге айырылды. Енді келіп және бір жур­налист «шынымен, бұл өзіңіз бе?» деп сұраса «менің тәнімнен басқаны не­ге бай­қа­мадың?» деп кейіді. Сонда деймін-ау, біз кино түсірсек те, шын­дық туралы шырылдасақ та неге ауыл­да­ғы ағайынмен санаспаймыз? Кино түсір­сек, еуропалықтар үшін дедік, «шын­дығымыз» да тек солардың көз­қара­сымен болуы керек пе? Гүлжан Ер­ға­лие­ваның ролигін көрсетіп, асты­на «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп жазсақ, қарапайым ауыл қаза­ғы «дімкәссің» ба демей ме? Маған кейде осы жайт түсініксіздеу. Сізге ше?
– Бұл – біздің ең үлкен кемшілігіміз. Сіз айтып отырған екі мәселеде де біз төменнен жоғары қарай жүрудің орнына, керісінше, жоғарыдан төменге қадам жасап жатырмыз. Яғни проблеманы ауылдан бастап көтерудің орнына, бәрін бірден жоғары биліктен талап еткіміз келеді. Шынымен, мені де кейде осы мәселе қатты ойлантады. Ал сіз келтірген мысалмен жүгінсек, қазақ қоғамында қосарланған стандарт қалыптасқан. Бір жағынан, ауылдың менталитетін ойлау керек болса, екінші бір топ демократияны жоғарыдан талап етуді сұрайды. Бұл дұрыс емес. Елін ойлаған сақа саясаткер қай тұстан бастап қолдауға сүйенуі керек­тігін осы әңгімеден-ақ өзі пайымдар. Ал БАҚ-тың бұл тақырыпты қаузауы, қозғау салуы міндетті ережедей болуы керек. Гүлжан Ерғалиеваның ролигіне келсек, мұнда халыққа ұнау, ұнамау басты мәселе емес. Басты мәселе – пиар. Онымен бір кездескенімде: «Ролигім ұнады ма?» – деп менен де сұрады.
– Не деп жауап бердіңіз?
– «Иә. Әсіресе іш киіміңіз әдемі екен» деп әзілдедім.
– Жақсы. Қазақстанның ақпарат­тық қауіпсіздігіне қатысты мәселе бар­шылық. Оны өзіңіз де сезетін шы­ғарсыз. Не айтар едіңіз?
– Рас, Қазақстан Ресей ақпараттық кеңістігінің ықпалынан шыға алмай отыр. Қазақстан ғана емес, кешегі Кеңес Одағы­ның бүкіл аумағы орыс құралының ықпа­лында. Кейбір өңірлерде мұның деңгейі төмендеу болса, қайсыбір өңірде күшті. Қазақстанның осы тұсындағы саясатты қай­та қарастырған жөн. Ресеймен қанша дос болсақ та, соған марқайып ақпараттық қауіпсіздіктің тізгінін бос ұстауға болмайды. Күні кеше Қырғызда төңкеріс орнады. Бұған Ресей баспасөзінің ықпалы зор болғанын көпшілік біледі. Әйтпесе, қазіргі Лукашенконың басындағы жағдайды алып қараңыз. Осыдан екі-үш жыл бұрын қандай болып еді? Сол кезде орыс басылымы Лукашенко туралы қандай пікірде еді, ал қазір қандай? Арасы жер мен көктей. Бұл — ойланатын мәселе. Ендеше, не істемек керек? Әрине, біз ресейлік газет-журнал атаулының бәрін елден қуып шығара алмаймыз. Шекараны да тарс бекіте алмасымыз тағы анық. Ондай болса, оларға тек төтеп беруіміз керек. Бұл үшін қазақтілді болсын, орыстілді болсын, Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігіне жұмыс істейтін баспасөздің қуатын арт­тыруға мемлекеттің өзі мүдделі болуы шарт. Бұған қаражат жетеді. Сол қаражатты құю арқылы қазақстандық газеттердің ақпараттық кеңістіктегі қорғаныс қабілетін ашуымыз керек. Бұл — мәселенің бір жағы. Екіншіден, екі елдің арасында келісім-шарт болуы керек. Қазақ пен орыстың қарым-қатынасы бүгін жаман емес. Осыны пайдаланып, қазақ баспасөзінің Ресейдегі қазақтарға да жетуін қадағаласақ игі. Тағы айта кететін мәселе, кезінде бізді Ресей БАҚ-тарынан көп үйренуге үндейтін. Бұл кезең коммунизммен бірге қарасы батуы тиіс еді. Бірақ солай болмай отыр. Тіпті күні кеше «Арна-медиа» ресейлік мамандарды арнайы шақырып, мемлекеттік БАҚ арасында біліктілікті арттыруға көп қаржы шығындағанын да білемін. Түкке тұрғысыз мәселе. Біз кез келген мәселе бойынша орыстан үйренетінімізді онсыз да 70 жыл бойы үйреніп келдік, алда керек болса, оған еш қиналмасымыз да анық. Оның орнына журналистерді Түркиядан тәжірибе алмасып тұруға жолдаған жақсы еді. Ресей мен Түркияны салыстырып көрсеңіз, түркілердің баспа­сөзі қай жағынан да көш ілгері. Сіз сөз басында меңзеген еуропалық өлшемге олар берік. Түркілермен түбіміз де бір. Ендеше, баяғы орысқа жалтақтайтын әдетті қойып, біздің министрліктегі шенеуніктер жас журналистерді Түркиядан оқытқаны ләзім. Сонда ғана Қазақстан баспасөзі үшін қорғаныстың бір үлкен жолы түр­кілік ынтымақтастықпен ұштасатын еді. Түркияның ақпараттық дамуы өте қар­қынды, сөз бостандығы жоғары. Оның үстіне жеке басым Түркияға екі мәселе бойынша бас иемін. Бірінші, Тәуелсіздікті ең алғашқы мойындаған мемлекет. Екінші, тығырыққа тірелген білім жүйесін жаңа арнамен қолдады. Қазақ-түрік лице­йі­нен көптеген білімді азаматтар шықты. Қазақстанда ең озық орта білім беретін орда – осылар. Сондықтан ақпарат­тық қауіп­сіздік тұрғысынан алғанда, қазақ­стандық БАҚ-тың қорғаныс қабі­летін ұлттық негізге қарай күшейтуді ойлас­тырған жөн.
Бұдан бөлек, ақпараттық қауіпсіздік тұрғысындағы қазіргі жаһандық қатердің бір көзі – интернет. Кешегі Солтүстік Африка арабтарының бірінен-біріне ұласқан дүрбелеңіне бірден-бір күш берген де сол — интернет. Алайда интернетті «құлыптауға» болмайды. Ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан шектеу, саралау, сүзу жүргізілсе, сол жетеді. Айта кетерлік интернеттің жағымсыз жолы – жасырынбақтық, бүркеншектік. Сол арқылы қаралау. Мәселен, белгілі бір тұлға туралы жалған ақпарат кетті делік. Бұған сенетіндер бірден табыла кетеді. Тіпті сенбейтіндердің өзі күдікте жүріп, осының рас-өтірігін тексеруге, білмекке құмартады. Қауіпсіздік пен тұрақтылыққа жік салам деушілер де бүркене алады. Оған сөз жоқ. Осыны абайлаған ләзім. Интернеттің жақсы жағы одан да зор. Мәселен, қазақ басылымдарының сайт­тары ашылып жатыр, бұл ақпаратқа қол­жетімділікті арттырады. Бұрынғыға қарағанда, қазақ тілінде ақпар таратып, қоғамдық пікірге ықпал жасайтын интернет-газеттер де қалыптасты. Бұл мені қуантады. Сондай интернеттегі байланыс арқылы шетелдегі қандаспен арамызда бір көпір орнады деп білемін.
– Бүгінгі күні елдің өңірлік оқу орындарында журналистер даярланып жатыр. Одан шығатын кадр сапасына көңіліңіз тола ма?
– Журналист керек, бірақ сапасыз журналист керек емес. Қазіргі оқу орын­дарындағы проблеманың зоры – тәжірибеден алшақтығында жатыр. Факультеттегі тәлімгерлерді алып қарасаңыз, олардың басым бөлігі бізбен қатарласып оқып, жоғары оқу орнын бітірген, сосын кандидаттықты қорғап, одан кейін көтеріліп доктор атанғандар. Солай бола тұра, тәжірибе жүзінде газеттің бетін көр­мегендері қаншама. Жалаң теорияға сүйеніп журналисті «қаруландырамын» деу бекер. Сонымен бірге қазір облыстың бәрінде де университет, сол университеттің ішінде юрфак та, журфак та бар. Ендеше, қаптаған журфактің студенттері бірінші кезекте диплом үшін ғана оқып жатыр. Бұны шектеп, республика бойынша үш-ақ журфакты қалдыру керек: Алматыдағы ҚазМҰУ-де, Қарағанды университетінде және Еуразия ұлттық университетінде. Болды. Сосын жұмысқа журналистерді тек дипломмен ғана алуға болмайды. Жазғысы келіп, іздене алған журналисті талабы мен таланты екі жақтап алып шығады. Бұған дипломның қажеті шамалы.

Датым бар...
Кеңес Одағы кезінде журналистерге ерекше жағдай жасалатын. Журналистер одағының мүшесі болған азаматқа қосымша тоғыз шаршы метрлік баспана алаңы берілетін. Ал Тәуелсіз Қазақстанның журналисі баспанасын да, басқасын да ойлап, басын қатырумен жүр. Мұны мен бірнеше мәрте көтеріп келемін. Осы тұрғыдан айтарым, Қазақстан журналистерінің өз мәртебесі (статусы) болуы керек. Депутаттарда мәртебе бар, соттың да мәртебесі бар, Үкімет мүшелерінде де, мемлекеттік қызметшіде де мәртебе заң жүзінде бекітілген. Ал неге бізде жоқ? Журналист қоғамның, мемлекеттің ең үлкен жүгін көтеріп жүргенімен, оның мәртебесі де, қоғамдағы санаты да жоқ. Депутаттармен кездескенде осындай заңның қабылдануы тиістігін ашық айттым. Әзірше нәтиже жоқ. Біз ондай заң жобасын да әзірлегенбіз. Алдағы уақытта да осы бағытта жұмыс істеуге міндеттіміз деп санаймын.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста