Бетін тұмшалап жүргендердің бәрін бірдей иманды деп айтуға болмайды
Раушан ОРЫМБАЕВА, дәрігер, Қазақстан қажылар қауымдастығының мүшесі:
– Раушан Уәлиханқызы, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы өткен Құрбан айт мерекесінде қажылыққа мақтан үшін, атақ үшін баратын жамағатқа сын білдіріп, бұл қасиетті сапарға Аллаға шын құлшылықпен бірге елде татулықты қолдау ниетімен аттану керектігін ескерткен еді. Қажылық сапар дәулетті кісілер үшін ғана мүмкін болғандықтан, соңғы кездері оның қадірін әркімнің әрқалай түсініп жүргені ақиқат. Қажылыққа барғысы келетіндерді неге мінез-құлқына, имандылық жолы мен ниетіне қарай іріктеп алмасқа?!
– Дұрыс айтасың. Мен Меккеге барған кезеңде бұған 230 адам ғана өтініш білдірген еді, қазір, құдайға тәуба, 5000-дай адам барады. Қажылыққа бару – мақтан емес, Меккеге барып келдім екен деп, маңғазданып жүру де – дұрыс емес. Алланың бұйрығын орындап келген адам қажылықтың дәрежесін төмендетпей, оны өте жоғары ұстай біліп, Меккеден үйреніп келген нәрселерін елге насихаттай алуы қажет. Өзінің де бес уақыт намазы қаза болмауы, оразасын ұстауы, аузынан кәлимасы түспеуі шарт. Қасиетті жерге барып, тәу етіп, парызын өтеп келгендер қажыға баруға қолы жетпеген қарапайым халыққа көрген-білгенін айтып, сауабын алуы керек. Астрапыралла деп айтайын, ешкімді ғайбаттағым келмейді, құдай кешірсін, бірақ менің байқауымша, қазір қажылыққа намазды білмейтін адамдар да баратын болған. Алланың бұйрығын орындамай баратын адамдар да бар. Бұл – мұсылмандықтың бесінші, өте салмақты, ең жауапты парызы. Қажылыққа бару үшін намазға жығылу міндетті. Намаздың орны қажылықтан да жоғары. Оның бес мезгіл намаздан басқа да өте көп түрі бар. Құран сүрелері мен дұғаның мағынасын жете түсіне білу керек. Кейбіреулер айтады, «қажылыққа барып, дұға қылып едім, тілегім қабыл болмады» деп. Адам мұсылмандық парызының қайсысын істесе де, дұрыс ниетпен, адал істеуі керек, бұлай жасалмаған нәрсе ешқашан қабыл болмайды. Ілім-білім алмаған, шынайы, адал ниеті жоқ адамдардың өзгелерден қалмау үшін бұл сапарға баруы – әсте дұрыс емес. Өйткені олар баруын барса да, олардың бәрінің қажылығы қабыл бола ма, болмай ма, ол бір Аллаға ғана аян. Өзге мұсылман елдерінде қажылыққа бару үшін халық 10-15 жыл кезекке тұрады. Бұл мәселеге шынымен де асқан жауапкершілікпен қарайды. Мүфтияттағы басшылар қажыға баратын адамдардың өтінішін мұқият саралайды. Қажылық міндетті орындағысы келетін адам осы уақыт аралығында өзінің ниетін дәлелдей білуі керек. Мұндай адамдардың дінге, елге, отбасына еңбегі сіңген болуы шарт. Содан кейін барып қана қажылық парызды өтеу дәрежесіне жетуі керек.
– Қазіргі кезде қажылыққа ұшақпен топ етіп бара салудың өзі туралы жұртшылық арасында әртүрлі пікірлер айтылады. Бұрынғы кездердегідей жол азабынсыз, ешқандай қиындықсыз барып, орындалған құлшылықтың қабыл болатынына да сенбестік білдірушілер бар. Бірақ көлік қатынасы дамыған бүгінгі заманда бұл көзқарас өзгеруі керек шығар?
– Иә, бұл туралы «Қазақстан қажылары» деген жинақта кеңінен айтылады. Бұрынғы кезде қажылық сапарға дайындалудың өзіне көп уақыт пен қайрат-жігер жұмсалған. Басқасын айтпағанда, ет пен бауырсақты айшылық алыс жолға жететіндей етіп сүрлеп, пісіруге айрықша көңіл бөлінген. Жол азабының өзі – бөлек әңгіме. Меккеге жаяу, арып-ашып барғандар да болған. Бұрынғы заманда қажыға барған адамды халықтың қатты құрметтегені сондықтан да болар. Бірақ бұл сол замандағы мүмкіндікке қарай еді. Қазір, Аллаға шүкір, бәрі өзгерді. Көлік қатынасы, техника, әуе байланысы жетілді. Мұның өзін Алланың берген сыйы, жақсылығы деп қабылдаған дұрыс. Сондықтан «ұшақпен қажыға бару қабыл болмайды» деген пікір жаңсақ. Ең бастысы, құлшылық етушінің ниеті ақ болса болды. Ал 18 мың ғаламды жаратқан құдіретті Аллаға барлығы да аян. Алдағы уақытта оның адамзатқа сыйлайтын жақсылығы да көп болмақ.
– Елімізде қажы атанғандар қатарының көбеюін жақсылық белгісі деп есептейсіз бе?
– Мұны, сөз жоқ, жақсылықтың нышаны дер едім. Қазір, шынымен де, көзі ашық, білімді, мұсылмандықты таза күйінде, ақылға, қазіргі жамағаттың көзқарасы мен талап-мүддесіне сай насихаттай алатын діндарлар көбейіп келеді. Өз басым елімізді рухани жағынан сусындатуға шын берілген адамдардың көбін көзіммен көргенмін.
– Бүгінде қоғамда кейбір қыз-келіншектердің жаппай хиджаб киюі төңірегінде алуан түрлі қызылкеңірдек пікірлер қалыптасып отыр. Сіз қандай көзқарастасыз?
– Соңғы кездері біздің мұсылман елі болуға деген ниетімізбен бірге, осы дінді жамылып, оған іштей кері әрекет жасайтын топтар да көбейіп барады. Дінге бет бұрған қыз-келіншектеріміздің бірқатары қап-қара орамал тағып, қап-қара көйлек киіп жүреді. Бұл – дұрыс емес. Мәселе киімде емес! Мәселе – жүректің, рухтың тазалығында. Қазақ халқының өз дәстүрі, өз салты, өз киімі бар. Имандылыққа ден қойған қыздарымыз сол өз ділімізге сай киінсе болғаны. Қыздардың иманының нұры бетінен-ақ белгілі болып тұруы керек, ал хиджаб пен қара орамалдың ар жағында не тұрғаны беймәлім. Бетін тұмшалап жүргендердің бәрін бірдей иманды деп айтуға болмайды. Қазіргі уақытта қыз-келіншектеріміздің көбі жұртпен бірдей оқу оқиды, жұмыс істейді. Сондықтан олардың киім үлгілері де оқу мен жұмыс орындарының талап етуіне қарай болғаны жөн. Өз басым кейбір қыздардың «хиджаб кигізбеді, орамал таққызбады» деп наразылық білдіргенін дұрыс деп есептемеймін, ең бастысы, адам дәрет алып, намазын оқып, таза жүрсе болды. Бұл – ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр. Қыздарымыз хиджаб емес, қазақтың өзінің ұлттық нақышты киімдерін кисе, қандай ғанибет?! Өкінішке қарай, бүгінде жастардың көбі адасты. Көшеде жас қыздар шаштарын жалбыратып, кіндіктерін жарқыратып та жүретін болды. Халқымыз қыздардың мұндай ұятты жерлеріне көз тиеді деп есептеген. Сондықтан қыз балалардың ашық-шашық жүрмегені дұрыс. Тағы бір айтайын дегенім, қазір мешітке келушілер өте көп, бұл жақсы. Бірақ адамдар мешітке Аллаға ғибадат ету үшін ғана келуі керек. Мешіт – Алланың жердегі үйі, ол – пенденің Аллаға ғибадат ететін, сауап амал жасайтын орны. Үйден ниет етіп, дәрет алып, таза киім киіп мешітке келген адамның әр қадамына сауап жазылады делінеді. Сондықтан Алланың үйінде өзге дүниелер туралы әңгімелер айтылмауы тиіс. Ал енді кейбіреулер келіп, әйтеуір намазын оқыған болады, бірақ сол жерде тұрғанда неше түрлі тұрмыстық немесе жеңіл-желпі әңгімелер айтып жатады. Ешкімді ғайбаттағым келмейді, бірақ мешітте жаман сөз айтып, бір-бірімен қақтығысып қалатындар да кездеседі. Жуырда «Ислам өркениеті» газетінен оқыдым, әлдекімдер хиджаб киіп алып, намаз оқуға келіпті де, құлшылық етушілердің киім-кешегі мен сөмкелерін ұрлап кетіпті. Міне, киім адамның имандылығының кепілі бола алмайды.
– Кеңес Одағының атеистік дәуірінде сізге имандылық жолымен жүру қиын болған жоқ па? Әлде ол кезеңде сіз де атеист болдыңыз ба?
– Менің нағашы атам Кереку өңіріне белгілі молда әрі болыс болған. Анам да соңғы сапарға аттанғанша Аллаға құлшылық етіп, намаз оқыды. Үйдегі бес бала солардың тәрбиесін бойымызға сіңіріп өстік. Анамыз намаз оқып болып күбірлеп отырғанда, құлағым шалып қалатын: «Ей, Алла, балаларымның жамандығын көрсете көрме, менің жанымды қинамай ал», – дейтін. «Лә иләһа илла Алла» деген кәлиманы бала кезімізден еститінбіз. Нағашы атамыз бізді отырғызып қойып, «азанды тыңдасаңдар, сабақтарың жақсы болады, істерің де ілгері болады» дейтін. Анамыз да «бісмілләсіз» дастарқанға отырғызбай, «ешкімнің ала жібін аттамаңдар, жамандық атаулыдан аулақ жүріңдер» деп қатаң тәрбие берді. Міне, осылай ата-ананың өсиетін есте сақтап, имандылық жолына түстік. Атам, әке-шешем Сібірге жер аударылған кезде мектепте орыстың 30 баласының ішінде жалғыз қазақ болып оқысам да, ана тілімді ұмытқан жоқпын. Сол үшін ата-анама ризамын. Әкемізден ерте айырылып, еңбекке араласуға мәжбүр болдық. Жұмыс істеп жүріп, Семейдің медициналық училищесін бітірдім, 38 жыл фельдшер болып қызмет еттім. Бірақ ешқашан аузымнан «бісмілләм» түскен жоқ. Кеңес заманында маған «партияға өт» деп қанша мәрте ұсыныс айтылмады дейсің. Бірақ «қызметімді адал істесем де, коммунист болмаймын» деп, партияға мүше болудан бас тарттым. Анам әкесінің 1895 жылы Санкт-Петербургтен шыққан «Иманшарт» кітабын жүрегінің тұсына ұстап, сақтап жүретін. Сол қасиетті кітапты енді мен сақтап келе жатырмын. Алғашқыда араб жазуын оқи алмайтын болдым, бірақ бәрі ниетте екен. Ниет қойып, діни сауат ашып, намаз оқуды үйрендім, Құранды, сол атамыздың кітабын оқуға мүмкіндік алдым. Ең алғаш аяттарды түсініп оқи бастағанымда, көз жасыма ерік бергенмін. Ғалым, дінтанушы, қазақ еліне мұсылмандықтың келуіне зор үлес қосқан Халифа Алтайдан тәлім алғанымның өзін үлкен дәреже санаймын. Онымен тығыз байланыста болдым, тіпті Халифа атаның жайнамазына намаз оқыдым да. Кейін Меккеге баруға дайындала бастадым. Үш жылдан соң, Аллаға шүкір, қажыға бардым. Зейнеткерде қайдан көп қаражат болсын, кезінде балаларымның әрқайсысына есепшот ашып, сақтандыру жинағы ретінде ақша салып қойғанмын. Қажыға барарда балаларым соны «жол қаражаты етіп пайдалан» деп, қайтарып берді. Меккеде Қағбаны көрген кезде бойды ерекше сезім билеп алады екен, оны тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Қағбаның қасында тұрғанда қандай тілек тілесең де, орындалатынына көзім анық жетті. Сол кезде отағасы да қажылыққа барса екен деп тілеп едім, 2006 жылы оның да Меккеге баруға жолы түсті. Өзім 2003 жылы умра қажылыққа барып келдім. Кейін Палестинадағы 300-ден астам пайғамбар мәңгілік мекен қылған қасиетті жерлерді, әл-Ақса қаласындағы жерден көкке көтеріліп, ілініп қалған тасты, басқа да көптеген қастерлі өңірлерді көргеніме Аллаға сансыз шүкір деймін.
– Бүгінде біздің қоғам шариғатты қаншалықты өз мағынасында түсініп жүр?
– Шариғатты түрліше бұрмалаушылар көп. Әлдекімдер мұсылмандықтың шарттарын жастарға әр басқа түсіндіріп, үгіттейді. Осындай шатасуларға ермеу үшін, адаспау үшін бүкіл уағыз атаулыны құлаққа сіңірмес бұрын арам нәрселерден аулақ болып, әділ, таза жүруді ғана ойлау керек. Соның өзі – шариғат жолы. Аллаға ғибадат қылғанда, намаз оқып тұрғанда, «дүниені, мал-мүлікті, бала-шағамды, бәрін артқа тастадым, тек қана саған бет бұрдым» деген ниетте болу керек. Намаз бен Құран, дүние-мүлік үшін, сән үшін оқылмауы тиіс. Кейбір жастар дінді сол көпке еріп, жүрегімен түсінбей, санасымен сезінбей ұстанатын болды. Әрине, олардың мешітке баруы дұрыс, бірақ олардың ілімі де мықты болуы керек. Мұсылмандықтың Әбу Ханифа мәзхабы – біздің ата-бабамыздың ежелден ұстап келе жатқан діні. Ислам ең таза дін болғандықтан, оның дұшпандары да көп. Ақ нәрсеге қара жылдам жабысады ғой. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «...дін 73 топқа бөлінеді, сендер адаспаңдар, мен екі нәрсе қалдырдым, біреуі – Құран, екіншісі – Хадис. Менің сүннет-амалдарыммен жүрсеңдер, ешқашан адаспайсыңдар!» деген. Осыны жастар санасында ұстаса екен.
– Біздің елімізде бір емес, бірнеше дәстүрлі дін қанат жайып келеді. Дінаралық келісімдер мемлекетіміздің басты белгілерінің біріне айналған тәрізді. Қазіргі жалпы діни ахуалды қалай бағалайсыз?
– «Құдай – біреу, сенімдер әртүрлі» деген қанатты қағида бар. Хақ тағаланы тануға әркім әрқилы жолмен келеді. Сондықтан қандай дін болса да, олардың барлығының көздейтін мақсаты біреу – қасиетті Жаратушыны танып, оған құлшылық ету. Осы орайда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстанды имандылық пен дінаралық келісім орталығына айналдыру саясаты 70 жылдық рухани дағдарыстан кейінгі өте дұрыс мақсат деп санаймын. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Қоғамдағы әлеуметтік, діни топтардың арасында көзқарас пен мүдде тұрғысынан алшақтық болуы мүмкін, бірақ, жалпы алғанда, мемлекетіміз бет бұрған бағыт оң, қоғамдағы діни ахуал тұрақты деп есептеймін. Ал имандылық жолы Тәуелсіздігімізді баянды етудің басты құралы болуы тиіс.
– Әңгімеңізге рақмет.
Алашқа айтар датым...
Дінге бет бұрған қыз-келіншектеріміздің бірқатары қап-қара орамал тағып, қап-қара көйлек киіп жүреді. Бұл – дұрыс емес. Мәселе киімде емес, мәселе – жүректің, рухтың тазалығында. Қазақ халқының өз дәстүрі, өз салты, өз киімі бар. Имандылыққа ден қойған қыздарымыз сол өз ділімізге сай киінсе болғаны. Қыздардың иманының нұры бетінен-ақ белгілі болып тұруы керек, ал хиджаб пен қара орамалдың ар жағында не тұрғаны беймәлім. Бетін тұмшалап жүргендердің бәрін бірдей иманды деп айтуға болмайды.