Бес жылдан кейін Қазақстан Ресейге ет импорттайтын ең ірі мемлекет болмақ
Ермұханбет Омаров, Мәжіліс депутаты:
– Ермұханбет Омарұлы, жалпақ жұрт жанармайды өсімдіктен өндіріп жатқанда, біздегілер бидайды қолайлы көріп, «үшінші сұрыптағы сары алтыннан биоотын аламыз» дегенде алғашқы қарсылық танытқан өзіңіз едіңіз. Өйткені біздегі бидайдың 70 пайызға жуығы үшінші сортты өнім екені белгілі. Жанармай көздеріне балама жасап, экологиялық жағынан таза биоотын өндіру құптарлық іс. Алайда бізге биоотынды бидайдан өзге өнімдерден өндіруге болмай ма?
– Қазіргі кезде энергияның басты көзі мұнайдан алынатын өнімдер екені белгілі. Мұнай өнімдерін пайдаланудың жыл сайын өсе түсуіне байланысты ауаның улы газдармен, ауыр металдармен және күкіртпен ластануы еселеп ұлғаюда.
Биоотын өндірісінің дамуына мұнай бағасының өсуімен қатар, әлемдегі дамыған елдердің мұнай өндірушілерінен тәуелділігін азайту және қоршаған ортаның экологиялық тұрақтылығын сақтау талпынысы ықпалын тигізді. Көптеген елдерде биоотын өнеркәсібін құру және дамыту бағытындағы ұлттық бағдарламалар қабылданған.
Отынның балама түрлерін игеру ұлттық қауіпсіздікті нығайту шеңберіндегі іс-шаралар ретінде қарастырылуда. АҚШ-та, Бразилияда, Еуроодақта ондаған биоотын өндіретін зауыттар жұмыс істеуде. Бұл елдерде жанармайдағы биоотынның үлесін реттейтін арнайы заңдар қабылданған. Биоотын өндіруді кейінгі жылдары Украина, Ресей және Беларусь елдері де қолға алған. Біздің еліміз де бұл істен тыс қалған жоқ. Республикада биоотын өндірісі бойынша екі зауыт бар. 2003 жылы Тараз қаласындағы «БМ» ЖШС компаниясы қуаттылығы жылына 25 мың тонна биоэтанол өндіретін зауыт салған. Бұл – посткеңестік кеңістік аумағындағы бидай астығын терең өңдеу бойынша алғашқы тәжірибе. 2007 жылдан бері еліміздегі биоотын өндіруші «Биохим» зауыты жұмыс істеп жатыр. Қуаты бойынша ол жылына 220 мың тоннаға дейінгі дәнді өңдеп 57 мың тонна биоэтанол өндіре алады.
2010 жылы «Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Заңға қол қойылды. Бұл Заң қоршаған ортаны қорғау және тамақ шикізатынан биоотын өндіру барысында мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әзірленген.
Ауыл шаруашылығын өркендетудің индустриялық бағытын ұстап отырған біздің еліміз үшін биоотын өндірудің маңызы өте зор. Биоотынға деген әлемдік сұраныс та өте жоғары, осы саланы дамыту және қосымша құнның өсуі арқылы ауыл шаруашылығы кешенінің пәрменді дамуына жол ашылатыны сөзсіз.
Дегенмен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі әр уақытта бірінші орында тұруы керек. Содан болар, аталған заңды талқылау барысында биоотын өндірісінің азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етпеуі үшін квота белгілеуге, сондай-ақ 3-сұрыпты (класс) бидайды биоотын өндірісіне пайдалануға тыйым салу туралы пікірталастар көп болды. Өзіңіз айтып кеткендей, республикамыздағы жыл сайын өндірілетін бидайдың 70-75 пайызы – 3-сұрыпты бидай. Сондықтан заңда биоотын саласын дамытудың маңызды мәселелері қарастырылған. Мысалы, онда Үкіметке биоотын өндірісі бойынша өндірістік қуаттардың шекті көлемдерін айқындауға, сондай-ақ еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда кейіннен биоотын етіп қайта өңдеу үшін пайдаланатын тамақ шикізатына квоталар белгілеуге мүмкіндік беретін нормалар қарастырылған.
– Бұдан шығар қорытынды, біздегі бидайдың көбі жердің құнарсыздығынан үшінші сортта қалып қойып отыр ғой. Өзіміздің тыңайтқыштар стандартқа сай емес деп шеттен тасып жатырмыз. Жердің құнарын арттырып, сапалы бидай алуымызға шетелдік тыңайтқыштар да көмектесе алмай ма сонда?
– Бидайдың сапасын жақсарту үшін оны өсіру кезінде агрохимиялық технологияларды, оның ішінде өзіңіз айтып кеткендей, жердің құнарлылығын арттыруды қолдану қажет. Бидай еккен учаскеде тағамды заттар мен пайдалы микроэлементтер неғұрлым тең болса, солғұрлым бидайдың шығымдылығы мен сұрыптылығы жақсы болады.
Дәнді дақылдардың сапасына қуаңшылық та әсерін тигізеді. Бірақ климаттық жағдайлардан басқа бидай сапасына бірқатар факторлар да себепші болады. Олар – екпелі дәннің сапасы, гербицид және пестицидтермен өңдеу, сондай-ақ барлық операцияларды орындау мерзімдері мен сапалылығы. Топыраққа азот тыңайтқыштары мен өзге де тағамдық заттардың қажетті мөлшерін себу бидай протеинін (ұлпасын) көтерсе, уақытында пестицидтермен екі рет өңдеу дән ұлпасымен қоса, жалпы оның сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанның егістік алаңын қамтамасыз ету үшін жыл сайын 2,6 млн тонна минералды тыңайтқыштар қажет екен. Соңғы жылдардағы мәліметтерге сүйенсек, минералды тыңайтқыштарды субсидиялау бюджеттік бағдарлама бойынша 2009 жылы 3,6 млрд теңге бөлінген. Алайда сол бюджеттік бағдарламаны іске асыру барысында бөлінген соманың 2,9 млрд теңгесі ғана игеріліп, 0,7 млрд теңгесі қысқартылған.
– Бөлінген қаражаттың толықтай игерілмеу себебі неде?
– Бөлінген қаражаттың игерілмеуінің негізгі себебі: минералды тыңайтқыштардың қымбаттылығы, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің ақша қаражатының жеткіліксіздігі, олардың тыңайтқыштарды отандық емес басқа өндірушілерден алуы болды.
2010 жылы өндірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығы мен сапасын арттыруды қолдау ауыл шаруашылығы өндірушілерінің минералды тыңайтқыштарды отандық өндіруші зауыттардан ғана емес, шетелдік өндірушілерден де алуын субсидиялау арқылы жүзеге асырылды. Зауыттардан ауыл шаруашылығы өндірушілері тыңайтқыштарды арзандатылған бағамен алып отырса, шетелдік өндірушінің өнімін әкелушіден тыңайтқыштар толық бағасына алынған. Себебі бірінші жағдайда субсидиялар зауытқа төленсе, екіншісінде ауыл шаруашылығы өндірушілеріне төленген. Осы ретте отандық зауытқа да, ауыл шаруашылығы өндірушісіне де қолдау көрсетілген.
– Қазақ – малжанды халық. Дегенмен де қазіргі заман талабы етті малды көп өсіріп, өзіміздің ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспортта да бәсекеге қабілетті болуға үндеп отыр. Халыққа биылғы Жолдауында Елбасымыз етті мал шаруашылығын дамыту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген жобаның жүзеге асырылатындығын атап өтті. 2016 жылы ет экспортын 60 мың тоннаға жеткіземіз деп межелеп отырмыз, бұл 4 миллион тонна бидай экспортына тең екен. Осы ауқымды жобадан ауылдағы ағайын қалыс қалып қоймай ма? Ауылдағы шаруаларды етті мал өсіруге бейімдеудің нақты қандай механизмдерін қолға алғанымыз дұрыс?
– Мал шаруашылығы – еліміздің ауыл шаруашылығы саласының негізгі бағыттарының бірі. Мал ұстау, оны өсіру халқымыздың қанына ежелден сіңген. Қазақстандағы малдың 80-85 пайызы қосалқы шаруашылықтардың қолында шоғырланған. Қазіргі кезде, өкінішке қарай, малдың сапасын арттыруға кедергі болатын біраз проблемалар бар. Мысалы, жемшөп әзірлеу базасының төмендігі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша қазір Қазақстанда әр малдың басына 14 центнердей мал азығы әзірленеді екен. Ол дегеніміз, зоотехникалық нормадан 2,3 есе кем дегенді білдіреді. Ғылыми негізделген 30 пайыздың орнына егіс айналымындағы жемшөп үлесі 11 пайызды құраған.
Сонымен қатар жайылымдардағы жағдай да мәз емес. Бүгінгі күні көптеген жайылымдық жерлердің құнарлылығы әбден таусылған. Оларды да ара-тұра демалтып, орындарына келтіріп тұру керек қой. Күйзелген жайылымдарды суландыру және шаруашылық айналымға жаңа жайылымдар бөлу қажет.
Ауылдағы тағы бір тез арада шешуді талап ететін проблема – мал тұқымын, генетикалық әлеуетін жақсарту. Елімізде асыл тұқымды мал шаруашылықтары бұрын баршылық еді. Бірақ 90-жылдардың өтпелі кезеңінде қараусыз қалған қайран мал құрып кетті. Енді осы олқылықтың орнын толтыратын да кез келді. Оны іске асыру үшін қолда бар малдың тұқымды сапасын селекциялық жұмыстар жүргізу арқылы жасарту қажет. Мәселен, ауылда өндіруші бұқаларды қалай болса солай пайдаланып, сәйкесінше, 70 пайызға жуық жағдайда қан аралас будандасуға әкеп соқты. Осының салдарынан ірі қара өнімділігі мен тұқымдылық жағынан оң өзгерістер болмады. Селекциялық және асыл тұқымдандыру жұмыстары мал шаруашылығына қатысатын барлық шаруашылықтардың қатысуымен бір жерден реттеліп, ортақ методика бойынша жүргізілуі қажет. Ол үшін арнайы бағдарлама жасау керек.
Малды асылдандырудың екінші амалы – асыл тұқымды малды шетелден импорттау. Әрине бұл шара мал басын түбегейлі жаңартуға мүмкіндік бермейді. Бірақ әкелінген мал жергілікті малды кең ауқымды асылдандыру процесіне септігін тигізеді. Солар арқылы асыл тұқымды малдар шаруашылықтары мен отбасылық фермалар асыл тұқымды етті, сүтті мал тұқымдары жасақталатын болады.
Қазақстан 2016 жылға қарай елімізден экспортталатын ірі қара мал етінің көлемін 60 мың тоннаға, ал 2020 жылға дейін 180 мың тоннаға жеткізуді мақсат қойып отыр. Соған байланысты Үкімет отандық шаруашылықтарда асыл тұқымды және тиімділігі жоғары малдың жеткіліксіздігін ескере отырып, шетелден ірі қара малды әкеліп, ет өндірісіне бағытталған, жоғары тиімді ірі қара мал өсіру шаруашылықтарының желісін құруды жоспарлауда.
Осы істің аясында жоғарғы өнімді малдарды өндірумен және бордақылау алаңдарын толықтырумен айналысатын репродуктор шаруашылықтарды құру жоспарланған. Сол мақсатта Еуропадан, Австралия, АҚШ, Канада сияқты әлемдегі ет индустриясы дамыған елдерден 72 мыңға жуық асыл тұқымды мал басы сатып алынбақ. Ол үшін еліміздің етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында 130 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған. 2011 жылға бұл қаражаттың 38 млрд теңгесі игерілмек. Нәтижесінде, таяу бесжылдықта 300 мың бас туатын сиыр ұстайтын 2,5 мың шаруа қожалықтарын құру көзделуде. Сонымен қатар импорттық бағыттан бөлек, отандық тұқымның әлеуеті де мейлінше қолданылатын болады.
Қазақстан үшін ең басты нарықтық әлеуеті зор экспортты бағыт – Ресей болып табылады. Ресей жыл сайын 1,5 млн тонна ет импорттайды екен. Соның ішінде 800 мың тоннасы – сиыр еті. Бес жылдан кейін Қазақстан Ресейге ет импорттайтын ең ірі мемлекет болмақ. Көрші елдердегі етті тұтыну көлемінің жыл сайын артуына орай, Қазақстан мал шаруашылығындағы әлеуетін жандандыруға және сырт мемлекеттердің нарығын сиыр етімен қамтамасыз етуге мүдделі болып отыр.
Қазір Қазақстан Кеден одағына мүше болды. Бұл дегеніміз – 170 млн адам құрайтын ауқымды өнім өткізу нарығы. Мемлекеттердің өндірістік әлеуеті 600 млрд доллар шамасында. Әсіресе, Қазақстан үшін одақтың аграрлық саласының мүмкіндігі маңызды. Тек ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 112 млрд долларды құрайды, әлемдік бидай өндірудің 12 пайызы және бұл – өнімді экспорттаудың 17 пайызы. Қазақстандық өндірушілерге Ресей мен Беларусь нарықтарына өз өнімдерін молынан экспорттауға мүмкіндік туып отыр.
Қазақстанда малдың 80-85-тей пайызы жеке шаруашылықтардың қолында деп айтып кеттік. Демек, малдың сапасын жақсарту жөніндегі жұмыстардың соларға да тікелей қатысы бар. Олардың малдарын асылдандыру, ауылдардың маңындағы жайылымдарды қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуі қажет. Оған қоса, «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» Заңды тезірек қабылдауымыз керек. Мұндай заңдар Ресей мен Беларусьте қабылданған. 2005 жылы біздің Үкіметтің ұсынған заң жобасын Мәжіліс депутаттары қабылдамай қайтарып жіберген. Себебі жекеменшік қосалқы шаруашылықтарға Үкіметтен ешқандай қолдау көзделмеген болатын. Ресей мен Беларусьте мемлекеттен қолдау бар. Сондықтан Үкімет Кедендік одаққа кіретін Ресей мен Беларусьтің тәжірибесін ескеріп, жаңа заңның жобасын Парламентке ұсыну керек деп ойлаймын.
– Қазақстан бүгінде шикізат дайындаушы қалыптан өндіруші елге айналып келе жатыр. Қазір әлемнің 126 еліне 200-ден астам өнім экспорттаймыз. Ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін әлемдегі қуатты 26 елдің қатарына кіреміз. Алайда осы ауылшаруашылық өнімдерін тұтыну балансында экспорттан импорттың үлесі басым. Демек, біз әлі күнге көп өнімді сырттан аламыз. Осы тұрғыдан алғанда біздің азық-түлік қауіпсіздігіміздің қорғаныш қабілеті қай деңгейде?
– Қазақстан әлемдік нарыққа азық-түлік және ауыл шаруашылығы шикізатын ірі өндіруші және жеткізуші болып табылады. Ол Біріккен ұлттар ұйымына қарасты Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы – ФАО-ның мәліметі бойынша астықты, картопты, көкөністі, сондай-ақ малшаруашылық өнімдерін – ет пен сүтті негізгі өндіруші әлемнің 26 елінің қатарына кіреді.
Қазіргі кезде ұлттық нормалар бойынша негізгі тұтыну өнімдеріне халықтың мұқтаждығы отандық өндіріс есебінен қанағаттандырылады. Азық-түлік астығының өндірісі ішкі қажеттіліктен бірнеше мәрте асып түседі, оның біраз бөлігі әлемдік нарыққа экспортталады.
Алайда бұл жағдай елімізде азық-түлік қауіпсіздігі проблемасы жоқ дегенді білдірмейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған норма бойынша Қазақстанда, нан өнімдері және өсімдік майын қоспағанда, халықтың нақты тұтынысы жан басына шаққанда дамыған елдердегіден төмен.
Елімізде шешімін табуды талап ететін бірқатар мәселелер бар. Солардың бірі – отандық қант мәселесі. Экономикалық сарапшылардың мәліметтеріне жүгінсек, бүгінде Қазақстандағы қанттың 95 пайызы сырттан әкелінетін қант құрағынан, қалған 5 пайызы ғана отандық қант қызылшасынан өндіріледі екен. Бізде қазір қант қызылшасы небары 18-20 мың гектар алқапқа ғана егілуде. Тәтті түбірді қазіргі өндіріп отырған 130 мың тоннадан 750 мың тоннаға жеткізсек, сонда ішкі сұраныс 80 пайызға отандық қантпен қамтылар еді.
Тағы бір мәселе – 90-жылдардың ауыртпалығын көтере алмай, көптеген құс фабрикаларының тоқтап қалуы. Осы себептен құс етін сырттан әкелу 70 пайызға дейін жеткен болатын. Сол кемшілікті түзеу үшін арнайы бағдарлама жасалып, жаңадан құс фабрикалары салынып, бұрынғы тұрып қалған фабрикаларды қайтадан іске қосудың арқасында қазір құс етін импорттау 40-45 пайызға дейін кеміді. Бағдарлама бойынша алдымыздағы екі-үш жылда құс етін импорттау 25-30 пайызға дейін төмендеуі тиіс.
Сондай-ақ қазір Парламентте «Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың бірыңғай қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заңның жобасы қаралуда. Ол келісім үш елдің Бірыңғай экономикалық кeңіcтігi аясында аграрлық саланы субсидиялаудың бірыңғай тәсілдерін белгілеуді көздейді және агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау шараларын күшейтуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Және саудаға бұрмалаушы әсерін тигізетін шараларды реттеуге бағытталған.
– Қалай ойлайсыз, біздегі бағаның ырыққа бағынбауын реттеп отыратын нақты тетіктерді іске қосқанымыз дұрыс шығар. Өйткені дамыған елдерде баға реттеу механизмдері тек отандық тауар өндірушінің мүддесін қорғап қоймай, сонымен қатар тұтынушы құқын да қорғайды. Және ең кереметі олардағы баға реттеу саясаты импортты өнімдерді шектеуге қарсы бағытталады. Бәлкім, осындай нақты жүйемен жұмыс істегенде ғана біз де сырттан келетін өнімдердің көлемін шектеп, отандық өндірістің қуатын арттыра алатын шығармыз?
– Негізі, азық-түлік бағасы қазір бүкіл әлемде тұрақсыз болып отыр. Баға барлық жерде өсуде. Дегенмен қазір еліміздің Үкіметі тауарлардың бағасын қолға алу бойынша жұмыстар жасауда. Биылғы жылдың қаңтар айында заңнамаға сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізілген болатын. Өзгерістердің мақсаты Қазақстандағы сауда қызметін реттеу жүйесін жетілдіру, сыртқы сауда кезінде Қазақстанның экономикалық мүдделерін және отандық тауарларды қорғау болды.
Депутаттардың ұсынысымен Үкіметке әлеуметтік мәні бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағаларын белгілеу құқығы берілді. Атап айтқанда, Үкімет 90 күннен аспайтын мерзімге облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, Астананың аумағында оларға рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерін белгілей алады. Сонымен қатар сол шекті бөлшек сауда бағалары мөлшерін асырғаны үшін ірі сауда объектілерін әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы өзгеріс енгізілді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бірінші сортты бидай ұны, бидайдан жасалған нан, макарон өнімдері, жармалар (қарақұмық, сұлы, ұнтақ, арпа және тары), күріш, картоп, көкөністер (сәбіз, басты пияз, қырыққабат, қызылша), ақ қант, өсімдік майы, ет (сиыр еті, қой еті, құс еті), ішетін сүт, айран, майлылығы аз ірімшік, мәйекті сыр, сары май, жұмыртқа, тұз, шай жатқызылды. Қазір менің білуімше, Үкімет осы Заңды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
–Әңгімеңізге рақмет!
Оқшау ой
Биоотынды бидайдан басқа қамыс құрағы, бидай мен күріш сабаны, жүгері, рапс, ағаш үгінділерінен, қызылша және т.б. өндіруге болады. Мысалы, Бразилия биоэтанолды қант құрағынан өндірсе, АҚШ-та жүгеріні пайдалану кең таралған. Меніңше, биоотынды бидайдан ғана өндіруге болады деген ұстаным дұрыс емес. Сонымен қатар биоотын өндірісі үшін маңызды майлы дақылдың бірі – рапс. Солтүстік аймақтарда оның егіс көлемін 1 млн гектарға жеткізуге болады. Рапспен қатар биодизель өндіруге қыша дақылының тиімділігін айта кеткен жөн. Оның өнімділігі Қазақстанның көптеген аймақтарында рапсқа қарағанда жоғары, құрғақшылыққа төзімді және ерте піседі.