Бүкiл өмiр алашапқын. Басқа ақиқат жоқ. Бiз асықпағанмен өмiр асығады. Күнi жетпей адам өлмейдi. Ғұмыр бiздiң келiсiмiмiзсiз берiледi, еркiмiзден тыс тартылып алынады.
Алаштың рухани көсемдерiнiң бiрi жазушы Жүсiпбек Аймауытовтың ұлы Бектұр Аймауытовтың өмiрi 92-нiң иiнiнде туған елдiң топырағында түгесiлдi. Содан берi бiр жыл өттi. Оны жан баласы iздемедi. Бейкүнә қарттың жаназасы да шығарылмады. Ата-баба дәстүрiне сай, 40 күнiн, 100 күнiнде бет сипап, аруағына бағыштап, Құран да оқымадық.
Қорлана тұра, оған жауап бермей, жайбарақат қабылдай алған адам өмiрде ұлы жеңiске жететiн көрiнедi. Ол өмiр құпиясын береке астауына жасыра бiлдi. Одан айырылса, уайым-қайғы көбейе беретiнiне сендi. Сыңсыған өзге дiндiлердiң ортасында жүрiп, «пiр жолымды кәпiр кескенiн көрмейiн» деп көзiн байлап, «туған елге келiп өлсем» деген арманына жеттi.
«...Ғұмыр бiттi, ендi туған жерден топырақ бұйыртсын деп келдiм » деп едi абыз қария соңғы бiр кездесуiнде. Ол өз арманына жеттi.
«Тiрiлер өлген адамның көзiн жабады, өлiлер тiрi адамның көзiн ашады» деген ғибратты сөз бар. Бiз бүгiн осыған орай қарт ақсақалдың дүниеден қайтқанына бiр жыл толуына байланысты онымен кездесiп, пiкiр алысқан қаламгердiң соңғы сұхбатын берiп отырмыз.
– Қарт адам аламан бәйгенiң соңғы айналымына түскен сәйгүлiктей, барын қарыштап қалуға тырысады. Араға бiр мүшел салып, елге оралыпсыз. Қос қуаныш қабат келiп, күнi кеше 90-ға келдiңiз. Өмiрден не түйдiңiз?
– Рақмет, айналайын! Менiң бұл келiсiм, бұрынғыдан өзгешерек. 90-ға келгенде елден ат мiнiп, иығыма шапан iлейiн деп келгенiм жоқ. Туған жердiң топырағын жамбасыма молырақ сiңiрiп, мәңгiлiкке дамылдауға келдiм. Аз жасаған жоқпын, көргенiм де көп, солардың бәрi көкiрегiмде сайрап тұр. Егер адам өз халқын сүйсе, Алла тағала оны сол халықпен бiрге қайта тiрiлтетiн көрiнедi. Әкем тiрiлiп, өз халқының ортасына қосылды, онымен бiрге менiң де атым аталды, сол халыққа ризашылығымды айта келдiм, қалқам.
Басына қайғы-қасiрет түспеген адам да бақытсыз. Егер кiмде-кiм басына түскен қайғыға төзiмдi болса, Жаратқанның бергенiне разы болса, өзiне жамандық жасаған адамды кешiрсе, өзi жасаған жамандығына кешiрiм сұраса, сол адам бақытты көрiнедi. Өкiнiшсiз өлу үшiн, өмiрдiң тозағынан өту керек. Мен сан тозақтан өттiм, бiрақ қариялығым одан азаттығын ала алмады. Қарттықтың шыңына жетсем де, қиындықтан құтыла алмадым. Жалғыздық жаныма батты, соған ренжимiн, қалғанының бәрiн кештiм.
– Сүю мен суу – бiр мезеттiк. Туған елге өкпелеп, 75 жыл кiсi есiгiнде тұяқ серiппей жатып алуыңызға не себеп? Бұдан да ерте елге оралып, төрге озуға, баталы қарияға айналуға болмас па едi?
– Болмады, айналайын, болмады. Балалығы жоқ қарттың қариялығы да шамалы ғой. Менiң балалығым болмады, өмiр менi бiрден есейтiп жiбердi, кiсiден жылу көрмей өстiм. Әдетте ондайлар қатыгез болып өседi деп жатады ғой. Менiң табиғатымда оның саңылауы да жоқ, әлi күнге дейiн iшiмдi жиып отырамын, қорқақпын. Бұл – өмiрдiң ащы сабағы. Ал ендi өкпеге келсек, одан тазамын. Жалпы, тегi таза адамның бәрi таза болып келедi деп ойлаймын.
Iлгерiрек, 1994 жылы Алматыға бiр келiп кеткенмiн. Жалғыз келмей, кемпiрiмдi де ерте келгенмiн. Бiздердi халық құрметпен қарсы алды. Ұлттық Ғылым академиясында болдым. Мұндағы азаматтар бiзге өте iлтипатпен қарап, әкемiздiң туған жерiне барып қайтуға ықпал жасады. Қолымызға «жол қаражаты» деп, қаржы ұстатты. Адамға ең ыстық жер туған ел топырағы болады екен. Тiрiнiң үмiтi үзiлмейдi деген рас болып шықты. 75 жылдан кейiн үмiтiмiздi өмiрге жалғап, туған елге келiп, мауқымызды бастық. Баянауылдағы Дәндiбай ауылында болып, ата-бабамның басына барып, дұға жасадық. Аудан халқы бiзге зор құрмет көрсеттi. Осы сапар барысында менi «Баянауыл ауданының құрметтi азаматы етiп қабылдады. Елдiң құрметiне ризамын. Өз басым елге иненiң жасуындай пайда әкелмесем де, маған асыл азаматтың тұяғы ретiнде қатарға тұрғызғанына разымын.
Ел басшысы төреден болмаса да, көреген болғаны абзал. Елбасы бiзге алғашқы келгенiмде-ақ, бiр бөлмелi пәтер бергiзiп, құрмет көрсеттi. Бiрақ бiз, Алматыда ұзақ тұра алмадық.
– Көз жетпей, күдiк кетпес. Халықтың ықыласы да ел iшiнде тұрақтап қалуға тоқтам жасай алмауында не сыр жатыр?
– Әлгiнде айттым ғой, халықтың ықыласында шек болмады деп. Бар кiнә өзiмiзде болды. Әсiресе, кемпiрiм «елге көшейiк» деп қоймады. Ол байғұс Ресейден сүйем қарыс сыртқа шықпаған момын жан едi. Кетейiк деп, қабағы ашылмағасын, iзiне ерiп жүре бердiм. 80-ге келгенде кiмдi барып паналайын, менiң жеңiлген кезiм ғой, кемпiрiмнiң ықпалында кеттiм. Кейiн қызым мен күйеу балама пәтерiмiздi аударып берiп, Кемеров облысының Прокопьевск қаласына көшiп кеттiк. Кемпiрiм өзiмнен 25 жас кiшi Широкова Евдокия деген орыс қызы болатын. Осыдан екi жыл бұрын қайтыс болды. Жалғыз қалып не бiтiремiн, есiм барда елге қайтайын деп келген бетiм осы. «Өмiрдi өгей көрме, шыдамды егей берме» десек те, мұндағы адамдар төзiмдi екен, тағы да құрметпен қарсы алды. Алматы қаласының әкiмшiлiгi өзiмнiң қалауым бойынша қалалық Ардагерлер үйiне орналастырды. Маған ендi бұдан артық ештеңе керек емес. Бар мәселе қас-қағым сәтте. Өмiрiмдi айқындайтын да сол. Өмiрiң жаман ба, жақсы ма, мейлi, қандай болса, ондай болсын, оны бар мүмкiндiгiңдi салып пайдалану қажет. Басқа өмiр жоқ, ендi сол өмiрдi пайдаланып қалуға қарманып жатырмын.
– Сiздi мұнда қызыңыз бен күйеу балаңыз қалай қарсы алды?
– Оларды көрмегелi ұзақ уақыт болды. Күйеу балам тұрақты жұмыс iстемейтiн дүбәра жан едi. Олар менiң осында келетiнiмдi бiлiп, үйдi жедел арада сатып, белгiсiз жаққа көшiп кетiптi.
– Ата, адамнан жасырғанды Құдайдан жасыра алмаймыз ғой. Мұрағаттардан әкеңiзге қатысты табылған құжаттарда сiздiң есiмiңiздiң Бектұр Аймауытов екендiгi көрсетiлген. Ал сiз орыс арасында Виктор Аймауытов болып жүрдiңiз. Ұзақ уақыт қоғамнан жасырынуыңызға не себеп?
– Мен өздiгiмнен жасырынған жоқпын, менi жасырды. Ескi даудың кәрi ағаштай тамыры тереңде жатады. Ұзақ уақыт ормандай орыс арасында жүруiм менi Виктор атануыма алып келдi, бiрақ мен онымен орыс болып кеткен жоқпын. Мәселе атта емес, фамилияда! Басыма қанша қауiп төнсе де, мен сол ардақты фамилияны ұстап қалдым, соған разы болыңдар, айналайын! Рас, мен Жүсiпбек Аймауытовтың тұңғышымын. 1916 жылы Семей қаласында әкемiздiң бiрiншi әйелi Вера Волковадан тудым. Анам менiң атымды Виктор, ал 1920 жылы туған iнiмдi Евгений деп атап кетiптi. Анамызды көп жерлерде өлдiге санайды. Шындығында, әкемiз бiздiң шешемiздi бiлiмi болмағандығы үшiн тастап кеткен. Онысымен қоймай бiздi анамыздан бөлек алып кетiп, Баянауылдан қырық шақырым жердегi туған ауылына апарып, ағайынға қосқан. Ауылда менi «Бектұр», Евгенийдi «Жанақ» деп атап кеткен.
Баянауылда әкемiзге арналған мұражай бар. Сонда оның барлық құжаттары сақталған.
– Жанақ бауырыңыздан басқа, Муза деген қарындасыңыз да болды ғой. Олардың кейiнгi өмiрлерiнен не бiлемiз?
– Әкемiз бiздi Баяндағы туыстарына тастап, өзi Орынбордағы жоғары әскери-офицерлер мектебiне қызметке орналасады. Ол осында психология пәнiнен сабақ бередi. 1924 жылдың 21 қаңтарында әкемнiң туған жиенi Мәруа Жаров менi Баянауылдан Орынборға әкеме алып келедi. Әкем осы аралықта Евгения Сермұхамедова деген қазақ тәрбиесiнде өскен жетiм қызға үйленiп алыпты. 1925 жылы көктемде Мәруа ендi Орынборға iнiм Жанақты алып келедi. Бiз ол кезде әскерилерге арналған шағын пәтерде тұрғандықтан, Жанақты өгей шешемнiң әкесi Сермұхамедтiң тәрбиесiне бередi. Муза әкемiздiң екiншi әйелiнен туған қызы. Жанақтың кейiнгi өмiрi туралы көп бiле бермеймiн. Бiр нәрсе анық, ол өте бiлiмдi болған көрiнедi. Елге қайтуға дайындалып жүргенiмде Мәскеуге барып қайттым. Онда Жанақтың екi қызы тұрады. Қыздар туысшыл ғой, жақсылап сыйлап, күтiп алды. Бiр қызы Мәскеудiң бiр институтында жоғары математикадан сабақ бередi. Бар бiлетiнiм осы ғана, ол бiр қиын кездер едi ғой... (Қарт осы жерде бiраз ойланып, сама-сау күйге енiп, көзiне жас алды. Әлдене айтқысы келдi, бiрақ батылы бармады, бiз де қинамадық).
– Орынбор күндерiнен не есте қалды? Ол кезде Орынбор Қазақстанның астанасы едi ғой...
– Ол кезде мен тоғыз жаста едiм, ал Жанақ бес жаста болатын. Жанақ кемпiр-шалдың тәрбиесiнде болғандықтан оның жүрiп-тұруы еркiн болуы мүмкiн, ал менiң жағдайым әскери тәртiпте болды. Өгей шешем әр қимылымды аңдып, «нан жегiң келсе, менен сұрап аласың, өз бетiңмен нан жеушi болма» деп зекiп отыратын. Онысын әкеме айтуға қорқатынмын.
Бiрде Орынборда әкем екеумiз келе жатқанда мынадай жағдай болды. Көшеде бiр ғимараттың жанында бiр топ қазақтың жап-жас қыздары жиналып қалған екен. Әкем олардың жандарына барып, жағдайларын бiлiп қайтты. Мәселенiң нендей бағыт алғанын бiлмеймiн, әкем менi ауланың iшiне қалдырып, өзi оқу орнының басшыларымен сөйлесуге кетiп қалды. Бiр уақытта менiң жаныма бойшаң келген, етжеңдi әйел келiп: «Сен Аймауытовсың ба?» деп сұраудың астына алды. Бала көңiлiм не дейiн, «иә, Аймауытовпын» дедiм. Сол-ақ екен әлгi әйел жедел басып алға кетiп қалды. Әкем келген соң, болған жағдайды сол күйiнде айтып бердiм. Әкем сәл ойланып тұрды да, «мен оның кiм екенiн бiлемiн» – деп абдырады да қалды. Сол күнi түн ортасында әкем менi ұйқыдан оятты да, бiз темiржол вокзалына жаяу тартып кеттiк. Вокзалға екi жарым сағат жаяу жүрiппiз. Әкем екеумiзге Ташкентке билет алды да, сол күнi жүрiп кеттiк. Осы күнге дейiн оның себеп-салдарын бiлмеймiн, негiзi әкем чекистерден (ГПУ-ден) қашса керек. Ал әлгi әйел солардың жансызы болған сияқты.
– Жүсiпбек Аймауытов қазақ қоғамы дамуының ең бiр күрделi кезiнде, әлеуметтiк толқулар дәуiрiнде өмiр сүрдi. Сол дәуiрдiң қайшылықты сипаттарын да бойына сiңiрдi. Сондықтан оның iс-қимылындағы көзқарастар қайшылығын сол дәуiрдiң күрделiлiгiнен iздегенiмiз абзал сияқты. Бiрақ оны сол кезде түсiнетiн адам бар ма едi? Жалпы, әкеңiздiң революциялық астыртын iстерге араласқанын көрдiңiз бе?
– Ашық революциялық ұран көтергенiн көргенiм жоқ. Ол ойлы публицист едi. 1917 жылы Ақпан революциясынан кейiн «Тұр, бұқара! Жиыл, кедей! Ұмтыл жастар!» деген мақала жазды. Содан өмiрiнiң соңына дейiн ол жалынды публицистiк қаламын қолынан түсiрген жоқ. Сондықтан оның кейбiр пiкiрлерi өз дәуiрiндегi Кеңес саясатымен қиғаш келiп, қарама-қарсы ұштасып қалуы да мүмкiн ғой. Оған саяси баға бере алмаймын. Бiрақ Ташкент, Қызылорда қалаларында Алаш зиялылары жиi бас қосып, бiр-бiрiне қонаққа барып тұратын. Әкем сондай басқосулардың бiрiне менi де алып барған.
– Өмiр – жоқтықта өтедi. Бiз қашан да еске алу мен үмiттiң ортасында жүремiз. Сол кездегi ұлт зиялыларының көзiн көрдiңiз, есiңiзде қалған бiр оқиғаны айтып бермес пе екенсiз?
–Ташкент қаласында әкеме Ауыл шаруашылығы институтының директоры келiп: «Жүсiпбек, Орынборда сен психологиядан сабақ бердiң, маған психолог керек емес, сен менiң балаларыма ауыл тiлшiсiнiң қызметi жөнiнде дәрiс оқысаң дұрыс болар едi» дегенi есiмде қалыпты.
1926-1928 жылдары Шымкент қаласында тұрдық, ол да бiр дәуiр. 1928 жылы Қызылорда қаласына көшiп келiп, осындағы Карл Маркс көшесiндегi 45 үйде тұрдық. Әкем бiрден газетке жұмысқа тұрды. Осында Ахмет Байтұрсынов атамды, Мұхтар Әуезовтi, Иса Байзақовты көрдiм. Ахмет атам өте балажан болатын, менi екi тiзесiне алып отырғызатын. Өте биiк, өте көркем кiсi едi. Бiздiң үйдiң iшi Мiржақып Дулатовтың үй-iшiмен жақсы араласатын. Әлi есiмде, әкем 1925 жылы жазда менi Мiржақып ағайдың отбасымен бiрге Торғай, Қостанай өңiрлерiне демалысқа жiбердi. Торғайдың меңiреу даласында адасып кетiп, кешкiсiн өрiстен қайтқан сиырларға ерiп, ауылға келгенiм де есiмде. Мiржақып ағайдың қызы Гүлнәр Дулатова екеумiз Орынборда қазақ тәжiрибе-үлгi мектебiнде қатар оқыдық. Мектепте орысша оқып, 75 жыл сары орыстың арасында жүрсем де қазақша жақсы бiлемiн. Оған мақтануға болмас, осындағы өз ана тiлiн бiлуге ұмтылмайтындарға әдейi көз қылып айтып жатқаным ғой.
– Сiздi бiр көргендер татар ма деп қалатын сияқты...
– Оның да жөнi бар. Татар бол десе, қазiр-ақ татар болып шығамын, әрине, жiлiк ұстап емес (күлiп алды). Татарлармен сөйлескенiмде, мен қазақпын десем, олар сенбестiк бiлдiредi. Орыстармен орысша сөйлессем, түбiң орыс болар дейдi. Бiрақ мен қазақпын, қазақ болғанда да, еще қандаймын деймiн.
Әкем атылған кезде менiң жасым 14-те болатын. Шымкент қаласында бiзбен көршi тұратын үйге бiр татар кемпiрi қонаққа келген екен. Менiң өгей шешеммен танысқан әлгi татар кемпiр: «балаңды маған бер, электр мамандығы бойынша оқытып берейiн» дептi. Анам бiр сөзге келмей, татар кемпiрге менi iлестiрiп жiберiптi. Содан мен Башқұртстанда екi жыл оқып, татар кемпiрдiң қолында тұрдым. Үйренгенiм көп, алған мамандығым өмiрiме азық болды.
– Әуелгi әңгiмеге қайта оралайық. Қызылордада сiздер Ахмет Байтұрсыновтың үйiмен көршi тұрыпсыздар ғой?
– Жаңа Шымкенттен Қызылордаға көшiп келiп, Карл Маркс көшесiнде тұрдық дедiм ғой. Сол көшенiң аяқ шенiнде Ахмет ағайдың үйi тұрды. Бiр күнi әкем екеумiз Ахмет атамның үйiне қонаққа бардық. Үйде бiршама кiсiлер болды. Бiр кезде әбден қызып алған Ғаббас Тоқжанов жазықсыздан-жазықсыз менiң әкеме тиiсiп, «контрреволюционер» деп отырғандардың шырқын бұзғаны есiмде қалыпты. Мен қорыққанымнан айқай салып, жылап жiбергенiм де есiмде. Ахмет атам өте қарулы iрi кiсi ғой, шыдамы таусылса керек, бiр кезде Ғаббас ағаны желкесiнен алып, жұлқи түскенi де көз алдымда күнi кешегiдей қалып қойыпты. Бiз түн iшiнде қонақтан көңiлсiз қайттық. Жолай Мiржақып ағайдың үйiне соғып, қорада тiгулi тұрған киiз үйдiң iшiнде түнеп шықтық. Әмiре Қашаубаевты да көрдiм. Әкем Әмiре ағамен Семейде қатар жүрген көрiнедi.
– Жүсiпбек көкемiз қай жылы ұсталды, сiз ол кезде неше жаста едiңiз?
– Әкем 1929 жылы 10 сәуiрде Қызылордада ұсталды. Мен ол кезде 13 жастамын. Бала болсам да есiмде қалыпты, мектептен үйге келсем, үй-iшi абыр-сабыр, қағаз-кiтаптар шашылып жатыр. Бiрдеңе iздеген сияқты, тiнту жүргiзiлiп, артынша әкемдi алып кетiптi. Әкемдi алдымен Алматыға, содан соң Мәскеуге әкетiптi. 1930 жылы маусымда «сол жақта атылды» деген хабар да жеттi. Сталиндiк қаралы жылдары, одан кейiнгi жылдары да ол жайында шындықты айтуға болмайтын едi.
– Өмiр ұзақ күрестен тұрады. Ол – бiреудiң табысы, екiншi бiреудiң жоғалтқаны, ынтымақтастық пен әдiлеттiлiк – аяусыз бәсекенiң жеңiл жабуы ғана екен. Жүсiпбек көкемiздiң Ғаббас Тоқжановпен арадағы келiспеушiлiгi неден туындағанына көңiл аударып көрдiңiз бе?
– Оны қазбалап, iздестiрген емеспiн. Күншiл – iшiнен бықсып, ада болады. Ғаббас Тоқжановтың кейiн өзi де iстi болды ғой. Өмiрде әлдеқандай жамандық болса, өзiңе оның себебiн түсiндiрiп көршi, сонда жаның жай табады, бiрақ мен оның шешуiн таба алмадым. Сондықтан iшiм алай-дүлей.
Бұл жерде қызғаныш болған сияқты. 1924 жылы әкемiз Орынбордың қазақ жоғары әскери-офицерлер мектебiнде сабақ бередi. Үстiнде әскери киiм, отбасымен әскери пәтерде тұрады. Оны мектепке алып келу үшiн атты әскермен ерттелген ат жiбередi. Тәуiр жалақы алады. Осының бәрiн көре алмаған Ғаббас Тоқжанов «Ж.Аймауытов ашыққандарға арналған ақшаны жеп қойды» деп iштарлықтан шыдамай жала жапқан.
1924 жылы күзде Қызылордада Ж.Аймауытовқа сот болған. Сот әкемiздi ақтап шығарған.
– Бүкiл өмiр алашапқыннан тұрады, басқа ақиқат жоқ. Өмiрiн алашапқынмен өткiзген әкеңiзден түрмеге түскесiн хат-хабар келiп тұрды ма?
– Iшiнара хат келiп тұрды. Алматы түрмесiнде ұзақ отыруына тура келдi. 1929 жылы шешем екеумiз әкеммен кездесу үшiн Алматы түрмесiне келдiк. Бiз келгенде бiр топ тұтқындарды вагонға тиеп жатыр екен. Кейiн Мәскеу түрмесiнен де бiрнеше хат келдi. Бiр хатында: «у меня кровохарканье появилось» деп жазыпты. Хатты оқыған шешемнiң шешесi: «Здоровье у Жусупбека было хорошее, это его там избивают, поэтому он кровью харкает» деп отыратын. Осыдан соң бiз Мәскеу түрмесiне сары май салып жiбердiк. Түрме басшылары бiздiң жiберген азық-түлiгiмiздi қабылдамай, кейiн қайтарып салып жiберiптi. Арада бiрер ай өткесiн түрмеден бiзге «Жусупбека Аймауытова нету в живых» деген хабар келдi. Не iстей аламыз, бiз оған да көндiк.
– Артынша сiз де ұсталдыңыз ғой...
– Уайым-қайғысыз ырду-дырду өмiрге араласуым менiң қоғамды жақсы көретiндiгiмнен емес, өзiмнен-өзiм қашуым үшiн керек, – дептi бiр пақыр. Сол айтпақшы, 1937 жылы Қазан қаласында «халық жауының, алашордашының баласы» деп он жылға сотталдым да кете бардым. Жасым ендi ғана 21-ге толған кезiм едi. Не керек, содан бергi 40 жыл бойы «халық жауының баласы» болып жүрдiм. Елге келуге қорықтым. Айдауда ең ауыр жерлерде Соликамск, Ныроб лагерьлерiнде отырдым. 1943 жылы өз еркiммен соғысқа сұрандым. Дәрiгерлер менi тексере келiп: «Не годен, ноги опухшие» деген қорытынды жасады. Ауыр жұмыстан, аштықтан, суық, ыза жерде төсексiз жалаң тақтада жатқандықтан аяғымның iсiгi де бар едi.
1988 жылы әкемнiң адал есiмi қайтарылып, ақталды. Ал 1994 жылы 25 қарашада Қазан қаласында Татарстан Республикасының Прокуратурасы менi дәлелсiз қудаланған, – деп ақтап шығарды. Не болса да өмiрдiң еркiндiгi жасампаздық пен тiршiлiкке негiзделген өмiрдiң еркiндiгiнен азырақ екенiн ендi бiлдiм. Алайда мыңдардың iшiнен бiр адам ғана бүгiнгi күнге лайық нағыз өмiр сүрудiң сырын бiлетiнiне сенiмiм мол. Бiздiң көбiмiз өткен өмiрiмiзде жоғалтқан қуаныштарымызға өкiнумен немесе орынсыз жасалған iстерiмiзден ұялумен, болмаса болашақты армандап, ертеңгi күннен қорқумен өткiземiз. Осының бәрiн өз басымнан өткердiм, бiрақ бәрi бостекi қиял, үрей екен.
– Ойлы адамды өмiрге деген қасиеттi ықыласынан тануға болады. Сiзге деген Әкенiң ықыласы өте күштi болған көрiнедi. Әке тағылымы сiзге не бердi, ол өмiрде қандай адам едi?
– Оған атақты жазушы Ғабит Мүсiреповтiң сөзiмен жауап берсем де болар едi. Жазушы әкем туралы: «Өз басым қазақта мұндай бiлiмдi, жан-жақты дарынды жанды әлi кездестiргенiм жоқ. Мен бiлетiн Жүсiпбек – тамаша жазушы, тұңғыш роман жазған, драматург, ақын, аудармашы, режиссер, әншi, музыкант, ғалым, көркем сынның негiзiн салған дарын. Оның драматургиялық шығармалары да шымыр, көркемдiк шоқтығы биiк болып келедi...» деген едi. Одан артық не айтайын, бiрақ бала ретiнде әкемнiң мықты домбырашы екендiгi есiмде қалыпты.
Әкем жайшылықта қолына домбырасын алғанда: «Балам, не ойнап берейiн?» деушi едi. Мен болсам: «Торайғырды» деп жауап беретiнмiн. Ол жымиып күледi де, «Торайғырды» тартып беретiн. Әкем «Қызыл бидайды» да, «Балқадишаны» да, «Қараторғайды» да, «Дударайды» да еркiн ойнайтын, мен мәз болатынмын. «Қызыл бидай» мен «Қара торғайды» ол өзi шығарған. Әкем менiмен тек қазақша сөйлесетiн.
Ол сонымен бiрге ғылым мен техниканың барлық түрiне қызығушы едi. Оның үйдегi кiтапханасында «Константин Эдуардович Циалковский» дейтiн кiтабы болатын. Қолы сәл босаса, сол кiтапқа үңiлетiн. Баламын ғой, бiрде әкемнен: «Әке, бiздiң күннен басқа да күн бар ма?» деп сұрағаным бар. Ол ашуланбайтын, нәтi педагог адам ғой, асықпай жауап беретiн. Менiң сұрағыма: «Аспанда тағы күн бар, оны астрономия ғылымы – Ригель дейдi. Ол түнде аспанда кiшкентай жарық көгiлдiр жұлдыз болып көрiнедi. Жерден өте алыс, бiрақ бiздiң күннен өте үлкен. Егер оны бiзге жарық түсiрiп тұрған күннiң орнына қойса, ол жер жаһанды күйдiрiп жiбередi» деп түсiндiретiн.
– Адамдар өз өмiрiндегi кездейсоқ бiрдеңелердi жасырып қалуға дағдыланған. Жүсiпбек Аймауытов туралы толыққанды шындық айтылып бiттi деп ойлайсыз ба?
– Өмiрдiң барлық құпиясын бiлгенiңде өлiмге ұмтыласың, өйткенi ол да өмiрдiң бiр құпиясы. Әкем туралы барлық әңгiме айтылып бiттi деп ойлаймын. Себебi ол кiсiнi көрген адамдар некенсаяқ, тiптi жоқ десе де болады. Жалғыз тұяқ деген менiң өзiм аз бiлемiн.
Әкем туралы жазылған еңбектерде оның нақты образы әлi шынайы жазылмаған. Жазылғандардың өзi оның әдеби еңбектерiн шолудан аса алмаған. Әкемнiң көптеген шығармалары Англия, Франция, Алмания, Түркия елдерiнде сол ұлттардың тiлдерiнде басылып шыққан. Сонымен қатар әкем немiсше, французша, татарша еркiн сөйлей де бiлген. Семинарияда оқып жүргенiнде, әкем немiс тiлiн үйрену үшiн немiстердiң үйiнде пәтерде тұрған. Француз тiлiнiң мұғалiмiмен арасындағы жақын қатынас, оның француз тiлiн меңгерiп алуына көмектескен. Бұл туралы жан баласы жазған емес. Әкемнiң өмiрбаянында да бiрiздiлiк жоқ. Оның әкесi – Дәндiбай, шешесi – Бәтима, ағасы – Ақат, iнiсi Жақыпбек турасында да ештеңе жазылмайды.
Дәндiбай атамыз ағаштан түйiн түйетiн шебер кiсi болған. Оның бұл өнерi балаларына да жұғысты болған. Ақат ағай жалданып, байдың малын бағып, ақысына бiр ат алып, оны Баянауылдың бастауыш мектебiне түссiн деп, iнiсi Жүсiпбекке берген көрiнедi. Жүсiпбек атты мектептiң тiлмашы Серебрянниковқа сыйға тартыпты. Сөйтiп, Жүсiпбек мектепке қабылданып, тiлмаштың үйiнде тұрып, мектептi үздiк бiтiрiп шыққан. Жүсiпбек мектептi бiтiргенде Серебрянников онымен қоштасып тұрып: «Жоғары заң бiлiмiн алуға тырыс», – деп ақыл-кеңес берген көрiнедi. Кейiн әкем Серебрянниковтың өсиетiн орындап, 1923 жылы Омбы университетiнiң заң факультетiн сырттай бiтiрiп алыпты. Заң факультетiн бiтiргендiгi туралы құжатпен, ол 1924 жылы Орынбордың Қазақ жоғары әскери-офицерлер мектебiне психология пәнiнен сабақ берген. Бұл да тарихтың ашылмаған беттерi. Жалпы, Орынбор әскери мектебi көп зерттеу жұмыстарын қажет етедi.
– Қоғам қайраткерi, жазушы Жүсiпбек Аймауытовтан қалған мұра аса бай. Әсiресе, оның жас ұрпақты жаңа рухта тәрбиелеуге, олардың ақыл-ой парасатын оятып, елдiк мұраттарға бұрудағы ғылыми еңбегi «Психология» оқулығының маңызы зор. Осы еңбек туралы не айта аласыз?
– Әкем психология ғылымының мәнiн түсiндiру үшiн оқу құралы ретiнде ғылыми тұрғыда негiзделген «Психология» еңбегiн қазақ тiлiнде жазып шыққан тұңғыш адам. Олардың iшiнде «Тәрбиеге жетекшi» (1924), «Психология» (1926), «Жан жүйесi және өнер таңдау» (1926) атты еңбектерi бар. Бұл зерттеулер –қазақ тiлiндегi алғашқы зерттеулердiң бiрi.
Бұл кiтаптардың бәрiн мен Ахмет Байтұрсынов атамның үйiне барғанда оның жазу үстелiнiң басынан көретiнмiн. Сонда ойлаушы едiм, үп-үлкен кiсi де өзiнен кiшi адамның кiтабын оқиды екен-ау деп.
– Әкеңiздiң туыстарынан ұрпақ бар ма? Олармен қарым-қатынасыңыз қалай?
– Әкемнiң ағасы Ақат – 1922 жылы, iнiсi Жақыпбек – 1925 жылы, шешесi Бәтима 1927 жылы қайтыс болды. Жақыпбек ағай қайтыс болғанда, әкеммен бiрге оның жаназасына ерiп барғанмын. Әкем «бауырымның сағанасын өз қолыммен саламын» деп жер қазып, қамба илегенi есiмде қалыпты. Қалғанынан хабарым жоқ.
Адам жер бетiнде тек қана жеке басының бақыты үшiн өмiр сүрмейдi. Ол адамгершiлiктiң ұлы заңын түсiнуi керек. Өмiр баспалдағында сәттiлiкке қарағанда, сәтсiздiк – ең тәлiмдi ұстаз екендiгiн бiлмей өтетiнiмiз аянышты. Өмiрiм қаншалықты ауыр болса да, оған ризамын. Жаман жағыңмен өмiр сүру, жақсы жағыңмен өмiр сүруден жеңiл. Себебi жақсы атты сақтап қалу қияметтiң қиыны. Мен болсам, сол жақсы атты сақтап қалдым. Гете «зираттар арқылы алға» деген екен, маған соны қайталаудан басқа жол қалмай тұр...
Өзгенiң жақсылығын қосып айтсаң да ерсi емес, өзiң iстеген жақсылықты кемiтiп айт, айтпасаң тiптi жақсы. Оны өзгелер айтар. Ал мен Алматы қаласының әкiмi болған Иманғали Тасмағамбетовке айтар алғысым шексiз!
Аман болыңдар, қалқаларым!
– Ақсақал, әңгiмеңiзге рақмет!