«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі секілді мега-жобалар отандық мамандарды жаңа сапалық деңгейге көтереді

Берік КАМАЛИЕВ, ҚР көлік және коммуникация министрі:

– Құрметті Берік Сайлауұлы, бүгінде еліміздегі ең ірі жалпыұлттық жобалардың бірі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі екеніне дау жоқ. Осы жоба бойынша жұмыстардың барысы қалай? Кестеден кешігу болып жатқан жоқ па?
– Иә, расында да, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізін қазіргі уақытта еліміздің көлік саласында жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық мега-жоба деуге әбден болады. Қазақстан Республикасы бойынша дәліздің жалпы ұзақтығы 2 787 шақырымды құрайды және бес облыстың аумағы бойын­ша өтеді. Бұл орайда, жалпы ұзақтығы 2 452 шақырым жол (Ақтөбе облысы – 355 км, Қызылорда облысы – 812 км, ОҚО – 448 км, Жамбыл облысы – 495 км, Алматы – 342 км) қайта жаңартылуға жатады.
Қазір соның Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында жалпы ұзақтығы 1 615 шақырым болатын 28 учаскеде құрылыс жұмыстары жүр­гізілуде. Ағымдағы жылы I санатты (4 жолақ­ты қозғалыспен) 275 шақырым және II санатты (2 жолақты қозғалыспен) 455 шақырым жол салу жоспарлануда.
Жалпы, кестеден кешігу жоқ, құрылыс-монтаждау жұмыстары жұмыс жүргізу кестесіне сәйкес жүргізілуде.
– Бұл жобаға қатысты проблеманың ең үлкені жол бойындағы жекенің қолындағы жер телімдерін алу болып отырған сыңайлы. Осы мәселе жобаның уақтылы іске қосылуына кедергі болып шықпай ма? Бұл жағы қалай шешілуде?
– Негізі, жер учаскелерін сатып алу проблемасы тек Оңтүстік Қазақстан облы­сындағы учаскелер бойынша туындап отыр. Мұнда сатып алынуға жататын жалпы 845 жер учаскесінен казіргі күнге қалғаны – 192, оның ішінде 28 жер телімі бойынша бағалау актілері бар. 21 учаске бойынша қайта бағалау жүргізу қажет және бір учаске банкте кепілдікте тұр. Сондай-ақ 35 учаскенің иелері бағалау актілерімен келіспеуде. Қазір 28 жер учаскесінің иелерімен сот процестері жүргізілуде.
Әрине, бастапқы кезде жер сатып алу барысында бірқатар қиыншылықтар бол­ды. Мысалы, жоспарланған жол құры­лысы туралы алдын ала хабарланғандарына қарамастан, Сарыағаш (21 учаске, 99,5 млн теңге) және Сайрам (14 учаске, 17 млн теңге) аудандарының әкімдіктері 35 учаскеге жекеменшік құқығы актілерін рәсімдеген. Республикалық бюджетті қада­ғалау жөніндегі Есеп комитетінің тексерісіне сәйкес, бұл жағдайлар мемлекеттік қара­жаттың тиімсіз пайдалануына әкеліп соқтырды.
Сондай-ақ Сайрам аудандық әкімдігі ауыл шаруашылығы алқаптарының түрлері туралы жарамсыз анықтамаларды беру жағдайлары бар, нәтижесінде жүргізілген бағалау асырып алынған, сол себепті қайта бағалау жүргізу қажет болды. Аталған мәселелер бойынша министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыстар жүргізіп жатыр.
Сұрағыңызға орай, қосымша айта кететін жайт – қазіргі уақытта жер учаске­лерін сатып алу мәселесінің жұмыс бары­сына ешқандай әсері жоқ. Өйткені құрылыс жұмыстары сатып алынған учаскелерде жүргізілуде.
– Елбасы жүктеген міндеттердің бірі – осы жоба аясында мейлінше отандық мамандарды жұмыспен қамту. Бұл міндет қаншалық жүзеге асып жатыр? Өйткені бізде орта буын мамандарының тапшылығы бар ғой.
– Иә, ондай проблема бар. Бұған тоқталмас бұрын, мен сізге «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасын іске асыруда жалпы саны 31 056 жұмысшы еңбек етіп жат­қанын айта кетейін. Оның 18 529-ы – жергілікті жұмысшылар. Ал 12 043-і – еліміздің басқа өңірлерінен тар­тылған жұмысшылар. Бұлардың сыртында 484 шетелдік маман жұмысқа тар­тылды.
Ал жоғары білікті және орта буын қазақстандық мамандардың жетіспеу мәселесі, шын мәнінде, бар. Сондықтан жоғары білікті мамандарды дайындау және оларды бұдан әрі жұмысқа орна­ластыру мақса­тында министрлік «Қазақстан Респуб­ликасында 2015 жылға дейін көлік-ком­муникация кешенінің кадрлық әлеуетін дамыту тұжырымдамасын» бекітті.
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында жол саласы мамандарын дайындайтын жеті ЖОО және 20-дан астам колледж бар. 2010 жылы көлік саласындағы маман­дықтар бойынша 1 800-ден астам жоғары білімі және 500-ден астам орта техникалық білімі бар түлектер тіркелді, олардың жартысы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасында жұмысқа орналастырылды.
Ал автожолға келсек, бұл саланы кадрлармен қамтамасыз етуге қатысты бір проблема бар. Бүгінгі оқу орындарының дайындайтын негізгі мамандығы – жол қозғалысын ұйымдастыру және авто­жол­дағы қозғалысты ұйымдастыру қазіргі еңбек нарығында аса қажет емес. Орта білім беретін оқу орындары мамандарды ескі техникада даярлайды және қазіргі білім бағдарламалары жаңа және қазіргі заманғы талаптардан артта қалуда, ол ішкі еңбек нарығында бәсекеге қабілетті емес.
Министрлік білім стандарттары мен мамандарды дайындайтын жұмыс жоспарларына өзгертулер енгізу, оқу орындарын материалдық-техникалық жағынан жарақтандыруға нысаналы трансферттер бөлу бойынша ұсыныстар берді.
Осы мәселелерді шешу үшін 2010 жылғы қазанда Білім және ғылым министрлігінің, ЖОО, колледждердің және мүдделі мердігерлік ұйымдардың өкіл­дерінің қатысуымен автожол саласын­дағы құрылыс бойынша білім беру сапасын жақсарту мәселелері жөнінде семинар-кеңес өткіздік. Білікті мамандар даярлау үшін жас мамандарды жол-құрылыс жұ­мыстарына және студенттерді өндірістік тәжірибеге тарту жұмыстарын да жүргізіп келеміз. Мысалы, Wirtgen Kazakhstan компаниясымен бірлесіп өңірлерге шығу арқылы жол фрезерлеу және тегістеуші, асфальт төсегіш техникалармен жұмыс істеу жөнінен 642 маман практикалық және теориялық сабақтар жүргізді.
Бүгінгі күні жобадағы құрылысты қада­ғалап, жол-құрылыс материалдарын дайын­дау және орындалған жұмыстардың сапасын бақылауды жүзеге асыратын барлық компаниялардың 80 пайыз пер­соналы қазақстандық мамандар екендігін атап өткен жөн. Ал, жалпы, құрылыс жұмыстарына тартылған пер­сонал­дың 95 пайыздан астамы – қазақ­стандық ма­мандар. Меніңше, осынау мега-жобаны жүзеге асыруға қатысудың өзі отандық инженер-техникалық мамандар мен жол-құрылыс компанияларының кәсіби біліктілігін жаңа сапалы деңгейге көтеретіні сөзсіз.
– Жақында ғана «Нұр Отан» партиясының осы жобаны бақылау жөніндегі сарапшылар тобының отырысында құрылыс жұмыстарына тартылған компаниялар арасында еңбек заңнамасын бұзу деректері жиі кездесетінін айтты. Министрлік осы жағын қалай бақылап отыр? Ақша мемлекеттен бөлініп жатқанда, мердігерлердің жұмысшыларға жалақы төлемеуі қаржының мақсатсыз жұмсалуын білдірмей ме? Жұмыстың бір учаскесі бойынша алған міндеттемесін толық орындай алмай жатып, келесі учаскенің конкурсына қатысуға жол беру ертең екі учаске бойынша да кестеден кешігуге әкеп соқтырмай ма?
– Қазіргі күні құрылыс жұмыстары жолдың 1 615 км бойында жүргізілуде. Осы жұмыстарды 19 бас мердігерлік ком­пания (оның ішінде бес қазақстандық компания («Каздорстрой» ЖШС, «Ақмола­Құрылыс материалдары» ЖШС, «К-Дор­строй» АҚ, «КСС/ЖамбылЖол­Құрылыс» (Корея/Қазақстан) БК, «Копри/Сейсер» (Кувейт/Қазақстан)) және 67 отандық шағын мердігерлік ұйым атқарып жатыр.
Осыдан біраз уақыт бұрын жалақының кешіктірілуі бірнеше қосалқы мердігер тарапынан жіберілгені рас. Атап айтқанда, «Куан КБ», «Бис КЗ», «Мерстрой», «Каз­севавтодор» ЖШС-лары осындай кем­шіліктерге жол берді.
Осы мәселені шешу мақсатында ми­нистрлік банк, бас мердігер және қосалқы мердігер арасындағы үшжақты келісім негізінде келісілген төлемдер енгізу мүм­кіндігі туралы мәселені қарауда. Мұндай шара әлгіндей қиындық туғызатын компаниялардың төлем операцияларын бақылауға мүмкіндік ашады деп ойлай­мын.
– Ал енді Жезқазған – Қызыл­орда автокөлік жолы туралы бүгінде не айтуға болады?
– Қызылорда – Жезқазған автожолының ұзақтығы 412 шақырым. Аталмыш жол Қызылорда және Қарағанды облыстарында орналасқан.
Қазіргі уақытта негізгі қаражат «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізін қайта жаңартуға және басқа да халықаралық транзит дәліздерін, сон­дай-ақ басталған объектілерді аяқтауға жұм­салып жатқандықтан, бұл учаскеде дәл бүгінгі күні жөндеу жұмыстары жоқ. Бірақ
Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған Көлік инфра­құрылымдарын дамыту жөніндегі бағ­дарламасына сәйкес, 2012 жылы Қызыл­орда – Жезқазған автожолының учас­ке­леріне қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат­таманы әзірлеп, 2013 жылдан қайта жаңарту жұмыстарын бастау көзделіп отыр.
– Министрліктің құзыретіне қарайтын бір сала – азаматтық авиация. Кейінгі кездері ұлттық әуе тасымалдаушының қызметіне қатысты өкпе-реніш те жұрт арасында жетіп-артылады. Бұл саланы дамыту мақсатында нендей жұмыстар атқарылып жатыр?
– 2010 жылғы 15 шілдеде «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» жаңа Заң қабылданды. Бұл авиация саласы үшін аса маңызды оқиғалардың бірі болып та­былады, өйткені осы заң арқылы аза­маттық авиация қызметін реттеу жөнінде бірқатар жаңа нормалар енгізілді. Енді елімізде заңнамалық негізде еуро­палық авиациялық талаптар сияқты халықаралық азаматтық авиация ұйымының салалық стандарттарын қолдануға мүмкіндік бар. Жаңа заңға сәйкес отандық авиаком­панияларға қойылатын талаптар қатай­тылды. Жаңа заң бойынша авиакомпанияда сертификаттау талаптарына сәйкес әуе кемелерінің резервтерін қоса алғанда, әуе кемелері, әуе кемелерін қауіпсіз пайдалану және оларды ұшуға жарамдылықта ұстау үшін, сондай-ақ авиация персоналын даяр­лауды және қайта даярлауды ұйым­дастыру үшін қаржы ресурстары мен мүлкі, әуе кемелерінің ұшуын және көрсетілетін қызметтердің сапасын ұйымдастыру және қамтамасыз ету үшін әуе кемелеріне қосалқы бөлшектерінің қоры болуы тиіс.
Жалпы, бұл жаңа заңның қабылдануы отандық авиация қызметінің ИКАО еуро­палық авиациялық талаптары және стандарттарына көшуге, ұшу қауіпсіздігін және тасымалдаушының ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы талаптарды сақтауға жауапкершілігін арттыра түседі.
– ИКАО демекші, «қара тізімге» іліккен де жайымыз бар ғой...
– ҚР Көлік және коммуникация ми­нистрлігі ИКАО-ның ескертпелерін жою арқылы қазақстандық авиата­сымал­даушыларды Еурокомиссияның «қара тізімінен» шығару жөнінде бірқыдыру жұмыстар атқаруда. Іске асырылған шара­лардың нәтижесінде Еуро­комиссияның «қара тізімінен» авиациялық жұмыстарды атқаратын 18 авиакәсіпорын шығарылды.
Қазіргі уақытта «Эйр Астана» АҚ әуе кемелері паркінде 24 әуе кемесі бар. Әуе кемелерінің паркін қазіргі заманғы әуе кемелерімен одан әрі жаңарту мақсатында «Эйр Астана» АҚ 2011 жылы лизингіге «Эмбраер-190» үлгісіндегі екі әуе кемесін сатып алды, сондай-ақ 2012-2013 жылдары «Эйрбас-320» үлгісіндегі алты әуе кемесін сатып алуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда барлығы 30-дан аса батыс өндірісінің қазіргі заманғы әуе кемесі пайдаланылады.
Сонымен бірге тікұшақ техникасымен толықтыру жұмысы белсенді жүргізіле бас­тады. Кейінгі екі жылдың өзінде қазақ­стандық авиакомпаниялар Eurocopter, Agusta Westland, Bell үлгісіндегі және тағы басқа өндірушілердің 15 тікұшағын сатып алды.
Орайы келгесін, әуежайларға да тоқталсам. Қазір республиканың 20 әуежайының 10-ы ИКАО-ның стандарттары бойынша санат­талған, соның ішінде екі әуежай – Астана мен Алматы әуежайлары, ИКАО-ның ІІІ санатына ие. Ұшу қауіпсіздігін қам­тамасыз ету, әуежайларда ұсынылатын қызметтердің сапасын арттыру үшін жердегі инфра­құрылым объектілерін жаңарту және дамыту бойынша бағдарлама іске асы­рылуда. Атырау, Жезқазған, Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды қалаларының әуе­жайларында бес жолаушы терминалына қайта жаңарту жүргізілді.
2010 жылы Қызылорда қаласы әуе­жайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту аяқталды. 2015 жылға дейінгі кезеңде Көкшетау, Тараз, Орал қалалары әуе­жайларында жолаушы терминалдарын қайта жаңарту, сондай-ақ Алматы, Атырау, Шымкент қалаларында жаңа жолаушы тер­миналдарын салу жоспарлануда. Ақ­тау қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту бойынша жұмыстар жал­ғасуда. Ол аяқталған соң әуежай ИКАО-ның I санатына өтетін болады.
Енді нақты дерекке келсем, 2010 жылы еліміздің авиакомпаниялары 3,4 млн жолаушы, сонымен қатар 29,2 мың тонна жүк тасымалдады. Ал 2011 жылдың бірінші тоқсанында 534 мың жолаушы және 5 мың тонна жүк тасымалданды.
– Әңгімеңізге рақмет!

Алашқа айтар тілегім...
Барша Алаш үшін ең қастерлі ұғым  Тәуелсіздік екені күмәнсіз ақиқат. Биыл – ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы. Ең алдымен, мемлекетіміздің іргесі мәңгі бүтін болса деп тілеймін. Осы мерейтой қарсаңында жаңадан екі теміржол құрылысы, атап айтқанда, Жетіген – Қорғас пен Өзен – Түрікменстанның мемлекеттік шекарасы желілерін салуды аяқтау жоспарлануда. Сонымен бірге ғасыр құрылысы аталған «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жобасы секілді, басқа да игі шаралар жайында «Алаш айнасы» газетінің оқырмандары да толыққанды хабарлар алып тұрса, нұр үстіне нұр болары хақ.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста