Бағалы қағаз сатып алу үшін миллионер болу міндетті емес
Дархан НҰРПЕЙІСОВ, Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі төрағасының орынбасары:
– Дархан Қадырбайұлы, соңғы үш-төрт жылдан бері «қор нарығы», «биржа», «брокер», «акция» деген терминдерге құлағымыз әбден үйренді. Әйтсе де, шыны керек, сол қор нарығына көбіміз беттей алмай жүрміз. Алдымен мынаны біліп алайықшы: бағалы қағаз сатып алуға бел байлаған адам неден бастауы керек?
– Расында да, қор нарығына тікелей шығатын азаматтар кейде адам алмайтын бағалы қағаздарды сатып алып жатады. Одан кейін «құны түсіп кетті, сатылмай қалды» деп ренжиді. Сондықтан біз халықтың, мемлекеттік қызметкерлердің қаржылық сауатын ашуға арналған семинарларда үнемі ескертеміз: тәжірибе жоқ кезде қазақстандық ең ірі, ең мықты компаниялардың бағалы қағаздарын сатып алу керек. Өйткені олар көп жылдан бері жұмыс істеп келеді, әлі де жұмысы жүре береді деген сенім бар. Ешкім білмейтін кішігірім компанияның қанша уақыт жұмыс істейтіні белгісіз. Оның үстіне, қаржы дағдарысының әсерін де ұмытпау керек.
Міне, қараңыз, www.kase.kz сайтына кірсек, «уәкілетті тізім» (представительский список) деген болады, оны индекс KASE деп атайды. Оған еліміздегі ең мықты компаниялар енген. Мысал ретінде «Центркредит» банкін алып қарайық. Міне, 2009 жылғы маусымның аяғы мен биылғы жылдың 23 маусымы аралығындағы бір жылдық графигін қойып отырмын. Былтырғы маусым айында акциясының құны 390 теңге болған. Бір жылдың ішінде 500, 600 теңгеге, мына жерде 900 теңгеге дейін көтерілген. Қаржы дағдарысының екінші толқыны басталғанда, түсе бастады, қазір 550 теңгеге жетіпті. Бір жылдың ішінде 400 теңгеден 900 теңгеге дейін өскен. Сонда бір жылда акциясының теңгермелі бағасы 550 теңгені құрады. Демек, бір жылдың ішіндегі орташа табысын 40 пайыз деуге болады. Ал енді салыстырып көрейікші, осыдан бір жыл бұрын депозитке ақша салсаңыз, одан 8 пайыз пайда көресіз. Ал бағалы қағаз сатып алса, 40 пайыз табыс табуға болады. Қор нарығы бірде көтеріледі, бірде түседі. Бірақ бәрібір табыс бар. Акция бағаларының құбылуы – көтерілгені, түскені қазақстандық қор биржасының индексін құрайды. Оған қазақстандық жеті компанияның бағалы қағаздары кіреді. Сайтта бәрі де тайға таңба басқандай көрініп тұр. Мәселен, қызылмен белгіленсе, түскені. Міне, қазір «Қазақтелекомның» акциясы бір күнде 10 пайызға көтеріліпті. Депозитке 1000 доллар салсаңыз, пайызы 10 доллар болса, 1010 доллар пайда көресіз. Ал мына жерде 1000 доллар салсаңыз, 2200 доллар пайда табуға мүмкіндік бар. Сол сияқты «Қазкоммерцбанктің» акциясы 300 теңге болған, 720 теңгеге дейін өсіп, бүгінгі күні 420 теңге болып тұр. Бұл да – орташа есеппен 40 пайыз. Біреу –1700, екіншілері – 350, кейбіреуі 120 мың теңгеге бағалы қағаз сатып алған. Былтырғы маусымда соның акциясын сатып алсаңыз және оны қазір емес, 2009 жылдың қарашасында не 2010 жылдың басында сатсаңыз, 40 пайыз емес, 150 пайыз пайда көруге болар еді.
– Сонда депозитке қарағанда бағалы қағаз тиімді болғаны ғой?
– «Депозит тиімді ме, қор нарығы тиімді ме?» деген сауалға жауапты кесіп айтуға болмайды. Себебі екеуінің механизмі әртүрлі. Депозитке ақша салсақ, жылдың аяғында қанша пайда табатынымызды білеміз. Ал қор нарығында мүлде басқа. Бір күннің ішінде 10 пайыз пайда көруге мүмкіндік бар. Екі ай ішінде 100 пайыз пайда көруге болады. Мысал үшін айтайын, 2007 жылы «Қазақтелекомның» акциясы 25 000 теңгеге сатылса, екі айдың ішінде оның құны 50-54 мыңға жеткенін білеміз. Бүгін оның акциясы бір күннің ішінде 10 пайызға өсіп отыр. Былтыр осы кезде 13 мыңнан басталып, 23 мыңға дейін көтерілді. Кейінірек 20, 19, 18, 17 мың теңгеге дейін құлдырады. Соңғы бағасы – 14 600 теңге. Орташа есеппен депозиттен тиімді болуы мүмкін. Бір жылдың ішінде ұтылды ма? Жоқ. 10 акция, 20 акция сатып алғандар бар. Әрине, әркім «көрпесіне қарай көсіледі». Өйткені қор нарығының бір ерекшелігі – оған шығу үшін миллионер, не миллиардер болудың қажеті жоқ. 10 мың теңгесі болса да, миллиардтаған доллары болса да, барлығы бірдей, бәрі тең. Қор нарығы деген – осы. Брокерлердің кеңесіне құлақ асып, «қай бағалы қағазды сатып алу керек, қашан сату керек?» деп ақылдасып отырса, ұтыла қоймайды.
– Осы тұрғыда сіздердің агенттік бірталай жұмыс атқарды емес пе?
– Иә, біздің агенттік осы бағытта жұмыс жүргізуде. Тұрғындарға тегін ақпараттық білім беру орталықтарын құрып жатырмыз. Өзіңізге белгілі, басқа кеңес беретін орталықтарға барса, бәрі ақылы. Ал бізде тегін. Үйінде компьютері, интернеті жоқ азаматтар барлық мәліметті осы арадан алуына болады. Газет, кітап тегін беріледі. Брокерлермен кездесуге болады. Алматыда осындай орталық екі жерде – Абылайхан көшесіндегі «Қазпошта» ғимаратында және әл-Фараби даңғылындағы «Нұрлы Тау» бизнес орталығында жұмыс істейді.
Былтырғы жылдың аяғында Алматыда «Жеке инвесторлар клубын» («Клуб розничных инвесторов») құрдық. Астанада жуырда осындай клуб ашылды. Олар да ақысыз. Бұл жерде қор нарығында жұмыс жүргізетін адамдармен кездесе аласыз. Бейресми жағдайда әңгімелесіп, тәжірибе алмасып, қызықты нәрселерді білуге болады.
Осылайша мемлекет өз тарапынан барлық жағдайды жасап жатыр. Сондықтан әркім өзі талпынуы қажет. Егер де «білмеймін» деп қол қусырып отыра берсе, оған ешқандай жәрдем бере алмайсың. Бір рет теледидардан бағдарлама көруі мүмкін. Бір-екі рет газетте шыққан мақаланы оқуы мүмкін. Одан кейін ешқандай әрекет етпесе, әл-ауқатын көтеру үшін қор нарығына жүгінбесе, оған өзінен басқа ешкім кінәлі емес. Кейбіреулер «қор нарығына шығу үшін көп қаржы қажет» деп сылтауратады. 500 теңгелік акциялар бар. Он акция сатып алсаңыз, 5000 теңге. Енді ондай соманы табуға болатын шығар. Міне, ENRC компаниясының акциясы 2250 теңге, сәл қымбаттау, бірақ миллион емес қой. Сол сияқты 300 теңгелік акцияның жүзін сатып алса, 30 000 теңге. «Көрейінші осы» деп, тәуекелге баруға бола ма?!
– Әлбетте. Оның үстіне, дағдарыс кезінде біздің банктердің жағдайы мүшкілденіп кеткені белгілі. Өз кезегінде бұл жайт көпшіліктің депозитке деген сенімін азайтты. Ендігі кезде көпшіліктің көңілі бағалы қағазға ауғаны дұрыс шығар, бәлкім?
– Өздеріңізге белгілі, елімізде мемлекеттік қызметкерлерге бағалы қағаздарды сатып алуға мүмкіндік берілді. Олар да енді қор нарығына шығып, өз әл-ауқатын көтере алады. Рас, мемлекеттік қызметкердің коммерциямен айналысуына рұқсат жоқ, бірақ қор нарығына шыға алады. Әйтсе де, мемлекеттік қызметкерлерге қандай да бір компанияның 5 пайыздан артық акциясын сатып алуға болмайды. Одан кейінгі мемлекет тарапынан берілген бір жеңілдік – қор нарығынан түскен пайдадан салық төленбейді. Мәселен, 300 теңгеге бағалы қағаз сатып алып, 7000 теңге пайда көрсеңіз, еш салық төлемейсіз. Бұл да – қор нарығының алғашқы кезеңінде, халық жұмыс істеп үйренгенше берілген жеңілдік. Сондықтан осындай мүмкіндіктер болып тұрғанда, жұртты қор нарығына шығуға үгіттеп, жұмыстарын жүргізіп келеміз. Әрине, бұл – жиған-тергеніңді түгелдей қор нарығына апарып салып таста деген сөз емес. Ақшаны еселеудің өзіне тән заңдары, қағидалары болады ғой. Соған сәйкес, қаржыңыздың 30 пайызын депозитке, 30 пайызын қор нарығына, тағы бір бөлігін жылжымайтын мүлікке салуға болады. Бір жылдың ішінде депозиттен 10 пайыз пайда тапсаңыз, қор нарығында 40-100 пайызға дейін табыс табуға болады. Депозит – пайда көру емес, ақшаны сақтау механизмі. Бұл орайда инфляцияны ескерген жөн. Ал қор нарығы сақтау үшін емес, қаржыны еселеу үшін. Бағана сізге соңғы бір жылдың ішіндегі графикті көрсеттім. Ал енді банктердің тарихына үңіліп көрейік. Мәселен, Халық банкі.1999 жылы оның акциясының құны 120 теңгеден басталған. 2005 жылы 250 теңгеге көтеріліпті. Ең көп көтерілген кезең – 2007 жылы 8000 теңгеге артқан. Бұл дағдарыс басталар алдында. 2008 жылы дағдарыс шарықтау шегіне жеткенде, акция құны 70 теңгеге дейін түсті. 2009 жылғы сәуір айында 70 теңгеден 140 теңгеге көтерілді. Сонда екі айдың ішінде екі есе көтерілген. Қазір қаржы дағдарысынан шығып келе жатқан тұста әлгі жоғарғы деңгейге қайтадан баруы мүмкін бе? Мүмкін. Кейде түседі, бірақ біраз уақыттан кейін қайта көтеріледі. 2009 жылдың ортасынан бастап қаржы нарығындағы ахуал оңала бастады ғой. Былтыр мемлекет банктерге жәрдем берді, ақша құйды. Соның арқасында қазір банктер әжептәуір көтеріліп қалды. Сондықтан бүгін KASE-ге енген банктердің бағалы қағаздарын арзан бағамен сатып алса, бір-екі жылдан кейін оның бағасы көтеріледі. Бәрібір депозитке қарағанда табысы молдау.
– Қор нарығы туралы айтқанда, ең алдымен әйгілі Уоррен Баффет еске түседі. Оның қор нарығында алғаш рет акция сатып алғаны жөнінде қызық әңгіме көп. Қазір демей-ақ қояйын, келешекте өз Баффетіміз шығады деп ойлайсыз ба?
– Әрине, Уоррен Баффет те қарапайым адам. Әу баста небәрі 10 долларға акция сатып алудан бастаған ол – бүгінде миллиардтаған қаржысы бар ірі инвестор. Мұндай жетістікке қор нарығы арқылы қол жеткізгені белгілі. Сондықтан өз арамызда сондай миллиардер шықпайды дегенше, алдымен бастап көру керек шығар? Ол үшін қор нарығына шығу керек. Әлгі жиі айтылатын анекдотта жолы болмайтын біреу: «Құдай-ау, маған неге көмектеспейсің?» – деп зар жылағанда, құдай оған: «Сен тым құрыса лотерея сатып алсаңшы», – дейді ғой. Сол секілді «ақша жоқ» деп жылаймыз кеп. Ал сен акция сатып алып, осы бір мүмкіншілікті пайдаланып көрші! Ең алдымен өзің қадам жасауың керек, солай емес пе?
– Бірақ біздің шетелге бүйрегіміз бұрып тұратын бір әдетіміз бар ғой. Қор нарығында қалай, қайсысына сенім көбірек?
– Расында да, біз «ұялы маркетингке кір, шетелдік акция сатып ал» десе, соған сеніп қаламыз. Ал мемлекет өзі көмек көрсетіп, қазақстандық ресми сайттан бағалы қағаз сатып ал десе, оған сенбейміз. Керісінше, бір шетелдік компания келіп бір футболка, не бір кола берсе, соған мәз болып, ұсынған нәрсесін сатып аламыз. Шымкентте аты шулы МММ сияқты пирамидалардың пайда болғаны содан шығар. «Аңқау елге арамза молда» дегендей, ондайлар «бір айдың ішінде 100 пайыз пайда көресің» деп қақпанға түсіреді. 100 пайыз пайда болуы мүмкін бе? Жоқ. Біз олай деп айта алмаймыз. Мына компанияның бағалы қағазын сатып, 100 пайыз пайда көресің деп кепілдік бере алмаймыз. Рас, әлгіндей қулар бастапқыда 100 пайыз пайда беруі мүмкін. 1000 доллар салса, 2000 доллар береді де, содан сіз көрші-көлең, туған-туысқа барып айтасыз, олар да есі кетіп солай қарай жүгіреді. Сөйтіп, топ етіп торға түседі. Ондай пирамида бір күні болмаса бір күні сөзсіз құлайды.
Қор нарығында биржа да, брокер де мемлекеттің бақылауында. Сонда қайсысына сенген дұрыс?
– Дәл қазір қазақстандық қор биржасында қанша компания жұмыс істейді?
– Қазіргі күні қор биржасында 130-дан астам компания жұмыс істейді. Жоғарыда айтып өткендей, KASE-ге енген ең ірі компанияларға қарап қор нарығы дамиды. Инвесторлар осы компанияларға қарап бағалы қағаздар сатып алады. Бұлардың ертеңгі күні құрып кетуіне сенесіз бе? Сенбейсіз. Біздің ата-аналарымызға қызмет көрсеткен Халық банкі – пәлен жылғы тарихы бар, бұрыннан келе жатқан банк. Әлі де 100 жыл жұмыс істей береді. Демек, оның бағалы қағазының құны да өседі деген сөз. Мен мұны жарнама үшін емес, мысал ретінде айтып отырмын.
Бүгінде қор биржасында 9600 адам жұмыс істейді. Олар бағалы қағаздарды сатып алады, сатады. Бастапқыда өте аз болатын, былтырдың өзінде 5000 адам ғана еді, сонда бір жылдың ішінде екі есе дерлік көбейді. Ол, әрине, аз. Мақтанарлықтай дәрежеде емес. Бірақ біз халықты қор нарығына тарту үшін жұмыс істеудеміз. Халық өзі де талпынса дейміз. Қазақстандық компаниялардың акциясын сатып алған кез келген адам «инвестиция салдым» деп ойласын, яғни ол – инвестор. Компания оның қаржысын өзінің дамуына жұмсайды. Кейбіреу ойлайды «инвестор деген – міндетті түрде шетелдік компания, не шетелдік азамат» деп. Олай емес. Әрбір қазақстандық акция сатып алса, инвесторға айналады. Өйткені ол өз қаржысын компанияға салады.
– БТА мен Альянс банктерінің акциялары қор биржасында болып па еді?
– Иә, БТА мен Альянс банктері дефолт болғанда, акциялары қор биржасынан алынып тасталды. Әрине, қор нарығының өз тәуекелі болады. Сол кезде «неге олардың депозиті көп болды, неге үсті-үстіне жарнама бергіш?» деп ойланған дұрыс еді. Рас, осы банктердің акцияларын сатып алғандар ұтылды. Бірақ қор нарығының ерекшелігі де сол емес пе? Сондықтан тұрақты, орташа банктерге назар аударған жөн.
– Бағалы қағазды интернет арқылы сатып алу жағы жолға қойылған ба? Сосын ауыл адамдары акция сатып алғысы келсе, қайда барады?
– Біздің бір-екі компанияның акциясын интернет арқылы сатып алуға болады. Атыраудан бір жас жігіт интернет арқылы сатып алып жүр. Бізбен үнемі хабарласып тұрады. Жалпы, бағалы қағазды тікелей брокер не интернет арқылы ғана сатып алуға болады. Ауыл туралы айтсақ, аймақтардағы «Қазпошта» бөлімшелерінде ақпараттық білім беру орталықтары құрылған. «Қазпоштаның» трасферагенттік лицензиясы бар. Сондықтан «Қазпошта» арқылы брокерлермен келісімге отырып, жұмысты жүргізуге болады. Біз ай сайын қазақша-орысша 200 мың дана газет шығарып, «Қазпошта», Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы таратамыз. Бірақ ол да аз. Егер қаражат жетсе, 16 млн дана шығарса да артық болмас еді. «Хабар» телеарнасында «Ваш выход» деген хабар шығады. Онда тек қор нарығы емес, зейнетақы, сақтандыру жүйесі, жалпы, қаржы секторымен байланыс туралы тақырыптар қозғалып жүр. Одан кейін Call-орталыққа тегін хабарласуға болады. Әлбетте, қоңырау шалғандар үшін тегін болғанымен, байланыс шығынын мемлекет төлейді.
– Зейнетақы қорлары өз қаржысын бағалы қағазға сала ала ма?
– Зейнетақы қорларына арналған нормативті шектеулер бар. Қаржылық қадағалау агенттігі тарапынан «мына жерге 5 пайыз, ана жерге 10 пайыз саласың» деген нұсқау беріледі. Олар да бағалы қағаздарға қаражатты салуына болады. Бірақ шектеулер қойылған. Бұл – дұрыс шешім, себебі бағалы қағаздардың құны түсіп кетуі мүмкін.
– Былтыр МАОКАМ-ның төңірегінде де біраз талқылау болды. Біреу сенді, біреу қолын бір сілтеді. Оны сатып алғандар ұта ма, ұтыла ма?
– МАОКАМ – Қаржы министрлігі шығарған депозитке ұқсас, белгіленген табысы бар құнды қағаз. Оның механизмі тікелей акция сатып алғаннан басқаша. Облигацияның міндеті – жұрттың қолындағы бос ақшаны тарту, өйткені акцияға сенбейтіндер де бар. МАОКАМ – мемлекет кепілдік берген бағалы қағаз. Оның ар жағында Қаржы министрлігі тұр. Акция сатып алуға жүрексінгендер соны сатып алуына болады.
– Сөз соңында бағалы қағаз сатып алғысы келгендерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Қай жағынан қарасаңыз да, мемлекет қор нарығына шығып, пайда көруге жағдай жасады. Бірақ бұл – қайтсең де бағалы қағаз сатып алуың керек деген сөз емес. 7-8 пайыз депозиттен түскен табыс жеткілікті ме, әлде акция сатып ала ма, әркім өзі шешеді. Тағы да қайталап айтайық, қор нарығына шығу үшін миллионер де, миллиардер де болудың да қажеті жоқ. Бұл жерде тек талап, ізденіс, сосын шыдам қажет. Акция сатып алған соң, оны сатып жіберуге асықпаған жөн. Кемінде бір жыл күту керек. Депозитті де күтеміз ғой, сол сияқты ол ақшаны уақытша ұмыту керек. Осы қағиданы дәлелдегіңіз келсе, тәжірибе жасап көруге кеңес берер едім.
KASE тарихынан
1993 жылдың 15 қарашасында еліміздің ұлттық валютасы – теңге енгізілгеннен кейін 17 қарашада Ұлттық банк пен алдыңғы қатарлы 23 коммерциялық банк валюта биржасын құру туралы шешім қабылдады. Заңды тұлға ретінде биржа 1993 жылдың 30 желтоқсанында «Қазақ банкаралық валюта биржасы» деген атаумен жабық түрдегі акционерлік қоғам ретінде тіркелді.Құрылған соң екі жыл бойы биржа тек шетел валюталары саудасын ұйымдастырумен айналысты. Алайда 1994 жылдың тамыз айында Биржа кеңесі Биржа басқармасына бағалы қағаздар нарығында биржалық қызметті дамыту жөніндегі шараларды қолға алуды тапсырды. «Қазақстан банкаралық валюта-қор биржасы» деген атаумен 1995 жылы 12 шілдеде қайта тіркелді. Тұңғыш рет мемлекеттік бағалы қағаздар саудасы биржада 1995 жылдың 14 қарашасында өтті. Алайда мемлекеттік облигациялар тұрақты түрде жүргізілмегендіктен, 1996 жылғы 20 қыркүйекте биржа мұндай бағалы қағаздар саудасын тоқтатты. Бұл жұмыс 1998 жылы ғана елімізде жинақтаушы зейнетақы жүйесі іске қосылғаннан кейін жанданды. 1996 жылғы 12 сәуірде биржа «Қазақстан қор биржасы» деп өзгертілді.
Қазіргі кезде биржа әмбебап қаржы нарығына айналды. Оны шартты түрде бес негізгі бөлікке бөлуге болады: шетел валюталары нарығы; мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы; акциялар мен корпоративтік облигациялар нарығы; репо операциялары нарығы; деривативтер нарығы.